Баяғыда Тарғын деген бір батыр болыпты. Өз елінде кісі өлтіріп, айыпты болып, жазадан қорқып, қашып Қырым жұртына кетіпті. Ол мезгілде Қырымда қырық хан бар екен. Олардың ең үлкенінің аты Ақшахан екен. Тарғын Ақшахан елінде тұрды. Оның мұнда тұрғанына көп мезгіл өтеді. Жұрт оның батыр екенін білмепті. Көптен бері Қырым халқының бір жауы бар екен. Он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт дейтін екі ханның қоласты еді. Олалай-Бұлалай атты ноғай-татарда батырлар болды. Олардың елін бұрын ала алмаған. Тарғын елге қонақ болып жүргенде Ақшахан жауын шауып, оның елін қырмаққа аттанады. Көп мың қол алды. Тарғын да жауды өз қолымен бір шаппаққа аттанады. «Жүр, аттан» деп оны хан шақырмапты. Тарғынның өздерімен бірге келе жатқанын біреуі де сезбепті. Ешкім де оны ескермеген. Ақшаханның көп қолы жеткен соң, Торғауыт елі шың қағып,. барабан соғып көп әскер жиып, зор соғыс етті. Сахарада өлген кісінің қаны бұлақ болып ақты, қорғанды бұзып, ала алмай сыртынан қамап соғыс етті. Тарғын батыр соғысқа кірмей, тек қана сырттан қарап тұрды. Оған ешкім көз де салмаған. Ақшахан қолы көп қырылып, еліне қайтпақшы болды. Мұны Тарғын батыр көрді. Тарғын деген сабазың ханның қайтарын сезеді.
Құдайдан күш сұрайды. Сонда атына мінеді. Қашқаннан өлген жақсы, Құдай» деп оны аузына ап батыр шабады. «Маған жәрдем, Тәңір!» деп, ұмтылды батыр атын қамшылап. Сыртта жүрген көп қолға көз салмай, Ер Тарғын ішкі қораға кірді шауып. Сырттағы жүрген Ақшахан қолы оның ішкі қорғанға кіргенін көріп, қаптап шаһарға шауып кірді. Қорғанды бұзды. Жауын жеңіп еліне қайтып келген соң, баяғы қорғанды бұзып шәһарды алған Ер Тарғын батырды іздетіп алдына шақыртты. Тарғын өзінің руы қырғыз екенін ханға баяндайды. Хан өз еліне қырғыздың келгеніне таң қалады. Тарғын: «Елімде кісі өлтіріп айыпты болып, жер ауып қашып келдім», — деді. Хан батырдың қашқанына сеніңкіремеді. Тарғын айтты: «Өз елімді қыруға аядым», — деді. Мұнан соң хан Тарғынды әскер бастыққа сайлады. Ол мезгілде ханның бір қызы бар екен Ақжүніс атты, өзі өте сұлу болған. Сұлулығы Зылихадан кем болмаған. Тарғынның ерлігін күндері ханшаға баян қып айтысыпты. Оған қыз сыртынан көрмей-ақ ғашық болып, бір құлды мың діллаға жалдап Тарғынды шақыртты. Өзі жігітті күтіп, алтын терезеден қарап тұрады. Біраздан соң Тарғын батыр терезенің тұсына келіп қызға хабарласады. Қыз батырды көріп, терезеден үйіне кіргізіп, онымен танысып, алдына неше түрлі ас қойып, қонақ етті алты-жеті сағаттай, қыз Тарғын қайтарда оған сырын айтты:
— Елімізде бір Қалмамбет дейтін мырзаны мен байқамай қатеден өлтірдім. Қалмамбеттен соң көрген, маған лайық батыр жігіт сенсің», — деді. Қай мезгілде шақырғанымда маған келіп жүріңіз, сізбен бірге қайғы басайын», — деді. Сонан арман Ер Тарғын жасырын Ақжүніс сұлуға келіп жүрді.
Бір уақытта Ақжүністі айттыруға бір хан баласы жаушы салды. Ақшахан қызынан сұрады: «Мына келген кісіге не деп жауап береміз?» — деп. Қыз жауабын үш күннен соң бермекші болды. Ақжүніс Тарғын батырмен ақылдасып, оған тимекші боп, әкесінен жасырынып, оны Тарғын алып қашпақшы болыпты. Сөйтіп, Ақшаханның бір жүйрік жорғасына қызды мінгізіп, Тарғын алып қашып жөнелді. Үш күннен соң ханға қызы Ақжүніс сұлудың қашқанын білдіріпті. Хан мұны естіп, ол біреумен қашқан шығар деп еліндегі барлық жігітті түгендетіпті. Тарғыннан басқасы үйінде болыпты. Хан ақсүйек қызының қара қырғыз, туған-туысқаны жоқ жалғыз жігітпен қашқанына өте көңілі қалып, намыс етіп, қоластындағылардан «кімде-кім оларды қуып жетіп, жігітті өлтіріп, қызын айырса» соған бермекші болды. Көп жұрт қумақшы болып, атқа мінісіп аттанды. Жорыққа жүріп шыдамай, арып-ашып қайта елге тарапты. Бірақ бір қарт шал: «Бозбала ұялмай елге қайтса, мен Тарғын мен Ақжүністі қуып, жолында не өлемін, не ар-намыс үшін ханшаны құл Тарғыннан айырам», — деп артынан қуып кетті. Ол батырдан қорықпады. Бір мезгілде Тарғынның тарлан аты жер тебініп, пысқырды. Тарлан дейтін батырдың аты тек қана жау көрсе, не оған жақындаса пысқырып, кісінейді екен. Тартып жан-жағына қарап артында алыстан өздерін қуып келе жатқан бір жанды көреді.
Сонда Тарғын айтыпты,
Айтқанында не депті:
— Ей, Ақжүніс, Ақжүніс!
Ақжүністей жан достым,
Қыз болсаң да жолдасым,
Өзіңменен бір айлас,
Осы жолда мұңдасым.
Мен артыма көз салсам,
Бір нәрсені көремін,
«Бұлай шапсақ қашты дер.
Мені көріп састы дер.
Кісі қуып жетсін», — деп
Оған қарсы бұрылып қарап тұрады.
Томаға көзді қасқа азбан,
Желдей жалы суылдап,
Құйрығы оның желбіреп,
Қатты шауып келеді.
Алпыс-жетпіс жасы бар
Тайсалатын жан емес,
Тарғынға қуып жетеді.
Мұны Тарғын көріпті.
Ер екенін біліпті,
Алпыстан асқан жасы деп
Оған сәлем беріпті.
Қарсы алдына көз салса,
Күркіреген даладай,
Әлпетіне қараса,
Тастан салған моладай.
Одан Тарғын сұрайды,
Сұрағанда не дейді:
— Ей, қарт аға-ай, қарт аға-ай,
Қаршығаша ұмтылып,
Бүркіттерше түйіліп,
Мұншама сен асығып,
Қай сапарға барасың?
Қартың оған жауап береді:
— Төбедегі жұлдыздай,
Бөріктегі құндыздай,
Бетің сұлу көрікті.
Әйел де болса серкемді-ай,
Зылиқадай сұлуды
Алып қашып келесің.
Жаныңа қылыш асасың,
Жасым қарттау болмаса,
Қаза жетіп өлмесем,
Жаныңдағы жолдасты
Тартып алып кетемін.
Сонда Тарғын айтады,
Айтқанында не дейді:
— Қызды тартып алғандай
Сен кім өзің боласың?
Сонда қу шал сөйлепті,
Сөйлегенде не депті:
— Мен, мен-дүрмін, мен-дүрмін
Мен де сендей батырмын.
Аты-жөнімді сұрасаң,
Көп ру Қырым жұртында,
Түпкі бабам Ер Күлік.
Менің әкем Қоянақ,
Мен Қоянақ баласы, Қарт Қожақ.
Барымтада олжа алған,
Таласты жерде теңдік алған,
Кезеген жауға өткізген,
Торғауыт бұзып жол салған
Қарт Қожақ дейтін батырмын.
Тарғын да жауап береді:
Жаққан оттай қаулайсың,
Батырлықтан мінсізсің.
Қасқыр да болсаң Жүністі
Қалай тартып аласың?
Сонда шалың сөйлейді:
— Құдай маған бұйырса,
Көк семсермен шабармын,
Балдағын қанға боярмын,
Осылайша мен етіп,
Қызды тартып алармын.
Әуелгі рет менікі,
Соңғы рет сенікі.
Шынымен туған ер болсаң,
Майданға сен шық, енді.
Тарғын бұл шалға кезекті бірінші берсе де, шал қыршындай жас жігітті атып өлтіруге көзі қимайды. Оның қыршын жасын аяп, бір доғал оқпен ғана атып, Тарғынның жанындағы жүз алпыс кез оғын уатты. Тарғын кезегі жеткен соң Қарт Қожаққа ұмтылды. Қарт Қожақ айтты: «Тоқта, мен сені аяғаннан ғана оғыңды уаттым, менің аяғаныма түсінбесең, қызды өз еркіңмен маған бермесең, тағы қайтадан майданға барып тұр, мен саған ерлігімді көрсетейін», — деді. Тарғын оның аяғанына түсініп, қызды тастай өз жөніне жүре берді. Ол тастап кеткен соң, қыз еңіреп жылады. Қарт айтады: «Мені кемсінесің бе, не қартсынасың ба, әкеңнің еткен бұйрығы: «Кім Тарғыннан айырса, соған беремін деген, өлтірсе құнсыз да» деген. Жылап мазамды кетірсең, осы жерде басыңды қылышпен шабармын», — деген. «Сен маған қара, маған бір жерің жақпаса, мен сені алмаймын», — деді.
Сонда Ақжүніс айтады,
Айтқанда не дейді:
— Ей, Қарт Қожақ, Қарт Қожақ,
Атыңның басын тарт, Қожақ.
Қойда бағлан қозы едім.
Жылқыда шаңқан боз едім.
Қытай менен Қырымнан
Неше төре жиналса
Мен олардың даңқы едім.
Менен не жай сұрайсың?
Мөлдіреп тұрған жайым бар,
Тілеп тұрған сөзім бар,
Еңіреген жасым бар,
Шатасып жүрген басым бар.
Қосағымнан айырма,
Мені әкеме қайырма,
Қожақ батыр мен дейсің,
Біз жалынған бейшара,
Тілекті бермес болар ма?
Сіз сияқты мырзалар.
Бес жасыңда қарт Қожақ,
Жас шыбықтай иіліп,
Бір шиден оқ атып,
Атқан оқты жоғалтып,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Он жасқа келгенде
Қызыл мақпал киініп,
Күміс белбеу буынып,
Қыз секілді көрініп,
Бала болдың бір мезгіл,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Жиырма бес жасыңда
Ақ балтырды түрініп,
Оймақтай аузың бүрініп,
Кәрі бурадай қамданып,
Қас батырдай шамданып,
Біреу қорлап сөз айтса,
Шыныменен арланып,
Қыздарды бақтың бір мезгіл,
Кәне, шыққан мүйізің?
Отыз бестегі жасыңда
Қайраулы найза қолға алып,
Қоңыр сәске түсті алып,
Жауды көрсең түйіліп,
Жеңсіз берен киініп,
Көксерек атты қамшылап,
Қорғанды бұздың айғайлап,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Қырық бестегі жасыңда
Қырым деген қаланың
Жел жағына қаласың,
Ық жағына панасың.
Өз еліңе жау тисе,
Мың кісіге бір өзің
Қорықпай жалғыз барасың,
Қане,шыққан мүйізің?!
Елу бестегі жасыңда
Жиылысқа барып бой түзеп,
Дауға бардың тіл безеп,
Қызық көрдің бір уақыт,
Кәне, шыққан мүйізің?!
Алпыс бестегі жасыңда,
Сақал-мұртың ағарып,
Денеңдегі тамырың
Барлығы да суалып,
Айырайын деймісің?
Сұлуды көріп қуанып.
Өлтірсең де саған бармаймын,
Ерік берсең сүймеймін,
Бұрын балқып мырза болсаң да,
Сенің басың бұл күнде,
Жердегі жатқан қу тезек.
Мұны есіткен соң Қарт Қожақ есіне түсіп, көп ойлап тұрды. «Бұл ақсүйек қанша жылап, бес жасынан бері де қылғанымды тауып айтты, ендігі жасымдағы не қылатынымды да біліп айтар, жас баланы алып обалына қалмайын», — деп оны Тарғынға қосып жібереді. «Менен өткен дәурен сендерге құтты болсын», — деп. Тарғын қызбен Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайына келеді. О мезгілде ноғайда он хан бар екен. Олардың біреуінің аты Ханзада екен, Тарғын келіп, осы ханның бір биінің үйіне қонады.
Бай: «Кімсің?» — деп сұрады. Тарғын шынын айтады: Ақшаханның Ақжүніс сұлу қызын алып қашып келе жатқан Олалайдың Торғауыт деген жұртын қырған Тарғын батыр екенін есітіп, оларды зор сыйлай бастайды. Біраздан соң би ханға келіп, оларды жария етіп, хан Тарғынның батырлығына қызығып: «Ол өз жұртын ұмытсын», — деп оларды қоластындағы барлық мырза-төрелермен таныстырып, «алтын сарайда Ақжүніс сұлумен тұрсын» — деп биіне бұйрық етті. Жиналған жұрт: «Тарғын Шаған бойын жайлайтын қалмақ жұртын ығыстырып, бізге жерін тартып әперсін», — деп ханнан өтінді. Тарғын жұрттың өтінішін ханнан есітіп, өз жанына Қарасай баласы Қабанды, Алшағыр баласы Тебенді, Әмір баласы Сабанды алып, Шағанның бойын жайлаған қалмақты бөтен жаққа ығыстырды. Су жағасында жалғыз ағаш басына шығып қалмақты қарайын деп, ағаш басындағы көлденең шыққан бұтаққа мініп отырғанда, бұтақ сынып, батыр жерге жығылып, омыртқасы шығып, зор қиналады. Жанындағы жолдастары найзаларына салып, алдарына өңгеріп, Ханзадаға алып келеді. Ханзада қаншама емдесе де, Тарғын жазылмады. Ханның елі бұрынғы қалмақтың жайлауы — Шаған бойына көшіп барып қонды. Ақжүніс пен Тарғынды атымен «соңынан келіп алармыз» деп жұртқа тастап кетті. Онда Тарғын тамағы таусылып, ханнан еш кісі келмеген соң, өз елі есіне түсіп, сарнап жылап атымен, Ақжүніспен арыздасып көп жыласты. «Жауға барғанда ағаштан жығылып өлді, не жаудан өлді дер» деп, Тарғын түкке тигізбесе де, енді қатынына бастырған екен, белі сырт етіп орнына түсіпті.
Алты құлаш белбеумен
Белін орап буады.
Құдайдан көмек тіледі,
Аруақ жәрдем болғай деп,
Таянып барып тұрады.
Тұрмысына ар етіп,
Төңірегінен қармалап,
Ақжүніске сөйлейді.
Берсін тәңірім тілекті,
Қуантсын біздей жүректі,
Әкел, Жүніс, Тарланды!
Арқасына ер салды,
Қуанбасқа не қалды?
Тарлан атқа мінгесті,
Кеше жұртқа тастаған
Ноғайлыға қарай жүреді,
Бір мезгілдер болғанда,
Астарындағы аты пысқырды,
Жерді тағы тебінді,
Жануар бүйтіп не білді?
Тарғын атының текке пысқырмайтын сырын білетін еді. Ақжүніске: «Жан-жағыңа қарашы, бір нәрсе көрінбей ме?» — деді. Ақжүніс қарап еді, алдыңғы жағында емескі бір-екі қара көрінді.
Ер Тарғын: «Енді текке пысқырма, мен сені енді ешкім үшін терлетпеймін, омыртқам шығып жалғыздығым білінді ғой, енді жөнімді табайын»,— деді. Ақжүніс айтты: «Сен құр өз жөніңді тапқанша, жұртына тастап кеткен елге барып жамандарын қорқытып, жақсыларына ақыл сал», — деген соң, Тарғын Ақжүніспен келіп, Ханзада елінің шетіне келіп түсті. Ол мезгілде елді баяғы Тарғын ығыстырып жіберген қалмақтар Шаған бойына қайта келіп, Ханзада елін қамап жатыр екен. Қалмақ ханына Ханзаданың сұлу жалғыз қызын айттырып жатыр екен, «сұлуды бермесең, еліңді шабамын», — депті. Тарғын мен Ақжүністің келгенін естіп, хан барлық жақсыларын жиып, олармен амандасып: «Сіздерге кісі жіберуге мына елімді қамап жатқан жаудан ешбір қол тимеді, айыпқа бұйыра көрмеңіз», — деді. Тарғын айтты:
— Бұл қалмақты баяғыдай тағы ығыстыруға менің әзір әлім жоқ, оларды қалайша жеңуді мен сендерге үйретейін, — деді. Сонда Тарғын былайша үйретті:
Бұл барғаннан барамын,
Қырымға мен қайтармын,
Қырымдағы қырық құрдас
Жаныма мен ертермін.
Құдай маған бұйырса,
Қайта саған келермін,
Аман-есен сау келсем,
Басыңды шауып алармын,
Қол астыңа әлек салармын!
Жаудан құтылар айла, өз айыбы үшін жалғыз қызын Ақжүністің үстіне бермек болды. Жұрт айыбы үшін, оның қолын алды. Тарғынның ашуы кетіп, ханның еліне келіп, қонақ боп жатты. Белі де жазылыпты. Бұл елге Тарғынның келіп жатқанын есітпей, хан қызын бермеген соң, баяғы қалмақ аттанып, барабан соғып, ханның үстіне келіпті. Жау келгенін есітіп, Тарғын батыр атына мініп, толып жатқан қалмақтың әскеріне қарсы келеді. Ол жақтан Домбауыл деген бір батыр жекпе-жекке Тарғынға қарсы шығып сөйлейді:
Алайын десем оңайсың,
Алмайын десем тоғайсың.
Айтшы маған жөніңді?
Неғып жүрген ноғайсың?
Сонда Тарғын сөйлейді,
-Асудан асу бел,— дейді. —
Аса үрген жел,— дейді.—
Жөнімді мен айтайын,
Өжет Тарғын мен,— дейді.—
Іздегенім сен,— дейді.
Домбауыл сонда сөйлейді:
— Келбетіңе қарасам,
Жасы кіші жас ұлсың,
Кезегімді бер,— депті.
Тарғын сынды батыр кезегін беріп, жауға қасқая қарап тұрды. Домбауыл жағынан оғын суырып алып, қақ жүрегін көздеп оқ атқан екен, Тарғынның торғауытының сегіз қабатынан өтіп, тоғызыншы қабатына тоқтады. Мұнан соң Домбауыл Тарғынға кезек берді. Тарғын оқ тартып, Домбауылды атынан сұлатып жықты. Қалмақтар батырдың аттан жығылып өлгенін көрген соң, Тарғынды қамап, ұстамақшы болыпты. Тарғын мұнысын көріп, қолына қару-жарағын алып жауға қасқырша шапты. Он бір күн соғысып, он екінші күнде Тарғын ашығып, Тарлан атының арып, қалмақтың қырылып, өзінің далада жалғыз қалғанын көріпті. Жаудың қырылғанын қырып, қашырғанын қашырып есен-аман Ханзада ханға келіп, ат шаптырып, той етіпті. Жұрт көп күн мәжіліс етіпті.
Сөйтеді де хан айтты: «Ақсүйек қызымды саған беруге аталарымның аруағынан қорқамын», — деді. «Он сан Орманбеттен таңдап бір сұлу қызды ал», — депті. Тарғын бұл алдауына шыдамай, Ақжүністі алып, қатты ашуланып, өз еліне қайтып кетеді. Ханзада онан зор қорқып малын баға алмады, отын жаға алмады. Жұртының барлық игі жақсыларын, билерін шақырып, еліндегі бір ақылды қарт биге ақылдаспаққа барыпты. Сонда қарт сөйлейді:
Сөйлегенде не дейді:
— Хан мен төрем, келіпсің,
Би мен мырзам, отырсың,
Бізге ақыл салыпсыз,
Біздің тілді алсаңыз,
Тарғын сынды батырға
Барлығын да барыңыз
Қараң түгіл ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз
Батырды еске алыңыз.
Аяғына бас ұрыңыз,
Тоқтамай кетсе еліне,
Тату болып қалыңыз.
Ашуланса еліңе,
Жыртпай кетпес жағаңды.
Жаңылтар келсе тобаңды.
Жылатпай кетпес балаңды.
Қан етпей кетпес қалаңды.
Жұрт ақылдасып, айтысты: «Біздің ішімізде Тарғын нанарлық енді бір кісі де жоқ, ханшаны береміз дегенге енді батыр нанар ма екен?», — десті. Сонда бір ақылды ақсақал айтты: «Оған ел ішінен тандап батыр жіберіңіз, олар бір-бірінің сөзіне нанар», — деп баяғы қасына ерген Қабан Қарасай баласына тағы екі батыр жолдас беріп, Тарғынның артынан қудырып жібереді. Олар батырға қуып жетіп, аяғына бас ұрып, жалынып ашуын кешіртеді. Сөйтіп, олар Тарғынмен Ханзада еліне қайтып келіпті. Хан Тарғынға ұялып ештеңе дей алмапты. Сонда ел ішінен бір би сөйлейді:
— Ей, батырым, батырым,
Сөз сөйлейді алдыңда
Сыпыра жырау бақырың.
Ханы, халқы жиылып,
«Айт» деп отыр біздерге.
Назар етіп тыңдасаң,
Біз айтамыз сіздерге.
Атақты туған ер болсаң,
Не қыласың бір қызды?
Мынау тұрған ханыңыз,
Бәріміз де жанымыз,
Сый етеді алыңыз.
Қара лашын береді,
Көлден көлге салсайшы,
Қара тұлпар береді,
Жауыңа қарсы мінсейші,
Балдағы алтын ақ берен,
Оны да хан береді,
Бұдан басқа көп қазын,
Тағы сізге береді.
Не қыласың бір қызды?
Мың жылқысын береді,
Не қыласың бір қызды?
Бес жүз ауыл береді,
Өз алдыңа сұлтан бол,
Не қыласың бір қызды?
Сүйген жерді жайлашы!
Қанша батыр болсаң да,
Тұра алмассың бұл сыйға,
Миың болса басыңда
Осыған ой салсайшы.
Тарғын ашуынан қайтып, берген сыйлықтарын алып, өз алдына хан болып, мұратына жетіп, қартайып өліпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі