Ұлттық тағамдарымыздың түрі өте көп. Олардың біразын күнделікті өмірімізде тұтынамыз. Дегенмен, уақыт өте мүлде ұмытылып қалған тағамдарымыз да жетерлік. Қазақ дастарханындағы ұмытылып бара жатқан тағамдарды назарларыңызға ұсынамыз.
Төңкерме тез әзірленетін әрі жеңіл тамақ. Қызып тұрған қазанға бидай ұнын себелей отырып қуырып, басқа ыдысқа салып алады. Сосын қазанға малдың құйрық майын турап шыжғырады. Еріген май үстіне су, сүт құйып, әлгінде қуырылып, дайын тұрған ұнды қосып, тұз салып араластырады. Бұлар толық араласқанда қоюланып, дәмді әрі жұп-жұмсақ төңкерме дайын болады. Бұл тамақты табаққа салып, қасықпен жей беруге болады.
Үлпершек – жүректің сыртындағы май. Құрамында түрлі дәрумендері бар өте пайдалы тағам. Оны үйінен ұзатылып кеткен қыз төркіндеп келгенде пісіріп беретін болған. Ол “қайда жүрсең де біздің жүрегіміздесің” деген мағынада ұсынылады. Қазақта аппақ, нәзік қыз балаға «үлпершектей қыз» екен деп теңеу айтқан.
Жылқы немесе сиырдың жүрегінен жасалады. Жүректі кітап сияқты ашылатын қылып тіліп, қанын тазалайды да, ішіне тұз бен бұрыш себеді. Сосын ұсақталып туралған ет пен маймен толытарады да, бір ай бойы ұнға батырып қояды. Уақыты келгенде фольгаға немесе аспаздық целлофанға салып пісіреді.
Халқымыздың ұлттық тағамдарының бірі — түте. Бұл жаугершілік заманда ойлап табылған тағам түрі болса керек. Етті әбден мейіздей қылып сүрлейді де, тұз сіңіп, қатып қалған соң, алдымен балтамен жентектеп шабады. Сонан соң келіге салып, түте түтесін шығарып түйеді. Бұл түте, әсіресе, жолда келе жатқанда тойымды тамақ саналған. «Аттың жалы, түйенің қомында» келе жатып, қоржынындағы түтеден алып, бірер толғаса, өзегі талмай жүре береді деседі. Бұл да — мүлде ұмытылған тағамымыздың бір түрі.
Бұрындары быламықты жаңа босанған келіндерге арнап пісірген. Ол жас ананың иммунитетін көтеріп, гемоглабинін қалпына келтіреді, тістерін бекітеді. Оны ішкен ананың сәбиі ана сүтіне тоқ болады, іші ауырмайды екен.
Быламықты жасау үшін ұн, сүт, май, тары, қант пен тұз керек. Ұнды сарғайғанша майда қуырып, сүт қосады, 5 минуттан кейін тары араластырады. Бастысы — тары қолмен өңделген болуы керек.
Жөргем ішек қарыннан жөргемдеп дайындайды. Тұздап, кептіріп отқа қарып жесе де болады. Өте пайдалы әрі құнарлы ас, дәрумендерге бай.
Бұл тағам қойдың бауырынан жасалады. “Жаужүрек” деп аталуының себебі — оның құрамында қорқынышты жоятын гормонға әсер ететін элемент бар. Сондықтан оны ер адамдар мен жас балаларға береді. Сондай-ақ қойдың бауырында миокард инфарктының алдын алатын гепарин бар.
“Жаужүректі” ыстық тіскебасар ретінде ұсынуға да болады.
Бұқпа — жазда марқаның етінен пісірілетін дәмді, әрі жеңсік тағамдардың бірі. Кейде бір үйге сирек келетін, шақырып келтіре алмайтын сыйлы азаматтар келіп қалады. Қонақтардың уақыты тығыз болған жағдайда сыйлы қонаққа бас тартылғанмен пара-пар жеңсік ас бұқпа ұсынылған. Қымыз сапырылып, шай қайнап жатқанда, үй иесі бір марқаны сойып, «бұқпа» әзірлей береді.
Марқаның терісі сыпырылғаннан кейін, жіліктері мен омыртқалары өткір балтамен шабылады да қазанға салынады, аздап су құйылады. Қазан беті тығыз жабылады да, ет өз буымен піседі. Кейде оның дәмін арттыра түсу үшін қаймақ та салған. Піскен етті нан салмай-ақ қонақтар алдына қояды.
Балқаймақ — қазіргі кәмпиттерден де тәтті тағам. Оны жасау үшін қаймақты ақырын отта пісіріп тұрып, ұн мен бал қосады. 10-15 минут араластырып тұрып, отты өшіреді де, қаймақты бұқтырып қояды. Егер от қатты болып кетсе, қаймақ майға айналып кетуі мүмкін.
Қазіргі таңда кейбіреулер оны торттың арасына жағатын крем ретінде пайдаланады. Ал бұрындары оны гастрит пен асқазан жарасына қарсы дәрі ретінде жасаған. Ол үшін құрамына аздаған қызыл бұрыш қосады.
Бұл тағамға қазақтар семіз ет, құйрық шарбы, өкпе, бүйрек қосып қайнатып тұз, сарымсақ, бұрыш салып, үстіне талқан немесе ұн, құрт қосып, майлы тұздығымен жеген. Бұл тағам көбінесе жорықта, жылқы қостарында әзірленген. Бұдан соң май шұрқанды қамырдың ортасына ұсақ туралған майлы ет немесе жанышталған ет салып пешке де пісіруге болады. Майшұрқанды пешке салып пісірерде мүмкіндігіне қарай, ұнды суға емес, сүтке, ол болмаса, жас сорпаға илесе, дәмді және құнарлы болады.
Күйеу бала қонаққа келгенде ұсынылатын бұл тағам қазір қарапайымданып кеткен. Қазіргілер қой сойғанда оның ішек-құрылысын тастай салады. Олардың өте пайдалы екенін ескере бермейді.
Өрметөс — қой төсінен жасалатын тағам. Оны екіге айырып, екі шетін өру арқылы құс қанатына ұқсас қылып жасайды. Бұл күйеу балаға “қанатың талмасын!” деген тілектестікті білдіреді.
Қазақта «Мың сіз-бізден бір шыж-быж артық» деген нақыл бар. Бұл шыж-быж тағамына қатысты айтылған дүние. Әдетте жылқы сойылып жатқанда, қасапшылар қуырдақ дайын болғанша жылдам әзірленетін жеңіл тағам дайындайды. Шыж-быж соғымның бүйрегі мен шарбы майын отқа қақтап шала пісіру арқылы дайындалады. Шыж-быжға жаңа сойылған малдың өкпе-бауырын, мойын, төстік етін, жүрек, бүйрегін, сондай-ақ ішек-қарынын да қосуға болады. Жалпы, бұл тағамды «ауыл үйдің арасында араздасып жүрген адамдар болса, солардың көңілін жарастырып жіберу үшін де даярлайды» деседі.
Қазақ шаңырағына келген сыйлы кісілерге міндетті түрде мал сойып, бас ұсынады. Алайда, кейде қонақтар асығыс жүреді. Мұндайда қазақтар мал сойдырмаған кісілерге соған лайық дәм таттыратын жолды таба білген. Осындай бағалы тағамдардың бірі — нақ осы мыжыма. Бұл — негізінен, нан тағамы. Наннан үлкен ас жоқ. Келген кісілердің соятын малға қарамайтынын білген бәйбіше шоққа дереу таба нан салады. Ол ілезде қайнаған шаймен бірге пісіп шығады. Бәйбіше сырлы аяқты алып, қарыннан сары майды мол салып, оның үстіне табадан жаңа ғана алынған ыстық нанды турап жіберіп, оң қолмен езеді де, қонақтардың алдына қояды. Тұзды сары майға мыжылған ыстық нан мұндай дәмді болар ма?
Оқуға кеңес береміз:
Женттен жасалатын тәтті тағамдар
Қазақ ұлттық тағамдарының құндылығын зерттеу
Наурыз көже неге жеті түрлі дәмнен жасалады
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі