Өлең, жыр, ақындар

Жақсылыққа жақсылық

Бір жігіт жолаушы жүрмек болып, жалғыз өзі келе жатса, артынан бір жігіт қуып жетеді. Сөйтсе оның да бара жатқан жағы осы екен. Бұл екеуінің артынан тағы бір жігіт қуып жетеді. Сөйтіп, үш жігіт болып келе жатады. Сол екі арада аспаннан бір қара бұлт шығып, қатты жауын болады. Үш жігіт атымызды осы жерге тастап кетейік деп ақыл қосып, өздері бір жартастың астына барып кіреді. Бұлар кең жартастың астына кіріп болған кезде жартас осы үш жігіттің жанына залалсыз қараңғылық түсіріп, басып қалады. Үш жігіт бұдан бұрын бірін-бірі көріп, жолдас болмаған адамдар еді. Құданың құдіретімен кездесіп, жолдас болып, ұзақ жол жүрмей-ақ осындай қараңғылықа түсті.

— Ал, жігіттер, кімнің қандай істеген жақсылығы бар. Қандай адамдарға жаманшылық істедіңіздер, айтыңыздар, — деседі. Соның ішінде бір жігіт тұрып:

— Менің жақсылық дейтін жақсылығым жоқ, жамандық дейтін жамандығым да жоқ — дейді. Менің әкем кедей болған адам екен. Шешем кәрі, елден алыс отырады екен. Әкемнің мал дегенде бес лақ ешкісі бар екен. Әке-шешемнің аузы ораза екен. Менің сол кезде он-он бір жас шамасындағы бала күнім. Бір күні малды айдап, даладан келсем, әке-шешем қатты ұйықтап жатыр екен. Күн кеш батып қалыпты. Ауыз ашатын уақыт та болып қалды. Әке-шешемді оятпай ешкіні өзім сауып, сүтін пісіріп қойдым. Әгер сүтті жерге қойсам сүт суып кетеді, Әгер әке-шешемді оятсам тәтті ұйқысын бұзамын деп, не істерімді білмей тұр едім, сол кезде әке-шешемнің өзі оянып дәретін алып, ауызын ашпақ болды. Шешем қазан-аяқ жақтан қазанды іздеді. Мен шешеме:

— Шеше, сүтті пісіріп дайындап отырып, сіздерді оятуға ұйқыларыңызды қимадым, — дедім. Сонда әке-шешем менің қолымдағы қазанды алып қолыма қараса екі алақаным күйіп қалыпты. Әке-шешем маған қатты ырзы болып:

— Анық атаның белінен, ананың құрсағынан болған баламыз екенсің, қарағым, — деп мәз болысты. Ал осыны өзімде жақсылыққа есептеймін. Осынан бір жақсылық болмаса, басқадан менің күтер жақсылығым жоқ, — дейді. Сонда үш жігітті басып тұрған қара жартас аздап ашылып, жарық түскендей болады.

Жігіттер:

— Я, алла, құдай-ай, — деседі.

— Бір кезде халық аш болып, мен сол халыққа нан таратып беріп тұратын саудагер болдым, — деп бастады әңгімесін екінші біреуі. Сол нан алушылардың ішінде бір әйелге көңілім түсті. Ол күнде жас кезім еді. Әйелді өзіме қалай қаратып алам деген оймен ғашықтығымды айтып едім, ол мені өзіне жақындатып жақсы сөзін бермеді. Мен сол әйелге тиесілі нанын бермедім. Арада бір жұма өтті. Ері әйеліне:

— Шырағым, сенің наның қайда, міне бір жұма болды, — дейді.

Сонда әйелі:

— Ей, құдай қосқан сен менің ерім едің. Сенімен қосылғанда менде анадан туған қалпымда, сен де анаңнан туған қалпыңда қосылып, өмірлік жолдас болып едік. Өміріміз балдай тәтті болсын деп бал жаласып едік. Егер қай-қайсымыз құдайға берген уағдадан бұзылсақ құдай алдында қара жүзді болайық деспедік пе, —  дейді.

— Жоқ, егер өзіміз ғана болсақ ол солай болар еді. Мына үш баланың көз жас обалына қалармыз. Құдай алдында қарыз қылмайын. Сол жігіттің көңілін тауып, балдарыңа нан әкеліп бер, — деп ері ұлықсат етеді.

Әйел келіп, кешегідей емес саудагер жігітке қылмыңдап, көз қарасы дүзеліп, бір жақсылық хабары бар адамдай болғанға саудагер қуанып мына халықты шапшаңдатып, жөнелтіп салады. Әлгі келген әйелді жекелеп алып шығып:

— Ал, не айтасыз, — дейді. Әйел теріс қарап, жігітті көрмегенде лажысыздан болса да:

— Біз сіздік, — дейді. Бұған жігіт қуанып, енді шариғат жағын қарастырып, апарып шариғатқа келмекші болғанда әйел қатты қысылып, терлеп-тепшіп, өңі қашып, бұзылып, солқылдап тұрады. Сонда жігіт лашысын тоқтатып, әйелден сұрайды:

— Шырағым, осыншама неге қатты терліп, қысылдың. Мендей еркек көрмедің бе, болмаса сізге жақпағандай нем бар, — дейді.

Сонда әйел тұрып:

— Мен еріммен қосылғанда құдай деген сөзбен қосылған едім. Қарам жолға жүрмеске амал жоқ, өзім аштан өлсем өлер едім, бірақ, балаларым үшін күйеуімнен ұлықсат алып, сіздің көңіліңізді аулауға келдім, — депті.

— Я, құдай-ай, кеш кеш. Мен жолдан тайып, біреудің алалын арамдамақ болған екенмін, — деп, тәубаға келіп, әлгі әйелді азат еттім. Қалған күндерінің нанын беріп, сол әйелдің ерімен дос болдым. Білмеймін, осымнан бір жақсылық күтепесем, басқа адамға істеген жамандығым да, жақсылығым да жоқ еді, — дейді.

Сонда қара жартас қарыс көтеріліп, бір-бірінің өңін көріпті.

Үшінші жігіт:

— Мен патша болдым. Келешекке мұнара боларлықтай іс болсын деп бір үй салдырдым. Қол астымдағы елге хабарлап, таңертең басталып, бір күн ішінде, кешке бітеді деп жария қылдым, — депті. Халық жиналып, ертеңіне сағат алтыда жұмыс басталды. Біреу ағаш кесіп, біреу ағаш тартып, енді біреуі үй салып жатыр. Сол жиналған халықтың ішінде біреу сағат тоғызда келді. Балтасын ағашқа қадап қойып, алдымен тамаққа отырды. Тамаққа тойып алып, темекісін атып барып жұмысқа кірісті. Кешке жұмыс көңілдегідей істеліп бітті. Адам басына жиырма тиыннан ақша ақы төледім. Әлгі соңынан келген адамға он тиын бердім. Ол адам бұған наразы болып, он тиын ақшаны алмады. Жиналған халық тарады. Ол он тиын менің қалтамда кетті. Арада бес жыл уақыт өтті. Егер сол он тиынды құдайы садақаға берсем, не маған, не сол ақшаның иесіне пайда жоқ. Қой, онан да сол он тиынға не келер екен, базарға барайын, он тиынның құны не болар екен деп, ойлап жолға шықтым. Он тиынға бір тауық сатып алып, оны жұмыртқалатып, жұмыртқасын сатып, балапан бастырып жүргенде, келесі жылы он тауық болды. Айналасы осы тауықтан көп ақша, он бес бас сиыр, жүзге тарта тауық болып, екі кісі күтушісімен сол адамның пайдасына өсіріп отырдым. Көп сома ақшасы болды. Бір кезде бағанағы он тиынның иесі, кәріп адам ғой:

— Мен патшаға барып, ұмытпаса сол он тиын ақшамды сұрап алайын, — деп, мені келіп табады.

— Тақсыр, одан бері қаншы жыл болды. Ұмытыпта қалған шығарсыз. Баяғыда үй салғаннан қалған он тиын ақшам бар еді. Ұлықсат болса, берсеңіз, — дейді.

— Егер сол адам сен болсаң, жүр! — деп, үйге ертіп алып келіп, қонақ етіп, бағанағы жалғыз тауықтан өскен көп тауықпен он бес бас сиыр малын, көп жиналған ақшасын он бес жылдан кейін өзіне тапсырдым. Сол кезде он тиын ақшаның иесі кедейдің екі-үш баласы болып, он тиынға зар болып келген екен. Сол адам басында, мені елмен бірдей көрмеді деп ренжісе де артынан мынандай байлық бергенде өте қатты қуанып, риза болып еді. Осынан бір жақсылық болмаса, қайдан білейін. Басқадай істеген қиянатым жоқ еді, — дегенде қара жартас қақ ашылып, бұрыңғы орнына келіпті. Үш жігіт үңгірден шығып, аман-есен атына келсе, аттары өліп қалған екен. Сөйтіп, үш жігіттің істеген жақсылығына жақсылық болып, өздері тірі қалыпты дейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз