Өткен заманда бір хан болады, ханның он жеті әйелі болады. Жасы сексенге келгенде әйелдеріне көңілі толмай тағы бір ақылды әйел алуды арман қылады. Хан осы мақсатпен елге жар салады. Онда: «Мен бір жұмбақ айтамын, сол жұмбағымды кім шешсе мол қазына, бір көз алтын беремін, тек дүниеге қызығып таба алмағанды дарға асамын!» — дейді. Жұмбағы: «Бірінші, дүниеде ең ауыр не? Екінші, дүниеде ең тәтті не? Дүниеде ең қатты не?» — дейді. Бәгесі — бір көз алтынды тапқан адам алмақ, таппаған адам асылмақ. Хан алтынды жар жағына үйдіріп қойған, үш күнде бір рет теріс шешкен бес-алты адам дарға асылып тұратын болған. Кемпірі өлген, он бес жасар қызы бар бір шал күнде әлгі жиынға барып, үйіне келеді де «уһілей» береді. Қызы: «Әке, неге уһілейсіз?» — деп сұраса, айтпайды. «Осы жұмбақты табатын құдай маған ақыл бермеді деп күйінесің, әке, оның шешуін мен білемін, бірақ айтсам, онда менен айрыласың ғой!» — дейді де, қызы ақыры әкесіне жұмбақтың шешуін үйретеді. «Жұмбақтың шешуін ертең дар басына алып барған соң айтарсыз!» — дейді. Шалды патша мінберге шығарады. Шал: «бірінші — дүниеде ерлі-зайыпты адамның бір-біріне қақы ауыр дейді; екінші — ерлі-зайыпты адамдарың арасындағы махаббат тәтті; үшінші — осы жағдайды сыртқа шығармай сақтайтын жүрек қатты» — дейді. Патша: «Таптың, қазына сенікі, бірақ саған кім үйретті, соны айт!» — дейді. Шал: «Өзім білдім», — дейді. Патша: «Сен, өзің білген болсаң, үш күннен бері айтар едің, үйреткен адамды айтпасаң, жазаң!» — деп, дарға аспақшы болады. Шал өлімнен қорқып: «Үйде он бес жасар қызым бар еді, сол шешті» — деп айтып қояды.
Қызды алдырып: «Сен бұл шешуді қайдан білдің?» — деп сұрағанда, қыз: «Мен өз әке-шешемнен үйрендім» — дейді. Себебі екеуінің менен басқа жақсы көрері жоқ болатын, түнде жатқанда екеуі мені орталарына алып жатып: «бермен қарап жат» десіп маған таласып жататын да, ертең тұрсам мені төсектің шетіне шығарып тастап, екеуі бірігіп жататын. Бұған қарағанда екеуінің менен де артық көретіні махаббат екенін сонан білдім. Араларындағы мұндай махаббат — нәпсілерін сыртқа шығармай сақтайтын әрине жүрек болмақ» депті қыз. Патша шалға мол қазына арттырып жібереді де, артынша шалдың он бес жасар қызын айттыруға жаушы ғып уәзірлерін жібереді. Шал қатты қиналып жылайды. Қызы: «жылама, әке, жауабын өзім берем» дейді. Оңаша отырып қыз патшаға хат жазып, «өз қолына тапсыр» деп жаушыларға береді. Қыздың хаттағы сөздері: «Сіз дүниені билеген патшасыз. Қалың-кадесіз бір жетім қызды алуыңыз өзіңізге де және бізге де зор сынықтық, сондықтан менің тоғыз түрлі қалың малым бар, соны беріп алыңыз. Бірінші — он бес ұрғашы бағлан қозы; екінші — жиырма бес көк жал қасқыр; үшінші — отыз арыстан; төртінші — қырық қабылан; бесінші — елу түлкі; алтыншы — алпыс шідер; жетінші — жетпіс қан-сөлі кепкен жүрек; сегізінші — сексен қап қу сүйек; тоғызыншы — сексен жасқа келіп қайыр тіленіп жүрген бір шал мен кемпір беріңіз. Шалды өзіңдей киіндіріп, кемпірді қанымдай қып киіндіріп беріңіз. Осы айтқандарды беріп болған соң, дүниеде бір мұңы жоқ адамды тауып, некемді сол адамға қидырып алыңыз!» — депті.
Патша қаншама әуіре болып айтылғандарды түгел тауып алады, бірақ неке қиятын армансыз адамды өз қарауынан таба алмайды. Ақыры алыстағы бір уалаяттағы Мұңсызхан деген бір ханды іздеп барады. Барса Мұңсызхан шарбағынан кіргізбейді. Зорға кіріп сөлесіп, жұмысын айтса, Мұңсызхан патшаға «Менің атым Мұңсызхан болғанымен, дүниеден менен мұңы ауыр адам жоқ, онан да бұрын ол он бес жасар қыз сізге тимейтін болыпты, сіз бекерге әуіре болып жүрсіз ғой. Ол мен ұрғашы бағлан қозыдаймын, көкжал қасқырдай жиырма бестегі жігітке тиемін; ол болмағандағы отыздағы арыстандай жігітке тиемін; о да болмағанда қырықтағы қабландай біреу алады; о да болмаса елу жастағы түлкідей біреу табылар!» — депті ғой; ал ар жағында сізге сын беріпті: «Алпыс жаста шідерлендің, жетпіс жасыңда жүрегіңде қан-сөл қалған жоқ, сексенге келдің, жерде жатқан қу сүйекпен теңсің. Киіндіріп берген шал мен кемпір жақсы киіндірген соң өзіңдей болады, сіздің солардан артық ештеңеңіз жоқ. Үшінші, бұл дүниеге мұңсыз адам келмекші емес және осы жүрген адамдарда менен мұңы ауыр адам жоқ, бірақ ол мұңымды сізге айтуға болмайды, егер айтсам сізді үйімнен шығарып жіберуге де болмайды, өлтіріп шарбағымның ішіне көмуге тура келеді», — деді Мұңсызхан. Патша ханға: «Сол мұңыңды бастан-аяқ айтып басымды шап та, менің қораңның ішіне жерле!» — деп өтініш қылады.
Патша басын асынып тұрады, хан қылышын көтеріп тұрып мұңын бастан-аяқ айтып болып, патшаның ерлік-мәрттігіне риза болып басын шаппайды: «Мәрт екенсің, басыңды шаппаймын, сырымды шашпассыз, кете беріңіз!» — дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі