Өлең, жыр, ақындар

Әділ патша

Ерте кезде бір сал жігіт сапарға шығып келе жатып бір үлкен қалаға тап болыпты. Ол қаланың дәл ортасында үлкен бәйтерек көреді. Бәйтеректің бүрі аспанға атылып шығып, қайта жерге құлаған екен дейді. Осы бәйтеректің бүрі жерді мүлдем жарық қып тұрады екен. Егер кімде кім бұның бүрінен «ұстаймын» деп таяп барса, қолы маңдайынан аспай қалады екен. Әлгі жігіт бәйтеректі анадай жерден көріп, таяп кеп, бүрін аламын дегенде қолы маңдайынан озбай қалыпты. Міне, осы кезде сол елдің патшасы жиналыс істеп, елді жинап құлақтандырады.

— Осы бәйтеректің бүрі неге жарқыратып жарық шашады? Бүрін алам деп кісі барғанда қолы неге маңдайынан озбай қалады? Себебі не? — деп халқынан сұрапты. Жиылған елдің ішінен бірде бір адам сауалына жауап қайтара алмаса керек.

— Егер таппасаңдар, бәріңді де қырып жойып, тұрған орындарыңды қанға бояймын, — деп зікір салса керек.

Халқы:

— Ойбай, тақсыр, бізге бір айдың рұқсатын беріңіз. Егер таппасақ, бәрімізді өлтіруге ризамыз? — деп жалынып сұрапты-мыс.

Халқы күнбатыс, күншығысқа тарап кетіпті. Бұл елдің халқы бүйтіп үйде қозғалмай отырып өлгенше адасып өлейік деп жан-жаққа тарап кетеді. Осы кезде әлгі жігіт Ертіс дариясына таман өрлеген кісілермен ілесіп кетеді.

Ол жігіттің ойы «осы Ертіс дариясының басын көрсем» деп ойлайды. Осылайша кетіп бара жатқанда бір адам құдықтан қауғамен су тартып, мал суарып, ыдысқа құйып жатады. Сонда ол көрінген кісінің шелегіне су құяды да, өз шелегіне әлі құймапты. Өз шелегі сол қалыппен бос қала береді. Онан әрмен өрлеп келе жатса, таудың бөктерінде біреу отын алып жатыр екен дейді. Ол отынын көтерейін дегенде көтеріп тұра алмапты. Көтере алмаған соң отын үстіне қайта отын салады. Және көтере алмапты. Оның үстіне қайта салады, тағы көтере алмапты. Тіпті болмаған соң көп қып салып ап, енді көтергенде көтеріп кетіпті. Жолаушы жігіт бұған таңырқап, тағы өрлеп жүріп отырса, бір адам егін орып жатыр екен. Ол егін орса, пысқан пыспағанына қарамастан орып, суға тастап жатыр. Не бөлек жинамайды. Онан әрмен өрлеп келе жатып, белі бүкір, көзі қызыл шал кез болып, ол кісіге сәлем береді. Одан жаңағы жолда көрген білгенін әңгімелеп, себебін сұраса:

— Оны мен білмеймін. Оны менің бір ағайым біледі. Осы жолмен өрлеп жүре берсең кез боласың. Менің жасым жас, жүз елуде ғанамын. Мен білмеймін, — деп жауап беріпті. Тағы бір белді асып келе жатса, жаңағы шал өңдес, одан гөрі жасырақ әлгінің інісі ме дегендей бір шал кез болады. Ол шалдан жаңағы жолдан көрген білгенін сұрап еді:

— Менің жасым жасырақ. Жасым жүз сексенде ғана. Ілгері жүрсең, менің ағайым кез болар. Сол кісіден сұрасаң со біледі. Сонан сұра депті. Ілгері жүріп келе жатып, тағы бір белді асқанда, одан гөрі жас, сақал мұрты қап-қара шал кез бола кетіпті.

Онымен амандасып, көрген білгенін айтып, кейін қалған екі шалдың мәнісін қоса сұрайды. Сол кезде әлгі шал бәйтеректен бастап, себебін айта бастапты.

— Күндердің бір күнінде, заманның бір заманында, сол жерде бір патша тұрып еді. Соның тұсында, бір адам бір адамға жерін сатты. Алған жерден ол адам алтын тапты. Алтын тапқан адам жер сатқан кісіге алтынын алып барыпты.

— Мен мына алтыныңды алмаймын, өзің ал, — дейді тапқан кісі.

— Мен жерімді бірден саған сатқам, енді одан шыққан алтынды мен алмаймын, — дейді.

— Мен алсам жеріңді сатып алдым, алтыныңды алғаным жоқ, — деп қызарақтаса керек. Ақыры екеуі келіспей, елінің патшасына барып жүгініседі.

Патша:

— Сенің ұлың бар ма?

— Бар.

— Сенің қызың бар ма?

— Бар.

Осы кезде патша:

— Сен қызыңды мына жер сатқан кісіге бер. Құдай дескен құда болыңдар да, осы алтынды сол екі ұрпақтың игілігіне жұмсаңдар! — деп шешеді. Бұған бұл екеуі қарсы болмай, құйрық-бауыр асасқан, құдай дескен құда болып, әлгі алтынды солардың той-томалағына жұмсапты. Бұған қайран қалған жұрты әділ патшаға батасын береді. Патша күндердің күнінде қайтыс болған соң, ел-жұрты жылап-сықтап қойыпты. Оның басына шаншыған ағашы үлкен бәйтерек болып өсіп, халқының игілігіне бөленгендіктен, бәйтеректің бүрі жарқырап сәуле шашатын болыпты.

Әлгі жолда кезіккен адамның өз шелегіне су құймай, елдің шелегіне су құйып жатқаны — өзінің жан сақтауын ойламай елдің қамын жеген Едіге болды. Отын көтере алмай, көп қып қосып-қосып ап көтергені, қарағым, әр нәрсені әуелі бастан дейді. Қылмыс, ұрдықты көп істеп, әдет еткенге дәніккен сайын жеңіл болар, ол адамға тау ақырында тастай ғана сезілер.

Егін орған көрдіңіз жолда дейді,
Жан алушы сұрасаң сонда дейді.
Таңдамай жас-кәріні алып жатқан,
Көр болар алып суға салып жатқан.
Адамдар ақылменен ойлаңдаршы,
Ешкім бар ма өлімнен қашып қалып жатқан?

Әуелі жолыққаның менің ең кіші інім еді. Алғаны нашар адам болғандықтан дүние мүлкін жия алмай қалған қарақасқа кедей. Күйгелек адам болғандықтан сақал-мұрты, шашымен ерте ағарды.

Екінші інім жасы бар жүзде сексен,
Айтайын хикаясын бастан кешкен.
Жұбайы жаман болды ол інімнің,
Ақылы аздау болды көкейтескен.
Сондықтан сақал мұртын ақ шалған-ды,
Тек малмен қара басқа бақ қонған-ды.
Жұбайым өзімменен бірдей болып,
Кәртеймей бір өзіме көп таңданды!

Сол бәйтерек өсіп шыққан кезде мен жиырма жаста едім. Менің мал — басым, ақыл — құтым жұбайыммен сай болды да сақал-мұртымды ақ шалмады. Қазір екі жүз елудемін деп ол қария барлық жұмбақты шешіпті. «Қариялардың іші алтын сандық» деген сөз осыдан қалса керек.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз