Өлең, жыр, ақындар

Қыпша

Бұрынғы заманда бір саудагер өте дәулетті бір бай болыпты. Бұл саудегер байлықпенен дүниедегі не түрлі асылдарды, қайдағы адам таң қаларлықтай заттарды жинай беріпті. Бай айналасын кең, өзін биік қылғызып қорған жасаттырып, не түрлі адам көрмеген заттарды қорғанның ішіне жайып, жинап шәрі халқын шақырып қонақ қылып, жиналған дүние мүлік, асыл қазыналарын тамаша үшін халыққа көрсетіп: «Осы дүние жүзінде менде жоқ зат бар ма? Менде жоқ заттардан менде жоқ заттар болса айтыңыздар, мен оны тауып аламын», — деп сұрайды. Жиылған халық естіп көрмеген заттарды көріп қайран қалып, дүние жүзінде сізде жоқ асыл зат болмас десіп, мұндайда дүние мүлік жинаған адам болды екен-ау деп қайран қылыпты.

Сонда бір адам отырып: «Ей байеке, енді мұндай он есе дүние жинасаңызда Қыпшаға жетіп жатқан жоқ», — дейді де кетіп қалыпты. Саудагер ары-бері ойланып: «Мен мұнша дүниені жинағанда Қыпшаға жетпейтін бұл Қыпша деген қандай зат екен? Мұнымен іздеп таппасам мен бұл дүние малды несін жинадым. Сол Қыпшаны не зат болсада, осы дүние жүзінде болса тауып аламын», — деп, сексен қашырға гәуһәр, алтын, ділләларды артып, қасына жолдас ертпей жалғыз өзі шәріден шығып кетеді.

Елінен ұзап шығып алғанда ой түсіп, бұл Қыпша адам емес шығар? Егер адам болса, айтқан адам, пәлен жердегі сондай бір сұлу дер еді. Жанды зат болса пері болар ма? Жоқ әлде жансыз бір асыл ма екен? Япырмау сол Қыпшаның не зат екенін, қай жақта, екенін сұрап алмай осы жүрісім қалай жүріс? Енді елге қайтып барып анығын сұрасам қайтеді деп ары-бері ойланып, енді қайтып барғаным елден ұят, неде болса іздеп көрейін деп, бет-алдына қаңғып айдан-ай, жылдан жылдар өтеді. Көрінген адамнан Қыпшаны білесіндер ме деп сұраса адам білмейді. Бір кезде бір шәріге келіп, әркімнен сұрап жүрсе, бір сақалды адам кезігеді.

Саудагер:

— Ата Қыпша дегенді естуіңіз бар ма, — деп сұрайды.

Әлгі:

— Қыпшаны неге сұрайсың? Қыпшаны қалай есіттің, — дейді. Саудагер болған уақиғаны түгел сөйлеп береді. Сақалды адам саудагерге біраз қарап тұрып:

— Сұрап жүрген Қыпшаңды тауып берсем не берер едің, — дейді.

Саудагер:

— Сөзіңіз рас болса сексен қашыр алтын жамбы гауһарым бар, соның барлығын берейін, — дейді.

Шал:

— Үйім пәлен жерде кешке кел, бірақта менің әміріме бой сұнасын, — дейді. Саудагер «болады» деп, барлық дүниелігін өткізіп беріп, бұл Қыпша деген не зат екен? Енді не болса да болары болды, алла неге жазса соны көремін деп, кеш болғанда шалдың сарайының есігіне барады.

Сол кезде шал қақпасын ашып, саудагерге «дымыңды шығарма» деп, қылышты шығарып алып, бүркенген бір адамды сарайынан алып шығады да, саудагердің қасына келген соң, дыбыстарың шықса бастарыңды шауып жіберемін деп, екеуін айдап отырып шәрінің сыртына шығарып бір қанша жерге дейін айдап келіп, саудагерге: «Ұста мына қолдан, таң атып күн шықпай көруге, немесе жауап қатуға болмайды. Ал кетіңдер», — деп өзі сол жерде қарап тұрады. Саудагер бір адамның қолынан жетелеп келе жатып «Қыпша дегені адам болды ғой, бұл соқыр ма? Пұшық па? Дүние қазынамды сарып қылып қанша бейнет көргенімдегі тауып алған Қыпша қандай адам болып шығар екен», — деп ойланып келе жатып күрсініп қалыпты. Сонда жетелеп келе жатқан адамы «қорықпаңыз» деп қояды.

Дауысын байқаса әйел дауысы, таң атып күн шыққандай бір бастауға келіп, саудагер: «Енді неде болса көрейінші», — деп бетін ашып жібергенде күндей жарқ ете түсіп, саудагер талып қалады.

Қыпша саудагердің бетіне су бүркіп есін жиғызып алып, өзінің тарихын сөйлей бастайды:

— Мені сізге берген шал менің шешемнің ағасы. Менің әкемде, шешем де бір жасымда өліп мен нағашымның қолында қалыппын. Мен екіден үшке шығарымда нағашым осы балам бөлекше адамзатқа көрсетпей бағамын деп, елге мені өліп қалды деп хабарлап қояды. Соныменен нағашым түпкі төр үймен жалғастырып маған арнап жекелеп бір үй салады, менің бөлмемнің есігі түпкі үйдің төрінен төмен түсіп, менің үйімнің есік жағынан басқықпен өрлеп шығатын етіп жасаған. Қорамен даруазаны мықты биік етіп жасап, күндіз-түн қақпаны бір минут ашық қоймайтын болған.

Кісі жоқта үй ішімізбен бірге отырамыз. Сырттан келген адам есік қақпайтын амалы жоқ сонда мені басқышпен өз бөлме жіберіп келген адамдарға сонан кейін қақпаны ашып кіргізіп тұрады. Нағашым өзі оқытып өз білгенін түгел білгізді. Мені сондай етіп бағуменен нағашымның үй ішінен басқа сізден басқа адам баласы көрген емес. Мен биыл он сегіздемін, осыдан үш жыл бұрын нағашымның алыс жердегі бір қыймас досы келіп екеуі төр үйде сөйлесіп отырғанда нағашым айтты: «Біттейінен бағып, желге, құсқа тигізбей өсірген алма әбден піскенінде жеуге қыймағаннан қиын нәрсе болмайды екен. Бірге сондай бір уайым кезіккеніне бір жылдан асып барады», — деді. Сонда нағашымның досы: «Досым ондайлық жеуге қимайтын алманың қолға келуі оңай емес, алла тағала қимастай етіп қолға берді, Алланың төтенше берген бір рахымы, Алланы тәрбиелеп әбден піскенінде өзінің жаралуындағы бетіне қарай бейімделмесеңіз, алмасаңыз дер кезінен өткен соң дүниеге келіп жаралмаған өлі бір зат болады да қалады. Соның үшін сіздің бұл ойыңызға қосылмаймын», — деді. Нағашым үнсіз отырып қалды. Келген мейманменен барлығы тамаққа отырғанда бір ыдыстағы асты нағашы шешем байқамай «мынау Қыпшаныкі» деп қалды. Нағашымнан басқа жағдайды ұққан досы нағашы апамнан менің атамды естіп қалып еді, менің бөлмемнің керегесі өте жұқа болған үшін төр үйдегі сөйлеген сөздерді анық естіп отыратын едім. Менің атымды сол адамнан басқа дүниеде адам баласы есітпеген және де менің дүниеде бар екенімді де ешкім білмейтін еді, сіз мені анық іздеп келсеңіз сол адамнан естіп келесіз депті. Саудагер Қыпшаны көргенше Қыпшаның не
зат екенін білмей келгенін түгел айтып беріпті. Қыпша:

— Алла басында мені сізге қосылуда нәсіп қылған екен енді еліңізге тартыңыз, — деп, екеуі еліне қарай келе жатып, жолда бір шәріге келіп тоқтайды, екеуі кеңесіп осы шәріде бірақ тоқтап дем алалық деп, бір үйді пәтерге алып өздерінше бір үй болып отырады.

Қыпша бетіне перде жауып, жүзін бір адамға көрсетпей сақтануда болды. Қыпша бір күні «бізге аз тұрсақта қаражат керек қой», — дейді де, бір орамал тігіп, «базарға апарып сатып кел» деп еріне береді. Саудагер базарға шығарғанда базардағылар таласып ақыры бір бай саудагер қымбат бағамен сатып алады да, «осындай орамалдар болса қанша болса да ала беремін», — депті.

Орамал өте қымбат бағаға нарқы кесіліп Қыпша күн сайын бір орамал шығарады да, бір айдағы сатылған орамалдың соммасы бір қанша мың діллә болып кетіпті. Бұлар артықша пайдаға қызығып осы шәріден бір үй салмақшы болады. Қаражат жеткен үшін қорасын мықты етіп өте жақсы үй салдырады. Қора-жай біткен соң өз үйлеріне көшіп шығып Қыпша еріне айтады: «Осы қораға адам баласы кірсе өмірлік өкінішке қаламыз өте сақ боларсыз», — депті.

Бұрынғы әдеттері бойынша күніне бір орамал сатып, ақыры байдың бірі болады. Бір күні сол шәрінің патшасы шәріні аралап жүріп орамал сатып алып жүрген саудагердің дүкендегі орамалды көріп:

— Мына орамалды қайдан алдыңыз? Мұны қандай адам жасады екен, — деп сұрапты.

Саудагер:

— Тақсыр осы адамды сататын бірақ адам, өзі осы қаланың адамы емес сырттан келген болуы керек, — депті.

Патша орамал тіккен адамға көрмей ақ ғашық болып, саудагерге:

— Осы орамалды сатып жүрген адамның үйін алдымен өзің көріп, онан кейін маған көрсетіп бересің, — деп бұйырады.

Саудагер:

— Болады тақсыр, — деп уәде береді.

Патша кетісімен ақ орамал сатушы саудагерде орамалын алып келіп қалады. Дүкендегі саудагер орамалын алып, тиісті ақшасын беріп, тездетіп дүкенін жауып орамал сатушының артынан кейінірек жүріп еріп алады.

Орамал сатушы саудагер бірнеше көше айналып келіп өте сәндеп жасаған бір сарайға кіріп кетеді. Саудагер көріп алып, ертесіне «орамал сатушының үйін таптым» деп хабарлайды. Патша көрген саудагерді ертіп өзі келіп көріп, «осы үйдегі әйел қандай екен көріп кел», — деп бір уәзірін жібереді. Уәзір келіп қақпа қақса ар жағынан бір әйел дауысы «кіруге рұқсат жоқ, қайта беріңіз» деп қақпаны ашпайды. Уәзір болған уақиғаны патшаға айтып келеді, патша бұл хабарды есіткен соң ойланғанымдай осында өзін халыққа көрсетуге болмайтын әйел бар екендігін біліп, ғашықтығы бұрынғысынан да арта түседі. Саудагердің үйіндегі әйелді білу үшін бір неше адамдарды жібергенмен қораға кіре алмай, бұған енді не амал бар деп уәзірлермен ақылдасқанда, бір уәзірі, тақсыр, ол қораға айламен кірсе «пәлен» деген мыстан кемпір кірер дейді.

Патша мыстан кемпірді шақыртып алып:

— Шеше, айламен сол қорадағы әйелдің анық, қандай екенін біліп берсеңіз сізден дүние аямаймын, — дейді. Мыстан «қандай болса да анығын өз көзіммен көрейін», — деп уәдесін беріп, үстіне адам денесіне ілмейтін жаман киімдерді киіп қайыршы болып, кешке таман саудагердің қақпасына келіп қайыр сұрайды. Қыпша садақаға қақпасын ашпай ар жағында тұрып бір діллә береді. Кемпір ділләні алып батасын беріп, «балам, панасыз алыстан тентіреп келген бір мүсәпір едім, осы қаладан бір адамды танымаймын, құдай үшін үйіңізге бір түнеп шықсам», — деп жалынады. Қыпша, «шеше, кіруге рұқсат жоқ, кетіңіз», — деп кетіп қалады. Мыстан ол күні кетіп қалып, ертесі кешінде тағы да қайыр сұрап келеді. Қыпша және бір алтын садақа беріп, нетүрлі амалмен сөйлеген сөзіне қарамай кіргізбей қояды.

Күн батып қараңғы түсе бастағанда үй иесі саудагер келсе кемпір қақпа түбінде отырып, саудагерге неше түрлі айламен зарлы сөздерін айтып, бір түнеп шығуға рұқсат сұрайды. Саудагер бір діллә садақа беріп «шеше кіруге рұқсат жоқ» деп қораға кіргізбейді. Саудагер қақпасын ашып ішке кіргенінде мыстан кемпір «балам, мен сорлыны осы шәрінің адамы үйіне кіргізу былай тұрсын, кешінде жатып шығуға қақпасының алдында жатқызбайды. Сізден рұқсат болса қақпаңыз алдына түнеп шығып, таң атқан соң елден сұрайтын қайырды сұрайын», — дейді.

Саудагер іште тұрып, «шеше сізден мен көшені қорымайын, ондай етемін десеңіз мейліңіз», — деп кетіп қалады. Мыстан амалменен түнімен қақпаның алдында жатып, ел тұрған кезінде қайыр сұраған болып кетіп қалады.

Бұл мыстан осыменен үш күн кешінде үздіксіз келіп, саудагердің қақпасының алдына түнейді. Төртінші кешінде қорасына кіріп бара жатқан саудагерге:

— Әй көп жасағырай, сіз болмасаңыз осы қалада күндіз болсам да, түнде бола алмас едім, қақпаңыздың алдын бергеніңіз, маған төріңізге отырғызып, құс-төсекке жатқызғандай болды қарағым, жолың болсын», — дейді.

Сонымен бір-неше күн өтіп, енді бір күні мыстан саудагерге:

— Балам, мен әзір осындай қалда жүргенмен, жаралыстан мұндай емес едім. Құдайдың кездейсоқ қосуымен ғана осы қалға келген едім, сол бір төтеннен кезіккен іспен осы қалға кезгіп, сол істі негіздеп жүргенде жәйім бар еді. Сіз болмасаңыз осы шәріде жүре аларда емеспін, сіздің арқаңызда осы шәріге тиянақтап, ісім оңына таман айналғандай болды. Шаруам әбден аяқталып өз шәріме қайтарымда, өзіңізге қош айтып, тосынан ұшыраған ісімді әбден түсіндіріп кетемін балам, сізге көп рахмет, — дейді.

Саудагер, «жақсы шеше, — деп қорасына кіріп кетіп, бұл сорлының кездейсоқтан жолыққан ісі қандай іс екен», — деген ойға келеді. Есіктен сөзін Қыпшаға айтқанда, Қыпша:

— Ондай ісі болса кетіп бара жатқанда естірсін кім біледі, адам аласы ішінде деген, — дейді. Енді бір кешінде жаңбыр жауады. Саудагер анадайдан көрінгеннен-ақ мыстан өтіріктен иегі иегіне тимей дірілдеп тоңып, бүржйіп тұрып саудагерге:

— Ойпырмай жаным балам-ай, тоңып өліп кетер ме екемін, тіпті әлім құрығандай болып барамын, — дейді.

Саудагер аз ойланып, «осы бейшарада не бар? Мына нөсер жаңбырда обал болмасыншы» деп, қақпасын ашып өзі қорасына кірерде, «Шеше өте қатты қалтырап тоңып кеткен екенсіз, үйге кіріңізші», — деп, үйіне ертіп кіреді. Мыстан ертіп кіріп келгенде Қыпшаның жүрегі су ете түсіп, пердесін жүзіне жаба алмай қалады. Мыстан Қыпшаны көріп, «бұл шынымен адам ба? Жоқ пері зат па екен?» деп неше түрлі ойға қалады. Қыпша еріне «іс жаманға соқпасын, болар іс болды, енді бұл кемпірді мен жібермеймін» дейді. Сонымен кемпірге жаңа киім кигізіп Қыпша, «сізді шеше орнына шеше, әке орнына әке қыламыз. Дүние міне жетеді, енді осы қақпадан шықпайсыз, өлсеңіз өз қолымыздан таза арулап қоямыз» дейді.

Кемпір «жібереймін» дегенге ішінен қатты қорқып, сыртынан өте қуанған болып, күле сөйлеп, «ойбай-ау олай десең балам, менің құдай тілеуімді шынымен берді емес пе? Менің онан артық қандай тілегім болады» деп өтіріктен батасын беріп, күлміңдеп қалады.

Мыстан кемпір бір айдан артық тұрады. Қыпшаның байқауынша кете қоятын түріде сезілмейді. Бір күні мыстан бада-бада болып жылап отырғанын Қыпша көріп, «шеше не болды?» деп сұрайды. Сонда мыстан:

— Балам, мен хал-жәйімді ашып айтпағанмен осы үйдегі балама үйіңізден пана таппай тұрғанда шет жағалатып айтқан едім. Менің ерім де өздерің сияқты өте бай еді. Ерім қайтыс болып, жалғыз баламмен екеуміз осындай бір сарайда шошайып қалдық. Бір күні осы шәрінің қарақшылары жалғызымды өлтіріп, барлық қазына дүниелігімді бұлап алып кетті. Мен жалғыз қалып, бар дүниемнен айырылған соң кімге сиямын деп, сол дүниелігінен бірдеме тиер ме екен деп, қайыршының киімін киіп осы қалаға келіп жалбызбалап жүріп бір адаммен жалғасып, қарақшыларды тауып дүниелігімді тигізіп берсе, жалғасқан адамға тиген дүние мүліктің тең жарымын беретін болып, сол кісінің амал, күш-қайратымен ұрланған заттарымның жарымға жуығын тигізген едім. Тиген дүниеліктің өзіме тиістілерін жерге көміп, қойып алды тиген соң қалғанында тигізіп алайын деп тоқтап жүр едім. Ол көмген заттарының көпшілігі шірімейтін алтын, гауһар сияқты асылдар. Ал енді өзі өлседе өз көзім жұмылғанша, «ең болмаса киген киімі көз алдымда тұрсыншы» деп, жалғызымның бір бағалы ішігінің өзін алып едім. Жылаған себебім біріншіден арманда кісіден өлген жалғыз есіме түсті. Екіншіден көз алдымда тұрса деген ішік шіріп қалады ау жалғызымның көзін құдай оңына келтіріп, қолыма тигізгенде қайтадан айрылатын болғаныма ренжіп отырмын. Мен жалғазыммен үстіндегі киімі үшін ғана жыламасам, дүниесі құрғыр үшін жыламаймын қарағым. Дүние деген осы үйде жетерлік екен ғой, енді өзімнен тумасаңдар да туғандай болған сіздерге болмаса шынында шырағым маған енді қанша керегі бар. Сендер аман болсаңдар, енді ештеңе мұқтаж болмасыма көзім жетті шырағым. Егер сіздерге керек қой десеңіздер, өзім көтергенімше жарым-жартылап алып келейін. Сіздерге керек болмаса шірігені шіріп жата берсін. Енді дүниесі құрғырға өте қызып та отырғаным жоқ, — деп монтанысыды.

Сонда Қыпша ойға кетіп, «осы кемпірдің менің еріме айтқаны шын болды ау. Ойлап қарағанда еріме бастапқы айтқан сөзі осы екен ғой, мұның шіріп кететін баласының киімін шіріттіргенім тіпті обал болар, мұны баласының киіміне жіберейін» деген ойға келеді.

Қыпша:

— Шеше ол балаңыздың киімін қойған жері жақын ба еді? Алыста ма?

Мыстан:

— Ойбай қарағым, осы қаланың ішінде, адам көрмейтін бір оңаша жерге тығып едім, оны қалайша сұрадың шырағым, — деп қояды.

Қыпша:

— Баламның киімін көріп отыра алмайтын болдым ау деп жылаған соң ішкімге көрінбей алып келсе боларма екен, — деп сұрап отырмын дейді.

Мыстан:

— Ондай ойласаң тіпті құдай тілеуіңді берсін, ана дүниесі құрғырдан да жалғыздың киімі ғой өте маған қажеттісі. Сүйтсе де дүниесі құрғұр да өздігінен табылмайды ғой, бір күнде еңбек қылып жинаған дүниелік бекер жер астында қалмасын, менде ол толып жатқан дүниеліктің қаншасын көтеруге шама болсын. Сондай болсада өзімнің шамама қарай көтергенімше ала келейін, — дейді.

Қыпша:

— Жарайды шеше, тезірек қайтыңыз және ешкімге көрінбей келіңіз, — дейді.

Мыстан кемпір:

— Болады балам, — деп қақпадан шығып алып, қуанышы қойнына сыймай жүгіре басып патшаның ордасына келіп:

— Тақсыр, ғашығыңызды таптым, пері ме десем, адамзат екен, ақылын таптым, өзін әзір алып келемін. Маған бір бағалы гауһар даяр етіңіз, — депті.

Патша өте қатты қуанып, барлығын даяр қылады. Мыстан, бір асыл ішікпен өзі көтергендей гауһарды арқалап, дерек қағып Қыпшаға жетіп келеді. Мыстан, «балам жалғызымның бір көзін әкелдім. Мұнымен қосып көтергенімше гауһар, діллалардан бір азырағында көтергенінше әкелдім. Менің енді кәрі қойдың жасындай ғана жасым қалды, жаным балам өздеріңнің дүниелерің ғой далада қалғанша қалғанын түгел жеткізіп алсақ қайтеді», — дейді. Қыпша бұл мыстанға әбден сеніп:

— Оларыңыз жақындама, —деп сұрайды.

Мыстан:

— Қарағым-ау қашық емес демедім бе? Оңаша бір бақтың ішінде. Балам бетіңе пердеңді жауып ал, өзіңе құдайымның берген шырайы бар емес пе? нәма харамдар жүзіңді байқамасын. Менен жас, қайратың бар ғой, екеуміздің бір рет көтеріп келгенімізден қала қоймас. Егер түгел көтере алмасақ қалғаны көп болса менің бір барып әкелетінімдей-ақ қалар, — дейді.

Қыпша кемпірге күдіксіз сеніп ішінен «мұның алтын, гауһарларының жер астында қалғаны да болмас» деп ойланып:

— Жүрсеңіз жүріңіз, — деп, кемпірге ілесіп көшеге шығады. Мыстан кемпір патшаның жеке бір қалың бағына алып келмекші болған екен, кемпір Қыпшаны сол баққа ертіп келеді. Бұларды асығып күтіп тұрған патша жендеттері сөзге келтірмей патшаның ордасына алып келеді. Қыпша бармағын шайнап шарасыздан патшаның ордасында еріксіз қолға түседі.

Патша Қыпшаны көрген соң бүтіндей есінен айырылып:

— Мен сізге көрмей жан, діліммен ғашық болып алғыздым. Әзірден бастап менің адамымсың, — деп, мақсатын орындамақшы болды.

Қыпша:

— Сізде, бізде мұсылманбыз, мұсылман шариғатында, бір әйел ерінен шықса үш ай он күн мүдеті болатынын әділ патша өзіңіз жақсы білесіз. Менің бұрын ері бар адаммын, ерім болсада ендігі өмірім сіз сияқты атақты патшаға тура келген соң мен сізге ризамын. Бірақ та менің тілегім келешегіміз қайырлы болуы үшін шариғат үкіміне бой сұналық, асығыстық шайтан ісі деген. Шариғат үкімі біткенше екі жағымызда сабыр етелік, — депті.

Патша үш ай он күнді өте қашықсынып:

— Ойбай оныңыз тым ұзақ қой, сіз шын тілесеңіз бір ай он күнге тоқталық, — деп, 40 күнге тоқтайды.

Қыпша берік сарайда қамауда еріксіз қала береді. Ендігі әңгімені ері саудагерден басталық. Саудагер базардан шығып үйіне келсе, үйінде Қыпша да, кемпір де жоқ. Сұмдықтың болғанын сезіп шаш, сақалын жұлып есінен танып біраз жатып қалады. Бір кезде есін жиып, біраз отырып, «маған енді тіршіліктің керегіне» деп ойлап, үйіне бір адамды пәтерге отырғызып қайыршының киімін киіп, үй ме үй, көше ме көшелерде «Алла ақ», — деп тентіреп мойнына қоржын салып, «Қыпшадан хабар шығар ма екен», — деп жүре береді. Саудагер күндіз болса үй-үйден қайыр сұрап, қора-қораларға кіріп, дымы құрығанда кешінде өз үйіне келіп жатады.

Сонымын арада 38 күн өтеді, Қыпшадан әлі хабар жоқ, отыз тоғызыншы күні тентіреп жүріп патшаның қақпасының алдына келіп бар дауысымен «Алла ақ», — деп асай-мұсайларын салдырлатып тұрады. Қыпша ері саудагердің дауысын танып, хат жазып, болған мәселені айтып, «пәлен адамда осы патшаның биік дауыл қорғанынан қарғып түсетін екі тұлпар атты бар екен, соны қайтсеңде сатып алып, ертең кеште ел ұйықтаған кезінде осы қақпаның ішіне кірмесең, енді мен саған жоқпын», — деп, ол хатты бір нанның ішіне тығып бір күтушіге «мына нанды, сыртта тұрған қайыршыға бер», — деп беріп жібереді. Ері ол нанды қоржындғы көп нанның ішіне тастай салып тағыда жүріп кете береді. Отыз тоғызыншы күні саудагер еш қандай дерек табалмай қайғымен қатып үйіне келіп жатады. Қыпша кеткелі анық бір жапырақ нанның басын құрап жемеген, қарыны әбден ашқан, жылап жатып үйіп төгіп тастаған нанның ішінен бір нан алып жемекші болып, қолына алған нанды пышақпен кесіп жібергенде ішінен Қыпшаның хаты шыға келеді.

Саудагер хатты оқып ақуалға толық түсініп, сол түні таң атқанша ұйықтамай, таң атысымен екі тұлпардың иесіне келіп, өз бағасынан неше есе артық баға беріп екі тұлпарды сатып алады да даярлық етіп тұрады.

Кешінде патшаның биік дауалына екі тұлпар атты қамшылап, қамшылап жіберіп, биік дауылдан қарғытып ішке түседі. Саудагер ішке түскенде Қыпшаның алдындағы күтушілері ұйықтамай, Қыпша кешігіп қалады.

Саудагер бірқанша күндерден бері қайғымен ұйықтамай жүргендіктен, біраз отырған соң ұйқысы келіп тұтқыйылдан ұйықтап кеткенін өзі білмей қалады. Саудагер ұйықтап жата берсін, сол шәріде жатқанның жанын кесетін бір ұры бар екен. Ол ұры патшаның қазынасын ұрламақшы болып, сырттан бұзып алуға ретін таба алмай қазына қорының ішінде болған үшін жер астынан тесіп келіп, алдымен қораның ішіне кірмекші болып, бірнеше күндерден тартып жер астын кеулеп қазған екен. Саудагер қатты ұйқыға кірген кезінде әлгі ұры патшаның биік дауылының ортасынан тесіп шыға келеді. Ұры шыға келсе, бір адам екі жақсы атты ұстап, ұйықтап жатады. Ұры «бұл атпен қалай түседі, мұнда бір сыр болу керек» деп, екі атты саудагердің қолынан алып, басқа бір жерге барып тұра қалғанда сарт етіп есік ашылады. Ұры «бұл нағылған адам екен» деп қарағанша болмай қоржынның екі басын толтырып көтерген бір әйел жетіп келіп ұрыға «қоржынды мықтап байла, тезірек кетелік», — дейді.

Ұры қайран қалып, «не болса, сол болсын осы адамның бетіне қарай істейін» деп қоржынды тездете қанжығаға байлағанша Қыпша тұлпарға мініп дауылдан қарғыта жөнеледі. Ұры аттардың дауылдан қарғып кететінін біліп қоржын байлаған атпен қарғытып Қыпшаның қасына ереді. Қыпша, «ал енді бетіңді түзе де осы тұлпардың бар жүрісімен жүр», — деп екеуі қараңғы түн ішінде жарысып жүріп кетеді. Бұлар жарысып кете берсін, саудагер бір кезде қатты ұйқыдан ояна келсе, қолындағы аттары жоқ.

Саудагер сұмдықтың болғанын біліп, есі шығып қалай болса солай қораның ішінде сенделіп жүріп, бір жерге гүп етіп түсіп кеткенін өзі білмей қалыпты. Бұл түсіп кеткен жері патшаның қазынасын ұрлау үшін қазып шыққан ұрының қазған жері болып, соныменен таң біліне көшеге шыға келеді.

Қыпшадан айрылған соң, «маған енді тіршіліктің керегі жоқ», деп, дерексіз кеткен Қыпшаны іздеп, беті қалай ауса солай тентіреп жүре береді.

Ендігі сөз Қыпшадан басталық, «бәледен құтылдым ба» деп, асығып аттың арынымен тұра шаба жөнелген Қыпша бір-екі көше айналғанда-ақ басқа адам екенін білсе де, «не де болса болары болды, ақырын бірақ көрейін» деп сол бетімен кете береді. Ұрының қуанышы ішіне сыймай Қыпшамен үзеңгі қағысып жарысып келеді. Таң атқанда қараса, адам екені, перизат екені белгісіз бір сұлу. Қыпшаға қарағанда аттан талып түсе жаздап, жан-тәнімен ғашық болып, «Құдай бағымды көтеріп, қиуасыз жерден кез болған жаным, енді мақсатты орындалық», — деп Қыпшаны айналдыра бастайды.

Қыпша:

— Мені құдай сізге қосу үшін ойда жоқ жерден кезіктірді, енді мен сіздің адамыңыз болдым. Асықпаңыз, асығыс сайтан ісі емес пе?  Алдымен мына зұлым патшадан ұзап құтылып алған соң, өзімізді өзіміз білеміз ғой, — дейді. Ұры бұл сөзге қатты риза болып, сол жарысқан беттерімен тұлпарлардың бар жүрісіменен шауып отырып, түс қайта бір қалың ағашқа келіп түседі.

Бұлар аттан түскенде, ұры сенделіп, ат соғып шаршап қалғандығын айтады. Сонда Қыпша:

— Сіз жер қазумен бұрын қатты шаршағансыз ғой, мен артық шаршамадым, сырқыраған қол-аяғыңызды біраз уқалап, сізді тезірек тынықтырып алайын, — деп, ұрының қол-аяғын уқалай бастайды. Ұры бұған өте насаттанып, мұртынан күліп, аяқтарын созып жіберіп, қуанышы ішіне сыймай жата береді. Қыпша адам талдыратын у дәріні білгізбей ұрының аяғына жаға береді. У дәрі ұрының денесіне жайыла бергенде ұры бір-екі есінен талып талып қалады. Қыпша ұрыны талдырып тастап, тұлпардың бірін мініп бірін жетегіне алып жүріп кетеді. Ұры талған күйінше жата берсін.

Қыпша ұрының бар киімін шешіп алған еді, ұрыдан ұзап шыққан соң өз киімдерін қоржынға салып бөктеріп алып, ұрының бар киімін киіп еркек болып алып тарта береді.

Бір шәрінің сырт жағына келгенде топырлаған қалың адамды қөріп бір адамнан жиылған адамның жәйін сұрайды. Сұраған адамы:

— Біздің шәріміздің бір-неше заманнан бері «бақыт құс» деген бір құсы болды. Ол құстың тұқымы өмірінде бірақ рет жұмыртқалайды. Жұмыртқаларында тамақ жемей, су ішпей, қанат қағып шақылдайды. Сол кезде босатып қоя берсе, ұшып кетіп екі ай өткенде келеді. Сонан кейін ұзамай ақ жұмыртқалап, жұмыртқасын басып, балапан шығарған соң ұзамай өзі өліп, балапаны қолдан асыраумен анасындай бақыт құсы болады. Сонымен бірге біздің осы шәрімізге кім патша болатын болса, бақыт құсы сол адамның басына қонады. Біздің осы шәріге көп жылдардан бері бақыт құс басына қонбай ешкім патша болған емес. Ал енді мына халықтың жиылған себебі, біздің патшамыз өлгеніне бір айдан артық болды. Шәрі халқы бақыт құсын жіберіп, патша сайламақшы болып құсты ұшырғалы бірнеше күн өтсе де, бақыт құсы ешбір адамның басына қонбай, ағаш басына қонып, осы сіз келген жаққа қарап қанатын қаға береді, соған халық қайран болып күн сайын осы насай топыр, — деп сөзін аяқтатады.

Қыпша жыйылған елдің жәйін түсінген соң, «осылардың тамашасын көрейінші» деп, көпшіліктің ішіне келіп тұра қалады.

Қыпша келіп тоқтасымен бақыт құсы үшіп келіп Қышаның басына қонып, біраздан соң қайта ұшып баяғы отырған ағашына барып қонып отырады. Көпшілік бұған қайран болды. Құсты сынау үшін отырған ағашынан түртіп ұшырып жіберсе, Қыпшаның басына келіп қонып, аз отырып қайтадан отырған ағашына барып қонады. Көпшілікте үш рет сынап көреді, үшеуінде де құс бір қалыптан аумайды. Сонда өлген патшаның ақылды бас уәзірі айтады, «көпшілік осы келген адам бізге уақытлы патша екен, біздің негізгі патшамыз бұл халықтың ішінде жоқ екен. Енді осы жігітті таққа шығарайық, негізгі патшамызды тағыда көрерміз», — дейді.

Қыпшаға барлық көпшілік бас иіп, «тақсыр сіз біздің патшамызсыз», — деп таққа шығарып, патша қылады. Қыпша өте әділеттілікпен халықты басқарып тұра береді. Қыпшаға көпшілік, «сізде әйел жоқ екен, өзіңізге лайық бір сұлу алыңыз, әйелсіз тұруға бола ма», — дейді. Қыпша, «менің үйленетін уақытым кейінірек, әзірше үйленбеймін», — деп қояды. Патшасы өлген шәрінің бақыт құсы бір қанша күнге дейін ешкімнің басына қонбай қойғаны, ақырында екі тұлпар аты бар бір жолаушының басына бірнеше рет қонып қайтадан үшіп тұрғаны, ол адам патша болып, үйленбей тұрғаны елден елге естіліп дабырап кетеді.

Қыпшаның ері саудагермен Қыпшаны алдырған патша, мас болып қалған ұры үшеуі де Қыпшаның дертіменен, қайғысымен қарайып, Қыпшаны іздеп сандалып жүріп ел аузындағы өлген патшаның орнына патша жайлы болған ахуалдарды үшеуіде естиді.

Бұлар болған істің жайына қарап, «жаңа болған патша анық Қыпша болар» деп, қуаныштан жүректері жарылып кете жаздайды. Қыпшаға ғашық болған патша, «Қыпша уақытша патша негізгі падша бар деп дәулет құсының күтіп тұрғаны өзім-ақ болдым ғой» деп қуанады. Қыпшаның ері саудагер осы ойды ойлап, «құдай бұйырса Қыпшаны таптым ғой, сол анық Қыпша болды» деп қуанады. Ұры «бұл анық мен патшаның ордасынан алып шыққан сұлусымақ болды. Ол сұлу маған шын сөзін айтып ақ еді, бірақта мен тұтқыйылдан талып қалған соң кетіп қалды ғой. Енді тауып алсам, өзінің уәдесі бойынша ол сұлу менікі болады. Сонда дәулет құстың күтіп тұрған падшасы мен болдым ғой» деп қуанады.

Бұл үшеуі де жаңа патшаның шәрісінің жөнін сұрап алып, асығыстықпен сол шәріге қарап жүріп береді. Саудагер асығыстықпен келе жатып, сапарда көп жүрген бір адамга кезігеді. Екеуінің бет алысы бір жақта болып, бұлар жолдас болып бірге жүріп келе жатып, саудагер жөн сұрайды. Патша өткен ақуалды түгел айтып келіп, іздеген ғашығымды тауып, сол шәрінің өзіне патша болуға аз уақытым қалды деп қуанышын түгел сөйлеп береді.

Саудагер толық түсініп, ішінен құдайға тәубә қылып, ақ иіледі сынбайды деген ғой істі бәйгеде көрерміз деп, мен сол шәріде бір жұмысым болып келемін, сапарыңыз қайырлы болсын. Енді екеуміз бір жолдас екенбіз деп ойлап, екеуі жолдас болып жүре береді. Бір-екі күн өткен бұлар бір адамға кезігіп жөн сұраса, ол адам Қыпшаны алып қашқан ұры болып шығады.

Ұры Қыпшаның берген уәдесі айта келіп, енді іздеген ғашығымды тапсам, дәулет құсы күтіп тұрған патшасы өзім шығармын деген қуанышын айтады. Сонда падша саудагерге сыбырлап қана «мына тамашаға қараңыз, менің еңбекпен алдырған ғашығымды ұрлап алып кетіп, айтып келе жатқан сөзін көрдіңіз бе? Сіздің де жұмысыңыз сол шәріде екен ғой, Қыпшаны тапқаннан кейін мұның оттасын көресіз ғой», — деп теріс қарап мырыс-мырыс күліп жібереді. Саудагер ішінен «тұп-тура айтып келесің, сен зұлым болмасаң, Қыпша екеумізге осы көрген бейнет барма еді» деп патшаға қосыла күледі. Бұл үшеуіде қуанышпен келе берсін, енді Қыпша жақтан әңгіме басталық.

Қыпша таққа отырғаннан кейін ерін іздеу үшін әртүрлі ойға келіп, «Япырай дерексіз қалай іздетемін. Осы атақты шәрінің падшасын сайлаудағы болған ахуал талай жерге таралмас па екен, ел аузынан есіткен аңызға қарай менің осы елге уақытлы патша болғанымды халайық оймен білмес екен, мүмкін менің өз ерім тұрсын, зәлім патша мен ұры да іздеп келмегей неде болса бір аз уақыт байқайын» деп, патшалық үкімін жүргізіп өзінің әйел екендігін білгізбей тұра береді. Сонымен бір қанша күндер өткен соң, бір күні дәулет құсы қанатын қағып, шиқылдап, талпынып аласұра бастайды.

Мұны көрген ақылды бас уәзір, мына құстың мынандай етуі бекер емес, мұнда бір мән болды. Мүмкін бұл құстың жұмыртқалайтын да уағы емес, меніңше біздің негізгі патшамыз осы шәріге келген болуы керек деп, құстың аласұруын Қыпшаға айтады. Қыпша, «олай болса халық жиылып майданға шықсын, құсты жіберіп көрелік» деп, халық болып майданға шығады. Халық жиылып түгел болғанда, дәулет құсын отырған орнынан ұшырып жіберсе, құс ешкімнің басына қонбай Қыпшаның басынан үш айналып келіп, өзін ұшырған орнына қонып отырады. Көпшілік үш рет сынап көрсе құс бір қалыптан аумайды. Сонда бас уәзір тұрып, «мынаның ойынша біздің ендігі патшамыз басқа адам болатын болды. Бірақта мына патшамыздың басынан айлана беруі қалай екен? Осы жиынға келмей қалған адам бар ма екен» дегенше болмай, үш жолаушы қалың топтың ішіне жетіп келеді. Қыпша сонадайдан үшеуінде танып, ішінен құдайға шүкірлік етіп, қуаныш пен тағында отыра береді. Жолаушылар келіп тұра қалсымен-ақ дәулет құсы ұша жөнеліп, тұрған зәлім патшаның беттерін тырнап қаната барып, саудагердің басына қона қалады.

Қыпша шыдай алмай, қалың жиынның ішінде ерімен жылап көріседі. Саудагер Қыпшаны көргенде есінен танып, жығылып түседі. Көпшілік қайран қалып Қыпшаның әйел екенін сонда ғана біледі. Қыпша бұрынғы өтілген, бастан кешкен істерді түгел сөйлеп береді. Жиылған халық Қыпшаға сансыз рахметтерін айтып, ері саудагерды сол сағатында таққа шығарып патша етеді. Саудагер патша болған соң, зұлым патшаны дараға тартып өлтіртіп, ұрыны азат етіп еліне жібереді. Саудагермен Қыпша сол шәріде патшалық дәуірімен қалған өмірлерін қызықпенен өткізіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз