Өлең, жыр, ақындар

Сарттардың турасынан айтылған хикая

Шүршітпай деген кедей қазақ бір Мансұр деген сартқа ашуланып, бұдан өш алмақшы болып жүріпті. Шүршітпай байғыз деген құсты ұстап алып, бұған әрең-мәрең дегенде «Білемін», «Солай» деген екі сөзді үйретті.

Агар да Шүршітпай байғыздың қанатынан тартса, байғыз «Білемін» дейтін болып, агар да құйрығынан тартса, «Солай» деп сөйлейтін болды.
Шүршітпай байғызды алып, пайдакүнем сарт тұратын шаһарға келді. Сарттың үйіне жақындағанда терезесіне қараса, еркектері отыратын үйінде ешкім жоқ екен. Ұрғашылары отыратын үйінде Мансұрдың жас қатыны бір жас жігітпен ойнап отыр екен.

— Мансұр келе жатыр! — деп, Шүршітпай айқай салды.

Мансұрдың қатыны мен жігіт орындарынан секіріп түрекеліп, не қыларын білмей, сасқанынан қорқып, Шүршітпайға:

— Бізді құтқар, — деп жалынып, қос уыс ділдә берді. Шүршітпай бергенін алып, жігітке: «Тырдай жалаңаш шешініп, сандықтың артына жасырын», — деп, бұйрық қылды. Жігіт бір сөз айтпастан, Шүршітпайдың бұйрығынша қылды.

Біраз уақыт өткен соң лапкеден Мансұрдың өзі келді. Қатынының үйінде отырғанын көріп, Шүршітпайды ұра жаздады.

— Үйден шық, кет! — деп, бұйрық қылды.

— Тоқтай тұр! — деп, [Шүршітпай] айқай салды.

— Сенің үйіңді өртегелі үйіңде жасырынып жатқан шайтаннан сені құтқарғалы келдім, — деді.

— Жалған айтасың, жексұрын қазақ, — деп, Мансұр айқай салды.

— Қалайша мен білмеймін, мен сондай адам. Менің қолымда бір білгіш құс бар. Бұл құс өтіп кеткен, болатын нәрсенің бәрін біледі. Бұл құс сарттардың бәрінен де ақылды, — деді.

— Қалайша сен, әдепсіз қазақ, біздің тұқымымызды жамандайсың? — деді.

— Агар де байғыз ондай болмаса да, мен сарттардан да ақылдымын ғой, — деді. — Неге десең, мен өз еркіммен жүрген қазақпын, сендер кімсіңдер, сары итке сатылған құлдың тұқымысыңдар, — деді.

Мансұр Шүршітпайды қуалайын деп ұмтылғанда, Шүршітпай байғыздың құйрығынан тартып қалып еді, байғыз «Солай» деп, қатты айқай салды.

— Құдауанда, бұ не деген керемет, құс та адамша сөйлейді екен. Қанша жыл қырда қазақты аямастан тонап жүріп, құстың адамша сөйлегенін естімедім һәм көрмедім, — деп, Мансұр айтты. — Мұның мәнісін, Шүршітпай, маған баян еткіл, — деді.

— Мұның мәнісі сол — бұл байғыз деген құс, өзінің ақылы көп, зеректігімен тәмам патша Сүлеймен пайғамбарымыз патша болғанда қатынына құстардың сүйегінен [үй] тұрғызамын дегенде барша мақұлықтан данышпан байғыз рас екенін айтқан. Біздің ата-бабамыз сары итке сатылған құл дейсің бе?

Шүршітпай байғыздың құйрығынан тартып қойып еді, байғыз «Солай», — деп, айқай салды.

— Енді қалайсың, рас па? — деді Шүршітпай.

— Сен бұрынғы Шүршітпай емес екенсің, байғыздан көп ақыл үйреніпсің, — деді.

— Сен көтерілме. Сенің үйіңде қонақта данышпан құс пен иесі отырғанына қуансаң, жарайды, — деді.

— Байғыз, саған айыпты болдым. Менің айыбымды кешіргін, — деп, Мансұр өтініш қылды.

— Һәм сен, Шүршітпай, біздің арамызда болған қатамызды кек қылмалық, енді екеуміз дос болалық, — деді. Шүршітпай байғызды құйрығынан тартып қойғанда, байғыз «Солай» деді. Мансұр байғызға разы болып, байғызды жоғары диуанның үстіне шығарып қойды.

Шүршітпай айтты:

— Ей, Мансұр, Алла тағала мақұлықтың баршасын жаратты, сонда да байғыздан көрі ақылдысын жаратқан жоқ. Мұның рас екені оның Сүлеймен пайғамбарды ақылмен жеңгенінен білінеді, — деді.

— Байғыз көктегі, жердегінің бәрін біледі. Біздей кінәлі пенделердің ойлағанын да біледі, — деді.

— Менің үйімде шайтанның жасырынып жатқанын білесің бе? — деп, Мансұр байғыздан сұрады. Шүршітпай байғыздың қанатынан тартып қойып еді, «Білемін» деп, жауап берді. Мансұр Шүршітпайдан сұрады.

— Агар де құсыңмен екеуің шайтанын қуаласаң, бірнеше жүз ділдә берейін, — деді.

Шүршітпай бұған ықтияр болып, алыпсатарға:

— Бір шелек ыстық су алып кел, — деп, бұйрық қылды. Айтқанындай суды алып келді. Шүршітпай байғыздың қанатынан тартып қойып:

— Бұл үйде шайтан бар ма екен, білесің бе? — деді. Байғыз:

— Білемін, — деп, жауап берді.

— Шайтан сандықтың артында жатыр ма? — деп сұрап, Шүршітпай байғыздың құйрығынан тартып қойды. Байғыз:

— Солай, — деп, жауап берді.

— Уай, Шүршітпай, мені шайтаннан құтқара көр! — деп, Мансұр ойбай салды.

Шүршітпай сандықтың артына жасырынып жатқан жігіттің үстіне ыстық су құйып жіберді. Жігіт сандықтың артынан секіріп шығып, тұра қашты. Мансұр қашқан жігітті шайтан екен деп, Шүршітпайға көп Тәңірі жарылқасын айтты.

— Бәлкім, сенің құсың сауда жайын жақсы білетін шығар, — деп сұрады.

— Солай, байғыз есеп-қисапты артықша жақсы біледі. Өсімді қалайша көбірек алатын амалын да жақсы біледі, — деді. Мансұр Шүршітпайдан:

— Байғызыңды бес мың ділдәға сат, — деп сұрады. Шүршітпай бес мың ділдәға сатты.

— Данышпан байғызды арзанға сатып алдым ғой, — деп, саудагер енді Қарынбайдан да бай боламын ғой деп қуанды.

Байғызды алып барып, лапкесіне отырғызып қойып:

— Бұлдың бәрін сат, — деп, бұйрық қылды. Түскен ақшасын қазақтарға көп өсімге беремін ғой деп ойлады. Лапкесіне жалғыз байғызды отырғызып, өзі кетіп қалды. Бұл сатып аламыз деп лапкеге келген адамдар лапкеде ешкім де жоқ болған соң саудагердің бар бұлын алып, ақшасын ұрлап, алып кетті. Кешке жақын Мансұр лапкесіне келіп, бұлдарының жоқ болғанына қатты қуанды. Бұлдардан түскен ақшалардың қаншасын қазаққа өсімге бердің? — деп, Мансұр қанша сұраса да, байғыз үндеместен, мелшиіп отырып алыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз