Өлең, жыр, ақындар

Қолжазба "Садақ" журналы

ХХ ғасырдың басы – қазақ халқы үшін күрделі және өзгерістерге толы кезең болды. Бұл уақытта қазақ қоғамы Ресей империясының отарлау саясатының нәтижесінде саяси, әлеуметтік және экономикалық қиындықтарды бастан кешірді. Сонымен қатар, осы кезеңде қазақ интеллигенциясы мен ұлттық қозғалыстардың қалыптасуы мен күшеюі жүрді. Олардың мақсаты – ұлттық сана-сезімді ояту, қазақ халқының мүдделерін қорғау және болашақта саяси тәуелсіздікке қол жеткізу болды. Осындай қиын кезеңде жастарды әдеби бағытта дамыту үшін шыққан қолжазба “Садақ” журналы қазақ тарихында ерекше орын алды.

Қолжазба "Садақ" журналы — қазақ әдебиеті мен баспасөз тарихындағы ерекше құбылыс. "Садақ" — алғашында қолжазба түрінде таралған. Бұл журнал 1915-1918 жылдары аралығында Орынборда мұғалімдер семинариясында білім алған қазақ жастарының шығармашылық бастамасы ретінде дүниеге келді.Уфа қаласында1915 жылдың 9 қарашасынан шыға бастаған бұл басылымның ұйымдастырушы, шығарушылары Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергеновтар болды. Бірақ Б.Майлиннің науқастануына байланысты журналды 3 санынан бастап Ж.Тілепбергенов редакциялаған.

Журналдың  "Садақ" деп аталуы — оның жастарды мақсатқа бағыттайтын, ұлттық сана-сезім мен мәдениетті дамыту жолындағы идеялық "садақ" ретінде қарастырылуымен байланысты болды. Бұл журналдың мақсаты — оқуға кеткен қазақ жастарына жол-жоба көрсетіп, қалам ұстауды, сөз жазуды үйрету, жаманшылықтан бездіру болған. Журналдың ерекшелігі — оның қолжазба түрінде таратылғандығы. "Садақ" журналының мазмұны кең ауқымды тақырыптарды қамтыды. Мұнда поэзия, әңгіме, көркем әдебиет, көлемді повестер,очерктер,сықақ,этюдтар,сын мақалалары мен қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланатын мақалалар жарық көрді. Журналдың басты тақырыптары “aғарту және білім беру: жастарды білім алуға, қазақ қоғамының дамуына шақыру;ұлттық сана және мәдениет: қазақ тілінің, әдебиетінің және мәдениетінің дамуы;әлеуметтік мәселелер: ауыл өмірі, қазақ халқының тұрмысы және еңбек адамдарының өмірі” болды.Бұған себеп журнал редакторы авторларға талап қоя білгіш,іскер басшы болған. Ол материалдармен мұқият танысып, құнсыздарын ешкімнің көңіліне қарамай, авторларына қайтарып беріп отырған.

Жиенғали Тілепбергенов өзінің тырнақалды туындыларын, әңгіме, мақалаларын осы журналға жариялап ұстаздық, жазушылық қызметін бастаған. Ж.Тілепбергенов өте сыншы адам болған. “Садақтың” 1917-1918 жылғы сандарына Халелидден Жүсіпұлының “Мақтым” атты повесті жарияланған. Сюжет жағынан бұл әңгіме «Шұғаның белгісіне» ұқсайды. Жиенғали осы шығармаға талдау жасап, оның кеміліктерін, роман дәрежесіне жете алмағандығын ашып айтқан.

«Садақ» журналы жарық көріп тұрғанда ешқандай да таптық көзқарас деген мәселе қазақ ортасына әлі қойылмаған. Жерінен айырылған, малын қайда жаярын білмеген қазақ жұртының ортақ жауы отаршылдар болған. Ол дәуір туралы таптық бояу беріп жазылған зеріттеулердің бәрі кеңес кезінде өмірге келген жасанды, жалған бейне еді.

Журналға қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың жастарға бағыттап жазған өлеңдері, нақыл сөздері де жарияланып отырған.

1918 жылы 10 ақпандағы соңғы номерінде Орынборды большевиктер алғандығы туралы хабарланады:«Бұл қадірлі жаңа жолда біздің қазақтардан да жоқ емес еді. Ғалибек Жанкелдин деген кісі большевиктерді ертіп келіп,  «Қазақ» басқармасын жаптырды. Бұл уакытта ондағы мырзалар қазақ ішіне кашып кетпек еді. Faлибек Жанкелдин деген кісі «Қазақ» басқармасын тінтіп, жаңа шыққан «Қазақтың» бір номер газетін - «Баяғыдан бері сен біздің аяғымызға қандай тұсаулар салмадың!»- деп, қосқолдап тұрып айырып-айырып тастапты» делінген.Журналда бұл хабардың жариялануы Жиенғали Тілепбергеновтың көзқарасында прогресшіл революцияшыл демократиялыққа қарай өзгеріс басталғандығын аңғартады.

Қорыта айтқанда, Садақ қолжазба күйінде болса да қазақ баспасөзі тарихынан өз орнын алды. Қазақтың көркем әдебиеті кадрларының өсіп жетілуіне ықпал етті.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз