Күн шығыс жақта бір патшаның ордасында Кәрім атты данышпан адам бар екен. Патша мұны жақсы көріп, ықыласпен әңгімелесіп, мәжіліс құрады екен. Бір күні патша мұнан: Жер үстінде шеккен өмірді және дүниені немен теңестіруге болады? — деп, сұрау қойыпты. Бұл сұрауға данышпан жауап бере алмапты. Әуелі бір күнге, кейін екі күнге, онан кейін бір жұмаға мұрсат тілепті. Ең ақырында:
— Тақсыр, патшам, сенің сұрауыңды шешуге болмайды. Мұны табуға менің ақылм жетпейді. Данышпан адамдардан сұрауға маған мұрсат бер? — депті. Патша мұрсат етіпті. Содан кейін патшаның сұрағына жауап тауып келуге Кәрім жол жүріп кетіпті.
Әуелі бұл бір бай шаһарға келеді. Бұл шаһарда кәміл ақылды бір адам бар екен. Ол адамның мейлінше үлкен кең сарай үйі бар екен. Патшамен әлгі адам жақын дос екен. Мұның өзі патшаның салтанатындай салтанат құрушы еді. Өмірінде дүниенің қызығын көрген адам еді. Кәрім бұған келіп сұрауын айтты. Ол былайша деп жауап берді.
— Дүние дастарханы жаюлы, тамағы даяр, кім келсе де жеп-ішіп, тамаша қылып отырып кететін бір үлкен кең сарай үйге ұқсайды. Қонақтардың басында жұлдыздар жарқырап толықсып тұрса, құстардың сайраған үнін естіп, қошуақ болса, гүлдердің жақсы иісін иіскеп отырса, алдындағы дастарханның үстінде есепсіз алтын табақпен тамақтары даяр болып тұрса, маңайындағының бәрі адамның көңілін шат қылса, қонақтары бірімен бірі қуанысып, әңгімелесіп, күлісіп, таласып келгенде — бұларға орын табыла берсе, жақындары өзара мейірімді болса, міне жарық дүние мен өмір деп, осыны айтады, — дейді. Соңынан: «Менің бұл жауабыма разымысың? — дейді. Кәрім бұл кәміл адамның айтқан сөздеріне үндеместен разы болмай, қоштасып, онан арман жүріп кетті. Жолда келе жатып, қалың ойға шомған Кәрім ішінен. «біздің баршамыз бірдей ішіп-жеп, тамаша қыла бермейміз, ашыққан, жалғыздық көрген, жылаған адамдар аз емес», — депті. Кәрімге жақын жерде, орманның ішінде тақуа еткен бір сопы адам тұрады деп айтыпты. Тақуа сопы үңгірде тұрып, тастың үстінде ұйықтап, тамағына шөптердің тамырын жеп, сусынына су ішіп, күні-түні намаз оқиды екен.
Кәрім көп ұзамай сопыға барады. Келген жайын айтады. Сопы бұған:
— Тыңдаңыз! — деді. Бір күні бір жолаушы адам түйе жетектеп келе жатыпты. Бір мезгілде бура өз-өзінен тайраңдап ақ көбігін шашып, гүрілдеп шабына бастайды. Жолаушы қорқып қашып келе жатқанда, жолдан сусыз бір шыңырау құдықты көреді, қараса қап-қараңғы құдықтың түбінен қарақат ағаштардың бұтақтары шығып тұр екен. Қарақат ағашы құлап қалған ескі құдықтың бетіне таралып өскен екен. Бурадан қорыққанынан жолаушы секіріп құдыққа түсіп, қарақат ағашының майысқан жас бұтақтарынан ұстап, қараңғы құдықтың ішіне асылып тұра қалыпты. Шыңырау құдықтың түбіне қараса, аузын арандай ашып, бір айдаһар иіріліп жұтайын деп, ыңғайланып жатыр екен. Ол аң-таң болып, жіңішке бұтақтан ұстап алып, екі ажалдың ортасында тұрыпты. Тағы да құдықтың ішіндегі қарақат ағашының түбін қазып, топырақтарын аршып, тамырларын жалаңаштап, қырқып жатқан бірі ақ, бірі қара екі тышқанды көреді.
Жігіт құдықта асылып тұрып, құтылудан күдер үзіп тұрғанда, жанында жақын тұрған қарақаттың топ-толық піскен жемісін көреді. Бұл жемісті алып жеуге ынтық болып тұрғанда, төбесінде күркілдеп тұрған бура да, құдықтың түбіндегі айдаһар да, өзіне қастық қылып жатқан екі тышқан да есінен шығып, ұмытып кетіпті. Шабынған бураны, уытты айдаһарды, ағаштың тамырын қырқып, жерді қазып жатқан тышқанды қалдырып, ешнәрседен каперсіз жей бастапты. Сопы Кәрімге осы мысалды айтып:
— Дала мен шыңырау құдық — жарық дүние, — дейді. Даламен жүрген жол — біздің өткен өміріміз. Жолаушының артынан қуған бура — жанымыздың дұшпаны, адамда болатын қылмыстар — соның қорқынышы. Құдық — адамның қапысы, ішіндегі айдаһар — ажал, енді тышқандар не деп білесің? — дейді.
— Бұлар — күн мен түн болады, дем алмастан кезекпен кезек бейнет қылып жатқаны — күн мен түндегі өтетін өмір. Ақ тышқан — күн, қара тышқан — түн. Бұл өмірдің сені ажал менен дүние арасында бірдей қылып ұстап тұрмайды. Жеміс — нәпсі, жанның тиыштығы, көңілдің қуанышы. Сен жеміс көріп, нәпсіге еріп, өзгеден қорықпайсың, мәселен жоғарыда тұрған бурадан, ажал аузын арандай ашқан айдаһардан қорықпадың. Міне дүние, өмір, ажал деп осыны айтады. Енді менің айтқан әңгімеме разысың ба? — депті тақуа.
Кәрім сопыға үндеместен разы болмай, қоштасып тағы да одан арман жүріп кетеді. Ол өзіне-өзі күбірлеп: «Уә, әулие сопым, сенің айтқаның адамның зейіні жетпейтін ғажайып, сен де менің сауалымды шеше алмадың. Біздің әміріміз түпсіз далаға бастап барған даладай сонша қайғылы емес және бір сәтте өтіп кететін қызық, алдағыш тамашаға бола, адамдар өзін қамсыз қалдырмайды, сақтану деген адамда бар», — депті.
Мұнан соң Кәрім көзіне көрінген жаққа қарай жүре беріпті. Келе жатып, үстінде жалба-жұлба киімі бар бір мүсәпір жолаушы адамға жолығыпты. Бұл адам жалаң аяқ, мойнында қоржыны, қоржынында наны, жемісі тағы неше түрлі өзге нәрселері бар екен. Ол өзі ақылды, көзі өткір, өңіне қарағанда, ақ көңіл адамға ұқсас көрінді. Кәрім ойланып тұрып: «Нем кетеді, бұған да сауалымды баян қылайын, кім біледі, бұл байғұс, менің жұмысымды табар», — дейді. Мұнан соң Кәрім «жер үстіндегі шеккен өмірді, дүниені, не нәрсемен теңестіруге болады?», — деп, қайыршыдан жауап сұрады. Қайыршы:
— Оны баяндау үшін менің бір ертегім бар еді, енді тыңдаңыз, мен соны айтайын. Егерде сен ойыншы, домбырашы адамды көрсең маған жібер, қапа болған менің балам да ойнап көңілін көтерсін, — дейді.
Бұған соқыр айтыпты:
— Мен мұнда ондай ойыншы адамды көрген едім, оған мен өзімнің аяғы жоқ баламды жіберейін, ол қазір тауып келер, — депті.
Аяғы жоқ бала жүгіріп отырып ойыншы адамды тауып келеді. Ол ойыншының сөйтсе қолы жоқ екен, сонда да тоқтамастан өзінің шегі жоқ домбырасымен айта қалғандай соншалық жақсы ойнапты. Оның тартқанына қапа болып жатқан бала шек-сілесі қатқанша күліпті. Оны соқыр көріп, қолын шапалақтап, мылқау тұрып сөйлеп, ойыншыны мақтай бастапты. Аяғы жоқ билей бастапты, мұның секіріп билегенін көріп, халық жиналыпты. Халықтың ортасынан бір ақымақ жүгіріп шыға келіп, ойыншыға, билеушіге өзгелер де:
— Бәрекелді, жарайды, рахмет! — депті.
Бұлардың жанынан бір данышпан ақырын өтіп бара жатып, не болғанын көріп, өзіне өзі сыбырлап айтыпты:
— Міне дүние мен өмірдің түбі де осы сияқты ақылсыздық, — депті. Жолаушы менің бұл ертегіме разысыз ба? — дейді.
Кәрім қайыршыға үндеместен разы болмай, амандасып тағы да мұнан арман жүріп кетіпті. Мұнан соң өзі айтты: «Сенің айтқаның ойлап шығарғанға ұқсайды, сонда да менің айтқан сауалымды шеше алмадың», — депті.
— Егерде, біз өмірімізде бекершілікті, ақымақшылықты, өтірікті қанша көрсек те, өміріміздің ішінде тиянағы күшті ақиқатты да көп көреміз. Өмірдің түбі ақиқат, растықта, қызық көруде, — дейді.
Кәрім осылай деп ойлап, елге қайтып барып, патшаның сауалына еш жауап ала алмадым деп айтпақшы болады. Жолда келе жатып, өзіне өзі жалбарынып: «Әй, жасаған, білмегенді білсем, зейінім ашылса, өмірімде көрмегенімді көрсем» деген ойға түседі. Содан патшаның алдына келіп: «Жолда не көргенімдің баршасын баян қылайын, мархабат қылып тыңда» дейді.
— Менің бұл қиын жолға барғаным саған мәлім еді, мен сенің әміріңмен кеткен едім. О, патшам, сенің көлеңкеңде маған басшы да, тамақ та табылды, ешбір қорқыныш та көргенім жоқ. Жолда бара жатып жақсыны да, жаманды да көрдім. Оларды бұл арада айтып не қылайын. О, патшам, мұның баршасын сіздің қылған есепсіз жақсылығыңызбен теңдестіргенде ешнәрсе емес. Менің көңілім, талабым, саған қызмет қылып бағайын деген едім. Ынта салып, адамдардың арасындағы ақиқаттықты біліп келіп, саған жауап берейін деген едім. Енді патшам, әділетіңмен өзің кес, сенің шарапат еткеніңе мен тұрамын.
Патша бір сөз айтпастан мейірімі түсіп, Кәрімге ұсынып қолын берді. Кәрім жолда көргендерін баршасын баяндап болып:
— Біздің өміріміз — іс қылып, тіршіліктің дегенін орындап, жол шегіп жүргенге ұқсас, — депті.
Патша бұған:
— Сен менің шын достым екенсің, сен маған мұнан былай да ақылшы бол! — депті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі