Сәкен – үлкен қоғам қайраткерлерінің бірі. Бұл «лауазым» ешбір жарлықсыз, мандатсыз беріледі. Халық ондай ұлын көкке көтереді, қадірлейді. Осының бәрі бір Сәкеннің бойынан табылуы – тарихтағы өте бір бақытты сәт. Міне, осы қасиеттер Сәкенді басқа қайраткерлерден даралап, тарих бетінен жарқырап көрінуіне жағдай жасады. Бір қырымен емес, көп сырымен ерекшеленеді.
Тұрсынбек Кәкішев
Сәкен Сейфуллин шығармалары өзінің идеялық-көркемдік құнын еш уақытта жоғалтпақ емес. Одан дүйім оқушы рухани азық алады, қаламгерлер не туралы, қалай жазу керек екендігін үйренеді. Міне, Сәкен Сейфуллин шығармашылығы сол үшін де баршамызға қымбат.
Ғафур Ғұлам
Білгенге маржан. «Сыр сандық» өлеңі 1926 жылы жазылған. Ақын өлеңін «Досқа жазылған хат» деп атаған. Ақын өміріндегі Қызылжар қаласында болған жағдайға байланысты туған. Халық комиссары болып жүрген кезінде Сәкенді вокзалдан күтіп алып жүрген Шәріпжан Тотоев деген досы кейінгі бір кездесуде аяқ астынан оны «танымайқалады», шақыртқанына келмейді. Сонда Сәкен ақын: «Үлкен шенділерге табынғыш, жарамсақ. Былтыр күтіп, жалпылдап жүрген доссымағым ұлық болсам ғана шырқ айналар соқыр тауық болғаны ма?» – деп, көңілі қатты қалған екен.
Сәйділ Талжанов
Тұңғыш «Өткен күндер» өлеңдер жинағы Қазандағы «Матбуғат Кәримия» баспасынан басылып шыққанда,Сәкен Сейфуллин жиырма жаста еді. Бұл тұста баспадан кітап болып шығып жатқан қазақ жазушыларының шығармалары некен-саяқ, ұлы ақын Абай туындыларының басылғанына небәрі бес-ақ жыл болған еді.
Ақынның көңіл күй лирикасының ішінде шоқтығы биік шығармасы – «Сыр сандық» өлеңі. Өлең құрылысы жеті-сегіз буынды, шалыс ұйқас түріне жатады. 1926 жылы жазылған бұл өлеңді Сәкеннің өзі «Досқа жазылған хат» деп атағанымен, кейін келе халық арасында «Сыр сандық» деген атпен әйгілі болды. Өйткені осы өлеңдегі:
Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын! –
деген өлең жолдары афоризмге айналып, халық арасына кең тарағандықтан,
өлең «Сыр сандық» деген атпен ақын жинақтарына енгізіле бастады.
«Сыр сандықтың» басты идеясы – дос қадірін білу, достыққа адалдық. Шынайы достық туралы терең толғанған ақынның жан дүниесі таза, ешкімге қиянаты жоқ. Адалдық пен арамдық, мансап пен ар-ұждан, достық пен қастықтың аражігін аша жазып, адам үшін құнды байлық – достықты жырлайды. Дос көңілін тау шыңындағы алтын сарайға, ондағы баға жетпес қоймаға балайды.
Ал таудың құзар басына шығу оңай ма екен? Десе де, адам баласының қолынан келмейтіні жоқ, тау шыңына да шығуға болады. Бірақ тау шыңына шыққанмен, ол жерде кез келгеннің қолы жете бермес алтын қойма бар. Ал тілін, құпиясын таппаған адамға алтын қойма ашыла қоймайды.
Сонда қойманы қандай адам ашуға тиіс? Мәселе осында. Өйткені ақынның айтуынша: «Сол қоймада қымбат жасау, Қымбат жасау сақталған», – дейді. Ал енді өресі жеткен адам сол қойманы ашты делік. Міне, сол кезде адам қолына «беті өрнектелген бір сандық» ілінеді. Бірақ «ол сандықта бір сандық» тағы бар болғандықтан, оқиға түйіні «Сырдың кілті қолсандықта» екені және соны тапқан адамда болып отыр. Қолсандық ашылған кезде «Сандық іші қызыл-жасыл, Жасыл жібек перделі. Толған қымбат сақтаулы асыл» екенін көреміз.
Оның ішінде тағы
«Асыл сым бар пернелі» дейді ақын.
Сұлу жанды сұлу сүйген,
Сұлу сүйген, сыршылым.
Жібек талдап, түйін түйген,
Түйін түйген, түршілім, –
деп ақын сыр сандықты ашқан адамды ерекше бағалай келе, бар болмысымен, таза көңілімен ақтарыла үн қатады:
Сұлу сымда перне әуені,
Перне әуені жыр айтар.
Көңіл ашар тербеу әні,
Тербеу әні сыр айтар.
Шыққанбыз, дос, шыңға талай,
Талай сырды ойланып,
Ақтарарлық алтын сарай,
Алтын сарай қойманы.
Сұлу пернелер – адам болмысының әсем қасиеттері. Ал перне деген не? Тура мағынасында ол – музыкалық аспапқа тән термин. Бір нотадан жаңылысып, басқа пернені бассаң, әдемі әуеннің әуезін бұзасың. Ақынның айтпағы да осында. Адамның жан дүниесін дөп басып, достың қадір-қасиетін түсіне білу – бір ғанибет. Өлеңде осындай шынайы достарға «қолыңда жемің барда шырқ айналып, жем таусылса, жалт беретін жанама достар» қарама-қарсы қойылған.
Қазақ поэзиясында достық туралы ерекше ой айтып, оны шың басына шығарған Сәкеннің бұл өлеңі тың жаңалық болуымен ерекшеленеді. Сонымен бірге мұнда еріксіз би билеткендей сазды әуен, сұлу пернеде полифониялық тербеліске құрылған көркем сөздің әсем ырғағы бар. Ал «Ырғақсыз айтылған сөздердің сәні болмайды» (Цицерон). Сондықтан да «Сыр сандық» өлеңі – тербелістерге, сан алуан қызық күйлерге толы адам жан дүниесінің сырлы әлемі. Ақынның бұл өлеңінде жай қайталаудың үлгілері бар.
Ақын белгілі қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовқа арнаған «Мұң» деген өлеңінде:
Ешкім жоқ, шер тарқатып көңіл ашар,
Жүректің күйіп-жанған дертін басар.
Мұңымды жұртқа айтпаған саған шақтым,
Жүрек – от, көңіл – дария, халім нашар,
– дегеніндей, ақын адал достықты үнемі жоғары бағалап, ерекше қадірлей білген. Ақын көңіл күйі «от», «дария» деген метафоралар арқылы ашылған. «Өнердің ең алды – сөз өнері. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады.
Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» (А.Байтұрсынұлы), «Көз жетпегенге ой жетеді, тіл жетпегенге үн жетеді» (Б.Момышұлы) дегендей, С.Сейфуллин достық деген қасиетті ұғымның, сұлу сезім, айнымас дос, адал махаббаттың жаршысы болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі