Кіші жүзде Алмат, Самұрат деген ағайынды кісілер болыпты. Солардың Алмат батыр аузы дуалы, көріпкел адам екен. Алайда оның бір жаман әдеті — жайлауда отырған жерінің үстімен біреу-міреу мал айдап өтетін болса, ол дереу жігіттерін жіберіп, әлгі адамның малдарын тартып алып, оңайлықпен қайтарып бермейді екен.
Сол Алматты сынап көрейін деп бір күні Қойсары батыр оның ауылының үстінен бір үйір жылқысын айдап өтеді де, бірақ алысқа ұзамай екі-үш шақырым жерге барып қос тігіп, қоныстас болатын ыңғай білдіріпті. Сәлден соң Алматтың жортуылшы жігіттері келіп, әй-шәйсіз жатқан жылқыларды қуып әкетеді.
Осыны күтіп жатқан батыр атына мініп Алматтың үйіне келеді. Киіз үйдің белдеуіне атын байлап, найзасын есік алды- на шәншіп қойып, Қойсары батыр айылын жимай үйге кіріп келеді. Сонда Алмат Қойсарыны тікесінен тік тұрып қарсы алыпты. Екеуі қол алысып амандасқанда, Алматтың қолын қатты қысып, сүйектерін сықырлатып жіберіпті. Әңгімені Алмат бастап:
— Сен Сырды шулатып, енді қырға келдің бе? — дейді.
— Сырды шулатсам, Есет ағама сенгенім болар, ал қырды шулатқалы келсем, Алмат ағама сенетін шығармын! — депті Қойсары. Өзінің ұрыны кінәлаудың орнына, ұрлатқанды кінәламақшы болғанын тез түсінген Алмат жігіттерін шақырып қонаққа мал сойып «күтіңдер» деп тапсырма береді. «иесі келсе, биесін бер» демекші, батырдың жылқыларын түгелімен өзіне қайтарып беріп, дау-дамайсыз жолға шығарып салыпты. Қойсары кетісімен жігіттері Алматты қаумалап тұрып:
— Сіз ешкімді орныңыздан тік тұрып қарсы алмаушы едіңіз, менің иығымда арыстаным бар деуші едіңіз, ал жаңағы жалғыз аттыға ерекше құрмет көрсетуіңіздің себебі неде? — деп сұрапты.
— Әй, менің арыстаным ұрғашы екен де, Қойсарының арыстаны арланы болып шықты. Батырдың сұсын көргенде, менің арыстаным жүкаяқтың астына кіріп кетті ғой, — деп жауап беріпті Алмат. Сөйтіп, ол сол жолы қорыққанын сыйлайтын жаманның кебін киіпті.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі