Өлең, жыр, ақындар

Жарты Төстік

Баяғы өткен заманда бір бай болыпты, мал-мүлкі көп болыпты, сөйтсе де өзінен туған не ұлы, не қызы болмапты. Әйелі мен екеуі қарт болыпты. Бір күні шалы отырып: «Әй, сен де, мен де қарт болуға айналдық, енді біз өлсек, осы мал-мүлікке кім ие болады? Одан да жүр, малдың да, дүниенің де керегі жоқ, құдайдан бала сұрап, әулиеге түнейік», — деді. Кемпірі де оған көне қалды.

Сонымен мал-дүниеге қарамай, екеуі жаяу жүріп кетеді. Қай жерде әулие болса, соған түнеп, екеуі қаңғи береді. Бір жыл бойы бармаған әулие қалмады, түк те себеп болмады. Бір күні: «Ал енді, қайтайық» деп ауылға қарай қайтып келе жатса, жолда бір түп ақ шеңгел тұр екен. Кемпір: «Әй, мына шеңгел тегін шеңгел емес, осыған да түней кетейік», — дейді. Сонда шалы ашуланып: «Бұдан да атақты әулиелер баланы бермегенде, осы шеңгелге әкеп, байлап қойды дейсің бе?» — деді. Кемпір: «түнеймін» деп, шеңгелдің түбіне жатты. Шалы анадай жерге барып жатты.

Таңға жуық болып, шолпан туған шақта, бір ақ шалмалы қожа жетіп келді. Келіп кемпірге: «Әй, отыз ұл берейін бе, жоқ бәріне балап, бір ұл берейін бе?» — деді қожа. Кемпір: «Бір-ақ ұл бер!» — деді.

Сонан қожа кетіп қалды, кемпір ояна кетіп, шалға қарай тұра жүгірді, сөйлеп: «Әй, әй, шалым!» — деп, өте қатты қуанып кетеді. Бастан-аяқ көргенін айтса, шалы да қуанышқа бөленіп кетеді. Бірнеше күн жүріп, үйіне келді. Кемпірі сүр етке жерік болады. Кемпір отырса, бір жарты төстік тұр екен, кемпір өзі кеткенде үйде қалған, соны өзі жалғыз жеп, кемпірдің жерігі тарады.

Бір күндерде тоғыз ай, тоғыз күн болғанда, толғағы ұстауға айналды. Сонда кемпір шалына айтты: «Әй, сен бүгін бір тобылғылы кең сайдың аяғына қон!» — деді. Шал: «Жарайды!» — деп барып қонады.

Сонымен күн батып, ел орнына отырған кезде, кемпір далаға шықты, толғағы келіп барды да, теріскей жақтағы тобылғыны түбімен жұлып, сайдың басына шықты, қайтадан күнгей жағын жұлып отырып, үйіне келді. Үйіне келіп кіргенде бала «шыр» етіп, жерге түсті. Баланың атын Жарты Төстік деп қойды.

Сонымен бірнеше жыл өтіп, баласы он төрт, он бес жасқа жетті, есіктің алдында бір топ бәйтерек бар екен, түбі біреу, басы екеу екен. Соған әкесі ертең ерте шықса, түсте түседі, түстен кейін шықса, кешке түседі екен. Бір күні баласы: «Әке, әке, сіз осы ағашқа күнде-күнде шығасыз, онда не бар?» — деп сұрады. Әкесі: «Ой, балам-ай, не бар дейсің, малды көздеп отырмын», — деді.

Содан кейін әкесі: «Әй, балам, сен бұл ағашқа шығушы болма, босқа басың айналып құлап қаласың!» — деп бірнеше рет айтыпты. Бір күні бала өзі ойлап-ойлап жүріп: «Осы ағашқа шығып көрейін», — деп, ағаштың басына шықты. Қараса, бір көшкен ел келеді. Өңкей жас ұл-қыз, қатар-қатар тұрып, ән салып, өлең айтып келеді. Оның артында жас жігіт, келіншектер келеді қатар-қатар болып, оның артында шал-кемпірлер де келеді.

Соны көріп, бала ойлады: «Ол ағашқа мінбе, шықпа!» — деп жүргені әкемнің мынау екен ғой, қызық көрсе кетіп қалады деп жүрген ғой», — деп ойлап, ағаштан түсті. Кешке көргенін әкесіне айтты. Сонда әкесі: «Ой, балам, ол көргенің — өтіп бара жатқан дүниенің сағымы. Оған тірі адам түгіл, өлген адам да жетпейді», — деді. Оған бала бой бермеді, кетпек болды. Сонан соң әкесі: «Бұл енді тоқтамайды», — деді де, елінде он бір сыншы бар екен, соны шақырып алып: «Менің балама күні-түні мініп, шабуына жарайтын ат бар ма?» — деп айтты.

Он бір сыншы жылқылардың алды-артынан қарап көріп, соңынан келген бір құнанды «Бір түске дейін ғана мінуге жарайды», — деді. Бір сыншы жерге жатып, құлағын салып тыңдап: «Жердің жеті қабат астында, жалғыз көздінің қой мойынды Құлашолағы бар, сол жарайды», — деді.

Сонда Жарты Төстік: «Не, ана жер астындағы қой мойынды Кұлашолақты алам, не ана өлең айтып, көшкен елге барам», — деп, етек-жеңін түріпті де, жаяу жөнеліпті.

Бір үлкен ағаштың түбіне келіп қараса, ағаштың басында бір құстың екі балапаны отыр екен. Бірінің үлкендігі отау үйдей екен, соны көріп жатып ұйықтап кетіпті.

Ұйықтап жатқанда, бір уақытта қатты ысқырған дауыстан ояныпты. Қараса, ұзыны мен көлденеңі бірдей бір дәу айдаһар екен. Ысқырып, ағашқа шығып бара жатқан айдаһарды көріп, садақпен тартып қалады. Айдаһар екі бөлініп жерге түседі, онан соң өзі ағашқа шықты. Екі балапанға тіл бітіп: «Біздің анамыздың аты — Самұрық. Жылда екі балапан табады екен. Әр жылда осы айдаһар жұтып қояды», — деді. Сол кезде күнбатыс жақтан бір қара бұлт шықты, қатты дауыл жерді шаңдатады. «Бұл не?», — деп, Жарты Төстік сұрады. Сонда екі балапан: «Бұл біздің анамыздың қанатының екпіні — желі», — деді. Осы кезде жауын жауып кетті. Жарты Төстік: «Бұл қалай?» — дегенде, балапан: «Анамыздың көз жасы, жылда-жылда бала тапсам да, бірі ілеспей қойды деп жылаған», — деді. Тағы бір уақытта жапалақ-жапалақ қар жауады. «Бұл не?» — дегенде, балапан: «Анамыздың қуанып, қарқ-қарқ күлгені», — деді.

Құс келіп, ағаш басына қонғанда үйдің жуандығындай ағаш иіліп жерге тиді. Сонда екі балапан шу ете қалды да: «Ана, ана, досыңды көрсетейін бе, дұшпаныңды көрсетейін бе?» — деді. Сонда, анасы: «Дұшпанды көрсет!» —деді. «Ана, жерге қара!» — деді, балапан, ұзыны көлденеңімен бірдей қырық кез ағаш қасында өліп жатқан, айдаһарды көреді. Отырған бойда «ұп» деп бір-ақ жұтып, сүйегін бүркіп жібереді.

«Ал енді, досым қайда?» — деді. «Ана, міне», — деп, Жарты Төстікті көрсетті, оны да «ұп!» деп тағы да жұтты.

Екі балапан шырылдап анасының тамағына жабысты, сонда ол «ақ» деп, жерге тастай салды. «О, балапаным-ай, жол жүріп арып-ашып кетіппін, мың кісілік күш пайда болсын деп едім!» — деп, жерге тастай салды.

Сонда Самұрық құс: «Ал, балам, жолың болсын, қайдан келесің, қайда барасың?» — деп, сұрады. Жарты Төстік айтты: «Қатар-қатар көшіп бара жатқан ел көрдім. Бірінші, өңкей ұл-қыз ән салып кетіп барады. Екінші, жігіт-келіншектер, үшінші, қарттар, кемпірлер бәрі де өлең айтып кетіп барады. Соларды іздеп келемін. Содан кейін жердің астындағы жалғыз көздінің қой мойынды Құлашолағын іздеп келемін», — деді.

Сонда Самұрық құс айтты: «О, досым, бірінші іздеп келе жатқаның — ел, ал өтіп бара жатқан дүниенің гүлі — сағым, оған тірі түгіл өлі де қосылмайды», — деді.

«Ал енді, ана жер астындағы жалғыз көздінің қой мойынды Құлашолағын алам десең, алып барайын, бірақ менің әлім келмейді. Ал енді қырық мес су, қырық мес ет тап, онан соң жеті қабат жер астына алып барам», — деді. «Жарайды!» — деп, күнді жайлатып, боран соқтырып, ағаштың түбі ғана ашық болды, бір жағынан бұлан келді бұлаңдап, бір жағынан құлан келді қылаңдап, келгенін атып қыра берді. Сексен күнге толғанда, күн де ашылып кетті, қырық мес ет, қырық мес суды дайындады. Самұрық келіп: «Ал, үстіме арт, өзіңді! Екі көзіңді жұм, ашпа! Былай қарасам, аузыма суды құй, былай қарасам, аузыма етті сал!» — деді. Сонымен Самұрық құс баланы алып, ұшты. Былай қарағанда суды құйып, былай қарағанда етті сала берді. Бір жерде: «Ал, көзіңді аш!» — деді. Ашса, үсті бу сияқты, асты су сияқты жерде отыр екен. Тағы ұшты. Бір уақытта: «Ал, көзіңді аш!» — деді. Ашып қараса, жерге түсіпті. Сонда Самұрық бір тал қанатын жұлып берді. «Аман-сау бол, қайтатын болсаң, осы қанатты тұтат, мен дайын болам. Ана төбенің астындағы жалғыз көздіге өзің бар», — деп Самұрық ұшып кетті.

Төстік келсе, жалғыз көзді ұйықтап жатыр екен. Бір ұйықтаса қырық күн, қырық, түн ұйықтайды екен. Бір ат басындай шоқпарды алып басына бір қойыпты.

— О, мына жердің бүргесін-ай! — деп, дәу бір сипап қойды да жата берді. Сонда Жарты Төстік ерімен тұрған қой мойынды Құла атқа барды. Ат оқыранып, Жарты Төстікті иіскеледі. Жарты Төстік аттың арқанын алды да, ұйықтап жатқан жалғыз көздің аяғынан байлап алып, атқа мініп, тақымға салып, ала жөнелді.

Тауға да, тасқа да соқты, етін ілінген бұта, тас қазандай-қазандай қып, жұлып алып жатты, құр сүйектері ғана қалды. Сонда: «Әй, бала, ең болмаса, басымды бір көтерші?» — деді жалғыз көзді. Жарты Төстік ойлады, «енді сүйектен басқа не қалды, арманда кетпесін» деп тоқтады. Аяғын шешті, басын көтерді.

«Оу, бала, кел бері!» — деп келіп, алыса кетеді. Сонда бар денесімен басып, баланы жығар болды. Сонда қой мойынды Құла ат келіп, жалғыз көздіні қос аяқтап теуіп жібереді, дәудің екі жілігі сынып барып, құлайды.

Сонда басын кесіп алады да, өзі атқа мініп ап, қатты шапты, қуанышы қойнына сыймай, қалай болса солай шаба жөнелді. Сөйтіп шауып келе жатса, алдында бір шал мен кемпір, ағаш соқамен жерді айдап жатыр екен. Екі өгіздің басын кемпірі жетелеп, шалы соқасын ұстап жүр екен.

Жарты Төстік келіп, сәлем берді. Сонда шал мен кемпір: «Ойбай, балам, ақырын-ақырын сөйле, ақырын!» — деді. Сонда Жарты Төстік шал мен кемпірге: «О, не бар, қатты сөйлесе?» — деді.

Сонда шал: «Ойбай-ау, бұл жерде тажал бар», — деді. «Ол не?» — деп сұрады. Осы жерде бір айдаһар бар, бір ұйықтаса қырық күн, қырық түн ұйықтайды. Егерде оянып кетсе, осы аймақтағыны бір-ақ жұтып жібереді, малды да, адамды да, барлығын да жұтады. Бұл қашан ұйықтағанда біз келіп, егін саламыз, екінші ұйықтағанда суғарамыз, үшінші ұйықтағанда, орып жинаймыз, өстіп күн көреміз», — деді.

Сонда Төстік тұрып, бар даусымен айғай салды, Сол кезде айдаһар оянып кетіп, ысқырып, аузын ашып, ішіне қарай тартты. Сол жердегі мал болсын, адам болсын, ұшқан құс болсын, жүгірген аң болсын, бәрі де домалап барады. Жарты Төстік те өз атымен үш домалады. Сонда жеті қабат ақ семсерді жазып алып, көлденең ортасынан ұстап тұрып, өзі келіп, айдаһардың ішіне кіріп кетті. Сонда ол жұта берді, Төстік екі жағынан тіліп, құйрықтан бір-ақ шықты. Айдаһар екі бөлініп өлді. Жарты Төстік айдаһардың уытымен жатып қалды. Елдің малы да, адамы да домалап келді. Әлгі өлген айдаһарды көріп, оны өлтірген баланы көріп, сол жердегі адамдар алғыс айта бастады. Уланып жатқан Жарты Төстікті сүт құйып жазып алды. Ел болып, сол жердегілер бәрі де шулады.

«Ой, бала, бізді құтқардың ғой, енді бізге патша бол, — деп, жабысты. Бұған Жарты Төстік көнбеді, жүріп кетеді. Келе жатып бір жерге түсіп, қалтасын қараса, Самұрықтың қанаты шықты. Сонда барып ел-жұрты, ата-анасы есіне түсті. Қанатты тұтатып жібергенде Самұрық құс заулап жетіп келді.

Самұрық құс келіп: «Ал енді, қырық мес су, қырық мес ет дайында», — деді. Сол жерді ашық қып қойып, басқа жерге күнді борандатты, ашық жерге қарай аңдар заулап топ-топ болып, келіп жата берді, келгеніне сексен күн толғанда күн ашылды. Қырық мес ет, қырық мес су дайын болды. Соның бәрін әкеп, Самұрыққа артты. Өзімен бірге аты да Самұрыққа мінді.

Құс ұшып келеді. Былай қараса суды құйып, былай қараса етті аузына салып келеді. Ет те, су да таусылды. «О, не бар, жүрегім ауырып төмендеп барам», — дейді Самұрық.

Сонда Жарты Төстік құсқа екі қоң етін кесіп береді. «Аш, көзіңді!» — деді, ашып жіберсе, жердің бетіне келіпті. Өзі көрген ағаштың түбіне келген екен. Сонда Самұрық: «Жаңағы етті қайдан алдың, тәтті екен?» — дейді. Жарты Төстік айтты: «Мына екі қоң етім ғой», — деді. «Қайсы, көрсетші?» — деді. «Міне!» — деп ашып көрсетті. Сонда Самұрық «тфу» деп бір түкіргенде, қоң еті қайтадан орнына түсіп, жазылып кетеді. Соңда Самұрық: «Ал, досым, мен достық парыздан құтылдым ба?» — деді. Жарты Төстік: «Я, я, досым, құтылдың, құтылдың!» — деді.

Сонда Самұрық құс айтты: «Сен өзің бар-дағы айттырған қалыңдығыңды бүгін той ғып алайын деп жатыр, жолыңда көресің. Және өз еліңді қалмақ шауып жатыр», — деп бәрін де айтты. Сонымен Жарты Төстік атқа мініп, жүріп кетті. Келе жатса, алдында алты құлаш ала байтал тұр екен, оны ұстап алады. Жетелеп келе жатса, бір жиын тойға кездеседі.

«Бұл кімнің тойы?» — деп, сұрады. Сонда біреу айтыпты: «Бұл той, Жарты Төстіктің алам деп, құда түскен қалыңдығы еді. Ол өзі жынды болып, қаңғып кетіп, жоқ болған еді, енді бүгін той ғып, соны басқа біреуге берейін деп жатыр», — деді.

Бұған ашуланған Жарты Төстік шауып келіп, ауылға: «Әкел-әкел қалыңдығымды!» — деп, айғай салады, даусы жерді жарады, жиналған жұрт қорқып кетті, даусы ащы екен дейді. Шауып келіп, қалыңдығын алты құлаш ала байталға мінгізіп алып кетеді. Сонымен жүріп отырып еліне келсе, елі қырылып жатыр екен, қаптап жүрген қалың қалмақпен жалғыз өзі соғыспақ болды. «Ал, сен, осылай тұр!» — деп әйеліне айтты да, жеті құлаш ақ семсерін жазып алып айқасты.

Көзін жұмып, оңды-солды семсермен қыра берді, қалмақтар қаша берді. Бір уақытта біреу: «Ой, балам, көзіңді аш!» — деді. Көзін ашып қараса, алдында бір қожа тұр екен:

— Әй, балам, ана жерде атаңның сирағы жатыр, ана жерде анаңның қолы жатыр, соны тазалап жуып, арулап көм! — дейді де, қожа жоқ болады. Ол қожа Жарты Төстіктің анасына бір түп шеңгелдің түбінде кездескен қожа екен.

Онан соң Жарты Төстік елін жинап алды да, қалған еліне ие болып тұра берді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз