Алдар жерошаққа аунап, ұйықтап қалған екен, бір уақытта оянып, көзін ашса:
Елбектейді ақырын,
Елестейді ақырын
Дәл өзінің үстінде
Дәл көргендей түсінде…
Бірдеңелердің жүргенін сезеді. «Шайтан дегендерің осы екен» деп, көзін қайта жұма қояды.
Түлен түртпек түленбек,
Біздің қазақ тілінде.
Бәле үстіне бәле өнбек
Бір бәлеге ілінбе.
Ескілердің айтуынша, Түлен, Құлан дейтін екі шайтан бар.
Осы шайтандар Ебілістен бата алып, әдейі қазақты алдауға шығыпты.
«Түлен түртті» дегендегі Түлен осы Түлен болса керек.
Секектесіп желісіп,
Қап тауынан қадаңдап.
Түрлеріне келісіп,
Жетіп кепті жалаңдап.
Қазақтың ол уақытта надан уақыты ғой, Түлен-Құлан пісулі дәмге тап келіп, қарқ болып қалыпты. Содан бері «алдау-арбау, түлен түрту» дегенді қазақ жақсы білетін болса керек. «Қалған-құтқан азық қайдан кездесер екен», — деп, жортып жүріп, Түлен мен Құлан жерошақта аунап жатқан Алдардың үстінен шығады.
— Жатысы жаман екен. Осы қазақ болар, — деп, Түлен мен Құлан тұра қалады.
— Қазақ өлмесе, жерошаққа түспейтін еді ғой. Бұл өлген адам болу керек, — деседі.
«Өлі-тірісін білейік», — деп,
Сағым болып күлтілдеп,
Көлеңкесі бүлкілдеп
Алдекеңнің үстінде
Елестейді ойнақтап,
Жас ботадай тайрақтап…
Алдекең шайтандарға жолыққанын біліп, өлген кісі болып, тырп етпестен жата береді. «Басқа не салса да, осылай жатып көрейін», — деп, шайтандар айқайласа да, қытықтаса да, үстінде ойнақтаса да, былқ етпейді.
— Бұл өлген қазақ екен, — дейді. Ақырында, шайтандар шаршап, отыра қалып, екеуі кеңеседі.
— Мұны не істейміз? — дейді.
— Кебіні жоқ, көрі жоқ бір қазақ екен. Мұны тірілтіп алсақ, бізге дәл жолдас болады екен, — дейді біреуі.
Осыған екеуі де қол қойысады. Бірақ, Алдарды немен тірілтетінін білмей, біраз отырысады. Ақырында, біреуі айтады:
— Қазақ екен қазы әкел,
Қазы әкелсең, таза әкел.
Сусынсыз тағы тұрмайды,
Қымызы болса, қоса әкел.
— Бұлардың қулықтарын! Мені қымызбен, қазымен жеңіл ала қоймақ қой! Аларсың! — дейді Алдар ішінен. Бірақ, қазыны әкеліп иіскеткенде, бұл уәдесінде тұра алмайды. Аузы қазыға қарап, ашыла береді. «Тез тіріліп кетсем, бермей қоя ма», — деп, Алдар қазыға, қымызға тойып болғанша орнынан тұрмай, көзін жұмып жата береді. Әбден тойып алғасын ғана «тірілген» болып, көзін ашып, орнынан тұрады. Шайтандар Алдардың «тірілгеніне» қуанып, тұра сала биледі.
«Ай, қазақ, қазақ», — деп, «Тамағы бір азап деп», — жатып тұрып мазақтайды.
Алдар білмегенсіп, шайтандардың жөнін сұрайды, «Кімсіңдер?» дейді. Шайтандар жөнін айтады. Алдар жатып-тұрып, бәле салады:
— Сендер тыныш жатқан мені неге тірілттіңдер? Бұл дүниенің азабынан жаңа ғана құтылып, жаным рақат тауып жатқанда. Мен бұл дүниеден азар құтылып едім. Жоқ, сендердің бұларыңа көнбеймін. Мен бұл дүниеде көрініп жүре алмаймын, тірілткен сендер, айып сендерде. Мені өздеріңнің пішіндеріңе енгізесің, әйтпесе, бүлік саламын, — дейді.
Шайтандар бір-бірімен ақылдасып:
— Біздің істейтініміз аздыру ғана еді. Енді амал жоқ. Айып өзімізден. Бізге жолдас боларсың, пішінімізді берелік, — дейді. Сөйтеді де, тіл астына салатын теңгелері болады екен. Біреуін Алдарға береді. Алдар оны тілінің астына салып, о да шайтан кейіпіне кіреді. Өтірік болса, жаны шықсын! Шайтанның тілі астында теңге болады екен; оны қолға түсіріп, үш күнге дейін бермеген адам байиды екен деген қазақ әңгімесі, осы Алдардың тәжірибесінен алынған нәрсе болса керек.
Сонымен Алдар шайтан болып алады. Үшеуі бірігіп, жүріп кетеді. Ай жүреді, жыл жүреді. Бір жерлерге келгенде үшеуі де шаршайды. Дем алып отырып, Құлан айтады:
— Жүре-жүре шаршайтын болдық. Бәріміз бірге шаршағанша бірімізді біріміз кезек-кезек мойнымызға мінгізсек, — дейді.
Алдар мен Түлен мақұл көреді.
— Алдымен қайсымыз мінеміз? — дейді Құлан.
— Мен жаңа ғана шайтан болдым ғой. Сондықтан болу керек, аяғымның алға басатын қалы қалған жоқ. Алдымен мен мінейін, — дейді Алдар отырып.
— Жарайды, — дейді ана екеуі.
— Қанша уақыт мінгізуіміз керек мұны, уақыт белгілеу керек, — дейді Түлен отырып.
— Уақыт белгілеудің керегі не? Мен өлең айтайын, сол біткенше мінгізсеңдер болғаны. Сендер де өлеңдерің таусылғанша мінерсіңдер, — дейді Алдар.
Түлен мен Құлан мұны да мақұл дейді. Сонымен Алдар екі шайтанның мойнына мінеді. Ыңырсып:
— Әләләй, әләләй екен әли әйдім… — деген өлеңін айтуға кіріседі.
Шайтандар «Алдардың өлеңі бір таусылар» деп, әрі жүреді, бері жүреді. Бірақ, Алдардың «әләләйі» таусылмайды. Тақи шаршағасын:
— Осы сенің әләләйің қашан бітеді? —деп сұрайды.
— Әләләйім бітсе, әри әйдім дегенім тағы бар. Жүре беріңдер, — дейді.
Өтірік айтса, жұрттың жаны шықсын, осы «әләләй» мен «әри әйдәйді» айтып, Алдар екі шайтанға бір жыл мінеді деген сөз бар.
Жүріп-жүріп, екі шайтан өлер болғасын, бір ағаштың түбіне келіп, «Уһ» деп, сүйене кетеді. Ағаштың іші қуыс екен. Шайтандардың салмағына шыдай алмай, ағаш бір жағына құлай кетеді. Ағаштың қуысына тығылған ат басындай алтын бар екен.
Ағаш құлағанда, сол көрініп қалады.
— Мынау бір олжа болды, — деп, Түлен алтынды астына басып алады.
Ат басындай алтынды көргенде Алдардың есіне баяғы қалыңдығы түседі. «Осы алтынды қалай алам?» деген ойға келеді.
— Осы бір жалтылдағаның немене өзі? Қане, көрейінші, — деп, алтынды өзіне тартады. Бірақ, шәйтекең оған бере қоймайды:
— Бұл алтын деген болады. Қазақтың: «жол — жасы үлкендікі» деген салты бар ғой. Бұл алтынды үшеуміздің қайсымыз үлкен болсақ, сол алу керек. Әйтпесе, бере алмаймын! — деп, астына тыға түседі.
Шайтанның қулыққа шапқанын Алдар біліп қояды. Жасқа кеткенде Түленнен (Түлен түртуден) бұрын жаралған ешкім жоқ. «Қулығыңа қулық, бәлем!» — дейді ішінен.
— Жарайды, мұның дұрыс екен. Ал, жас санаса қоялық, — дейді Алдар.
Түлен тұрып:
— Менен үлкендерің бола қоймас. Алтын менікі болар.
— Жаңа туып жатқанда,
Қарап едім аспанға:
Артық-кем емес білемін,
Жер-алақандай көлемі.
Бір-ақ қана бел еді.
Тоқымдай ғана жер еді, — дейді.
Құлан тұрып:
— Ойбой, сен менен көп кіші болдың. Сенің кіші екеніңді кім білген?
— Мен туғанда ырасы:
Бейнеленіп арасы,
Жаралмаған жер мен көк,
Шайтан, адам мүлдем жоқ, — дейді.
Осы сөзді Құлан айтып бола бергенде, Алдар өкіріп қоя береді. Екі шайтан аң-таң болып, бір-біріне қарайды.
— Оның не? — десе, онан жаман өкіреді. Тіпті, әрі—беріден соң, «Ой, бауырымдап», басын жерге соғып, жылайды. Шайтандар:
— Бұл алтынды ала алмайтын болғасын, жас болғасын жылап отыр, — деседі.
— Жоқ, олай емес. Алтының құрысын! — дейді Алдар кемсеңдеп. — Құлан, сен туған уақытыңды айтқанда, іштегі күйіктің аузы ашылып кетті.
— Дәл сен туғанда,
Үлкен бір той болып еді.
Атқа шауып жүргенде
Кенже балам өліп еді.
Көптен көмескіленіп жүрген үлкен қайғым еді. Еске түсірдіңдер, — деп, тағы өкіріп қоя береді.
Түлен мен Құлан Алдарға көңіл айтып, азар жұбатады. Жұбатқанда, әрине, құр көңіл айтып емес, алтын беріп, жұбатады. Құр көңіл айтқанға жұбанып, Алдар құтырынып кетті дейсің бе? Шын көңілімен жылап отырғасын шайтандар «Айтқаны рас екен» деп ойлайды.
Алдар шайтан жолдастарын ертіп, баяғы өзіне қызын бермей кеткен байдың аулына тартады: «Жамбасыма бір келсең» дегенді ойына алады.
Күн жүреді, түн жүреді. Бәрі де шаршайды. Бір қыстауға келіп, дем алып отырып, Түлен әңгіме бастайды:
— Анау күні шаршағанда, Алдарды мойнымызға мінгіздік. Ол «әри әйдімін» тауыспай, сорымызды қайнатты. Он күн, он түн арқаласақ та, әри әйдімін бітіре алмадық. Бізді арқалайтын жол енді Алдардікі, — дейді.
— Жоқ, қалайша менікі болады? Сондағы қойған шартымыз өлеңді айтып бітіргенше міну болатын. Менің онда өлеңім бітпеген болатын.
Шынын айтқанда, мінетін кезек әлі де менікі, — деп, ұшып тұра келеді Алдар.
— Қой, ойбай, қой! Бұрынғы шартты да, сенің бір рет мінгеніңді де ұмыталық. Қайтадан шарт қойысалық. Сол шартты орындағанымыз мінелік, — дейді Түлен.
Түленнің бір қулыққа түрткісі келіп тұрғанын Алдардың іші сезе қалады. «Бұл қу нені шарт қылар екен», — деп күдіктеніп, азырақ ойланып:
— Жарайды, — дейді.
— Ал, не шарт қоямыз?
— Қоятын шартымыз мынау болсын: кәдімгідей төбелеселік. Сол төбелесте жеңгеніміз мінелік, — дейді Түлен.
— Мына Түлен менен өшін алғысы келген екен, — деп ойлайды Алдар ішінен. Сонда да біраз ойлағаннан кейін:
— Мұның әділдік екен. Бұл шартыңа көндім, — дейді.
Түлен қуанғаннан секіріп-секіріп түседі. «Менің мойныма алдап мінетін неме ғой! Бұл қазаққа көрімді көрсетейін», — дейді ішінен.
— Ал, қандай қарумен соғысамыз? — дейді Алдар.
— Таңдауын өзіңе бердім. Қалағаныңды айт,— дейді Түлен.
— Олай болса, қаруымыз қамшы мен құрық болсын. Оған қалай қарайсың? — дейді Алдар.
— Бек мақұл.
— Сенің менен гөрі шайтандығың мол. Сенің жолың үлкен. Құрықты саған бердім. Қамшыны өзім алдым. Бұған көндің бе? — дейді Алдар.
— Өте жақсы, — дейді Түлен қуанып, «Мынау нағыз қазақтың ең жындысы екен өзі», — дейді ішінен.
— Олай болса, жарайды. Ана құрығыңды ал, мен мына қамшыны алдым. Сыртқа шықпай-ақ, осы қыстаудың ішінде соғысалық. Біреу-міреу көріп қалып жүрер, — дейді Алдар.
— Мақұл, — дейді Түлен бұған да.
— Олай болса, кел, — дейді Алдар қамшыны үйіріп.
Қыстаудың ішінде ұзын құрықпен Түлен қайрат қыла ала ма? Алдарды ең болмаса, бір де ұра алмайды. Алдар он екі таспа дойырмен Түленді қып-қызыл шиедей қылып, сойып салады.
Түлен дойырдың зардабына шыдай алмай, өлім халіне жеткен уақытта айқай салады.
— Ойбай, тұра тұр… Енді екеуіміз қаруды айырбасталық. Құрықты сен ал, қамшыны мен алайын, — дейді.
— Оның да мақұл екен. Құрығың ұзын болып, зығырымды қайнатып едің. Енді маған берші, әкеңді танытайын! — дейді Алдар.
— Егер қамшыны берсең, есеңді бір берер едім! — дейді Түлен ішінен ызаланып.
Алдар қамшыны Түленге береді де, құрықты өзі алады.
— Осы үйдің шаңдағы бұрқырап кетті. Тіпті, дем алуға болатын емес. Енді таза ауаға шығып, соғыссақ, жақсы болар еді, — дейді Түленге.
— Өте жақсы, — дейді Түлен.
— Жаңа қыстаудың іші тарлық қылып, тіпті, ұра алмап едім. Енді көрерсің қызығымды, өзіңе—өзің сор тілеп алдың ғой, — деп ойлайды тағы да ішінен.
Екеуі кең аулаға шығып, соғысады. Ұзын құрықпен Алдар Түленді бұрынғыдан жаман сойып салады. Шолақ қамшыны маңына да жолатпайды. Алдардан бір емес, екі рет алданғанын Түлен жақсы түсінеді.
— Жұртты құртқан қу екенсің, енді қойдым, — деп, құлай кетеді. Алдарға міну былай тұрсын, жарақатты болғанын дәлел қылып, Алдардан өзі азар құтылады.
— Бұл сұм бір мініп алса, енді ғұмыр бақиға мойыннан түспес. Осыдан аулақ болайын, — деп, Алдарға бұдан былай міну мәселесін қозғамайтын болады.
Біраз күн тынығып жатып, тағы да жолға шығады. Бірнеше күн жол жүргеннен кейін баяғы байдың аулына келеді.
Байдың аулына келіп, байдың ақ боз үйіне кірсе, қыздың шешесі, қыз, тағы бір жігіт жатыр екен. Жігіт қыздың қойнында жатыр.
Жігіт жатыр қорылдап,
Бай қызының қойнында.
Дәнеме жоқ ойында
Екі қолы мойнында.
— Әй, бәлем, саған бір қызықты көрсетейін, — деп, Алдар жігіттің үстіне мініп алып, ойнақтайды. Құлан мен Түлен екі жағында отырып алып, жігітті бүйірінен қытықтайды. Шайтандардың қытықтауына, Алдардың ойнақтауына жігіттің халы шыдамай, өліп кетеді.
Жігіт көршілес бір ханның баласы екен. Біраздан кейін қыз оянып қараса, жігіт өліп қалған. Қыз шошып кетіп, шешесін оятады. «Бір бәлеге қалдық», — дейді.
— Білсең, жалғыз өзің біл,
Шашылмасын далаға.
Не қылсаң да, өзің қыл,
олықпайық бәлеге, —
деп, кемпір мен қыз жігітті қараңғы түнде далаға сүйреп, алыстағы бір қырдың үстіне апарып тастайды.
— Басқа біреу өлтіріп кетті десін, бәлесі бізден аулақ болсын, — дейді.
Ертеңіне ханның жылқышысы жылқы айдап келе жатып, қырдың басында өліп жатқан адамды көреді.
— Бәлесі маған қалар, біреу бәле жапса, мені кім ажыратып алар, онан да аулақ болайын, — деп, аулына хабар етуге тұра шабады. Өліп жатқан адамның қандай екеніне көз салуға да қорқады. Елге келіп, хабар еткесін, хан бұйрық етеді:
— Барып біліңдер, менің аулымның төңірегінде өліп жүрген кім екен? Өлтіріп жүрген кім екен? — дейді. Ханның қазылары, шабармандары шауып келсе, өліп жатқан — ханның баласы. Келгендер ханға қайта шабады. Ханға естіртуге қорқады. Бірақ, хан қысқасын айтпасқа амалдары болмайды.
Хан естігесін өкіріп жылап, бетін дал-дал қылады. Жер бауырлап жатып алады. «Есіл малым, қазына мүлкім, байтақ хандығым енді кімге қалады?» —деп, зар қылады. Қазы-билер көңіл айтады, жұбатады. Жыршыны сөйлетеді.
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қанаты бүтін сұңқар жоқ,
Жапырағы бүтін ағаш жоқ,
Бауыры бүтін Алаш жоқ,
Адам бар ма шарасыз,
Бір алдаға талассыз.
Балаңыздың қазасы.
Адамзаттың мұрасы.
Өлмей кеткен бар ма екен
Бұрынғыдан сұрашы.
Қарағай ексе, тал шықпас
Ормағанда қан шықпас
Ажалсыздан жан шықпас
Ұстамаса мал шықпас
Тимегенде жан шықпас,
Не көрмейді осы бас;
Ақылыңызға ақылдас
Осылай дейді кәрі — жас.
Біраздан соң хан жылауын қойып: «Кім өлтірдіге» түседі. Қазы билерге, билер қазыларға қарайды. Бірақ, еш нәрсе айта алмайды.
— Жерден қаз, көктен қаз — ертеңге дейін өлтірген адамды тауып беріңдер! Әйтпесе, бәріңді дарға асамын, — деп ақырады хан. Хан қаһарына мінгесін қазы-билер сасады. Бірақ, табары болмайды. Ақырында, қулау біреуі:
— Тақсыр! Ел ішінде көріпкел, біліпкел бақсы-бәлгер көп. Соларды жинап, бал аштырсақ, сонда тезірек табар едік. Осы қалай болар? — дейді.
— Бұған да көнуге болады. Бірақ сол балгерлеріңді тез табыңдар, — дейді.
Қазы мен билер елдің астан-кестеңін шығарып, бақсы-балгер іздейді. Бақсысын да, балгерін де, құмалақшысын да ханға айдайды. Хан ордасы жын ордасына айналады. Бақсылардың сандырақ сарынына толады.
Ұрып-соғып қылышты
Бойлатады ішіне.
Жыры, сірә, тым күшті,
Қан жұқпайды үшіне.
Тесілмейді терісі
Суырып алса, бітеді.
Ауырмай іштен өтеді,
Өзгеден артық бұл ісі.
Селк етеді күбірлеп,
Міне, жын деп міңгірлеп.
Аусарланып бір-бірлеп.
Еліктірер шеберлеп.
Батпан дейді инені,
Жындарының әлі жоқ.
Бақсы жынды біледі
Білмесіне халы жоқ.
Қара қоңыр көрінсе,
Бұқа дейді зорлығы.
Жынын жібер үйренсе,
Әдей қылған зорлығы
Қобыз, домбыра, асамен
Бақсы бірге сарнайды.
Ойын-күлкі тамашамен
Қыз бен жігіт жинайды.
Темір жалап қызартып.
Түкситіп өзін сазартып.
Қолдарын сілтер ұзартып
Жындарын мақтап, тазартып.
Құмалақшы, жауырыншы,
Жайшы менен тамыршы.
Бақсылар көп әлінше
Бәрі жеңге әмірші.
Қара тасты қақ жарар,
Дүз-өй дейді тас қират.
Жер мен көктен бір қарар
Бұған тұрмас жын шыдап.
Жындар қашып жоғалар,
Дүз-өй дейді жарғышы
Бақсының тілін құп алар
Жындарды қағып алғышы.
Отқа көсіп құр қолын
Сілтесе, қолы тіледі.
Таң қалғандай бір порым
Жалғыз бақсы біледі.
Жабықты қолы тыңдамас.
Сілтесе қолын жеңге мас.
Түрлі-түрлі жыны бар
Түрлі-түрлі аты бар.
Түрлі-түрлі заты бар.
Жындыдан жынды жын қуар
Зіркілдейді бура жын
Кісінейді айғыр жын.
Күжілдейді бұқа жын.
Бақылдайды теке жын.
Соғып кетер пері жын.
Құяң дейді кәрі жын.
Падиша жын, кемпір жын.
Айта берсем, бәрі — жын.
Жұрт бұзылар өтірік үшін
Өтірікшінің өтірігі шын
Әлі шайтан, әлі жын,
Әлі өтірік, әлі шын
Бірі өтірік, бірі шын
Шыны өтірік, өтірігі шын.
Бірінен бірі өткен, әртүрлі нәрсені қару еткен бақсылар жындарын шақырып, үйді басына көтеріп, ойнап жөнеледі.
— Бұларға да бір тамаша көрсету керек, — деп, бұларға Алдар мен шайтандар да араласады. Қызған темірді жалайтын бақсылар темірді тілдеріне жақындата бергенде, бұлар темірді шындап басып жібереді. Тілдерін күйдіріп, ойбай салып, қобызын лақтырып, олар жөнеледі. Қарнына пышақ тығатын бақсылар қарындарына пышақ тыққанда, пышақты шындап басып қалып, қарны жарылып, олар жөнеледі. Жұртқа көрсететін тамаша өнері жоқ құр секектің бақсылары болса, оларды бір-біріне қағыстырып, бастарын жарып, оларды қуады. Құр сарнаудың бақсысы болса, жын шақырып, сарнап отырғанда, қарауға болмайтын пішінмен олардың көздеріне көрініп, жүректерін ұшырып, оларды тайдырады. Ақыр аяғында, бақсы атаулыдан жан қалмайды. Әр жерде домалаған қобыз, саймандары ғана қалады.
Бақсы біткеннің бәрі қашып кеткенде, қара көсеуді қобыз қылған бір кемпір қашпайды. Хан ордасында көп бақсыдан жалғыз сол-ақ қалады.
Алдар мен шайтандар мұны да қууға әртүрлі әрекет істейді. Бірақ оларына кемпір қайғырмайды.
Ұзын емес арбаңдар,
Шабан емес борбаңдар.
Жүгіре басып, жорғаңдар.
Тайпала басып, шойнаңдар.
Дым пішіні сұп-суық.
Жалмауызға жұп-жуық.
Қарға тұмсық мұрыны,
Келе алмайтын жан жуық, —
деген, Құдай атқан, кенеп шалбары бұтына қатқан, бір қу мыстан екен. Аузынан көбігі бұрқылдап, «Сөйле», — деп, көсеуін жұлқылап, көзінен от шашып:
— Әй, Алдар! Ай, Түлен мен Құлан! — деп, сарнап қоймайды.
Мыстан кемпірдің сырды ашқанын Алдар сезеді. Сезеді де, кемпірдің көзін жоғалтудың амалын істейді. Түлен-Құланмен ақылдасып жіберіп, дию—перінің пішініне ене қалады. Диюды көрген қазақ бір жерде отыра ала ма — айнала қоршап отырған жұрт, «байтал түге бас садақа», үрейлері ұшып, қаша жөнеледі. Кемпір үйде жалғыз қалады. Айналасына қараса, үйде бір адам жоқ. Ойнақтаймын деп, қаны кепкен кемпір жүгіріп, ханның қара сабасына барады. Иінінен келіп, ашып тұрған сабаны пісіп-пісіп жіберіп, ішем деп жатқанда, арт жағынан Алдар келіп, екі аяғынан көтеріп, сабаға басын тыға қояды. Кемпір тұншығып, «қор-р-р-қ» деп, жанын жәннемге тапсырады.
Сырларын ашып қоятын кемпірді сабаға тығып өлтіріп, Алдар, Түлен—Құлан шат болып, жөндеріне кетеді. Көп уақыт өткесін баяғы қашып кеткен жұрт арттарынан ешкім қуа қоймағасын көңілдерін тоқтатып, біртіндеп ордаға жақындап, ақырында, үйге кіреді. Үйге кірсе, кемпір жоқ.
— Ойбай, ол сиқыршы қайда кетті? — деседі. Іздеп, кемпірді таба алмайды.
— Бақсы ойнатсақ та, өлтірушіні біле алмадық. Енді не істейміз? — десіп, хан ордасына жиналысып отырады. Біраздан кейін хан қымыз сұрайды.
Қымыз құюға барған келіншек сабаны ұстай беріп:
— Көтек! — деп, үйден қаша жөнеледі.
Жұрт бұған таң қалысады. Келіншектің көтегіне, қаша жөнелу себебіне түсінбей, бір-біріне қарайды. Ақырында, ханның бір қазысының сабадан шығып тұрған екі аяққа көзі түсіп:
— Пері-пері! — деп, бұ да тұра жөнеледі.
Жұрттың бәрі елеуреп, сабаға қарайды. Сабадан шығып тұрған екі аяқты көріп, бір қатары қаша жөнеледі, бір қатары қашу-қашпасын білмей, тұрып қалады. Батырлау біреуі жүгіріп барып, кемпірді суырып алады.
— Ойбай, сиқыршы кемпір! — дейді тұрған жұрт.
Хан бұрын баласына қайғырса, енді баласының күйігін ұмытып кетіп, кемпірдің қайғысына түседі. Бетін басып, еңіреп, отыра кетеді. Кемпірдің дәудей-дәудей жеті баласының қылышы көз алдында ойнайды. Басының енді кеткенін біледі.
— Еу, жұртым! Менің басым енді жұтылды ғой. Кемпірді шақырып әкеліп, өлтіріп алдым. Кемпір өзі өлді дегенге мұның жеті дәу баласы тіріде нанбайды. Менің басымды кеспей, олар тынбайды. Енді не істеймін? Қазыларым, не ақыл айтасыңдар? — дейді.
Қазылар ақыл ойласады. Ісінің қиын екенін біліп, бастарын шайқасады. Әртүрлі амал-айланы ойластырып, бәрі мүлгуге кетеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі