Роза биыл ғана мектеп табалдырығын аттады. Бір күні сабақтан келсе, үстел үстінде күнтізбенің жыртылған беті жатыр. Есіне түсе кетті. Бұл күн — анасының туған күні. Сондықтан анасы жұмыстан келгенше сыйлық әзірлеуді ойлайды.
«Не сыйлауға болады?» деген ой мазалай берді. Әрі ойлап, бері ойлап, кітап пен айна алуға тоқтағанда, ақшасы жоқ екені есіне түсті.
Енді не істеу керек? Ол соны ойлай жүріп, үй ішін жинады. Заттарды айнадай етіп, ысқылап сүртті.
Шаршаған Роза диванға жатып еді, лезде ұйықтап кетті. Ұйықтап жатып, түс көрді. Түсінде ол анасына бар сырын ақтарды. Өзінің ақша таба алмай қынжылғанын, үйдің ішін ретке келтіргенін айтты. Ойына келгенді бүккен жоқ.
Күлімдеген анасы:
— Бүгін сабақтан қандай баға алдың? — деп сұрады.
— Екі бес, ана.
— Міне, тамаша сыйлық! Менің туған күніме мұнан артық сыйлық бола ма екен, қарғам-ау!
Анасы бетінен сүйді. Роза қуанып кетті.
— Ана, ренжімейсіз ғой, ә. Онда туған күніңізбен құттықтаймын, ана!
Осылай дей бергенде, Роза оянып кетті. Қараса, анасы бас жағында отыр. Түс көргенін айта бастап еді, бәрін сезген анасы жымиды да:
— Қызым-ау, үй-ішіне қолғабысыңды тигізіп, әрі сабақты жақсы оқығаныңнан асқан сыйлық бар ма анаң үшін! — деп, оның басынан сипады.
Роза түсінің шындыққа айналғанына қуанды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі