Өлең, жыр, ақындар

Қаржылық сауаттылық: Әр адамға қажет дағды

Қаржылық сауаттылық – әр адамның өміріндегі маңызды қабілет, ол жеке қаржыны басқарудағы шешімдерді дұрыс қабылдауға және қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге көмектеседі. Бұл білім әрбір адамға өзінің табысын, шығынын, жинағын тиімді жоспарлап, қарыздарды дұрыс басқаруға мүмкіндік береді. Қаржылық сауаттылықтың арқасында адамдар инвестициялау, зейнетақы жоспарлау, қарыз алудың тиімді тәсілдері секілді маңызды мәселелерді түсінеді. Бұл дағды жеке және отбасы бюджетін қорғап қана қоймай, экономикалық тәуелсіздікке жетуге және қаржылық мақсаттарға сенімді түрде қадам басуға көмектеседі. Осы мақсатта «Қаржылық сауат» телеграм-арнасының авторы Нұрболат Туысбайұлын сөзге тарттық. Бұл сұқбатта қаржылық сауаттылықтың негізгі принциптері мен жеке қаржы басқару жолдары туралы сөз қозғалады. Сұқбат барысында қаржы сарапшысы жеке бюджетті дұрыс жоспарлау, табыс пен шығындарды тиімді бақылау, жинақтау мен инвестициялау туралы кеңестер береді. Сонымен қатар, Қазақстандағы қаржылық сауат деңгейі, қаржы дағдыларын дамыту жолдары және жеке тұлғалар мен отбасы үшін маңызды қаржылық шешімдер қабылдаудағы негізгі қателіктер талқыланды.

– Нұрболат Туысбайұлы, жалпақ әрі түсінікті тілмен тарқатып айтқанда, қаржылық сауаттылық не үшін керек?

– Байқасаңыз, «қаржылық сауат» мәселесі беріректе пайда болған құбылыс. Мұндайда мен қоғамда қалыптасқан жағдайды үнемі іштей таразылап, оқиғалар желісін салтыстырып жүремін.

Мысалы, біз 1990-жылдардың соңында студент атанған буынбыз. Студент болдың деген сөз – өскеннің, жетілгеннің, Қазақстан Республикасының азаматы болғаныңның, индивид екеніңді білдіреді. Айтар ойыңның болғаны үлкен өмірге аяқ басқаның – өмірлік көзқарасыңның қалыптаса бастағаның деген ұғым.

Сол кездерде біздің қоғамда «қаржылық сауат» мәселесі туралы түсінік болмаған еді. Интернет болмаса да, біз апталық басылымдарды оқып, теледидарды қарадық. Сонда не айтылатын еді? «Жетім бұрыш» деп баспанасыз жүрген қазақтың мәселесі үзбей жазылса да, ол кезде «қалай үйлі болуға болады?», «қандай ипотекалық бағдарламалар бар?», «ақшаны қалай үнемдеп жинау керек?», «алғашқы жарна, несие» секілді мәселелер жазылмайтын. Өйткені ол заманда жағдай мүлдем басқаша болды.

Қазақ даласына «несиетік бум» 2000-жылдардың ортасында келе бастады. Әрбір аялдамада жарнамасы менмұндалап, несие аламын деген адамға банктер қарызды оп-оңай ұстатып жіберіп жатты. Оңай жолмен және қарызға алынған ақшаның қайтару жолын несие алушы ойлануы керек қой. Бұрын ондайды көрмеген халық ол ақшаларды тегін алып жатқандай алды. Бір мәнісі болар деді. Несиетің пайызі болатынын, алған ақшасын бірнеше есе қайтарып беретінін, қайтара алмаса – мүлкінен айырылатынын, коллекторлармен алысатынын, соттасатынын, түбінде банк пен қарыз өндіруші компаниялардан қашатынын, несие тарихының бұзылатынын, кейін қайтып несие ала алмайтынын білген жоқ. Неге? Өйткені ол туралы халықты ешкім ақпараттандырған жоқ. Банктер тек өз пайдасын ойлады.

Қаржы сауаты төмен (тіпті, жоқ) мемлекеттерге қаржы ұйымдары ақшаны (несиеке) қарша боратпай, алдымен тұтынушы тарапты дайындап алуы керек пе еді? Әрине, ол кезде қазіргідей интернет, әлеуметтік желі деген жоқ. Қаржы мәдениеті қалыптаспаған жұрт «не болса да, елмен бірге көреміз» деген принциппен несиені оңды-солды алып, қарызға белшеден батты. Ақшаны бейберекет алып, өзінің табысымен (кіріс-шығысымен) санаспай, алды-артына қараған жоқ. Арты не болғанын өзіңіз білесіз. Тіпті, осы күнге дейін жағдай солай болып келгенін кімнен жасырамыз?

Жұрт несиенің не екенін, пайызы қалай есептелетінін, банктердің қалай жұмыс істейтінін, қарыз қайтпаса арты не болатынын енді-енді түсініп келе жатыр. Өйткені «аузымыз күйіп» болды. Өмірдің өзі халықты осыған дайындады. Бірақ қара халықты қаржы мәдениетін жетік біледі деп айту әлі ерте. Біз әлі банктердің «бөліп төлеу» (рассрочка) туралы жарнамаларына еліп кетеміз. Көрпемізге қарай көсілгіміз келмейді, жұрт қатарлы соңғы модельді смартфондарды ұстағымыз кеп тұрады, тез байып кеткіміз келеді, сол үшін банктен несие алып, ол ақшаны қаржы пирамидасына салып жіберуден де тайынбаймыз. Жанымызға батса да, өкінішке қарай, біздің қаржы мәдениетімізде осындай осал тұстар бар.

Күнделікті жаңалық оқып, ақпарат құралдарын бақылап отыратыным бар. Халықтың қаржылық сауатын көтеруге бағытталған канал көздері жоқтың қасы екеніне көз жеткен соң, былтыр Телеграммда «Қаржылық сауат» деген телеграм-арнасын аштым. Қолдан жазу келеді, журналист ретінде де түрлі сарапшылармен сөйлесуге мүмкіндік бар. Неге қаржыгерлерді сөзге тарта отырып, жұрттың сауатын көтермеске деген ой келді. Оқырман орнығып келеді. Қазіргідей заманда қаржылай сауатты болу керек екенін, онсыз қиын болатынын көпшілік түсінгенін сезіп келемін. Сол бағыттағы жұмысымды жалғастыра беремін.

– Бүгінде еліміздің тұрғындары тұтынушылық несие мен кепілді несиеге, микронесиелік ұйымдар мен ломбардтарға да жиі жүгінетіні өтірік емес. Халықтың жаппай қаржылық тұрғыдан сауатты болуы үшін не істемек керек?

– Халықтың жаппай несиеге жүгінуі – сауатсыздықтың белгісі деп кесіп айтпас едім. Неге? Өйткені жұрт оған шарасыздықтан, қандай да бір ісіне, шаруасына, алғысы келетін үйіне, оқуына, еміне ақша іздеп баратын болар. Сондықтан, біржақты қараудан аулақпын.

Бірақ несиені ойланбай, үй-ішімен, жұбайымен, ата-анасымен ақылдаспай алатын кісілердің бар екенін білемін. Өйткені, мен осы қоғамда өмір сүріп жатқан адаммын. Түрлі оқиғаларды көзбен көріп, құлақпен естіп жүрмін.

Мысалы, жоғарыда айтқанымдай, ешкімнен қалғым келмейді, мен де соңғы модельді смартфон ұстағым келеді. Шешімі не? Несие. Оны банктің «бөліп төлеу» құралы арқылы алдық дерміз, бірақ сөреге шығарылатын кезде ол тауардың құнына құн қосылатынын ескермейміз, бәлкім, білмейміз. «Бөліп төлеу» арқылы алдым, үстінен пайыз жүрмейді, банкке артық төлемеймін» деген түсінікпен өзімізді алдай саламыз. Негізі, төлейміз. Өйткені банк өз пайдасын тауар сатуға шығарылғанға дейін қосып қойған.

Еңбексіз «пайдаға» әуестігіміз бар. 1 000 теңге салып, оны 10 000 теңге қылып қайтарып алатын жолдарды іздеп жүреміз. Ондай адамға алаяқтар да кезіккіш келеді. Сөйтіп «құрбанын» пирамидаға тартады. Қолында сала қоятын ақшасы болмаса да, шешімін несиеден іздейді. Микроқаржы ұйымдарын жағалайды, заем (мемлекеттің қарыз (заемшы) немесе несие беру рөлін атқаруына байланысты несиелік қарым-қатынастардың бір түрі) алады.

Түрлі азарттық ойындарға әуес азаматтар да бар. Олар да көп жағдайда шешімді микроқаржы ұйымдарынан іздейді. Олар қарызды оңай бере беретіндіктен, сол жақты жағалап жүреді. Бір ұйымнан алған қарызын екінші ұйымнан алып, несиені несиемен өтегісі келетін қаншама адам жүр ортамызда. Бірақ олардың көбісі ол несиетердің пайызына бас қатыра бермейді. Алуы оңай болған дүниенің қайтуы қаншалықты қиын болатынын саралағысы келмейді. Жанталасқан жұрт. Артық ойлануға, анализ жасауға ешкімде уақыт жоқ, көздеп келген ақшасын алса болды. Қайтару – ертеңгі күннің шаруасы. Оны бүгін, қазір ойлауға мұрша жоқ. Бір реті болар дейміз де қоямыз. Міне, осының бәрі – қаржылық сауатсыздық. Өз бюджетіңе, қаржылық әлеуетіңе, іс-әрекетіңе, шешіміңе жауапсыздық.

Түбінде салдарын тартатын өзі. Содан кейін кім зұлым – банк зұлым, не жаман – несие жаман. Ешкім ешкімді банкке немесе қаржы ұйымына қол-аяғын байлап алып бармайды. Несие алуды көздеп келген азамат банк табалдырығын аттады ма – алған қарызына жауапты екенін ұғынуы керек. Оның несиеін банк те, мемлекет те жауап беруге міндетті емес.

«Несиені алмау керек» деген түсінік жоқ. Шаруаға керек болса ал, бірақ өзіңнің қаржылық әлеуетіңді ойлап ал, өз-өзіңе есеп бер, қаржы ұйымының шартымен таныс, пайызын есепте. Шамаң келе ме? Сол үстіне қосылған пайыз, ақырғы артық төлем (переплата) көздеп тұрған шаруаңа несие алуға тұра ма, жоқ па? Осының бәрін асықпай екшеп, ойланып, есептеп алғанның артықтығы жоқ. Өйткені қарызбен қалатын – сіз. Алды-артыңызды ойлап алмай, өзіңізге «ор» қазбаңыз.

– Қаржылық сауаттылық пен биліктің жүргізетін саясаты (азық-түлік өнімінің қымбат болуы, жалдамалы пәтер бағасының өсуі) өзара байланысты ма? Сыртқы факторларға тәуелді болмай, дербес қаржылық сауаттылығы жоғары адамның күнделікті әдеттері қандай? Ай сайынғы өзіне кіріс-шығыстың есебін беру қаншалықты маңызды?

 – Сіз айтып отырған билік саясаты – елдің ақша-несие саясаты туралы болар. Бізде ол саясатты Ұлттық банк жүргізеді. Ұлттық банк – Қазақстанда қаржы нарығын реттейтін бірінші деңгейлі орталық банк. Реттеуші деп те айтатынымыз сол.

Реттеуші ақша-несие саясатын жүргізу арқылы қаржы нарығын бақылайды. Сол арқылы елде қымбатшылықпен күреседі. Қалай? Орталық банктің басты құралы – базалық ставка. Ол нарықтағы ақша құнын көрсететін әрі реттейтін құрал.

Ақша құнын реттеу деген не?

Оған жауап беру үшін мына сұрақты қояйын: біз қымбатшылықты қай кезде қатты сездік? Есіңізде ме? Иә, Covid-2019 кезінде еді. Пандемия түгел жер шарын жалындай шарпыған кезде күллі әлемде алыс-беріс пен қатынас тоқтап қалды. Логистика шектеліп, жердегі, әуедегі, тіпті судағы техника да түгел тоқтады. Бір-бірімен тауар алмасатын елдерде байланыс үзілді. Ал, халық – тіршілік иесі. Ол үздіксіз тұтынатын қауым. Халықтың ауызы бар ғой, әр ауызға – азық керек, су керек, емге – дәрі керек.

Импортқа тәуелді елдер осы кезде халық тарапынан туындайтын сұранысқа жауап бере алмай жатады. Өйткені, өзі ештеңе өндірмейтін болғандықтан, бәрін сырттан тасып әкеліп отырғандықтан, беретін ештеңесі жоқ. Сөйтіп нарықта артық сұраныс пайда болады. Ал, жоқ заттың, тапшы дүниенің құны өсе бастайды. Қымбатшылық осылай келеді. Бізге де солай келді. Пандемиядан кейін елде қымбатшылық күшейіп, инфляция деңгейі 20%-дан асып кеткен кездер болды. Біз секілді дамушы елдердің бәрі осы жағдайды бастан кешті.

Қымбатшылық кезінде халық көп ақша жұмсауға мәжбүр болады. Бар табысын ас-суына, тұтынатын қызметіне жұмсайды. Жетпегенін банктен несие түрінде алады. Сөйтіп нарықта қаржы айналымы артады, экономика тым қатты «қызып» кеткен кезде ақша құны да кете бастайтыны бар. Осы кезде әр елдің орталық банкі – бізде ол – Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатына көшіп, базалық ставканы көтеру арқылы айналымдағы құны кетіп бара жатқан ақша көлемінің азаюына күш салады. Ақшаның құнын реттеу деген сол.

Базалық ставканың көтерілгені – несие қымбаттады деген сөз. Бұл – нарыққа берілген дабыл. Сондықтан оған қарапайым адамдар да мән бере жүргені абзал. Өйткені сол базалық ставканың деңгейіне қарап екінші деңгейлі банктер сіз бен бізге несие пен депозиттердің пайызын белгілейді. Яғни, базалық ставканың деңгейі жоғары болған сайын – несиетердің де пайызы жоғары болады деген сөз.

Мысалы, қазір бізде базалық ставканың деңгейі – 14,25%. Демек, банктер нарықта бұдан төмен несие бермейді деген сөз. Есесіне, депозиттердің пайызы жоғары болады. Бұл, әлбетте, салымшы үшін жағымды құбылыс. Депозитке  салған ақшаң инфляциямен күйіп кетпейді, үстінен көретін пайдаң молырақ болады деген сөз. Осы құбылыстарды ажырата білсек – ұтылмаймыз. Егер біз базалық ставканың не екенін, Ұлттық банк белгілеген оның деңгейін біліп жүрсек, қай кезде несие алып, қай кезде депозитке ақша салуды ажырата алатын деңгейге жетеміз.

Қаржылық сауаты мен білімі бар адам ондай жағдайда қымбат несиеке ұрынбайды, қолында бар артық ақшасын текке жұмсамайды, керісінше, жинақтауға көшеді. Күнделікті кіріс-шығысын қағазға түсіріп, артық шығынға итермелейтін қимыл-қозғалысты (қыдырысты, шопингті, қоғамдық орында тамақтануды) тыюға әрекет қылады. Осы (базалық ставка көтерілген) кезде ақшаңызды депозитке салып қоятын болсаңыз, банктің жоғары пайыздық сыйақысы сіздің қаржыңызды инфляциядан қорғап қалады. Осыны ескерген жөн.

– Клиентінен кез келген мөлшердегі қаражатты заңсыз жолмен иемденгісі келетін алаяқтардың (интернетті қолдану арқылы және қоңырау шалу арқылы байланысатын) қандай түрлері бар? Олардан қорғанудың жолдары қандай? Бір-екі кейсті үлгі ретінде көрсетіп өтсеңіз.

– Интернет-алаяқтықтың түрі көп, өте көп. Таяқтың екі ұшы бардай, бізді жиі қуантып жүрген озық технологияның зиянды тұстары да бар. Адамзаттың игілігіне жарап жүрген смартфон – айнымас досымызға айналды. Күндіз де, түнде де қолымыздан түспейді. Онсыз жүріп-тұра алмайтын, күн көре алмайтын халге жеттік. Ал егер сол «досымызды» дұрыс қолдана алмасақ, ол бір мезетте біздің жауымызға айналып шыға келеді. Өйткені интернетке жалғанған смартфон экранының арғы жағында сіз бен біздің ақшамызды «қалай қағып алсақ екен» деп алақан ысқылап отырған алаяқ көп.

Сондықтан бұл жерде бәріміз үшін – цифрлық гигиена маңызды. Оны президенттің өзі де соңғы Жолдауында ашық айтты. Яғни, соңғы модельді смартфон ұстап жүргенімізге мәз болмай, интернет (мессенджерлер: WhatsApp/Telegram/Facebook/Instagram) арқылы келген кез келген сілтемеге өтуден сақ болуымыз керек, қоңырау шалған бейтаныс адамға телефонымызға келген кодты бермеген дұрыс. Сосын, тағы бір ескеретін нәрсе – ешбір банк, құзырлы орган сіздің банктік шотыңызға қатысты мәселемен қоңырау шалмайды. Сол ұйымдардың қызметкері болып телефон шалған адамның бәрі – алаяқ. Олар сол арқылы адамдардың сеніміне кіргісі келіп тұрады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін телефонның арғы жағындағы бейтаныс адамға сеніп, айтқанын істеп қойып жатқан кісі қарасы көп. Осы қарапайым ережелерді есте ұстаған адам ұтылмайды.

Сосын, қазір «дропперлік» қызмет ұсынатын алаяқтар бар. Дроппер деп алаяқ пен оның құрбаны арасындағы делдал адамды айтады. Саған жақсы табысқа дроппер болуды ұсынатын алаяққа сенің банктік картаң болса жеткілікті. Ондай қызметті алаяқтар саған интернет арқылы ұсынуы мүмкін. Ешқандай еңбек өтілің талап етілмейді, құжат жинап сандалмайсың, істейтін жұмысың қашықтан да орындала береді. Рақат! Осындай жеңіл ұсыныспен-ақ алаяқтар табыс көзін ұсынып, адамдарды дропперлік қызметке оңай тартып ала алады.

Дропперлік қызмет деген не?

Алдын ала келісім бойынша, алаяқ сенің шотыңа белгілі бір соманы аударады, сол ақшаны банкомат арқылы шешіп беруің керек. Сол үшін соманың белгілі бір пайызін аласың. Былай қарасаң, өте оңай әрі табысты жұмыс. Бірақ сен оған келісіміңді беріп, алаяқтың айтқанын орындайтын болсаң, онда сен дроппер ретінде қылмыстық жауапқа тартылуың мүмкін. Өйткені басқа біреуден ұрлап алған немесе біреудің сыртынан заңсыз несие рәсімдеп алған ақшаны алаяқ сенің шотың арқылы айналдырып алды деген сөз. Яғни, банктік шотыңда цифрлық із қалды. Сен аяқ асты пайда болған оңай табысқа малданып, алаяққа көмектестің деген сөз. Бұл – заңсыз табыс, заңға қайшы әрекет.

Оның екінші жолы бар. Ол кезде біз, өкінішке қарай, дроппер болғанымызды білмей қалуымыз мүмкін. Мысалы, картамызға бейтаныс біреуден ақша түседі. Сосын қателесіп жіберіп қойғанын айтып, қоңырау шалады. Қайтарып беруімізді сұрайды да, басқа шот ұсынады. Біз әдепті, біреудің ақысын жемейтін адам ретінде аңғалдық танытып, айтқан нөміріне (шотына) аударып жібереміз. Алаяқ сол біздің шотыңыз арқылы алаяқ ақшаны айналдырып алады. Сөйтіп банктік онлайн-операция кезінде біздің «ізіміз» қалды. Демек, біз – дроппер болдық, заң бұздық. Өте сақ болатын жағдай. Мұндайда, яғни картаңызға күтпеген адамнан ақша түскен жағдайда, оны бірден қайтаруға асықпай, өз банкіңіздің call-орталығына хабарлаған дұрыс. Ондағы мамандар нақты не істеу керек екенін айтып береді.

Сондықтан, жақындарыңызға, әсіресе, студент балаларыңызға осындай «табыстан» аулақ жүруге кеңес бере жүріңіз.

– Сіз жүргізетін «Қаржылық сауат» телеграм арнасында «биржада 16 жастан бастап инвестиция жасауға болады» деген ақпаратты оқыдық. Бұл туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Бұл ақпаратқа «Астана» халықаралық қаржы орталығы өкілінен сұқбат алғанымда қол жеткізген едім. Мен де өз каналымда көпшілікке биржа туралы ақпарат ұсынғым келіп, сіз секілді қаржылық сауатты, арнайы сала маманын сөзге тартқанмын. Мақсатым – қарапайым адамдарға биржа мәдениетін сіңіру. Менің міндетім – сала мамандарын сөйлете отырып, ақпарат беру. Ал шешім қабылдау – әр кезде оқырманның өз еншісінде қалады.

Биржа – біз үшін әлі жұмбақ әлем. Оны бұрын тек кинодан көретінбіз. Қаптаған адам, зал толы қызылды-жасылды экран, базар секілді у-шу. Расында да биржа – базар екен. Компаниялар өзінің құнды қағаздарын акция түрінде сатуға шығарады. Оны сатып алған адам, яғни инвестор, сол компанияның бір үлесіне иелік етеді де, нарықта сол компанияның тауарына, қызметіне сұраныс артып, ісі, бизнесі өрлеген кезде инвестор да пайда көреді.

Бізден жүздеген жылдар алға дамып кеткен өркениетті елдерде жұрт биржаны бала жастан игереді екен. Қазіргі долларлық миллиардерлердің өмір жолын оқып отырсаң, көбі акция сатып алуды бала кезден игергеніне көзің жетеді. Ал біз бала түгілі өзіміз түсіне бермейміз. Түсінбегесін, сауатымыз жетпегесін жақындай қоймаймыз. Бірақ, олай жүре беруге тағы болмайды. Сол үшін биржа туралы ақпараттарды жиі жариялап тұруға ұмтылатыным рас.

Біз биржа әліппесін енді ашып, танысып жатырмыз. Брокердің кім екенін, акция мен облигацияның не екенін енді біліп жатырмыз. Уақыт керек. Екінші деңгейлі банктер де өз қосымшаларында акция сатып алуға, инвестиция жасауға мүмкіндік жасап қойды. Тілін білсең, мақсатыңды айқындап алсаң, басқара беруге мүмкіндік бар.

Нарыққа өз акцияларын шығарған отандық компаниялар да бар. Бәрін зерделеп, талдап, оқи беру керек. Түсінген адамға, өзінің келешегіне стратегия құра білген жанға биржа да жақсы табыс алаңы бола алатынын түсініп келем. Бірақ өзім үшін әлі зерттей түсетін сала.

– Қалай ойлайсыз, мәселен, бұрынғыда халқымыздың тойында бір құндылық бар еді. Ұлттық қадір-қасиет, құндылықтар сақталушы еді. Ал қазірде «елден ұят болмасын», «тойы дүркіреп өтсін деп айтып жүрсін» дейтін мақтаншылыққа құрылған тойдың өткенінен өтпегені артық қой. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Бәріміз де бала өсіріп отырмыз, алдымызда үлкендер бар, «тойды тоқтату керек» деп біржақты пікір білдіруге қуыстанатын сияқтымын. Олай айту үшін де солай істей білуің керек, үлгі көрсете алуың керек қоғамға.

Той – жақсы, той – қазына. Қолдан келсе, жасай берейік, артықтығы жоқ. Бірақ, сол, көрпемізге қарай көсілуді, соған мойынсұнуды қоса үйренсек деймін. Бәсеке заманында ол оңайға соқпайтынын білем. Оған жылдар керек, уақыт керек.

Қазақты «жұрттың әңгімесі» ғой құртатын, қайрайтын. Ақшамыз болмаса да, бәрімізде намыс бар. Ол қандай намыс екенін білмеймін, бірақ бізді алға қарай сүйрейтін де, сорлататын да сол – намыс.

Бұл жерде ата-ана мен жастардың арасында үйлесімді шешім керек. Егер екі жақ өзара ақылдаса отырып, 300-500 адамдық тойға шашылмаймыз, үлкендердің батасын алып, құрдастарға шағын дастархан жасап, өз ортамызда атап өтеміз деп шешсе, «сен неге той жасамадың» деп ешкім ешкімнің алқымынан алмайды. Осыны түсінуіміз керек.

Бізде үйлену тойынан бөлек басқа да сән-салтанатты шаралар көбейді ғой қазір. Бір апта ішінде тума-туыстың бірнеше тойына (бәлкім, мәжбүрлі) барып, бар тапқанын той-томалаққа жұмсайтын қауым көп. Бармасаң тағы болмайды, той иесі ренжиді, туыстық қатынасқа сызат түседі дейміз.

Ол тойлар қай ақшаға жасалып жатыр? Өз ақшасына ма, әлде несиеге ме? Осы маңызды. Той жасайтын көп адам шығынын тойға келген шашудан шығарып алам деп ойлайды. Соған сеніп, алаңсыз, есеп-қисапсыз банк жағалайды. Тойдан соң жаба алса – жапқаны, жаба алмаса – несиеімен қалып, кейінгі табысының бір бөлігін жылдар бойы банкке беріп отыруға мәжбүр болады. Сол бір күндік шараға, бір мезеттік қуанышқа пайыз жамалған миллиондаған ақшаның несиеін алуға тұра ма? Табысың келе ме, жүйкең шыдай ма, шыдамың жете ме? Егер осы сұрақтарға жауабың дайын болса, жасай бер.

Жалпы, өмірде байлар да несие алады. Несие алудан қорықпайды. Себебі, жай адам үшін несие – құралмай жатқан бюджеттің саңылауын жабар бірден-бір амал болса, байлар үшін несие – қаржы құралы. Бірақ, біз айтып отырған табысты адам (миллионер) несиені жаңа смартфон, үлкен экранды теледидар сатып алу үшін алмайды, демалысқа (саяхатқа), тойға арнамайды.

Олар несиеті табысын еселеу үшін алады. Бизнеске салу үшін, кәсібін кеңейту үшін, саудасын арттыру үшін. Мысалы, қалталы бизнесменде қандай да бір стартап үшін тамаша идея шықса, бірақ оған салатын қаржы болмаса, оны банктен алады. Кейбір қаржы кеңесшілерінің ипотеканы да пайдалы инвестиция санайтыны сол. Әйтеуір қолыңда үй қалады. Түсінген адамға ол да – актив.

Егер сіз «жұрттан қай жерім кем» деп немесе соңғы үлгіде шыққан телефон болғаны үшін смартфонды несиеге алатын болсаңыз, бұл қаржылық сауат тұрғысынан дұрыс шешімге жатпайды. Ал, егер сізге телефон – бизнес үшін қажет болса және жұмсағаныңыздан да көп ақша табуға көмектесетін болса, онда ол ертеңгі күніңізге салған ақылды инвестиция бола алады. Айырмашылық осында. Бұл туралы да кезінде «Қаржылық сауат» телеграм-арнамда жазған едім. Каналға жазылып, оқып тұрсаңыз болады. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Бағдат Сұлтанқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз