Өлең, жыр, ақындар

Сүлеймен мен диханшы

Баяғыда жер бетіндегі жан-жануар, өсімдік, өзен, тау — барлығы да әлем патшасы тақ Сүлейменге бағынады екен. Сүлейменнің алдына келіп басын имеген бірде-бір жан болмаған. Сол Сүлейменнің уақтысында бір керемет диханшы болған екен. Оның жыл сайынғы еккен егіні соншалық бітік шығып, әлемді қызықтырып, барша жанды еріксіз өзіне тартыпты. Сол диханшының еккен егінін көруге жыл сайын періштелер жиналып тұрады екен. Оңтүстіктен Сүлеймен пайғамбарға келе жатқан құс патшалары жаңағы періштелердің арасынан әрең етіп, жылда жиыннан екі-үш күн кешігіп келеді екен.

Бір жылдары бұрыңғыдай он шақты күнге созылған үлкен жиын болыпты. Жиында әр патша өзінің шаруа жайын әңгімелеп беріпті. Сонда құс патшаларының бірі тұрып Сүлеймен пайғамбарға былай деп сұрақ қойыпты:

— Тақсыр, әлемнің патшасы, рұқсат етсеңіз сізден бір сұрақ сұрағалы отырмыз, — депті.

Бұған Сүлеймен пайғамбар:

— Айта ғой, сұңқарым. Сұра сұрағыңды, — депті.

Сонда сұңқар тұрып:

— Тақсыр, осы жолда бір диханшы бар. Оның еккен егінін көруге бұл дүниенің түкпір-түкпірінен келмейтін періштелер жоқ. Жиналған періштенің көптігі соншалық біз тіпті солардың арасынан екі-үш күнде әрең өтіп, жиыннан ылғи кешігіп келеміз. Ал сол диханшы егін еккенде сізді бір рет те болса аузына ала ма екен? Менің білгімнің келгені осы еді, тақсыр, — депті.

— Сұңқарым, бұл сұрағыңның анықтығын біліп, келесі жылғы жиында айтып берейін, — деп, пайғамбар барлық патшаларды таратып жіберіп, өзі диханшыны іздеуге шығады. Былай шыға беріп желге: «Мені сол диханшыға апарып таста», — деп бұйырады. Жел айтқанын екі етпей көзді ашып-жұмғанша пайғамбарды диханшыға алып жетіп келеді.

Диханшы Сүлейменді танып, сәлем береді. Пайғамбар сәлемін алып, өзінің неге келген жайын айтады. Бұған диханшы қуанып, әлі орылып бітпеген егінін көрсетеді.

Сүлеймен пайғамбар диханшының бұл еңбегіне разы болып:

— Сіз өте еңбекшіл, өнерпаз адам екенсіз. Еккен егініңіз де ете бітік шығыпты. Мұны көруге әлемдегі жанды-жансыз мақлұқтың бәрі де жиналады деп есіттім. Менің білгімнің келетіні: сіз диханды алғанда не деп аласыз? — дейді.

— Бисмилда деп себемін. Қара қазан, сары баланың қамы үшін бере көр, табиғат деп, еңбегіммен аламын, — дейді. Диханшы Сүлейменді аузына да алмайды. Бұған ашуланған Сүлеймен бидай, жер, суға келіп:

— Бидай, сен ендігі жылы өнбе, Жер, сен қанша бидай сепсе де өндірме, Ал, су, сен қырық кез төмен түс, — деп, әмір береді.

Диханшы мұны біліп, күш-көлігі мен құрал-саймандарын сайлап, көктемге дейін сайдың тасындай ғып қояды.

Күткен көктем де туады. Диханшы жиған-терген бидайын жеті күн бойы судан шығармай бөктіріп қояды. Бір айдаған жерін жеті рет тырмалап, бидайын себеді. Егінді суаратын кез келеді. Суға келсе, су өз деңгейінен қырық кез төмен түсіп кеткен екен. Диханшы жүгіріп үйіне келіп ара мен балтасын алып, қалың ағашты кескілей бастайды. Ақыры ағашты кесіп болып, жаяу арқалап, зорға дегенде құдықтың басына жеткізеді. Сөйтіп шығыр орнатып, оған қырық қауғаны қатарынан салып, айналдыра бастайды. Бұған шыдай алмаған су аспанға шапшып, сол аймаққа тарайды. Суға қанған егін бас жарып, көктей жөнеледі. Мұны есітіп, таң-тамаша қалған періштелер былтырғыдан да көп жиналады. Ал, қүс патшалары бұрынғы әдетінше Сүлеймен патшаға кешігіп келеді. Жиын біткен соң құс патшасының бірі тұрып тағы да:

— Тақсыр, осы біздің былтырғы айтқан диханшымыз сізді аузына ала ма екен өзі. Биылғы еккен егінін көрсеңіз, қайран каласыз. Оған жиналған періштеде де қисап жоқ. Солардың көптігінен әрең өтіп, міне тағы да кешігіп келіп отырмыз, — деп сұрады.

Бұл сөзге іштей ашуланған Сүлеймен желге мініп, қаһарын тігіп, тұқымға келді:

— Сен неге менің айтқан бұйрығымды орындамадың. Мен шықпа дегенім қайда? — деп ақырды.

— Тақсыр, мен орындамайын дедім бе, жеті күн суға салып, тұншықтырып, есімді тандырды, — деді тұқым.

— Ал, сен неге өндіріп шығарасың, — деп Сүлеймен пайғамбар жерге ақырды.

— Тақсыр, менің өндірмесіме қойды ма?! Жеті рет жыртып, жеті рет тырмалап, әбден есімді тандырды. Су ішіп, қәзір ғана есімді жиып тұрмын, — деді жер.

Сол-ақ екен Сүлеймен пайғамбар суға келіп:

— Мен саған жер бетіне шықпай қырық кез төмен түсіп кет дегенім қайда? Бұйрығымды неге орындамайсың? — деп тіксінді.

— Тақсыр, мен сіздің айтқаныңызды орындадым. Қырық кез төмен түсіп те кеттім. Бірақ, оған диханшы қойды ма, еріксіз аспанға шығарды, — деді.

Бұдан ешнәрсе шықпайтынын көріп, Сүлеймен пайғамбар әрі ойланып, бері ойланып:

— Еңбек қылған алсын, — деп, жүріп кетіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз