Бұрынғы уақытта Мұхтарима деген қатынның екі байы болған екен. Біреуі ұры, біреуі ғаяр. Екеуіне де бір жылы тиіп, біріне тигенін біріне білдірмейді. Сонымен бірнеше жыл өтеді. Бір жылы ұрылар мен алдамшылар ұсталсын деген патшадан қатал жарлық шығып, шаһарда жасауылдар қаптап кетеді. Бір күні ұры сасып үйіне келіп: «Ойбай, қатын, патшадан қатаң жарлық шықты. Мына жарлықтың дүбірі басылғанша мен сахараға шығып бой тасалап тұрмасам болмас. Жолға азық дайындап бер!», — дейді. Қатыны үйінде бір қойдың құйрығы бар екен, қақ жарып жарымын, бір таба нан бар екен, ортасынан бөліп жарымын береді. Жол азығын алып ұры қаладан шығып, өзеннің бойымен жарды жағалап қаша жөнеледі. Ұры кетісімен ғаяр келіп: «Ойбай, қатын! Патша ұры мен ғаяр ұсталсын!», — деп, жарлық шығарды. Жасауылдар ұры мен алдамшыны ұстап жатыр. Бұл сөздің ізі басылғанша, сыртқа жасырына тұрмасам болмас. Маған үйде азық болса бере гөр, тез жөнелейін», — дейді. Қатын: «Үйдегі бар азық осы», — деп, ұрыдан қалған жарты құйрық пен жарты нанды алып береді.
Бұ да үйдің жанындағы өзенді бойлап, жарды жағалай бағанағы ұрының ізімен қашады. Алдыңғы ұры шаһардан ұзап шығып бір жерге келіп демін алып отырғанда, артынан уәделесіп қойғандай ғаяр келеді. Екеуі сол жерде отырып танысып біліседі. Қаладан қашып шыққан біреуі ұры, біреуі алдамшы екендерін айтып сырласады. «Кемеге мінгеннің жаны бір» еді ғой, екеуден екеу отырып, бөлек-бөлек ішіп-жемей жол азығымызды қосып бөліп жейік деседі. Сөйтіп ұры ғаярға: «Сенде қандай азық бар?» деп еді, ғаяр «Менде қойдың қарты құйрығы мен жарты күлше наным бар», — дейді. Ұры отырып: «Япыр-ау, өлшеп алып шықтық па, менде де жарты құйрық, жарты нан бар», деді. Сөйтіп екеуі азықтарын салыстырып көріп еді, құйрыққа құйрық, нанға нан дәл келе кетті. Сонда ұры ортырып:
— Менің қатынымның тамаққа алып қалған құйрығы мен жарты нанын алып кеткенсің бе? — деді.
— Жоқ, жаным, өзім сасқалақтап қашып келе жатып, сенің үйіңде менің нем бар, өз үйімнен алып шықтым, — деді ғаяр.
— Олай болса, сенің үйің қай жерде, қай көшеде еді?
— Менің үйім, пәлен көшеде, пәлен жерде! Қатынымның аты Мұхтарима.
— Ойбай-ау, ол менің қатыным ғой! — дейді ұры.
— Олай болса сен оны алғаныңа қанша уақыт болды?
— Он жыл болды.
— Менің алғаныма да он жыл болды.
— Қой, енді екеуіміз бүйтіп далада жүре алмаспыз, не болса да үйге қайталық. Бұл қатын айласын асырып, екеуімізді бірдей алдап жүрген болса, онысын көрейік. Болмаса біріміз өтірікші болып шығайық! — десіп, ел жатқан соң екеуі аяңдап үйіне келіп есік қағады. Қатын түрегеліп есік ашып, ұрыны көрген соң:
— Байғұс-ау, шаһар тиыштанды ма, қалай тез қайтып келіп қалдың? — дейді.
— Шаһардың не болғанын қой, үйге шам жақ? — дейді ұры. Әйел шам жағып жіберсе, ұрының қасында ғаяр тұр, екеуі бірге келіпті. Ұры отырып:
— Ал қатын, сөйле, өзің де біліп отырған шығарсың. Мынау кім, танисың ба? — дейді. Сонда қатын:
— Танимын, бұл менің байым! — дейді.
— Бұл қалай байың болады, бұған қашан тидің?
— Өзіңе тиген жылы тиіп едім, сонан бері біріңді біріңе қоспай келіп едім…
— Ал қатын, бірімізді біріміз біле бермей жүрген екенбіз, кеш білдік. Енді бірігіп бір қатынға тіркесіп отыра алмаспыз, өзің кімдіксің, соныңды айт! Қатын отырып:
— Енді қайсысыңның өнерің артық болса, соныңа тиемін, — дейді. Сонымен отырып таң атып қалады.
— Ал олай болса менің ұрлығым түнде болады ғой, саған күн мен түннің бәрі бір. Күндіз сен өнеріңді көрсет, мен артынан баспалап отырайын! — дейді ұры алдамшыға.
— Жарайды, — деп аяр көшеге шығып келе жатса, бір бұрышта бір бай біреуден ақша алып күмәжнегіне салып алып жатыр екен. Ғаяр жанына келіп тұра қалды. Тұра қалды да бір жиырма тиын күмісті байқатпай байдың күмәжнегіне салып жіберді. Бай ақшасын санап алып, күмәжнегінің аузын жауып қалтасына сала бергенде, ғаяр барып байдың қолынан көрдіңдер ме, жұртым-ау? — деп айқай салады. Сол арада айқаймен ел жиналып екеуін жасауылға, жасауыл қазыға алып барады. Қазы ақшаны қолына алып, байдан: — Мынау ақша сенікі ме? — деп еді, бай «менікі» деді.
— Сенікі болса мұның ішінде қанша ақшаң бар? — деді.
— Пәлен теңгем бар, — деді. Ғаярдан сұрап еді, ол:
— Пәлен теңге, пәлен тиын, — деді. Қазы ақшаны санап жіберсе, ғаярдың айтқаны рас болып, байдың айтқаны өтірікке шықты. Қазы ақшаны ғаярға беріп қояберді. Ғаяр ақшаны алып ұры мен екеуі үйге келеді.
— Менің осыдан артық өнерім жоқ, талтүсте біреудің ақшасын тартып алдым, енді бұдан артын не қыл дейсің? — дейді алдамшы.
— Жарайды, сенікі де өнер-ақ екен. Мен не де болса түнде көрсетермін, — деді ұры. Түн болған соң ғаярды қасына ертіп ұры көшеге шықты. Басқа жерге бұрылмастан патшаның сарайына келді. Келсе ел әлі жатқан жоқ екен, ел жатсын деп, заборға келіп отырды. Аз отырды да «аш отырмайық, сендер от жаға беріңдер» деп, ұры шығып кетті де, патшаның тауық қорасынан бір тауықты алып келді. Жүнін жұлып отқа қақтады. Ғаяр отырып: «Жаным-ау, бұл не тамақ болады, біреу біліп қойса қайтеміз?» — деді. Сонда ұры:
— Бұл тамақ болмайды, бір белгі болады, — дейді. Ел жатқан соң ұры патшаның сарайына келіп енсе, ас үйде аспазшы күң ұйықтап жатыр екен, ұры жанында жатқан күңнің көйлек, жаулығын киіп алып, ғаярды ертіп, патшаның тап өзі жатқан үйіне келіп кірді. Кірсе, патша төрде төсекте жатыр, бір бала патшаның аяғын сипап отыр. Баланың аузында сағыз, екі көзі жұмулы. Патшаның да көзі ұйқыда, көңлі ояу, анда-санда «балам әңгіме айт!» дейді. Бала аузына келгенін әңгіме етеді. Патша «е» деп қояды. Патшаның екі жағындағы екі бұрышта екі пұт ат басындай алтын тұр екен. Ғаярды солай қойып, ұры үйге екі рет еніп, екеуін де алып шығады. Ғаяр тұрып: «Кел жаным, сен дәнемені сезер емессің, жарлық шашып іздеп жатқан ғаяр мен екеуіміз, басқаның малы жетпейтіндей, дәл патшаның өз үйіне келіп істеп тұрғанымыз мынау! Мақсұтың қатын болатын болса, қатынды сен-ақ ал, тек тек тезірек кетейік! — дейді қорқып. «Тұра тұр, кетерміз» деп алдаусыратып тұрып, ұры ғаярды екі қолын аратына байлап тастайды.
— Япыр-ау, мен не қылдым, қатын құрысын, саған ал деген жоқ па едім. Енді өзімді өлтірейін дегенің бе? — дейді ғаяр.
— Жоқ, менің ойым сені өлтіру емес, сен менің қылған ісіме шыдамайсың, кетіп қала ма деп байлап тұрмын, сені тастап мен ешқайда кетпеймін, — деп, екі қолын есікті қайырып тұтқаға байлап қойды. Өзі ептеп үйге кіріп, көзі ұйқыда қатып-қалжырап, ауық-ауық аузын ашып есінеп отырған баланың аузына бір тал қылдың ұшын сала қойып еді, бала қылды сағызға қоса шайнай берді. Ұры қылды тартып алып еді, сағызы аузынан түсіп кетті. Ермек қылып шайнаңдап отырған бала аузынан сағызы түсіп кеткен соң, ұйықтап кетті. Ұры баланы кейін жатқызып, баланың бөркін басына киіп патшаның аяғын сипап отыра қалды. Тағы да бұрынғы әдетінше патша бір оянған кезде «балам, әңгіме айт!» деп қойды. Сол уақытта ұры отырып:
— Тақсыр, сіздің ұйқыңыз ашылып кете ме деп үндемей отырмын, көзіңіз ұйқыда болса да, көңіліңізбен тыңдасаңыз, мен бір әңгіме айтар едім, — деді.
Патша: «Жарайды, балам, тыңдайын айт!» — деді. Ұры ертеде болған жұмыс еді деп, ғаяр мен екеуін бір әйелдің қалай алғанын бастан-аяқ ертегі ғып айтып береді. Патшаның сарайынан тауық ұрлап, оны «бір белгі болсын» деп кеткеніне дейін айтып отырғанда, ғаяр шыдай алмай, қолын шешіп босанып кеткісі келіп қозғалып қояды. Ғаярмен бірге есік те қозғалады, есік қозғалса ұры, «батыр тоқта, хан тыңда» деп қояды. «Балам, батыр тоқта, хан тыңда» дегенің не? — дейді хан. Онда ұры: «Тақсыр, осы ертегінің аялғысы еді» дейді. Сонымен сөзін аяқтап болғаннан кейін: «Тақсыр, айтылған сөз рас болғанда, қатынды қайсысы алуға тиіс?» дейді ұры. Патша жатып: «Балам, ұрының осындай қылғаны рас әңгіме болса, ол ұры алғысы келсе, ғаяр түгіл патшаның да қатынын алып қояды ғой!» — дейді. Сонымен патша сөзін аяқтап болып қор ете түскен кезде, баланың басын патшаның аяғына сүйей тастап, ұры орнынан тұрып кетеді. Аяғын ептеп басып алдамшыға келіп: «Батыр, қатын кімдікі болды?» — дейді. Ғаяр: «қатының құрысын, өзімді босатсаң болады!», — дейді.
Қайтарда ғаярды шешіп алып, алтынды көтеріп ұры үйіне келеді. Келген соң, ғаяр қош айтысып өз бетімен кетеді, ұры үйде жатып қалады.
Ертең оянып патша орнынан тұрса, алтын жоқ, біреу емес екеуі де жоқ. Үй ішінен сұраса, адам білмейді. Сол жерде түндегі сөз есіне түсіп баладан: «Сен маған түнде ертегі айттың ба?», — деп сұрайды. «Жоқ, тақсыр, мен тегі ертегі білмеймін», — дейді бала. Күңді шақырып: «Сенің көйлек, жаулығың қайда болды?», — деп сұрайды. Ол: «Өзімнің тастаған жерімнен алып шығып, біреу ауызға тастап кетіпті», — дейді.
Дарбазаның бұрышына барып келіңдерші, не болар екен? — десе, бір қалтарыс бұрышта жұлып тастаған бір тауықтың жүні мен оны пісіріп жеген оттың күлі табылыпты. Түндегі ертегі қылып айтқан осы ұрының жұмысы екенін патша сонда бір-ақ біледі. Енді патша: «Түнде өзіме төре айтқызып, алтынымды алып кеткен ұры қорықпай өз алдыма келіп істегенін мойнына алса, бас уәзір қыламын», — деп шаһарға жар салады. Оны естіген соң, ат басындай алтынды құшақтап ұры алдына келіп: «Алдияр тақсыр, сол ертегі айтқан да, мына алтынды алған да мен едім», — дейді. Патша күнәсін кешіп, ұрыны өзіне бас уәзір қып алған екен дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі