Бұрынғы заманда Нұрманбет деген хан болған, хан жүз тоқсан екі жасаған, оның Әзтемір деген інісі бар екен. Әзтемір қырық екі кісіге бас болып қолға кетті. Нұрманбеттің екі қызы болған, бірінің аты — Күнікей, бірінің аты — Тінікей екен. Екі қыз ұйықтағанда түс көріпті. Таңертең жеңгесіне келеді, бір шапанды жамылды, екеуі бір жеңнен бас шығарды:
«Мен бір түс көрдім, от жағалай іс көрдім, екі де қара тең көрдім, сорғалап аққан қан көрдім, жорышы, жеңге, түсімді!».
Жеңгесі қайын ағасына келді, түстің жоруын сұрады. «Бұл түсті кім көрді?» — деді ол. «Мен, мен!» — деді қатын. Қайын ағасы айтты: «Мұны көрген сен емессің, мұны көрген екі қызым екен, келсін, тұсыма келіп, айтсын!» — деді. Екі қызы Күнікей мен Тінікей келді әкесінің тұсына.
Жамағат, — деді, —
Құлақтарың бері сал,
Кеңестеріңді ары сал.
Бүгін түнде түс көрдім
От жағалай іс көрдім.
Екі де қара тең көрдім,
Сорғалап аққан қан көрдім,
Жорышы, әке, бұл түсті!
Қыздар бұ түсті айтқан соң, басқалар бұ түсті естіді. Мағынасын білген бақсылар, ақсақалды ағалар, басы шалмалы бабалар: «Ағаң бүгін келер, — деді, — олжалы үйге енер!» — деді.
Нұрманбеттің қыздары Күнікей мен Тінікей бұл сөздерге нанбады. Нұрманбет хан айтты:
Жүз тоқсан екі жасаған,
Қаздың етін асаған,
Әзтемір үйде жоқ болды, —
деді. Нұрманбеттің сақалынан жас сорғалап: «Өлеміз!» — деп жылайды. Нұрманбеттің жеті жасар Жастүлек деген баласы бар екен, жеті қырдың астында алпыс баламен асық ойнап жатыр екен, жылаған Нұрманбеттің даусын баласы естіп келді. Келді де: — «Хан ием, неге жылайсыз?» — деді. Хан айтты: «Жыламай қайтейін, Әзтемір үйде болмады» — деді. Баласы айтты:
Жылама, әкем, сен! — деді,
Оң батаңды бер! — деді.
Дүлдүліңді сайлашы,
Семсеріңді қайрашы!
Бұл ауыр жолға барайын,
Жауға ойран салайын.
Бір келгенін бір қырайын,
Екі келгенін екі қырайын,
Біріне бірін қосайын! — деді.
Әкесі айтты балаға:
Сенің алар жауың жоқ,
Бойың сенің өскен жоқ,
Бұғанаң сенің қатқан жоқ,
Балақта жүнің жеткен жоқ.
Бала тілін алмады, батасын сұрады, әкесі оң батасын берді:
Жорытқанда жолың болсын,
Жолдасың Қыдыр болсын, алла әкбар! —
деп, дүлдүліне мінгізіп, семсерін берді: «Бар, балам! — деді. Дүлдүлің оң аяғымен жер тарпыса, сол аяғын көкке көтерсе, келме! — деді. Сол аяғымен жер тарпыса, оң аяғын көкке көтерсе, қайт балам! — деді.
Жеті жаста Жастүлек дүлдүліне мінеді, семсерін қолына алады: «Аман-есен болыңдар!» — деп жүріп кетті. Бір белдің үстіне шығып, алысқа қарады, жау келе жатыр екен. Тұлпардан түсті, бала алдыңғы айылын бос тартты, артқы айылын берік тартты. Онан соң атына мінді, бір келгенін бір қырды, екі келгенін екі қырды, бірін-біріне қосады, көп жауды жайпады. Жаудың ең аяғында әскер басы Телегей алып бар екен, Телегей айтады:
Жамағаттар, тұра тұрыңыз,
Бұ жерде от жағыңыз,
Құмалақ шашайық,
Бал ашайық,
Қой жауырынын жағайық,
Жауды алар айланы табайық.
Құмалақ шашты, бал ашты,
Жауырын жағып қарасты.
Бізді тосып жатқан жау екен,
Жеті жасар Жастүлек дәу екен.
Атсақ, оны ата алмаймыз,
Шапсақ, оны шаба алмаймыз,
Атсақ, мылтық тимейді,
Шапсақ, қылыш өтпейді.
Ал, оған амал не?
Әскер басы Телегей
Күнді боран соқтырды,
Аяз қатайды,
Бала тоңды, жаурады.
Тоңған соң, әкесінің айтқаны есіне түсті: «Дүлдүлің оң аяғымен жер тарпып, сол аяғын көкке көтерсе, қайтпа, егерде сол аяғымен жер тарпып, оң аяғын көкке көтерсе, қайт!» — дегені есіне түсті.
Күн боран болды, суық болды, бала мұздады, тоңды. Дүлдүл сол аяғымен жер тарпыды, оң аяғын көкке көтерді, тұлпарына мінді де кейін қайтты. Үлкен апасы Тінікей, кіші апасы Күнікей алдынан шықты.
«Тоңдың ба, қарағым-ай?! Мұздадың ба, шырағым-ай?!» — деп атынан түсірді, үйіне енгізді. Бір апасы басын алдына алып, қойнына салды, бір апасы аяғын қойнына салды. «Тоңған басы жылынсын, мұздаған аяғы жылынсын», — десті.
Екі апасы Тінікей мен Күнікей артына қарады, жау келіп қалған екен. Үйінде жеті құлақты қазаны бар екен, соны жеті жасар Жастүлектің үстіне төңкеріп, екі апасы жауып, жасырып тастады. Жау келіп қалды. Ақ шаһарын шапты. Жүз тоқсан екі жасаған Нұрманбеттің басын алды. Малын да, жанын да алып, қайтып бара жатып әскер басы Телегей айтты: «Бізді алған жау мұнда жоқ екен, ол — жеті жасар Жастүлек. Өлтірмей кетсек, бұл дүние біздің бойымызға сіңбейді, табу керек!» — дейді. Сонда қу аяқ кемпір айтты: «Мен ол баланы тауып берейін, жасырған жерін көрдім. Менің малымды, менің жанымды түгел қайтарсаң, айтамын», — деді. Қолбасы Телегей айтты: «Танысаң, түгел ал!» — деді. Қу аяқтың дүние-малын түгел өзіне берді. Баланың қазан астында жатқанын айтып қойды. Телегей қазанның қасына келді, қазанды көтерді, бала жатыр екен, сол жерде баланың басын алды, басын қанжығасына байлады, қан ақты сорғалап, әскер басы Телегей қалың елді жетім-жесір етіп қайтты кейін.
Күндерде бір күн Әзтемір келді. Ақ шаһар аңырап қалған екен. Әкесі жоқ, інісі жоқ, шешесі жоқ, қатыны жоқ, екі қарындасы тағы жоқ. Өзінің астында мініп жүрген бедеу биесі бар еді, аттан түсті, жылады:
Жүз тоқсан екі жасаған,
Қаздың етін асаған
Нұрмамбеттей хан ием,
Дұспанға басың алдырдым,
Өтіңді жауға жардырдым,
Мен өзім үйде жоқ болдым,
Жоқ болдым да, боқ болдым.
Шұғадан түскен қиындым,
Мақпалдан түскен ойындым,
Күнікейдей көріктім,
Тінікейдей тектім,
Өзім барда айттырып,
Теңіңе, қалқам, бермедім!
Ақырында біреуге
Тегіннен тегін олжа қылдырдым,
Ат көтіне салдырдым
Әсіресе, сол кекті қайтейін!
Үйде жүрсем, мұңдасым,
Жолда жүрсем, жолдасым,
Жеті жасар, Жастүлек
Қауырсының қатқан жоқ,
Балақта жүнің шыққан жоқ,
Бойың сенің өскен жоқ,
Ақылың сенің толған жоқ,
Қапыда кеттің, жалғыздықтың жаманы-ай!
Жеті күн жылады, жеті түн жылады, жылағанда Әзтемір жер бауырлап сұлады, жылай-жылай ұйықтады. Сөйтіп, ұйықтап жатқанда оның қасына бір адам келді:
Әзтемір, көтер басыңды,
Тұр, түрегел! — деді.
Әзтемір басын көтерді, Көтеріп басын отырды.
Келген адам сөйлепті:
«Сен, ол жауға барма! — депті.
Алар жауың ол емес,
Сарыбай деген хан бар
Соның бір баласы бар.
Атса — мылтық тимейді,
Шапса — қылыш өтпейді,
Отқа салса — күймейді,
Суға салса — батпайды,
Қарғаса — қарғыс жетпейді.
Сарыбайдың баласы екен,
Жеті жасқа биыл жеткен,
Атын әлі қойған жоқ,
Кегіңді алар сол болар,
Манағы Әзтемір тұрды
Беті-қолын жуды,
Бір қойды жалынып сойды,
Бір тілім ет жеді,
Манағы түсінде көрген адам Қыдыр екен.
Қара бедеу биесін ерттеп мініп, Сарыбайды іздеп жөнелді.
Сарыбай деген бай екен,
Күндердің бірінде
Жиын тойға
Төрт биемен
Төрт сабамен барған екен,
Сарыбай бір балаға зар екен.
Қулар өтірік тойға Сарыбайды шақырады. Сарыбай қатынын ертіп төрт биемен, төрт саба қымыз артып келді. Алдынан ешкім шыққан жоқ, құрмет те жоқ, Сарыбай ашуланды, кісілерді боқтады. «Адамшылықтарың жоқ екен, бізді мазақ қылдыңдар!» — деді. Ауылдағылар Сарыбайға жауап қайтара алмады. Бір кішкене тазша бала бар екен, сол сыртқа шықты, сәлем берді, Сарыбай сәлемін алмады, боқтады, бала айтты: «Сәлемді боқтама, бұл той — баласы бардың келетұғын тойы».
Ұлы барға орын бар,
Қызы барға қызық бар.
Ұлы жоққа орын жоқ,
Қызы жоққа қызық жоқ.
Сарыбай мұны естіп, долданып, төрт биені бауыздап тастап, төрт саба қымызды жарып тастап, қатынымен екеуі үйіне қайтты. Астына мінген бозжорға аты бар екен, бозжорға атты белдеуге байлады, өзі қатынымен екеуі құдайдан бір бала сұрап, екі етегін беліне түріп алып: «А, құдай, өзі қай жақтасың, қайда болсаң да, міне, біз сенен бала сұрап қаңғырдық!» — деп жапан түзге бет алды. Қаңғырып, жүріп кетті. Жүре-жүре Сарыбай арықтайды, қатынын арқалады, бір ақ тікенекке келді, киімінің етегі тікенекке ілініп жүргізбеді, қатыны шаршады, отырды. Сарыбай ұйықтап қалды, қатыны ұйықтаған жоқ екен, аспаннан бал толы күміс табақ түсті, ішінде күміс қасық бар екен.
Түрегел, байым,
Тілекті берді құдайым,
Аспаннан табақ түсті!
Сарыбай түрегелді.
«Бісміллә!» — деп бір қасық бал жеді.
Қатынына байы айтты:
«Сен де же!» — деді
Құдай бала берер», — деді.
Қатыны бәрін де жеп қойды,
Екеуі мас болды,
Бірін-бірі құшақтап жығылды.
Жас күнгі қуат-күштері кірді.
Сонан соң есін жиып,
Көздерінің жасын тыйып,
Бойлары бір-біріне еміреніп иіп,
Бірін-бірі құшақтап сүйіп,
Ойнап-күліп, үйлеріне қайтты.
Қатыны буаз болды.
Бір уақытта қатыны босанды.
Бір қыз, бір ұл тапты.
Олар енді той қылды, бар байлығын берді, он бие сойды, он қой сойды, он сиыр сойды, жоғарғы елді шақырды, төменгі елді шақырды, аямай малын қырды, жұрт жиылып келгенде, табақ тартып бергенде, келген жұртты сыйлады, мінер атын мінгізді, киер тонын кигізді, аты жоққа ат берді, тоны жоққа тон берді. Сойылған малды жеген соң, жиылған көп тойған соң, келген елі тарқады. Шалқар көлдің басына шатыр тікті, бала ойнап жүрді, тобылғыдан жақ қылды, шиден оқ қылды, кәрі кемпірді, кәрі шалды атты. Өлген кемпірлер мен шалдардың туыстары Сарыбайға келіп жылады: «Балаңызды тыйыңыз!» — деді. Әкесі баласын шақырды: «Балам, ойынды қой, жылқыға бар!» — деді. Сарыбайдың алып құлы бар екен, тоқсан қойдың терісі оған телпек тымақ шықпайды екен. Манағы Сарыбайдың баласы жылқыға кетті, Топайқұлға келді. Ақ сақалы бар екен, сақалының ағын жұрт «қайың» дейді екен, қарасын «қарағай» дейді екен, күн ыстық болғанда тоқсан торы ала айғырдың үйірі сақалына үйездеп тұрады екен. Сол кезде Әзтемір жылқыға келді, Қарағайдың ішін паналап «көлеңкелейін»- деп атын бір ағашқа байлап жатып қалды. Топайқұл айтты: «Сақалымның ішінде бит жүр, балам, алып берші!» — деді. «Бит жүр» дегенге қараса, Әзтемір хан екен, мінгені қара бедеу бие екен, Сарыбайдың баласы Әзтемір ханды уыстап ұстап, Топайқұлға алып келді. «Сен менің сақалымның ішінде неғып жүрсің? Ұрымысың?» — деді. Әзтемір айтты: «Жоқ, мен ұры емеспін, бір бейшара адаммын», — деді. «Олай болса неге келдің, қайда барасың, бармағымның арасына салып сені жоқ қылайын ба?» — деді. Сарыбайдың баласы айтты: «Тиме байғұсқа, сіздің сақалыңызды күнде көріп жүрген біз білеміз, бұл сорлы қайдан білсін!» «Неғып жүр едің, ағатай?» — деді.
— Сарыбайдың ауылын іздеп жүрмін, өзі мырза, өзі жомарт! — дейді. Аты жоққа ат береді, тоны жоққа тон береді, сондай мырзаға барайын, жеті жасар баласы бар екен, атса оқ өтпейді, шапса, қылыш кеспейді, баласын сұрайын, — деді Әзтемір.
Бала айтты: «Барсаң, анау — белдің астында біздің ауылымыз бар, Сарыбайдың баласы — менмін». Әзтемір кетті, бір уақытта Сарыбайдікіне келді. Әзтемір ханды аттан көтерді, үйге отырғызды, амандасты, есендесті.
— Қайда барасың? — деді.
— Сізге келдім! — деді.
— Біздікінде не бергенің, не өткізгенің бар еді? — деді бай.
— Сіздің бір балаңыз бар екен. Оның аты әлі қойылған жоқ екен, әдейі ат қойып, айдар тағайын деп келдім, — деді.
Сарыбай айтты:
— Бәрекелді, сенен басқа кісіге қойғызған жоқ едім, ойымдағым жаңа табылды, — деп қуанды. Әзтемір баланың атын: «Жеті жасар Желкілдек болсын!» — деді. Әкесі: «Жақсы, жарайды!» — деді.
Хан: «Ат аламысың, ат берейін, тон аламысың, тон берейін!» — деді.
Әзтемір: — Алмаймын, ат пен тонды әр екінің біріне, егіздің сыңарына беріп жүрсің ғой, сені шын мырза деп естіп келдім, маған бергіш болсаң балаңды бер, балаңды қалап сұрағалы келдім, сенің мырзалығыңды сынағалы келдім, — деді. Сарыбай: «Баламды неге берейін, тұр, жөнел!» — деп ақырды.
Әзтемір жылап, шығып кетті. Сарыбай үйіне келді, қатыны айтты: «Не сұрап келген екен?» — деді. Сарыбай айтты: «Біздің жалғыз баланы сұрай келген екен, соны мен бермей ұрсып, қуып жібердім», — деді. Қатыны айтты: «Бұрынғылардың «дүние сасыққа, тастан қаттыға бітеді» дегені осы екен-ау, ақылың жоқ екен, байғұс байым. Мырза құдайдың мырзалық қылып берген нәрсесіне кісі сараңдық қылмаса болар ма? Бізді құдай «қу бас» деген аттан құтқарды, бізге сол қанағат, шақыр, бері келсін, алсын!» — деді.
Сарыбай тымағын қолына алып, былғап шақырды, Әзтемір шақырған соң келді. «Мен баламның өзін таптым, мінезін тапқаным жоқ. Баланың өзіне бар, бала саған еріп кетемін десе, бетінен жарылқасын, қайда барса жолы болсын, бір жаман алжыған шал, қақиған кемпір қызығын көрді не, көрмеді не, тірі болса қызығын халық, жұрт көрсін!» — деді.
Әзтемір жылқыға барды, Топайқұл: «Ініме не деп ат қойдың?» — деді. Әзтемір айтты: «Жеті жасар Желкілдек болсын деп ат қойдым». Топайқұл айтты: «Жап-жаман ат екен». Бала айтты: «Ағам, ақылың жоқ екен, бізге осы қойған ат жақсы». Әзтемір айтты: «Інім, саған келдім, сен маған қатты керексің». Бала айтты: «Керек болсам, мені әкемнен сұрадың ба?» — деді. Әзтемір: «Сұрадым, балам өзі білсін деп өзіңе жіберді», — деді.
«Жарайды, аға, мен барайын!», — деді бала. «Ағатайым, маған бір ат бер, өліп кетсем, менің жаным сенде тұрсын, ақыретте қолыңнан алайын. Тірі болып келсем, малымның жарымы сенікі болсын, сен аға бол, мен іні болайын, мынау әке-шешемді сен күт, маған бір ат бер»,— деді Топайқұлға.
Жылқының жайылып жатқан даласы бес шақырым екен, Топайқұл баланы ертіп жүріпті. Бір дарияның жағасында тұрып Топайқұл жылқы біткенді құйрығынан ұстап алып, дарияның ар жағына лақтыра беріпті. Сонда бір қотыр күрең тай дарияның ортасына шоп етіп түсіп кетіпті. Суға балықтай байпаңдап, үйректей қайқаңдап, екі жағына да шықпай дарияда жүзіп жүре беріпті. Топайқұл шалма тастап тартқан екен, тайды сүйреп ала алмапты. Сонан соң бала шалманы Топайқұлдан: «Бері әкел», — деп жұлып алып, тайдың мойнына тастап жіберіп, тартып қалған екен, тай жылп беріп қасына қалайша, неғып келіп қалғанын білмей қалыпты. Топайқұл: «жүгендеймін» деп ұмтылған екен, тай тулағанда құлдың қалың қарағай болып жүрген сақалын дал-дал қылып, құлдың басын ит мүжіген қу бастай қылыпты. Сонан соң жеті жасар Желкілдек өзі «жүгендеймін»- деп ұмтылған екен, тай бүлк етпейді, басын изегендей басын изеп, «қылша мойным талша» деп тұра беріпті. Жүген салса, құнан болыпты, ер-тоқымын салғанда дөнен болыпты, мінсе, бесті болыпты, санына қамшы тигенде алты жасар ат қалпына түсіп, оқ жыландай ойнақтатып, мініп алып: «Хош — есен бол!» — деп жөнеле беріпті.
Әзтемірді әкесіне жіберіпті: «Маған оң батасын берсін, қара қоржынын берсін, семсерін берсін!», — депті.
Әзтемір Сарыбайға келді, Сарыбайға баласының айтқанының бәрін түгел айтты. «Жорықта жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын!», — деп, оң батасын берді.
Әзтемір жеті жасар Желкілдекті артынан қуып өзінің елінің шетіне келді, қырық жігітін ертіп алды. Қырық бір кісі болды. Бәрі бас қосып, Желкілдекке жетті. Айдалада анттасты. «Қай қашқанымызды құдай тапсын!» — десті. Жер ортасына келді. Жеті жасар Желкілдек Әзтемірге: «Тау басына шық, жауды қара, көріне ме, байқа!» — деді.
Әзтемір тауға шықты, төңіректің төрт бұрышына көз жіберді: «Ойбай!» — деп таудан төмен қарай жүгірді, келді де атқа мінді, «Қашыңыз, қайтыңыз, жау көп-ақ, біз алар жау емес!» — деді. Қашты Әзтемір жолдасымен, жеті жасар Желкілдек асын ішті, күреңше атқа мінді, қашқандарды қуып жетті; «Тұра тұр!» — деді. «А, Әзтемір, айтысқан сөз осылай ма?». Әзтемір айтты: «Қайтыңыз, біз қорқамыз, жаудың саны көп, біз азбыз», — деді. Бала айтты: «Жоқ, аға, қайтпаймын, сен қайтсаң жүре бер, ноқталы басқа бір өлім, қашқан — қатын ісі», — деді.
Бала атының басын бұрып алып, жауға қарай жүрді, бір обаның басына шықты. Жау келіп қалған екен. Күрең атқа тіл бітті: «Әй, ием, түс үстімнен, айылың бауырыма, жүгенің кеңсірігіме батып барады, құйысқаның құйрығыма батып барады, бел тұрманың босататын емес. Мені жалаңашта, ер-тоқымды ал, аунайын, жүгенімді ал, қунайын, оң жағыма бір аунайын, сол жағыма бір аунайын, оңды-солды аунап шөп жейін, тілекті берсе жасаған, үстіме менің ер бітер, бойыма ерен күш бітер», — деді. Айылды ағытты, ер-тоқымды сыпырды, жүгенді алды, қоя берді. Ат аунады, оң жағына аунады, сол жағына аунады, шөп асады, түрегелді, ат күміс ер-тоқымды болды, кісі қарап тұрғандай! Желкілдек тұлпарына мініп алды. «Алдыңғы айылымды бос тарт, артқы айылымды берік тарт!» — деді. «Маған мін де көзіңді жұм, жауға араласпай көзіңді ашпа! Жүрегің айныр, тайып кетсем маған серт, тайсалып соқсаң саған серт!» — деді тұлпары.
Желкілдек атқа мінді, көзін жұмды, ат аспанға ұшқандай алып ұшты. Желкілдек жаудың ортасына кіріп, етіне таяқ тигенде көзін ашты. Ортада жүрген соң жаудың азын-көбін байқай алмады. Төбелес сала берді.Бір мезгілде аттың аяғының астына қараса, аттың тізесінен қан. Маңайында жан қалмапты, өлгені өліп, өлмегені басын сауғалап, қашқан екен. Бала бір обаның басына келіп, аттан түсті, желпінді. Әскер басы Телегей деген алып екен, күншілік жерден байқайды екен. «Бұл біздің алар жау емес, атса, мылтық өтпейді, шапса, қылыш кеспейді, қарғаса, қарғыс жетпейді, отқа салса, күймейді, суға салса, батпайды, ерекше жаралған жан екен, жалғыз-ақ мұның бойында ақыл жоқ», — депті ол. «Жігіттер, ор қазыңыздар, мұны орға түсірейік, ор қазсаңдар терең қазыңдар! Мұның «мынау — ор екен, мынау — кісі жығыларлықтай жер екен-ау!» — деген ойында дәнеме болмайды, жай жердей көріп, шауып өтіп кетемін деп далақтап келіп, түседі де қалады», — деді Телегей.
Жігіттері жиылып ор қазды, жеті Жасар Желкілдек желпініп отыр екен, әскер басы Телегей дұға оқыды. Желкілдек атына мініп тұра шапты. Аты орға сүріне жаздап, қарғып шығып кетті. Желкілдек орда қалды. Атын Телегей ұстап алды. Телегейдің қызы: «Олжаңызды маған байларсыз!» — деді әкесіне. «Не қыласың, сен еркек емессің, қызсың!» — деп атты бермеді. Қызы: «Мейрамда жегіп, сейілге шығамын», — деп қиылды. Телегей қызына: «Жүзіқара боларыңды біліп ем, бұл атты саған берсем, менің басым кесілер. Жеті жаудың бірі сен болдың, ажалым сенен болса, оған не шара?» — деп қызға атты береді.
Жеті қабат темір үйге атты енгізді, қызды да енгізді. «Осы үйден атты да шығармаңдар, қызды да шығармаңдар, бұл үйден босанып бұлар шықса, бізге бұл жарық дүние жоқ», — деді. Бір жеті жасар баланы екеуіне күтушіге қойды, сыртынан көп қарауылшы қойды. Жеті жасар Желкілдек орда жатыр екен. Бір қоңыр қаз қаңқылдап келіп, қасына қонды. Желкілдек өзінің шынашағын қанатып, ақ жейдесінің етегін жыртып алып, өзінің орда жатқанын айтып: «Маған қырық биенің еті керек, қырық саба қымыз керек», — деп, шынашағының қанымен жазып, еліне жіберді. «Сарыарқа деген жерге бар, Сарыбай деген байға бар, үйінің қақ қасына бар да қон. Міне, менің көйлегімнің шүберегі екенін таныр, бұларды сенен алар да, өзіңе тимей қоя берер!» — деді. Қоңыр қаз алып ұшты, Сарыбайдікіне жетті. Таңертең Сарыбай тысқарыға құман ала шығып дәрет алды, қасына қоңыр қаз келіп қонды. «Балама берейін» деп ұстап алды, қызын шақырды, қызына бұл қазды берді. «Бала қазды үйіне алып келіп сылады, сипады. Қанатының астында желбіреп жүрген шүберекті көрді. «Бұл — не қылған шүберек?» — деп айналдырып көріп, ағасының көйлегінің жыртығы екенін таныған соң, қызы пақыр шошып қалып, еңіреп қоя берді. Қыздың жылаған даусына Сарыбай келді, шешесі келді, досы келді. «Немене боп қалды?» — деп үрпиісіп қалды. Қыз айтты: «Жалғыз ағамның көйлегінің жыртығы мынау — шүберек, өзі — қып-қызыл ала қан», — деді. Шешесі жүгіріп келіп: «Кәнеки!» — деп қолынан жұлып алып қарады. «Сол үшін жылап жамандық, сұмдық бастама, бетпақ қыз!» — деді. «Балам құдайға шүкір, тірі екен, өзі орда жатыр екен. Мұның бәрін өзі ойынан шығарып, тірілігін, есендігін білдіріп, өз қолынан байлап, өз қолынан өзі қылмаса, ауада ұшып жүрген құс өлген кісінің киімін жыртып ала ма, мұнша шимайды сала ма? Мынау қан және жарадан аққан қан емес, өз денесінен өзі ықтиярымен шығарған — қан, жарамен аққан арам қан түсі қаралтым болады, мынау — қып-қызыл таза қан ғой, бұған жылайтұғын не бар? Менің балам ажалдан өледі, жаудан өлмейді! — деді. «Тұр, бар! Сой да қыр малыңды, жи жұртыңды, қырық ту бие алып, қырық саба қымыз алып, өзің көрген боз жорға атты жетелеп!» — деген соң, Сарыбай жоғарғы елін шақыртып, жорға бие сойдырды, төменгі елін шақыртты, төбел бие сойдырды, қырық саба әкеліп, бәрін қымызға толтырып, елін-жұртын жиыпты. «Жамағат, құлақ салыңдар, боз бала ат-тон алыңдар! Жас балам Желкілдек орға түсіп қалыпты, жараған атты мінісіп, жараған тонды киісіп, жабыла соған барайық!» — деді.
Бозбалалар: «Барамыз! Бейсенбі күні жүреміз!» — деді.
Таң атты. Бейсенбі күні Сарыбай айтты: «Баратұғындарың жүріңдер!» — деді. «Бай, өзің бармасаң, баратұғынымыз жоқ!» — деді жұрт. Сарыбай ашуланды, қатынын, қызын, досын қасына ертті. Қырық бие алды, қырық саба қымыз алды, кетті, бір күнде балаға келді. Бала сыбызғы тартты, сол сыбызғының даусымен тапты. Амандасты, қырық құлаш жібек арқанмен тамақ түсірді. Ашыққан екен, бір биенің етін бір-ақ жеді, сүйегін мұрнынан шығарды, қырық биенің етін қырық асап жеп қойды. Қырық саба қымызды жарып, баланың аузына ағызды, қырық саба қымызды түгесті. Досы: «Тойдың ба?» — деді. «Жоқ, тойғаным жоқ, қырық биенің ішінде өзім көрген мал жоқ екен, боз ат бар ма, бар болса, сойыңыз!» — деді. Боз атты сойды, бір жапырақ етіне тойды. «Енді қайтыңдар! Сендер мені шығара алмайсыңдар», деді. Әкесі, шешесі жылай-жылай қайтып кетті. Желкілдек орда жатып қалды. Бір уақытта Желкілдек ордан шығып кетті. Бала келе жатса, жердің астынан бір түтін шығады, түтін шыққан жерге келсе, бір үй болды, ол үйге енді: «Ассалаумағалайкум!» — деді, бір қу аяқ кемпір бар екен: «Уағалайкумассалам! Жоғары шық, сәлемші, балам!» — деді. «Қайда бара жатқан адамсың?» — деді. Бала айтты: «Ұлсызға ұл болайын, қызсызға қыз болайын деп жүрген жанмын!» — деді.
Кемпір айтты: «Маған бала бол, бала қылайын» — деді. Бір аяқ боза құйып берді, бала ішті, кемпірге бала болып тұрды. Бір күнде баладан сұрады: «Қайдан жүрген баласың? Айт маған, шыныңды». Бала айтарын да білмеді, айтпасын да білмеді. «Шешеке, шынымды айтайын, Сарыбай дегеннің баласы едім, солай бір жауға шығып едім, әскербасы Телегей Нұрмамбет деген ханымызды өлтіріпті, Тінікей, Күнікей деген екі апамды алып кетіпті, жеті жастағы Жастүлек деген бауырымды бауыздапты, сол жаудан кегімді алайын деп едім,» — деді. Құдай ол тілеуімді бермеді, әскербасы Телегей мені алдап орға түсірді, астымдағы мінген атым дүлдүл еді, сол атымның қайда кеткенін білмей қалдым. Сонан бір уақытта «ием» деп мені есіркеп, аяп, жалғызымда болысып ордан өзі шығарды, сол менің жүрген мән-жайым», — деді.
Кемпір айтты: «Жақсы, бұл сөзің — шын екен. Сен маған шын бала болсаң отынға бар, отынымды боқтама!» — деді. Бала отынға кетті, отынды жаяу жүріп жиып алып, арқалауға келгенде, отынды боқтап салды. Бір арқа отынды алып келді. Кемпір бір аяқ көже берді: «Балам, неге боқтадың?» — деді. «Ертең, боқтамасаң, тоғайға бар», — деді. «Тоғайымның бәрін қопар, жалғызын қалғызба, қопара алмасаң басыңды аламын», — деді. Бала жатты, ұйықтады, ертең тұрды, беті-қолын жуды, тоғайға барды, ағаштарды қопарды, жалғыз ағаш тастамады. Алып келе жатыр еді, көзі терледі, кемпірді боқтады, кемпірдің үйінің қасына тоғайды үйіп тастап, бала үйге келді. Кемпір айтты: «Неге боқтадың?». Бала айтты: «Жаны кейіген тәңірісін қарғайды» демеп пе еді, өзіңді жаратқан құдайдан қалайсың, адамның шамасы келмейтұғын жұмысқа жұрт боқтасын деп жұмсайды ғой деп, боқтағаным сол, онан сенің дәнемең кеткен жоқ, жұмысың орнына келген соң не бар?», — деді. «Жарайсың, балам, жарайсың, сен маған қызмет қылдың, тілімді алып, айтқаныма көніп, айдауыма жүрдің, жаман кемпірдің қолында не тұр дейсің демедің. Енді мен де саған бір жақсылық қылайын. Телегейдің қызына барайын, ол қарды саған көндіріп, үйінде тұра алмастай қылайын», — деді.
— Шеше, сені жолата ма, үйіне кіргізе ме? — деді. Кемпір жөтеліп, шашалып қалды.
— Ойбай! Мына шұнақ не дейді? — деді. — Мен көк кептер болып ұшпаймын ба, қыздың жатқан темір үйдің терезесіне қонбаймын ба! Мен саған бір оңды бай тауып келдім демеймін бе, онан соң, ол қарда жан қала ма? — деді де кемпір көк кептер болып ұшып кетті.
— Қыз бикеш, күрең аттың иесі сені қашан келеді деп, екі көзі сенің жолыңда сарғайды, Сорлы-ау, саған не болды, осы сықылды ат қолыңа түскенде, жануарды ойнақтатып мінетін бір кез болса, қалай дәтің шыдайды? Темір үйде қатқаныңның ғана басына отырмысың, әке-шешең сені қанша жақсы көргенмен бай бола ма, жаман күң-ау?! — дегенде қыз айран-асыр болады.
— Өзім де осыны көрген соң, аттың иесі атын қалай да бір іздеп келіп табар, деп, бағып жатыр едім, бірақ мен оны қайдан тауып, қай жерден жолығайын? — деді.
— Уай, балашығым, мен саған айтайын, ол баланы осы шаһарға алып келіп, бір байға жалшылыққа жүргізейін, жұрт аңыз қылар, бір жат, бөтен жұрттың жас баласы пәленше байға жалданып қойшы болыпты, — деп әркім таңырқап сөз қылар, сол сөз біреуден болмаса біреуден құлағыңа жетер, сонда сен өзіңнен өзің аласұрып ауыр, есіктен төрге қарай домала, төрден есікке домала, «Не қылды, не қылды?» — деп сенен сұрар, сонда сен айт: «Ішім пысты, құса болып өлуге тақалдым, күрең арғымақпен сейілге шықсам екен, жазық жапан даланы көрсем екен», де. Әкең сұм ғой, білер, шығармас. Шешеңе жалын, шешең шығартар. Сені далаға шығармақшы болса, әкең ел-жұртын жияр, той қылар, арақ-шарап берер. Ішкен мас, жеген тоқ болар, сонда сен шығып сейілде жүргенде бозбалалар аңыз қылысар: «Телегейдің жалғыз қызының емшегін ұстағанның арманы бар ма екен?», — деп. Сонда қой бағып жүрген қойшы: «Несі бар дейсің?» — деп, саған келіп шап етіп жабысар. Сонда сен артыңа мінгізіп ал да, қаш. Мен күнді тұман қылайын, сонда құтыларсыңдар!» — деп, ақыл үйретті.
Кемпір үйіне қайтты, балаға келді. «Балам, сені қыз сүйді, сені апарып байға жалдайын, жылына бір қой бер дейін», — деді. Бала: «Жарайды, шеше, мен өзім барып жалшылыққа жүрейін, сіз үйде дұғагөй болып отыра беріңіз, қыз қолыма түссе, салып осында келермін», — деп бала жөнеле берді. Кемпір батасын беріп қала берді. Бала шаһарға келді. «Ақыңа не аласың?» — деп еді: «Бір жылғы еңбегіме бір қой берсең, болады», — деді.
— Жарайды, қойды жақсы бақсаң, қой қотанынан өріп жөнелгенде, тұра алмай соңында қалған жаманы сенікі болсын! — деді бай. Бала: «Болады!» — деп қызыл өгізді мініп алып, қой жайды.
Бір күндерде Телегейдің жалғыз қызы ауру болды. Есіктен төрге домалады, төрден есікке домалады, әкесіне кісі жіберді. «Әкем келсін, мен аурумын, құса болып барамын, сейілге шықсам жақсы болар еді?» — деді. Жіберген кісісі қыздың әкесіне келіп айтты: «Қызыңыз ауру болды, құса болып өліп барамын дейді, сейілге шықсам жақсы болар едім» — деп айтты қызың», — деді.
Әкесі айтты: «Жатсын, сейілге шығармаймын, шықты болды, қыз қашады», — деді.
Шешесі айтты: «Адаммен үйір болған жоқ, тірі пендемен тіл қатысқан жоқ, айтқанмен қаша ма, сейілге шығар. Құдай жаратқан жарық дүниені көрсін, көңілі басылсын, тіпті далаға шықпаған соң, құса болып өліп кетер!» — деді.
— Ұрғашылық қылдың, маған болыспадың, қызыңа болыстың. Егер осыдан қашып кетсе, мен оны қумаймын, үйде қасымда отырған сенің басыңды аламын, — деді әкесі.
Қызды сейілге шығармақшы болды. Ел-жұртын, жамағатын жиды, той қылып, ас берді. Қызы күреңше атқа салт мінді, сейілге шықты, сөйтіп жүргенде Желкілдек келді. «Осы күрең атқа мініп жүрген кімнің қызы?» —дейді. Көп жамағат айтты: «Телегейдің қызы», Желкілдек айтты: «Иттер-ау, біреуің жандасып, жанамалап барып емшегін ұстасаңдар болмай ма?» — деді. Қарап тұрған көп бозбала: «Жаман қойшының көңілі көкте-ау! Ер болсаң, сен барып ұстай қойшы!» — деді. Қызыл өгізді борбайлап, борбайлап, ауқалақтатып жетіп барды. Бір қолын емшегіне салды, бір қолын ердің артқы қасына салды, қыздың артына шап ете түсіп, бір-ақ қарғып мініп алды да: «Ал, жібер аттың басын!»,— деді. Желкілдектің тақымы тигенін күрең ат білген соң, көрген көрді, көрмеген көре алмай қалды, көкке ұшты ма, жерге кірді ме дегендей болды да кетті, Телегейдің ел-жұрты үйіліп қала берді. Желкілдек қызды аман-есен шешесінікіне алып келді.
Қызды сонда қойды да, өзі күрең атқа мініп, қайтадан Телегейдің жұртына келді. Тінікей, Күнікей апаларын іздеп жүрсе, Тінікей өлген екен, Күнікей соның басында жылап отыр екен, Тінікей өлгеніне үш күн болған екен, Күнікей соны қайтерін білмей отыр екен. Желкілдек келді де Күнікейге: «Мен Сарыарқа деген жерден, қазақ деген елден іздеп келген бауырыңмын, апатай, Сарыбайдың баласымын, атым — Желкілдек», — деді. Сол жерде түрегеліп құшақтасып көрісті.
— Айналайын, қарағым, сенен айналайын, артымыздан бізді іздейтіндей ұл туған халқымнан, айналайын! — деп жылап, мауқын әрең басты. Үлкен апасын ақ жауып арулап, терең қазып, тепкілеп көмді де, тірі қалған апасы Күнікейді алып, шешесінікіне келді.
Өзі күрең атқа мінді, семсерін қолына алды, Телегейдің шаһарына барды. Әскер басы Телегейдің шаһарын шапты. Телегейді ұстап алды. Мұрнын тесті, жіп өткізді, жетектеп алып келді, шешесінің үйіне келді, апасын алып жүрді, Телегейдің қызын алды, төртеу болып, өз еліне келді. Әзтемірге жолықты. Амандасты. Көрісті. «О, жасаған, көрсетер күн бар екен!» — деді. Той қылды. Әзтемірге іні болды.
— Мына Телегейді ағаңдай қылып сыртынан жарып, өтін алсын, өз қолымен деп алып келдім, — деді Желкілдек.
— Ой, бұған не қылсақ та обал жоқ еді, сен маған іні болдың, мұнан туған қыз маған келін болды, құдайға разымын. Інім, саған да разымын, тап сені тапқан анаңнан, айналайын, мұның қасықтай қанын, шыбындай жанын қи, келінім, мен сені есен көрген қуанышым үшін байладым, — деп, қол-аяғын босатып, мұрнынан жібін алды.
Телегей айтты: «Мұнан да мені өлтіріп тастағандарың жақсы еді, енді мен не деп жүзіқара болып, қалған ел-жұрттың бетін көремін! Тірі жүрсем — татар несібем, өлсем — топырағым осы жақтан бұйырған екен!» — деді.
Әзтемір айтты: «Айтысқан сөзіміз бар еді, қашпаймын деген, қаштым, оның үшін төбемізден оқ атысайық».
Желкілдек айтты: «Атпа! Мен кештім», — деді.
Әзтемір айтты: «Жоқ, болмайды, атысайық төбемізден».
Желкілдек айтты: «Қой, аға!» — деді. Ақыр болмады, қоймады, айтқан тілді алмады, төбесінен оқ атпақ болды. «Інімсің, бұрын сен ат!», — деді Желкілдекке.
Әзтемір өз төбесіне өзі оқ атты. Оқ дәл төбесіне келе жатыр еді, Желкілдек оқты қағып жіберді. Оқ барып жерге түсті. Енді Желкілдек өзінің төбесінен өзі атты, оқ келді де жерге түсті.
— Кел, тағы атайық! — деді Әзтемір.
— Қой болар, осы атысқанымыз жетеді. Екеуміз де ақ екенбіз, тірі қалдық, — деді.
Әзтемір тіл алмады, «тағы ату керек» деп тұрып алды. Желкілдек: «Атыспаймыз, әлгінде мен болмасам, оқ келіп төбеңе тиетін еді, мен оқты қағып жерге жібердім», — деді.
Әзтемір айтты: «Мен құдайға жалғаншы болып, жалған дүниеде жүргенімнен өлгенім артық, өзімді өзім құдайға бергенім», — деп оқты атты. Төбесінен оқ дәл келді де тиді. Әзтемір өліп қалды. Желкілдек жылады. Әзтемірді көмді. Телегей айтты: «Мен өлген Әзтемірге де разымын, Желкілдек саған да разымын, қызым саған да разымын, сен болмағанда, Нұрманбетке не қылған болсам, маған да Әзтемір соны қылса керек-ті. Енді мен де өзімді өзім хаққа беремін, жалған дүниеде жарты пенде болып күн кешкенше өлген артық», — деп, ұшып түрегеліп, төбесіне оқ атты. Атқан оғы дәл келді де тиді. Желкілдек оны да жақсылап көмді. Телегейдің қызын алды. Некесін қидырды. Күнікей апасын сүйгеніне берді. Өз еліне қайтты. Жеріне келді. Сарыбай әкесі тірі екен, шешесі тірі екен, жалғыз қарындасын Топайқұл зорлықпен алмақ болып, той қылып жатыр екен. Әкесі, шешесі қартайыпты. Желкілдек Топайқұлға ашуланды: «Опасыз, менің қарындасымды зорлап неге алмақ болдың?» — деп жауызды жазалады. Әкесінің малын малданды. Ел-жұртына бас болып, барша мұратына жетті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі