Өлең, жыр, ақындар

Өтірікті айтқан жақсы, қостаушысы табылса

Екі өтірікші бірі бастап, бірі қостап, ел аралап, өтірік айтпақшы болыпты. Біреуі бір күн ілгері жүріп, ел аралап, қонған, түстенген жеріне, жолыққан адамына өтірік айта бермекші болыпты. Екіншісі бір күн кейін жүріп, сол жөнмен алдыңғы өтірікшінің айтқанын қостап, растап отырмақшы болыпты.

Өтірікті бастаушы бір ауылға келіп, қоныпты. Ауыл адамдары:

— Жарқыным, жақсы-жаманнан не тіл бар? — десе, өтірікші: «Ел аман, жұрт тыныш, жалғыз-ақ көкті көбелей, аспанды аралай, көшіп бара жатқан елді көрдім», — депті. Ел нанбапты.

Енді келесі кешке сол ауылға қостаушы өтірікші келіп, қоныпты. Ауыл адамдары тағы да:

— Жарқыным, жақсы-жаманнан не тіл бар, кеше бір қонақ көкті көбелей, аспанды аралай, ел көшіп бара жатыр екен деді, онан не білесің? — десе, қостаушы:

— Болса болар, өйткені, аспаннан анда-санда керегенің сағанағы түсіп бара жатқанын көрдім, — депті. Бұл өтірік сонан кейін өріс алып, елге таралып кетіпті.

Келесі күні өтірікті бастаушы енді бір қоналқадағы елге келгенде, тағы естіген-білгендерін сұрағанда:

— Бөтен айтарлық сөз жоқ. Жалғыз-ақ жолда бір үлкен көл өртеніп жатыр екен, — депті. Ел нанбапты.

Келесі кешке сол ауылға қостаушы өтірікші келіп, қоныпты. Ауыл адамдары тағы да: «Жарқыным, жаңғырыққан не тіл бар? Кеше бір жолаушы: «Жолда бір көл өртеніп жатыр екен деп кетті, онан не білесің?» — дегенде қостаушы:

— Болса, болар, өйткені, сол деңгейден басы күйік, көті күйік балықтарды әркім алып бара жатқанын көргенім рас, — депті. Бұл өтірік содан кейін әуезе боп, елге тарап кетіпті.

«Өтірікті айтқан жақсы, қостаушысы табылса» деген мақал осыдан қалған екен дейді халық.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз