Өлең, жыр, ақындар

Ұннан майға қуырып пісіретін тағам түрлері

Дөңгелек — жылы суға айран, сорпа қосып иленеді. Оқтаумен қалыңдығы 1 см болатындай етіп, жайылып, табаға қуырады. Кейбір аймақтарда дөңгелекті қалаш деп те атайды.

Ләйлек — қаймағы алынбаған сүтке жұмсақ етіп иленіп, табаға қуырылады.

Бәтер — ашыған айранға 1 ас қасық қант, аздап тұз, сары май қосып илеп, табаға жауып пісіреді.

Шелпек — шикі сүтке иленеді, жұқа жайылып қазанда қызып тұрған майға салып бірден аударып, қатырып жібермей алынады.

Қабыршақ шелпек — май құйып иленген қамырды жайып арасына жұмсартылған сары май кезектерін салып, бірнеше қабаттап қайта жаяды. Кәудірлетіп қуырады.

Май шелпек — сары майға иленіп, қалыңдау етіп жайылады. Қазандағы майды қатты қыздырмай қуырады.

Қиықша — жұмыртқаға ғана иленіп, қиықшалап кеседі. Қатты қызған майға бір салып алады.

Қошқар мүйіз — жұмыртқа, сары май, жарты шәй қасық ас содасына 3-4 тамшы сірке суын тамызып, құмшекер қосып илеген қамырды жіңішкелеп есіп, бір жағынан ширатып, екі ұшын қосқанда ирек-ирек пішіндегі бауырсақты қазандағы қызған майға салып пісіреді.

Сәлде — илеген қамырды жіңішкелеп тіліп, дөңгелекте шумақтап майға кәудірлек етіп қуырады. Дастарханға әкелерде үстіне көкнәр себіліп, жеміс шырыны құйылады.

Ірімшік бауырсағы — дәмді және өте тез жасалады. Әсіресе оразада сәресіге не ауыз ашар уақытқа туралап, лезде пісіре аласыз.

Құрамы:

200-250 гр.ірімшік (майлылығы 9-18%);

1 жұмыртқа;

3 ас қасық қант;

жарты шәй қасық қамыр қопсытқыш (разлыхлитель);

100 грамм ұн (қажет болса, аздап тағы қосыға болады);

бір шымшым тұз;

қуыру үшін өсімдік майы.

Ірімшік, қант, жұмыртқа үшеуін араластырамыз.

Дайындалуы:

Қамыр қопсытқыш пен тұз қосамыз. Дайын болған қоспалардың үстінен ұнды ақырын сеуіп және араластыра отырып, қамыр илейміз. Ол қолға кішкене жабысып тұру керек.

Қамырды 4 бөлікке бөліп, әрқайсысын дөңгелектеп, қалыңдығы 3,5 см болатындай етіп созамыз. Кішкентай бөліктерге бөлеміз.

Қазанды отқа қойып, өсімдік майын қыздырамыз. Майдың мөлшері ішінде бауырсақтар жүзетіндей болу керек. Май қызды-ау дегенде қамырды салып, қызарғанша қуырамыз.

Үстінен қант ұнтағын сеуіп, ыстық күйінде де, салқын күйінде де дастарханға қоя аласыз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз