Бұрынғы заманда Жақсылық пен Жамандық жолдас болыпты. Екеуінің де ат, тоны, азығы болыпты. Екеуі Жақсылықтың азығымен жүріпті. Жол жүргенде, Жақсылықтың азығы таусылыпты. Жамандық айтыпты:
— Жақсылығым, азығың таусылды, енді қайтесің? — депті.
— Жамандығым, өзің біл! — депті.
— Өзім білсем, атыңды сояйық, — дейді. Жақсылықтың атын сойып, етін екеуі бөліп жепті, азық тағы таусылыпты.
— Жақсылығым, енді қайтесің, атыңның еті таусылды, — деді.
— Жамандығым, әлі де болса, өзіңіз біліңіз, — депті.
— Өзім білсем, Жақсылығым, бір құлағыңды пісіріп, өзіңе берейін, жеймісің?
— Жеймін, Жамандығым, — депті. Бір құлағын кесті, бір күнге азық болды. Жамандық айтты:
— Бір құлағыңды бір күнге тағы да асып берейін, — депті.
— Тағы да азық таусылды, Жақсылығым, енді қайтейін? — депті.
— Әлі де болса, Жамандығым, өзің біл, — депті.
— Жақсылығым, өзім білсем, бір көзіңді ойып, бір күнге азық қылып берейін, — депті. Бір көзін тағы да ойып, бір күнге азық қылып берді.
Жақсылықтың ат, тоны, азығы, құлағы, көзі бітті. Жамандық Жақсылықтың азығын бірге жеп, түгесіп, түгесті. Жақсылықтың азығы таусылған соң, Жамандық азығын бермеді.
— Жақсылығым, — деді, — атыңды сойып жедік, — деді, — екі көзіңді ойып, құлағыңды кесіп, төрт күн азық бердім, — деді.
— Жақсылығым, енді қайтесің? Енді құлағың жоқ, көзің жоқ, Жақсылық, сені тастап кетемін, — деді.
— Жамандығым, тастап кетсең, бір қалың қара тоғайдың ішіне таста, — деді. Жамандық қалың қара тоғайдың ішіне Жақсылықты әкеліп, тастап кетті.
Тоғайдың ішінде Жақсылық отырса, бір жолбарыс, бір түлкі, бір қасқыр — үшеуі кеңеседі.
Қасқыр айтады:
— Жолбарысым, сен осы тоғайдан шықпайсың, тоғайда не істеп жүресің? — деді.
— Бұ тоғайда екі бәйтерек бар, — деді, — көзсізге көз береді, құлақсызға құлақ береді. Мен соны аңдып жүремін, — деді, — қасқырым!
Жолбарыс айтты:
— Сен, қасқырым, осы жерден шықпайсың, неғылып жүресің? — деді.
— Мына жерде бір мың қойлы бай бар, ол байдың бір қара төбеті бар, осы қара төбеттің сүйегі өлген кісіге жан береді, — деді. — Мен, — деді, — соны алайын деп жүрмін.
Қасқыр айтты:
— Сен, түлкім, сен қара обаның түбінен шықпайсың, не қылып жүрсің? — деді.
— Қара обаның түбінде ат басындай алтын бар, — деді, — соны аңдып жүрмін, — деді.
Бағанағы Жақсылық үшеуінің сөзін естіді, тоғайдың ішін аралады, аралап жүргенде, екі бәйтерек қолына түсті. Көзін үйкеді, көзі бітті, құлағын үйкеп, екі құлақ бітті. Тоғайдан Жақсылық шықты, бағанағы қара обаның түбіне келді, түлкінің қарап жүрген ат басындай алтынды алды. Ат басындай алтынды алып, мың қойлы байдікіне келді.
— Бай, — деді, — қара төбетіңді сатамысың? — деді.
— Не бересің? — деді.
— Ат басындай алтын берейін, — деді.
— Ат басындай алтын берсең, ал! — деді. Қара төбетті ат басындай алтын беріп алды, қара төбетті жетелеп, далаға алып шықты. Қара төбетті бір жерге келіп, ұрып өлтірді. Шақпағын Жақсылық шақты, от жақты, қара төбетті өртеді, құр қара төбеттің сүйегі қалды, сүйегін Жақсылық алды, сүйегін алып, түйді. Сүйегін ап, ақ қылып түйді, түйіп, екі шонтайға салып алды, жүріп, бір хандікіне келді.
— Неғып жүрген адамсың? — деді.
— Ұлсызға ұл болайын деп жүрмін, қызсызға қыз болайын деп жүрмін, — деді.
Ханның ханшасы айтты:
— Ұлсызға ұл болсаң, — деді, — маған ұл бол! Менің ұлым жоқ, хан ауырып жатыр, — деді.
— Ұл болайын саған, — деді.
Ұл болды, ұл болып, жылқыға кетті. Кешке Жақсылық жылқыдан келсе, хан өліп калыпты. Ханша жылап отыр екен. Жақсылық жылқыдан кеп, «Жылама», — деді.
— Тірілер, — деді. Бағанағы қара төбеттің сүйегі өлген кісіге жан береді. Қара төбеттің сүйегінен Жақсылық ханшаға кішкене берді, «Апарып, ханның аузына сал!» — деп. Ханша барып, ханның аузына салып еді, хан «Қатты ұйықтап кеткенмін», — деп түрегелді.
Ертең хан елі-жұртын жиды. Жақсылық ханшаға айтты. Хан елі-жұртын алып, «Маған жақсылық қылған кісі бар ма?» — деп сұраса, «Мені айтпа», — деп, Жақсылық жылқыға кетті.
Ертең хан елі-жұртынан:
— Маған жақсылық қылған кісі бар ма? — деп сұрады.
— Ешкім жақсылық қылған жоқ, — деді. Елі-жұрты тарқап кетті.
— Енді кім қалды? — деді. Ханша айтты:
— Ханым, — деді, — сен ауырып жатқанда, мен бір жігітті бала қылып алып едім. Жылқыда бір-ақ сол қалды, шақыр соны, — деді.
Хан Жақсылықты шақыртып алды.
— Сен маған жақсылық қылдың ба? — деді.
— Мен сізге көп жақсылық қылғаным жоқ, — деді.
— Бір кішкене ханшаға ақ дәрі беріп едім, ханша апарып, сіздің аузыңызға салды. Сіз «Қатты ұйықтап кеткен екенмін», — деп түрегелдіңіз. Мен сонан басқа жақсылық қылғаным жоқ, — деді.
— Ханша, дәрі бергені шын ба? — хан сұрады. Ханша айтты:
— Шын. Хан алтын тағынан түсті, алтын тағын Жақсылыққа берді. Ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ, бір сұлу қызы бар екен.
— Маған жақсылық қылсаң, қызымды саған берейін, — деді. Жалғыз қызын берді, қара қылдан қақ жарып, малын берді, күйеу қылып алды.
Жақсылық байып жүрді.
Жақсылық бір күнде жылқыда жүрсе, баяғы жолдас болған Жамандық жолдасы кез келеді.
— Жақсылық, сен не қылып адам болдың? — деді.
— Мен сөйтіп, сөйтіп, жүрдім, — деп, Жақсылық шынын айтты.
Жамандық айтты:
— Жақсылығым, мені қалың қара тоғайдың ішіне апарып тасташы, мен де сендей адам болар ма екенмін, — деді.
— Мен сенің екі көзіңді, екі құлағыңды алып, сені тоғайдың ішіне тастап кетейін. Сен де адам боласың, — деді.
— Менің екі көзімді ойып, екі құлағымды кесіп тастап, өзің адам болған тоғайға мені де апарып тасташы, — деді.
Жақсылық апарып, тоғайдың ішіне Жамандықты тастады.
Түлкі менен қасқыр, жолбарыс — үшеуі тоғайдың ішін қарады, қарап жүріп, бір жерде Жамандықты тауып алды, жеп қойды үшеуі.
— «Жақсылыққа — жақсылық, жамандыққа — жамандық» деген осы екен, — деп, үшеуі оны жеп қойды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі