Өлең, жыр, ақындар

«Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ

Ас­қар Сү­лей­ме­нов — 1917 жыл­ғы ре­во­лю­циялық төң­ке­ріс­ті, со­ның қарса­ңын­да­ғы, со­нан кей­ін­гі өз­ге­ріс­тер­ді өз ба­старынан ке­шір­ген Жү­сіп­бек Айт­мауыт­ұлы, Мағ­жан  Жұ­­ма­ба­ев си­яқ­ты тұл­ға­лы жазу­шы­лар­дың жал­ға­сы.

Мәм­бет Қой­гел­ді

Ас­қар Сү­лей­ме­нов қа­лып­тас­тыр­ған ор­та­ның біз­ге ерек­ше ұнай­тын мі­не­зі бар еді. Олар жас­тар­ға ерек­ше ықы­лас-пей­іл­ді бо­ла­тын. Қа­шан бол­сын, әсі­ре­се, өнер қу­ған жас­тар­мен рия­сыз әң­гі­ме­ге дай­ын тұ­ра­тын.

Талас­бек Әсем­құ­лов

Жазушы дегеніміз — стиль.

Асқар Сүлейменов

Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» повесі басты мәселені образ арқылы астарлап жеткізетін аллегориялық стильде жазылған.  Шығармаға «Бесатар» деген атау беру арқылы автор оқырмандарды бірден соғыс, қару-жарақ жұмсалатын оқиғаға дайындайды. Сондықтан ғалым Ұ.Еркінбай: «Бесатар» — бір авторлық стратегияны практика жүзінде көрсеткен шығарма. Тікелей генетикалық ерекшелігімізді сақтай отырып, осылай да жазуға болатынын нақты көрсеткен. Ерекшелігі бес саусақтың саласындай анық байқалады. Ішкі мәтін энергетикасы көзге ұрып тұр», — дейді.

Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» повесі 1968 жылы жазылып, үзінділері «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарияланған. Көзі тірісінде «Бесін» деп аталған тұңғыш әңгімелер, повестер жинағы 1970 жылы «Жазушы» баспасынан шығады. Бұл туралы жазушы Ғабит Мүсірепов «Кітап аты — «Бесін», авторы — Асқар» («Қазақ әдебиеті», 1970 жылы 25 сентябрь) деген мақала жазды: «Менің алдымда Сүлейменұлы Асқардың «Бесін» атты кітабы жатыр. Соған кірген «Бесатар» атты повесі мені көптен қызықтырып жүр. Жас жазушының өзіндік бет алысын, болашақтағы өрісі мен өресін аңдағандай боламын. Қызықтыратыны да осынысы: не жайлы жазғаны емес, қалай жазғаны, қандай жазушының бой көрсеткені» дей келе, автордың 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын бір тәуліктің ішіне сыйғыза алғанына қайран қалады.

Жазушы қайтыс болғаннан кейін 1997 жылы «Жазушы» баспасынан «Бес­атар» деген атпен жарық көрген жинаққа Ғ.Мүсіреповтің аталмыш мақаласы алғы сөз орнына алынды (Редакторлары: Ш.Тоқсанбаева, О.Кенжебеков).

2006 жылы Ә.Бөпежанованың құрастырып, түсініктерін жазған екі томдық шығармалар жинағының І томы, 2018 жылы үш томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Мұндағы ерекшелік — кітаптың соңында Г.Пірәлиеваның «Асқар Сүлейменов прозасындағы психологизм ерекшеліктері» (І том), З.Серікқалиұлының «Жаның шырқырар шындық» (ІІ том) атты мақалалары берілгендігі.

«Түркістанның босағасын келін болмай, кесір боп, 16 жылдың шілдесі аттады» деп, сөз басында автордың өзі айтқандай, повесть талай жан опат болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс оқиғасына арналған. Көтерілістің шығуына 1916 жылы 25 маусымда армияның қара жұмысына 19-дан 43жасқа дейінгі ер-азаматтарды шақыру жөніндегі патша жарлығы түрткі болғаны тарихтан белгілі.

«Бесатарға» дейін Жамбыл Жабаевтың «Зілді бұйрық», Кенен Әзірбаевтың «Аттан», Омар Шипиннің «Амангелдінің айбаты», сондай-ақ Сәт Есенбаевтың «Ер Амангелді», Нұрхан Ахметбековтің «Амангелді дастаны» шығармалары және көтеріліс жетекшілері Әліби Жангелдин, Тоқаш Бокин туралы эпикалық шығармалар жазылды. М.Әуезовтің «Қилы заман» романы жарық көрді. Торғайдан Амангелді Имановтың, Жетісудан Бекболат Әшекеевтің ел бастап шыққан ерліктері сол күннің өзінде халық арасында жыр болды.

Оқиға сюжеті «Иноземцев. 1916 ж., 7 июль, сәске», «Крейгель», «Сәруар, Төлеген», «Сәруар, Крейгель», «Қарала», «Сәруар», «Төрехан», «Мұқағали», «Сәруар, Крейгель», «Төрехан, Сәруар», «Мұқағали, Иноземцев», «Сәруар, 1916 ж., 8-июль, Бесін» деген тақырыптар бойынша дамып отырады. Негізгі кейіпкерлердің басынан өткен бір-ақ күндік оқиға баяндалып отырғандықтан, «Крейгель, Сәруар, Төрехан» тақырыпшалары 2-3 рет қайталанады.

Автордың қазақ тарихындағы үлкен оқиғаны бір күнге сыйғыза алуы жұртшылық назарын кезінде өзіне аударды. Күн көтеріле басталған 4-5 адамның арасында болатын қақтығыс кеш бата аяқталады. Бірақ сол аз уақытқа сыйғызылған кейіпкерлер басынан үлкен оқиғалар өтеді. Екі түрлі сипатта екі офицер — Крейгель мен Иноземцев, екі түрлі сипатта екі көтеріліс басшылары — Төрехан мен Крейгель, делдалдау, дүмшелеу оқыған жігіт — Сәруар мен Мұқағали.

Оқиға осы бес адамды бір-біріне қарама-қарсы қою арқылы өрбиді. Басқа жанама кейіпкерлер болғанмен, олар айрықша рөл атқармайды. Шығармада психологиялық диалог тәсілі басты орын алады. Көзқарастары екі түрлі адамның бір-бірімен сөз тартысы, ой қақтығысы, пікір қайшылығы терең психологиялық астармен жүргізіледі.

Он шақты жазалаушы (каратель) отрядпен Қазығұрт тауын жағалап келе жатқан Иноземцев кенеттен шыға келген қазақтардың қолына түседі. Иноземцевтің дереу Қарала ат мінген аққұба шалға: «Ассалаумағалейкум» — деп сәлем беріп, қолын ұсынғанына қарап, қазақ тіліне жетік және жөн-жосықты да білетіні бірден көзге түседі. Иноземцев Петербургтегі оқуын тастап, майданнан бас
сауғалап, Ташкенттегі банкир әкесінің қолтығына тығылады. Арманы — полиция бастығы болу.

Шал оның сәлемін алмайды, қамшысының ұшын ғана ұстатады. Бұл шал — Сәруардың әкесі Төрехан, көтерілісті ұйымдастырушы. Крейгель — офицер — тергеуші (следователь). Ол Иноземцевті құтқаруға барғанмен, кемпір-шалдан басқа ешкімді таппайды. Ауыл адамдарымен бірге Иноземцевті Мұқағалиға тапсырып, оны тасалау жерге көшіріп жіберген. Офицер Төреханды алып кетеді. Қара ала атты Крейгель мінеді. 21 жастағы Сәруар да Крейгельдің қолына түседі. Сәруар Иноземцевті қайтарса, Крейгель әкесін қайтаруы керек. Талап осы. Крейгель орталықтан жазалаушы отрядты тосып отыр.

Қалған жұрт не болмақ?

Сәруар әкесін «тәте» деп атайды. Сәруарды тосқан Мұқағали Иноземцевті «тақымынан суырып» алып, «қарағұсын бүріп-бүріп, мытып-мытып жіберіп», «Жат» деп тізесінен сыпырып тастайды. «Жасыл шөпке құлаған Иноземцев бірақ тұяқ серіпкен жоқ», — дейді жазушы. Ал «тұяқ серіппеу» деген сөздің «жан тапсыру» деген мағынасы бар. Талып та қалуы мүмкін. Автор мұны ашық айтпайды. Шығарма соңында әбден қиналған Сәруарды Мұқағали ауылына әкелген Крейгель жалпақ сары көшіріне маузерін беріп: «Сәруарды ат», — деп бұйырады.

Ол жылап: «Я не могу, Ваше благородие», — дейді.

«Что не можешь?» — дегенде «Я живу на их  земле», — дейді.

Ыза болып, маузерін жұлып алған Крейгель Сәруарды өзі атады. Шығарма Төрехан мен Сәруардың қаза табуымен аяқталады. Шығарма басталған бетте «сол бір шілдеде» «бердеңкенің өңменінен балқып шыққан жалғыз оқ кәрілі-жас бұғананы қырқып қана суыды» деген сөйлем арқылы 1916 жылғы қанды қырғынды көз алдымызға елестетеді.

«Бесатар» — қарудың түрі, қазақтар маузерді «бесатар» деген.

Бұл жерде бесатар — символ, яғни империялық патша өкіметінің қанды саясаты, озбырлығы, аяусыз таптауы, атып-шабуы деген мағынаны жүктеп тұр.

Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді 20-30-жылдары қазақ әдебиетінде Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев сияқты қаламгерлердің «Қарсылық әдебиетінің» негізін қалағанын айта келіп, Асқар Сүлейменовті тоталитарлық идеологияға қарсы шыққан солардың ізбасары ретінде қарастырады.

Осы пікірді жазушы Смағұл Елубай да қостайды: «Қазақтың қарсылық қозғалысының Асқар Сүлейменов сияқты көрнекті өкілдері қағазға ғана жүгінді. Қарсылығын солай білдірді. Сөйтіп барып «Бесатарды» қолға алды. «Бесатар» қызыл империяға қарсы атылған оқ болатын».

Оқуға кеңес береміз:

Асқар Сүлейменовтың қанатты сөздері

«Бесатар» повесі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар