Өлең, жыр, ақындар

Қарттар - ұлттық қазына

Қарттар - ұлттық қазына
(Көрініс)

Қатысушылар үшеу: атасы, апасы, немересі.

(Сахнаға атасы мен немересі шығады.)

Атасы:

- Балам, сандықтың үстіндегі таспаны әкелші.  (Өзі жерге малдасын құрып, отыра кетеді.)

Немересі:

- Қазір, ата! (Шауып шығып кетеді.  Сосын бірнеше қайыс белбеуді атасына беріп тұрып):

- Ата, таспа деген не? (- дейді)

Атасы:

- Таспа деген қайыстан тілген тері жіп балам.

Немересі:

- "Қайыс" - деген не?

Атасы:

- "Қайыс" - деген иленген малдың терісі. Теріні білесің бе?

Немересі:

- Тері деген "кожа" ма?

Атасы:

- "Кожа" деген - тері. Қой сойғанда терісін "мына қойдың қабығын кім жейді? Жүнімен пісірсек тіске тұрмай ма? Арасында бит бар ма? Исі неге қи сасиды? Мен мұндай теріден киім тіксе кимеймін?" - деп сұрақтың астына алған кім? (Атасы күлімдеп қарайды.)

Немересі:

- Ата, енді исі онша емес болды ғой..?!

Атасы:

- Әй, балам-ай! Кім теріден сол күйінде  киім тігеді. Алдымен шикі теріге тұз сеуіп, әбден тұзға пісіреді,  кептіреді.  Кепкен теріге айран жағып, жұмсартып, жуып, бояп, тап-таза, әдемі болғанда ғана тон, я болмаса етік немесе бас киім тігеді. Ондай киімдер өте қымбат тұрады.

Немересі:

- Мынандай ақша тұра ма? (Он саусағын көрсетеді.)

Атасы:

- Жо-ғә! Ол ақшаға не келеді?  Дым емес қой ол?

Немересі:

- Мынандай ақша тұра ма? Екі қасын сипайды. 

Атасы:

- Ол да аз!

Немересі (шашын сипап):

- Осынша ақша жететін шығар? (Өкпелеп бұртияды)

Атасы:

- Жетіп қалар балам... Әйтеуір аз ақша тұрмайды.

Немересі:

- Ата, мына таспаларда неге жүн жоқ?

Атасы:

- Өйткені бұл ірі қара малдың терісі. Өңдегенде қыл-қыбырын түгел алып тастаған. Бұдан өте мықты, еш үзілмейтін шылбыр немесе қамшы өруге болады. Енді түсіндің бе?

Немересі:

- Түсіндім ата! Ата, осы қайыстан қамшы өріп сатайықшы? Ол да қымбат тұра ма?

Атасы:

- Егер күміспен күптеп, алтынмен аптап, былғарымен қаптап, таза тобылғы мен мүйіздеп жасасақ, өте қымбатқа сата аламыз.

Немересі:

- Алақай! Біз бай боламыз! Мен сосын дрон сатып аламын. Оны аспанға ұшырып, видео түсіремін. (Қуанып, жүгіріп шығып кетеді.)

Атасы:

- Әй, баламысың деген! Бір қамшы сатып, дрон алмақшы. Айтпақшы, дрон деген не? Әнеугүні көршінің баласы қойды үркітіп, бірнәрсені ұшырып ойнап жүр еді... Сол нәрсе емес пе екен? (Осы кезде сахнаға апа шығады)

Апа:

- Атасы-ау? Кіммен сөйлесіп отырсыз, жападан-жалғыз?

Ата:

- Ә, бәйбіше! Кеп қалдың ба? Әңгімеңді айт!

Апа:

- Еее, отағасы! Көрші Сұлу қыз немересін ұзатпақшы  екен. Соған қыз жасауына жәрдем беріп қайттым.

Ата:

- Қайдағы сұлу қыз? Сары кемпір десейші бетін әжім басқан...?!

Апа:

- Тұқымың жайылғыр атасы-ау! Андағы сөзді естімесін Сұлу қыз. Ренжіп жүрер..!

Ата:

- Е, ренжитіндей не айттым? Қашанғы Сұлу қыз болып жүреді? Сары апа атанатын уақыты жетпеді ме?

Апа:

- Әйгөлекті де апарып, кесте тігу, құрақ құрауды көрсетіп қайттым... Үйде ине ұстағысы келмеуші еді, көршінің қыздарына қарап намысқа тырысып, біраз іс тікті.

Ата:

- Е, үйде неге тікпейді?

Апа:

- Үйде телефонға шұқшиып, басқа нәрсеге тегі мойын бұрайын демейді ғой?!

Ата:

- Бәйбіше, осы ауылдың ақсақалдары жиналып, қолөнер мектебін ашсақ қайтеді? Ұл балаларға тері илеу, таспа тілу, арқан өру, ер шабу, сандық жасауды біз аталар үйретейік! Қыз балаларға көрпе қабу, кесте тігу, сырмақ сыру, киім тігуді әжелер сендер үйретіңдер?! Не дейсің?

Апа:

- Табылған ақыл! Олай болса Әйгөлекті шақырайын!  Уатсаптан мен айтқан әжелерді ғана жинап, чат ашсын. Аталарға да чат ашып берсін. Сосын бір үйге жиналып, осы ойды айтайық! Ақыры барлық қарттар үйлерінде бос жатыр. Одан да елге пайдалары тисін!

Ата:

- Кейде осы сенің басың қатты істеп кетеді, бәйбіше!

Апа:

- Ее, сіз секілді данышпанның жұбайы болсақ, қалай істемесін басым? Тұрыңыз атасы! Сіз айнып қалмай тұрғанда, өнер мектебін ашуға жылдам әрекет  жасайық?

Ата:

- Ой, осы шіркіннің жылдамын-ай?! Шәй қой. Сосын талқылаймыз! (Ата шығып кетеді. Апа соңынан қарап, басын шайқап, немересін шақырып, сахнадан кетеді.)

Апа:

- Әйгөлек, әй-Әйгөлек! Әйгөлек-уууу!

(Соңынан барлығы шығып, сәл ғана бастарын изейді.)

Авторы: Гүлмекен Қасенбай
18.09.202 4ж


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар