Ерте заманда Араб елінде бір Жүніс деген кісінің Мархума деген өте сұлу әйелі болыпты. Әйелі ері Жүніс сияқты шыншыл, сопы, ғайбәт сөйлемейтін, намаз, оразасын тастамайтын өзінің ұстаған дініне мықты адам болыпты. Ері әйелінің жалған сөйлемейтініне, өз ерінен басқа адамға тура қарамайтынына әбден сенімді екен. Мархуманы бір көрген жігіттер ғашық болып, өзін әуре, сарсаңға салса да, Мархума бірінің бетіне қарап жауап бермеген соқ, ғашық болған жігіттер лажсыздан үмітсіз болып қойған екен. Бір күндерде ері Жүніс кажыға бармақшы болып, жолға ұстайтын ақшаларын дайындап алып, өзінің бір туысқан інісіне:
— Сен мына жеңгеңнің ақылынан шықпа, Мархума өте ақылды адам, қылдай қиянат, жалған сөзді білмейді. Осы жеңгеңнің ақылымен жүрсең мал шаруаларың шашылмайды, барлық істі әуелі аллаға, екінші Мархумаға тапсырдым, мен келгенше аман болыңыздар, — деп, Жүніс елімен қош айтысып, өздерінің мал, басқа шаруаларын Мархумаға тапсырып, қажыға жүріп кетеді.
Ағасы қажы сапарына шығып кеткеннен кейін бірнеше күн өтісімен Жүністің бірге туған інісі жеңгесі Мархумаға ғашық болып, көңілдегі мақсатын айтуға бата алмай екі-үш күн жүріпті. Ақыры шыдай алмай бір күні өзінің ғашықтығын айтып, жеңгесіне жалынып, көптеген сөздерді айтыпты. Сонда Мархума:
— Бұл сөзіңді мен ғана бір жолы естиін, осы сөзің осы арада қалсын, бұл не деген сұмдық, енді мұнан былай аузыңды жауып жүр, бір жолға қаталығыңды мен де кешірейін, — депті.
Қайнысы ғашықтыққа шыдай алмай бір күн өткеннен құшақтап алып:
— Мақсатымды орындап беріңіз, — деп жалына бастағанда Мархума қатты ашуланып:
— Құдайдан қорқпаған қара бет, бұзық, енді мұнан былай менің көзіме көрінбе, жоғал, шық үйден! — деп, үйінен айдап қуып, айдап жіберіпті.
Қайнысы ағасының үйінен қуаланып шығысымен жеңгесіне өшігіп, Мархумаға бір өтірік пәле жабу үшін өзі сияқты Мархумадан үмітсіз болған төрт жігітті тауып, оларды куәға тартып, сол қаланың қазысына келіп, арыз қылып, төмендегі айтыпты.
— Менің жеңгем Мархума, ері қажыға кетісімен бұзықшылыққа қатты айналды. Осы шәрінің барлық бұзықтары менің ағамның үйінде опыр-топыр, бірін шығарып, бірін кіргізіп, халық бетіне қарай алмайтын болған соң, жеңгеме мына қылығыңды қой, мұның ұятты іс деп едім, мен өзімді өзім білем, менде сенің жұмысың болмасын, кет үйімнен деп, мені үйінен ұрып, қуалап шықты. Үйінен күндіз-түні адам кетпейтінін менімен бірге көріп жүргендер мына кісілер, — деп, өзі ілестіріп келген төрт жігіт куәға тартылыпты.
Қазы шариғат үкімі бойынша куәлардан бір-бірлеп сұраған екен, куәлар үйретінді бойынша бәрі де бір түрлі сөзбен:
— Мархуманың үйі бұзықтардың ойнағы болды. Мұныңды қой деген қайнысын үйінен ұрып айдап шыққаны да рас, — деп куәлік өткізіпті.
Жүністің інісі мен куәлардың сөзі бірдей шыққан сон, қазы Мархуманы шәрінің сыртына шығарып кесекпенен атып өлтіру үкімін шығарып, Мархуманы өлтіруге бірнеше жендеттермен бірге өзінің қайнысын қосыпты. Мархуманын қайнысы жендеттерді ертіп алып Мархуманың үйіне келіп, Мархуманы байлап алып шығып, шәрінің сыртына қарай сүйреп ала жөнелгенде, Мархума жылап, қайнысының бетіне түкіріп, «алла сазайыңды берсін, басқа айтарым жоқ», — деп мойнын аққа ұсынып, сүйреліп жүре беріпті.
Жендеттер шәрінің сыртына шығарып тас кесекпен атқылап ұра бастаған екен. Мархума жанымды қинамай тездетіп, бірақ өлтірсеңіздерші деп жылап тұрып сұранғанында өлтірушілер әмір осылай деп, тас кесекпен мыжғылап ұрып-ұрып, өлігі осы арада жатып, ит пен құсқа жем болып құрысын деп бір шұқырға тастап кетіпті.
Аяусыз, мыжғылап ұрған тас кесектің салдарынан есі ауып, әлсіреп қалған Мархуманың есі кіріп бір кезде болымсыз ыңырсып жата беріпті. Бірсыпыра уақыт өткен кезде түйе мінген бір ағраби жолмен кетіп бара жатса, әлсіз ыңырсыған бір дауысты естіпті. Ағраби дауыстың қайдан шыққанын білмей біраз тұрып, дауыс шыққан жаққа қарай келсе, өне бойы қан болып, бүтін денесінде сау тамтығы жоқ Мархуманы көреді. Ағрабидің өлім алдында жатқан әйелге жаны ашып, түйесін шөгеріп, әлсіз Мархуманы алдына өңгеріп, үйіне алып келеді.
Ағраби үйіне әкелген соң денесіндегі қанын, қанмен боялған киімдерін жуып, жараланған денелеріне дәрі жағыпты. Біраздан соң Мархума есіне келіпті. Мархуманың есі кіргеннен кейін, ағраби Мархумадан не болды деп сұрап, мәселенің анығына жетеді. Ағраби Жүніс қажыны да, Мархуманы да әбден біледі екен. Мархумаға «қарағым ерің қажыдан келгенше біздің үйде тұра бер, ерің келген соң өз қолымнан тапсырып берейін», — депті. Мархуманы дәрілеп, өзі бір үйде тағат-ғибадат қылып жата беріпті. Мархума әбден жазылып, өзінің бұрынғы түр-сипатына келгенде ағрабидің бір құлы Мархумаға ғашық болып, мені өлтір, болмаса мақсатыма жеткіз деп, Мархуманың мазасын кетіре бастапты.
Мархума бірнеше күнге дейін мен ондай істі істемеймін, бұл сөзіңді қойыңыз деп айтып көрген екен, ақыры болмаған соң, бір күні құлды қасынан қуалап жіберіп, енді менің жаныма келуші болма деп айдап жіберіпті. Құл Мархуманың болмасына кезі жеткен соң, Мархумаға өшігіп, қожайынның жалғыз еркек баласы бар екен, сол баланы Мархума жатқан үйге алып кіріп, Мархума ұйықтап жатқанда жас баланы бауыздап, баланы бауыздаған пышағын Мархуманың жастығының астына тығып, өлген баланы төсегінің алдына тастап кетіпті. Ағраби ертемен оянса, орнында баласы жоқ. Мархума қасына алып жатқан болар деп Мархуманың белмесіне кірсе, баласының басы кесіліп бас бір бөлек, дене бір бөлек жатыр. Мархуманың киімі де қан-қан. Ұйықтап жатқан Мархуманы оятып мұның қалай дегенде Мархума дірілдеп, есі шығып кетіп, жастықтың астындағы қанға боялған пышақты суырып алған Мархума онан жаман қалтырап, алла қақы, бұл істі мен істемедім, маған дұшпан болып жүрген адамдардан болған іс деп зарлағанда, Ағраби Мархуманың жазықсыз баланы мұндай етіп өлтірмейтінін ақылмен ойлап біліпті. Сонда Ағраби:
— Мархума, сен бұл баланы өлтірген жоқсың, оған мен сенемін, сенің өлтірмегеніңе мен сенгенмен, менің әйелім сенбейді. Ол сізге баланың ашуымен қас қылуы мүмкін. Соның үшін сіз енді басқа бір жаққа кете тұрмасаңыз болмайды. Менің әйелім тұрғанша сіз мына дәрһәмді алыңыз да осы шәріден басқа жерге барып тұрыңыз, — деп, Мархумаға 400 дәрһәм беріп, Мархуманы үйінен шығарып жіберіпті.
Мархума 400 дәрһәмді алып, ол шәріден шығып, бірнеше күн жол жүріп, шәріге келсе, көп адам жиылған жерге кезігіп қалады. Жиналған көпшілік бір жігітті дарға тартқалы жатыр екен. Мархума: «Бұл жігіттің не жазығы бар», — деп сұрапты. Сонда көпшілік: «Бұл жігіттің қылмысы патшаның (400) дәрһәм қарызын төлей алмаған соң, патша дарға тартуға бұйырды, жазығы сол», — депті.
Мархума, бұл сорлы үшін патшаны (400) дәрһәмін мен төлесем, бұл бишара өлімнен аман қалама деп сұрапты. Дарға тартқалы тұрған жендеттер, (400) дәрһәм төленсе әрине өлімнен аман қалады дегенде Мархума бұл сорлы үшін қарызын мен төлейін деп, (400) дәрһәмін беріп, жігітті дардан босаттырып, өзі сол бетімен кете беріпті. Дардан босанған жігіт Мархумаға ғашық болып, мен сізге жан-тәніммен ғашық болдым, мені не өлтір, болмаса мақсатымды орындаңыз деп Мархумаға жабысып алыпты. Мархума менің жазығым сені өлімнен айырып алғаным ба, менен әрі жүр десе, жігіт зорлық етбекші болыпты. Мархума жігіттің үстаған қолын жұлып тастап, қаша жөнеліпті. Сонымен Мархума қашып отырады, жігіт жете алмай артынан қуып отырады.
Мархума қаша беріп, сол қашқан бетімен бір дарияға келеді. Дарияға келсе, бір қанша сәудегер кемемен дариядан өткелі тұр екен. Мархума олардың үстіне келеді. Артынан қуған жігіт те келіп жетеді. Керуеншілер қараса, өздері өмірінде көрмеген бір сұлуды көреді. Бір жігіт қуып келгесін жігіттен керуеншілер:
— Бұл қалай? — деп сұрайды.
Сонда жігіт:
— Бұл менің сатып алған кәнизегім еді, екеуміз сөзге келісіп ұрсып, сонымен қашып келеді, — депті.
Сонда керуеншілер:
— Ендеше бұл кәнизегіңізді біздерге сатыңыз, — деп, керуен басы көп діллә бермекші болады. Мархума «неде болса мына бұзықтан құтылайын» деп үндемепті. Керуен басы бір қанша діллә беріп Мархуманы сатып алып, кемемен су үстінде келе жатыпты. Керуеншілер бұл кәнизекке берген ділләні мен төлеп, мен алам деп өзді-өзі таласып, ақырында керуен басы ділләні төлеп өзі алып, Мархумаға жан-тәнімен ғашық болып, су үстінде мұрадын хасыл етуге айналғанда Мархума шынын айтып:
— Менің ерім бар, — депті. Мархума жалынса да керуен басы:
— Мен сатып алдым, өзім білем, — деп зорлық қылуға айналыпты.
Мархума:
— Маған біраз уақыт рұқсат беріңіз, мен дәрет алып, намазымды оқып алайын, сонан кейін сіздің ықтиярыңыз болсын, — дегенде керуен басы:
— Ендеше тезірек оқып ал, — деп рұқсат етіпті. Мархума дәретін алып, екі рәкәғат намаз оқып болған соң, алла тағалаға жалынып:
— Ей, алла, мына бұзықтар менің еркіме қоятын болмады, мені алла қияметте қара жүзді кыла көрме, соның үшін бұл зәлімдерден құтылатын бір керемет көрсеткейсің алла, — деп дұға қылыпты. Сол сағатта аспан бұлттанып, күн жауып, қатты дауыл шығып, дарияға қатты толқындар пайда болып, кемелер шетінен суға бата бастап, әркім өз жанымен қайғы болып, біреуді біреу білмей кеткен екен. Мархума мойнын аққа ұсынып, иманын айтып, бір кемеде жалғыз өзі ғана отыра беріпті. Біраздан соң қараса, Мархума отырған кеменін шынжыры үзіліп, басқа кемелерден ажырап бөлек кеткен екен. Байқап караса, басқа кемелер түгелімен суға батып, қаран болып кетіпті. Мархума отырған кеме суға батпай судың ағымына қарай жүре беріп, дауыл тоқтаған кезінде дарияның бір жақ шетіне келіп шығады. Мархума кеме келіп шыққан жерге кемені мықтап байлап, кеменің ішіне қараса, кеменің іші алтын, күміске лық толы екен. Өзінін аман шыққаны үшін құдайға тәубә қылып, құрғаққа шығып қараса, сол дарияның жағасында бір үлкен шәрі көрінеді.
Мархума шәріні көргеннен кейін, өзінің әйел киімін тастап, кемедегі еркек киімін киіп, шәріге келіпті. Байқаса, ол шәрі мұсылман шәрісі екен де патшасы өте әділ екен. Патшасының әділдігін есіткен соң, Мархума патшаға келіп, өзінің, әйел екендігін, ерінің қажыға кетіп өз басынан қандай ауыршылық халдар өткенін түгелімен айтып шыққанда патша жаны ашып, жылап жіберіп:
— Қарағым-ай, өз қолымда тұра түр, ерің қажыдан келген соң, өз қолыммен еріңе тапсырайын, — депті.
Сонда Мархума:
— Тақсыр, ондай болса кемеде дүние жетеді, кемедегі заттардың барлығын қазынаға алып, менің өзіме бір жеке сарай жасатып берсеңіз, мен жеке жатып, тағат-ғибадат қылсам, — депті.
Патша тездетіп Мархумаға дария бойынан келістіріп сарай жасатып, Мархуманы сол сарайға жеке жатқызып, бірнеше күзетшілер қойыпты. Мархума оңаша сарайда жатып, тағат-ғибадат қылып жата беріпті. Мархума тағат-ғибадат қылумен бірге не түрлі ауруларға үшкіріп дем салса, сол ауру Мархуманың бір демінен қалмай жазылатын болыпты. Мархуманың атағы бүтін елге шығып, дария бойындағы әулие әйел деген дақпырт елден-елге таралыпты. Сөйтіп, Мархума дұғакөйлікпен алдына келген ауруларды жазып жата берсін, енді Мархуманың ері Жүніс қажының әңгімесіне келелік.
Жүніс бір қанша жол жүріп Меке, Мәдинеге барып, қажылық міндеттерін өтеп, қажы болып, еліне қайтарында да арада бір қанша жол жүріп, өзінің шәрісіне келіп, үйіне келсе, үйінде адам жоқ. Үйі бұзылған, үй шаруа мүліктері де жоқ. Жүніс қажы інісінің үйіне келіп, інісімен көрісіп, амандасып, Мархума қайда, біздің үйге не болған деп сұрағанда інісі:
— Ойбай, аға, сіз кеткен соң Мархума өте қатты бұзылып, осы шәрінің жас жігіттерін үйіне жинап алып, зинақорлыққа айналды. Мархуманың ол ісіне менің намысым келіп, бұл ісіңді қой деп, бірнеше рет ақылымды айтып едім тіпті болмай күннен-күнге насай-топыр арта берді, ақыры Мархуманың бұл қылықтарын қазы естіп осында бірнеше адамдарды шақырып сұрап, Мархуманың қылығын көзімен көрген төрт халыс адам қазының алдында куәлік беріп, ақыры қазының шариғат үкімі бойынша Мархума кесекпен атып өлтірілді. Сүйтіп Мархуманың қылығы туралы менде де елге қарар бет қалмай, мен де үлкен қайғы-уайымда жүрмін, — дейді.
Жүніс қажы болған істі толық түсінген соң:
— Япырмай, шайтан аздырса шара жоқ екен-ау, Мархума ондай етпесе керек еді, бұл қалай? — деп, ішінен көп уайымдап, ақыры бара-бара уайымын қояды.
Бір күндерде інісі бір түрлі жаман аурумен ауырып, бұған ағасы Жүніс құлақ естіген жердегі бақсы-бәлгерді түгел әкеліп емдетсе де бірінен шипа болмайды. Жүніс інісінің ауруынан жаман қорқады. Сол қорқу үстінде, бір күндерде пәлен жерде, дария бойында бір әулие әйел бар екен, ол кісінің дұғасынан қандай ауру болса да қалмайды екен деген ұзын хабарды естіп, Жүніс қажы інісін сол әулиеге алып бармақшы болып, үйінен шығыпты. Қонаға өлгелі жатқан Мархуманы тауып алып, үйіне апарып жазып, ақыры жалғыз баладан айрылған Ағрабидің үйіне келіп қонады. Ағраби қонып отырған қонағының қайда бара жатқанын сұрағанда, Жүніс қажы:
— Осындай дария бойында бір әулие бар екен, ол кісіден ауру қалмайды екен, інімнің ауруына ешбір ем болмағасын сол әулиеге алып бара жатырмын, — дейді.
Сонда Ағраби:
— Япырмай, ондай болса менің бір құлымның үстіне бір түрлі жара шығып, қанша бақсы, бәлгерге қаратса да ем қонбай, дауа болмай қойды, — депті. Жүністің сөзін есіткен соң Ағраби де құлын алып, Жүніспен бірге жүріп кетіпті. Бұлар бір күндерде бір шәріге келіп, бір үйге қонып отырса қонған үйлерінде зарлаған бір ауру жігіт жатыр екен.
Ағраби мен Жүністің бұл қонған үйі Мархума (400) дәрһәм беріп дардан босатып алған жігіттің үйі болып шығады. Әлгі ауырып жатқан адам, өлімнен кұтылған соң Мархумаға ғашық болып, ақыры «Мархуманы керуеншілерге кәнизегім» деп сатып жіберген жігіт екен. Оны Жүніс пен Ағраби білмейді, ауру жігіттің ағасы жолаушылардың дария жағасындағы дұғакөй әулиеге кетіп бара жатқанын есіткесін бұлармен бірге інісін әулиеге алып жүрмекші болыпты. Ертесімен алты адам болып, сапар жүріп, ақыры бір қанша уақыттарда дария бойындағы шәріге келсе, жан-жақтан келген аурулар өте көп екен. Алыстан ауру әкелушілер алдымен елшіге арыз беріп, ауруын пәлен күні қаратуға күн белгілеп алады екен. Сол тәртіп бойынша бұлар да келіп, өздері рұқсатпен емші әулиенің алдына арызға кірсе, бетінде пердесі бар адам. Мархума әрдайым бетіне перде ұстап, жүзін бір адамға көрсетпейді екен, пердемен тұрған Мархуманы ері Жүніс пен Ағраби танымаған мен Мархума ері мен Ағрабиді көргенде жылап жібере жаздап, өзіне-өзі сабыр беріп, бұл кісілердің арызын алып, сіздер ауруларыңызды әзір осы араға алып келіңіздер деп бұйырады.
Бұлар тез қарайтын болды деп, қатты қуанып, тездетіп барып, ауруларын алып келсе, Мархуманың өзінің қайнысы, Ағрабидің құлы, өзін керуеншілерге сатқан жігіт болып шығады. Мархума бұларды көргенде құдайға шүкір қылып:
— Сіздердің, ауруларыңызды ертең қараймын, бүгін бара тұрыңыздар, — дейді.
Бұлар ол жерден шығып кеткен соң, Мархума патшаға хабар қылып, ертең патшаның өзі шәрі халқы түгел жиналсын деп хабар беріпті. Патша шәрі халқына хабарландырып, ертемен барлық шәрі халқы Мархуманың ауру қарайтын сарайының алдына жиналыпты.
Ауруларын алып Жүніс, Ағраби, Мархуманы сатқан жігіттің ағасы да келеді. Мархума бұларға:
— Ауруларыңызды әкеліңіздер! — деп бұйырыпты. Бұлар ауруларын алып келгесін, Мархума:
— Халық, сіздер тыңлап тұрыңыздар, мына аурулар осы ауруынан жазылсақ десе, өздері не қылмыс істеді, соны өз ауыздарымен айтып өтсін. Бұлар шындығын айтса, мен дұға қыламын, бұлар ауруынан жазылады. Егерде шындығын айтпаса мен дұға қылмаймын, бұлар осы аурудан өледі, — депті. Сонда аурулар қылмыстарын айтайын десе ұяты өлімнен күшті, айтпайын десе жан онан да тәтті болып, ақыры аурулар шынына келіп бірінші сөз Жүністін інісіне беріліпті. Жүністің інісі «жеңгесі Мархумға ғашық болып, ақыры қазыға жалған куәлік беріп, Мархуманы кесекпен атқызып өлтірткенін» айтып шығады. Екінші, Ағрабидің құлына кезек келгенде, құл: «Мархумаға ғашық болып, ақыры қожайынының жас баласын бауыздап өлтіргенін» түгел айтып шығады. Үшінші кезек Мархуманы сатқан жігітке келеді. Ол да «бір әйелдің қарызды төлеп, өлімнен өзін аман алып қалғандығын айтады. Оған ғашық болып, ақыры сол әйелді керуеншілерге сатып жібергендігіне» шейін түгел баяндап береді. Тұрған халық бұлардың қылығын түсінген соң, бұлардың бетіне түкіріп, осы ауру өздеріңнің жазаларың екен дескенде Мархума бетінің пердесін ашып жіберіп «мені танимысыңдар» депті. Ері Жүніспен құшақтасып амандасқанда, Жүніс бұл менің өңім бе, түсім бе деп қайран қалып, тұрып қалыпты.
Сонда Мархума тұрған халыққа:
— Осы адамдардың бәрінің де зұлымдық істеп жүрген әйелі мына мен едім, алла тағала бәрінен де аман сақтап бұл мәртәбаға жеткізді, мына түрған менің ерім Жүніс, — депті. Тұрған халық қайран қалып, Мархумаға мың сандаған рахмет айтысыпты. Халық өткен іске толық түсінген соң, Мархума тұрып ауруларға:
— Сендердің маған істеген зұлымдықтарыңа қарағанда сендерге обал жоқ еді, енді алла тағала өзі әділетіне келтірген соң, мен де күнәларыңды кештім, өліп кетпеңдер деп, ауруларға дүға қылыпты. Бұлардың ауруы сол сағатында-ақ қайтып, жазыла бастапты. Патша Мархумаға көптеген алтын, діллә мен асыл, бағалы заттардан сыйлық беріпті. Жүніс қажы мен Ағраби және Мархуманы сатқан жігіттің ағасын ауруларымен бірнеше күн қонақ қылып, ақыры еліне шығарып салыпты. Бәрі де шаттықпен өмір өткізіпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі