Өлең, жыр, ақындар

Шәкірат пен Шәкір

Бұдан қанша жыл бұрын, қанша ғасыр бұрын болғаны белгісіз, бір халықта ата-тегінен бері ел билеген бір хан болыпты. Оның отыз жыл отасқан бәйбішесі өліп, артында Шәкірат және Шәкір деген екі ұлы қалыпты. Әйелі өлген соң хан ел аралап жүріп, бір байға құда түсіп, қызын алады. Бірақ үйіне келгеннен кейін ол ханды емес, оның үлкен ұлы Шәкіраттың қараңғы үйді жарық қылып жататын сұлулығы болады.

Күндерде бір күні хан көрші бір байдың ауылына тойға кеткенде өгей шешесі ретін тауып Шәкіратқа өзінің оған ғашық екенін жеткізіпті. Қуанышты хабар күтіп отырған оған жіберген күтуші әйел баласының өзінің өгей шешесіне ешбір көңіл қоса алмайтынын, оны өз теңім деп те танымайтынын айтты. Бұған ашуланып, кектенген өгей шешесі баласының көзін жоғалтпақ болып бекінеді.

Сөйтіп, хан тойдан қайтқанда ханша шашын төгіп, өз бетін өзі тырнап, еңіреп отырады. Мұның себебін сұраған ханға:

— Сенің мына балаң маған ғашық болғансып жүрген көрінеді. Не масқара бұд! Не менің, не де балаңның, анау Шәкіраттың көзін жой! — деп ханша одан бетер бетін жұлады.

Ханшасының сөзіне иланған хан уәзірлерін жіберіп, Шәкіратқа қаңғып кетуге бұйырады. Хан айтса қатал айтқан екен деп жалғыз інісі Шәкірмен қоштасып, бетінің ауған жағына қарай жүре беріпті. Ағасын жалғыз қаңғыртуға шыдай алмаған Шәкір де оның соңынан еріп кетеді. Сөйтіп екеуі бірнеше ай, апталап жол жүріп, арып-ашып шаршайды. Ішерге ас таба алмай далада шөптің сабақтарын жұлып жеп, кездескен көлшіктерден балық аулап күндерін көріп жүреді. Мұндай күтпеген қырсыққа, бақытсыздыққа душар болған балалардың мойындары ырғыйдай, биттері торғайдай, киімдері өрім-өрім болып, азып-тозыпты.

Күндерде бір күні олар далада бақташысы жоқ, қаптап жайылып жүрген бір отар қойға кез болады. Бұған әрі қуанған, әрі қарны ашқан Шәкірат бір қойды ұстап алып, сойып жемекші болады. Сонда інісі тұрып:

— Жоқ, біздер бүйтіп ұрлық жасап, байдың жалшысын да азапқа салмайық. Ол да өзіміз сияқты кемтар адам болар. Одан да осы маңда ел бар шығар, су бар шығар. Соны тауып алалық. Мүмкін бір жұмыстың да жөні келіп кетіп, күн көрерміз, — деп ақыл айтыпты.
Осы тоқтамға келген екеуі ілгері қарай жүріп бір төбеден асқанда алдарында айдын көл көрініпті. Олар енді осы көлдің жиегіне келгенде қазулы тұрған тастан: «бұл көлден су ішпеңіздер, ауру табасыздар» деген жазуды оқиды. Мұндай жазу көлдің жиегінде, әр жерде де бар екен. Әбден шөлдеген соң Шәкірат:

— Бұл байдың қарамағындағы не бір ханның жеке меншік жеріндегі көл болған шығар. Ал олар даладағы суын да қара халықтан қызғанастын әдеті ғой, — дейді де, інісінің тоқтатқанына болмай, барып су ішеді. Әбден шөлі қанып алған соң інісінің жанына келіп, үнін шығара алмай, есінен айырылып құлап түседі. Шәкір ағасының есін жнауын күтіп отырып-отырып, күдер үзген соң, өзінің қалай қарай кеткенін көрсетіп бір тасқа хат жазып қалдырады да, өзі жүріп кетеді.

Сол күні талып жатқан Шәкіратты көл маңында қой жазып жүрген сол жердің ханының жалшылары тауып алып, оны өздері асырап алуға тырысады. Бірақ олардың қайсысы асырап алуға келгенде келісе алмай, ханға келіп төре сұрайды. Сонда баланың сұлулығын көрген, баласы жоқ хан жалшыларына:

— Осындай баланы сендердің біреуіңе беріп, жалшы ғып мал соңына салғанымыз келіссіз болар. Мен де бір перзентке зар болып жүрмін ғой, менің үлесіме-ақ тисін, — депті.

Хан сұраған соң баланы ханға қалдырыпты жалшылар. Арада аз жыл өткен соң жасы ұлғайған хан ел жинап, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, Шәкіратты таққа отырғызады. Хан тағын алған Шәкірат енді өзінің хабарсыз кеткен інісін есінен шығарып, өз бақытына риза болып жүре беріпті, сауық-сайранын құра беріпті. Осы кезде әлі қаңғырып жүрген Шәкір далада отырған, қасында ақ сандығы бар бір қызға кез болады. Өзі сияқты сұлу қызға кездескен бала оның да панасыз екенін біліп, оған көңіл қосады. Сөйтіп тапқандарын бөліп жеп, қызды сандыққа салып алып арқалап жүріп:

Ақ сандығым ішінде ештеме жоқ,
Ештеме болмаса да көңіліме тоқ,

— деп өлең айтады. Бірнеше күн өткен соң оның даусын естіген ағасының жалшылары оны ұстап алады да, әйелін тартып алып, өзін азғана азығымен сандыққа салып, ауызын бастырып кетеді. Ал әйелді ханға әкеп береді. Өзіне пар сұлу әйелді көрген хан жалшыларына біраз сыйлық беріп, молда шақырып неке қидыртады. Бірақ ханның байлығына, дәулерімен сәулеріне, сый-құрметіне алданбайды, ойлағаны Шәкір ғана болады. Бар істері оңаша отырып жылау ғана. Мұны сезген Шәкірат әйелін шақырып алып, неге мұңайып жүргенін сұрайды. Бірнеше күнге дейін әйел оған жауап бермейді. Ақырында ол өзін қайдан тауып алғанын, өзінің бұдан бұрын біреудің әйелі екенін, күйеуінің аты Шәкір екеніне дейін айтады. Інісінің атын естіген хан Шәкір туралы, оның белгілері туралы сұрайды. Сонда әйел отырып: «Оң аяғының іші-сыртында тыртығы бар болатын. Бірақ ол тыртық неден болғанын ол айтқан жоқ, мен де сұрағаным жоқ», — дейді. Шәкіраттың есіне екеуі қаңғырып жүргенде інісінің далада құрулы жатқан қақпанға аяғыны түсіріп алғаны түседі. Азғана ойланып отырып:

— Басының сол жақ шекесінде тыртық дағы жоқ па еді, — дейді. Өйткені оның ойына бала күнде ойнап жүріп, інісінің басына бір кесек тас лықтырып жібергенде, содан жара болғаны, оның орны тыртық болып біткені түседі. Әйел қуанғаннан жылап жіберіп:

— Иә, дәл сондай белгісі бар, — дейді.

Енді хан жалшыларын, уәзірлерін жинап алып, әйелді алып келген жалшыға:

— Мына менің уәзірлерімді ертіп, өзіңнің тастап кеткен мына әйелдің күйеуі жатқан жерге апар. Ал сіздер, уәзірлер, сол кісіні маған әкеліңіздер, — деп бұйырады. Олар жалшының бастауымен сандықтың ішінде өлім халінде жатқан Шәкірді алып ханға келеді. Сөйтіп ағасы мен інісі бір-біріне қуана табысады. Ағасы үлкен той жасап, әйелді інісіне қосып, неке қидырады.

Біраз күн сағыныштарын басып алған соң, өзін қаңғыртып жібергенде әділін тексермегенін, өздерінің бейнеттерін айтып кісі жібереді. Әйелінің сайқалдығынан болғанын сонда ғана білген әкесі ол әйелді жалшылардың біріне қосады да, өзі үйімен балаларының хандығына көшіп келеді. Ал Шәкірат пен Шәкір екі хандықты қосып билеп, бай болып, барша мұрадына жетеді. Ол екеуі өле-өлегнше өздерінің басынан кешкендеріне көз жіберіп, жалшылардың, қарамағындағы халқының еңбегінде соның негізінде бағалап отырыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз