Бұрынғы заманда бір шаһарда Қарадөң батыр дейтін батыр болыпты. Ол уақытта шаһарда Қарадөң батыр тұрғанда шеттен жау келіп ешкім бата алмайды екен. Қарадөң батырдың кішкентай кезінде қалмақтар шаһарды жеңіп, қазақтан бір қыз әкетіпті. Қарадөң батыр өскеннен кейін, «қалмақтар әкеткен қыздан үш дәу туыпты» деп есітіп, Қарадөң батыр іздеп шығып қалмақ еліне барған. Барса, дәудің балалары — Қақтырғай, Шажырқай, Шарпы жас болғандықтан, Қарадөңнің келе жатқанын біліп, күштері келмейтін болғасын қорқып, «өлтіріп кетеді» деп, қашып кетіп қалған. Қарадөң батыр келсе, іздеп келген дәулер жоқ. Екі-үш күн тосып, елінен қырық қысырақтың үйірін айдап шығып, еліне тапсырып кеткен: «Мен Көкшетауға барып, ертеңгі сәскеге дейін тосамын. Не қылса да келіп жетсін, келмесе жүре берем», — деді. Айтқанындай, үш батыр келген жоқ. Сонымен, келмегесін Қарадөң батыр қырық қысырақтың үйірін айдап, еліне аман-есен қайтып келді. Келіп, бірнеше жыл елінде тыныш жатты. Қарадөң батырдың өз әйелі өмірінде бала таппаған кісі екен. Сондықтан, Қарадөң батыр елінде бір байдың он алты жастағы қызына құда болып, бес-алты айдан кейін әлгі қызды алып, Қарадөң батыр той қылып, жұртты жиып, қызық көріп, енді кешкі ойыны болып жатқанда Қарадөң батырдың жылқысына қалмақтың бес жүз әскерімен Қақтырғай, Шажырқай, Шарпы үшеуі келіп жылқышыға айтыпты:
— Мынау кімнің жылқысы? — депті.
Жылқышы:
— Бұл Қарадөң батырдың жылқысы, — депті.
— Ендеше, Қарадөң батырға сәлем айт, біз жылқысынан қырық қысырақтың үйірін әкетеміз, баяғы өзіңнің іздеген Қақтырғай, Шажырқай, Шарпы десең өзі біледі. Дәмесі болса, үш күннен қалмай бізге жетсін. Көкшетауға барып түсеміз. Егерде келмесе, жүре береміз, — деп жылқышыға тапсырып, қырық қысырақтың үйірін айдап, өлеңдетіп жөнелген. Артынан жылқышы келіп, Қарадөң батырға хабар берген: «Осылай, Қақтырғай, Шажырқай, Шарпы келіп, қырық қара қысырақтың үйірін айдап кетті. Барып тоқтайтын жері — Көкшетау. Дәмесі болса, үш күннен қалмай келсін», — деді. Мұны Қарадөң батыр естіп, болып жатқан ойынына қарамай, белдеуде байлаулы тұрған күрең атына мініп, ашумен шыдамай, жөнеліп бара жатқанда артынан шығып, үлкен бәйбішесі айтты:
— Батыр, мүмкін болса тоқтаңыз, мына көрейін деп отырған қызығыңды өз қолыңмен қызықтап барып кетіңіз, — деді. Батыр айтты:
— Мұның дұрыс екен, — деп ойынына өзі отырып қызықтап, жұртты таратты. Сонымен, жаңа алған келіншегінің қойнында жатып қалды. Таң атқанша жас иіспен қызық көріп шықты. Таңертең шайын ішкеннен кейін, батыр жанына ешкімді ертпей жалғыз жөнелді. Артында елі-жұрты шулап, қала берді. Қарадөң батыр айтқанындай, үшінші күні барып жетті. Барса, таудың бауырында, дарияның жағасында жылқыны шатырлатып байлап тастап қалмақтар жатыр екен. Келіп, Қарадөң батыр айғай салады:
— Қайдасыңдар, шығыңдар? — дегенде Қақтырғай батыр келіп, Қарадөң батырмен алыса түсті. Қарадөң батыр Қақтырғайды жеңіп бара жатқанда, Шажырқай келіп жабылады. Ол екеуін жеңіп бара жатыр еді, Шарпы үшеуі жабылады. Сосын тұрып Қарадөң батыр айтты:
— Біреуің, екеулерің келмеңдер, енді үшеулерің жабылыңдар. Үш күнге дейін алсам алдым, алмасам, сендердің жеңгендерің — деп, сонымен үш күннен кейін үшеуі жығып, Қарадөң батырды дарияны ағызып жіберіп, ортасынан қырық кез зындан қазып, батырдың аяқ-қолын байлап ішіне салып, аузына қырық иттің терісін шегелеп, дарияны қайыра үстіне ағызып жіберіп, судың ортасына тірідей тастап, қалмақтың батырлары жылқыны еліне айдап, бірнеше күнде келіп жетті. Ал енді, қалмақ келіп жата берсін. Қарадөң батырдың күрең аты қашып еліне барған. Еліне барғасын күрең атты көріп, батырдың өлгенін біліп, елі батырсыз жетім қалып, жылаумен бірер жыл жүргенде Қарадөң батырдың соңғы алған келіншегі екіқабат болып, тоғыз ай он күннен кейін босанып, бір ұл тауып, елі-жұрты «батырдың тұяғы келді»- деп той қылып, қуанышта болған. Жас бала бес күннен кейін өз емшегін өзі сұрап еметін болған, он, он бес күннен кейін жүріп, ауылдың балаларымен асық, доп ойнап жүргенде бір кемпірдің жалғыз баласын ұпай алып өлтірген. Кемпір баласын өлтіргеннен кейін келіп, Қарадөң батырдың баласын: «Жалғызыңнан жайрағыр, менің баламды өлтіргенше, қалмақтар тірідей дарияның ортасына тастаған әкеңнін құнын даулап алсаңшы», — деген. Бала соны естіп, ертеңгісінде ауылдың басты-басты ақсақалдарын шақырып келіп, бір қой сойып батасын алып, ауылынан бір елу жігіт ертіп алып, күрең атқа мініп және темір етік, темір таяқ алып, әкесінің басына тартты. Ары-бері жүргеннен кейін күрең ат баланы көтеріп алып жүре алмады. Сосын бала күрең атты артынан бос қойып, темір етігін киіп, темір таяғын алып, жолдасы жанында атпен келеді. Үш күнде әкесінің басына келіп жетті. Бала келе сала дарияны екі жағына ағызып жіберіп, шегелеулі қазықтағы иттің терісін алып тастап, зынданнан әкесін алып қараса, кеудесінде ғана жаны бар, ешкімді танымайды. Сол жерде құлан-бұлан атып, бір жеті күн жатты. Әкесі есін білмегесін, күрең аттың арқасына мықтап байлап сауырына қамшымен бір тартып, еліне қарай қоя берді. Бұл бара берсін енді.
Бала Қақтырғай, Шажырқай, Шарпыны іздеп жөнелді. Темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанда бір шаһарға келіп жетті. Келсе, шаһардың сыртында алты ақ киіз үй бар екен. Соның ең артқы, үш ақ киіз үйдің оңтүстік жағындағы үйге келсе, жеті қанат киіз үйді жалғыз өзі алып, бір жалғыз көзі бар кемпір отыр. Келіп босағаға тұра қалады. Кемпір айтты:
— Қыпшақтың баласысың ба? — деп сұрағанда, Қарадөң батырдың баласы тұрып: «Біз, жолаушы келе жатқан, мұсылманның баласымыз. Осы жақта Қақтырғай, Шажырқай, Шарпы дейтін батырды есітіп, соған іні болайын деп келдім».
Кемпір айтты:
— Ойбай, балам, мұсылман көрсе, менің балаларымның жыны бар. Жеп қояды. Оған сенің шамаң да келмейді. Аманыңда қайт.
Бала тұрып:
— Жарайды, шеше, кетейін. Неше айдай жол жүріп қалжырап келеміз. Қарнымыз ашты. Беретін тамағыңыз бар ма?
Кемпір айтты:
— Мұсылманның баласы екенсің, бауырым. Үш киіз үйге барсаң, сонда үш дәудің ішетін тамағы, таңдағаныңды барып ішіңдер. Бала жанындағы жолдасымен барып, бірінші үйден бастап, үш үйдегі үш дәудің тамағын бала жалғыз ішіп шығып келіп: «Кемпір, мақтап жүрген үш дәуің осы ма? Үшеуінің тамағы түк емес екен»,-дейді. Және балаға айтты: «Балам, екі емшегімді ем», — деп еді, жас бала еш нәрсені ойламай бір емшегін еміп, енді қалған бір емшегін еме бергенде: «Тарт, балам, басыңды! Өкпемді суырдың ғой, енді саған берер тамағым жоқ. Кетіңдер, келіп қалса өлтіреді. Мезгілдері жақындап қалды, келе жатқанда борандатып, дауылдатып келеді. Кетсеңдер келетін жолмен кетпеңдер, кететін жолмен кетіңдер!», — деді. Сөйткенше болған жоқ, дауыл, жаңбыр, боран соқты. Бала: «Шеше, енді қайда барамыз?», — деп еді, кемпір айтты:
— Сендер жата қалыңдар, қос тесікті жауып, мен үстеріңе отыра қалайын, — деді.
Айтқанындай, бала жолдасымен екеуі жатты, кемпір басып отырды. Манағы үш дәу келіп үйді айнала жүріп иіскелеп:
— Мынау үйден мұсылман исі шығады, — деді.
Шешесі айтты:
— Келуі келген, бірақ кетіп қалды, — деді. Сол уақытта бала дауысты естіп қалып: «Бұл кім сөйлеп жүрген?», — деп кемпірді көтеріп, атып түрегелді. Жанындағы жолдасы тұншығып кете жаздаған екен, о да түрегелді. Мұның даусын естіп, Қақтырғай үйге кіріп, баланың жағасынан алып, далаға дырылдатып алып шықты. Балаға Қақтырғай мен Шажырқай жабылды. Баланың жолдасымен Шарпы алысты. Сонда тұрып бала айтты:
— Бұл жерде алысуымыз жарамайды. Ауылдың қотанынан шығып, жазық жерге барып майдан қылайық, — деді.
— Жарайды, — деп, үшеуі таудың басына қарай бірін-бірі жұлқып жөнелді. Оның соңынан баланың жолдасы мен Шарпы келе жатыр. Бала барған бетте екеуін екі қолымен қысып әкеліп жығып, соңынан жолдасы мен Шарпы келіп еді, Шарпыны сирағынан ұстап, ана екеуінің үстіне әкеп бала бір соғып қатарлап қойып, енді басын шабуға ыңғайланғанда, екі емшегін жерге сүйретіп шешесі келіп:
— Балам, анаңның ақ сүтін кешесің бе, өлтірме, о да балам, сен де баламсың, — деді.
Бала тұрып:
— Құрғырдың емшегін қайдан еміп едім, әкемнің кегін қалай аламын? — деп ішінен өкініп, босатып қоя берді. Сонымен кемпірдің бес баласы болды. Бұрынғы боран, жаңбыр деген қалды. Бесеуі аңға шығып жүрген, балаға ой түсті: «Мен бұлардан әкемнің кегін былай алайын», — деп. «Ана жерде елік кетіп бара жатыр» деп, желкеге анасын бір қойып, мынасын бір қойып, үшеуін көк жұлым қылып, өлтіруге қаратыпты. Бір күні аңнан келіп, өзінің үш баласы шешесіне келіп жылайды:
— Шеше, мына кәпірден бізді құтқаруға амал жаса, көк жұлын қып өлтіруге қарады, — деп шешесіне мұңын шағып жылаған. Сосын шешесі айтқан:
— Ертең күн жұма, аңға бармай-ақ қойыңдар. Мен елдің адамдарын жиып, менің осы уақытқа дейін келінімнің жоқтығы өздеріңе белгілі. Сондықтан кім әкеп береді Мысыр шаһарындағы Күнікей сұлуды? Күнікей сұлуды келін қылсам, дүниеде арманым болмас еді, — дейін. Сонда «мен барам» деп бала айтып қалар. Айтқанынан қайтпас. Сонда барып құтылармыз, — деді. Айтқанындай, ертеңгісіне ауылды жиып: «Мысыр шаһарындағы Күнікей сұлуды әкеп келін қылсам, дүниеде арманым болмас-еді. Қане, қайсыларың әкеп бересіңдер?» — дегенде жұрт үндемей отырды. Бір заманда Қарадөңнің баласы атып тұрды. «Мен әкелем, мен әкелмегенде кім әкеледі? — деді. — Бірақ, өзіме жолдастық ат тауып беріңдер», — деді. Егерде ат болмаса, бармаймын, — деген. Сонда тұрып кемпір айтты:
— Үлкен балам Қақтырғайдың күрең қасқа аты бар, сол саған жарайды. Әйтпесе, тауып берер атым жоқ, — деді. Және кемпір жұртқа осы жиында бұл балаға мен ат қойып кетейін деп, Қарадөң батырдың баласы «Қанышпен батыр болсын»- деді. Отырған жұрт «жарайды»-деп шуылдады. Сосын бала да айтты:
— Әкем сексен өгіздің жон терісінен өргізген сарыала сапты қамшым бар. Сонымен үш тартып, шаһарды үш айналам, — деді. Жараса, атың жарады, жарамаса бармаймын, — деді. Күрең атын кемпір алғызып келді. Қанышпен батыр шаһарды үш айналды, қамшыны үш тартып. Ат танау қаққан жоқ, балаға серік болды. Қанышпен батыр тұрып: «Мына жолдасымды ырза қылып, жолын беріп, көзімше қайтарыңдар, мен кеткеннен кейін сенің үш балаң қорлықпен өлтіреді» — деді.
Олардың бермеске халі жоқ, қырық қысырақтың үйірін алып, қанша нарға жүк артқызып, Қанышпен батыр жолдасын елдің жиегіне апарып тастап, өзі «елге барсам, босатпай қойып жүрер» деп, жолдасымен амандасып, Мысыр шаһарына тартып жөнелді.
Келе жатса, жолында екі дәу бар екен. Көз ұшым жерде аң болсын, құс болсын, мал болсын, найзамен пісіп алып жеп тұрады екен. Көз ұшым жерден Қанышпен батырға найза тыққан, найзасы ортасынан үзіліп дәудің қолына келе берген, сонымен Қанышпен батыр екі батырға келіп қалған, екі дәумен жеті күн, жеті түн алысып, Қанышпен батыр жеңіп, дәулер қорыққанынан дінге кіріп, дос болған. Одан әрмен Қанышпен батыр үш күн шыққаннан кейін, күрең қасқа ат тулап-тулап Қанышпенді бір соғып жөнелген. Күрең қасқа аттың қашып бара жатқанын екі дәу көріп, өлмесе де өлімші қып, атын сүйреп-сүйреп әкеп берген, Қанышпен батыр дәуге ұрысқан: «Мұнша неге ұрдың?» — деп, Қанышпен және жөнеледі. Екі дәу кетіп қалды. Сонымен, Қанышпен батырды күрең қасқа ат бір жыққанда үш жығып, үшеуінде де екі дәу ұстап әкеп берген. Жүріп келе жатып атына тіл біткен:
— Менің сізді үш қабат жығу себебім, бұрынғы өзімнің ием Қақтырғай батыр екі дәуді жеңіп, үш келіп, үш қайтқан жері еді. Сол есіме түсіп, сізді үш қабат жығу себебім-сол. Ал енді алдымызда жылан мен айдаһар бар. Оның міндетін өзің ал. Одан арманғы міңдетін мен алайын, — деп ат сөйлеген.
Қанышпен батыр келе жатып, жатқан жыландардың шауып бара жатып белінен қиып өтіп, қарсы ұмтылған жыланды қамшымен басқа бір салып, сонымен жыланнан аман өтіп, айдаһарға келеді. Жарқырап жатқан айдаһар улы қайратымен Қанышпенді тарта бергенде, садақпен тартып еді, атқан оғы аузынан кіріп, көтінен бір-ақ шықты. Және семсермен маңдайынан салып өтін екі бөлек қып тастап, одан әрмен тағы жөнелді. От дариясы, су дариясының жанына барғанда атқа тіл бітіп тағы сөйледі: «Сен көзіңді жұмып, үстімде отыр. Қашан мен жерге түсіп сілкінем, өзіңе белгілі ғой, сонда бір-ақ көзіңді аш», — деп уағда қып, ұшып алып жөнеледі. Ұшып келе жатып, су дариясынан өтіп, от дариясынан аттың алды шыға бергенде Канышпен «өткен шығармын»- деп көзін ашып қалып, аттың артқы екі аяғы күйіп қалды. Ат айтты:
— Осы бетпен біз бәйтеректің түбіне барайық, — деп, теректің түбіне барып, бұлаққа шомылып, күрең қасқа ат қуыршақтай болып, Қанышпен тазша бала болып, шаһардың сыртында қалың топ адам бар екен, соны көріп Қанышпен батыр патшаның өз алтын сарайына келіп құртайын деп, далаға атын қаңтара салып, үйге кірсе, қыз-келіншек толып отыр екен. Местің жанына барып шымылдықтың жиегін ашып қарады да бала кетіп қалды. Кеткеннен кейін, Күнікейге патшаның оң қол уәзірінің қызы: «Мына тазша баланың көзі жаман екен, тегінде сені осы алмаса еді», — деді. Күнікей тұрып айтты: «Анаған бердіңдер, мынаған бердіңдер, қалмаққа бердіңдер, енді бермегендерің тазша бала еді», — деп ренжіп отырды. Кісі келіп, Күнікейді алам дегесін, қыздың әкесі күш жетпейтін болғасын, үш серт қылған екен. Біріншісі — қырық иненің көзіне оқ тигізу, екіншісі — шаһардың түгел кісісін жиып беру, үшіншісі — аты бәйгенің алдынан келсе, қызды бермек екен. Тазша бала салып отырып қалың кісіге барды. Барса, жұрттың бәрі жиылып, инені ата алмай жатыр екен. Тазша барып отырып, бұрын таныс болған әкесінің адамымен сөйлесіп отырып, бір дос шалын тауып алды. Кім болса сол атып жатқасын тазша да сұрады: «Маған атуға рұқсат па?» — деп. Патша: «Рұқсат», — деді. Ауылдың бозбалалары тазшаны келіп желкеге ұрды.
— Тазша неме, сенің не теңің, ата аласың ба, текке әуре болма, — дейді.
Сосын тазша айтты: — Е, мен кісі емеспін бе, атып көрейін, — деп, бір-екі таныс бала қалың кісінің шетінде тұр еді «мылтығымды әкеп бере ғой» деп жіберді. Барып, әкеле алмады. Сосын бір жігіт боқтап: «Бұның жақ мылтығы тайына жабысып қалған ба?» — деп ол барып, бір жағын шешіп, бір жағын шеше алмай, тайды баланың жанына алып келді. Бала отырған орнында бір қолмен шешіп алды. Ақылмен нұсқап, жақ мылтығын тартып қалғанда, қырық иненің көзі қырық бөлінді. Және тұрып жанындағы жігіттер баланы тағы ұрды. «Ал, осы инені атқанда саған не түсті? Текке өзіңді шығын қылып, патша саған қызын беруші ме еді?» — деді. Онымен баланың жұмысы болған жоқ. Қотыр тайына мініп, өзінің үйреншікті бәйтерегінің жанына келіп бұлаққа шомылып еді, баяғы Қанышпен — батыр, күрең қасқа -ат болып түрегелді. Сонымен, бала күннің көзімен жарқырап, айдай болып топқа келді. Келгеннен патша тұрып айтты:
— Әлгі ине атқан бала сенсің бе? — деді.
Бала: «Ия, менмін» — деді.
Патша тұрып баланы көріп қуанып:
— Атың кім? — деді.
Бала тұрып:
— Қарадөң батырдың баласы, Қанышпен батырмын, — деді. Патша жазып алды. Сонымен бала қалмақтың аттарымен екі жүз шақырым жерге аттарын бәйгеге жібермекші болды. Әкесінің таныс шалының он алты жаста бір еркек баласы бар екен. Күрең атқа мінгізіп, соны жібермекші болды. Балаға Қанышпен батыр ақылын үйретті: «Сен қалмақтың аттарымен барғанда бір торсық айран ал, оның басында қалмақтың кісілері сиқырмен сені ұйықтатады. Ұйқың келгенде атыңды беліңе мықтап байлап жат. Мен осы арадан көздеп, сенің торсықтағы айраныңды көздеймін. Сонда торсықтың даусынан шошып, атың ала жөнеледі. Сол уақытта оянарсың. Тұрысымен айраныңды ішіп тойып ал. Қойныңа бес-алты уыс топырақ салып ал. Жолында үш жерде сиқыршы кемпір тұрады. Сенің атыңды тоқтатуға бөгет жасайды. Сен тоқтамай, айтқан сөзіне қарамай, топырағыңмен бетке соғып өткейсің».
Сонымен көп атты кісі бәйгеге кетті. Қарауылға келіп, атты жіберерде баланың ұйқысы келіп, атын беліне байлап ұйықтап қалды. Қалмақтар шауып кете барды. Үйде тұрып Қанышпен батыр асыл дүрбімен қарап, аты мен баланы көрді. Көрсе, торсықты басына қойған екен, онымен бірге атын да басына қойыпты. Қанышпен батыр ары сығалап, бері сығалап торсықты атайын деп еді, атса оғы атына тиетін болды. Бір заманда қарап тұрса, аттың төрт аяғының арасынан торсықтың басын көрді. Соны Қанышпен батыр көздеп атты. Оқ тиген торсықтың даусынан шошып, ат баланы ала жөнелді. Бала ояна келіп қараса, жанындағы кісілердің бәрі кетіп қалған. Жалма-жан бала торсыққа басын тығып жіберіп айран ішіп, тойып алып, торсығын қанжығасына байлап, қойнын құмға толтырып алып, бала соғып жөнеледі. Келе жатқан жолында бір кемпір тұр:
— Балам, мына қалашты жей кет, — деп. Бала тоқтамастан топырақпен кемпірдің көзіне періп-періп өте шықты. Сонымен үш кемпірден өтті. Кемпірлер көзін уқалап қала берді. Бала, әлден уақытта, қалмақтың атының шетіне жетіп озып шығып, қалмақтан көз ұшым жер шығып кетті. Шаһарда аттың жолын тосып тұрған көп кісі көз ұшым жерден бір қарайған көрді. Қанышпен батыр өз атының келе жатқанын білді. Сөйткенше болған жоқ, күрең қасқа атпен бала топтан өте шықты. Қанышпен батыр атын бәйтеректің түбіне аяңдатып байлап тастады, ешкімге көрсетпей. Сонымен, патшаның екі сертін Қанышпен батыр орындады. Енді Қанышпен батыр «қызды алам» — деп келген қалмақтың батырымен күресті. Бұрын күрескенде қалмақ қолына тиген кісіні лақтырып жібереді екен. Қанышпенді үйіре берді. Қанышпен батыр күресті білмейді екен. Жандарында отырған қазақ ақсақалдары «кеу,кеулеп» Қанышпен баланың жығылмағанына қуанып: «Балам, көтеріп ал!» — дегенде бала дәуді көтеріп алды да жай тұрды. Сонан соң ақсақалдар: «Жерге таста!» —деді. Қанышпен жерге тастай беріп және тұрып қалды. Дәу баланың денесіне басын сүйеп жатты. Ақсақалдар: «Балам, былай кет!» — деді. Бала қозғалып былай жүре беріп еді, жыққан дәудің аяғының шорт үзілгенін көрді. Сонымен, Қанышпен батыр келген дәуді шыдатпады, бастапқы жығысынша көтеріп соғып аяғын, белін сындырып, жекпе-жекке шыдамай, қалмақтар еліне қашып құтылды. Сонымен, патша Қанышпен батырға Күнікейді бермекші болып, қырық күн ойын, отыз күн тойын қылып, қызық көріп жата берді. Қанышпен батыр қызды әлі алған жоқ. Баяғы бәйтеректің түбінен үй тігіп жата берді. Қанышпен батырдың ойы — қалмақтың тұқымын құрытып барып, қызды сосын алмақ. Бір күні Қанышпен батыр патшаға хабар жіберді: «Менің жаныма әлді жігіттен алпыс жігіт жіберсін. Қалмақтар елдің үстіне келіп қалса, әліміз жетпей жүрер. Сондықтан, ертерек алдынан шолып қамтығанымыз жарар еді». Патша алпыс жігіт ертіп беріп, сонымен Қанышпен батыр қалмаққа қарай жол тартып кетті. Жолшыбай келе жатып бір таудың төбесіне шыға келгенде ар жағында өлеңдетіп-сырнайлатып жатқан қалмақтың қалың қолын көріп тұра қалды. Бір уақытта қалмақтан бір адам келді. Келіп: «Мұнда Қанышпен батыр бар ма?» — деді. «Бізге жалғыз Қанышпен батыр керек», — деді. «Ендеше, Қанышпен батыр осында, жүре бер», — деп қазақтар айтты.
— Мен қалмаққа қарай жақындай бергенде, сендер артымнан бытырап қалмаққа қарай тұра шабыңдар. Сонда қалмақтың беті бір қайрылар, егерде кейін қарай бір кетсе, бізге мәңгі бұрылмайды, — деп жүріп кетті. Айтқанындай, жақындай бергенде жолдастары таудың басынан ойда тұрған қалмаққа қарай тұра шапты. Қалмақтар қорқып көтінен кейін қарай қашты. Қазақтың алпыс жігіті қуды. Жеткенін Қанышпен батыр ұрып жыға берді. Жетпегенін қуып әкеп — шаһарына тықты. Қанышпен батыр алпыс жолдасын жиып алып:
— Сендер мынау жерге, бір ойға барып аттарыңды тынықтыра беріңдер, мен патшасына барайын, — деп жолдастарын жөнелтіп, Қасым деген қалмақтың патшасының алтын сарайына барып әйнектен қараса, Қасым патша алтын бесіктің ішінде жатыр екен. Қанышпен батыр ат үстінде тұрып әйнектен бесік-месігімен суырып алып, алтын айдарынан ұстап тұрып:
— Қане, дінге кіресің бе? — деді.
Қасым патшада зәре жоқ.
— Кірейін, кірейін, жарайды, — деді. Қанышпен батыр патшаға:
— Басыңдағы алтын тәжіңді маған бермесең, басыңды аламын, — деді. Қасым патшаның бермеске халі жоқ. Қанышпен батыр бақыртып тұрып, басындағы алтын тәжін алып, шаһарындағы шіркеуін бұзғызып, түгел дінге кіргізді. Қанышпен алпыс жолдасына келіп, ертіп алып өз шаһарына келсе, шаһарын түгелімен бүлдіріп, адамдарын өлтірген, көше толған-қан. Патшаның алтын сарайына дейін сындырып, патша мен ханымның табанын тіліп,тұз салып, өлмесе де өлімші қылып тастаған. «Күнікейді тауып беріңдер!» деп қалмақтардың бір қолы келіп, осылай бүліншілік жасаған. Қанышпен батыр мұны көре сала, кейін қарай алпыс кісімен қайыра жүрді. Келе жатып, жатқан қалмақтардың қалың қолына жолықты. Келіп Қанышпен батыр: «Сендердің басшыларың кім?» — деп сұрады. Ішінен бір-екі адамды көрсетті. «Басшымыз-мынау», — деді. Сонсын Қанышпен батыр қойнынан Қасым патшаның алтын тәжін суырып алып: «Мынау не?» — деді. Бәрі танып, зәресі ұшып мойындарына су кетіп тұрғанда, Қанышпен батыр алтын тәждің бір жақ шетін тұтатып еді, Қасым патша салып жетіп келіп қалды. Келгеннен кейін, Қасым патшаға Қанышпен батыр елінің бүлініп қалғанын бастан-аяқ түсіндіріп айтып болғаннан кейін, басшы болған екі батырын Қасым патшаға өлтіргізіп, қалғанын елге қайтарып жіберді. Қанышпен батыр тұрып, Қасым патшаға: «Жиырма төрт сағатта шаһарымды шаһар, кісімді кісі қылып бер!» — деді. Қасым патша:
— Құп, болады, бір сөтке босатыңыз, мүмкіншілік болса үйге барып келейін, — деді.
Қанышпен батыр: «Жарайды, барып кел», — деп, өздері неше күндей қалжыраған, шаһардың жанына келіп ұйықтап қалған. Таңертең тұрса, шаһары-шаһар, адамдары баяғыдай көшеде жүріп жатыр. Патшаның алтын сарайын бұрынғысынан да жайнатып қойған. Қанышпен батыр тұрып, атасы патшамен амандасып, патша қызын Қанышпен батырға беріп, көңілі шат боп жата берді. Қанышпен батыр Қасым патшаны атасы өз патшасының үйіне қонаққа шақыртқызып, өз патшасын Қасым патшаға қонаққа шақыртқызып, екі патшаны дос қылып қойды. Екі шаһар мұсылман болып, тыныш жата берді. Бір күні Қанышпен батыр Күнікейді алып, қанша жасаумен кемеге мініп, еліне аман-есен келіп, әкесін тірідей көріп, сөйтіп барып, мұратына жеткен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі