Өлең, жыр, ақындар

Дудар қыз

Ертеде бір бай болыпты, ұлы да жоқ, қызы да жоқ, жылқысы көп болыпты. Бай жылқысын бақпайды, жылқысын қасқыр жемейді, жылқысын ұры алмайды. Өңге жерде бір хан бар екен, хан айтады: «Оның жылқысын қасқыр неге жемейді, ұры неге алмайды, менің жылқымды қасқыр да жейді, ұры да алады».

Кісілер ханға айтты: «Баласы жоқ байдың жалғыз бурыл аты болған, касқырға жегізбейді екен, ұрыға бермейді екен». Хан енді байдан: «Бурыл атты маған берсін!» — деп сұрата кісі жіберіпті, бай бурыл атты бермейді. «Бермейді бай атын», — деп жіберген кісі келді.

Хан той қыламын деп жұртқа хабар айтты: «Ұлы жоққа отыратұғын орын жоқ, қызы жоққа қымыз жоқ, бұ тойға келмесін!». Ел-жұрт тойға жиылды, бәрі барды, сонан соң ұлы жоқ қатын байына айтты: «Тойға барайық!» — деді. Бай айтты: «Бізді келме деп хан айтқан, қатын, сен болмайсың, барайық!», — деп. Сосын тағы Бай айтты: «Барсақ, барайық!» — деді. Бір саба қымыз түйеге артты, қатын жетектеді, түйені бай көтінен айдады, келді тойға. «Бай келді» — деп адам шықпады алдынан, қатынымен екеуі келіп тұрды үйдің сыртына. Бай ашуланды, жанындағы пышағын суырып алды, сабаны пышақпен тіліп жіберді, қатынын үйіне жеткенше сабап келді. «Тойға бармайық деп айтып едім, айтқан тілімді алмадың», — деп.

Үйіне келді, жылқыдан айғыр алды, сиырдан бұқа алды, қойдан қошқар алды, ешкіден теке алды. Айғырды, бұқаны, қошқарды, текені төртеуін алып мидай далаға кетіп, үлкен шалқар көлдің басында төртеуін сойды құдайға. Құдайдан бала тілеп шырағын жақты, көлдің басында екеуі қатыныменен жатты. «Е, Құдай, ұл бер, е, Құдай, қыз бер, малды не бер, малды не берме!» —деді. Түнде бай түс көрді. «Бурыл атты сойып берсең, қыз берейін!» — депті. Бай үйіне бурыл атты «бауыздаймын» деп жылқыдан әкеліп жықты, аяғын буыпты, қатыны жылайды: «Сойма, сойма!» деп жылайды, байы тілін алмайды, бауыздап атты өлтірген соң түнде жатады екеуі, ертеңіне қатыны буаз болады. Туатұғын уақыт болды, көп қатындар жылады, қатындар айтады: «Баланың кіндігін мен кесемін!» — деді. Бала іште жатып жауап берді: «Үйдегі қатындарды қуып жібер, өзім жақсы туамын!» — деді. «Әкем үйге келсін, қатынның маған керегі жоқ!», — деді, — «әкемнің маған керегі бар, әкем маған келсін!», — деп шақырды. Әкесі үйіне келді.

«Әке, әке, туайын ба?» — деді. «Шырағым, туа ғой» — деді. «Өзімді өзім билесем, туамын» — деді, — «өзімде билік болмаса, тумаймын», — деді. Әкесі: «Өзіңді биле», — деді. Бала туды, шешесінің ішінен жерге түсті, қатындар жиылып келді, таңырқап келді, «не қылған жан екен бұ, ұл ма екен, қыз ба екен, білейікші?!» — деп келеді. Әкесі айтты: «О, қыз екен!», — деді. Әкесі бір қой сойыпты, той қылыпты, қымызынан ішіпті, етін жеп қатындар үйіне қайтыпты.

Қыз ер жетіпті, күнде «байдың қызын айттырамын»- деп мырзалардың балалары келіпті, қыздың өзі көркем екен. Әкесі келген жігіттерге айтыпты: «Мен білмеймін, қызымның өзі біледі, өз билігі өзінде», — деді. Жігіттер қызға келеді, амандасады, сөйлеседі. «Сен маған барамысың?» — деді. «Барамын!» — деді. «Атымды тапсаң, саған барамын», — деді. «Атымды таба алмасаң, мен саған бармаймын!» — деді. Жігіт атын таба алмады, өзінің әкесі де, шешесі де атын білмейді екен. Бір күн болғанда шешесі қыздың атын сұрайды «сені біз не деп шақырамыз?», — деп. «Атыңды біз білмейміз». Қыз айтты: «Атым менің — Дудар қыз». «Менің атымды адамға айтпаңыз», — деді. Күнде тағы жігіт келеді, әкесі «мен білмеймін» деді. «Қызымның өзі біледі», — деді. «Күйеуге барса да бармаса да өзі білсін». Жігіттер қызға келді. Амандасты, есендесті, сөйлесті. «Сені мен аламын, сен тиесің!», — деді. Қыз айтты: «Атымды тапсаң тиемін, таппасаң, тимеймін!», — деді. Атын адам таба алмады.

Ауылы көшті далаға, қыз жүгін артты түйеге, түйенің басын үйінде жүрген күңіне жетектетті. Қыз жұртта қалды, қыз қара жорға атына мінді, жүгінің көтінен қуып келді, қуып келсе, күңнің жетектеп бара жатқан түйесінің жүгі бір жағына қарай ауып қалыпты, оны қыз көрмейді, күң оны айқайлап шақырды, есітпеді, сонан соң: «Дудар қыз, мұнда кел, түйе ауып қалды, кел мұнда!» — деді. Қыз күңге қайтып келді. «Сен менің атымды атадың ба?» — деді. «Атағаным жоқ, қыз деп сені шақырдым», — деді. Жүгін қайта артып, қонатұғын жеріне түйені алып келіп, жүгін түсірді, үйін тікті, қыз желпініп төрінің алдына отырды. Бір жігіт келді, айтты: «Бай, қызыңды мен алғалы келдім», — деді. Бай айтты: «Қызым өзін-өзі біледі!» — деп. Қызына келді жігіт: «Е, қыз, амансың ба, сені айттырғалы келдім!» — деді. «Атымды тауып ал!» — деді. Жігіт айтты: «Атың Байлантұғын болмасын!». «Жоқ, атым ол емес». «Атың сенің — Дудар қыз», — деді. «Атымды таптың», — деді.

Той қылды, құда түсіпті, қыз бен жігіт қол ұстасты, әкесі ұзатқалы жатыр: «Қызыма жылқының бәрін бөліп беремін, алып кет!» — деді. Малдың ішіне келді, келіп жылқыны көріп, қарап жүрсе бір кішкене құла тай үстіне тер қатып тұр екен. Құла тайдың жалын алақанымен уқалады. Құла тайға тіл бітті: «Е, Дудар қыз!», — деді. «Сені ұзатады ма?» Қыз айтты: «Мені ұзатады». Құла тай айтты: «Не аласың?» — деді. «Әкем малдың бәрін де беремін деп айтады». «Сен малды алып не қыласың? Малды алма! Бұйым да берсе, бұйым да алма! Күйеуің өзіңе тәуір ме, жаман ба? — деді. Қыз айтты: «Жақсы екенін, жаман екенін білмеймін» — деді. «Сен білмесең, мен айтайын. Күйеуің сенің қасқырдың алыбы құбылып келген, адам болып келген. Анау күң сіздің үй көшіп келе жатқанда, күңнің жетектеген түйесі ауғанда сені шақырған. Шақырғанда сен келмегенде атыңды атап, сені «Дудар қыз» деп шақырған. Сонда осы қасқыр өлген кісіні көрден суырып жеп жатқанда сонда сенің атыңды есіткен», — деді.

Қыз онан шошыды, Құла тай айтты: «Әкең мал берсе де алма, бұл берсе де алма! Берсе әкеңнің жағыменен оғын ал, қара күңді ал, мені ал, қара түйені ал!».

Үйіне келді, қыз төсекке келіп, қорқып жылап жатты. Әкесі айтты: «Жылама, ұзатамын, басыңды көтер!» — деді. Қыз басын көтергенде әкесі: «Балам, не аласың?» — деді. «Әкем, жағың менен оғыңды берсең, аламын, қара күңді берсең, аламын, қара түйені берсең, қара түйені аламын, құла тайды берсең, Құла тайды аламын». Әкесі айтты: «Қара күңді, қара түйені, құла тайды мен саған беремін, жағымды бермеймін», — деді. Қыз жылады, сонан соң шешесі байына ұрысты. «Қызымнан сенің жағың менен оғың артық па, балам сұраса бер!» — деді. Бермек болды: «Ал, балам», — деді.

Қыз жылқыдан Құла тайға құрық салды, құнан болды, — жүгендеді, дөнен болды — ерттеді, бесті болды — қызды мінгізді, алты жасар ат болды. Қара түйені ұстап алып келіп берді, қара күңді сол түйеге отырғызды. Қыз бәрін де алды. Құла атқа мінді, жағын мойнына салды, күйеуге ұзатып алып кетіп барады. Күйеу қызға айтты: «Мен алдымен озып кетемін. Ұзыннан сызылған жер болса, жүр, көлденең сызған жер болса, қон» — деді.

Күйеуі кетті, қатын кейін қалды. Құла ат айтты: «А, Дудар қыз күйеуің озып неге кетті, білдің бе?» Дудар қыз айтты: «Білгенім жоқ». Құла ат айтты: «Мен білдім», — деді, күйеуің қасқыр болып қайтып келіп, қара түйені жейді, қара күңді жейді, — деді. Азырақ жерге барып еді, үлкен бір қасқыр келе жатыр. Қасқыр келді де қара түйені жұтты, күңді екеуін де. Қасқыр қашып кетіп қалды. Бір уақытта жігіт болып құбылып, артынан келді, келіп қараса күйеуі екен. «А, Дудар қыз, — деді,— қара түйе қайда, қара күң қайда? — деді. «Бір қасқыр келіп жеп кетті» — деді. Күйеуі айтты: «Жесе жесін». Дудар қызға айтты: «Анау көрінген таудың арасында ағарған — менің үйім, — деді, — соған кел», — деді. Мен озайын, — деді. Ат айтты: «Е, Дудар қыз, не ойлап келесің?» деді. Дудар қыз айтты: «Мен не ойлайын», — деді. Ат айтты: «Жеті жұртты жалмаған жалмауыз қасқыр қатыны жүгіріп алдынан шығар, жүгіріп келіп менің, тізгінімнен ұстар, сен тізгінімнен ұстатпа!» — деді.

Қасқыр қатыны жүгіріп келді. «Дудар қыздың тізгінінен ұстаймын!», — деді. Дудар қыз айтты: «Атымның тізгінінен ұстама, сен үлкен, мен кіші, атымды өзім байлаймын!» — деді.

Дудар қыз түсе келді, үйдің жанына атты байлады, үйге еніп есіктің алдына келіп отырды. Байы үйдің ішінде төсекте жатты, үлкен қатыны төсектің жанында отырды. Бай ұйықтап жатыр екен, оянды. «Е, Дудар қыз, мұнда қасыма кел!». Дудар қыз бармады. «Менің үлкен апам жатқан төсекке бармаймын», — деді. «Ұят!» — деді. Келмеген соң байы ақырды, ашуланды, ашуланса да келмеді. Үлкен қатыны жүгіріп қасына келді, байының басын қасыды, арқасын қасыды, байы ұйықтады, жеті күн ұйықтады, жеті түн ұйықтады. Бай ұйықтап жатып ойбайлады, бір уақытта бақырды, бір уақытта шыңғырды. Сонда ат үйге сүйкенді. Бір уақытта «атты бір жерге байлаймын»- деп Дудар қыз үйден шығып кетті. Шықты да атқа мінді, садағын, оғын алды. Ат айтты: «Көзіңді жұм, үш күн, үш түн көзіңді ашпа!» — деді.

Құла ат үш күн ұшып кетті, үш түн ұшып барып түсті. Құла ат тұра қалды, қыз көзін ашты, ат айтты: «Ерімді, тоқымымды ала көр». Ер тоқымды Дудар қыз алды, аттың бір қабат терісі тоқыммен бірге алынды. Ат аунады, әрі-бері оттады, бұрынғы қалыбына түсті. Шауып ат кетті. Кетсе, бір далада бір адам тұр екен. Ат қайтып Дудар қызға келді. «Ертте!», — деді, «Мін маған!», — деді. Ер тоқымды ерттеді, манағы көрінген кісіге келді. «Ассалаумағалайкум!» — деді. «Уағалайкумассалам!» — деді. Жігіт айтты: «Кімсің?» деді. Қыз айтты: «Мен бір ермін, аң атқалы жүрген жанмын!», — деді. Жігіт айтты: «Сен ер болсаң, мен де ермін. Мен аға болайын саған, сен маған іні бол!» — деді. Болмақ болды, біреуі аға болды, біреуі іні болды, екеуі бір ағайынды болды. Екеуі аң атты, қыз бір атқанда екі құлан атты, анау жігіт — Төстік батыр біреуді атты, екеуі кешке үйіне келді, үш құланды алып келді. Төстік батырдың шешесі бар екен. «Балам, Төстік! Қасыңдағы ертіп келгенің кім?» — деді. «Шеше, — деді, — ертіп келгенім бұл бір ер, бұ менен артық батыр, — деді, — мен бір құланды аттым, бұ екі құланды атты», — деді. Шешесі айтты: «Балам, шыққыр көзім шықпаса, мұның өзі ер емес, қыз», — деді.

Інісі үш құланды сойды, суды әкелді, етін асты, әлім қылып пісірді, арса қылып түсірді. Етті жеді, ертең таң атқанда атына мінді екеуі, аң атқалы кетті. Қыз екі құлан атты. Төстік батыр бір құлан атты. Екеуі далада сойып жатыр еді, бір кісі келді, жетектеген аты бар екен. «Төстікті іздеп келдім» — деп Төстік батырға сәлем берді. Төстік сәлемін алды. «Қайда барасың?» — деді. О кісі айтты: «Сені іздеп келдім», — деді. «Мені неғыласың?» деді. «Елімізде патша той қылып жатыр», — деді. «Теректің басына бір ділдә қояды, соны атып түсірген кісіге қызымды беремін», — деді. «Соны сен алып, түсіріп алсаң, сен қызын аласың», — деді. Ол ділдәні ататұғын кісі табылмады. Қанша кісі жиылып барып атып еді, ділдәсін жерге атып түсіре алмады. «Соны сен атып жерге түсірсең, қызын аларсың»- деді.

Дудар қызды алып, үшеуі бірге кетті, патшаға келді, келсе қанша жамағат тұрған, атып жатыр екен. Дәл тигізе алмайды екен. Келді де Төстік батыр атты, жақын жанына жетті, сонан соң Дудар қыз атты, ділдә шылдырлап жерге түсті «патшаның күйеуі бол» — деп кілемге салып көтеріп, патшаға апарды, қызды әкеліп жігіттің қойнына салды. Үш күннен соң ұзатпақ болды, үш күн өтті, қызды ұзатты, қыздың інісі ерді, қыз інісіне айтты: «Мені бұған неге бердіңдер, бұл да қыз, мен де қыз», — деді.

Құла ат Дудар қызға келді айтты: «Е, Дудар қыз, алып келе жатқан қатын інісіне айтты: «Мен де қыз, ол да қыз», — деп: Дудар қыз айтты: «Енді қайтемін?» Құла ат айтты: «Сен қайныңа айт, екеуміз жарысайық деп айт. Сонда ол жарысар», — деді.

Жігітке қыз келді, «жарысайық», — деді, Екеуі жарысып кетті. Құла ат озып кетті, бір құлан атты, құланның бұтын кесіп алды. Бір көлдің басына келді. «Е, балдызым, — деді — суға шомылайық!» — деді. «Жарайды», — деді. Екеуі шешінді, қыз құланның бұтын өзінің бұтына қолымен ұстап суға түсті, қайнысы қасына келді. Балдызына шүметейін көрсетті, балдызы көрді, балдызы қуанды. Судан шығып киіміне келді. Балдызының көзін алдап, құланның шүметейін жерге тастады, өзі киімін киіп алды. Екеуі атына мінді, патшаның қызына келді.

Інісі айтты: «Апа! Сен қыз деп едің, еркек екен. Бұтын көрдім, бұтында шүметейі бар екен», — деді. Қыз қуанды, Төстіктің шешесінің үйіне алып келді, үш күн жатты, балдызы төртінші күні үйіне қайтып кетті. Ертеңінде Дудар қыз жалғыз «аң атамын» деп шықты. «Аға, сен үйде жат! — кешке мен келермін!» — деді. Ертеңінде Дудар қыз атына мінді, далаға кетті, ат тұрып айтты: «Е, Дудар қыз, — деді — енді қайтесің?» — деді. «Енді мен кетейін», — деді. Ат айтты: «Қасқыр байыңнан хабар жоқ. Ертең сен Төстікпенен далаға шық. Төстікке өзің ти», — деді.

Кешке үйіне келді, екі құлан алып келді. Жатты, ерте тұрды, беті-қолын жуды. «Е, ағам екеуміз құлан атайық!» — деді. «Жүр, екеуміз барайық» — деді. «Жарайды, барсақ барайық!» — деді. Екеуі кетті, мидай далаға келді. «Е, аға, кешегі әкпелген патшаның қызын кім алады?», — деді. «Е, шырағым, өзің ал!» — деді. «Мені кім алады?» — деді. «Сені кім алсын?» — деді. «Аға! Мен қыз едім», — деді. Ағасы қуанды, қыз белгісін емшегін шешіп көрсетті, жігіт қуанды, сонан соң үйіне қайтып келді, алды қызды, екеуін де алды, қатын қылды. Шешесі қыз деп айтқан соң «уф!» деді. «Уф!» деген лебізі от болды, үйі жанып кетті. Сонан соң, Дудар қыз буаз болды, буаз болып жүрді. Еліне бір жау келді, жұрт жиылды, соның көтінен қуып кетті. Төстік батырға қатыны Дудар қыз: «барма»-деді, айтқан сөзін алмады, «жауға барамын» деді. Қатын болмаған соң айтты: «Барсаң бар! Құла атты сен мінбе! Сені тастап маған келер», — деді. Атты байы мінді, айтқан сөзге көнбеді, қыз шідерді бермеді, бұтының арасына қысты, күйеуі өзін итеріп тастады, шідерді жұлып алды, жігіт аттанып жөнелді. «Шеше, аман бол!» — деді. «Мына қатыным бала тапса мені қудырт, ұл туса атын Алтынбай қой» — деді. Сөйтіп айтты да кетті. Бір ай жүрді, бір ай өткен соң, қатыны бала тапты. Басы алтын, көті күміс бір ұл тапқаннан соң, шешесі: «Төстік баламды шақырып кел! Дудар қыз келінім ұл тапқан, басы — алтын, көті — күміс». Қағаз жазды, баласына ол қағазды кісіменен жіберді. Қара дүлдүлге кісіні мінгізді, қудырып жіберді, айшылық жерді алты басып барып жетті. Жүректей жерден жұлындай түтін шығады, түтін шыққан жерге жетсе, есік көрінеді, есікті ашып еніп келсе, қу аяқ кемпір отыр. «Балам, қайда барасың?» — деді. «Түнеугі кеткен қолды көрдің бе?» — деді. Кемпір айтты: «Мен көрдім, осында қонып кетті, шаршап келеді екенсің, атыңнан түс, атыңды байлай тұр, ас берейін саған», — деді. Атынан түсті жігіт, атын байлады, үйге кірді, отырды, кемпір бір аяқ боза құйып берді, ішті жігіт, ас ішкен соң жатты, «демімді алайыншы», — деп жатып еді, ұйықтап қалды. Ұйықтап жатқан жігіттің қалтасына кемпір қолын салып жіберді, кемпір алақандай қағазын суырып алды, жігіт мас болып ұйықтап қалып білмеді. Кемпір қағазды оқып қараса, Дудар қыз ұл тапқан, басы алтын, көті күміс ұл тапқан екенін білді. Дудар қыз Төстік батырдың үйінде екенін білді. Ол кемпір қасқыр алыптың шешесі екен. Қағазды қайтып жігіттің қойнына білгізбей салды. Жігіт бір уақытта оянды, түрегелді. «Ойбай, күн кеш болып барады екен. Мен жүрейін». «Жүрсең жүр, жігітім. Қайтарыңда біздікіне келе кет». Жігіт атына мінді, Төстік батырды қуып кетті. Бір уақытта жетті, амандасты, «Қайда барасың, жігітім?», «Сізге келдім», — деді. «Қатының ұл тапты, шешеңнін, беріп жіберген қағазы, мінекей», — деп берді. Қағазды оқып қатынның ұл тапқанын білді. «Қайтамын», — деді. Төстік батырдың қасындағы жолдастары енді «қайтпа!» — деді. «Бір айдан бері келе жатырмыз, — деді. Енді жауға жеттік, — деді, ішіміздегі батырымыз сіз, қайтпаңыз. Жауды мұқатып кетейік!».

Төстікті жолдастары жібермеді. Шешесіне Төстік хат сызды. «Шешеме сәлем. Той қылсын! Көп жұртты шақырсын! Баламның атын Алтынбай қой» — деп. Сонан соң манағы келген қайтты үйіне, қайтып жолындағы кемпірге келді, кемпірдікіне түсті, жігіт «демімді алайын», — деп жатты. Ұйықтағанын кемпір білді. Қалтасындағы қағазын суырып алды, отқа тастап жіберіп, жақты. Өзі қайтадан кемпір қағаз сызды. «Атты қинап шешем маған жіберген болыпты. Шешеме сәлем. Отыз арба отын әкеліп Дудар қызды баласымен екеуін отқа салып өртесін!» — деп кемпір сызды. Қағазды жігіттің қойнына салады. Жігіт оянды, түрегелді, «жүрейінші» деді, атына мінді, үйіне келді, қағазды шешесіне берді. Шешесі оқыды, отыз арбамен отынға жіберіп, баласының айтқан сөзін екі қылмады.

Дудар қыз бала жаңа тапқан, жылап жатыр, түн ортасы болғанда Құла ат келді. «Дудар қыз, жатырмысың?» — деді. «Жатырмын, жатпай қайтейін», — деді, «Шық!» — деді. «Алтынбайды ала шық!» — деді. Дудар қыз түрегелді, киімін киді, белін буды, баласын қойнына салды, үйден шықты, шығып қараса Құла ат келіп тұрған. Құла атты көріп жылады, үш аяғын да шідер қиып тастапты, аяғының ақ сүйегі көрінеді. Шідерін алды, жанына байлады. Құла атқа мінді, қашып жөнелді, артынан біреу қуып келеді. Ұшайын десе ұша алмады, жүгірейін десе жүгіре алмады, жақындап келіп кетті.

Дудар қыздың қалың тарағы бар екен. Тарағын лақтырды, «қалың тоғай бол»,— деп тастады. Қалың тоғай болды. Қу аяқ кемпір адасты. Дудар қыз кетті, кемпір тоғайдан шығып тағы қуды, қолындағы Дудар қыздың айнасы бар. «Айнасын үлкен дария көл бол» — деп лақтырды. Үлкен дария көл болды.

Дудар қыз көлге құла атымен жүзіп ортасында келе жатыр, артынан кемпір су ішінде қуып жетті, келіп қыздың білегінен ұстады. Ұстағанда қараса Дудар қыздың қолында пышағы бар екен, кемпір пышақты жұлып алды, аттың ішін пышақпенен жарып жіберді. Кемпірді ат қос аяғымен теуіп жіберді. Кемпірдің мойны үзіліп өлді. Судың жиегіне шыққан соң, қарыны жерге түсті, құла ат жығылды, өлгелі жатыр.

Дудар қыз құла аттың басын құшақтап жылап отыр. Құла ат: «Дудар қыз, жылама!» — деді. «Төрт аяғымды кесіп, төрт жаққа таста, төрт айғыр жылқы бол! — деп айт — деді. Кеудемді кесіп, осы араға таста, алты қанат ақ үй бол деп айт!», — деді. Құла ат өлді. Қыз басын құшақтап үш күн, үш түн жылады, жылаған соң тірілмеді, төрт аяғын кесіп, төрт жаққа тастады, «төрт айғыр жылқы бол!», — деді. Кеудесін кесіп, жатқан жеріне тастады. «Алты қанат ақ үй бол!» — деп. Төрт аяғы төрт айғырдың үйірлі жылқысы болды, кеудесі ақ үй болды, бай болды, бие сауды. Алтынбай ер жетті. Жылқы бағады. Жылқы бағып жүрсе, бір аяғы жоқ адам киік атады. Киікті алып Алтынбай алып қашады, шешесіне алып келеді, Ертеңінде тағы Алтынбай аяғы жоққа келеді. «Алтынбай, мұнда кел! — деп шақырады, қасына келеді, басындағы тақиясын береді Алтынбайға. Алтынбай тақияны алады, үйіне келеді, биенің қасына тақияны қойып кетеді. Шешесі бие сауғалы келді. Алтынбай үйде ұйықтап жатады. Биенің қасына келсе, тақияны көреді. Тақияны алды да, жылап үйіне келеді. Алтынбайды құшақтап жылады.

«Мұны қайдан тауып алдың?» — деді. «Бір аяғы жоқ кісіден алдым», — деді. «Со кісі менің байым Төстік батыр, сенің әкең, — деді. Оны алып кел» деді. Алтынбай әкесін қолынан ұстады, қолыменен көтеріп, көт жағына мінгізді, үйіне қайтты.

Алтынбайдың шешесі жылап, алдынан жүгірді. Алтынбай әкесінің қолынан ұстап жерге лақтырып тастады, өзінің жылқысына шауып кетті. Жылқыдан кешке келді, келсе, Дудар қыз Төстік батырды биенің сүтіне шомылдырып, жақсы киім кигізіп, жақсы ас ішкізген, семірткен. Баласын бала қылды.

Қатыны байынан сұрады: «Е, байым, қайдан жүрсің?» — деді. «Мен қайдан жүрейін. Иін жауды қуып жеткен емес пе едім. Сонда сен буаз қалған емес пе едің, сонда мен шешеме айтып едім: «Қатыным ұл тапса, мені қудыра жібер, — деп айтып едім. Сол күнде шешем мені қудыра жіберіпті, со жігіт келіп: «маған қатының ұл тапты» деп айтқан еді, шешемнің берген қағазы «міне» — деп. Қағазды оқысам: «Дудар қыз ұл тапты, басы — алтын, көті — күміс Төстік батыр қайта көрсін!» — деп қағазды жіберген екен. Қасымдағы жолдастарымнан сұрап едім, қайтайын деп айтып едім. Жолдастарым: «Қайтпа!» — деп айтты, ішіміздегі батырымыз сенсің, сен кеткен соң біз не боламыз?» — деді.

«Хат жібер» деп айтты жолдастарым, хат сыздым, шешеме хат жібердім. «Той қылсын! Атын Алтынбай қойсын! — деп қағазды жігіттің қойнына салдым, өзге жерге қонба, түспе, тігінен өзіміздің үйге бар!» — дедім. «Сен Дудар қыз, бұл жерге не қылып келдің? Біреуден қысым көрдің бе? Зорлық көрдің бе?» — деп айтты.

Қатын айтты: «Мен үйдің ішінде жатыр едім, жіберген жігіт келді, енем сұрады. Төстік балам келді ме?» деп, «Төстік батыр келмеді, сізге берген қағазы, мінеки», — деп берді. Енем қағазды алып оқытты, оқыса «отыз арба отын әкелсін, қызды, Алтынбай екеуін өртесін!» — деген қағаз беріпсің, сөйтіп, жылап «өлемін» деп жатыр едім, түн ортасында Құла ат келді, мені алып қашты. Артыннан біреу қуды, не екенін білмедім, жетіп келді, Құла атты пышақпен жарды, ат қос аяқтап тепті, мойны үзіліп өлді. Құла ат өлерінде маған айтты: «Төрт аяғымды кесіп, төрт жаққа таста. Кеудемді кесіп, осы араға таста, — деп айтты. Тастадым, үй болды, жылқы болды. Сені алғызған менмін», — деді. Алтынбайды жібердім. «Сенің аяғың неліктен тозды?».

«Құла ат кеткен күні мен де іздеп кеттім, сонан іздеп, іздеп жүріп таба алмадым. Атым жоқ болған соң жаяу жүрдім, етігім тозды, жыртылды, жалаң аяқ жүрдім, сондықтан табаным тесілді, сондықтан ақсақ болдым, өз тамағымды өзім асырадым».

Үйін көтерді, жеріне келді, амандасты, есендесті. «Қайдан келдіңдер?» шешесі айтты. Төстік батыр барған жерін айтты. Шешесі: «Балам, — деді, келінім ұл тапқанда мен қудыра жібергенімде өзің келмей «Дудар қыздың баласымен өртесін деп неге қағаз бердің?» — деді. «Жоқ, шеше, өйтіп бергем жоқ» — деді.

Жігітті шақырыпты. «Е, жігітім, — деді, — қайдан түстің? Қайда қондың?» — деді. «Айтсам да өлемін, айтпасам да өлемін! Айтайын!» — деді. «Бара жатқанда жүректей жерден жұлындай түтін шықты. Сол түтінге бардым, бір кемпір сөйлесті. Қайда бара жатқан жігітсің?» — деді, жөнімді айттым. «Атыңнан түс, деп айтты, деміңді ал!» — деді. Бір аяқ боза берді, ішіппін, жатыппын, ұйықтап кетіппін, бір уақытта оянып түре келдім, атыма міндім, бардым, қайтып келіп сол үйге түстім. Бір аяқ боза құйып іштім, соны ішіп, мас болып ұйықтап қалыппын. Сонда сол кемпір бірдеме қылмаса, өзге жанның үйіне түскенім жоқ», — деді. «Тігінен осы үйге келдім, өзім хат танымаймын. Не қылсаңыз да өзіңіз біліңіз!» — деп Төстік батырдың аяғына жығылыпты. Төстік батыр оны кешті, өзі бай болыпты, баласына бір ханның қызын алып беріпті, баласы өзінен артық батыр болыпты, барша мұрат мақсатына жетіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз