Кіші жүз, он екі ата байұлының байбақты руынан шыққан Науша батыр сәби күнінде ата-анасынан жетім қалып, қаңғырып жүріп Әлімнің бір асқан байына тап болады, оның қозысын бағып ержетеді. Байдың неше жүз жылқысы болады. Сол заманның ағым-салты бойынша жылқыға жиі-жиі ұры-қарақшы тиіп, жылқышыларын ұрып-жығып, жылқыны шетінен бөліп әкете береді екен. Бір күні Науша байға: «Ата, рұқсат етсеңіз, мен жалғыз өзім-ақ жылқы бағуға шығайын» дейді. Бай: «Балам, жылқыға күнде ұры тиіп әкетіп тұр, жылқышыларды ұрып жығып тұрған ұрылар саған әл бере ме? Сен баласың ғой» — дейді. Ақыры қайта-қайта сұрана берген соң рұқсат етеді. Сол кезде Науша байға көрсетпей, өрімшіге он екі таспадан алты топшы шығартып, сегіз тұтам дойыр өргізіп, ұстаға айбалта соқтырып алады. Бала бір жақсы атты мініп, балтаны домбыра мен ерінің қасына іліп, қамшыны қолға ұстап, жылқышыларды түгел қалдырып түнгі күзетке шығады. Айтқандай-ақ, түнде үш ұры келіп жылқыға тиіп, шетінен бөліп айдай жөнеледі.
Бала да арттарынан қалмайды: «Ағалар, жылқымды тастаңдар, мені баласынбаңдар» деп ере береді. Ұрылар: «Бала, қал, қорлық көресің» деседі. Науша алдында келе жатқан екі ұрыны қамшымен екі ұрып, аттарынан құлатып түсіргенде, алда келе жатқан ұры тұра қашады. Бала оны да қуып жетіп атынан домалатады да, аттарын жылқысына қосып айдап, кері кете береді; үш ұры қып-қызыл қан болып Наушаның артынан келген соң Науша үшеуінің де қол-аяқтарын буып, жылқысын күндегісінен ертерек үш ұрымен қосып, ауылға айдап келіп, бар елге көрсетеді. Бар ел адамдары болып байға: «Сен, бұл балаға қозы баққызба, енді мұны отау тігіп қыз әперіп, қолбала қыл да жылқыға шығар» дейді. Бай солай істейді, мұнан кейін байдан да, айнала елден де бір тағалы тай ұрланбай, ел тыныш болады. Наушаның Әлімұлы мен Байұлы ішіне «батыр Науша» деген атағы жайыла береді. Науша бір-екі жыл тұрған соң, байдан рұқсат алып еліне барып, әріптес, тумаларын тауып, танысып біліседі. Тумалары: «өзімізге көшіп кел» деп, тілек қылған соң, Науша қимастан уәде беріп қайтады. Аулына келіп байға айтса, бай рұқсат бермейді, тағы бір жыл жүреді. Ел жиналып байға:
«Сен, рұқсат бер, бірақ та қара құладан қақ жарып бұған енші бер, бізге де алдағы уақытта көзін сала жүрсін» дейді. Бай баладан бұйым сұрайды. Бала: «Бір де бұйым жоқ, маған отауымды артатын екі нар, екі бұзаулы сиыр, көшіріп апаратын екі жігіт бер» дейді. «Тағы да қалағаның болса ал, қолыңнан қақпаймын» дейді. Науша: «Ата, жылқыңда қалайтын бір атым бар еді, берсеңіз» деген соң, бай «ал» деп рұқсат қылады. Науша байды ертіп түнгі күзетке шығысады. «Ата, мен ерімді алып жылқының ортасына жатамын, мені қай жылқы келіп иіскесе, менің қалағаным — сол, сіз аттан түспестен сол иіскеген жылқыны белгілеп қалыңыз» деп, ер-тұрманын жастанып, жылқының ортасында жата береді, бай аттан түспей айнала күзетіп тұрады. Наушаны үстінде жабағы жүні түспеген, тайдан құнажын шығар бір арық көк байтал келіп иіскейді де, таң атқанша кетпестен Наушаның айналасында оттайды да жүреді. Таң атқан соң байдан сұраса, бай көрмей қалыпты. Науша: «Мені осы көк байтал иіскеді, менің алатын қалағаным — осы», — депті. Бай: «Қарағым, бұл тым қораш қой, бір жақсырағын алсайшы!», — дейді. Науша: «Ата, бұл көк байталға құлын кезінен назарым түсіп жүретін, осы маған ат болады», — дейді.
Ертеңіне бай бір айғыр үйір жылқысы мен жүз қой, екі бұзаулы сиыр, екі нар, еліне апарып салатын екі жігіті — бәрін даярлап, елдің көп адамдары болып, Жайыққа дейін Наушаны шығарып салады. Бай Наушаны қимай, жылап-еңіреп, ырзалық батасын беріп айырылысады.
Әлімнің шекті руында аты шыққан Сыйлыбай деген бір батыры болады екен. Сырттай Наушаның атағын есітіп, тым күндеп, оны өлтірткісі келеді. Бұл сырды Науша да есіте жүреді. Шектінің адамдары болып: «Бұл екі батыр кездесіп бірін-бірі жазым қылар, бұларды халық болып үй тігіп, әдейі шақырып, таныстырып, достастырып жіберейік», — деп ұйғарады. Сөйтіп, ел той есебінде үлкен жиын жасап, екі батырды шақырады; Сыйлыбай өзіне ерген жолдастарымен арнаулы үйге түседі. Науша соңырақ келеді. Наушаны да ел қарсы алып, түсіріп, Сыйлыбай үстіне алып келе жатқанда: «Сыйлыеке! Науша інің сізге сәлем берем деп келеді, басыңызды көтеріңіз!» дейді. Сыйлыбай аяғын жимастан басын көтере беріп Наушаға қарап: «Қазақ не болса соны «батыр» деп мақтай береді-ау, мынау адам сүдіні жоқ бірдеңе ғой, мен мұндай адамға қол бермеймін», — деп жата береді. Сонда Науша Сыйлыбайға қарап: «Ә, Сыйлыбай! Тым асқынып кеткен екенсің, асқанға бір тосқан, алдағы көктемде нәсіп болса етіңді елсіздегі қарға-құзғынға жем қылармын» деп, үйден шығып, қасындағы елу жігітімен тойға тоқтамастан аттанып, қайтып кетеді.
Сыйлыбай келесі көктемде көп қолмен Жайық өтіп, байұлынан көптеген мал, төрт-бес қыз тартып алып қайтады. Науша ол уақытта елдің басқа жағында жүр екен, бірақта елге: «Сыйлыбай Жайықтан бермен өтті дегенше, дереу маған хабар беріңдер!» деп қойған екен. Ел Сыйлыбайдың жорығын Наушаға дереу хабарлайды. Науша елу жігітімен қуып, Жайықтың аржағында қарасын көреді. Сыйлыбай астында боз арғымақ, басында ақ қалпақ, үстінде ақ киім, қолында сабы сырықтай найза, ұшында ақ жалау, жол тосып кедергіде тұр екен.
Науша жігіттеріне: «Сыйлыбаймен кездескен жерімде егер Сыйлыбай аттан мені түсірсе, сендер бас амандап қашыңдар, әйтпесе сендерді Сыйлыбай біріңді қалдырмастан қырады. Ал, егер, атынан Сыйлыбайды мен түсірсем, сендер қалғанын қуа беріңдер!», — дейді.
Науша мұнарадай болып тосып тұрған Сыйлыбайдың жанынан шауып өте бергенде, Сыйлыбай да қабырғадан қуа қосылады, Науша екі-үш арқан бойындай оза беріп Сыйлыбайға жалт бұрылып, қарсы алдынан тік шауып, Сыйлыбаймен айқаса түседі. Сыйлыбай найзасын сермегенде, Науша оның найзасының сабын сындырып, Сыйлыбайдың сол жақ шықшыт астынан найза салған. Бірақ түйреп түсіре алмай, айбалтасын маңдайдан сілтегенде оның сол жақ бас құйқасын құлағымен шауып түседі. Сыйлыбайды атынан құлатып, ілгері кетіп бара жатқан жауды артынан түре қуып, Науша малын, жесірін қайырып алады.
Шектінің батыс жақ Байұлымен шекарасында Шаңдыкөл, Тамдыкөл деген бір орында ел жайлайтын екі суат көлі болады. Бір жылы екі көлдің оңтүстік бетіндегі бір биіктеу орынға бір айдаһар түсіп жатып алады; суатқа келген мал мен адамды шыдатпайтын болған соң, ел үркіп көлдердің маңынан көшеді. Күндерде бір күні осы айдаһарға Науша батыр кездеседі. Қорыққан серіктерін көз көрім жерге қалдырып, Науша қолына қылыш алып айдаһарға жалғыз жаяу кетеді; серіктері әуелі Наушаның айдаһарға қарай дедеңдеп жүгіргенін, онан кейін Наушаның қылыш сілтегенін, сол мезетте айдаһардың құйрық сермегенін көріп тұрады. Бірталай уақыт Науша да, айдаһар да көрінбей қалады. Біраздан кейін Науша келеді, өң-түсі қашып кеткен. Серіктері шулап мәнісін сұраса, Науша: «Дұшпанның басын қақтым, бірақ қаққаным құрысын, құйрығымен ұрып талдырып тастады. Есімді жиып, көзімді ашсам, айдаһардың құйрығы үстімде жатыр екен. Баруда қорықпай-ақ барып едім, жақындаған соң өзіне дедеңдетіп тартты. Аузына түспес бұрын басын қағып үлгірдім, бірақ та құйрығымен ұрып жықты» депті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі