Бұрынғы тұста Қалабай деген батыр болған. Қалабай батыр кәртейіп, оның үстіне қатты ауырып жатқанда көңілін сұрауға жұрт келіп:
— Қалабай батыр, жасыңда алмаған жауыңыз қалмады, енді арманыңыз да жоқ шығар, — деп көңілін жуатқандай болды.
— Армансыз кісі бола ма? Сендер тыңдаңдар, мен арманымды айтып берейін,—деді де, Қалабай батыр сөз бастады.
— Мен қырық жігіт жолдаспен барымталап, бір қанша мал алып, бір жерге тоқтадым. Жолдастарым қысырдың тайын сойып, ет асты, мен ұйықтап қалдым. Мен ұйықтай қалған мезгілде астында қаракөк аты, үстіне түйе шекпені бар бір қарт келді де: «Бұл кімнің қосы?» — деп сұрапты. «Бұл Қалабай батырдың қосы» депті отырғандар. «Қалабай батырдың қосы ма?» — депті де атынан түсіп, ердің қасына атын қаңтара салып, қазандағы етті түсіріп алып жеді де жүріп кетті. Жолдастарым қорыққанынан бір ауыз сөз айтпаған. Сасқанынан бір тай сойып, қайтадан ет асып қойыпты. Мен ұйқым қанып: «Ет пісті ме?» — деп сұрағанымда: «Ет қайнаған да жоқ», — деді жолдастарым қорыққанынан қалтырап. «Батыр, етті бір кісі келіп жеп кетті, қайтадан тай сойып, ет асып қойдық», — деді. Бұл қандай неме, мені басынғаны ма деп: «Әкел атты!» — дедім. Жирен атты мініп, қалай кеткенін сұрадым, бағытын біліп алып, қуа жөнелдім. Бір дөңге шыға келсем, көз көрім жерде кетіп барады екен, мен қуып жеттім. Келген бойымша сойылмен көк желкеден салдым. Менің соққанымды керексінген де жоқ, сол бойымен үндемей жүріп отырды. Қандай кісі болса да бір соққанда қалпақтай ұшырушы едім, «бұл қалай?» деп таң қалдым да және бір соқтым, оны да бит шаққандай көрмей, жүріп отырды. Қайтып кетуге ұялдым да, не де болса мұның жайын білейін деп, артынан ілесіп жүріп отырдым. Сол жүргеннен жүріп, бір өзеннен өттік. Осы кезде алдымыздан бір топ құлан қашты. Кұланды жаңағы кісі қуа жөнелді, артынан мен де қудым. Құланның ішінде бір ақсақтауы бар екен, әлгі кісі соның құйрығынан келіп ұстады да: «Мынаны ұстай тұр, мен және біреуін ұстайын», — деп құланды маған бере салды. Құланның құйрығынан ұстап, мен тақымға бастым, сол кезде құлан мені ат-матыммен домалатып кетті, құланнан айрылып қалдым. Менің айрылғанымды көріп, ол кісі құланды қайтадан ұстады да: «Жігіт десем, жігіт емес, тібіт екенсің ғой», — деді де, құланды құйрығынан алып, жерге бір қойып, бас салып бауыздады. Өзеннің жанына алып келіп: «Мынаны сой да, ас!» — деді маған. Жанына байлаған тай қазаны бар екен, шешіп алып берді де: «Мен кішкене демалайын!» — деп, өзі жатып ұйықтап қалды. Бұрын өзіме тамақ асушы едім, енді өзім біреуге аспазшы болып ет астым. Тезек теріп, етті қайнаттым. Қазан асулы, от жағулы, шал ұйықтап жатыр. Қазанмен ісім жоқ, «осының не қаруы бар екен?» — деп, ақырын басып жанына келдім. Түйе шекпенінің астын ашып көрсем, қойнында темір шоқпары бар екен, ақырын саумалдап темір шоқпарды шығарып алдым да, «мұны өлтіріп кетейін» деген ойға қалдым. Шоқпармен қақ маңдайдан салдым, былқ етпеді, екінші рет ұрайын деп едім, шоқпарды көтеруге қолымның күші жетпеді, ол шоқпарды алған жеріме қайтадан қойдым. Мен онымен әуре болып жүргенімде от сөніп қалыпты. Сасқанымнан отты жағып, қазанды қайнаттым. Бір мезгілде шал оянды да:
«Ет пісті ме?» — деді. Ет піспесе де қазанды алдына әкеп қойдым. Маған қарап: «Бері кел, бірге отырып ет же!» — деді. Қорыққанымнан бір жапырақ етті азар жұттым. Басқа етті түгелімен өзі жеп алды. Атына мініп алып, жүріп кетті. Артынан мен де еріп жөнелдім. Сол жүргеннен жүріп, екі-үш өзеннен өттік. Бір жерге келіп қондық. Торғай шырылдағаннан атына мініп, қайтадан жүрді. «Жас кісінің көзі өткір болушы еді, мына өзенде не көрінеді, байқашы!» — деді маған. Қарап тұрып: «Өзенде мал көрінеді», — дедім. «Олай болса, соған қарай жүрейік», — деп жүріп кетті. Малдың ішінде аппақ қудай бір шал жүр. Шал екінші шалға: «Ассалаумағалайкум, баба!» — деді. Шал сәлемін алды да: «Ай, балам-ай, сені қан тартып келеді-ау, құрт-құмырсқа теріп кетсең де жай жүрсең етті!» — деді. Басқа сөз айтпай, ары қарай өтіп кеттік. Оның ар жағында бір кезеңге және шықтық. «Қалабай, байқашы, көзіңе не көрінеді?» — деді: «Өзенде қой мен сиыр жатыр», — дедім. Соған қарай жүріп кетті, артынан мен де жүрдім. Бүкірейген кәрі кемпірдің сиырдың ортасында жүргенін көрдік. «Жақсы жүрсің бе, ана?» — деді. «Ей, жүрмей қайтейін, сорлы балам, сені қан тартып келді-ау!», — деді. Соны естіген соң, әрі қарай жүріп кеттік. Одан әрі бір кезеңге және шықтық. «Көрші, көзіңе не көрінеді?» — деді. Қарасам, үш ақ орда тұр. «Үш ақ орда тұр», — дедім. «Е, жарайды!» — деді. Сол жерде менен: «Жаныңда не қаруың бар еді?» — деп сұрады. «Менің қаруым — бүктемелі ақ семсер!», — дедім. «Соны қызғанбасаң маған бер!», — деді. Семсерді бердім. Шал: «Иә, Қалабай, барармыз, барған кезде сен аттан түспе, түндік шалқасынан ашылса, сонда үйге кір, егерде түндік ашылмаса, өз атыңды таста да, менің атымды мініп, өз жөніңе қашқайсың, өз атыңмен қашсаң құтылмайсың!», — деді. Шал атын қаңтара салып еді, «бұл не деген мал?» деп таңданып тұрдым. Шал қолына семсерді ұстаған бойы ақ ордаға кірді де, үйдің іші шақұр-шұқыр еткенде, менің үрейім ұшты.
Көп кешікпей түндік шалқасынан ашылды. Аттан түстім де, үйге мен де кірдім. Табалдырыққа жеткенше үй іші іркілген қан екен, оң жаққа қарасам, серейген алып жатыр. Кірген бойынша, ұйықтап жатқан алыптың басын шауып тастапты. Өзі төрдің алдында отыр екен. Сол жақ босағада бір әйел отыр. Мен барысымен: «Иә, Қалабай батыр, менің жаныма отыр», — деді де: «Енді сен тыңда, мұның жайын бастан- аяқ айтып берейін!» — деді шал. «Бағанағы өзің көрген шал мен кемпірдің біреуі — әкем, біреуі — анам еді, мынау отырған менің әйелім еді, мына жатқан, өлген дәуді көрсетіп: «Менің көзімнің қарашығындай жалғыз жиенім еді, әкеден туғанда екеу едік, бір ұл, бір қыз. Қарындасым байға тиген соң, күйеуі қайтыс болды, артынан өзі өлді, мына жатқан жиенім жастай жетім қалды. Жиенімді «жетімсіретпеймін» деп өзімнің әкем баулып асырады. Бұл өсіп өз шамасына жетті, он жастан өткен соң, мына тұрған әйелім маған қыңқылдай бастады. «Мынауыңды өлтіресің бе не қыласың, сен кетсең, маған қол салып мазамды алады, осы өссе түбі саған жау болады, осының көзін жоғалт!» — деді әйелім. Әйелімнің айтқанына нанбадым, «дұшпандықпен айтып отыр» деп әйелімді қайтарып тастадым. Көзім жетпеген соң нанбадым. Бір күні «қалың аралға адастырып тастайын» деп ойладым да, «аңдап-құстап келейік» — деп ертіп алып жөнелдім. Апарып, аралдың ішіне адастырып қайтып кеттім. Артымнан көп кешікпей-ақ, ол да жетті. Сөйтіп жүріп он жетіге жетті. Бір күні екеуміз бірге малға шықтық. Бір жерде демалып отырғанда маған: «Нағашы, екеуміз күш сынассақ қайтеді?» — деді. «Осының күшін байқайыншы» — деп мен де ойладым. Екеуміз ұстаса кеттік. Мені бұйым ғұрлы көрмеді, менен күші артық болды. Содан үйге қайттық. Содан сол-ақ, елдің айтқаны шын екен, көзімді бақырайтып қойып әйеліммен бірге жататын болды. «Қалағаның осы әйел болса, сен-ақ ал!» — деп атыма мініп, қаңғырып кетіп қалдым. Сол жүргеннен көп замандар өтті.
Бір күні түсімде аян берді: «Сенің тентіреп жүргенің не, ішкері жақта Қалабай деген батыр бар, соның жолы ашық, соның қаруын алып, өзін жолдас қылсаң, қандай дұшпаның болса да мұқатып аласың», — деді. Сонымен табаны бір жылдай сені іздедім. Құдай айдап, сенің қосыңа келіп кездестім. «Қалабайдың қосы» — деп жолдастарың айтты. «Егер осы Қалабай батыр болса, артымнан ерер!» — деп етіңді жедім де, кетіп қалдым, сен артымнан қуып келіп, сойылмен соқтың, үндегенім жоқ жүре бердім, одан соң құланның етін астың, мен ұйықтаған болып жатқанымда өз шоқпарыммен өзімнің басыма ұрдың, басым ауырыңқырап қалды, ауырса да шыдай бердім. «Сен шошып, жүрегіңнің қабы жарылып өліп кете ме» — деп қозғалмадым. «Ет же» деп едім, бір жапырақ ет жей алмадың, оның бәрін білдім. Бағанағы өзің көрген әке-шешемнің табанын тіліп, жиенім малға салды. Менің атым — Көксал батыр...».
...Ел-жұртын жинап, әке-шешесін алдырып, таза киіндіріп, баяғы қауымына түсіріп, ат шаптырып той қылып, бірқатар мал сойып, мұратына жетті. Көксал мен Қалабай құшақтасып дос болды. «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деген сөз осыдан қалған екен.
Бір күні Көксал: «Қалабай батыр, екеуміз сейілге шығып келейік!» — деп сейілге шықтық. «Қалабай, екеуміз күш сынасайық!» — деді. Көксал сол кезде алпыста еді, мен қырықта едім, — дейді Қалабай.
— Кезек сенікі, қандай өнерің бар, көрсет! — деді Көксал.
— Менің өнерім — екі қолымды жанып-жанып алып, түйенің ортан жілігін ұрғанда сындырушы едім, — дедім.
— Кәне, ұрып көр! — деді Көксал.
Қолымды жанып-жанып, қырымен Көксалдың жіліншігіне ұрғанымда жіліншік үзіліп кетті. Көксалды үйге алып келдім. Үш жылғы ту биенің қазысына орап табаны бір ай емдедім. Бір ай он күнде Көксал аяғын басып жүретін болды. Тағы бір күні сейілге шықтық.
— Я, енді кезек менікі! —деді де, Көксал мені көтеріп алып лақтырып жібергенде қаңбақтай ұшып, домалап кеттім. Үйге қайтып келдім. Ертеңіне еліме қайтуға Көксалдан рұқсат сұрадым. Кетерімде Көксалдың көк атын сұрадым. «Көк атты қайтесің, кәрі ғой, ол саған ат болмайды, мен кеткенде осының інісі құлын қалып еді, сол, малда жүрген шығар», — деді.
Малды аралап жүріп, атты тауып алды. Дәл көк аттың өзі секілді. Бірақ, шу асау. Көксал сол атты берді. Айғыр үйірлі жылқы беріп, жаныма жолдас беріп, «жеткізіп сал!» деп тапсырды. Мен аттанып кеттім. Ендігі жылы осы уақытта мені тосып ал! — деді Көксал. Бір қанша күндер жүріп, еліме келдім. Жолдастарым қорқып отырған екен. Мен келген соң ат шаптырып, той қылып, ойын-сауық құрды. Мен соны көре алмадым-ау, менің арманым-сол! — деді Қалабай өлер алдында. «Көксал келеді-ау!» — деген мезгілде Қалабай қайтыс болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі