Өлең, жыр, ақындар

Садақбай батыр

Өткен ғасырларда өзбек елінен Садақбай деген бала туып, туған күнінен жаратылыс тұлғасы өзгеше, ірі денелі болған.

Бірақта, Садақбай туған күні ірі, денелі болу зардабынан шешесі қаза табады. Әкесі Садақбайдың туғанына қуанышта болса да жаңа көрген жас бөбегін қалай тәрбие қылудың тәсілі өте қиындыққа соғып, енесінің қаза болғаны ауырлыққа түсіп, мал тауып кәсіп қылудан қалып, бөбегі Садақбайға емізік емізіп, бал жалатып, шекер сорғызып, соның тәрбиесінде болады.

Садақбайдың артынан қалмай жүрген жетімдік, бақытының жоқтығына қарай, екі жастың шамасына келгенде әкесі қаза болып, Садақбай қорғансыз, жетім болып, жалғыз қалады.

Садақбайдың әкесінен қалған мал-мүлкі шамалы болғандықтан, күтім тәрбиясы ауырлыққа айналып, әр адамның қолында тәрбияланып бес, алты жасқа жетсе де Садақбай бір адамның қолында, болмаса бір ауылда орнығып тұра алмайды. Оның себебі, жас баланың әуесі өзі сияқты балалармен ойнауға тура келеді. Балаларға қосылып ойнағанда асық, бекбей сияқты ойыншықтарға жанжалдасқанда көрініп тұрған зорлыққа көнбей, балаларды ұрып қирататын болады. Егер балалар көптеп жабылатын болса күші тасып, жігері қайнап, барлық балаларды бір жерге жиып қойып, үстіне шығып мазақтап, мойындарына шөп-шолаң, топырақ салып жылатып жіберетін болады.

Бұл жұмыстарына балалардың әке-шешелері дауыс көтеріп: «Содырлы, жетім, аулақ жүр», — деп, баланы ардақтаған жуандар арқылы елден қуып, өзбектің қай еліне барса да Садақбайдың көрген қызығы, өткізген дәуірі солай болады.

Сол жағдайлармен Садақбай жеті-сегіз жасқа жетіп, мекен қылатын орны болмағандықтан, жапан түзге кезіп жаяу жүріп, елден безер болып далада су ішіп, түрлі далада өсетін жемістерден жеп, бойына біткен күш-қайратынан зиян шегіп, ел ортасына кіре алмай кемшілік, жетімдікке налып, ішер ас, киер киім таба алмай, он жасқа келеді.

Бұл кемшілік әке-шешенің жоқтығы, онымен қатар паналайтын әкесінің туыстарының болмауынан екендігін біліп, назаланып, тау-тасты кезіп, өкпесі қабынып жүрген кездегі жырлары:

Садақбайдың жыры

Қор боп өткен басым-ай,
Лаулаған оттай жасым-ай!
Жақын туыс менде жоқ,
Жан жолатпас қасына-ай!
Ішерге азық таба алмай,
Елге беттеп бара алмай.
Өзбектің баласы
Мейірімсіз неден жаралды-ай!
Құрбыммен қатар жүрмедім,
Ел қызығын көрмедім.
Бір түзелмес тұрмысым,
Бақытсыз туған мен бе едім?
Тірі жүрсем жетермін,
Арманда өлсем кетермін.
Адам көрер түрім жоқ,
Айуан малдан бетермін.
Ішім толды санаға,
Жан таппадым панаға.
Қосылып аңмен ән салдым,
Шығып жалғыз далаға.

Садақбай сондай зарлы үнмен, қайғылы дауыспен жыр жырлап, тау-тасты кезіп жүріп, бір таудың арасын мекен қылады. Садақбай жан сақтаудың тәсіліне кірісіп, күндіз балық аулау жұмысына айланып, шыбық жинап, шанақ тоқып, дариядан балық сүзіп алып, түнде белгілі тау арасына келіп, алған балықтарын тамақ істеп ішіп жататын болады.

«Тау алпы». Садақбай балықшылық кәсіп істеп, тау арасын мекендеп, он бес жастың шамасына жеткенде өзінің бойына біткен күш-қайраты денесін кернеп, жастықтың әуесіне қосылып, жүрегіне түрлі қиялдар келіп, ауыр күрсініп, өзінің тұрмыс-жағдайына өте қорланып, өзінің басынан кешкен оқиғаларды сезіп, егер өз қолынан іс келгендей бола қалса халқының пайдасына жұмсамақты арман қылады.

Бір күні Садақбай тау арасын аралап келе жатса, алдынан бір тау «алпы» кездеседі. Астында таудай аты бар, екі аяғы салбырап, жер соғады. Белінде қылыш, садақ, қолында темір шоқпар, үстінде темір сауыт, басында болат қалқан, қару-жарағы қамтамасыз, басы бақыр қазандай, үңірейген көзі тостағандай, бойы шынар ағаштай, аузы құлаған апандай, мұрны пештей, осындай суық жаратылыстарын ызғарландырып, ашуланған түрде бір түрлі тілмен сөйлеп, ақырып келген бетінде Садақбайға қылыш ала ұмтылады.

Садақбай тау алпының тілін түсінбегенімен, қастық жасауын түсініп, сасқалақтап, алдында жатқан үйдей тасты екі қолының күшімен көтеріп алып, қарсы келген тау алпын дәл жүректен меңзеп атады. Нығыз тиген тастың зардабы тау алпын атынан құлатпағанымен, есі кетіп талықсып, қолындағы қылышы мен шоқпары түсіп кетеді.

Садақбай тезінен барып шоқпарды қолына алып, сенделіп тұрған тау алпын бірнеше ұрып, атынан жығып, басын қылышпен кеседі. Тау алпын құралсыз жеңгеніне масаттанып, Садақбай тау алпының атын астына мініп, киімдерін киіп, қару-саймандарын асынып, көңілі тасып аңға шығатын болады. Тау ішінен құлан, бұлан, бұғы, марал атып, белгілі жері тау үңгіріне келіп, ас істеп ішіп жататын болады.

Күн санап Садақбай жақ тартуға шеберленіп, кезеніп тартқан оқты үйдей тастан өткізетін болады. Көңілі көтеріліп, күш-қайраты молаюдың арқасында аю, арыстан, жолбарыс сияқты күшті хайуандарды жұдырығымен ұрып өлтіретін болады.

Садақбайдың тау алпынан алған аты өте жүйрік, қанша шабса талмайтын, үстіне қанша нәрсе артса ауырламайтын, басқа жылқыдан биік, жуан сүйекті, кең сүбелі, бота тірсекті, тоқал жалды, қысқа бақайлы, қалың тұяқты, тұлғасы өзіне лайық мінсіз сұлу, жүні кер болғандықтан Садақбай «Керкудан» деп ат қояды.

Садақбай ұзын бойлы, кең жауырынды, ірі сүйекті, денесі піл сияқты тұтас нағыз батырға біткен мүшелі, көзі отты, бір өзіне мың адам батпастай айбынды жігіт болып өседі. Садақбай аң ауламаған уақытта туған елі өзбек халқына барып, аралап келетін болады. Өзбек халқы Садақбайды көріп сынап, батыр атын шығарып, ауызға алып сөз қыла бастайды.

«Шона». Сол кезде қалмақтың Шона деген батыры бір мың әтретпен келіп, өзбек елін шауып, жылқы малын айдап алып кетеді. Шона батырға жан қарсы тұра алмай, өзбек халқы жиналып, Садақбайға келіп оқиғаның түрін айтып, көмек сұрайды.

Садақбай мал алдырған өзбектерді жанына ертіп алып, кеткен қалмақтардың артынан қуып жетіп соғыс салып, көп қалмақты қырып, Шона батырмен қарсыласып, шоқпармен ұрып, күл-талқан қылады.

Шона батырдың қаза болғанын көріп, қалған қалмақ әтреті қашады. Садақбай қарсыласқанын өлтіріп, қашқанын қумайды. Соғысып өлген қалмақтардың ат-тондары олжа ретінде қолда қалады. Оны өзбек елінің кедейлеріне Садақбай батыр бөліп беріп, өзі еш нәрсе алмайды. Қалмақтан айырып алған жылқыларды өз иелеріне қайтарып беріп тиыштандырады.

Садақбайдың бұл істеген батырлығы, нәшәрға қарасуы әлемге жарияланып сөз бола бастаған. Содан кейін әр жерден ханға, байға, биге қылмысты болып малдары талан-таражға түсіп кеткендер Садақбай батырға паналап отыру үшін көшіп келе бастаған. Көшіп келушілер бірін көріп бірі келіп, құралып, көбейіп, бастағы таудың етегіне жиналып, ел бола бастаған.

Келушілердің әрқайсысы әр ұлттардан жиналған, теңдік көрмей хан, би, байлардан қанаушылық, езушіліктің арқасында малдарынан айырылған, тіпті көпшілік жағы жаяулап келгендер болған. Сол жиналудың нәтижесінде, көбейіп алты жүз үйге жақындап аштық, жалаңаштық, жағдайсыздық бола бастағаннан кейін, Садақбай батыр көшіп келушілерді қанат астына алып, күн сайын, атып алып келген аңдарын барлығына бірдейлікпен бөліп, өзіне солармен бірдей үлесін алатын болған. Садақбай атып алған аңдарының терілерін жанындағы қарашыларына илетіп, киім қылдырып беріп, жалаңаш қалдырмауға көңіл бөлді. Садақбайдың қайратына, батырлығына, әділдігіне қарашылардың көңілі риза болып, жиылып Садақбайға келіп сөйлеседі. «Батыр, сен біздің бастығымыз болған соң, ортамызға белгілі болып әйел алып, үй болып орда сайлауың жөн дейміз, бұл жөнінде ортамызда ұнарлық қыз болса, біз қарсылық қылмай саған береміз, сонымен сені қызықтағымыз келеді», — деседі.

Садақбай: «Бұл кеңес — өзім де ойлап жүрген нәрсе, бірақта мен сендерден қыз алмаймын, өйткені маңайдағы елдер бізді, «Садақбай қорқытып көршісінің қызын алды», — деп өсек қылады. Менің ойымша, бойыма кір жұқтыруым дұрыс болмайды. Екінші, мен ел асқан бір сұлуды малымның жоқтығына қарамай алуға бармын. Отырған көпшілік, сендер әр елден, әр рудан жиылған адамсыздар, не естіп, не білесіңдер бұл туралы? Білгендерің болса маған сөйлеңдер!», — дегенде, отырғандардан бір адам орнынан тұрып, сөзге кіреді.

«Түлкі». «Менің атым — Түлкі, затым — қырғыз елінен болады. Жасымнан кедей болып, қырғыздағы Қараман байдың үйінде жалшы болып, сенімді қызметім арқасында Қараманға жағып, жақсы болып тұрдым. «Қараман елден озған бай, жылына алты жүз түйе боталайды. Жылқы малы өріске симайды, санын өзі де білмейді», — деп, қырғыз елі әуезе қылады. Сол дәулетіне сай алты ұлы бар. Солардың еркелеткен, жел тигізбей мәпелеген Күнәйім деген жалғыз қызы бар. Күнәйім десе дегендей сұлу, әлемге сәуле берген күн мен ай Күнәйімнің нұрынан жарық алады деседі. Ұялмай ауызға алуға болар еді. Мен Қараманның үйінде тұрғандықтан, нетүрлі жұмыстарына өте таныстым. Жалшы болсам да сенімді болғаным үшін Қараманның менен жасырын сыры шамалы еді. Сол кезде Күнәйім он екі жас шамасында болуы керек, әкесі Қараман алты ұлынан артық ұстап, жанына алып, кеңесіп отыратын еді. Сондағы Күнәйімнің сөйлеген сөзі, сары майдай толқыған мінезі әлі күнге көз алдыма елестеп тұрады. Күнәйімнің балдан тәтті сыпайы сөзі, талшыбықтай өсіп келе жатқан бойы, адам таппастай жерден ақыл табатын ойы, қандай жанды болсын жүрегінің басына бір жара салмай қоярлық емес еді.

Бір күні мен Қараманның жанында бір шаруа істеп отырғанымда Күнәйім келіп, мөлдіреген қара көзін төңкеріп, күлімдеп, Қараманмен кеңеске кіргенде, мен екі көзімді Күнәйімнан алмай есімді білмей отырсам керек. Менің бұл сырымды Қараман сезіп: «нысафсыз, тұр, кет, мұнан былай маңыма жолама», — деген Қараманның сөзі құлағыма сақ ете қалып, есімді жыйдым. Қараманның ашуын көріп қорқып, екінші жағынан ұялып, үй-ішімді алып көшіп, сіздің панаңызға келіп тұрғаныма, міне, сегіз жыл болып қалды. Қазір Күнәйім 20 жасқа келді. Әлі ешкімге берген жоқ, туған елім болғандықтан, сұрап біліп отырмын. Осы жақындағы алған хабарға қарағанда, Оян деген қалмақ ханы сұрап тұрса керек.

«Оян». Оян-Лоян деген бір туысқан екі батыр жігіт, заттары қалмақ болуы керек. Қазір Оян қалмақтың бір тайпа елінің бегі дейді. Інісі Лоян батырлық істеп, жанына неше мыңдаған қалмақ әтіретін ертіп, дүние кезіп, соғыс ашып, ел талап, мал көбейтіп, адамнан беті қайтпай жүрген болу керек. Жинаған әтрет, дайындаған құрал түріне қарағанда өзі сияқты ірі батырдың қолынан келмесе қырғыз, өзбек, қазақ секілді аз ұлтты халықтарға арналып шыққан жау деп айтуға ауыз барады.

Бірақ естуімше, Күнәйімнің Оян бекке баратын ойы жоқ, — дейді. «Оян қалмақ маған тең болмайды, өйткені ел талаушы, қан төгуші қанағатсыз болғаны үшін мен Оянды сүймеймін. Маған адамға нақақтан зияны жоқ жазасыз у тырнағын салмайтын, өзбек, қырғыз, қазақтан туған, осы Ояннан құтқарып алатын ер болса, соған барар едім», — деген Күнәйімнің зор қайғысы, барлығын естіп отырмын. Сонымен, осы айтылған Күнәйім сұлу сізге лайықты серік екендігін еске саламын. Әкесі Қараман Күнәйімді Оян қалмаққа беруге көңілі соқпағанымен, Оян-Лоянға қарсы тұрар күш-қуаты болмағандықтан, қалмақтардың сорлы қылыштарынан қорқып: «мал-мүлкімді талап, өзім қалмаққа құл, әйелім күң болғаннан, не көрсе де Күнәйім көрсін!» — деген пікірмен, Оянға Күнәйімді бермек болып, бір айдан кейін келуге қаратқан сөзін естіп отырмын», — деп Түлкі сөзін бітірді.

Садақбай батыр отырған көпшілікке қарап: «Менің іздегенім — сондай қыз еді. Мұның ретін қалай келтіруге болады. Көңілім осы жолға жүруге соғады, сендер қандай ақыл бересіңдер?», — дегенде, отырғандар әңгімені талқылап, салыстырып, астыртын кісі жіберуді ұйғарады. Алдымен бұл жолы: «Түлкі баруға лайық, өз елі, жеріне таныс болғандықтан жөнін келтіріп Күнәйімға сөйлесіп, үйден біліп жүрген жолының мәнісін айтып көрсін. Егер Күнәйім жылы сөз беріп, ойлағандай болса, әкесі мен ағалары қалмақтан қорқып бермек болғаны рас болса, бөтен сөз сөйлемес», — деген сөзге тоқтап, ат-тонын қамдап, Түлкіні қырғыз еліне жібереді. Түлкі арада бірнеше күн жүріп, қырғыз еліне барса, он мың әтретпен Оян-Лоян қалмақтар шеру тартып келіп қалғанын көреді.

«Қараман бай қызы Күнәйімді Оян қалмаққа беру жабдығына кірісіп жатса да, Күнәйімнің Оянға баратын ойы жоқ», — деген хабарды алты ағаларынан естіп, «қалай жылатып, көз алдымызда қалмаққа байлап береміз, бұған қарсы тұрарлық өзбек, қырғыз, қазақтан туған ер барма екен?», — деген пікірмен сандалып тұрғандарының үстіне Түлкі барып түседі. Күнәйім Түлкінің келгендігін естіп, шақырып алып сұрайды: «Сен әкемнің ашуланған бетіне шыдамай көшіп кетіп едің, сені өзбекте Садақбай деген батырдың қоластына барды», — деп айтады. Біздің басымызға мынадай қиыншылық түсті. Садақбайдың мына қалмақ жауға қарсы тұрып, жаудан айырып олжаланатын жайы бар ма? Сыртынан атын, батырлығын естіп Садақбайға құмарланып едім, соның анық-қанығын сұрауға сені шақырып отырмын, қане, батырыңның жайын артық, кем қылмай түзу сөйле!», — деді.

Түлкі: «Менің елден кеткеніме сегіз жыл толып отыр, сол кеткен бетімде тура барып, Садақбай батырдың қолында тұрдым. Садақбайдың несін сұрайсың, жігіттігінің, батырлығының міні жоқ, мың кісіні бір адамдай қауып қылмайды. Оның күш-қайратын сөз қылсаң, шын ашуланып шоқпармен ұрған болса, Алатауды талқан қылар еді. Бірақта, дәулеті аз, бір өзіне қарап отырған алты жүз үй бармыз. Соның барлығын аш-жалаңаш қалдырмай күш-қуатымен асырап отырады. Садақбай мал табайын десе, қиын болмас еді. Бірақта, адамға зорлық қылуды, ел талауды, қан төгуді сүймейді», — дегенде Күнәйім сөзді тыңдап, Садақбай батырдың қалына түсіп: «Менің іздегенім: осындай адамға зорлық қылмайтын, жазасыз қан төкпейтін батыр еді. Біздің сұлулық атымыз жайылып кетті. Бізге деген жау көп болады. Бүгін Ояннан құтылғанмен, ертең басқа бір жау шығуы мүмкін. Сондықтан, осындай бір батырға арқа таямағанда болмайды. Соның үшін Садақбай батырды алып келіп, маған жақсылық қылсаң арманым қалмас еді», — дейді. Түлкі: «Садақбай батырдың келуі, оның мына қалмақтан сені құтқарып алуы қиын болмас еді. Бірақта, мына қалмақтарың елді қамап келіп қалған көрінеді, оны қалай тоқтатуға болады. Менің осы жүрген жолым, Күнәйім, сенің сырыңды естіп уайымға түскен басыңды аяп, Садақбай батырға сені сыртыңнан мақтап, саған іздеп келуге көндіріп, анық ауыздан хабарыңды біліп қайтуға келген едім. Бірақ іс бұлайша көрінеді. Ақыл қорытып, іс қылу керек», — деген. Күнәйім: «Түлкі, сөздерің дұрыс болса менің мақсатыма тура келеді. Маған Оян қалмақтың тоқтауы оңай, әкемнің, Қараманның «кел» деп уәде берген уақытына әлі он бес күн бар, оған он бес күн қосып, бір айға дейін Оянды тоқтата алмасам, Күнәйім атанып ел аузына алынғаным бекер болсын. Қалайда, Түлкі, маған сен қызмет қылып, бір ай уақыт ішінде Садақбай батырды алып келу шарасын көздеуіңізді өтініп сұраймын! Менің ағаларымның сөзі де осы болады. Олардың жауға қарсы тұрарлық шамалары болмағандықтан, амалсыз отыр, болмағанда, бастайтын ер болса қосыла шабуға даяр. Бұл жағдайды ағаларға кеңесіп, олар арқылы әкем Қараман байдың өзімен ақылдаса отырып орындауға да болады!», — дейді.

«Хабаршы қалмақтар». Оян қалмақ он мың әтретпен келіп орнығып, Күнәйім сұлуды алмақ болып көңілі тасып: «Мен әуелі, Күнәйімді көруім керек. Егер Күнәйімнің ақылы, көркі, мінезі бой сымбаты түгелінен ұнағандай болса аламын. Егер бір жері ұнамай шығатын болса, маған қыз табылмай жүрген жоқ, алмаймын», — деген пікірде өзінің сенімді жолдастарынан үш қалмақ жігіттерді қабаршыға Күнәйімді шақырта жібереді. Келуші қалмақтың шешендері, оян бектің көруге шақыртқанын сұлулап айтып, бектерінің дәрежесін көтеріп, Күнәйімді сынап, сынына келмесе алмайтын екендігін ескертіп, бұл сөздерінен жауап күтеді. Күнәйім: «Сенің Оян бектеріңіз көруге несін шақырады. Менің көркім, сұлулығым, мінез-құлқым өзінің сыртымнан естігенінен жүз есе артық екен деп ойласын, асығыс мінез ұнамайды. Әкем, елжұртым бермек болды, мен көндім. Бірақта, бек болған, ел ұстаған адам айтқан, уәделі сөзінде тұруы керек болады. Әкем Қараман байдың «кел» деген күнінен Оян бектің «келемін» деп уәде берген күніне әлі де он бес күн бар, айтылған мерзіміне қарамай келіп қалу — атына ұят секілді жұмыс. Екінші, менің амандасатын елім бар, кестелеп киетін тоным бар, сол шаруаларым біткенше, маған әкем Қараманға берген он бес күннің үстіне он бес күн қосып, бір айға кеңшілік берсін. Мен бұл тілекті көңіл басқа болып, қойып тұрғаным жоқ. Оян бекті көріп, қосылуға мен де асығып отырмын. Бірақта, кестелі тоным бітпегеннен, бектің алдына киіп баруға жарамды киімім болмай отыр. Менің көрнекті болып барғаным — екі жағымызға да үстемдік. Онымен қатар, Оян бек бұқара-шаруадан оқшау болғандықтан, бекзадалық рөлін орындап, уәделі күнге, мерзімді уақытқа тоқтауы лайық болады. Егерде Оян бектің маған сенімсіз ойы болғандай болса, мына қолымдағы алтын сақинамды беремін, бөтен ойымның жоқтығын сонда білсін», — деп, қолындағы алтын сақинасын алып, қабаршы қалмақ жігіттердің қолына беріп, осы айтылған сөздерін түгендеп, «Оян бекке айтыңдар!», — деп қайтарады.

«Оян». Оян бектің Күнәйімға жіберген елші жігіттері мен Күнәйімнің келуін күтіп, асығып, бір минут уақытты қиыншылықпен өткізіп, екі көзі төрт болып жолға қарап отырғанда қабаршы жігіттері келіп, Күнәйімнің сөздерін түгелінен айтып түсіндіреді. Және «сенімді белгі үшін» — деп, қолынан сақинасын бергендігін айтып қолына табыс қылады.

Оян бек Күнәйімнің айтқандарын мақұлдап: «Қараманның өзі беріп отырған қызы қайда барады? Мен оны қалай жіберемін, менің уәделі күнім толмай келіп қалуым — қате. Екінші, киетін киімі бітсін дегені, маған ұнатпай ма деп сенбегені, өз бойынан, киер киімінен қорынғаны. Сондықтан, бой түзеп, сұлуланып көрінейін дегені шығар. Күнәйім, мені сараң екен демесін, менен сұраған отыз күннің үстіне он күн қосып, қырық күн кеңшілік бердім. Қамтамасыз болып, түзеліп, киініп, моншақтарын тағынып, жұрт таңырқағандай болып, сол қырық күннің артынан көрінсін!», — деген сөзді қайтарады.

Оян бек масаттанып, менің атағым елге жайылған өзім батыр, өзім бек болдым. Дүние жүзінде бақытта теңдесім болса да, батырлықта теңдесім жоқ десем де болады деп оқшауланып отырады.

Оян бектің бұл сөзін інісі Лоян батыр ұнатпай айтады: «Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк болады», — деген халық аузындағы мақалға тура келіп жүрмесін. Мен осы Күнәйімнің арман сілтеп, бір ай кеңшілік сұрап айтқан сөзінен шектеніп отырсам, өзің тағы да он күн қосып қырық күн болсын, деп отырсың, менің бұл жұмыстың артына көзім жетпейді», — деп наразылық білдіреді.

Оян бек: «Олайша ойлауға болмайды. Күнәйімда басқаша ой болмауға тиісті. Себебі, маған сенімді белгі үшін мына қолындағы сақинасын беріп жіберіпті. Одан кейін біздің қалмақ, қазақ, қырғыз, өзбек арасында Оян, Лоян атымыз шығып, әлі күнге бетімізді қайырып көрген біз секілді батыр жоқ, қарап отырып көлеңкеден қорқып, айтқан сөзімді қайтарып алып бектігіме, батырлығыма кемшілік келтіруім дұрыс болмайды. Айтқан қырық күн өзіне еркін тон кестелеп, көңіліне не келсе істесін!», — деген сөзіне қарсы Лоян батыр қызу сөзге кіріп: «Босқа мақтанып бек болдым, батырлығыма дүниеде тең болатын жан жоқ деуге болмайды. Себебі, біз дүние кезіп, сыналып болғанымыз жоқ, мен естіп жүрмін, өзбек елінде Садақбай деген батырды. Егер, Садақбай естудей болса, ешкімнен қорқарлық емес деседі. Құрғақ сөзбен жетіліп, мұңсыз бола бермей, ерден ердің қаупы бола отырып, батырлықты майданда көрсетуге тиіс. Біздей талай батыр бар шығар. Біз оның қайсысымен табандасып жеңдік. Өткен қалмақ пен өзбектің соғысында біздің қалмақтың Шона батырын өлтірген Садақбай батырды естіген жоқ екенсің», — дейді. Оян: «Садақбайды мен естіп, білгемін. Садақбайда жалғыз аттан басқа малы жоқ кедей, жалғыз жігіт. Онан қашқан, мұнан қашқан құралып кедей ел болып, солардың аш-арығын асырап, аң аулап, күн өткізіп жүрген бір мерген бала болуға тиіс. Шона батырды өлтірсе, мергендігінің арқасында өлтірген шығар, болмаса мақтаулы күш-қайратын естігем жоқ. Оның күш-қайраты болғанмен, не деп бізге беттеп келеді, қалай жүрегін тоқтатып бізбен соғысады? Жалғыз атты кедейге Күнәйім қалай тиеді? Сен болмастай қиялмен мені қорқытып, айтқан сөзімді қайтып алдырмақ боласың, бұдан кейін маған қарсы мұндай сөз айтушы болма!», — деп сөзінің аяғын ашуға айналдырып, інісі Лоян батырды елге қайтармақ болады. Оян бектің ашулы түрін көріп Лоян: «Менің айтқаным жай дәйім сөз, болмаса бізге жасанып тұрған жау болмау керек, алайда мұнда көп жататын болдық, сондықтан, менің елге қайтқаным лайық болар, сонда маған мына әтреттен қанша бересің, өзіңе қанша алып қаласың?», — дейді. Оян бұл сөзге ашуын басып, ақылға келіп: «Мұнда көп әтрет керегі жоқ, үш мың әтрет қалсын, қалған жеті мың әтретті алып, сен елге жөнел, өйткені, біздің тұяғымыз әркімге тиген, екеуіміз үйде жоғымызды біліп, бір жағынан елге жау келіп жүрмесін», — деп үш мың әтрет жанына алып қалып, қалған жеті мың әтретпен Лоян батырды қайтарады.

Күнәйім қырық күн кеңшілікті естіп қуанып, ағаларын шақыртып, Садақбай батыр туралы пікірін сөйлеп, Оян қалмақтан айламен қырық күн кеңшілік алғандығын сөйлеп, Түлкінің келгендігін айтады. Ағалары бұл жұмысты ұнатып, Қараман баймен ақылдасып, тез уақыт ішінде Садақбай батырды алып келуге Түлкіге Қараман байдың қара тұлпарын мінгізіп, еліне қайтарады. Ол он бес күн шамасында оралып келуге уәдесін береді.

Түлкі жолға түсіп, қара тұлпардың бар өнерімен қарыштап, келуінде он күн жүріп келген болса да қара тұлпардың ұшқырлығының арқасында өзінің еліне екі күнде келеді. Аңнан қайтып келе жатқан Садақбай батырға кездеседі. Қанжығасында құлан, бес бұғы, сегіз марал олжалары көрінеді. Үстіне артылған сонша жүкті елең қылып Керкуде ойына алып терлеген жоқ. Садақбай батыр Күнәйімнің жайынан түсініп, Қараманның құдалығы амалсыз қорқу екендігін біліп, Күнәйімнің көз жасымен айтқан сәлемін қабылдап, ерлік қайратына мініп, көпшілікпен кеңеседі.

Көпшілік Садақбай батырдың жалғыз баруын лайықтамай, аз дегенде үш жүз әтрет жинап алып баруды мақұлдап, өз араларынан бәрін жинағанда жүз шамалы ғана жауға мінерлік ат табылады. Құрал-сайман жағы екі жүз адамға жетерлік болғандықтан, көпшілігі қоныстас отырған Сараңбай деген байдан ат сұрауды ұйғарады. Егер Сараңбай жүз ат берсе, екі жүз әтретпен жүруді мақұлдасып, Сараңбайға Түлкіні барып ат сұрап келуге ұйғарады. Қалғандары жол жабдығына кіріседі.

«Сараңбай». Осы Садақбай батырдың ауылы мекен еткен таудың батыс жақ бөктерінде отыратын, өзбек елінен Құлтай деген тоғыз мың жылқысы бар, сиыр, қой, түйе малдары тағы көп бір бай адам болатын. Бірақта ол малы көп болғанымен, адамға мейірімсіз. Үйіне қонақ қондырмайтын, маңына бір жан жолатпайтын болғандықтан өзбектер халқы «Сараңбай», — деп атап кетіп, сол атты Құлтайдың өзі де, маңындағы халық та қолданып, бұрынғы Құлтай аты жоғалып, Сараңбай десе түсініп, Құлтай десе ішкім білмейтін болған. Қаншама сараң болса да, малы бар болған соң, үш әйел алып, баласы болмаған. Өзіне жақын туыстар сараң байдың қайрымы жоқ болғандықтан, жанында отырып жан сақтау қиын болғандықтан, әр елдерге көшіп кетіп жан сақтаған. Сараңбайдың кәсібі өзінің малын бағып, шаруасын қарап ішкімнің үйіне бармайтын болған соң, оның түрін көрген соң басқа жан Сараңбайдың үйіне де бармайтын болған. Малшы, бақташыларымен ғана аз отыратын болған. Қысқаша айтқанда, Сараңбайды адам танымайтын болса, Сараңбай да бір жанды танымайтын халге жеткен.

«Түлкі, Сараңбай». Түлкі тау бөктерлеп келе жатып, ұшы-қиыры жоқ жылқыға кездесіп, айналасына көз салып, тамашалап тұрғанда алдынан қартқа басқан буырыл сақалды, орта бойлы, маңдай терісі тырысқан, қабағы қатыңқы адам кез болады. Қарттың астында көкшолақ аты бар, ауыздығын алып, жүре оттатып аяңдап келе жатыр. Басында түйе жабағысынан сырыған тымақ, үстінде кең тоқыма шекпен, қарына қорық ілген. Түлкінің таңырқап тұрғанын ұнатпай, «біреудің малын не жұмыспен аралап жүрсің, қайда барасың?», — деген ызғарлы жауап қатады.

«Ақсақал, малыңды аралағаным болмаса, зияным жоқ. Менің атым — Түлкі болады», — дегенде, қарт: «Сен қандай түлкі боласың?» — дейді.

«Мен, Садақбай батырдың жігіті — Түлкі боламын». Қарт ұзын кірпігін тігіп үңірейе қарап: «Ендеше, жарайды, қай жақтан бет алып шығып едің?», — деуіне қарсы Түлкі: «Мені Садақбай батыр жіберіп еді, өзі жол жүрмек, осы жақта жасы үлкен бір ағай бар, соның амандығын біліп, мына жүрмек жолға ақыл сұра деген еді», — дейді. Қарт: «Ол ағасы кім, жүретін жолы қандай, не ақыл сұрамақ?» — дейді.

Түлкі қартпен кеңеске кіріп, сұрақтарына жауап беріп: «Сәлемдес деген ағасы сіз, атыңыз Сараңбай боларсыз, жүретін жолы қырғыз еліне бармақ, ондағы жұмысы Қараман байдың Күнәйім деген сұлу қызын қалмақта Оян, Лоян деген батырлар зорлап алмақ болып, соған Садақбай батырды шақыртып, Күнәйімді айырып алса Садақбай батырға бермек болған. Бұл күнде қалмақтың бегі Оян батыр жеті мың әтретпен қырғызды қамап жатқандықтан, сонда баруға аздап әтрет құрастырып еді. Соған мінуге жарамды жүз ат сұрауға жіберді», — дегенде Сараңбай бұрынғыдан түсі өзгеріп, қабағын түйіп, қырын қарайды. «Әңгіме сатулы болып шықты ғой, жүрген адам сұрағалы жүреді ғой, бізде мінуге жарамды жуас ат болмайды, жүген құрық тимеген қашаған болады. Батыр өлшеусіз сұраған екен, бірер-жарым болса мына мініп жүрген көкшолақ атты болса да беріп жіберер едім, мал шетіне келгенше амалдай тұрар едік, әлде болса осы көкшолақты алып кет, жолдастарыңның бірі мінуге жарар, батыр өкпелер, басқаға беретін бір тостаған сусыным да жоқ. Бізде бала жоқ болған соң, бар сүйенгеніміз, осы аз ғана малымыз болады», — деп, олай-бұлай малына қарап, көзімен айнала шолып қояды. Түлкі: «Мен көкшолақты алмаймын, ол сияқты арық ат, мың салса жортпайтын шабан, тоғыршық таба алмай жіберіп отырған жоқ. Саған жібергенде, «өнері-күйі жарамды жүз ат» деді. Садақбай сияқты ел батыры жауға бет алып шыққанда күш, көмек көрсетіп қошеметтеп жіберу — ардақты борышың емес пе? Әсіресе, Оян, Лоян батырлар — ел шауып жаман үйренген адамдар. Ертеңгі күні сенің мына көп жылқыңды естіп келіп қалса, Садақбай сияқты батырдың сағанда керек күні туады. Осындай содырлы қалмақтың алдын алып, көмектеп, Садақбайды аттандырып, бетін қайтарып қойсаң, малы бар момындарға бейбітшілік сонда туады. Болмағанда, бір күні Қараманның басына түскен қиындық ертең өз басыңа келуін анық деп біл, оның үшін сенімің күшті болсын», —дейді .

Сараңбай бұл сөзден қысылып: «Сен, Түлкі, сөзге түсінбей отырсың ба? Мен бар-жоғы жуас малды айтып отырмын, батырға ондап, бестеп берсем де жарар еді. Бірақта бізде жуасы жоқ, барлығы қашаған тентек қалай ұстап аларсың, сөзге нансаң, осы жылқыда көзің көріп отырған көкшолақ ат пен екі-үш малдан басқа мініс көрмеген, құрық жүген көрген мал жоқ. Кім мінеді? Балам жоқ, жақын туыстарым маған қарасты болып отырғандарын бұлдап, «малыңнан бөліп бермейсің» деп көшіп кетіп отыр. Айналасы төрт-бестей жеке ауыл болып, малшы-жалшыларыммен ғана отырмын. Олардың малдары жоқ, артық алатын көп ақысы да болмағанымен, айран-шалап ішсе де тамақтары тоқ, уайым-қайғылары жоқ отырады. Маңымызда бас жан, болмаса ауыл жоқ. Әңгіме-сөзбен жұмысымыз болмайды. «Сараңбай әңгімені жаратпайды», — деп маған қонақ келмейді. Шынында, менің әңгімелесіп отыруға шаруадан қолым тимейді. Сондықтан, бізде ат мініп, жаратып бүгілтіп жүретін жігіт жоқ. Біз — шаруа бағып, мал өсіріп, ошақтың үш бұтынан сұрап отырған елміз», — депті.

Сараңбайдың көп сөзіне қарамай, Түлкі: «Мен көп отырмайын, сөздің қысқасын сөйлеп, сұратқан жүз атын бересің бе, оның ұстауын, мінуін ешкімнен сұрамайды», — дейді.

Түлкінің сөзіне ширығып, Сараңбай қалай сөйлесін. «Өмірде жан аралатпаған жылқымды жат адамға аралатып ат ұстатып, жануарларды шыңғыртып, тулатып, шулатып мінгізгенімнен өлгенім артық емес пе? Жылы сөйлегенге басыма секіріп барасың ғой. Садақбайға беретін атым жоқ. Мені жаудан айырып алмасын. Оның әйел алуы маған міндет емес. Алыстағы Қараманның қызын қойып, жақыннан бір кедейдің қызын алса болмады ма? Өзі кедей болған соң, байдың қызында не жұмысы бар? Өзінде жоқ атты сұрамасын!», — деп ашуланып, Түлкіге жолыққан жерде түсіп, артқы аяғынан шылбырдың ұшымен байлап жіберген көкшолақ атты ұстап мініп, өз бетімен сөйлеп, күбірлеп, жөнелуге айналады. Түлкі: «Сен ат бермесең де Садақбай батыр бұл жолға барар, бірақта осы малды аман сақтап отыра алсаң жарайды ғой, осындай мінезіңді шет елдер естіп қалса, әлегің аспаннан келіп, өкініп жүрмегейсің? Бұл күн Садақбай батырдың қадірін білмесең, ертең басыңа іс түскенде алдына барып жылама, жауыңа жәрдем сұрама!», — деп ашумен атын бұрып, еліне қайтады.

Сараңбай жылқыны жинап, суатқа бетін бұрып салып, үйіне келіп Түлкінің келгенін, оның сұраған атын беру орнына қатты сөз айтып жібергенін айтып қоқиып отырады. Малшы-жалшылары күні үшін қошеметтейді.

Сараң байдың Баршын атты ең кіші әйелі кедей қызы еді. Алайда білімі бар болғандықтан, Сараңбайдың мінездерін жаратпай, неше жерде қарсы шығып, айыбын бетіне басып айтамын деп, неше рет сөгіс алып, таяқ та жеген еді. Сол Баршынға бұл жұмыс ұнамаған екен. «Садақбай батыр жіберіп сұратқанда жүз ат берсең көп емес, алайда, жақсы жылы сөзбен жиырма-отыздап берсең де өкпелемей кетер еді ғой, ат бермегеннің үстіне «сөгіп жібердім» деп отырсың, батырдың ардақты аруағын шамдандырып, бір нәрсеге кез болмасаң жарар еді. Бірақ, Садақбай батыр марғау елді талауды, қан төгуді сүймейді, бізге тимейді. Мен басқадан қауіп қылам. Бұл сөзің шет елдің құлағына тиіп қалса, малыңның қолыңда тұруы екіталай болар». Баршынның сөзін Сараңбай жаратпай: «Ей, Баршын, сен кедейдің қызы едің, маған келіп адам қатарына кірсең де кедейді жақтап сөйлеуді қоймайсың. Мен малшыларға сөйлесем де арасына түсіп жатқаның, енді «кедейлігін айттың», — деп Садақбайдың арасына түсіп жатырсың. Садақбайға қосылып, сен де маған қолыңнан келгенін қыл, малға сатып алған сен де маған ақыл үйретпек боласың ба? Әйелге не сөз керек, істеген шаруасын біліп, ас-суын ұқыптап отыру болса, болғаны», — дейді.

Баршында жарыса сөйлейді: «Олайша еліре сөйлеп, айға шапқан арыстандай мерт болып жүрме деймін. Болмағанда, шашбауын көтеріп Садақбайды жақтап отырғаным жоқ. Байқамай сөйлеп, артынан өкінуде пайда жоқ, менің жаным ашып айтқан сөзімді қас көресің, мұның артын күт, кімнің сөзі жөн екенін білерсің. Менің «кедей» деген сөз — күнде естіп жүрген сөзім. Оған намыстанбаймын. Бірақта, істің түзу жөнін айтпай тұра алмаймын».

Сараңбай ашуланып, қамшы ала жүгіріп Баршынды ұрмақ болады. Малшылары арашалап алып, әңгімелері сөнеді. Енді жаңадан шыққан кеңес мынау болады: Малшылар болып, Сараңбайдың бәйбішелері қосылып Баршынға үгіт-насихат айтып, бұдан былай байдың алдына шығып, қарсы сөз сөйлемеу үшін ғана айтылып, араларына татулық сөздер сөйленеді.

«Садақбай батыр». Садақбай батыр қобалжып, асығыстап Түлкінің келуін, Сараңбайдың қандай жауап беруін алаңдап күтіп отырғанда Түлкі барып, Сараңбаймен сөйлескен кеңестерін бір-бірлеп қалдырмай айтып, ренжіп қайтқандығын айтады. Садақбай батыр Түлкінің көңілін аулап: «Сен ренжімей, Сараңбайды қоя тұр. Ол бұрын адамға түзу қарап қонақасы беріп көрмеген жан ғой, қалай берсін, жаратылысы солай. Адамға бұрын жүріп көрмеген жол қиын болатын. Оны ақылға түсіріп, білмегенін білдіріп кетсе де жарар еді. Бірақ, оны талап, бүлік салып кетсек, бізге ел күлер, «жауға мініп баратын ат бермедің» деп Сараңбайды «талан-таражға салды» деген ат тағылып, өмірлік сүйекпен кетер, бұл — маған намыссыз жұмыс. Екінші, ұзын жол, жас тілекке нақақ адамды қан жылатып кету, жолға кесел болып, алдағы мақсатқа бөгет жасауы мүмкін», — дейді. Қолдағы бар мүмкіншілік, даярлықпен жолға шығатын болып, әзірленген жүз атқа жүз жігіт жарақтап мінгізіп, Түлкіні ертіп бет алып, Садақбай батыр айбаттанып, жолбарыстай қайраттанып, қару-жарақ асынып, темір сауыт киіп, алты жүздей азаматына амандық айтып, қайтып оралуына қырық күн уәде беріп, Керкуданға мініп, аяғын алшаң бастырып, жүз жолдасын бастап, алдына түсіп жол тартты. Күн-түн жүріп, алты сөтке өтіп, жетінші қоналқада Қараман елінің шетіне жетті.

Қырғыз елі Садақбай батырдың келгендігін қуанышпен қарсы алып, Күнәйім сұлуға сүйінші сұрауға шаптырды. Сүйінші сұраушының жыр-толғаумен айтқаны:

Асып туған Күнәйім,
Сүйінші сенен сұрайым.
— Қалмаққа қор боп кетем, — деп,
Қылып едің уайым.
Тілектес болған көп халық,
Іс қыла ма басқарып.
Батыр келді өзбектен,
Келіп тұрмын мен танып.

Күнәйім:

Көзбен анық көрдің бе?
Жолығып сәлем бердің бе?
Батырлыққа лайық па?
Түрін сынап білдің бе?
Аты-тоны сай ма екен?
Денесі күшке бай ма екен?
Сегіз сайы сарала,
Аспандағы ай ма екен?
Батыр емес жай ма екен?
Мінгені жабы тай ма екен?
Аты-жөнін білдің бе?
Тұрағы болар қай мекен?

Сонда:

Атын білдім, Садақбай,
Денесі тұтас болаттай.
Піл сияқты тұлғасы,
Жан пар келмес алапта-ай.
Алдынан дұшпан қашардай,
Аруағы басардай.
Күнәйім сынды арудың,
Көңілі балқып тасардай.
Мінген аты кер екен,
Жан көрмеген бел екен.
Ер Садақбай батырға
Арналып туған дер екен.
Күш құралы мол екен,
Бет алып шыққан жолы екен.
Оян, Лоян қалмаққа,
Сазайын берер сол екен.

Күнәйім:

Бұл сөзіңе қуандым,
Қайғыны басып жуандым.
Атын естіп алыстан,
Гауһар тастай бу алдым.

Күнәйім Садақбай батырдың хабарын естіп қуанып, көңілі өсіп, судай тасып, үстіндегі асыл шапанын тағы да бір жамбы қосып сүйінші сұраушыға беріп, алты ағаларын шақыртып, Садақбай батырдың ел шетіне келгендігін баяндап, барлығы қуанып, шаттық мәжіліс жасап, түн бойына даярлық, ойын сауықпен Садақбай батырды қарсы алатын ән-жырлар айтып, күй күйлеп, саз тартып жатқандарын Оян бектің адамдары естиді. Түн бойы ұйқы көрмей болған қуаныштың жайын жасырын білдіріп, Садақбай батырдың келгендігін, Күнәйім сұлудың шақыртып алдырғанын сезіп, Оян бек ашуланып, кәріне мініп жанындағы үш мың әтретіне каманды беріп, өзі бастап алдына түсіп, тоқтамастан келіп Қараман байдың үйін қамап алып, кездескендерін өлтіріп, қылыштарын жалаңдатып, Қараманды алып шығып, өлтірмек әрекетіне кірісіп жатқанда дуалға астыртын хабар арқылы Садақбай батыр келіп қалады.

Оян қалмақтың жасап жатқан дүрбелеңіне кездескен Садақбай батыр бар қайратын екі қолына жиып, садағын құрып, Оянның топталған әтретіне садақты үсті-үстіне тартады. Садақбай батыр садағын тартқан сайын жүздеген адамдар қалмақтардан қаза табады. Жүректері шайылып, Қараман байдың үйінің маңынан серпіле бастайды. Садақбай батырдың қол күшімен тартқан садақ оғының дүмпуін көрген қырғыз адамдарының қошамет сөздері бір-біріне ұласып көкке шығады.

Оян батыр әтретіне ойран салып жатқан Садақбай батырдың ісіне жаны шыдамай, іші күйіп, атына қамшы ұрып алдына шауып келіп: «Ер болсаң, кезегімді бер», — деп садақ оғын кезеп тұра қалады. Садақбай батыр Оянға кезек беріп, бойын бекітіп, басына болат қалқан ұстап тұрады.

Оянның толғанып тартқан садағының оғы Садақбайдың қалқанын пәре-пәре қылса да күші қайтып қалғандықтан, Садақбайға залал салмай, енді кезек Садақбайға тиіп, Оянды қолындағы темір шоқпармен ұрып жығып, қол-аяғын байлап, Түлкімен жүз жолдасына табыс қылып, Садақбай қолына қылыш алып, қалмақтың әскеріне араласып, қырғынға ұшыратып, қойға тиген аш бөрідей ойран салады. Садақбайдың жалғыз істеп жүрген жұмысын көріп, Қараманның алты баласы атқа мініп, айқайлап, соғысқа кіреді. Онымен бірге бірнеше қырғыз жігіттері және Түлкі мен Садақбайдың жүз жолдастары соғысқа араласып, қалмақ әтреті, Оян қолға түсіп, қалғанының қолынан іс келмесіне көздері жетіп, тауға бет алып өлгенінен қалғаны қашады.

Садақбай қашқан қалмақты қудырмайды. «Олар жан сауғалап қашты. Қашқанды қуып өлтіру, қан құмарлық болады. Бұл жарамайды» — деп соғысқа қатысқан Қараман балалары мен қырғыз, өзбек жігіттерін тоқтатып, Оян батырды байлаулы бойымен Қараман байға сый орнына тарту қылуға алып жөнеледі.

Қараман бай оқиғаның түрін түсініп, елінің адамдарын жанына ертіп, Садақбай батырдың алдынан шығып амандасып, үлкен құрмет, қошаметпен алып келіп үйге кіргізеді. Қонақтарға жалпы құрмет көрсетеді.

Оян қалмақты байлауымен құдыққа салып, аузына күзетші қойып қырғыз елінің жастары жиылып, Садақбай батырға қызмет көрсетіп, шаттық күлкі, мәжіліс жасап, Қараман байдың үйінде түн бойына ойын —сауық жасайды.

Оян қалмақ байлауынан босанып, түнде басындағы күзетшіні өлтіріп, өзінің атына мініп қашып кеткендігін көріп Садақбай батыр қырғыз елінен Оянды тау-тасты кезіп іздеп, таба алмай, ақыры Оян қалмақтың өз еліне қашып барып, әтрет жиып, қамтамасыз түрде соғыс ашуға даярлық жасап жатқандығын естиді.

«Лоян». Лоян батыр елге қайтқан бетінде жанындағы әтреттен төрт мыңын қалмаққа, өз еліне қайтарып, өз жанына үш мың әтрет алып, «Садақбай батырды көріп қайтамын», — деп өзбек еліне жүріп кетеді. Арада бірнеше күн жүріп өзбек еліне келіп, Садақбайдың отанына келіп, Садақбай батырдың қалын, қайда екенін сұрап біліп, не қыларын білмей сасып, қырғыз еліне жүрмек болса да, мұндағы өзбеккке бір бүліншілік салып кетпек болады. Өз отанындағы аз ғана малына қанағат қылмай, мұның басқа елінен бір байдың жылқысын айдап кетейін деген оймен тура келіп, Сараңбайға кездейсоқ кезігеді. Барлық жылқысын зырылдауық тартып, артынан шұбыртып алып жөнеледі. Сараңбайда қарсы тұрарлық қуат жоқ, маңында ел жоқ, болмағанда жиналған әтрет жоқ, шамасы келгені екі көзі болып, зар жылап, жылқының артынан қалмай жүгіріп келеді.

Өзбек елінде Сараңбайға: «Адамға қасық су тамызбайтын, мейірімсіз айуанға сол керек» — дегендер де аз емес.

Артынан қалмай жылап, жылқыға жанын қормалдық қылып келе жатқан Сараңбайды көріп Лоян батыр артынан келер қуғыншы жоқ екеніне көзі жетіп, әтретін кідіртіп, жылқыдағы ең еті арық, жуас мал болғандықтан, жоғарыдағы көкшолақ атты жүгенсіз, жайдақ сараң байға мінгізіп, жылқымен қоса айдады. Оның үстіне Лоян Сараңбайды қорлап, келемеждеп: «Сенің батырың Садақбай жүз кісі жолдасымен он мың әскері бар, «Оян, Лоян батырларға қарсы тұруға жараймын деп, Қараман қызы Күнәйімді Оян бекке бермей тартып аламын» — деп кеткен дейді ғой. Сол Садақбай батырыңды сынайтын кезің жетті. Мына мен, сол жауласатын қалмақтың Оян деген батыры боламын. Менен жылқыңды тартып алып берер, неге жылайсың? Маған жылағаннан, сол Садақбай батырыңа барып жылап, жәрдем сұра» — деп масқаралап күліп тишін алды.

Сараңбай үндемей төмен қарап, көзінің шоқпарланған іріңдерін үстіндегі тоқыма шекпеннің жеңімен сүртіп, кейде жылап, кейде күрсініп жайдақ аттан соры қайнап, көкшолақтың қыр арқасы батып, екі қоңы алақандай жара болып ойылып, аяғы салақтап, қара саны үзіліп, мажауырап уайым басып түнеріп келеді.

Лоянның әтреті жылқыны ысқыртып айдап қуады. Көкшолақ басында жүген, үстінде ер жоқ, бұрыннан ауыздығын алып қойып, мініп жүріп оттатып жаман үйренген жануар кейде отқа айланып кейін қалып қояды.

Лоянның жылқы айдаушылары кейін қалған Көкшолаққа келіп, жол ағаштың жіңішке басымен Сараңбайды бір салып, Көкшолақты бір салып, қуып келіп жылқыға қосатын еді. Көкшолақ ежелден таяқтан зәде болып қалған аюан жолағашты көтеріп салып қалғанда құйрығын қатты-қатты екі жағына сипақтатып, тебетін малша артын көтеріп, үстіндегі сараң байды бірде желкесіне мінгізіп, біресе мойнынан түсіре жаздап мазасызданатын еді. Көкшолақтың бұл ісіне жылқы айдаушылар мәз болып күлісіп, қызықтап, аңдып жүріп, Көкшолақ аз кейін қалса қуып ұрып, түртіп мазақ қылатын еді.

Сараңбайдың бұл жұмыстан мазасы кетіп, уайым үстіне уайым жамалып, назаланып, күңіреніп: «Уай, дүние, өз қандасым Садақбай батыр жіберіп сұратқанда меселін қайтарып, өз еркіммен ол аттың аз күнгі терін бермеп ем, жылқыны көрмеген, білмеген жат бауыр, аузы түкті қалмақ барлық тұяғымды алдына салып айдап, семізін сойып жеп, жақсыларын «мен аламын, мен аламын» — десіп бөліске салып келе жатқаны — мынау. Егер сұратқанда Садақбай батырға жүз ат берген болсам, осы малды жау қолына жібермеуге аянбай қайратын салмас па еді? Баршынның сөзі дұрыс екен. Іс өтті, енді өкіндім, бірақ онан шығар пайда жоқ, өзіме-өзім істедім. Мал қолымнан кетті. Оның бәрінен мынау қалмақтардың мазақтап, жайдақ атқа салғаны, оны азсынып астымдағы Көкшолақты ұрып келемеждегені батып барады-ау» — деп жылап, булығып ашу кернеп, тілі сөйлеуге келмей тұтылып, қара түтін болғанның үстіне жылқының айдаған шаң-тозаңы аузына жабысып, көзінің аққан жасымен езіліп, көрген адам күлгендей әлеміштеп бетін сырлап қойған еді. Сараңбай осы ретпен кешке дейін жүріп қоналқа жерге сандалып, әрең жетті. Ашу үстіне болдырғаны қосылып ас ішуге шамасы келмей жатты.

Келесі күні қалмақтар астына шекпенін салып, екі аяғына жіптен үзеңгі, Көкшолақтың басына ноқта салып қолына ұстап отыратын қылып, қамшы орнына бір шыбық беріп Сараңбайды мінгізіп еді, бұдан кейін аздап тиыш, малмен бірге жүретін болды. Олайда болса, Сараңбайда уайым көп: «Қартайып келгенде не боламын, қайда өлемін, осы жылқыдан қалмай артынан шығуым қате болды-ау» — деген. Қалмақтар мені қайда алып барар екен, тура еліне жүрсе су түбіне кеткенім, тым болмаса қырғыз алып барса, көзім көретін заманым болса, Садақбай батырға жылап көрісер едім, оны да кім білсін, «ат бермеді деп өкпелеп қалмақтардың ар жағына шығып жүрмесе?… Бірақта қаны бір ғой, маған өкпелегенімен, жау қолына беріп жібермес» — деген ой жүйрік қиялды қиядан қия, тереңге жұмсап миын шағып келеді.

Қалмақтар күн-түн жүріп, тоғызыншы сөткеде мұнарланған Алатаудың қарасын көріп, бір бұлақтың басына түсіп, садақ, мылтық, саймандарын түзетіп майлап, қылыш, сапыларын өткірлеп қайрап, нақ соғысқа кіретін суретке кіріп дайындалды.

Лоян батыр темір сауытын киіп, болат қалқанды салып, ат тұрмандарын қайтадан түзеп ерлеп, айыл, құйысқандарын қайтадан қысқартып тағып, алдындағы жауға шабатындай абыржып жатқандай тәрізденді.

Ас ішіп, жайланып отырғандарында Алатаудың бауырынан асқан бір төбе қарасын көрініп, қалмақтар сасқалақтап, аттарын қамдап қарсы алуға дайындалды. Көп уақыт өтпей, топ қарасынан да жалғыз адам ілгері шығып озып келіп те қалды.

«Шыңдауыл». Қалмақтың бегі Оян батыр құдықтан шығып, басындағы күзетшіні өлтіріп қашып кеткеннен бері Садақбай батыр шыңдауыл қаратып, келетін жау болса алдынан қарсы шығуға әзірлік жасап, қырғыз жігіттерін жинап тәртіпке қойып, саф-саф болып тұрады екен. Сол шыңдауыл қараушылар қанша жылқы, үш мың әтрет қарасын көріп, қабарлап қарсы шыққан қырғыз жігіттері мен Садақбай батыр екен. Бірге шыққан жолдастарына қарамай озып, Керкуданға үкім салып, бауырын жаздырып желдей есіп келіп қалған Садақбайды көріп, тұлғасынан танып, Лоян боз арғымаққа қамшы ұрып секіртіп, өз әтретінен шығып, көк найзаны қолына алып сөзге келтірмей, шәншіп тастамақ болып ұмтылып сала бергенде қолындағы найзасын тартып алып, Лоян екінші қару жұмсағанша Садақбай батыр шоқпарымен ұрып жығып, қол-аяғын байлап, артынан қара тұлпармен келген Түлкіге бергенше шуылдасып, қалмақ әтреті ат қойып Лоянды айырып алмақ болып жанталасып қатты соғыс жасағанымен, Садақбай арыстандай ақырып, күндей күркіреп, алды-артынан бірдей сілтеп, қылыш, шоқпарды бірінен соң бірін жұмсап, қанша қырғынға салды. Қараман балалары мен қырғыз жігіттері және Садақбай батырдың жүз жігіті қосылып, олар да сол соғысқа кіріп, сол күні кеш болып, екі жағы күзетші қойып, жай-жайына қонып жатты. Садақбайдың әскерлерінен жараланғаны болса да өлгені жоқ. Қалмақтан мың шамалы әтрет қырғынға ұшыраған көрінеді.

Келесі күні Садақбай батыр атына мініп, қалмақтың қалың тобына көзін салса әтреті онша көп емес, біршамасы қалың жылқы екенін байқап, өз әскерлеріне жай тұруға әмір қылып, садағын алып биікте тұрып қалмақтың қалың жерінен жол салып, ерінбей тартып қиратып, аздан кейін қолына қылыш алып, ақырып араласып, жалғыз өзі соғысқа кіреді. Қалмақтар аянбай соғысып көрсе де шыдай алмай, Садақбай батырға жұмсарлық күш-қайла болмағандықтан, қашуға бет алғанда Қараман балалары мен қырғыз әскерлері және Садақбайдың жолдастары қашқан қалмақтарды қырғынға ұшырата бастағанда, Садақбай батыр дауыс беріп: «Қашқанды өлтіру, қан құмарлық болады. Бастарын сауғалап кеткендерге амандық беріңдер!», — деп тоқтатады.

Бұл екі күнгі соғыста бір мың бес жүз шамасында қалмақ қаза тауып, сол шамалы қашып кетеді. Бұлардың ат-тондарын, құрал-саймандарын олжалап жылқыға келеді.

Сараңбай өткен күнгі соғыстан өлгендердің арасын паналап, Садақбай батырдың садағы мен қылышынан қорқып тығылып жатқан екен. Соғыс артынан басын көтеріп Садақбай батырға жаяулап келіп: «Қарағым, бауырым Садақжан, сені аман көретін күн бар екен?», — дейді.
Садақбай батыр: «Сен маған бауыр болатын кім едің? Бұрын көрмеген соң, танымадым» дегенде, Сараңбай: «Рас бұрын көрмедің, танымайсың және менің саған танытып жүрген күнім де жоқ. Мен ағаң Сараңбаймын, өздерің елден кеткеннен он күн кейін осы Лоян қалмақ әтретімен сені іздеп келіп сұрап, Қараманға қалмақпен соғысуға кеткеніңді естіп елге бүлік салып, менің мына бар жылқымды айдап, өзімді жайдақ атқа салып келемеждеп, «Садақбай батыр менен жылқыңды тартып алып берер, соны іздеп артынан Қараманға барамыз» — деп келген еді. Шүкір, бүгін болса малыңды жау қолынан алдың, жылқы өзіңдікі, не қылсаң да еркіңде. Аман саған кездескен соң, менде арман жоқ!», — деп Садақбайдың аяғын құшақтап жылады. Садақбай батыр бұрынғы ренжуін кешіп, өзінің жолдастарын жиып алып: «Сараңбайды жылқысымен ие болып бағыңдар! Бұған басқаша ой ойлап, қиянат істеуге жол берілмесін» — деп, еріп келген жүз жігітті жылқыға ие қылып, қалмақтан олжаға түскен екі мың шамалы аттарды қосып береді. Байлаулы Лоян қалмақты қан төгуші, ел талаушы жазасынан шоқпармен ұрып, талқанын шығарады. Сол бұлақтың басында тынығып, жайланып қонады.

Келесі күні шыңдауылдардан шапқын келіп, қалмақ жағынан сансыз ел тонаушы қалмақ әтреті елдің жан-жағынан айналып келе жатқандығынан тығыз хабар жеткізіп, Садақбай батыр құраған әскерін бастап аттанып, алдынан өзі жеке озып, оқ жыландай ысқырып, Керкуданды ойнатып, күш-қайратын қайнатып, ұшқан құстай келіп қалмақ әтретіне араласып, қылышын оңды-солды сілтеп қырғынға салып жүрсе де қалмақтың көптігі азаятын болмады. Қолына садағын алып қалмақтың қалың-қалың жерінен арлы-бері зырқыратып атын айғыздап жол салып қиратып, әтреттің ол жақ бұл жағынан садақтың оғын өткізіп, елдің бір жақ бетін қалмақтардан босатып алды. Дұспанды бұқтырып, қойдай ықтырып алған кезінде кейінгі құралған әскерлері келіп, қолдарына қылыш алып, қалмаққа араласып, Қараман байдың балалары және қырғыз жігіттері сол күні көзге көрінерлік қайрат көрсетті. Садақбай батыр да садақтан тоқтап, қылыш алып қалмақ әтретіне бүлікті салып, әтреттің алды-артынан шығып ірі қимыл көрсетіп, шапқан ат, атылған оқ, шабылған қылыш, ұрылған шоқпар дауысымен дүниежүзі даң болып қараңғылық басып, шаң-топырақтан бірін-бірі көре алмай, өлген қалмақтардан ат жүре алмайтын болады. Үймелеген қалмақты ығыстырып, Садақбай батыр дағдарысқа ұшыратуға айналған кезде алдынан Оян бек кездесіп, аңсызда көк найзаны қарсы алдынан түйреп Садақбайдың тоғыз қабат сауытынан өтіп, нақ жүрекке тиерлік қайратпен толғаған еді. Бірақ та Садақбай найзаны ілгері сұғындыруға жол бермей ұстай алып, екеуі найзаға таласып, екі жаққа күштеп тартысып жұлқысып жүргенде найза орта жерінен сынып кетті. Екі арыстан қолдарына шоқпар алып бірін-бірі ұрып, қағып, неше соғыс әдістерін жасап, аңдысып, ақырында Садақбай Оян қалмақты қылышпен ұрып басын алмадай ұшырып жібереді. Қалмақтар соғысты басқарушы Оян бектерінің өлгенін көріп, бұл соғыстан абырой алмайтындығына айқын көздері жетіп, тауға бет алып қашты. Қашқанды қумайтын ертеден болған әдеті болғандықтан, Садақбай батырдың соғыс тоқтау белгісін көрсетіп құралған әскерлері қайтып, Садақбай батырдың жанына топталып жиналып тұрды.

Садақбай батырдың жұмсаған күшін, істеген қайратын көзі көрген, құлағы естіген халық сүйініп, ерекше қырғыз қалқы, соның ішінде, Қараман бай өте құрметтеп, жанына елдің басты адамдарын ертіп Садақбай батырдың алдынан жаяулап қарсы шығып, Күнәйімға арнап тігіп қойған отауына алып келіп түсіріпті, көпшілік бір ауыздан қылған күш, жұмсаған қайрат жайлы: «Бұл сияқты батырлықты көзбен көру былай тұрсын, құлағымыз естіген жоқ» — деген қошамет сөздер сөйлеп: «Батыр, көп жаса, дүние тұрғанша тұр» — деген алғыстар айтысып, әр адам әр түрлі қайратын мадақтап, кеңес қылып отырды.

Бұл соғысқа қатысқан қырғыз жігіттерінен аздап шығын болған, Қараманның балалары аман. Бірақ та, қалмақтан өлгендердің саны әзірше белгілі емес, олайда болса, осы соғыстан олжаға түскен ат саны жеті-сегіз мыңға жеткен.

Қараман байдың көңілі тасып, Садақбай батырдың ерлігіне, батырлығына риза болып қалқына ұлы той жасап, неше күн қызықтап Күнәйім сынды сұлуды Садақбай батырға қосады. Көптен бері құмарланған екі жас бірін-бірі құшып, ойнап көп мақсаттарына жетеді.

Садақбай батыр қырылған қалмақтардың сүйектерін жиып, қамба қаздырып көмдіріп, ат-тон, қару-жарақтарын олжалайды. Осы соңғы соғыстан түскен аттардан қырғыз елінің кедейлеріне бөліп бергеннен қалған төрт мың атты Сараңбайдың жылқысына қосып, елге қайтарады. Түлкі мен Садақбай батыр артынан Күнәйімді алып жүрмек болады.

Қараман бай Күнәйім сұлуды жөнелту жабдығын дайындап, қанша асыл жиһаздар мен бірнеше түйеге жүк артып, Күнәйімнің айтуымен Қараман байдың қара тұлпарын Түлкіге сый ретінде береді.

Қараман бай Садақбай батыр мен қызы Күнәйім сұлуды апарып салуға өзі және әйелі, балалары мен бірнеше жолдастарын ертіп жолға шығады. Қырғыз елі Садақбай батырға бас-басына сыйлық беріп, қошамет, құрметпен шығарып салады.

Жолаушылар өзбек еліне бет қойып шаттық, сайран, ойын-күлкімен жүріп, бірнеше күндік жерден Садақбай батыр Түлкіні ілгері оздырады. Түлкі қуанышты қайтуында қара тұлпарды барынша сілтетіп, екінші күн болғанда аулына келіп қалады. Бірақта Түлкі ғажапқа қалады. Өйткені, елге зор өзгеріс еніп қалған. Бірнеше жақсы-жақсы ақ үйлер тігілген. Бұрынғы ескі жұлым қараша үйлерден оқшау көрініп көз тартады. Ел маңына мал толған, бие байлаған, қотанға қой, өріске мал симайды.

«Өзгеріс». Түлкіні дағдарысқа енгізген өзгерістің себебі: Сараңбай малын айдап, жүз жігітке қосылып, арада бірнеше күн жүріп үйіне келіп, малын белгілі жайылымына салып, жүз жігітті ертіп қонаққа алып, өзінің әйелдері, малшылары жиналып, оларға Сараңбай кеңес қылып болған оқиға жайында баяндап, Садақбайдың ерлігін, батырлық қайратын және өзіне артық кек қылмай малын қайтарғанын мадақтап: «Мұндай ер тумас, мың кісі жолына бөгет болмас» — деген сөздермен аруағын аспанға ұшырып отырды.

Бұл сөзді естіп Баршын сөзге кірісіп айтады: «Жарайды, Садақбай батыр саған қызмет қылып, алдымен жаныңды, одан кейін малыңды жау қолынан құтқарып, міне, аман-есен үйге келіп отырсың. Сол істеген Садақбай батырдың қызметіне сен не сый қылмақсың, қандай қызмет көрсетпексің? Сол жайында мына бізге сөйле!» — дегенде, Сараңбай зор қуанышпен көкірегін көтеріп: «Садақбай батыр не алам десе де қолын қайтаратын жайым жоқ! Өзі он күн шамасында Күнәйім сұлуды алып, Қараман байды қанша нөкер, әйелі, балаларымен қонаққа ала келмек. Баршын, сенің сөзіңді мен «әйел» деп алмайтын едім және оның үстіне ұрып-соғып қорлайтын едім, осы жолымда сенің сөздерің ойымнан кетпеді, сенен сабақ алардай болдым. Сенің ақылың маған жетеді, не дегеніңнен шықпаймын, не беретінді өзің бере бер!», — деп Баршынға билік береді.

Баршын: «Адам жүрсе көсем болады, жүріп-жүріп келдің. Мал ысқырса желдікі, айдаса жаудыкі екеніне көзің жетті. Онымен бірге Садақбай батыр қанша жат сый қонақтармен келеді. Сонда қайда түседі? Садақбай батырға арнаулы үй жоқ, соның үшін, даярлық жасап, өзіміз көшіп Садақбай батырдың ауылына қосылып қонып, қонақтарға арнап бірнеше ақ үй тігіп, ішін безеп, бие сауып, бар малды ортаға салуымыз керек болады. Қалған өмірде Садақбай батыр бізді аш-жалаңаш қалдырмайды. Менің айтарым —осы, бірақ та: «Сен не дейсің, өзің білесің» — дегенде Сараңбай: «Мен бұрынғы мінезден өзгердім, бар мал-мүлкімді берсең де Садақбайдан аяуым жоқ» — деп ерікті Баршынға береді.
Сол жағдайда Баршынның жасаған даярлығы елді зор өзгеріске кіргізіп, Түлкіні дағдарысқа ұшыратқан еді.

Көп ұзамай, Садақбай батыр, Күнәйім сұлу, Қараман бай барлық қонақтар келіп, істеген құрмет, жасаған даярлық Баршын әйелдің жолбасшылығы арқасында көңілден артық шығып, Садақбай батырды, оның алты жүз көршілерін зор қуаныш, жетістікке кіргізіп, келген олжа малды бөлісіп алып, Қараман байды сый беріп қайтарады.

Олжасын ортақ қылып ер Садақбай
Таратқан нашарларға күшін сатпай.
Ұнатып мінез-құлқын көп тобырлар,
Отырған тілегінде болып жаппай.
Кедейге жаны ашыған-ай кедей,
Соларды асыраған ішпей-жемей.
Жасында жетім болып, ел жолатпай,
Жалаңаш тау-тас кезіп не көрмедей.
Қорлықпен жапан түзде жасыған ер,
Арқасын бит, кір басып қасыған ер.
Қайраттың бойға біткен арқасында,
Бұлақтай шарасынан тасыған ер.
Болмаған қанға құмар, малға құмар,
Ер емес, өзі тиссе қарап тұрар.
Өзіне қастық еткен дұспандарын,
Ұзатпай ойран қылған ұмар-жұмар.
Ақырда мақсатына жеткен жері,
Көңілден қайғы-қасірет кеткен жері.
Құлақтан естушілер жазып болып,
Аяқтап кеңесінің біткен жері.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз