Өлең, жыр, ақындар

Есім төре кім?

Есім төре аса бай болыпты. Малы көз ұшы жетпейтін Қайыңды мен Қарқара тауларының етек-баурайларында, сай-салаларында мыңғырып жатқан көрінеді. Сан жоқ сансыз жылқысын ылғи көк ала түстен ұстаған. Өзі отырған жалпақ қоныстан асыра айдап, жиырма-отыз шақырым жердегі Тентек өзеніне суғарады екен. Тентек-бастауын таудан алып, етекке қарай құлдилай ағып, асау толқыны атқылап, жар-құзға соғып, арындап жататын өзен. Жетісудағы өзендердің қай-қайсысынан да артық болмаса, кем түспейтін үлкен су. Жолдағы Көкжар ауылын асырып, өзенге құлатқанда, жондары жалт-жұлт етіп күнмен шағылысып, ет-сүйектері бұлт-бұлт ойнап жапырлай түсіп бас қойғанда өзен ақпай тоқтап қалатын көрінеді. Қара-құрым жылқы қаптап, бөгеп тастайды екен.

Қайыңды, Сардоңғал, Сарбиік тауларын асып, Қызылқырқа жотасының үстіне шыққанда, сыңсыған алуан түрлі ағаштың жасыл мұнарына малынып, қазан шұңқырдай боп ерекше көрінетін сұлу жер Шұбарағаш — ойжайлау деп аталатын. Өткен ғасырдың ішінде сол шет жайлаулы мекенге Ресей патшалығы казак-орыстарды қаптатып, уез ашқан. Ол «Лепсі уезі» деп аталған. Міне, сол жердегі бір мекемеде шаруашылық мәселелерін басқарған Есім төре ел-жұртқа жәрдем беріп отырған. Лепсіде базар жұмыс істеген. Онда Есім сауда-саттық жасау үшін үш дүкен ұстаған.

Әрі бай, әрі сері Есім төре өз жанында неше түрлі өнердің атпал азаматтарын жинаған: балуан, мерген, шешен, дау шешетін би, сайыскер сияқтылар. Малшылары, жылқышылары сайдың тасындай ер-азаматтар екен. Өз молдасы болған, кілтші ұстаған. Есім қарамағындағы малшылар Боқанды балуан күресіне салса, Көтбай мергенді атыс сайысына қосады екен. Ал Сәрсенбай деген биін дау-шарға түсіреді екен. Өзі жолға шыққанда оларды қасына ертіп, алып жүрген. Ал олар өмірде шын болған адамдар дейді.

Есім төренің бір қасиеті — оның көріпкелдігі. Ол отырған қоныс орынның батысындағы әудем жерде Қарауыл төбе бар. Оның төбесінен арғы жағы, бергі жағы жақсы көрінеді. Міне, соның төбесіне шығып Есім төре айналасын шолып, табиғат көркін тамашалап, саф ауадан тыныстайды екен әркез. Кейде тұңғиық ой кешеді. Қарауыл төбе үстінде отырып келгеннен кейін «ертең бәлен деген адам келеді екен» дейді екен. Сондай көріпкел, көрегендігі шынға айналып жүріпті. Бірде төбеден келгенде «қара шегіртке қаптайды» депті. Айтқанындай болыпты.

Есім төре Лепсі уезінде Фугасов деген орыс байының приказшігімен жақсы таныс болған. Фугасов Лепсіде ғана емес, Алматыда да, Талғарда да спирт зауыттарын ұстаған. Сандаған дүкендері өз алдына. Кезіндегі асқан ірі бай. Оның приказшігімен бәстесіпті, кімнің байлығы артық екенін көрсетпек болған. Алдымен ол қонаққа шақырады Есімді. Ол келгенде әудем жерден бастап приказшік күміс ақшаларын аяғының астына шашады, кілемдер төсеп солардың үстімен жүргізеді. Кезек Есімге келгенде, оны қонаққа шақырып, сый жасағанда самауырға қағаз ақша салып жағып, шай қайнатып берген екен. Сонда приказшік: «Есім, сен ақылсыздық жасадың, ақшаң жанып кетті де түк қалған жоқ, желге ұшып кетті, ал мен сенің басып, былғап, балшық қып кеткен күміс ақшаларымды, төсеген кілемдерімді жинап, тазалап алдым, байлығыңды текке шаштың», — деп мақтаныпты.

Есім төренің суын ішіп тұратын тұмасы болған. «Төре тұмасы» деп аталады дейді. Қарауыл төбе қоныстың батысында болса, Тұма шығысында жүз метрдей жерде. Төре сияқты тұманы да жұрт қасиетті, емдік шипасы бар деп есептейді.

Ол бұрын ешбір өлікке бармаған. Бірде сыйлы адам қайтыс болғанда, оның қоюына қатысыпты. Дүние салған адамды біреулер Майлышат өңірін жайлаған Қоңыр төре, енді бір кісілер Ойжайлауда тұрған Шәрәпи қажы дейді. Қалайда төре бір өлген кісіні жерлеуге қатысыпты. Мәйітті ақ матаға орап, қазылған жерге түсіргенде, Есім:

— Неге жақсылап киіндіріп, астына кілем төсеп, басына жастық салып жатқызбайсыңдар? — дейді.

— Құран, шариғат бойынша олай істеуге болмайды. Алладан өлікке бұйырылған осы ғана, — деген жауап естиді. Сонда Есім төре «байлықты, малды текке жинаппын ғой» деп өкініш білдіріпті. Бұл күйінішке оның артын жалғастыратын, дәулетіне ие болатын балаларының жоқтығы қосылған. «Ұрпақсыз әке — тұл» дегеннің кебін киген. Неше әйел алса да, бала сүймеген. Қайғылы ойға, шерлі күйге түскен Есім төре арақ ішуге салыныпты. Денесі уланып, о дүниеге сапар шеккен. Тірі кезінде ол кедейлерге байлығын үлестіріп, малын таратқан.
 
Ал өлген кезде ел-жұртқа көп үлес тиген. Ол қайтыс болғанда, балалардың өзі бір-бір тай мініп қайтты деген сөз әлі ел аузында.

Оқуға кеңес береміз:

Қойсары батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз