Қаталап жылда келгенде шөлін басып, салқар уәләяттің атойлаған ашу өрлігі боп аспан тепкен Қазығұрттың ұшар басындағы аз ғана қарды тілшелеп қана тыншитын ұлы шілде,
сол бір жылы,
Көгем таудың тусыраған көк жоталарына, мол сулы Келестің момын иірімдеріне қырыс қабақ танытып, кісәпір мінез көрсетті;
сол бір жылы,
ұлы шілденің кенезесі намы сусын, намы ылғалға емес, алдымен қанға, қан мен жасқа кепкендей еді, қан мен жасқа жерігіп қара жерді тепкендей еді;
сол бір жылғы шілдеде:
сары сәскеден қоңыр бесінге, қара құптаннан құлан иек сәріге дейін шатқал-шатқал, қойнау-қойнаудың тымық ауасын таңынан айырып тарс-тарс бердеңке түтеді; уыз көкке шылқып тойған елік пен жемге бөккен кекілік өрісі мен ұясынан безді; құндыз түгі жаңада ғана тотығып, түйе жүн жұмсақ ноқтаға жаңада ғана көндіге бастаған серек құлақ көп құлын мол нөпірмен қуғынға түсіп, сөгілмеген қолтығын зорланып сөкті; ащысы аз балаусалы өңірдің ақ май жүзген ақ қымызы жаңғақ тегенеде сапырусыз қалды; қара аршадан қу мойындап жонған сары ожауды қаңғыбас оқ қақ жарды, оқ жауға қаңғып тисе, азаматтың жұлынын іздеп келіп үзіп жатты; бердеңкенің өңменінен балқып шыққан жалғыз оқ кәрілі-жас бұғананы қырқып қана суыды —
Түркістанның босағасын келін болмай кесір боп 16-жылдың шілдесі аттады.
ИНОЗЕМЦЕВ, 1916 Ж., 7 ШІЛДЕ, СӘСКЕ
Қорқыныштың көзі ала деген рас-ау.
Кеше ме, әлде алдыңғы күні ме екен — жердің астынан шыққандай боп қапыда кезіккен қазақтар кезеніп келе жатқан бердеңкенің шүріппесін басуға мұрша бермей тым-тырағай қуғанда өлген жерім осы шығар деп еді. Солдаттарға бұйрық беріп те үлгерген жоқ; есінде бар қалғаны: Сарапхананың Ташкент жақ қапталындағы жайдақ сайдың ішінен ат ойнатып шыға келген жасыл шапан, ақ қалпақтарды көргенде астындағы айғырдың жалт бергені. Тізгін сол қолда, құлыбы қайырулы мылтықты аш мықынынан оң қолына ұстап келе жатыр еді; өкініш пен қорқыныш лүпілдеп жүрегін қабат кеп сыққан ендігі бір сәтте ақжал айғырдың танауы парылдап тауға қарай салып келе жатқанын байқады. Тықыр шым бүркенген төскейден ағаштың түбіріндей дөңбек-дөңбек тас көрді. Арыны қатты ақжал айғыр біріне болмаса біріне соғып мұрттай ұша ма деп тіксінген Иноземцев атының басын оңға, бекініске қарай бұрғысы кеп жалғыз қолмен тізгін тартты. Сыңар езу тың айғыр, алайда қалтылдаған жалғыз қолдың қимыл бұйрығына құлақ асқан жоқ. Иноземцев, сонсоң, қызыл дүм бердеңкені тастай беріп тізгінге қос қолдап жабысты да, оқыс оңға, еңіске қарай бұра шапты, Рабатпен екі ортадағы бәкене қырқаның алқымына тырмысып қалған шағын топ қолды сонда көрді. Көрген сәт екі ұрты айқай-боқтыққа толып қалды — осы жаңа ғана құрдай жорғалаған солдаттардың, мынандай пышақүсті қатер сәтте, тобын жазбай түріле қашқанына боқтық түгіл оқ арнауға болғандай еді. Соңдарында, бірақ, қуғын жоқ екен.
Ойдан өрге лекіп соққан самал ендігі сәтте ақжалдың құлағын көтерді, жасыл шапандар, бірақ, осы бойы қарсы алдында жарты шеңбер боп жазылып қадау-қадау қақшиып қалыпты. Арты тау, алды қазақ; бесатардың қай қойтастың түбінде қалғанын білмейді, Иноземцев, сонсоң, ақжал айғырды езулеп барып өрге қайта салды да, аяңға түсірді. Каратель отрядты қылыш тағынып, мылтық асынып бастап жүрген апта жарымнан бері сағынған жауымен қоян-қолтық беттескені осы еді. Ол жаумен, бірақ жыраға тығылып, тас жастанып, эскадронға үйреткендей ат шөкелетіп атыса да, аңдыса да алған жоқ. Ақжалдың езуінен сабын көбікті бір-бір тамызып жасыл шапандардың қолына түсті. Өлген жерім осы болардың екінші оянғаны да сол, етекке қарай Ақжалды жетектеген еді. Ташкенттегі маузер байланған көп офицердің ішінде қазақшаға жүйрігі Крейгель екеуі болатын. Бұл жақындаған сайын жарты шеңберді бүтін шеңбер ғып жазып ап мұны қоршалап келген он шапанға, алайда, дым тауып айта алмады. Бұлардың сәлемқұмар жұрт екенін білуші еді, бірақ тұтқын сөз — тұзсыз дәм: он аттылы ат тұмсығын тірердей боп түйіліп келгенше сәлемге құлқы шаппай-ақ қойды. Қазақ атаулыны ылғида табанында тауып үйренген ақ патшаның жас офицері және де, погонын көргесін, көп шапан қалайша дір етпес екен деген күшікей үмітке малданды. Алайда, шапандар тарапынан тілге келген ешкім болған жоқ, сонсоң, әлгі үміттің орнын мыналар қамшы үйіріп кете ме деген қауіп басты — Иноземцев екі иығын құлағына дейін көтеріп ұялып алды, қамшы, бірақ, ысқырынған жоқ. Қарсы алдынан түйе жүн ақ шекпен киіп, Қарала мінген аққұба шалды көрді. Иноземцев, сосын, иығын түсіріп бір қадам алға шықты да:
— Ассалаумағалейкум, — деді.
Тізгінді қоя беріп қос қолын қабат ұсынды да. Қараланың үстіндегі құндыз бөрік шал мұның алақанына екі бүктеген қамшысын сұқты. Қазақтардың сәлем үстінде сілкілеспесін білетін Иноземцев қамшыны жеңіл ғана қысты да қоя бере салды. Ақсары шал, сосын, иегін көтеріп атыңа мін дегендей ым жасады, шөңге саусақ біреуі сап-салқын шүберекпен, жібек-ау шамасы, көзін таңды. Қатты тартып еді, собака — құлағымнан миым шығып кете ме деп тіксінгені де есінде. Көз байланған сол сәттен бері жарық атаулыны көрген жоқ. Ақжалдың үстінде кеңсірігі майысып келе жатып тағалы аттың тасқа тиген тақ-тақ тұяқ тасырын, «пысқыртпа», «оңға, оңға қарай», «кісінеп жүрмесін» сияқты шолақ бұйрықтар естіп еді. Сонан бері мал-жанның дауысымен де біржола қош айтысқандай. Тас метім суға тізесін көмдіріп сарқырама өзеннен өткен бір тұс есінде қапты; өзеннен кейін де, шамасы, алты-жеті шақырым аяңдаған шығар. Көзін сонсоң шешіскен, алайда, түк көрген жоқ. Алғашында, ұзақ таңылған көзге осылай қара бояу құйылатын шығар деп еді, кейін білді — әкеліп үңгірге қамаған екен. Бір замандары су ағып шыққан ба — табаны жарма бидайдай қиыршық тас. Тау суы сүйек-сүйегінен өтіп кетті. Ағараңдап келген көлеңке киіз бергенше тісі-тісіне тимей қойды. Жаны киізбен тыншыды. Сонан бері уілдеген қарынға ұйқыдан басқа ас таппай бір оянып, бір қалғи беріп еді; мана тағы да ұйықтап кеткен екен — содан оянып отырғаны осы.
Әлдеқайда төбеден тас жақпарлаған қайланың дауысын естіді. Әрі өзегі талып, әрі ұйқы өтіп мәңгіріп қапты — қайланың дыбысына елтіген жоқ. Осы осы сәт ағараңдаған көлеңке қайтадан көрінді.
КРЕЙГЕЛЬ
Қылшатас төбенің басында шоқиғанына екі сағаттан асып кеткен Крейгель, френчінің етегімен шынысын сүртіп ап, Қазығұрттың асуына дүрбі салды. Сағым буа бастаған қаракөк жота қылт еткен қарадан ада екен. Көңіліне, маналы бері, ін аузындағы суырдай қылт-қылттап отырған күдік кеп кірді. Қатер болмаса игі еді деп отыр. Қазір сәске, отряд кеше, құптанның қарасын жамылып аттанған, содан әлі жоқ. Бес қаруы түгел отрядтың құрқол ауылға қона жатып аялдағанын түсіну қиынға түсті.
Крейгель темекі тұтатты. Аяғының асты папирос тұқылына онсыз да толып қалған екен. Портсигарда жұмсақ жұпар «Дукаттың» екеуі-ақ қалыпты. Қайтеді, азар болса Голоножкиннің махоркасына жалынады-дағы.
Аш қарынға сорғылай бергесін бе, жүрегі лоблыды. Сәрі аста шеңбер атып үйренген кінәмшіл құрсақ майлы ас қарпымай қыңқылын тыймастай көрінді.
Етектен кеңсірігін қытықтап семіз құйқаның қою исі келді, іле жылқы оқыранды. Еркелігінен жаңылып, жалынуға әлі үйрене алмаған жылқының дауысындай. Дәу де болсаң Қарала шығарсың деп отыр.
Ох, өзін Ташкентке жөнелту керек екен, деп қалды Крейгель, марқа қозының қуырдағы мен құйқасына көңілі әбден ауған ендігі сәтте.
Кенет келген шешіміне қуанып та қалып еді. Қуырдақ пен құйқа бар, таң асқан сары қымыз бар, қолына құдайдың өзі айдап әкеп ұстатқан Қарала бар — отряд күтіп алақтаған Крейгельдің көңілі, енді қазір мәйектеніп қалды. Осы тұс отрядтың кешігуіне басқадай себептер де табылды. Казарманың сасық борщынан жаңадан құтылған солдаттардың ен еттің ортасына түскенде нәпсі тыйып қалуы, әй, неғайбыл-ау. Тойып жеген еттен кейін, қанып ішкен қымыздан кейін, үріккен құстың үйіріндей шылаған ақ бұғақ, қаракөз сұқсырлар тұрса қаратаяқ солдат түгіл Витька Софронов та қалғи қоймас.
Крейгель жерде жатқан маузерді кекілік ықылық атқан тасқа көздемей кезеп, қатарынан бес рет басып-басып жіберді.
Дәрінің исі құйқаның исіндей екен.
Жылқы етектен тағы оқыранды. Қырық шақты түп қарағаш, сол қарайлас жиде мүлгіген қыстаудың ашық алаңқай, қылта бұрылыстарын сүзіп, тінтіп шықты — Қарала көрінген жоқ.
Сауысқандай сақ Голоножкин ат қораға тыққан шығар деп отыр.
Ипподромға бармағанына да көп болыпты. Крейгель, қара болат маузердің қозы аузындай қорапшасына оқ ытқытып отырып ипподромға бармаған апталарын санады. Бүгін июльдің жетісі болса аттай алты апта өткен екен.
Дегенде ат таниды өздері. Бұлардың жылқысы, желіске жоқ демесең, қанжоса шабысқа келгенде, дес берместің өзі. Қос танауын анар сиярдай ғып айналдырып ап емінгенде Орлов пен Ростовтан қолқалап әкелген ұзын сирақ Арғымақтардың шаң қауып қалғанын жексенбі жарыстарда талай көрген. Құлағына, губернатор Фольбаумның өзі қазақы атқа ықыласты деген қауесет шалынып еді.
Қараланың қызығы мен қылығын генералға жеткізетін адамның ретін ойлап қалғанда, Крейгельдің есіне Иноземцев түсті. Бір-екі рет Иноземцевтің қасынан Фольбаумның адъютантын көргені бар-ды.
Крейгель орнынан тұрды.
Мына шоқыға, мана, онай-ақ көтерілген сияқты еді. Енді байқады — оқ жетпес дерліктей құзар құз екен. Сонау етегіндегі жылан бел күміс бұлақтан бастап ұшар басына дейін қанқызыл итмұрынға тұнып қапты.
Крейгель көк шатқалдың қыр жағына, ту жусан тұнған бөкен жон адырға бұрылды. Көк жазық еңіске, бітік өскен тарыдай сағағынан иілген қалың жусанды борт-борт сындырып малтығып түсті. Артында ит жасырардай ор боп, бұлтағы жоқ қасқарған із қапты.
Петр Иванович мырс етті.
Кекесіннің еншісі саналатын мырсылды өзінше мүсіндеу бұ кісінің қашаннан дағдысы болатын. Істеген ісіне көңілі тойғанда мырс етер еді — адырдың бөкен жонынан тура түскен із көрді. Төтеден бас тартып ұзаққа салғанның өзінде бұралаң-бұлтаққа алым бермеген екен.
Крейгель, сонсоң, Қазығұрт жаққа тағы дүрбі салды. Елең-алаң қара түгіл асудың өзі жоғалып кеткендей; лапылдаған қою сары сағымнан жоғын іздеп таба алған жоқ.
Міні, бұлардың жері осы. Қусаң жетіп, қашсаң құтқармайды, тығылсаң адырайтып аспанға көтереді. Иноземцев ұрланған үш күннен бері Рабат пен Чернеявканың арасын жылға-жылға сай жақпар тасына дейін дерліктей адалап шықты. Бүгіндері жиырма кісінің бесеуін оң жағына көлденең сап отырған жайы бар. Бесеуінің де түбіне жеткен тапа-тал түсте жай түскендей тарс ете қалатын құлдырау қараның жалғыз оғы. Бір жағың ат шаптырым — ат шаптырым көк жазық, бір жағың табанасты аспандаған ақбас тау. Құлдырау қара тарс етеді де шекелеп, ылғи да шекелеп тиеді, шекелеп тиіп ат жалын құштырып кетеді.
Табан жолын осы өлкеде танып, нәпсі солығын, алғаш, осы өлкеде басса да қойын-қойнауынан жыл он екі ай ақ тұманы сейіліп, мамық бұлты арылмайтын Қазығұрттың осынау аспаншыл биіктеріне, мынау тақтай төскейлеріне Крейгельдің іші қашаннан жылып көрген емес. Қайта — қай күні бір ойға қалғанда байқап еді — Ташкенттің бұлтағы көп көшелерінің бұрыш-бұрышынан бақырып-шақырып шығып аттылы қазақтың атын үркіту парыз саналған бала кезінен бастап самайына сынап тұнған бүгініне дейін, осы атырапқа сыбағадай арнайы сақтап айта алмай жүрген бір сөзі, ата алмай жүрген бір оғы бардай. Қай жылы — ах, да үш-ақ жыл өткен екен-ау — әкесіне еріп династияның салтанатына Петербург барғанда қайтар жолда Сычевкаға, ата-мекен топырағына соғып қайтқан. Әлгі атылмаған оқ пен айтылмаған сөзге, алғаш, сонда кептеліп еді.
Түркістанға 61-жылдың реформасынан кейін жалғыз шобырдың құйрығына байланып кеп, бүгіндері Шымкент кетіп рудник иеленіп отырған әкесінің, араққа тойып алғанда, «қайран, Сычевкалап» маңдай соққанын талай көрген. Әлгі, жұрт көп айтатын қан дабысы ма, әлде бүкіл Түркістан өлкесіндегі мұрнын жүз соммен сүртеді дейтін қалталылардың санатында санала бастаған дардай кісінің парлаған көз жасынан шіміріккені ме, әкесі «қайран, Сычевкалап» маңдайын төпелегенде мұның да жүрегі лүпілдеп кетер еді. Барғанда көрді: ақ теңбіл қайың орманы, сақинасын жоғалтқандай өзеннің жағасында шашын жайып жылап-жылап отыратын құба талынан басқа өрекпіп келген көңілдің межесінен табылар бөлекше бір қылық, көрініс-сурет, кескін-мінез көрсеткен жоқ. Күндізінде жалғыз сиырға соқа жегіп былқылдақ жердің арқасын қасып, кешінде шөжім көйлек-дамбалдың ышқыры мен қолтығынан көк ала бит аулап отыратын қалың мұжық, мұңлы мұжықтың аза бойыңды қаза тұрғызар зарын естігенде әкесі айтқан, сасық қазақтың мақалын көрдің бе, деп кекетіп айтқан бес сөз есіне түсті: ит тойған, ер туған жеріне.
Пар ат жеккен солқылдақ фаэтонмен Мәскеу қайтқанда осы мақалды әкесіне қайырып айтып та беріп еді. Етжең бет-аузы ұйқы қақты боп бір, арақ өтіп екі домбыққан батькасы Ташкенттен шығарда бөдене құйрықтатып күзеп тастаған сақалын иегімен қосып уыстағаннан басқа қайрат қылған жоқ-ты. Мамандығы полиция офицері болған соң да кісінің көмейіндегі ойын қабағынан тануға кәнігі боп алған Крейгель әкесінің ата мекенге, қайран Сычевкаға деген ықыласының шіркеуге сырт көз үшін баратын кәрі қыздардың діндарлығындай-ақ екенін оңай ұққан. Сәскеде қадаған кетпенсап бесінге жетпей бүршік жаратын, қазынаға күпті өлкенің алтын буынан мәйектеніп алған кәрікөз банкирдің әлгі мақалдағы туған мен тойғанның орнын бейне шот қаққандай, сарт-сұрт қайта ауыстырғанын қатты жиреніп, тітіреп сезініп еді. Бірақ, сәлден кейін, әкесіне деген жиреніші суынар-суынбаста байқады: туған мен тойған жәйлі өз ұғымы да әке ұғымынан қара үзіп кетпеген екен. «Қайран, Сычевка!» деп бұрылып артқа қарардай күре тамыры солқылдап, кіндігі бүлкілдеген жоқ. Сонсоң, Мәскеу жеткенше, әкесінің қасынан кетіп көшірдің жанына отырғаны; бетіне сыңсыған қайың орманымен сыр айтысқан өң жапсырғаны; сауық құрып, қазақтан мал тартып ап жүріп неше дүркін аралаған Қазығұрттың қойнауларын, жайлауларын жол бойымен ойша салыстырғаны бар еді. Салыстырған, шағыстырған сайын сауыры төңкерілген ту бие мен ыңыршағы айналған ала бүйір көк сиыр, құндыз бөркін шекелеткен қазақ пен шөжім дамбал мұжық көз алдына жағаласып қабат кеп, пысылдақ сиырдың танауын иіскелердей боп, ал ту биеге пышақ пен бұғалықты кезек ұсына бергені де есінде. Сол сапардан бері Ташкентке шаруа жөнімен анда-санда келіп-кетіп жүретін әкесін көрсе болды, қылмыс үстінде танысқан бастасымен табысқандай сынып қалады. Қан шеңгелдеген ештеңелері жоқ сияқты еді. Ау, сондағылары, қылмыс па екен сондай— ақ? Крейгель осы бір сөзді — қылмыс — әсіресе жек көреді. Себебі, мұның кеудесін сол сапарда қапқан сасық балшықтың иісіндей қолқа суырар жиреніш түйсікті басқадай ұғым-сөздің ауқымына сыйдыра алмап еді. Небір таскешті заманның қансоқта төңкеріс-қырғындарына тірсегін қиғызбай атадан балаға мирас боп келе жатқан сенім мен сезімге аталы-балалы екеуі, кәнігі қарақшылардай қабақ астынан ұғысып ап, жарысып, тас атқандай ма? Құлқын мен нәпсі сынды ылғи да мансап деп, ылғи да жемтік деп терсінетін дойыр қамшының ыңғайымен қайқаңдағанда жолай кезіккен жалаң аяқ, ақ шашты ананы кеудесінен итеріп кеткендей ме? Крейгельдің, әйтеуір, сол жолғы көкірегін білек сыбанып аршуға жетер шыдамы да, шабар құлқы да жоқ. Беті аулақ деп іштей қашқақтағанмен солқылдақ фаэтонның түкпірінде қасқыр ішік жамылып дөңкиген әкесінің — бұл қазақ мақалын кенет кіжініп бетіне басқанда — дағдыдағы сартта— сұрт шапшаңдығынан айырылып қап бетін, бейне ызғар қарығандай, бұрып әкеткені осындай оңаша қалған сәт-тұстарда төтеден кезігіп, бетіне от шығарады. Ес жиғызбай тұқыңдатып, тұқыртып кетеді. Сондағы Крейгельдің бар жасайтын әрекеті, бар сілтейтін қаруы: осы өлкеге, осы өлкенің момындық пен ашу өрлігі боп айрықша бір келісіммен бірігіп-кірігіп жататын жазықтары мен тау-тасына, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ еліне, Сычевкадан емге табылмайтын арқары мен бөкеніне деген мұздай бір кекке кептеле беретіні. Бұлардың жазығы не, тентіреп келген әкем мен әкемдейлерді сауырлап айдап тастамағанына кінәлі ме деп дағдарған да емес. Верныйдағы, Ташкенттегі өзі білетін тектілердің ішінен бұратанға іші бұратын әлдекімді кездестірсе мысық көрген иттей ырылдап қоя берер еді. Құнығып бір оқитын кітабы «Идиоттың» авторының көксау бір қазаққа жазған хатын оқып бұлан-талан болғаны да бар-ды. Осылардың, әйтеуір, марқасқа болмысын, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезерлігін жаратпайды; елінен өзі қол үзіп, елімен өзі ат құйрығын ойға қалмай оп-оңай, оңай, оңай, оңай кесісіп кеткесін бе, осылардың әлгіндей мақалкештігін жаратпайды. Крейгель, осы себепті де, Петербург барып қайтқан үш жылдан бері, өлке жұртына аты әйдік, қолы кобура іздегіш тергеуші боп алған. Ал, мына, тағы қазақты солдаттыққа міндеттейтін указ шыққалы бері ұйғырдың қамырындай қалай созса да кере құлаш боп кете беретін заң-закон атымен керексіз боп қалды. Оққа жалынып, оққа бағынар күндердің туар-тумасына нәргүмән боп жүрген Крейгель жер-жерден бунт деген хабар бұрқ-бұрқ ете қалғанда қатты толқып еді. Сырттағы соғыстың, іштегі большевизмнің бар қатер-қаупін таразыға сап отырған губернатор Фольбаумның етек-жеңі жиыңқы екен. Бас-аяғы апта жарымның ішінде жазалаушы отрядтар құрылғанда Петр Иванович Крейгель жиырма солдатты өзі екшеп ап, ат ойнатып шықты...
— Ваше благородие…
Крейгель селк ете қалды. Өзі үкі деп ат қойған, жапалақ сары Голоножкин — атұстары екен.
— Кешіріңіз, Ваше благородие. Әрі қарай жүргеніңіз қауіпті болар.
— Сен қашан келіп қалдың?
— Біраз болды, Ваше благородие.
Крейгель төңірегіне қарады: қыстауға бұрылмай, бөкен адырдың таңын қуалап ұзап кетіпті.
— Қарала қайда?
— Ат қорада, Ваше благородие.
— Менің ерімді сал, — деді Крейгель.
СӘРУАР, ТӨРЕХАН
Қарала тағы оқыранды. Санап отыр — мынау үшінші берген дабысы. Кешелі бері бөтен ауыл, бөтен иіске үйрену керек еді, бұ жолы бірақ, ышқынып оқыранды. Қолтығына жат қол жүгіріп, күлте кекілін жат саусақ уыстағандай екен. Сонсоң, көкпар түскендей дүңк етіп мақау дыбыс шықты да іле, үзеңгінің шыңылы естілді. Сәруардың шекесі сақина буғандай сырқырап жүре берді — Қараланың ерін ауыстырып жатқандарын жұқана орыс үзеңгінің шіңкілдек дауысынан оңай түсініп еді. Балажандылық пен атжандылық арасынан айырым белгі іздеп көрмеген жас жігіт есектің арқасына арнап соққандай саяз алқым орыс ер Қараланың төрт елі шоқтығын алып қала ма деп тағы да қорқып отыр. Оның үстіне, үйірден жаңадан ұсталған құр айғырдың өткен түні таң асқан-аспағанынан хабарсыз. Кеше апақ-сапақта қансорпасын шығарып жеткен. Іркілдек сары бетін шешек шұқыған кексе солдат түсер-түспесте жетелеп кетіп еді, барған бойда отқа қойса қызылмай боп та қалған шығар. Жалғыз жұбанышы, әйтеуір, Қараланың үні таза екен. Оқыранғанда барлыққан жылқы боп жөткірінген жоқ.
Қос аттың тұяқ дүбірі естілді.
Сәруар, өзіміз қолды боп отырғанда мінген төрені ауылға алып қаша ма деп, тағы да тіксініп еді.
Тұяқ дүбірі алыстап кеткен ендігі сәтте Сәруар тамағын қырнады.
Қырым мәсінің қоныш әжіміне бейне ата кегі кеткендей шүйліккен Төрехан басын тағы көтерген жоқ. Бірақ, ұзап бара жатқан тұяқ дүбірге құлағын төсеген ыңғай білдірді.
Осы өткен түні қой кенесі жыртылып айрылатын атқора-абақтыда әңгімеге тартып көп күңкілдегенде, таңды шарт жүгінген бойы көзімен атырған Төрекең кеттім-бардым үш-төрт ауыз сөзден асып жарытқан жоқ-ты. Сәруар, сонсоң, Қарала айғыр сәт-сәт абдырап оқыранғанда, тәтесі сәл-пәл тілге келе ме деген үмітке елігіп еді. Ол үміті де, міні, лез суалып қалды.
Қайта қараланы мініп бой жаза кеткен төренің алдына сауалға келген мына тұста, Төрехан, түндегісін — түлкі мезіретін де қойыпты. Сөзге, бірақ, пәлендей қытымырлығы да жоқ еді. Ақты-азалы жиындар түгіл ошақ қасы, отбасының өзінде, келін-кешік, бала-шаға деп саралап жатпай-ақ, жұртқа өзі тиісіп қамшыны алдымен өзі басып отыратындай тәтесі, қазір, мейлінше тұйық. Жай түйіліп емес әлденеге күпті боп түйілгендей. Ашу қысып тұтыққанда шеке тамырлары андыздап шыға келуге керек-ті, Сәруардың жұбанып бір отырғаны — әкесінің ақсары шекесі әлі бүліне қоймаған екен.
— Мұныңыз бекер, тәте, — деді Сәруар сонсоң, — мұныңыз бекер. Құдай басқа салмасын ғой, бірақ жаман айтпай жақсы жоқ. Оқ алдында иман шақырып алдансаңыз бір сәрі. Көп мәсіңіздің бірі шығар. Жаңада көрген жоқсыз ғой.
Ақжиып бір қараған Төрехан қолын, бірақ, қонышынан алмады.
— Бетіңізге келдім бе, келмедім бе білмедім, тәте. Келмеген шығармын-ау. Түні бойы күйбеңдеп сауал аттым, рас. Бірақ сөкпегейсіз, жақсы әке. Бұдан былай оңаша қап сыр айтар жағдайға зар болуымыз да бек мүмкін.
— Қай жағдай, — деді Төрехан. Етінен ет кескендей шар ете қап еді. — Жағдай танып шыға қояр ұшпағың болса сен-ақ шық. Біздей шобырдан гөрі сендей жалғыз ішек оқымыштың, оқыған арғымақтың жаны тәтті келеді ғой.
Қолды боп емес, қонаққа келген кісілердей. Алты қанат салқын отаудың бірі төріне, бірі кіре беріс қапталына жайғасқан аталы-балалы екеу, сырт көзге, мейлінше мазалы отыр еді.
Төрдегі — тырсиған домалақ ақ шал. Кешелі бері, біраз ұйқықуды қағажу көргесін бе, піскен көмештей бұлтиған бетінің қызылы сұйыла бастаған екен. Бірақ, шарасы кең қой көздің ағы таза көрінді. Үкікөзденіп сәт-сәт жапақ ете қалғанда ұстараның жүзіндей алмас сұр өткірлік байқатады.
Жасыл мауыты бешпетінің сыртынан желең жамылған түйе жүн ақ шекпеннің жиегіне, тықыр қара барқыттан екі елі бастырма жүгіріпті. Бір ыңғайда мойнына қара жылан асып алғандай да көрінеді екен. Жатаған орындыққа екі бүктеліп қонақтаған қағілез ақ жігітке, шынтақтаған мына бетінде, қатты налу айтқандай.
Сәруардың көмейінің қайтадан бүлкілдей бастағанын байқап қалды ма, Төрехан, қолтығындағы күптей жастық сырыла-сырыла іргеге қашқан ендігі тұста:
— Немене, соншама шыбжыңдап, — деді. Түйеден түскендей дүңк етпе сөзіне мұңсіңді қоңыр дауысы қиғаш кезікті. — Жұқа шапқа бөгелек төнгенде құлын екеш құлын да қайрат қылмақ. Қыңқыл мен қыңсыл үшін оқып жүрсең өзің біл, бірақ, басымды қатырма, айналайын. Алла жазған ырзығым бар шығар. Біреуде артық, біреуде кем — Ырзықсыз жан жоқ. Азды-көпті өмір кештік, татып, талмап келе жатқаным сол ырзық, ешкімнің садақасы емес, сенің ақылың емес жүдә. Енді бүгін кеп саба түбі сарқынды жасым қалғанда, ақ патшаның ауыздығын қарш-қарш шайнаған күдері желке төресі дікектер екен деп құрақ ұшар жайым жоқ. Ұшпадым, ұша алмадым, уа, сақалымды секеңдетіп ұша алмаймын жүдә. Енді менің ауызымды қыздырма, — деді Төрехан.
Ерінді ме, байқамады ма, жастықты да іздемеді.
Сәруар үндеген жоқ. Кешеден бері пышақкесті тыйылып қалған әкесі кенет тасып жүре бергенде мұның іле шабуы керек еді; сәл-пәл уәждесу үшін де жамбастаған ақ шалмен біразға дейін қатар текіректеуі керек-ақ еді — үндей алмады. Қоя тастап жай тапқан кәрі қабланмен — әкесімен қабақ астынан қарасқан да жоқ.
Үкім күткен күнәкәр боп, екі шынтақ тізеде, екі бүктеліп отырып қалды.
«Жетім қозы тас бауыр, жетім қозы тас бауыр, жетім қозы тас бауыр...»
Көкірегінде жатталып қалған екі жол өлең бар-ды. Сол екі жол өлеңнің таңдайына жабысқан бірінші жолын үш қайтарды, екінші жолды, сыбырлап үш қайтара шақырды, екінші жол, бірақ, ұлудың ауыл үстіндегі заузасынан, ат осқырып, оқ ысқырған қалың мұнардан бұлқынып шыға алған жоқ, Қараладай оқыранып келген жоқ.
Сәруар, әсте өлең жаттамайтын. Солықтаған жол-тармақ, сұрып қапқан күйе боп, жадында өзі қалар еді. Ұзынырға кей толғаудың басы бір сыр-мұңдарды бауырына басқан жұмыр шумақ не шумақтың жартысы екшеліп өзі кеп, қыл шылбырдың түйініндей бүйіріне батар еді. Ондай, кісінеп табысқан тармақ-жолдарын, керегінде шарқ ұрып іздегені есінде жоқ.
Бүгін, міні, алғаш рет абдырап отыр.
Әкесі қаптатып айдаған бір үйір қыраулы сөздің сызы табанынан өткенде егіз жолдың маңыраған сыңарын ғана көрді.
«Жетім қозы тас бауыр...»
Әлде егіздің сыңарын болса да тапқанына шүкіршілік ететін заман ба?
«Жетім қозы тас бауыр, жетім қозы тас бауыр...»
Осы жаңа ғана, «жетім қозыны» әрі қарай кідірмей күбірлеп кеткенде, бейне қарта асағандай тоғайып қалмақшы еді; енді, тәтесінің ине іздеген қалыпта текемет шұқып қалған мына тұсында зайыр байқады: бүгінгі абдырауы мен алақтауының жөні бөлек екен. Күн тұтылды, ай қаштының ар жақ-бер жағынан ойнап табылатын, қазып ойласаң, отырғызам деп қазыққа, омақастырам деп орға сүйрейтін алапат бір жағдайға келгендей.
Жағдайат сұрамайтын жағдай ма деп тіксінеді.
Елдің жарлық жәйлі құлақтанғанына бүгін оныншы-ақ күн. Сорға туған байтақ даланың басқа түкпірлерінен әзірге хабар жоқ, ал бұл өңір болса от тиген қалың қаудай жанып барады.
Шаңырақ қаусап, от шалқыған бір шалғай өз ауылы екенін естігенде алдыңғы күні түнделетіп Шымкенттен шықты. Жолай ат тұяғына тыныс беріп екі-үш бекетке аялдағаны бар еді. Шоқтығына қол жуытар ел көрген жоқ. Қазақтың өз арасында күн аралатпай шаң беріп жататын алып қашпа, бас асау ашудан гөрі қыл бұрау түскен намыстың бұлқынысына келе ме? Әйтеуір, боспалап тамыр басайын дегенде шалқалап шыңғырған мінез көрді.
Қос аяқтап аспан тепкен асаудың мертігері мол болар еді — Сәруардың бір зерен уды осы ойдың ауылынан төңкеріп алғаны рас.
Елге құлыбының майы кеппеген бердеңке асынып жиырма-жиырма, отыз-отыздан жазалаушы кетті дегенді Шымкенттен шықпай жатып-ақ естіп еді. Ауылына кеп көзі жетті. Рас екен. Әкесін әкетіпті.
Сол, қолды боған әкесінің жатысы мынау. Тамырының төрінде жантайғандай манаурап, бейқам жатыр. Сытылып іргеге қашқан көпшікті бауырына қайта басыпты.
Сәруардың есіне, манағы өзінің айтқан сөзі оралды — оқ алды. Қыңыр шалды қорқытып алмақ мақсатта әдейі, қадап айтып еді. Енді байқаса, ойнап айтқан от сөзден шын қатер түтін түтетердей байқалды. Жайласқандары жанға жайлы, салқын, алты қанат ақ үй болғанмен, жаңбырсіңді қыл арқандай ширатылған төренің есік ашып өзі кіргізген мына отауы, аталы-балалы екеуіне табан астынан басқадай қабақ танытуы кәдік екен.
Саршатамыздың шыжи бастаған сары күніне алақайлап ысқырынған көк шегірткенің дауысы Сәруарды, мына тұста, қамсыздықтың қойнынан оңай суырып ап көр салқын бір қылтаға жетеледі.
Бұдан хабардар, бірақ, әкесі жоқ. Сөз әлпетіне қарасаң түсінем дерлік құлқы да жоқ сияқты.
Тізе бүгіп су ішетін түз мінезіне бағып айылын жияр емес.
Заманың тазы болса, түлкі боп шал дер еді. Осы шалдың аузынан өз құлағымен талай естіген. Осыдан алты жыл бұрын бір таныстан, бір таныс шығып Ташкенге оқуға барар жағдай туғанда осы, осы тақылеттес мәмілелерді әсіресе көп айтқан. Заманның жараған буралығын, заманмен әлін білмей алысқан жігіттің көкжал тірсектеген бөкендей тұралап қаларын көп күйттеген еді. Сол тәтесі бүгін кеп, құрқол басымен, бес қаруы түгел өкіметтің, өкімет адамының шабын түрткілейді. Басқа түгіл таңқ еткізіп қатты сіңбіргеннің өзін басбұзарлыққа жоритын өкімет пен өкімет адамына ашу айтады. Әзірге айта қойған жоқ, бірақ әзірге әке қабағын, әке мінезін шұнаң-шұнаң кішкентайынан бағып өскен жігіт мына шалдың төреге сақтап отырған құқайы мен қоқан-лоққысын, шоқпаршыл ашуы мен запыран ащысын ой көзімен-ақ шамалап отыр. Мынадай қысылшаң шақта жалғыз баласымен кең отырып кеңесуді артық санайтын адамның қамшыға жүгіргіш, тізеге жүгінгіш төремен тәжікелесе қоярына зәредей де сенімі жоқ. Сыз өткен төреге ойынды мұз боп дөңкие ме деп шырылдайды.
Көмейіне біраздан бері, қайта-қайта лықылдап, тұтқын деген сөз ұрып еді. Оған, бірақ — әкесі айтқандай жан тәттілігіне бағып — құлап құлақ асқан жоқ. Бұл сөздің және де іскек бір ызыңы бар екен. Осы ызың сәт-сәт үйіліп кеп құлағын шаншады. Ондай сәттерде Сәруар кеще шаншуға қыңбаған ыңғай танытады.
Әкесімен кетісіп мына шаншумен табысқан Сәруар, сонсоң, қару асынған бала солдаттың тәтесі екеуін түні бойы күзетіп шыққаны есіне алды. Ат қора абақтының ішіне кіріп отырған бала солдатты; өзінің осыдан үш-ақ күн бұрын Шымкенттегі переселуправлениенің ағаш үйінде — ат теуіп өлтірген мегежіннің дауымен — отырғанда әкесінің каратель отрядтан кісі әкетіп, араға күн салмай өзінің қолды болғанын; тез ерттелген Қараламен қан сасыған осы қыстауға сүйінші сұрағандай шапқанын; елдің жілік майы дерліктей азаматына қырғын боп тиген жарлықты... бар-бәрін кітап парақтағандай адалап шықты. Бәрін бір жүйеге түсіріп, кейін төремен кездескенде, төре тұщынар ой тізейін деп еді. Тізе алмады. Әлгі шаншу шүйлігіп тағы келді де, үй сыртынан ат пысқырды.
Мана, сырттан демесең, көз тоқтатып қарай алмап еді — кірген бетте, жұлдыз іздегендей түндікке ұлып тұрып алған ақ төре жарау аттай ширақы кісі екен. Сәруар ұшып орнынан тұрды. Крейгель белін жазғаны ма, қос қолын мықынына таянып оңды-солды теңселіп кетті. Тәрбиесінде кішіден алдымен иба, үлкеннен алдымен салиқалық күтіп үйренген жас жігіт бұтынан бұзау өткендей ұзын сирақ офицердің мына қылығынан қатты ыңғайсызданып қалып еді.
Ерсі қылығын естілікке жеңдірген төре сөйткенше болмай:
— Ассалаумағалейкүм, — деді. Ұзақ сөзді буынын жұтып қысқартпай, аузын толтырып, созып айтты.
Беліне салаңдатып бесатар асынған, діні бөтен, тілі бөтен офицердің су таза қазақшасы, қазақша қариһаты сондайлық тосын екен. Сәруар бір сәтке, сүтпен тершіген тас көргендей аңырып қалды. Ұсынған қолының төреге жетпей ауада қаңтарылғанын да байқаған жоқ. Төренің көзі төрде екен. Сәруар, оның марғау жанарын бойлап барып, әкесін тапты — тәтесінің айылы жиылып, қабағы жылымапты.
Сәруар қос қолын сылқ жанына алды, сонсоң, отырар-отырмасын біле алмай дал боп қалған ендігі сәтте қабақ астынан ұрланып төреге көз жүгіртті.
Қос қолын мықыннан алмапты.
Сәруар төренің белуарынан жоғарылай алған жоқ.
***
Қай уәжіңе де құлқым дайын деп бірі тұр, қай құқайыңа да қабағым осы деп бірі жатыр. Әлі ұлтаны сөгілмеген кавалер етікті босаға алдына сықырлатқан Крейгель, мына екі қазақтың екіұдай мінезіне, алайда зәредей де таңданған жоқ. Бұлардың, себебі, сүтпен дарыған дерліктей мінезі осы. Қазақ екеу болса оның бірі шоқ, бірі мұз кескінде келмек. Бұлар басқа түгіл, ойнап табысатын орайдың жем көрген құзғын көзденіп шатынасып шыға келеді. Ал, бұлар егер үшеу болса, ана-мынау цирктен табыла бермейтін мейрампаздықтың қилы-қырлы иіріміне қарқ болдым дей бер. Себебі, от кескін мұз кескін ырсылдасып-ысылдасып жатқанда, үскірік соққан үсік алмадай үшінші қазақ қаша тартар шақ іздеп жиынып-түйініп отырмақ. Кейде ояз бастықтарына, кейде приставтарға еріп болыс сайлауларына, жер дауы, жесір дауларына бой жаза барғанда талай көрген: бұлардың қаша тартар үшіншісі, ана екеуінің титықтағанына көзі әбден жеткенде, типық маңдайына айдар мен айбарды қатар жапсырып, текетіресте қалған әлгі екеуін қарауылға алыстан алады, қабат көздейді; қабат көздеп жүріп жұлысқан әлгі екеуді, кейде жалғыз оқпен-ақ жайратып салуына мүмкін.
Сонда бұларға не жетпейді екен, жеті атасының жұлынын суырғандай боп абаласқанда қонам дейтін тағы, кием дейтін тәжі қайсы екен?
Крейгельдің, күлкі-мазақ үшін болса да, осындай сауалдарға анда-санда беттесіп қалары болатын. Сонда тоқпаққа таласқан екі құлжаны көргендей санын шапаттап күлкіге кетер еді.
Өріске апарар соқпақ болса бір сәрі, өріске емес қылтаға, бердеңкесін кезенген аңшының иек асты алдына апаратын соқпаққа таласу үшін, әлде, бөлекше тақылет керек пе?
Ішекүзді күлкі көпіршіп кеп Крейгельдің көмейіне дәл қазір тағы ұрды, бірақ апыл құпыл қызықбау шалғаннан гөрі қысты дауысын әп-сәтте қажытып алды да қажыған дауыспен қатал бұйрық айтты:
— Ақсақал, сіз бара тұрыңыз.
Қатал болғанмен зіркілі жоқ екен.
— Петрухин, — деді сонсоң іле-шала.
Крейгель аузын жабар-жаппаста кеше Қараланы жетектеп кеткен қаба сақал солдат келіп кірді.
— Ақсақалды Голоножкинге тапсыр. Жайын жасасын. Еркі білсін: қаласа бірге болар, қаламаса бөлек жай тапсын. Намазы бар ма, тамағы бар ма — қолын қақпа де. Бұлар әзірге тұтқын емес. Ат табылса қашан да қамыт дайын. Болам десе тұтқындық қашпас.
Төрехан сыртқа беттегенде, Крейгель есікті өзі барып ашты.
СӘРУАР, КРЕЙГЕЛЬ
Жарау төре, төрге, жерге жайласар алдында Сәруарға орындық ұсынды. Бұл өңірде соңғы үш-төрт жыл әлетінде бұйым қатарына іліге бастаған арқалығы жоқ құйрықбасар. Есектұяқ аяқтарына қарағанда төркінім Черняевкадағы ауғандардың бит базары деп тұрғандай. Отырған кісі, жүрелеген сыңайда, қос алақанымен иегін ұстап бүктетіліп қалады екен. Көңілі, бірақ, жай — төренің әлгі бірдегі тәтесі шығар айтқан бір үйір ұлпа сөзі Сәруарға бекемдікке бергісіз жұбаныш әкелді. Сәруар, сонсоң, шалқалап керіліп алды; үйге айналып кеп қайта кірген қаба сақалдың ағжиғанын да көзіне ілген жоқ.
Қаба сақал шамада бұйрық күтіп келгендей. Бесатарына сүйеніп, төрге көп телмірді, сонсоң босағадағы тай сабаға көз қиығын сұққылап тағы тұрды, иіс тартқандай делиіп қызыл мұрын танау кетті; Төре, бірақ, қаба сақалға ыңғай берген жоқ; шелпек бет сары есікке сонсоң ғана бұрылды. Шаңырағы мен уығына жылан жондап жаққан, сыналап сүйек қаптырған алты қанат ақ үйдің ішін, ендігі сәтте, ауыр бір үнсіздік басты.
Төре намазға ұйығандай қозғалар емес, төрде, жаңа ғана Төрехан тұрып кеткен құрақ көрпешенің үстінде молдасын нық құрып шаншылып қапты; екі керегені бір-ақ қаусырған бұқары кілемнің қанқоңыр бұйра төсінен ызбар атады. Шыр айнала жиектетіп алтын өрме зер жүгірткен картузын тізесіне қондырғанда байқады — марқасқа дерліктей шекелі екен. Шекелі офицер, бірақ, екеуден-екеу қалғалы бері бұған да көз тастаған жоқ. Көк жанары аяз қапты бір ойдан, қиналыс-бұлқыныстан шыныланып алғандай. Үй табанындағы сарыала текеметке қадалып отыр.
— Солай, жарқыным, — деді бір кезде жарау төре. Әлгі үнсіздікке бой алдырып ап отырған Сәруар селк ете қалды. Төре түгіл қазақтың аузынан сирек шығатын жарқыным деген жалғыз сөз Сәруарға, бірақ, майдай жақты.
Үндемей ұзақ илеген ұзақ ойынан шашау шығарып алғанына реніші бар ма, төренің маңдайына қалың сызат түсті, басын, алайда көтерген жоқ.
— Байқаймын, оқыған бала сияқтысың. Көріп отырмын, тараққұмар шашың бар екен — қалада істейсің— ау. Түлкі бұлаң неме керек. Адамды да, елді де омақасарда осылай түлен түртеді өзі. Жалған намыс пен жадағай елшілдік бейкүнә бұғанаға қанжар байлатып, бейкүнә шекеге оқ қаққызбақ. Мұндайда сөз ұғар құлаққа, салқын ақылдың сабыр дәлелін ұғар көкірекке не жетсін. Жаңағы әкең ғой. Білем. Алған тәрбиесі, көрген мектебі бөлек, қасаң көңдей қатып қалған адам шығар. Оған ашудың да, өкпенің де жөні жоқ. Бүкірді мола түзер деген. Моланың. Бірақ беті аулақ, — деп жым тастап кеп бірауық Сәруарды бақты.
Дауысы, мейлінше, майда екен. Майда ма, қоңыр ма — қанша емініп тыңдағанмен, қылта-қалтарысы мол бір үйір сөздің астары түгіл жалпы аңысын аңдай алмаған Сәруар төренің дауысына, бірақ, зайыр тұщынды. Бұл кісі, оның үстіне, түз қазағына көзігер-көзікпесте зіркіл тілеп ақшиятын көп ұлықтың айқай айбынынан емес, өзі де сый көріп, өзі де сыйлап үйренген адамның сабалы мінезін танытып отыр. Осы мінезімен әкесінің манағы көрмей-білмей жатып, сырттан пішін шаптырмалаған нобай-ноқай баламаларын тобықтан кеп орынды соққандай.
Бүгілген белі қатты ұйыған осы тұста, Сәруар, дақтырт пен өсектің әсіресе қазақ арасында — саңырауқұлақтай тез, қабынып өсерін ойлап қалып еді. Алыпқашпа пікір сөздің қыр асқан сайын ісініп, ісінген сайын сонау бастағы кескін-келбетінен қара үзіп кетердей халге жетеріне ой жүгіртті. Байқап қараса, сонау баста жылан боп шаққан бір өсек келе-келе айдаһардан бір қайтып, сонау баста құлын боп туған бір лебіз, бауырын әбден жазғанда, тоқпақ жалды торы айғыр боп әзер тоқтардай екен. Осы себепті де, қанша парақор, қанша қанқұмар дегеніңмен ұлық атаулыны бір жіпке көзінен тізу әбестік пе дейді. Әбестік болмағанның өзінде қарашаның аспанындай қалың қабақ бұл өмірде қилы-қырлы пенделермен — кейде оларға ділгір қып — кездесіп, аймаласып жүргенде әркімнің өзіне лайық тіл мен ыңғай, қыр мен қып табуға керек. Әйтпесе, бір ауыз сөзге келмей серейіп жатып состиып шығып кеткен әкедей оғаш бір мінез көрсетіп алсаң орға жығылу оңайдың оңайы ғой. Омақаса ұшып кеткен соң опындың не, опынбадың не.
Жарау төре енді — Сәруар көрінеу қысылып қалғанда — ұзынтұра денесін жеңіл көтеріп, қаба сақалдың тамағын ісіре жаздаған сабаға барды, сонсоң сабадағы қымызды бес-алты рет күрп-күрп пісіп жіберді.
Ғұмыр бойы сабаның пұшпағын илеп өскен адамның пайымдылығын тағы көрсетіп еді — қос зеренге ернеулетіп толтырғанда, лықылдап құйылған қымыздан бір тамшы да ысырап болған жоқ.
Домбыраның алқымынан зар сауған жат жұрттың адамын көргендей Сәруардың жүрегі қағып-қағып кетті.
Тек бүгінгі емес қашаннан бергі әдет осы: елдің ит таласқан жас терідей онсыз да пәре-пәресі шығып бара жатқан төл мінезін басқадан тапқанда оп-оңай төңкеріліп қалады. Діні бөтен, тілі бөтен демей-ақ басқаның бойындағы іліп алар жақсыға өз қойны ашық болған соң ба, Сәруар, басқаның да бір енін ішіне тықпалап бой сақтағанын, танау шүйіріп кергігенін ұға алмаушы еді — су сіңді қыл шалбардай ширатылған мына төре Сәруарды біржола арбап алуға, баурап алуға сәл-ақ қалып отыр.
Крейгельдің бірақ, алдап отырған, арбап отырған ештеңесі жоқ. Әлгі айтылған үзік-үзік сөздер, әлгі саба құшып қымыз құйғаны көрінеу дем, қимыл-қарекеттер емес, әзірге деген бары, шыны. Бұларға, іштей қос құлағын жымырып теуіп жіберер, періп жіберер ыңғайда қарары рас. Крейгельдің, алайда жүрегінің басында топ боп тұрып алатын сезініс-ұғыныстарға алдымен құлақ асатын әдеті бар-ды. Осы себепті де, Крейгель, бұлардың ошақ басы, үй сырты тірлігінен сұлу жылқы мен сұлу әйелдің мүсініндей бөлекше бір келісім тауып жүргенін ешқашан мансұққа шығарған емес. Бұлардың жалпы тәрізінен кісіні табанасты елтітіп, еліктіріп жүре беретін табиғи бір сыңай, мінсіз сызылған шеңбердің шек танымас үдесіз бір бітімін көреді. Крейгельдің арбап отырған ештеңесі жоқ, оның көмейін, қайта алтын қоңыр балдай сырбаз ағатын қазақы сөз кернеп-кернеп кетіп отыр. Малдас құрған мына бетінде көсіп-көсіп сөйлеп кетсе, әлі күнге сөз сәулесі түсіп көрмеген іші терең бір тұнықтарын шайқап-шайқап алатын да сияқты.
Бұлардың бірақ — Крейгель қабағын шытты — мына кескінді, желке жауып шаш қойған шүрегейлер өз сөзін көбінде, жете бағалай да бермейді. Мұндайлар арыдан патша ағзамның, беріден Фольбаумның аты-жөнін әредік-әредік қыстырып қойып орысша төпесең, мұрнын жаңадан тескен тайлақша, қолды-аяққа тұрмай елпілдей бермек.
Балық басынан шіриді, деді Крейгель ішінен, есіне қазақтың тағы бір мақалы түсіп.
Алдыңғы жылы Черняевтің кампаниясы туралы материал іздестіріп жүргенде жолай кездескен этнографиялық бір жинақтан оқып еді.
Балық басынан, бірақ, көрер көзге ғана шіриді. Әйтпесе, бұларды балыққа балағанда, бұлар бауырынан, бауыр құрсағынан шірімек. Уылдырығынан, деді Крейгель. Есіне французша шүлдірлегенін әлі күнге қоя алмай жүрген жолдас-жораларын алып еді. Крейгель, сонсоң, Петрухин ертіп кеткен қырыс шалды және мына шүрегеймен үлкен әңгімені қалай бастарын ойлап қалды.
Қымыз, кем айтқанда, екі таң асқан сияқты: бетіне май жүзіп, саржалқындана бастаған екен. Сәруар қиналып жұтты. Мына малдасшыл төреден секем алғаны да осы тұс еді. Қымыз екі таң асқанда мына қыстаудан ит қашқанына да кемінде екі тәулік болғаны ғой.
Кеше, нұсқаған бетпен далақтап шаба беріпті — кімнің қыстауы бұл?
Мына үйдің иесі қайда?
Жайлауға неғып көшпеген?
Бәсе, саршаның кешегі қысқа түнінде бұлар түнемелге қалған атқора-абақтыны қазақ аулына бимәлім қара таныс үнсіздік басып еді. Марқасқа төбеттердің дағдыдағы бөрі-құқай әупіл үрісі, үйірсек жас айғырдың тау қойнауын тітіретіп жіберер тоқ, насат айқайы... бәр-бәрінің құлақ кесті тыншу тапқаны есіне қазір түсті. Сәруар, ел ұйқыға кететін түн түгіл, тапа-тал түс қазірдің өзінде үйсырты үн естіп отырған жоқ. Үй іргесіндегі жеңді білектей бұлақтың қамсыз сылдыры, арадай шөп шабынның бейтаныс ордада уыжж-уыжж-уыжж жосығаны, арқа тұсы ат қора жақтан шығып жатқан темір қышыр ғана. Біреу әлде сүмбе егеп отыр ма?
Бабынан кетіп бозаға айнала бастаған қымыз маңдайына тер бүркіп арқасын жазып еді, Сәруар енді, төс етінің қазтеріленіп бөрте бастағанын сезді. Екі босағадағы үйіліп жатқан көп бердеңкенің қоңыр сырлы дүмдерін де енді көрді.
Төре орнына, төрге жайғасқан екен. Тағы да ерегескендей қазақ аулының әдет-дағды, қимыл-қылығын жаттап өскен сыңайда сырлы зеренді қос қолдап қаусырып апты. Қымызды да төңкере салмай дәмін алып, талмап отыр.
Мәмленің анық дауысы бос зеренмен шоңқиып қалған Сәруарға қайтадан жетті:
— Менің осы өңірде туып-өскенім рас болса, сенің жұртың жеме-жем сәттерде сөзді тоқ етерден бастайды. Мана айттым ғой: түлкі бұлаң неме керек.
Крейгель ой бауын қашырып алғандай қымыз жұтып сәл аңырып қалды да, қияқтап қойған жирен мұртының жиегін сүртті.
— Адам, асылы, кім-кіммен сөйлескенде де терезенің теңдігін түп қазық қып ұстауға керек. Биеден ала да тумақ, құла да тумақ деп өздерің айтасың. Ел үстінен күн көргесін, шалқақ иық кей ұлық, кері шаптырар дерт табады. Сұхбаттасы кергігенде қазақтай шамшыл елдің иіле қоюы қиын нәрсе, әрине. Указдың үстінде оның мән-жайын халыққа түсіндіру деген мәселе туып еді. Әлгіндей тайқы зерде, тайыз ой атарман-шабармандардың кесірінен елді үркітіп алдық. Сол себепті де өлкенің басына ағайынның қан төгіскеніндей қайғылы хал туып отыр бала... Аты-жөніңді білмедім, — деді сонсоң ұзын сирақ офицер.
Деді де сары ала зеренді шиырып жіберді. Сары ала зерен сары ала текеметті жабу пішкендей дөңгелеп сызып шығып, енесіне, сабаға тартты.
Құдауәндә, әкесінің де шай кесені осылай бездірері бар еді.
— Сәруар.
— Сен жаңағы бұзық шалдың баласысың ғой.
— Иә.
— Жігіттер сені, кеше, қалада деп келіп еді.
— Иә.
— Ташкендемісің?
— Шымкентте.
— Қашан келдің?
— Кеше.
— Ауылыңа соқтың ғой?
— Түлкі бұлаң неме керек, Крейгель мырза, — деді Сәруар. — Ауылға соқпасам апақ-сапақта ат сабылтып атам өлді ме.
— Оқа емес, — деді Крейгель. Сәруардың сәл-пәл тістенгенін елемеген сияқты. — Оқа емес. Мауқыңды, сағынып келген ауылыңа, бүгін болмаса ертең барып басарсың...
— Бұл да өз ауылың.
Сәруар, мысқыл түрте ме деп төренің бармақ батардай боп шүңірейген ұртын бағып еді, Крейгель сыр бермеді.
— Бүгіндері ауыл қалды деймісіз, — деді Сәруар. — Сонау тереңінен ойнап келген қос уыс сөздің алдын ораған жоқ, бердеңкенің босағадағы ұйлыққан үйіріне көзі тағы түсті, дәл осы сәт, манағы секем кеудесіне қайта соқты. Бұ жолы және де шабыныңқырап келіпті. Секем емес, үрей боп соқты.
— Көпшік тастап отырған ештеңем жоқ, Крейгель мырза. Шынымды айтайын, қазақ баласымен дәл сіздей сөйлескен ұлықты бұл өңірден бірінші көруім, ал бар деп естіген емеспін. Ұстатпай жатып қолқа деп дейді./?/ Бір-екі ауыз жылы сөзіңізге, қазақы қираһатіңізге гүрс етіп құлай кетсем, жағымпаз адамға жиреніп қарайтын сізге, алдымен обал болар еді. Құрақ ұшқыш қазақты аз көрмеген шығарсыз. Семірсе семірген көзіңіз болар. Көздің еті іскіш келеді. Парасат көзі көңілде ғой.
Жауап сөзінің оқыс өркештеніп кеткеніне Сәруардың өзі таңданды, сөз аяғын бірақ, кешірім сұрап күлтелеген жоқ.
— мАуылдан адам әкетіпсіз. Оның кім екенін сізге менің тәптіштеп жатқаным жөннен кетіп, жосықтан асқан ділмәрсу болар еді. Сіз деп кесіп айтам. Себебі, құрық кісінің қолын ұзартса, жаңа бірде ғана өзіңіз атаған атарман-шабарман сіздей төренің құлашына құлаш боп жалғанбақ. Құрықты жазғыратын ештеңе жоқ. Көп болғанда оған реніш қана айтасың. Құрышқа реніш — қолға кек.
— Да, — деді Крейгель. — Да.
Құптағаны ма, тосын сөзге кезігіп тосырқау білдіргені ме, құлақ түбінен тер шыққан Сәруар оны ажыратқан жоқ.
— Да, — деді Крейгель, сонсоң тағы да. — Байқап отырсың, мен өзі тілмаш ұстамайтын ұлықпын. Тілмәш жарықтық бидайдың ұнынан жүгері шелпек пісіреді ғой. Айтқаныңды ұқпады деп қалма. Сол, ұққаным рас болса әкең өзіңнің о жақ, бұ жағыңда болуға керек.
— Мүмкін. Мен, бірақ, керісінше ме деп ойлап қап ем. Бізде, атадан бала мысқал кем тумақ, дейді.
— Сенің әкеңнің, бірақ Ташкент барып кітап ақтарғанына куәлік айта алмас ем.
— Мықтылық пен мығымдықтың белгісі кітап ақтару екеніне кепілдікті мен де бере алмаймын, Крейгель мырза. Оған қоса, о кісінің ақтарған кітабын сіздің көрмеуіңіз де ғажап емес.
— Солай ма, — деді Крейгель. Сұраудың орағы боп иілуге, ілінуге келе жатқан дауыс, кенет, енжар-марғау тартты. Соның өзінде жалғыз сөз бен екі харіп жаңағы зеренше зырылдап, шиырылып кеткен екен. Шаншылып қалай отырса, шаншылып солай қадалған Крейгель бусана бастаған Сәруардың, қиналған тұстарында, сол қолдап шеке сығар әдеті бар-ды; әлгі дірілді зайыр сезгені сонша, көтере берген қолы бір сәтке — мана төре кіріп келгендегідей — көз алдында қаңтарылып қалды.
Сырт көзге ұзын сирақ офицерден қорғанған бір сыңай боп та ұғылады екен.
— Солай ма?
— Жалғыз сөз бен екі харіп, төренің аузынан екінші өргенде, орыс орақ боп иілгеніне қоса шалқалап туған жаңа айға да ұсады.
Қариялар шалқалап туған айдан қорық, деуші еді.
Крейгель енді, мұны оп-оңай жасқап алған бетте, үсті-үстіне бұршақтатып кетті. Сөйтсе, ана сүтімен дарымаған зейін-зерденің — қағазды қанша шұқығанмен — адамға қона қоймасын бұл да, Крейгель де біледі екен. Бірақ, деді Крейгель малдасын ауыстырып құрып ап, жендет мінез өмір өзінің үлкенді-кішілі пендесінің алдына кейде сынау, кейде мазақ үшін болса да көлденең көк шатқал тосып, көлбетіп тұзақ тастайды. Ондай шатқал мен ондай тұзаққа ердің ері ғана қарсы шаппақ. Қарсы шапқанның өзінде, жүрек жұтты батырлық пен батылдық аз. Батыл мен батырдың бағын ашар, ашудың жетегінде кетпей, арыдан ойлайтын ақыл мен айла, сабыр керек. Зерде, зейін дегеніңіз табиғаттың өзі мәрттік жасап сыйлай салған бұлағы болса, білім, білімге құштарлық, кітап ақтару сияқты қамшы өріміндей қойындас ұғымдар сол бұлақтың дембе-дем бітеле бергіш көзін ашатын қаруы. «Жарайды, — деді Крейгель сонсоң, саған етене жақынмысалға, балама-теңеуге жүгінсек, зерде-зейініңіз, кеше, сен мініп келген Қарала, ал білім мен білімге құштарлық сенің әкең, әкеңнің бапкерлігі; бапкерліктен, мүмкін, өзің де құралақан емес шығарсың» деді Крейгель; сонсоң, жөткірініп бір алды да, шақар жадылығын танытып, өкпе реңді бір ой таратты. Сөйтсе Сәруардай жас жігіттің тараңдық жасап ашуға тығылғанына Крейгель қатты ренжиді екен. Оның бер жағында, үлкен айтты, халық айтты деген сөздің бәрін балқаймақ сүресіне баламау керек; Әйтпесе атадан баланың батпан болсын, мысқал болсын кем туары рас болса — ел мен жер өсуден, өнуден қалар еді; ат орнына қашыр, қашыр орнына ала тақиялы саудакештей, есек мінер қортықай, ергежейлі қауымды көрер ек; тән азады, тән азған соң жан азады, рух азады; аруақ азады десем мынау аруақтан да хабардар екен деп таңданып жүрме, деді Крейгель. Себебі бұл, Крейгель табан жолын мына Ташкенттің түбіндегі Черняевкада, қалың қазақтың арасында бекіткен, ал аруаққа сену-сенбеу деген ол екінші мәселе; және де оған ат басын тіреп шұқшия берудің қажеті жоқ. Сену-сенбеу де кім-кімге болмасын, қай жерде болмасын, қай кезде болмасын — оңай нәрсе, ал, бірақ басқаның сенімін сыйлауға мұның, Крейгельдің ізет-шыдамының жетерлігіне іні жігіттің келіскені артық болмайды. Ұзын сөздің қысқасы, әңгіменің артын аңдамай тұрып сөз салғастыру, даукестік көрсету Сәруардай жақсы өсіп келе жатқан жігітке мін. Жай мін емес, оғаш міндердің санатында көрінбек.
Сәруардың шекешіл саусақтары мытқылап отырған тізені тастай беріп кешелі бері сән қашқан ұйпа-тұйпа қоңыр шашты сипады. Уәжге уәж қайтара алмаған кісінің қапаш-құпаш тал қармағанда кезіккен қимылы екен. Мұны Сәруардың өзі де ұқты, өтіріктен тоят ап үйренбеген жігіт ұққанын жасыруға тырыспады да. Шашын, абыржып отырып, төбесінен маңдайына қарай тарады.
Міні, осылай ұстасарға келгенде құлақ түбінен қамшы жеген қалтақбас жылқыдай бүгежектеп қалады. Қайбір жылдары қымызға тойып қыз қуып, атқа шауып салым сап жүргенде бір кісідей-ақ батылдық-батырлығы, азуы бар сияқты еді. Қала барып қағаз шұқып, алды-артын таныдым дегелі бері осынау бұқпаторғайлыққа қоңсы қонып апты. Қазір де байқап отыр, тесілгенге тіктеп қараудан қалғандай. Иегін алқымына алып тайсақтай береді. Бұл мінезін бір орайда сөкпейтін де еді: бөтенге қараған күн қараң дейтін. Жағасы қанша жайлау боп отырғанмен, шүріппе басар әп-сәтте, кірпі көрген жыландай жиырыла қалатын сары ала жаға, шұбар төс ұлықтардың алдында жел қайықтай лыпылдамасаң болмайды. Әйтпесе, араға күн салмай сауырлап айдап тастайды. Төрт жыл бойы кітап ақтарып қызметкер санатына қосыла бастағанда кегжием деп қаладан далаға қайта қуылып кеткен даңғойлық болар деп ойлайтын. Оның үстіне, мұның ұлық алдындағы жортағына куәлік етіп қорланар дос-жаран, ағайын-туған жоқ, ет жақын жоқ. Олар мұның қалада деген атына, шенеунік деген еніне мәз. Ауылға жыл құрғатпай барып тұрғанда тілерсек жауып қара шевиот сүртік, сықырлаған әміркен бәтіңке, жағасына бір уыс лентаны будалап ақ креп көйлек кисең жетіп жатыр. Кедей атаның, кем атаның баласы екеніңді де ұмытып, құлын сойып, қой сойып өздері-ақ көтеріп кетеді. Мұны бақандай қорған көрісіп — аза-мұңдарын айтып, кемеңгерге баласып — ақыл сұрап, кеңес күтеді. Сәруар сонда, ау, осынша сый-құрмет басыма шақ па, жоқ па деп сауал жастанған емес. Жылы-жылы көп сөзді, ыстық-ыстық мол ықыласты сыйтабақтай орынды көретін. Ара ағайын қоңсы-қолаң түгіл Секең сияқты түйенің жарты етіндей денесі бар ел ағасының өзі ет мүшелеп, тұздық құйғанда өзін қолайсыз сезініп көрген емес. Бүгін бір байқағаны: жұқана тәніне қиракезік екіұдай мінез, екіұдай тақылет сыйдырып жүреді екен. Кісіліктің, өрлік пен маңғаздықтың томағасын, сөйтсе, ауыл аясында сыпырып, ауылдан кетіп қалаға ұлық арасына барғанда, олардан шығып қаланың шет-шетінен үш бөлме кірпіш үй иеленгенді үлкен бір мұрат санайтын үркердей қазақ шенеуніктерінің арасына түскенде әлгі томағаны милықтатып киіп ап, көтерілген аяққа сауырын тоса беретін боп шықты...
Құрт қосқан шым-шым сорпаны үлкен қара зеренмен өңкиіп ұсына берген Секең есіне тағы түсіп еді: Сәруар қара зеренді алар-алмасын білмей дағдарып қалды. Дағдарған осы орайында, әкесінің кешелі бері қыңбай қисая бергені де бөлекше ұғылып еді; тірлік кешкен адамның сол тірліктен жалғыз ғана арттырып алып кетері жат тізені кеудесіне шығармау ма деген ойға ойысты.
Шаштың жарасы жеңіл екен — әлгі бірле шашылып кетіп бетін жапса, қазір, он саусақ екі жақтап қаумалағанда, қопсыңқырап болса да орнына жатты, бірақ, табан астынан үрей кеулеп жүре берген көңілін қайтерін білмейді. Жарау төренің жұбаныштай жұмсақ толғауына құптағаннан басқа қайрат қыла алмаған көңілге не шара?
Зікірге жоқ Крейгель, аңдап қараса, зілге бар екен. Мұны да қазір түсінді. Осы сәттен бастап Сәруар шашылып-шалқып сөйлейтін дағдысымен қош айтысуға тура келерін жітірек бір сезді де, қасқарған қалың ізді жалғыз жымға қуып тығып жоғалтып алған бала тақыдай шоңқиып қалды. Көзінің астымн төрені бағып еді — төре жайғасқалы бері сәт-сәт қарауылына алып отырған арқар мүйіз сары өрнегімен қайта табысыпты.
Үлкенді сыйлап өскен ізетті жігіт, енді жарау төренің нұсқаған жағына құлап, апыл-құпыл тіл қатысқысы келді. Әйтеуір тіл қатпай, әлгі бірдегі асыңқырап-тасыңқырап сөйлегеніне кешірім өтінуге де дайын екен. Бірақ, тас құдайдай қатып қалған Крейгельдің көктұқыл бетінен сөз даритын өң таба алмады. Көзіне қоса төренің беті де шыныланып апты.
Бірақ, Крейгель қатып қалды деп мұның қақшия беретін реті жоқ. Қолды боп отырған себебі оның, сөзі жұмсақ, көзі мұз Крейгельдің әкесі емес, мұның, далада дырдай, қалада жәутік Сәруардың әкесі — Төрехан.
— Төрехан,— деді Крейгель кенет. Сәруардың әкесін есіне қайта алар тұсын аңдып отырған, біліп отырған екен. Қымызсіңді ауа қайтадан дір ете қалды.
— Төрехан, — деді Крейгель сонсоң тағы да. Қолына бейне құс қонып, қонып қалған құсты үркітіп алмайын дегендей сыбырлап бастады. Жарау төренің сақтықтан тұншыққанын, әлде ызаға буынғанын Сәруар ажырата алған жоқ.
— Төрекең дейсіңдер ғой сендер о шалды. Мен біраз ойланып байқадым. Жаңағы бір айтқаның дұрыс. Құрық, расында да қолдың жалғауы екен. Бұрын естімеген сөзім еді. Сосын тосын көрінді. Өзімнен жасырмағанда сенен жасырып қайтем. Рас, әкеңді алдырған мен. Бірақ, есаул Иноземцевті алып қашқан да Төрехан ғой. Не дейтін еді әлгі? Ах, да, баш на баш. Вот именно, баш на баш. Вот именно.
Маналы бері тебініп отырған Сәруар бұл жолы, тағы да үндей алған жоқ. Үндегенде не десін — жарау төренің айтып отырғаны рас. Осыдан екі күн бұрын, он мылтық боп тау бөктерлеген каратель отрядты тәтесінің он жігітпен қылтадан басып, алтын иық біреуін тартып ап кеткенін кеше ауылдағылар айтқан. Алтын иық ұлықтың түнемел түрмесін де ұмытқан жоқ — Қазығұрттың Келес жақ сыртындағы Қыземшек, дүлей борандарда үйір-үйірімен арқар паналайтын таса.
— Байқап отырмын, мені тінткілеуге кіріскенсің ғой. Мейлің. Оныңды және сөгерім жоқ. Бірақ көз сүзгеннен буаз шыққан қатынды естіген емеспін. Ал, уәжге құлақ асар болсаң мені тыңда: менің сенен көргенім де, татқаным да көп болар деп ойлаймын. Мен білгенде өмір — ата, намыс — бала. Осы себепті де, өмір ата басымен, баланың — намыстың қанжығасына байланбауға керек. Өз сөзіңе иек артсам керісінше шығар.
— Керісінше шығар, — деді Крейгель аз үзілістен соң.
Құшырланып айтты, сонсоң малдасын жазып, іргедегі жүкаяқтан қоянсұр пүліш жастық алып қолтығына қысты да Сәруардың үй жағдайын, қаладағы қызмет бабын адалап сұрады. Сәруардың Шымкенттегі переселуправлениеде тілмәштік қызмет атқаратынын естігенде оқыс таңданып, бата қайырғандай алақанын жазды. Крейгель, сүйтсе, переселуправлениенің үлкенді-кішілі шенеуніктерін түгел біледі екен, шенеуніктердің аты-жөнін ғана емес, қайсысының қаланың қай шетінде орын тепкеніне дейін қанық боп шықты. Крейгель, сонсоң, мына шудың аяғы басылып қалаға оралғасын, мұны, нанын қолбала тілмәштіктен айырып жүрген Сәруарды өз қарамағына алып, қолынан келгенше қорған болуға уәде етті де, қос тізесін қайтадан қос қолдап құшақтап қалған бұған қайтадан көз тастады. Әлгі бірде ғана шабынып отырған баранчук быршып терлей бастаған екен. Крейгель өзін, бір сәтке, әлі үйіне жетпеген бөлтірікті әрі тілерсектеп, бері тілерсектеп меңдетіп алған арлан тазыдай сезініп еді. Мына баранчук мына бетімен жайыла берсе, енді біразда, тілін салақтатып жатып алатын сияқты. Қансыраған азуға киік сағақ мойнын төсеп, шайнамақ түгіл жұтып қойсаң да бәрібір деуден тайынбайтындай. Аттар қаншалық ұзаққа сілтесе өздері сондайлық тез барлығады, деді Крейгель ішінен. Бұ баланы, бірақ, тіреспесе алайын деп отырған да Крейгель жоқ. Қылжиып қалса тұрғызып алмақ. — Тұрғызып алам, — деді Крейгель — Тұрғызып алам, сосын асықпай-аптықпай, бой тасалар қылтасы, арна-арығы жоқ тұлдыр жазықты бетке ап сорғып кеп береміз. Жо, сорғып емес. Сенің әлің, шамамда, шоқаңдауға ғана келіп отыр-ау осы. Шоқаңдай бер, менің нем кетіп барады. Ал, шоқаңда, деді Крейгель, сонсоң буынқұрт дауысын онан да әрмен ұлпаландырып ап естіртіп айтты:
— Сен бала, қысылма. Білем, жай түскендей төтен жағдайға тап болғанда адам есеңгіреп қалады. Азаматтың бірақ болмасқа мұқалғаны жарамайды. Еңсеңді көтеріп отыр, — деді Крейгель, сонсоң текеметтің үстіндегі картузын шекелетіп киді де орнынан тұрды.
— Төрехан саған әке болса, Иноземцев маған дос. Бесіккертпе дейсіңдер ғой сендер. Қаздиып табуреткада сен отырсаң, қылжиып төрде мен жаттым. Азаға — жә, жарайды, азаның беті аулақ — ойға сен де күпті, мен де күпті. Төреханның тағдыры менің қолымда, Шураның тағдыры Төреханның қолында. Әкенің қолы — баланың қолы, Шураның тағдыры сенің қолыңда. Қаздиған мен шолжиғаннан басқа не айырмамыз бар? Ну? — деді Крейгель есікті қиялай ашып тұрып.
Төренің дауысы бүгіндікке алғаш рет қатқыл естілді.
ҚАРАЛА
Қарала мына жарбиған сарының бір ауыз сөзіне түсінген жоқ. Өзі де бір тәштиіп ап, көп сөйлейтін бейбақ екен. Иіскескісі келе ме — аузын ашқан сайын ашыған арпаның иісі аңқып — мұның тұмсығына жүгіреді. Қарала, бірақ қаздиған басын әлі иген жоқ. Тәштектің күн сорды селеудей сары төбесін қол ұсыным төбеден бағып ыңғай бермеді. Бейбақтың өзін бір сыңайда аяп та тұр. Қорбаң-қорбаң қимылына қарап жылқымен сырлас боп көрмеген біреу ме деп те қалады. Сағақ қысып, алқым қағып жөн айтудың орнына қайдағы жоқты былдырай береді, былдырай беріп ауыздықтың екі жақ жүзігіне жабысады, мұның басын төмен иген болады. Қараланың жарбақ сарыны үйездегендей бір қимылда ұшырып түскісі келіп еді. Қамшы жеп қалам ба деп қорынды.
Үлкендігі әңгі есектей-ақ жарбақ сары енді, салмақтап көргісі келді ме, еніне қол жүгіртті. Сәруар мен сары шалдың қолы байталдың шабындай жұмсақ болар еді. Мынаның алақаны кепкен ағаштың қабығындай әрі кебір, әрі бұжыр екен. Қараланы қытық түртті. Жалбыз орғандағы бүкіл денеңді салқын күлкі боп қысатын ойнақы қытық емес, тұмсыққа былқ етіп жылан тигендегідей темір қытық.
Жатар орынға шаптыруға болмасын Қарала біледі. Шылбырды тартып қалғанша сүзіп барып, сауырды сыртқа беріп ышқынбай шаптыру керек. Мына алақан, бірақ, кебір-бұжырлығына қоса сумаң екен. Ұмасын адалаймын деп жүріп есік тырнағымен үрпісін тартып қалды. Қарала, сонсоң, кенет кеп қалған сары селді тежеген жоқ.
Жарбақ сары қолын сілкілеп, қайтадан алдына, ақыр жаққа кетті. Енесі жабы мына ауыздық та жынына тиіп болды. Қаңтарғанда жуандығы бармақтай күміс ауыздықты қарш-қарш шайнап үйренген қайратты азудың қышуын мына сым қандыра алмады. Өзінде тағы шіріген саздың исі бар ма — Қарала сілекейін де жұтуын қойды.
Иек асар биікте жалғыз тесігі бар ат қораның іші және де қапырық екен. Мынау, шамасы, әйтеуір, көлеңке болса салқын деп ойлады-ау. Әйтпесе, ана, бұлақтың жағасындағы қалың шардақ жиденің бауыры жетпеп пе. Жас тезек болса бір сәрі, ескі тезек танауына итсигек тыққандай тыныс тарылтады, оның үстіне қолтыққа ұрып тұрған самал да жоқ — Қарала жарбақ сарыға аларып бір қарап алды.
Темір өкшесін аш өкпеге қадағыштап, сыртта қалған әлгі біреуі, жаңа, қатты шауып еді. Бөрі қуғандай міне құйғытады екен — терлеп қапты. Қиналып шыққан терін әлі жей алмай тұр. Өрістен күнде қап қойып, үй-үйдің арасында сүйек кеміріп жүретін қызыл сиырдай мақау-ау өздері. Әйтпесе, тер жуған тұяқты қаңтарар алдында, су кешірмей ұзақ сейілтпес пе еді. Бұлар болса сатырлатып өзен кешіп өтті ме, әй, сонсоң, көкпар қайырғандай құтыртып қайта орағытып кеп қайта кештірді. Суарғаны ма, ысқырынып судан шықпай тұрып алғандары тағы бар. Сонсоң, ақ көбікке шомылтып ыстық ат қораға тығып қойғандары мынау.
Қарала бейне жапа басқандай артқы аяғын сілкіп тастады, сонсоң құлын басы сияр-сыймас тесікке иегін асты. Семіз көк байталдың сауырындай құлпырған көгілдір қойнаудан шешек атқан шашыратқының ашқылтым иісі ұрды. Осындай иісті желінің басынан көп жұтатын. ... Шашыратқы... Қараланың қой желкек пен жоңышқадан кейін сүйіп жейтін шөбі еді, оның дәмін бірақ, биылдыққа әлі тата алған жоқ. Бұл өңірде өзі көп өспейді де. Бөрілі сайдың тау жақ алқымында ғана бар.
Жанығып қашқан тың сәуріктің ащы терін алардай кең қолтықты балтыр, дәл осы кезде — таудан түскен үш еліктен басқа тұяқ жолатпай — үйірі, үй-орманымен армансыз жайлағаны Қараланың есінде. Шашыратқының қазір бырт-бырт сынар уыз ағатын дер кезі. Өзінің алдына осы былтыр ғана кеп түскен сұр дөнежінді оң қолтыққа алып ап, үйірін осы бүгін-ертең бастап барып бас қоймақ аңсары бар-ды. Бірақ, осыдан бес сәске бұрын үйірден қалған ағасы Тораланы мініп, таңалакеуімде жалғыз келген шал өрме жүген салды. Тұяғын жонып, желі басында шелек толтырып сүт беріп жүретін сары шалға Қараланың ықыласы бөлек-ті; дауысын да, түр-түсін де таниды. Ақ шал торыаладан домалап түсе бергенде, Қарала басын жерге салып бөлініп шыға берді. Жылда тоқтағанмен әлі күнге құрсақ көтере алмай жүрген кер бесті — абай бергені ме, шошаңдап алдын орап еді, оның құраққа тойып шеңбер атқан жұқа бүйіріне сарт етіп ауыз салды. Үйірімен қоштасқан сыңайының түрі осы — сылаң құйрық сылқым биенің бүйірінде қалған қанды із. Қайта жайлар жайлауына сарып кеткендей ерсі қылық екен. Кер биенің, бірақ өзінен де бар. Кер бие, қанша қылықтымын дегенмен, ақ шалмен екі ортаға килікпеуі керек еді. Есті айғырға бие табылар, ақ шалдай ие табыла ма бірақ.
Қарала жақ сүйегін күтірлетіп есінеп алды. Желінбеген тердікі ме, бұлшық-бұлшығы зіл тартып ауырлап барады. Мынау және қатты тартқан тартпаны босатпапты да. Ұйқыашар ғып дүр сілкінгенде арқасындағы тәйтік ер лықсыған жоқ. Жон терісін жиырып байқап еді, шоқтығы ашыды. Мана, шалшық кешіп жүйткіп жүргенде ет қызуымен байқамапты, ер қапқан болды-ау.
Ернеуінен аяғын салаңдатып ақырға жайғасқан сарыға Қарала аларып тағы бір қарады. Селдір шашын бейне бәйгеге шабар аттың кекіліндей төбесіне жиып алыпты.
Қарала құлағын тікті, ештеңе естілмеді. Әшейінде өбектеп қасынан шықпайтын ақ шалдың қос қолын артына ұстап осы қорадан шығып бара жатқанын ертесін көрген. Бұған бұрылмап еді. Көзімен ұзатып тұрып оқырануды да ұмытып кетіпті. Соның өкініші ме, көмейіне үлкен собықтың жартысындай айқай кеп, теуіп еді. Қарала шым қабырғаны қосаяқтап тартып, шыңғырып жіберді. Қасына но-нолап жарбақ сары келді.
Тартпаны шешіп бала тақым тәйтік ерді алды. Ерді көтере бергенде Қараланың шоқтығы тағы ашыды. Ала қаптал тұяқ көрсе бұрылып жүре беретін Қарала, жауыр боп өзінің қалғанын сезді.
СӘРУАР
Крейгельдің екінші дәрісінің үстінде Сәруар көрінеу көзге бастығырылып қалып еді. Көкейіндегі қомданған сөзді ұшыра алмай қойды. Жарау төреге қарсы кеп, не бұра тартып жатса бір жөн, айтпағы қостау мен қоштау болатын. Айта алмады, алайда. Шаршап бір ұйқыға кеткенде шалықтап бір түс көргендегідей екен.
Қанып ішпеген қымыздың өзі шөл тартады. Крейгель ақ отауға қайта кірген кезде Сәруардың тамағы құрғады. Сабадан бірақ қымыз құйып іше алған жоқ. Төре төрге өткенше түрегеп тұрды да, қылғынып ап қайта отырды. Крейгельден қымыз сұрауға батылы тағы жетпеді.
Шілденің ыстығы ақ киізден де өте бастаған екен. Сәруар іргеден ортаға қарай сырылып отырды. Осы сәт серігі қашқан сыңар жол ойына қайта оралды.
«Жетім қозы тас бауыр...»
Егіздің сыңары әлі есіне түспепті. Жалғыз жолдың өзі де және бұл келісінде, өзінен өзі сауал тудырып қадалып келді. Тас бауыр қайсың, жетімдікке алдымен көнетін қайсың деп шүйліккендей. Бірақ, қабақ шытып қиналатындай сауал емес екен.
Бесіккертпе құрдасы жазатайым оқ қапса френч киген ақ төренің жетім қалмасын біліп те отыр. Ақ төре, көп болса, жалқы қалар, жетім қалмайды ғой. Достың жөні бір бөлек, әкенің жөні бір бөлек — ақ төре досынан айрылғанда, әрине, жетім қалмайды. Сәруар, бірақ, Крейгель жалқы қалса өзінің жетім қаларын ескермепті. Иноземцев оққа ұшса атылар кезек әкесіне келмек екен.
Сәруардың қары ұйыды. Қаталап шөлдегенін тағы сезді, тәтесіне бірақ, оқ қаптырған жоқ, сабамен іргелесіп, сабаны емердей боп емініп жатқан үйінді винтовкадан да көзін тайдырып әкетті: тәтесінен бесатардың қарауылына ілігердей сөкеттік таба алмап еді.
Карательдің бір офицерін алып қашса қашқан-ақ шығар. Таспен ұрғанды аспен ұратын жағдай бар ма қазір. Бес қаруы түгел каратель отряды Қазығұрттың шатқал-шатқалын кезіп кеткенде арқар атып, кекілік көздеп жүр деймісің. Сәруар, бірақ, тас атқанға ас ататын жағдайдың жоқтығын білгенмен, бар жағдайдың аты-жөнін, мән-мазмұнын шылбыр ескендей ширатып кете алмады. Бар білері: осыдан жұма жарым бұрын шыққан указдың жылы қорадағы кенеше балалап бүкіл уәләяттің аш тақымына жабысып жатқаны. Елдің қадау-қадау бас көтеріп, атойға басқанынан да хабардар. Бұларға қосып кешелі бергі бір білгені — осы дүбірге әкесінің, әкесіне еріп ауыл-аймақтың қосылғаны. Бір жағы қансырап ап, елдің қолына қарап қалған өкімет пен майдан; бір жағы тұнығы шайқалып, намысын жыртып шықшыты қарысқан ел. Екіұдай, екі бірдей қиракезік от шоғыр. Осынау екі шоғырдың қайсының ақиқатқа иек артып, қайсысының нақақтан күйіп жатқанын әлі күнге төңіректеп болса да, ойлап көрмепті.
Ру таратып, жыл қайырғандай төгіп-төгіп кеп, өзің мен өзіңнің айырым енімді ажыратып бер деп төрде төре ол отыр. Сауалыма жауабым деп тақымдаған жоқ, тағы бір пәленің терісін іреуге кіріскендей жинақы. Әдейі істей ме, малдасын да қайта құрыпты.
Төренің мына молда момын қалпын көргенде Сәруардың есіне әкесі түсті. Қайда кеткенін білмейді. Үйреншікті ат қораға қайтадан жабылған шығар деп отыр. Осы сәт, Сәруар, кешелі бері үйірсек боп алған үреймен қайта кезікті. Шақар үрейді, осынша, жез кездік боп жаланып келер деп күтпеген екен, апыл-құпыл қолын уқалады. Бұрын саусағы қарысатын әдеті жоқ-ты; саусақ сөйтсе қорыққанда қарысады екен.
Азаматынан, бесіккертпе дос-құрдасынан айрылап отырған төренің аянышқа алып бермесін түсінгендей ақшулан төсі Қазығұрттың аспанына қарғыс атқан әкесін көргендей болып еді...
КРЕЙГЕЛЬ
Жас жігіттің, кенет, әлем-тапырығы шыққанын, оның сонсоң қаша тартып, қаша айтысып кеткенін Крейгель байқап қалды. Қашсаң қаш деп отыр. Айырым белгіні іздеп бас қатырма. Қойыла салған қызыл көбік сауал ғой әншейін. Қашсаң қаш.
Қашқан, әрине, кім кімге де сор. Бірақ құтылып кететін де қашыс бар. Қашып көрмегенмен Крейгель мұнан хабардар.
Қуғанға қашқан тең боп па. Қуғанға не жетсін. Бірақ, жер соқтырып кететін де қуыс бар екен. Қуып көрген себепті Крейгель мұны да біледі. Арықты іргелеп, бұлақтың бас жағынан қазған терең кепедегі бес өлік, дәл бұл тұста Крейгельдің аузына жалған сөз салғызбауға керек-ті. Крейгель, алайда, мұны ойлап отырған жоқ. Әрбір адамның өз өре, өз тұғырынан кеп сөз өрбітіп, ой шашары рас болса Крейгельдің, ұлық басымен дау-дамайдан басы ашық ақиқаттарды айғақтап жатар зауқы жоқ. Айғақтап жатса сүйегіне мін болар еді. Зауқы жоқ, сонсоң шыны керек, уақыты да шамалы. Езуі жырық жылқыдай елпілдек баранчукты екі бұрап бір-ақ қылғытпай отырса, оның басқадай себептері бар. Ол себеп — Иноземцев.
Әрине, бес солдатты екі-екіден теңдеп келгені үшін Фольбаум бастаған дуанбасылардың маңдайынан сипай қоймасы Крейгельге белгілі. Солдаттың аты, бірақ, солдат. Тексіз өлді деп тектінің аза тұтқанын көрген емес. Фольбаум көп болса қалың қабағын бір шытып, анау-мынау мұртқа бергісіз өсік қасын бір қағар. Ал, Иноземцевтің жөні әрине бөлек. Петербургтегі оқуын тастап, майданнан бас сауғалап Ташкентке, банкир әкесінің қолтығына кеп тығылған Иноземцев, жаман айтпай жақсы жоқ, қазақтың қолынан жазатайым жаза болса Крейгельдің мансап жолындағы көп үмітіне қарға сарғымақ. Верныйдың полиция басқармасына бастық боп кетуге жағдайы бар-ды. Сонсоң да Крейгель кеше, тоғыз бірдей солдат Иноземцевтен айрылып ілбіп қайтқанда, ойланып-толғанып жатпай-ақ Төреханның ауылына аттанды. Аттанғанмен шапқан жоқ; басқа ауылдар сияқты туырлығын тіліп от қойып, ауыл адамдарын өңменінен оқпен тізген жоқ. Ауылда еркек кіндік онсыз да жоқтың қасы екен. Ауыл ағасы Төреханды трапшеңкеге отырғызып ап кетті. Ұлардай шулап дауыс салған ауыл адамдарына жөнін де айтқан. Үлкенді-кішілі соғыстың, аңдысу-атысудың атамзаманнан келе жатқан заңы барын, Иноземцев аман-есен қайтқан күні Төреханды өз қолымен осы арбаға отырғызып әкеп тастарын таза қазақша түсіндірді. Төреханнан, бірақ, қатты шошып қалған екен. Кеше, осылай қайтып келе жатқанда қилы-қилы орағытып кеп Төреханды сөзге талай тартты. Өлкені мақтап, қазақты мақтап, өзбекті шенеп мынау указ, мынау қанжоса қырғынның түсініспес бір жағдайлардан бас алып кеткенін қанша бипаздағанмен Төрехан тіс жарған жоқ-ты. Баранчуктың әкесі балта жүзін майырар емен көздігін кеше аямай көрсетіп еді, мана тағы байқады — әлі сол қалпы екен. Ол қақпас мойымай Шураның қолға тимесі Крейгель үшін дәл қазір, тайға таңба басқандай. Сонсоң да жарау төре мына баланың боркеміктігін біле тұра қышыған аузын тәк-тәктеп отыр. Бір асым етке құмартып лақ атқаннан гөрі лақты паналап құлжаны көздеген жақсы, деді Крейгель. Баранчуктың діңкесін, төреханшылап үндемей құртқанда Қазығұрттың кекілігін үркітіп маңырасын деп отыр.
Бүгін дүйсенбі. Кешке қарай сәті түссе, Витька Сафроновтың қырық солдаты келмек. Мосли кезенген қырық солдатқа тас басы бір қазақ болса да төтеп бермек емес. Осы Рабатқа ірге тепкен төрт күннен бергі жинаған хабарына қарағанда бұл баурайдағы бунтшылардың ұясы үш жерде. Келер солдат қырық болса, мұнда Иноземцевтің тоғыз жетімегі бар, ал өзінде, он солдат, сонда бақандай алпыс адам. Алпыс мылтықпен, түн жамылып жіберіп үш ұяны бірінен соң бірін қақсатам десе мұның қолын қағар кім, мұның аяғын құшпас кім бар.
Қарпыңқырап кеткен екен, Крейгель, ах да, деді. Ах да, үшеу емес, екеу.Үшеу екені үшеу әрине, бірақ, үшіншісін әзірге біле алмай жүр. Бір ұя — мына, Қазығұрттың қарсы бетіндегі Айтас, екінші ұя — мына Ташкент жақ беттегі Қазақбайдың қыстауы, Қосмола. Ал үшінші ұя осы Рабатты қыстайтын Мұқағалидың ауылы ма деп жорамалдап еді. Ол тігулі үйін де жықпай көшіп кетіпті. Ал, көп тақымға Иноземцев көкпар боп кеткелі бері Төреханның ауылынан да күдер үзді — Сарапханада ылғи кәрі-құртаң қалған екен. Төрехан мен мына баранчукқа ділгір боп отырған бір орайы да осы — Иноземцев аман-есен қайта келген күнде үшінші ұяның да беті ашылуға керек. Иноземцевті сонда қайтып құтқармақ — Крейгельдің мына баланы ұзын арқан, кең тұсаулап отырған себебі де осы болатын. Зерде мен зейінді айтсын, ата мен баланы, айырым, белгіні айтсын, ұлық ұғым ата деп өмірді, кішік ұғым бала деп намысты айтсын — Крейгель бір жағынан сөйлеп, екінші жағынан өз сөзімен өзі жарысып Иноземцевті құтқарудың жолдарын да ойлап отып еді. Қазақтың ақкөздігін көп орайда бауырмалдықтың жеңіп кетерін Крейгель біледі. Ішкі есеп, ышқыр жорамалында, кеше бұл Төреханды алып кеткен бетте, Қазығұрттың арғы-бергі етегіндегі қазақ атаулы қан сиіп қалуға керек. Сонсоң олар аһлеп-үһлеседі, сонсоң итіне дейін өлік күзеткендей ырылын тыйып, томсырап қалуға керек, сонсоң барып тапталған аруақ, қашқан Қызыр, атылған, асылған азаматты айтып атқа мініседі. Ауыл-ауылдың арасында қоқаң-қоқаң шабыс көбейіп, қызу-қызу сөздер айтылады. Сонсоң — Крейгель жымиып алды да қос алақанын аузынан тосып кеңсіріктеп келген жұпар түтінді қайта жұтты — сабасына түседі. Сақтық ойласып қулыққа басады. Сонда көрегендей біреуі Төрекеңді, әлгі алтын иық көк көзге айырбастауды айтпайды деймісің. Жарайды, деді Крейгель. Жарайды. Сделайте одолжение. Айырбасқа сен келіссең мен дайын. Баш на баш.
Бұл енді Крейгельдің сырттан, аңғал жаудың өзінен күтер көмегі. Бірақ, жауға сеніп қамсыз қалуға жөн жоқ. Қол қусырып өздері келіп жатса Крейгель қарсы емес; құдай, алайда, сақтансаң сақтамақ. Өз тарапынан ұрымтал бір шешімдерге келіп қойғаны жақсы. Ол шешімі құрғыр әзірге жонын көрсетпей отыр. Төреханның ауыл-аймағын, кәрі-құртаңды айдап келуге болады, әрине. Мұндайда, бірақ жағдай қиындап кетеді екен. Әкесі мен шешесін арқалап жүріп бағуға бар мол қазақ, өлгеніне қарамай алақандай Рабаттың аяғын аспаннан келтіруі мүмкін. Оның үстіне кепілге тұтқын ұстағанда сан емес сапа керек. Екі қап сүзбеден тай саба қымыз артық. Төрехан, сол, тай саба сары қымыздың өзі. Ол аз дегендей құла қайың тегене боп дөңгелеп мынау тағы келді. Ендігі шаруа, осы аталы-балалы екеуін шошытып алмай, таға игендей қыздырып-қыздырып икемге келтіру. Баланың беті әзірге теріс емес, ал шал, шал болса... Крейгель төс қалтадағы күміс портсигардан темекі алып тұтатты. Таңертең Қазығұрттың асуына дүрбі салып отырғанда Голоножкиннің махоркасына жалыныштар болам ба деп еді. Жо, шинелінде әлі екі қорап «Дукат» бар екен.
Баранчуктың жұтынып бір қалғанын байқады. Бірін оған да берді.
Осы баланың үшінші бекіністен хабары бар-жоғын Крейгель біле алмай отыр. Әкесінің айтпауы да мүмкін екен-ау. Жә, бұл тұста үш сыңай бар, деді Крейгель баранчукқа шырпы шиырып. Сөзге сараң қақпастың өздігінен айтпауы мүмкін — бір. Мынаның сұрамауы мүмкін — екі. Ал үшінші сыңай осы екеуінің ортасынан шықпақ — мұның сұрап, кәрі айғырдың айтпауы мүмкін.
Төртінші сыңайды — Сәруардың үшінші бекініс жәйлі ауылдан құлақтанып келуі мүмкін екенін Крейгель ескерген жоқ.
Сұрап көрсе ме екен, әлде? Айта қойса жақсы, біле қойса жақсы. Онда шабуылды, Софроновты күтіп ап сол үшінші ұядан-ақ бастар еді. Жо, деді Крейгель. Асықпаған арбамен қоян алар өздерінің сөзі ғой, бұларды да бір тыңдасын енді. Бұл сұрауын сұрап ап, ол айтпай, не білмей қалса, онсыз да пышақ үсті мәселені қиындатып алар. Бұл сөз, сонсоң, ана шалға жетіп, қырысына қырыс қосып ол қалса ылғи пораспен қай әбүйірін жабады. Подлец шалдың, бірақ, білмейтіні жоқ. Иноземцев пен үшінші ұяның сыртында да біраз нәрсені білуге керек.
Крейгель қалтасынан үнемі тастамай жүретін киік кенейді шиырып жіберді. Бала кезінде, Черняевканың талай тақырына тәйкелеткен кеней еді. Бұ жолы шік түсті.
Уақыттың тарлығын-ай. Жалғыз үміт енді балада қалды. Төреханды кешке дейін не әрі кеткенде таң ата көндіріп берсе киік кенейдің алшылағаны. Іс әйтпесе қиындап кетпек. Шабуылды ертең түске, ертең кешке қалдырар-ақ еді. Фольбаумның бұйрығы бірақ басқадай; ақпарды арғы күні таңертең күтіп отыр. Үш ұяны ертең түнделетіп баса қойғанның өзінде Ташкентке ақпар жетіп үлгермейді екен.
Крейгель жастыққа қисайды.
Майдан — бір, Ташкенттің, Торғайдың, Жетісудың қазағы — екі, Алатаудың қырғызы — үш; бұл үшеуі аздай-ақ, бесінші жылдан бері құрып кеткен болшевик деген қарақұлақ тағы шықты. Сволочи, деді Крейгель. Аузына бүгіндікке алғаш түскен боқтықты төртеуіне бірдей бағыштады. Петербург пен Москва жетпегендей Түркістанда не әкелерінің құны бар екен.
Ташкенттің көшесінде құйрық-жалы бір уыс, текежәуміт торы ат мініп жүретін Фольбаум қай күнгі жиналыста:
— Қазақ-қырғыздың бүлігі большевиктердің құлағына жетсе өлкенің емес, алдымен, өз халдарың қиындайды, офицер мырзалар. Мерзім алты күн. Жетінші күні мен Петербург жүрем,— деп еді.
Бүгін алты күннің төртіншісі.
Әй, Шура-ай, деп қалды Крейгель. Иноземцевтің бейқам жүретін дарақылығына наз айтты. — Әттең, уақыт аз қалды. Бірақ, саған орай бір тұтқын менде де бар. Біреу еді, құдай айдап екіншісі тағы келді.
Тұтқын екеу, бірақ, уақыт тар.
— Ну, — деді Крейгель манағы, шығар алдындағы «нуына» жетек қосқандай. Кенейін де қалтасына қайта салды. — Көп ойландың ғой. — Жарау төре, сонсоң, сүйем жарым өңеші бар дүрбінің шынысын айналдырып отырып қыбын тапты. Асуға тағы бір дүрбі сап Сафроновтың отряды тағы көрінбесе артынан қуғын жібермекке бекініп еді.
— Ойлануға уақыт жетеді, әрине. Бірақ, келер шешімге ертерек келгеніміз дұрыс. Менің де айтпағымды онсыз да түсінеді ғой деп ойлаймын. Есті баласың ғой.
Сұр пүлішпен тыстаған тыңқиған құс жастық Төрехан мен Крейгельдің қолтығынан өтіп, әбден зорыққан екен — Крейгель тұрып кеткенде қыртысын жазып болса да тұяқ серпе алмады.
Үйдің оң қапталындағы жасыл кілемнің бетіне сирақты мылтық, қынына күміс қаптырған қайқы қылыш пен қабан қанжар ілініпті. Крейгель қылышты алды, сонсоң, доғал еркектің бала жұбатқанындай қос алақанына сап салмақтап көрді де тырнағын жонып байқады.
— Бунт, — деді сонсоң қылышты қынына сарт сүңгітіп жіберіп. — Айтсам айтты дейсің ғой. Бунт неңді алған сендердің. Қынға бұққан қылыштарына дейін төршіл тағы да.
Крейгель қылышты орнына ілді де дүрбісін алып шығып кетті. Бір шеті ғана ашық түндік, іле, түгел ашылды. Күн ауған ба, жұмсақ сары аспан бар екен.
Үйдің бұрыш-бұрышын, бір сәтке, қаракөк мұнарт басты.
ТӨРЕХАН
Бұлақтың қыр жақ бетіне тіккен бүлдіршіндей ақ отаудың түрулі іргесінен құлын құйрық майда леп соқты. Төрехан иығындағы түйе жүн шекпенді сырып тастап бешпентшең қалды. Сонсоң, кәрлен кесені бәкене сары солдатқа дөңгелетіп жіберді.
Аты солдат демесең өзі бір тындырымды неме екен және есті тазыдай қабақ тани ма — Төреханға қуырдақ әкеп бір қарап, қымыз әкеп екі қарап, бұл ұмсына қоймағасын томпаңдап кетіп қалды да болскей самауырмен қайтты. Төрехан бірден таныды. Сол, Мұқағалидың сұр бәйбішесінің он литрлік ақ самауыры. Темір тиген бе, оң жақ бүйірінің никелі ұшып қабысыңқырап қалыпты.
Осы шәйі құрғырға қай кезден бастап құныққанын білмейді. Сонау бала кезінде оразақор атасының сәрі асын — бір оянып, бір қалғып — аңдып жатқан бір түні есінде қалыпты. Жас құралпы есінде жоқ. Шерней кәмпанның әр жақ— бер жағы ма деп шамалайды. Атасын сонда науатына, құрмасына бола аңдыр ма еді... Қырыққыздың тұсы ма екен әлде осы Рабаттың аңғары ма — есінен әйтеуір таудың салқын қойнауы мен балбыраған қара түні кетпейді. Балбыраған қара түн, атасы жарықтықтың
«Қазығұрттың басында кеме қалған, бұл әулие болмаса неге қалған...» деп ыңылдап отыратын қоңыр дауысы мен қасқыр ішіктің шалғайы, шақпақ қанттай сатырлап-күтірлемей-ақ жұмсақ қана күртілдеп сынатын тұз өң науат, сонсоң әрқайсысы шынашақтай қарақоңыр қоймалжың құрма... Аққұйрық деген сөзді алғаш сонда, атасының аузынан естіп пе еді? Бір білері: осы аққұйрықты, әйтеуір, қысырақтың қымызына айырбастамайды. Әбден жүгенсіз боп кеткен сақинасы бүгін, таң атар- атпастан тағы ұстап еді, енді қазір, кәрлен кесенің түбіне тат қалдырып, таңбалатып құйған екі кеседен кейін едәуір дегдіп алды, қос шекесі сүліксорды солқылдап сытылып шыға бергендей. Үшінші кеседе көзіне тер құйылды, Төрехан сонсоң, салқын ақ жібек орамалды екі қолына ұстап, бәкене сарыға қарай бір сілкіп алды да, қасқалана бастаған ақ құйқа басына жапты. Есіне анау айуандап салған қырық құлаш көк шатыр там, бәйге торы тұратын анау атқора, мынау шағаладай аппақ екі отаудың иесі, осыдан төрт күн бұрын жылқыдан басқа мал-мүлік, дүние-жиһазды талақ етіп Қыземшек аттанған Мұқағали тағы түсті, Төрехан сонсоң, қолын жайып аңтарылып қалды да ұзақ күбірлеп бетін сипады. Қыземшектің шатқалындағы аз ғана қолға оң сапар тілегені екен. Бетін, Төреханға ілесіп, бәкене сары да сипап еді, Төрехан ниет-аятын қайтадан оқыды, сары солдат бұл жолы әлдене түсінді ме — қосылып шапқан жоқ.
— Әй! Сен қазақша білемісің осы?
— Біледі, біледі, — деді сары солдат.
— Аты-жөнің кім?
— Голоножкин, бабайка.
— О не пәле тағы да?
— Жалаңаяқ деген.
— Е, ей, бейшара-ай, — деді Төрехан Голоножкиннің аяғына қарап. Қай баласың деп сұрағысы кеп еді, бұлардың ел-жұртты білеріне көзі жетпеді. Жалаңаяқ тартпа өретін шикі сары қайыстан қисық табан етік киіпті. Малдың ішмайын шылқытып жаға берген бе, шаңнан көрінбейді.
— Анауың кім? — деді Төрехан Сәруар қалған үлкен үйді иегімен нұсқап.
— Бастық, — деді Голоножкин. Сонсоң сәл ойланып қалды да шегіне жетіп түсіндіргісі келгендей: Начальник, — деп қосты.
— Аты-жөнін айтам.
— Мырза Крейгель.
— Шені қалай?
— Офицер— следователь.
«Солай де», — деді Төрехан ішінен. Қазығұртқа үш әтрәт шықты деп естіп еді. Бір әтрәттің керуенбасы осы екен ғой. Аузына апара берген кесесін жерге қойды. Жаңа байқады — жалаңаяқ мына солдаттың дастархан деп жайғаны бір жібі жібек кере құлаш сарғыш шәлі екен. Осы өткен сәуірде Мұқыштың тұңғышы сүндетке жатқан. Соған жалына қол батпайтын құнаншығар жетелеп, шашу шаша келгенде кемпірінің қоржынынан көрдім бе деп отыр.
Солай де, жалаңаяқ. Онда да сұр переннің өзі демеймісің. Жүрегім жарылып кетпес. Жарылса жарыла қояр тәйірі. Көмусіз қалып жатқан көп жұлыннан нем артық сондай-ақ.
Төрехан кесе түбіндегі шәйді ашық іргеден шашып жіберді де кесені Голоножкинге тастады.
Дұрыс нәуетегім. Көрінген күшігенге жем болғанша қаныңды тазқараның өзі ішкені жақсы. Соның өзі жақсы. Шибөрі тартқан ісектен көкжал жеген теке артық. Мен де бір — амалдағы бөкеннің сасай болған текесі дә.
Түрулі іргеден Қазығұрт жаққа тесіліп ұзақ қарады. Мана Сәруар екеуін үлкен үйге әкеле жатқанда Қазығұрттың төсінен құзғынның қарақұрым бұлтын шырамытып еді. Көмілмей қалған қай ауыл екенін әлі ажырата алмай отыр.
Тесіліп қарағасын көзі талды ма, жас әлде шынымен келді ме — жанары суланды.
Қазығұрт кеткен кімнің әтреті?
Голоножкин екі елі ауызға бес елі қақпақты көрсетіп аузын басты. Төрехан аққұйқа бастағы ақ жібек орамалмен көзін сүртті де ұқтым дегендей басын изеді. Сен пақырдың қолыңда тұрған не бар. Шауып бар да қырып кел мырзаңа сен де бір, келтек те бір. Келтек болғанмен бесатарың бар төбетсің-ау, сен шірік.
Етектегі сай жыраның қойын-қойнауына селдір көк көлеңке ұялапты, бұл күннің төбеден екіндіге құлағаны; ал өзінің болса бейне қажыдан қайтқандай жағасы жайлауда, есіне қай-қайдағы атасы мен аққұйрықты, науат пен құрманы алып, майы кеппеген су жаңа бердеңкесінің құлып ұңғылын құрттаған жалаңаяқтың шәйін сыздықтатып отыр Төрехан; «ау, менің мұным нақұрыс тірлік екен ғой» деп қалды.
Табанасты бұлақтың сызы шапқан жалаңаш жыра жылқының қақтаған қара етіндей екен. Қара жырамен Төрехан, талған көзін жұбатып, бірауық аймаласып алды.
Бұл өңірде ерте туатын шілденің әлгі бірде ауған күні, сөз бар ма, баршаға ортақ. Төрехан бірақ, осы отырысында, осынау фәнидің таскешуін тобығын мүжітіп кешкілеп жүрген әркімнің, жүдә мына жалаңаяқтың да, өзіндік тағдыр күні, ырзық шұғыласы бар-ау деп отыр. Соңғы жұмадағы байқауында өзінің осы тағдыр күнінің ылдиға бет алып, ырзық шұғыласының құптан жұтқан ақшамдай сүлелене бастағанын зайыр сезеді. Кедей болғанмен жағасына қол, кеудесіне тізе, тізесіне сойыл дарытпай өскен Төрехан өз ғұмырының енді жамырай қояр самы жоқ па дейді. Қазығұрт жаққа тесіле-тесіле кәрі тостағанын бұлалап алған қазіргі сәтте осы бір сезініске қайта көзікті.
— Әй, — деді Төрехан кенет, — жанарың шынылау немесің ғой. Қарашы, Қазығұрттың төбесінде құзғын бар ма?
Голоножкин басын шайқайды.
Төреханның шілде десе, шілденің қапырығы десе қаны қараятыны да осы. Бердеңкенің дүрсілін қыр асырмай жұтып қояды, пәдеріңе нәлет. Шіркін, ешкі түшкіріктің өзін жаңғыртып алып кететін қауыстың қызыл шұнақ аязы болар ма дейді. Аяз болса қашып атысқан, көрінбей атысқан төрт-бес жігіттің соңынан шатқал-шатқалға емініп еріп келген қалың карательді лақша бақыртып шықшыттан атуға да мүмкіндік бар екен. Аяз жоқ бірақ; ал, оның есесіне, киіз көмей, маңқа мақау қапырықтың тұнып тұрысы мынау; ал күн болса екіндіге ауып кетті, ал аққұйрық құмар өзінің таспиғтан жаңылған саусақтай абдырап қалған түрі осы. Сонда, бірақ не істемек?
Шәй сұйыла бастапты — Төрехан аққұманға қарап қабағын қақты, Голоножкин күректей қолын шәй құтыға созды. Тәмпекей мына денеге күректей мына қол жараспайды-ақ екен.
Сонда бірақ, не істемек?
Ауылдағы сойыл соғар дәрмені бар жігіт-желең мен отағасын Қыземшекке аттандырып, жүз үйлі ауылдың қатын-қалаш, бала-шағасына өзі бас боп қалғалы бері каратель отрядтың ат тұмсығын кеудесіне әйтеуір бір тірерін Төрехан біліп те жүрген. Сонсоң да, кеше ұзын сирақ қара сафьянмен қаптаған солқылдақ пәуеске мініп келгенде күдігінің бағы жанып жеңілейіп қалып еді. Істің артын бағып, езіліп ойлауға құлқы қашаннан аз Төрехан сары ала отряд сау ете қалғанда қуанбағанмен қиналған да жоқ. Ертелі-кеш әйтеуір алатын болғасын алыс-жақын жақсының қан сиіп шыңғырғанын кәрі құлаққа нығыздай бергенше өтіп те кеткен, кетіп те қалған парыз ғой деп еді. Бұл пейілін Төрехан, бірақ, фәниден, безініп өлімге асығу деп жорымайды. Осы өлкенің өткен-кеткенінен біраз хабары бар, талай жаугершілікте талай атты зорықтырып, мықтымын деген талай босқынның бұғалығына қанжар жүгірткен кәрікөз шал, шау тартқан мына шағында, азалы елдің ендігі өксігін көтере алмасын қатты байқап еді. Арқыратып ат мініп, ақырып шығар шамасы жоқ. Кепкен қызыл жыңғылды екі бұрап су тамызар баяғы қыршын жасы мен қайраты жоқ. Бірақ кәрілігі, жілігінің жұқарғанын саудалап қарап та қалғаны шамалы. Бұл орайда Төрехан үлес деп қосқан азғана мал-мүлкін, сон-а-ау бір жылдары әкесін құндап барғанда, мына Шыланзардағы өзбектен алған тай-тұяғын айтпайды. Айтары, лұғатты ұранның үстінде бас ауғалап бұқпағаны. Сөзі өтерге сөзін салды, қорқарына, қорқауына қамшы жұмсады, ақырында аттанған қолдың артын бағып карательдің қарауылында жалғыз қалудан да бас тартқан жоқ. Оның үстіне осы өткен сенбіде бір топ қыз-қырқынды Қыземшекке тағы аттандырып қайтып келе жатқан бетте, кездейсоқ кезіккен отрядқа, он жігітпен тосыннан тиісіп жез жағалы біреуін алып қашқаны тағы бар. Ойлап қараса, осы қимылы тұшынуға әсіресе тұрғандай екен. Енді, Қыземшектегі азғана қолдың басшылары қыбын тауып қимылдай алса, бір отряд емес осы төңіректегі бар отрядпен шарт қойып, шалқалап сөйлеуге мүмкіндік алмақ. Мына жалаңаяқтан шым-шымдап сөз тартып отырғаны да осы: алла жазып құтыла қалар күн болса каратель отрядтың қадау-қадау бекіністерін Өтеп пен Мұқағалиға айта да бармақ еді. Оларды да, бірақ, қолын қартаға малып қарап отыр деп ойламайды. Бұл өңірдің жетелі қазағы алдын кеспейтін мына Созақ үстіндегі Мәлік батырға кісі шаптыру керектігін, қай бір күні, Өтеп те айтып отырған. Шаптырса құба-құп, деді Төрехан. Жер шалғай болғанмен намыс шалғай, көңіл шалғай емес, құдайға шүкір. Біріксе тізе бірігер, бірікпегеннің өзінде ұран қосылса аз боп па. Құлыным-ай!— деді сонсоң Төрехан, есіне баласы келіп түсіп кетіп.
Көшелі жігіт боп өсіп келе жатқан баласына мына сойқан қатер болмаса игі еді деп отыр.
Қазығұрттың төсіне тағы қарады. Қос өркеш қоңыр шоқы сағымнан арыла бастаған екен.
МҰҚАҒАЛИ
Өткен түні көз ілмей күзетте тұрып шығып еді, ал қазір болса шілденің ақ алмастай өткір күні төбеден ауып кетіпті, Мұқағали бірақ, әлі мызғыған жоқ. Жарлыққа құлақтанған бір жұмадан бері ылғи да қараңғы жамылып үздік-создық көшкен қолдың Қыземшектің тар қолтығына жай тептік дегені болмаса істер іс, ойланар қамы әлі де шаш етектен екен. Қазығұртқа талай келген отрядтың саны қанша, қай отрядпен қашан, қайтіп айқасу керегін әзірге жан баласы білмейді. Білетіндері — неге екені ғана. Дәл бұл тұста аянып қалар, аярлыққа басар жігіт жоқ сияқты. Сонда да ат үсті қарекет демесең басқадай әрекетке ықыласы жоқ жүз қаралы жігіт Өтеп кеткен кешелі-бері жынына тиіп бітті. Ықыласы ғана емес ебі де жоқ па деп қалады. Дәрімен әлі демігіп көрмеген бір-бір мылтығын әлпештеп, мылтық даусынан әлі үркіп көрмеген бір-бір шандозын мәпелеумен жүр. Үй тігіс десең, ошақ қаз десең, ана торсық шеке Әбілтайдай кейбірі, ата-бабасын даттағандай аларып қарайды. Кімге болмасын, қарсы ауыз сөзге келмейтіндей етіп, кесіп-пішіп қысқа ғана бұйрық айтатын Өтеп барда жақсы еді. Ол кісі болса қасына он бес жігіт серік ертіп кеше Көсегенің көк жонына, Мәлік батырдың ауылына кетті. Шымкенттің тұсындағы мол тосқауылдан аман өтсе бүгін түн не құлан иектетіп қайта оралуға да тиіс. Өтеп келгесін, мүмкін, Мәліктің жігіттерімен тізе қосу үшін қайта көшуге де тура келе ме. Біз қайтқанша сақадай сай тұрыңдар деп еді. Өтептің ойындағы шымырлық пен жұмырлықты, мына жұрттан әзірге, көріп отырған жоқ. Тосын бір себептерден көкпар таба алмай қалған алакөңіл топтай сенделіп жүрген бір жігіт. Бұларды, өзіне де беймағлұм әскери тәртіп-дағдыға үйретпей-ақ жатын жер мәселесін бір ыңғайлап алса, тәулік жарымға аз болмайтын сияқты.
Мұқағалидың тағы бір байқағаны: мұндай жортуыл жағдайында қатын-қалаш, қыз-қырқын, келін-кепшіктің аралас жүргені жаман екен. Үйреншікті үй басы, ошақ қасынан Төреханның көтеріп көшіріп жіберген қалың ақ жаулығы Қыземшектің табанында ерсілі-қарсылы жосығаннан басқа әзірге береке көрсетіп жарытқан жоқ. Өздері және де қыз ойнаққа, шілдеханаға барардай бар жақсысын киіп шығыпты. Бұлар үшін үлкен қауіп каратель отряд емес, етегін бүріп тастаған ақ шәйі, көк шәйі көйлекке жасыл-жасыл таңба салатын балауса мен ажырық сияқты. Өткен түні құлаштап лақтырған тасың әзер жетер Арқар үңгірге түнемейміз деп те шу шығарды. Мұқағалидың, сонсоң, таң алакеуімнен кірісіп кеткен бір тірлігі осы болып еді. Қолтықты өрлеп барып, дәу қара жартастың түбінен атқылаған жеңді білектей бұлақтың басына қоралап үш үй тіккізді. Сонсоң, Төрекең айдатып жіберген қысырақтың үйірінен бес байталды пышаққа жықтырып көп шуылдаққа жұмыс та тауып берді. Ендігі жүрістері әні — нымша сайын бір-бір шекті білекке орап бүткіл қойнаудың ішін қан сасытып жіберіпті. Кенет, қатты шошыған Мұқағали ішінен «ау» деп қалды. Қан-жынның исін тағы бір жұтқанда жіберіп алған қатесі есіне түсті — қапаш-құпаш қарбаласпен ұмытып кеткен екен. Құзғын бір сезік алса болды, құтылмас бәлеге қалдым дей бер. Қара бұлттай көшіп жүріп каратель отрядты ерте келмек.
Мұқағали екі жігітті шақырып ап аққан қан, төгілген жынды топырағымен көтеріп сарқырамаға ағызды. Көңілі, сонсоң ғана, сәл-пәл тыншығандай болып еді.
Келін-кепшіктің бер жағында, осы жаңада қазылып біткен кісі бойы қолұсыным қасқыр апанның қабырғасына тас өріп бес жігіт тұр екен — бес байталдың етін сақтайтын апан. Көзі соларға түскен Мұқағали өз-өзіне тоғайып қалды; бұлшық үзіп жұмыс істегеннің дәмін алғаш алғандай болып отыр.
Жарты құлаш көк бәтес орамал суға салып алғандай шылқылдап қапты; атанбалтыр, жайбасар жігіт өзін осыншалық тершең деп ойламаушы еді — орамалды екі бұрап сықты да шыжыған қой қара тастың бетіне жапты. Қатты шаршағанын да осы сәт зайыр байқады: қылжия кетсе қатып қалардай екен... Әзірге, бірақ, жұмыс көп. Жігіттер әлі нәр татқан жоқ; үш шоқының басындағы алты қарауылды ауыстыратын уақыт та жеткендей, шатқалды қуалай жайылымға кеткен жүз қарала ат және бар — айдатып әкеп суартуға керек. Ол аз десең пытыра жасаймыз деп алып келген жеті кірпіш қорғасын тағы жатыр. Тамаққа да, қайнату үшін — қорғасынға да от қажет, ал шайдан ашық аспанға түтін ұшыру құзғынмен пара-пар қатер — Мұқағали арқар үңгірді түкпірлеп барып құбыр тестіру керек деген шешімге келді.
Құбырлап атқан түтінді сейілту оңай. Құбыр тесуді, қырсығып, Әбілтайға тапсырды. Тағы да қыржың ете ме деп еді, жо, кешегідей емес тігісі жатып қапты: аларып сәл тұрды да қайла мен сүймен іздеп кетті.
Мұқағали белуарынан шешініп мұздай суды арқа- беліне әбден құйды; белінің суық шапса басып қалар құяңы бар еді, оған да қараған жоқ. Сонсоң, сол, сүмектеген қалпы ақ қалпақты шекелетіп киді де бұлақтың жағасына қымыз алдырды. Үрпісі бармақтай-бармақтай жиырма биені осында бет алған бірінші күні-ақ айдатып алып еді. Әбүйір болған екен. Шілденің мына ыстығында жан сақтар жалғыз ем жазғанның өзі болып тұр.
Беу, деді Мұқағали, қара тегене қымызды демін алмай төңкеріп тастағасын. Қатты шалқайған екен, қалпағы да түсіп қалды,екі шекесіне және бұрқ етіп мұздай тер тепті.
— Шөлдеп қапсыз ғой, Мұқаш-аға, — деді қымыз әкелген аққұба қыз.
Жаңа, қымыз ұсынғанда, құмығып отырып көз де тоқтатпапты — Әбілтайдың қарындасы екен.
— Қайт дейсің, айналайын, — деді Мұқағали. — Бауыздау жауым кәріне мінді деп өлейін бе қымыз ішпей. Сен қашан келіп ең?
— Кеше. Төрехан көкем ауылда кемпірден басқа әйел баласын қалдырған жоқ.
Ее-е, жарықтық, деді Мұқағали ішінен. Сақтықта қорлық жоқ дегені де. Әйтпесе, қанша кәпір болғанмен, кәрәтілдің солдаттары үкі тұлым балаға қол қатар деймісің.
Осында аттанарда көш қамымен жүріп Төреханмен қоштаса алмай кетіп еді. Соңғы жылдары жайнамаздан бас алмай қойған тұйық шалдың осынша қайратына таң қалып та отыр. Ұлықтардың офицер ұрладың деп Төрекеңнің өзін алыа кеткенін мана естіген. Әзірге істейтін шарасы жоқ. Өтептің жолына телміріп қалып еді.
Баланың алдында төс бұлшығын тырситып жалаңаш отырғанын жаңа байқаған Мұқағали жалма-жан кенеп көйлегін киді де:
— Бара ғой, айналайын, — деді. — Қадамыңа гүл бітсін, бара ғой. Ана жеңгелеріңе айт: қан-жын тамған жер болса қырып ап бұлаққа ағызсын. Бара ғой.
Қай бір жылы кекілі қасын жапқан ләмпәси құмар бала сияқты еді, енді, міні, бұл да қос етек көйлек, белін қынап нымша киетін бопты. Балаға хас апыл-құпыл мінез жоқ, денесін тік ұстап мұңайып барады.
Мұқағали, кенет, қанат суылын естіді. Екпіндеп ұшқан үлкен құс па — ысқырынып шықты. Мұқағали қалпағымен күн қағып аспан шолды, көзіне, бірақ, қарайған ілінген жоқ. Тазқара ма, бүркіт пе? Бүркіт тоятын оңайдан айырмауға керек еді, әй, құзғын қасқасың— ау, деп тағы да шошып қалды.
Қымызға тойып терісі жайылғасын ба, Мұқағали таз мойын қараны көп шенеген жоқ. Көзін жемтік жеп ашқан шірікке қабақ шыттың не, шытпадың не деп отыр. Өле-өлгенше өлексені жіліктеп тірлік кешеді дә. Артынан каратель ертпесе таз мойынға қара жығып та берер ем. Тегінде жарымаған шірік мұндай мәрттіктің үдесін ұғар деймісің, бірақ. Оған қоса, бүгіндері құзғынға да бақталас шықты ғой. Мал етіне бұл жерік, ел етіне ол жерік. Ойпыр-ау, жау тисе оның, карательдің жеріне тиеді екен, ал менде, Төреханда, мына алтын бала Аманкүлде қай әкесінің құны қалып еді сондай-ақ? Көкейіңді құн тессе құнды алдымен сұрайтын ер жастанып жүрген мына қалың топ емес пе? — Себеп? — дейсің-ау сен бетің былш етпей. Себеп сол — елдің кереңдігіне сенің қолыңның сарт-сарт жүгірмеген тұсы бар ма еді? Батыр екесін, батырлығыңды ана жесіріңді қорлаған, жеріңе шаптырған ата жауыңа көрсет.
Мұқағалидың тамағы құрғады, құлағын тағы тігіп байқап еді, қанаттың суылы қайтып естілген жоқ. Іле торы айғыр оқыранды — тұтқын офицер қамалған үңгірдің босағасында ертемен қаңтарылған бойы тұрып қапты.
Төрекеңнің көкпарын қол тисе бүгін, әйтпесе ертең ертелеп қолға алу керек екен-ау.
СӘРУАР, КРЕЙГЕЛЬ
Сонда не істемек енді?
Жарау төремен қауышқан сайын, ұғысқан сайын көңіліне ма-н-а-а ұялаған үрей қанатын жайып қабынып барады. Ұғысқан сайын төреге бетін теріс салып, одан қашықтағандай, қашқақтағандай ма. Әсіресе жаңа бір әзірде, шығып бара жатқан Крейгель күміс сап қылышты, бейне тезекке былғанғандай бір жиренішпен қайқы қынға қайтадан сарт сүңгітіп жібергенде, жарау төреден сары сәскеден бергі ұлпа мәмле, қисынды уәжінің астар сырын кенет ұғып қатты тіксінді. Крейгель мұны көсеу орнына ұстағандай екен. Жоқ, әлде ұстағандай емес — ұстаған, көсегендей емес — көсеп үлгірген де сияқты ма.
Биыл жиырма бірге толады екен. Бірақ, топшысы сынғандай боп торға бүгін түсіп отырған әкесіне жиырма бір осы жасында, зекіген түгіл налу айтып көрмеген еді. Сол әкенің манағы бір әзірде — биязы Крейгель жылы-жылы сөйлеп ап, өзі жорға, өзі буаз биедей тайпалып кеткенде — сөгіп жіберуге тақап та қалдым ба дейді. Сонсоң да, ертеден бергі молда торғай боп бұға бергеніне емес алдымен осы әбестігіне әсіресе кіжінеді. Адам көрер қорлықтың қыры да, қыбы да көп екен. Оны да бүгін байқады. Үлкен қорлықтың, алайда, құлақ түбінен қасып отырып басарын білмеуші еді. Байқап қараса, қорлықтың бұл жайбасар түрі ашқарақ итке ине шаншып, тоңмай асатқандай екен.
Сәруар қылғынып алды, көмейіндегі түйін жібіген жоқ, бірақ. Бунт, деді сонсоң. Есіне қайқы қылышпен тырнағын жонып тұрып, жарау төренің кіжініп айтқан сөзі түсіп еді. Мысыққа ойын, тышқанға өлім дейтін. Мысықтың қайтіп ойнап, тышқанның қайтіп өлетінін бүгінге дейін көрген емес-ті. Бүгін көріп отыр. Крейгельдің айырым-ен жәйлі, манағы, сауалына жауап болуға жарайды екен. Бунт... Бұлардың, заңында ақ патшаның аты естілгенде тоңқаңдай бермесең бунт-ау. Сусын сұрап ауылға бұрылған жез жағаға қос ат жетектетпесең де — бунт. Бесатардың қарауылына алғанда тұяқ серпісең — тағы бунт. Ау, мүмкін біздің түзге отырғанымыз да бунт шығар? Ойына бұрын кіріп те шықпаған топшылаулардың кенеттен, қаз-қатар тізілгеніне таңданды. Сендер бітеусіңдер ғой, осы біз түзге отырмай-ақ қойсақ қайтеді. Әй, қарсы бол қоймассың. Сенің көкейіңді тесетін осы ғой. Сенің көкейіңді тесетін осы, сосын, қақ айрылған қара жерге біздің сіңіп кеткеніміз. Әйтпесе бесатарың беліңді қағып бұл өлкеде не істеп жүрсің, деді Сәруар. Атаңның басы қалып па еді сондай-ақ?
Бүгінгі сәріден бері, өзімен-өзі үндемей сөйлесетін бір ауру тапқанын байқады.
Сәруар осы тұста Крейгельдің кіріп келгенін қалап отыр екен. Ол кеткелі сүт пісірім уақыт өтті, Крейгель, бірақ, әлі оралған жоқ.
Қақпағында айырбас самұрықтың суреті бар портсигар құрақ көрпешенің үстінде қалыпты. Тиекшесін басып қалғанда есінеген ауыздай ерініп ашылады екен. Ұзындығы бір қарыс папиросты жұтып-жұтып жібергенде Сәруардың бір сәтке басы айналды. Портсигарды алған жеріне емес, лақтырып іргеге тастады.
Сонда не істемек енді?
Иноземцевті қайтару керек. Крейгельдің ащы ішектей созылған ұзақ сөзінен Сәруардың түйіп қалғаны осы.
Сосын?
Крейгель әкесін босатады.
Сыбағасын ол алды, сыбағасын бұл алды, ал қалған жұрт қайтпек?
Қалған жұрттың не боларын Сәруардың өзі де білмейді екен. Білмегенін бүркегісі келді ме, Сәруар сонсоң, басқаға оққағар боп, басқаның намысын жыртардай желкілдеп тұрған тірлігім жоқ деп қалды. Желкілдеп тұрғанның өзінде басқаға қорған болуды міндетіне алған емес. Міндетті емес, ал папиростың тұқылын ашық түндіктен атып жібер десең, мархабат, деді Сәруар. Қиялап лақтырмаған екен, папиростың тұқылы үйдің ортасына қайтадан түсіп еді, оны қайта лақтырды. Атып жіберуге, лақтырып жіберуге, бұл күндері, құлшынып шықпайтын жұрт шамалы. Темекінің тұқылын ғана емес, бақандай басыңмен өзіңді лақтырады. Құлшынып, құшыры қанып лақтырмақ. Артық жүкке қайыспайтын арқа, шытылмайтын қабақ қалды деймісің бұл күндері. Ал жүктің үлкені шарасыздық екен. Сонсоң да Сәруар, Крейгельдің арқандап, екінші кеткен мына тұсында, басқаның намысын басқаға қалдырып, жыртылған өз намысымызды жамап алсам бір басыма аз емес деп отыр. Тәтесіне арашаға жарап, ендігі әңгіменің тізгінін Крейгельге бермесе болды. Сипалап барып буындырып отырған Крейгельдің қолын қағып жіберіп, өлмелі әкесін бесатардың қарауылынан жұлып түссе сол жетеді. Бір адам бір адамға арашаға жарап жатса, қан сасыған қапырығын оққа тілшілетіп қойған мына шілде, «өзіңмен өзің бол» деп, қар жамылған қаз басына бұлт тиген Қазығұрт өкпе айта қоймас. Ал, абдыраған жұрт болса ақ патшасы шіркеулетіп қойған ана қаласына, жамбасына құс төсек, тақымына пәуеске, аузына қаймақ тосқан, тілі жүрдек, көзі ашық ағасы мен баласына, бауырына — оқыған азаматына барсын.
Мұнысы көрінеу ноқайлық екен — Сәруар, шарасыздықтың жүгін арқасынан түсіріп тастағысы келгендей, керегеге сүйенді. Рас-ау, әйтпесе Қазығұрттың қойнау-қойнауына тығылып, ат жаратып, қол жиып жүрген қалың елдің от өңеш Ташкентке қолы қайтіп жетпек. Жеткеннің өзінде кімге барады? Жеткеннің өзінде ақыл алар, сүйенер арқасы қайсы? Ондағы жағдай бесенеден белгілі: қарақұрым қандаласын мыңғыртып, қазақсырап тұрған түрме бар. Аты-жөннің жолын ғана бос қойып, приговор парақты текшелеп жиған сот бар. Қанды басың бері тарт деп бесатар кезенген жендет бар — Фольбаумның аңсыраған көп сарбазы бар. Ал, галстук тағып сүртік киген, елдің азасына қайғырып жоғын жоқтайтын оқыған қалада, онсыз да, аттың төбеліндей. Аздығына қоса өздері шетінен су жүрек. Аз топтың ішінен азуын жарып, ашуға тұнып әлдекім шыға қалса, патша ағзам оны, ұзын арқау, кең тұсаулап Сібірмен шекаралас қалаларға айдап тастайды. Ішке, ел арасына қарай қия бастырмайды. Мынандай тұстарда, әсіресе жолатпайтын болуы керек. Ал қалғандарда қауқар жоқ. Ет жақын туыс, ауылдас руластары демесең, сырт жұртқа құлшынып кеп көрсете қояр көмегі некен-саяқ. Басқадай кезде лашыннан қашқан тауықтай бір көзімен аспан бағып, кетек-кетегінде қыт-қыттап жатып алады. Ал егер бой жазып шыға қалса, марқаға тойып, қымыз кекірген бір-бір ұлықтың жетегінде шықпақ. Өздерінің жетекте жүріп иіскесетін кездері болады. Ондайда, қолдасып тұрған иелеріне көз қылғандай, ажылдасып-шажылдасудан да тайынбайды. Анда-санда өтетін жиын-жиналыстарда залға кірмей, фойеде қалып жаға астынан сәл-пәл шүйіркелесетіндері бар. Ондай оңаша қалған сәттерде ауып көшкендердің үстінен шағым айтып келген әнебір қоңыратты қалай алдап соққандарын, мына бір қаңлыдан алдамай-ақ екі үйір жылқы алғанын айтысады. Сонсоң, құлқын жағын реттеп, тезек тастап текіректеп алған ендігі бетте, ауыздарының суы құрып,өзді-өзінің пәленше Ваныч, түгенше Санычтарын мақтасады. Бірі Его Величество Ванычпен трапшеңкеге қатар отырғанын, бірі Его превосходительство Санычтың бөртіп алғанда аузынан сүйгенін, үшіншісі тағы бір марқасқаның үйіндегі ақ бұғақ жеңгесінің, жеңешетайының кетер кезде қойнына бүтін шөлмек арақ тыққанын бейне, апыл-тапыл жүрген баланың қылығын айтқандай, балық ауызданып көтермелеп кетеді...
Оңаша қалғанда бір-біріне дес бермей ауыздық шайнасып, шаршы топқа түскенде бүктүсіп жата-жата қалатын қораз айдар ағаларының тірлік халын бұрын да аз ойлаған емес-ті. Бірақ ылғи да тамырлап ормай, жүре шалып ойлайды екен. Енді бүгін, мына азулы төреге іргесін сөктіріп, бөксесін жалаңаштағанда, өзі де байқамай түрініп үңгілеп байқап еді — көптен күрек тимеген құдық түбіне түскендей болып отыр. Ылғи бір өзім шапсам болғаны, омырам қап өлмесеңнің жұртындай.
Сонда, бірақ жетісіп отырған өзі қайсы? Сын сағатта оларға жат қимылға барып, оларға тосын мінез көрсеткені кәні? Азамат үшін жалғыз басын, жаман басын қорғалап құрақ ұшқан дәйек боп па?
Есіне Крейгельдің қадап айтқан манағы бір сөзі түсті: өмір — ата, намыс — бала, баланың қанжығасына ата байлана ма екен? Бір қарағанда кекіліктің жұмыртқасындай: көгістігінен, көгіс шұбарлығынан басқа міні жоқ. Жұтып-ақ қойғың келеді. Мана жұтып та қойған. Удың уыты бірақ, кейін тарайды. Енді сезіп отыр — инемен тесіп, ішіне у жүгірткен жұмыртқа ма дейді. Себебі, Крейгельдің бұл сөзін таратып ұқсаң, итшілеп өмір кешу үшін намысты ұлтанға піштіріп, кісілікті ұлтараққа қидыру керек екен; иегіңді алқымыңа алып естектікке, мәстектікке көне беру керек екен; ақ патшаның атын жамылып келген бұйрық атаулыға көз алартып, қабақ шытпау керек екен.
Пай, пай деп қалды Сәруар осы тұста. Крейгельдің ойының жақсы өрілген қамшыдай жұмырлығына таңданды. Осы сәт төбесімен маңдайшаны тіреп ұзын сирақ ұлықтың өзі кіріп келді.
— А-а-а,— деді жарау төре жалғыз харіпті, кем айтқанда, бес бөлгендей боп. — Аа-а-а-а. Мен қайтіп оралғанша өсіп қалдым де. Өсіп қалған екенсің ғой.
Крейгель, сонсоң, масаң адыммен үйдің ортасында қадам санап жүрді де, керегеге шалқалап сүйеген дөңгелек шәй үстелді қағып жіберді. Стол мына Сәруар қонақтаған мыртық орындықтың аналығы болу керек, екеуінің де шонтақ аяғын қаз табан ғып қашаған екен. Жарау төре, оң қолының қырымен періп жібергенде керегеден кетіп қалтақтап түсті. Сарыала текемет ылғи да атүсті асығыс жүретін көп солдаттың керсен керзі етігіне арқаланып келген мол шаңға әбден қақалып қалыпты. Үстел түскенде, бұрқ еткізіп қою түтін атты.
Кірген бетте «ал, сөйле», сонсоң, сәл кідіріп, «ал, сонымен неге келістік» деп сыпайы ғана қадалған Крейгельді лездің арасында осыншалық аспандап кетер деп ойламап еді. Мұның елпек атпағанына ашуланды ма, шала құрған малдасын шашып жіберіп ұшып тұрған түрі мынау. Ұшып тұрып үстелді перді, енді үш елі үшкір, шпорлы өкшесін қалың сары текеметке жылан езгендей қадағыштап, демігіп жүр. Сәруар, бұл жолы бірақ тайқақсыған жоқ. Тек жарау төренің, қайнаған сүт боп, табан астынан асып-тасығанына реніш айтты:
— Бекер демігесіз, Крейгель мырза. Сонша бүлінердей мен сізге тіл тигізгем жоқ. Оның бер жағында, жат десе жатып, тұр десе тұратын цирктің ақтөс аюын бір сәт ұмытқан жақсы.
Былтыр бір жолы түсіп Ташкент барғанда Дуровтың циркін тамашалап еді.
Дөңгелек үстелді шеңбер сызып айналып жүрген Крейгель мұның алдынан қиыс өтіп бара жатып қалт тұрып қалды. Күлгін тартқан бет терісін қос шықшыты, енді болмаса, тесіп кетердей екен. Мұнымен сөз тоқтастырған да жоқ — сегізкөзінің үстіне бос салып алған сол қолы лез жұдырық боп түйілді де, құлаш боп жазыла берген ендігі сәтте, Сәруарды айналып кеп ұшырып түсірді.
Тұр, — деді сонсоң, үйдің сол жақ іргесіне жамбастап қалған Сәруарға. — Тұр. Ер шекіспей бекіспес деген. Сонсоң дөңгелек үстелдің шетіне отырды да, күтір-күтір белін үзді.
Жұдырық па, жоқ әлде, алақанның қыры ма, әйтеуір мойыннан тиген екен; жатаған орындыққа қайта отырған Сәруар басын бір жағына асып қалды.
— Шекісуіміздің көп боларын көріп отырмын, Крейгель мырза. Ал бекісу жағына көзім жете бермейді. Бар болса бекісуге бармын деп берер кепілдігіңізді бере беріңіз. Менің берер кепілдігім жоқ. Барына бар еді, енді, болмайтын шығар. Жоғалтып алдым, ал көмектескен өзіңіз. Тек жұдырықпен емес, әрине.
— Саған осы не керек? — деді Крейгель. Тұрып барып іргеден бір тал шөп жұлды. Сонсоң, орнына қайтадан отырды да, пішеннің сүйрігімен тісін шұқылай бастады.
— Әкем керек, әкем керек, тәтем керек. Сосын, өзін білікті санайтын көзі ашық офицердің көк сіңір жұдырыққа ерік бермегенін қалар ем. Сізді айтып отырмын, — деді Сәруар. Онсыз да айдан анық ойды таңынан қайта сілкіп қазымырсып кетті.
— Жаңа жеп жүрген таяғың бе еді, сондай-ақ, — деді Крейгель. Сонсоң, аузына пішен жүгіртіп ырсиып қалды. Сәруар жаңа байқады; Крейгельдің күрек тісінің сыңары алтын екен.
— Баяғыдан жеп жүргесін де тулауға болады ғой.
— Ах, вот в чем дело. Жеп жүргесін екен ғой. Шыдамы таусылған екен ғой. Шыдамы таусылған екен ғой. Әкем керек, тәтем керек де. Балалық парызын атқартып қуғыншы боп келген жігітпін де, — деді Крейгель. Сонсоң пішеннің сүйрігін кірт еткізіп екіге бөлді де, бір жағын тісіне тастап, бір үзігін сақина ғып ортан терек саусағына орады.
Крейгельдің қорыққаны да осы болатын. Жақсы ашып келе жатқан балсыраны мына баранчук шалғылап қоя ма деп тіксінер еді. Сәскеден бері тілі тізесіне жетіп сорғығанда мынаның иін әбден қандырмақ-ты. Қанғанына кәміл сеніп те алғандай еді. Жо, ертерек тоғайған екен. Сол күдігі, міні, азуын жарып ақсиып отыр. Сафроновтың соңынан бес мылтық қуғын жіберіп сәл кешіккеннің өзінде жалын тігіп апты. Ә десең мә деп алыса, шалыса кетуге дайын отырған сияқты. Крейгель мойнын уқалап қалған Сәруардан, бүгіндікке алғаш рет, тіксінгендей болды.
Ұрғанына бірақ опынары жоқ. Тантығанды қалыбына түсірер жалғыз әдіс, ол, таяқ. Бұл ұрған ұрған ба? Бұл жігіт аман болса, жаңағы көкігені үшін, әлі талай жұдырық жеуге керек. Әзірге, бірақ, жетеді. Таяқ та ішімдік сияқты. Өлшемді мөлшерден қайтқан жақсы. Дәл қазір тағы да ұшырып түсіріп, тізеге сап езгілеп кетсе, өзі тығылып отырған бәленің қанын біржола қарайтып алуына мүмкін. Ал, Крейгельге мұның қанының бұзылмағаны керек, қанының бұзылмағаны, өзінің сау-саламаттығы керек. Бұл баранчукты көзінің қарашығы демесең басқа мүшесінің кез келгенімен бірдей деуге дайын отырғанын да Крейгель қазір түсінді.
Есіне Фольбаум түскен осы сәтте, ұзын сирақ офицер пішеннің сүйрігін ернімен қымқап ап екі бүктеді де түкіріп тастады. Түкірігі Сәруардың тізесіне түсті.
— Оқасы жоқ, — деді Крейгель кешірімнің орнына жұбаныш айтып. Сонсоң жан қалтасынан үш бұрыштап бүктеген орамал алды да Сәруардың тізесін сүртті. — Реті келгенде маған да түкірерсің.
— Сол реттің келгені жақсы еді, Крейгель мырза.
— Рет келмейді, ретті келтіреді ғой, — деді Крейгель. Оңайдан ой түйгеніне қуанып қалған екен, сақылдап күліп жіберді. Сонсоң, далиған шәй үстелді тік көтеріп орнына қайта сүйеді де өзінің үйреншікті төріне жайғасты. Мұның күлкісіне баранчуктың селт етуі керек-ақ еді, баранчук бірақ мойнын мытқаннан басқа артық қимылға барған жоқ.
Осыларды түсінбей-ақ қойды әйтеуір. Бір қарасаң бұлардың үлкені де, кішісі де жайдақ су сияқты — кім көрінгеннің лайлап жатқаны. Ал, енді бірде, тайлы-таяғына дейін өткел бермей екі иығын жұлып жеп кетеді. Қарағұсын қорғалап бүктүсіп жатқан адамның, қолыңды қайта көтере бергенде, атып тұрып жағаңнан алғанындай. Бұл елді, бұл елдің аз қасиет, мол мінін біреудей-ақ танып-тәмәмдадым дейтін Крейгель, бұлардың өзі мен ерінің айырым белгісін әлі күнге дөп баса алмай жүргеніне ызаланады екен. Мына баранчукты, жаңа, өкшесінен айнала беріп ұшырып түсіргенде осынау ызаның зығырданы оңай қайнап шығып еді. Сабасына енді ғана түскендей болып отыр.
Жаңа, әлде, өзі тежеуі керек пе еді. Тежеліп те көрді ғой бірақ. Күні бойы, тежеуден кетіп текіректеген де ештеңесі жоқ. Ұлық басымен бұ жаманды кісі санап сөйлескенінің өзі де жетпей ме. Жо, ұрғаны дұрыс. Ұрғаным дауа, деді Крейгель жаңа ғана шиырлап шыққан жымына қайтадан түсіп. Бір достан тірідей айрылып, бір досы хабар-ошарсыз кетіп, ақ үйге қамалып отырған ұлық қанатын жайып, қолтығын сөгіп кеңінен ойлай алмады.
Жо, бұларды ұрғаны дауа. Бұлардың момынына таяқ, бас көтерер қызыл көзіне — ылғи таяқ, ылғи оқ. Бұларға ойланардай уақыт қалдырмау керек. Ойласа, аяқ құшып жатып ойласын. Мұндай тағы елге тыныс алар жағдай жасасаң тісі өседі, деді Крейгель.
Мынау бунттың бастау себептерін кенет түсінгендей түйсік оянып еді — жарау төре сол жақ езуін үшбұрыштап мырс етті.
Бақса, Черняевтан кейін бұл елдің туырлығы тілінбеген екен. Бұлардың құтырып жүрген бір себебі осы ма деп ойлайды. Дала үстінен оқ атылмаған елу жылдың ішінде жілік майлары бітеуленген болуы керек. Қоқаң-қоқаң ат мініп, бір сөзіңе екі сөзбен жауап қайтарып, терезе теңестірер себептері де осы. Бетімен кеткені. Өкімет те әйтеуір жоқ жерде өбексігіш боп алған. Ату үшін, асу үшін себеп керек пе екен? Ел деген ол, сүт. Көксу еткің келе ме, көкми еткің келе ме — қазанның беті көкшенің қабығындай торлана бергенде қарма да отыр. Қалт етпей, дембіл-дембіл қармау керек. Қоңырауын қайдағы бір Герцен қақты деп мұрны қисайған Черняев жоқ, деді Крейгель. Қос қолы қайтадан жұдырық боп түйіле бастады: Есіне ақ шал түсіп еді, Жаһаннамға жанын Черняевтің заманында тапсырып жіберетін қақпас емес пе ол. Онда Иноземцевті кім ұрлайды; дүниеге мына шілтік қайтіп келеді? Өзі тағы бас көтермек. Ал, көтере ғой, көтере ғой, ал. Қыл мойныңды қорғасын қырықса бассыз сен қаласың, менің нем кетеді.
— Сонымен енді не айтасың маған?
— Не қалайсыз?
— Болмашыға кекесін қыстырып керегі не, — деді Крейгель. — Мені тыңдасаң жөнге көшелік.
— Сіздің жөн айтып менің дау айтқан жерім бар ма еді?
— Мен сәскеден бері тек жөн айттым ғой деп ойлаймын.
— Мүмкін, — деді Сәруар, — онда бірақ, қалған әңгіменің ретін көре алмай отырмын, мырза. Сіз жөн айтыпсыз, мен дау айтыппын. Қартакештер мұндайда квит болдық дейді.
— Итжығысқа сен келіссең, мен қарсы болмай— ақ қояйын, — деді Крейгель. — Бірақ итжығыс үшін ат сабылтудың қаншалық керегі бар еді. Менің ұға алмай отырғаным осы. Қарсы болмасаң, қартаны қайта үлейік.
— Қайта үлеп, порасқа қайта көмем дейсіз ғой.
— Оны бағыңнан көр. Қарта да мансап — көрсоқыр болмақ. Соқыр мансап сені көрмеді деп буынып өлейін бе енді. Бірақ бір нәрсені есіңнен шығарып отырсың. Порасқа менің де көмілуім мүмкін.
— Мен шаршадым, Крейгель мырза, — деді Сәруар. Шынын айтып еді. Бағана бірдегі зіл батпан жүкті арқасынан қайта тапты. Сөз таластыруға да зауқы жоқ екен. — Ғұмырымда дәл осылай шаршап көрген емеспін. Оны мен түсінем, сіз білесіз.
— Әрине, — деді Крейгель, — көп болса мақтанды деп ойларсың. Менің сен туралы білмейтінім әсте шамалы. Мысалы, сен қазір әкеңді босатудың талай-талай жолдарын саралап шықтың ғой. Алып қашу, мысалы. Өтірік деші, қані?
Сәруар үндеген жоқ.
— Құмнан лай илеп керегі не. Менің айтарым, бірақ, бұл емес, Сәруар. Сені мен менің дәл бүгін, шаршауға құқымыз жоқ. Түн қатқанды ер көтереді. Ерден асып ат көтереді. Қарала үшеуміз көтереміз.
—Тәтемді босатыңыз, — деді Сәруар. Жарау төрені тағы да тайпалап кете ме деп қорыққан екен. Киіп кетті.
— Менің де ойым сол. Үстінен түстің. Менде қазір осыдан басқа ой да жоқ өзі. Күндіз-түні ойлайтыным жалғыз осы, әкеңді босатудың қамы, — деді Крейгель. Жаңада ғана қан теуіп жіби бастаған жүзінің қайтадан тырыса бастағанын сезді.
—Жай босату отряд басқарған кез келген офицердің қолынан келеді. Мен әйтеуір офицер емеспін. Оны мана өзің де айттың. Өтірік болса көріп ал: мен сенің әкеңді ат— шапан айып тартып аттандырам. Айтпады деме — ат-шапан айып тартып. Талай бұратанадан сый көріп жүріп, бір бұратанаға сый жасамап ем. Реті келген сияқты, келген осы ретке бейне, әйелім босанғандай қуанып отырмын, — деді Крейгель.
Баранчукке бармақ батырамын деп отырып өзінің жарасын осып алған екен. Есіне отасқандарына он жыл болғанмен әлі пұшпағы қанап көрмеген қайқы бел келіншегі түсті. Мұның бойдақ Иноземцевпен тізе қосып, Ташкенттің Чиланзар жақ бетіндегі қызыл шамдарға барғыштап жүргенін біліп қойды ма, соңғы кездері казак қоңыр көздерін көлеңке көмкеріп түн баласында солқылдап шығатын бір әдет тауып еді. Крейгельдің жүрегі ысыды, көмейіндегі кекесін, бірақ жіберген жоқ.
— Сенің әкеңе сый сыймайды дедім бе? Қашан айттым? Қашан, қашан айттым? Айып кескінді сый болғанмен, сыйдың аты сый. Сенің әкеңнен басқа менің сыйыма лайық адам көріп отырғам жоқ қазір. Менің алдымнан талай адам өткен. Мен бұл елдің бай-жарлысының бәрін білем. Әкеңнің кедейлігін де білем. Бірақ, менің сыйыма лайық жалғыз адам, ол, сенің әкең. Сенің әкеңнің, себебі,Түркстан қауымы алдында көрсеткен қызметі бар. Иноземцев себебі, Түркстан қауымы құтыла алмай жүрген офицер еді. Кірпік астынан шыққан теріскендей бүкіл қауымды ығыр қылған мазасыз офицер болатын. Сондай офицерді тапа-тал түсте жым-жылас жоғалтып жіберген адамға сый көрсетпей есімнен адасты деймісің мені. Ат-шапан айыпты оған бермегенде, ана, шоқай киген Голоножкинге берем бе. Бір түн ұйқысынан қап, бір күндік намазын қаза қылған екен. Оған себепші болған мен екем. Кейін кездескенде айта бар. Кешірсін мені. Айтсаң айт, айтпасаң өзімнің де шамам келеді. Кешірсін мені, кешірсін мені, кешірсін мені, — Крейгель.
Есіне әйелінің сай-сүйегіңді сырқыратар өксікшіл дауысы тағы түсті, әйелінің өксікшіл дауысы, сонсоң мына баранчукты жатаған орындықтан ұшырып түсіргені түсті, қай күнгі алқымынан мытып тұрып өз қолымен құлақ шекелетіп атқан еңгезердей қара жігіт пен бұлақтың жағасындағы апанда жатқан бес солдат түсті. Крейгельдің, сонсоң, жүрегі шаншыды. Жүрегінің әсіресе, осындай ашу қысты сәттерде, сәлем беріп кететін шаншымасы бар-ды. Бірақ, бармағын шайнардай боп қызынып алған ақ төре оны елеген жоқ. Айтқан мына сөзі мен шашқан мына кекесіні сәскеден бергі құрған тор, қазған апанына, бір ыңғайда, қатер де екен. Аяғын інге тығып көрген жылқыдай сақтанып шабары бар-ды. Бұл жолы онысын да ұмытып кетті. Қатер болса болсын, деді. Арбасып, айтысып отырғаны асыл сүйек текті болса бір сәрі, ал мына сияқты бұратана баранчуктың алдында, айтқан сөзді қайтып ап қырық құбылу тілдің ұшына келіп қалған қақырықты сылп еткізіп қайта жұтқанмен бірдей көрінді. Құдай сақтасын, тексізге тектінің мінезін көрсетем деп шындыққа аунай алмайтын шығар.
Әліппені жөндеп тани алмай жатып осқырынып отырған баранчукты біржола шыңғыртып жібермек ой да кетіңкіреп қалыпты. Жаңағы айтқан қақырығы есіне қайтадан түсті де, Крейгель лоқсып қалды.
— ... Көзіңізге қан толған болуы керек.
Салқын дауыс Крейгельге талып жетті. Баранчуктың үндемей қалғанын қарап, оның сөзінің соңын ғана қармап үлгіргенін оңай түсіеген Крейгель, бірақ, абдыраған жоқ.
— Толса ше, — деді. — Қан толмаған көз бар ма қазір.
— Бар, — деді Сәруар іле. Сонсоң сәл кідірді де, көзін босағадағы үйінді винтовкаға тікті. — Жұртпен кекесін мен кекке, оқ пен отқа сүйеніп сөйлесуге болмайды. Мақсұт кетісу болса әңгіме басқа. Бірақ, ішінде сіз де бар, өзім көрген көп ауғанның құлқынын мен білем. Өлсе кетер бұл өлкеден. Осы себепті де ел үстіне әңгір таяқ ойнатып, елдің өңменіне бесатар кезену еміп отырған үрпіні шайнағанмен бірдей. Дәмнен үлкен, ақтан үлкен нәрсе жоқ. Үрпіні сыйламағанның өзінде сүтті сыйлауға болмас па. Бұл бір, офицер мырза.
Мырза деген сөзді бүгіндікке алғаш рет құлықсыз айтты. Жоқ әлде, құлықсыз айтқанын алғаш рет қазір байқады ма?
— Екіншіден, кекесін мен кекке мелдектеу, алдымен, өзіңіз айтқан тайқы зерделерге хас мінез болуға керек-ті. Осы мінезді сізден көріп өкінем, Крейгель мырза. Үшіншіден, адам алып қашты дейсіз. Адам ұрлаған адам атқаннан ерсі боп па, адам атқаннан кещелік боп па. Сонде неге ұрлайды? Қышыма тиген қол болса жезжағадан басқа да үйкеп алар нәрсе көп.
— Шалқыма, бала, — деді Крейгель жұлып алғандай. — Шалқыма, бала.
— Кешіріңіз мені, кешіріңіз мені, кешіріңіз мені, — деді Сәруар.
Крейгельдің бөксесін көтергенін көріп орнынан бұл да тұрды. Манағыдай жұдырыққа жүгінер болса қапыда қалмайын дегені екен.
— Айта білген адамға тыңдай білген мін емес, Ваше благородие, Ваше высокоблагородие, Ваше сверхвысокоблагородие. Кешірсін мені, кешірсін мені, кешірсін мені деп үш қайтара тістенгенде, көрдіңіз, жарылған менің өтім жоқ. Кешірім өтінгенде жарыла қояр, сіздің өтті де жұқана деп білмеймін. Кешіріңіз мені, кешіріңіз мені, кешіріңіз мені, Ваше благо, высокоблаго, сверхвысокоблагородие. Терезенің теңдігін көп күйттейтін ұлық екенсіз. Есіңізге салайын. Осы теңдікті еріккенде, тіліңіз бен тісіңіз қышығанда емес, ылғи ұстаныңыз. Менің офицерлік погоным жоқ әрине, — Сәруар қос қолын айқастырып жіберіп иығын мытты. — Бірақ, өмір алды, шындық алды сондай-ақ погон ба екен? Погоннан артық, офицердің погоны мен болыстың қарғысына ғұмыр берген ұғымдар, түсініктер бар. Жоқ әлде бұ дүниеге погоныңыз жарқырап киімшең түсіп пе едіңіз? — деді Сәруар. Крейгель сабаға кеткен екен, соңғы сөйлемі оның желкесіне түсті.
Френчтің алқым түймесі ағытылмаған ба, сұңғақ желке қызара бөртіп ісініп кетіпті. Тік жағаның желкеге батқан жиегін өз сөздерінің тұзағындай көріп, Сәруар, бір сәтке тұщынып қалды.
Крейгель бұрылған жоқ. Сөзден тосылған бір тұсын шөміштен қағып қайырмақ екен, Сәруарға қымыз ұсынбады. Сарыала зереннің ернеуін, теріс қараған бойы ұзақ өбіп тұрды да есікті ашты. Ішке қарай еңкейтіп құрған жез тұтқалы, екі жақпар емес есік жұмсақ сықырлап кеп қайта жіктесіп еді, Крейгель босағадағы алаша жапқан көп бердеңкенің екеуін алып тіреп қойды. Үйдің ішіне ас тасқын боп лап қойған мол жарық айна тепкен шұғыладай өткір екен. Сәруар көзін жұмды.
— Вот что, — деді Крейгель сонсоң. Байланып кеткен сабаның аузын қайта шешті. Бет алауын басқысы келіп еді. — Сені, дәл осы қазір, атып тастауға менің шамам келеді. Оған күмәнің болмасын. Бірақ, бағың бар екен, менің ондай жендеттігім жоқ. Адам атты деп бір кеттің мана, елдің өңмені деп тағы сорғып жатсың. Оны, жарайды қызыл сөз дейін. Сонда да ескерткенім дұрыс. Сөз сөздің шабын түртпек. Ашу алды - сөз болса, ашу соңы - жендеттік. Аңдап сөйлемесең істің насырға шабуы мүмкін.
Крейгель, сонсоң, өкшесінен өкшесін айырмай кілт бұрылды да оң жамбастағы кобурасын ағытты.
ТӨРЕХАН
Еңсесі биік ақ үйден көзін айырмай-ақ отыр — ұзын сирақ офицер, сүт пісірім уақыттың ішінде, ат қораның сыртына жылдам басып екі барып, жай басып екі қайтты. Желқуық байталдай дембіл-дембіл талтая бергенді ұнатпаушы еді, Төрехан, қабағын қақты. Шыжыңдыққа, бірақ, таңданып болған ба. Қарыннан бүр қашқанда ас жылмағай, ал бұлардың бүрге зәрулігін көптен бері білер еді. Қай жылы, мына Көсегенің көк жонында өткен болыс сайлауында, байқағаны бар: сайға тіккен төрт бірдей қамыс күркенің шыпта есігіне алтын иық жез жағалар бірін-бірі кимелеп дамыл бермеген-ді. Ат қораның сыртынан қайта-қайта ауын ұстап қайтқыштай берген офицер осы байқауын расқа шығарғандай екен. Пәруәдігер, бұлардың төл екеш, төл ғұрлым болмағаны ма сонда?
Ернеуіне шынашақ елілендіріп алтын жаққан көкала кесені бос ұстап қалған Төреханның есіне, төл дегенде, былтыр арқар атып сыбаға жей барғанда мына Баба-Атадағы тамыры Әлкен жетектетіп жіберген сұр құнажын түсті. Кәдуілгі шоқтығы қол ұсыным арабы сұр екен. Әкелген бетте Қараланың үйіріне салып еді. Құлындағанын да естіген. Қай күні Қаралаға жүген сала барғанда көре қайтуды да ұмытып кетіпті. Қарала ата мен арабы сұр биеден туған құлынның түсін елестете алмай отыр. Төреханның езуін жұмсақ бір күлкі түртті, бірақ, төлтұмсық күлкі түртініп бітер-бітпесте аш қарынға қанып ішкен қара шайдан сазып отырған жүрегін суыл кернеді. Біресе төренің қуығына, біресе биенің құлынына кеткіштеп қашқақтай бергенмен, ақ үйде ұзақ отырып қалған Сәруарды — өз құлынын айналып кеп қайта тапты. Осы сәтте Төрехан, іштей құдай-ау, бұл не заман деп қалып еді. Балақұлаш жердегі бауыр етіңе зарықтырып қойған бұл не заман. Мана бекер кеткен екен. Мана бекер кеткен болды, ал оның алдында — ақ боз үйге кірерде, кіріп алып төрені күткен тұста да — жалғызымен жат адамдай суық сөйлескеніне, шау тартқанның шадырлығына басып, баланың бетінен арп-арп алып тастағанына өкінеді. Бақса, әлгі бастықпаған жас бала, әңгіме үстінде сөзден сөзге ұрынып, арандап кете ме деп қорқады екен: арандап кетіп оразасын қанмен ашып жүрген пәленің шабын түрте ме дейді, шабыр түртіп, жырынды төренің аузында кете ме дейді. Бағзы бір сезінісінде баласын ғана емес, — кәріге де жан қадір — өзін де ойлап қорқатын сияқты. Аш мәліндей осынау түйсік, кесені ұстап аңтарылып қалғалы бері әсіресе, кәрі жүрегінің жыртық жабығынан сығалағыш болып алды.
Жылт-жылт сығалап мәлін ол жүр. Сәруарды офицердің азабы мен мазағына тастап, сырты қалқан, іші талқан өзі отыр, үш күннен бері ұшты-күйлі хабарсыз кеткен Мұқағалидың не істеп, не қойып жатқанын және білмейді. Алданам дегені пәміл шәй еді, оған да қанды. Кәрі шекесіне қарағай мүйіз сыңсып кетер болса, қанып ішуін ішті, бірақ ақбоз үйдің ішінде ақ төремен жалғыздан-жалғыз қалған Сәруар, жасылы қашқан көзінен, дариға-ай бұлбұл ұшты-ау, ал жігіт шілденің ақ шақар күні болса, әні, әлдеқашан бесіндеп кетіпті, ал, өзінің қанша бесіндік ғұмыры қалғанынан тағы бейхабар.
Есіне Сәруардың сарыала сәскедегі шошып айтқан сөзі түсіп: иман шақырып алдансаңыз бір сәрі деп еді-ау, жұлыным.
Төрехан кәрлен кесені ақсары шәлінің жиегіне жантайта салды. Аяғы да ұйыпты: малдасын жазды, жалаңаяққа сонсоң ғана көз жүгіртті.
Құзғынның үйірін Қазығұрттың үстінен екеулеп іздескен әлгі бір тұстағы екі-үш ауыз сөзден кейін жақ ашпай қойған Голоножкин түкті білегін жалаңаштап ап шайға кіріскен екен. Төреханның кесе кесесінің арасында қызыл дүм қара мылтықты көп шұқып еді: құрттап болғаны ма, мылтығын босағадағы тай қап ұнға сүйеп қойыпты. Оқшантай да, жез тістері ақсиып, іргеден көрінді. Айналайын-ай деді Төрехан есіне Сәруарды қайтадан алып. Бірде қыңсып, бірде бұғып жүре берер әйел емес, нақақтан нақақ сөз естіген ер жігітке қиын ғой. Пәлеге ұстасам деп ұрынбасаң етті. Зордың сөзі - айғақтың өзі. Қазақтың дәлел сөзін, дәйек ойын құйрығына қыстырып жүрген қай төре бар. Мәмледен тосылып, уәжден жығылар болса, қайран қазақ қай заманның жауырынын жерге тастамас еді. Бізге өшігіп атпайтын таң, біздің қанға малынып батпайтын күн бар ма, деді Төрехан құбылаға іргеден көз тастап. Аузынан қан деген қаһарлы сөз шықты — содан қорықты, сонсоң құбылаға сол иығынан бұрылып қарағанда күннің қанмен жанған ләгеніне кезігем бе деп тіксініп еді — намаздыгерге әлі біраз бар екен. Қазығұрттың бергі бетіндегі шөккен нардай жоталардың жасылы жұқарып, мұздай көк мұнар бүркеніпті. Намаздыгердегі сәуле мен намаздыгердегі ауа шарпысқанда бояуы қанық жасыл шам мен нар жотадан әр қашады екен. Нар жотадан әр қашты деп тоқырап мұның қалғаны жөн бе, бірақ?
Төрехан Голоножкинге тағы да қарап еді. Бейне намазға жүгінген кісіше шөкелеп шоқиған кексе солдат құрымқоңыр шайды қытайы кәрлен кесеге орталап қана құйып, көп көргенсіздей сораптамай сыздықтатып қана ішіп отыр екен. Көк қантты да шайға малып сары саталдамай шекелетіп қана қырт-қырт тістейді. Көк қантты шекелетіп тістегені бар, қара ала кесені төрт саусағының ұшына қондырып қазақы ұстағаны бар. Қазықұртқа жеті-ақ түнеп битін төгіп жүрген көп босқын сияқты сабалақтатып шаш қоймағаны бар — осы жирен әйтеуір, жүрегін суыл кернеген осы сәтте, Төреханға ұнап та отыр. Манағы бір жауаптарынан да кері шаптырар кердеңдік көрмеп еді. Аза-қазаның дәмін көп тартқан еңбекқор адамның сабырлы кейпін танытқан-ды.
— Әй,— деді Төрехан кенет, — немене, баланы соншама ұстап анауыңның есі дұрыс па өзі?
Голоножкин селк ете қалды, көтере берген аққұманының қақпағы да түсіп кетті. Голоножкин самауырдан су ағызып қақпақты шайды, сонсоң Төреханды бажайлап сүзіп шықты да басын шайқады.
— Хал жаман, бабайка. Потому что, бала жаман. Мен қасынан өткенде естіді. Бала айқайлайды. Сен де жаман. Бастық айтады — ладно де. Бастыққа ладно десең жизнь ладно. А то, что, — деді Голоножкин кідіріп қап. Сонсоң, түңдікті тінткілеп біраз отырды да қолын бір-ақ сілтеді. Оң қолын қатты сілтегенде сол қолындағы шәйі шайқалды. Әшейінде ұртынан кетпейтін аз қазақшасынан айрылып қалғанына қатты қиналғандай екен.
Голоножкин, сонсоң, іргедегі оқшантайды нұсқады.
Төрехан басын изеді. Ұзын сирақ офицердің оққұмарлығын айтып отырсың-ау шамалап еді.
Не шара, бірақ? Басқа түскен екен - көріп алады да. Әйтпесе Қазығұрттың ақ майы кілкіген ақ қымызын таң асырып ішіп отырғанда ел басына осыншалық апат төнер деп кім ойлаған. Нені көріп алады сонда? Апыр-ау, осы елдің түбіне көріп алам жетпеп пе еді, бір алланың өзі сақтар жетпеп пе еді; ауып келіп асыңды ішіп, табағыңды тепкен жендеттің қымыз кекіріп тұрып маңдайыңнан шерткенде қол қусырғаның, қол қусыра бергенің жетпеп пе еді? Нені көріп аласың сонда? Ел айбаты көп ердің іркес-тіркес айдалып кеткенін бе? Сәруардың оққа жығылғанын ба? Оны көргенше көзің ақса қайтер еді, деді Төрехан. Оны көргенше нұры қашқан қос көзің мына кесенің түбіне ағып түссе қайтер еді, деді ақ үй жаққа тағы да көз тастап. Жайылып отыр еді, лез малдасын құрды — Крейгель мен Сәруар сыртқа шыққан екен. Қырын тұрған баласының бет-жүзін көре алмады. Бар байқағаны: Сәруар мықынын таянып белін үзді, сонсоң алақанымен маңдайын көлегейлеп таудың басына қарады. Таудың басына, баласына ілесіп, Төрехан да қарап еді. Қазығұрттың шошақ бөрік төбесі, күн қайтқасын ба, дағдыдағы көз қаритын ақ жалтылынан айрылып, сынапша тұнып сазарып қалған екен. Төрехан өзінің де қанын ішіне тартып алғанын сезді.
Крейгель тағы да ауын қармап ат қораны айналып кетті. Сәруар соңына ілесті. Төрехан баласының аяқ алысынан бөлекше бір қажыған сыңай таныды. Домалақ ақ шал, сонсоң, дастарханның шетін қайырып бата қылды; Голоножкин қолындағы кесесін қоя беріп тағы ілесті. Төрехан бұл жолы қоңыр құйқалы мұжыққа аларып қараған жоқ. Іштей, қайта, ырзалық білдірді.
СӘРУАР
Ауызға тіл сыймайды деуші еді — ауызға тіс те сыймайды екен.
Ат қораның ішінде түнемелге екінші бет алған мына кеште Сәруардың тісі өсті.
Тісінің анда-санда осындай мінез көрсетерін білер еді. Әсіресе, талып жатқан ұйқыалды бір сәттерде, отыз тісі шетінен соқталданып кететін. Қазір көзі де, көңілі де ояу, Сәруар бірақ тісінің көрінеу өскенін сезді. Сағақтап салса, қозы тамақтауға жарайтын сияқты.
Ат қораның ішінен, әлі, қапырық сейілмепті. Сырттан, ымырттың салқынынан кіргесін бе, Сәруар алқынып қалды, сонсоң, сол, етпеттеген бойы, оң қолын зордан қайырып сауырына салды. Дауыс салуға сылтау іздеген арық сауыр қолы тиер-тиместе қыңсылап жүре берді. Сәруар қатты ауырсынып қабағын шытты, сол сәт көзін тер жуды.
Есіне ақ үйдегі ұзақ отырыс, ұзақ сонар сауалдан кейін мұны осында сүмеңдетіп айдап әкеп жауып тастаған қаба сақал кәрі солдат түсті. Кеше Қараланы жетектеп кеткен, мана сабаға телмірген солдат па деп қалып еді.
Өзі бір оңайдан осқырынып оқыс тарпитын неме екен. Қай жынына тигенін білмейді, кете бара махорка кекіріп қайырылып келді де, мылтықтың дүмімен сегізкөзінен періп кеп жіберді. Тұра алмай жатқаны да сол. Тайып тиген дүмнен ұшып түскенде құлын даусын ұзақ созып шыңғырып та жіберген. Тәтем естіп шошыр деп абай да болған жоқ. Сегізкөзге дүм төнгенде әкені ойлар, әкені аяр ес қалмайды. Аянбай, демі біткенше шырқырап шыңғырды; өксігін көмейге қамап сыңсып жылады да, белі бірақ көтертпеді.
Етпеттеп осы жатқанда, Сәруардың көз алдынан наганын кезенген Крейгель кетпеді. Наганды көргенде тізесі қалтыраған. Тынған шығармын деп еді. Әбүйір болғанда атпады, иттің баласы. Наганды бұған лақтырып жіберді. Бұрын ұстап көрмеген бұйымы болатын. Қолдың басындай болғанмен ап-ауыр екен. Аяғының астына тастай салды. Сонсоң Крейгель бұған, бұл наганға қарап қас қарайғанша тағы сорғыды. Көбінше Крейгель сөйледі. Ұғып қалғаны: мұны Ташкентке, абақтыға жіберем дегені. Жоқ, әлде Сібірге деді ме екен. Аяғының ұшында жатқан қара наган жөндеп сөз тыңдатқан жоқ-ты.
Сәруар басын көтерді, қасында әйтеуір, әкесі жоқ екен.
Намысын қолдан беріп, таяққа жығылған баласын көрсе шамшыл тәтесінің сұмдық қартайып қаларын біледі. Шалдың осы мінезіне қанық болғасын ба, Сәруар, қазір әкесін келмесе екен деп жатыр. Мына белдің ығытын тауып, аяқ-қолын бауырына алғанша тәтесінің көзіне түспесем дейді. Бұл тәтесін аяған сыңайы еді. Біраз жатқаннан кейін барып байқады: тәтесінің кешіккенін қалағанда өзінің тұяқ асты топырақ пен қу тезекке аунап қалғанын жасырғысы да келеді екен. Шаршы топты тасы өрге домалағанда іздеп, ал сағы сынып, қорлық шеккен бейуақ сәттерде құрық болған тауықтай жалғыз қалғанға құмар кей қазаққа ұсамаймын ғой деп жүретін еді.
Бекер екен. Жеген таяғын, көрген қорлығы мен тайып жығылған жапасын тасаға тастап, шықпағанын шықтым, жемегенін жедім дейтін менмендік, осы жатысында, өзінің кеудесінен де танаурап шықты.
Найсапсың-ау, деді Сәруар, есіне әкесінің ашу алды айтатын, ашу артын түйетін бір ауыз сөзі түсіп. Дақпырт үшін күн кешкен жігіт осылай құриды екен ғой деген ой келді. Ондай жігіт, жалғыз атым насыбайды бөліп атар ет жақынына тізе бүгіп от жейтін тарпаң көріну үшін, шайнасып өлер жауының сүйек қорлар соққысын жұтып қояды екен-ау. Жұтып қойып тарс ұмытып кетеді екен-ау. Ұмытып кетіп, кеудедегі сақылдаған мол кекті жасытып алады екен-ау.
Кек, деді Сәруар. Кек деді де қымыз кекірді. Соқталданған отыз тіс қарш-қарш қышырлаған жоқ. Мана, етпетінен түскенде топырақ қауып қалып еді. Аузынан балшықтың дәмін сезді, сонсоң дыбыс күтіп сыртқа құлақ тосты. Қоянның от басқан баладай шыңғырғанынан басқа ешнәрсе ести алмады, Қоян бүрген үкі оның қарақұсын омырып жіберіп лүпілдеген ыстық миға апыл-құпыл бас қояр деп еститін. Мына дауысты Сәруар сондай, жортағы таусылған сұр қашқынның тірлік соңы айқайына жорыды.
Сыртқа құлақ түргенде ақ үйден дауыс келе ме деген. Тәтесінің сонда отырғанын біледі. Крейгель мұны бір ыңғайлағаннан кейін шеңгелді, сөз жоқ, әкесіне салуға керек-ті. Қорқатыны да осы — әкесінің сауалға қалғаны. Шошаңдап, бірақ, өзінен де бар-ау. Намыс деп шатып, ел деп тантып сау басты дауға сап қойғанша әкесін көндіруге келісе салмаған өзінен де бар. Қарақұрым солдаттың бетін қайыра салардай-ақ соншама екіленген өзі даңғой. Бірақ, қанша өкінгенмен өткен іс өтті — бүлдіруін біреудей-ақ бүлдіріп байқапты. Енді кеп әкесінен қорқып жатыр. Сексеуілдің қисық біткен бұтағындай шарт сынатын Төрехан қиуы онсыз да қашқан тірлікті онан әрмен қақыратып әкете ме дейді.
Қоян тағы шыңғырды. Айқайы әлгіден де ащы шығып еді — Сәруар қатты тістеніп, сол шынтағын ішіне алды да аунап арқасына түсті. Сүйек кетті ме деген қаупі мол болатын. Көңілі енді ғана тыншыған Сәруар қоянды — үкі, елді — каратель шыңғыртқан мына түннен қатты шошып қалды, есіне сонсоң, қаба сақал солдат тағы түсті, оны, бірақ кінәлай алған жоқ. Басында еркі болмағасын крест таққан ол да бір, айтақта жүрген ит те бір. Шабындырып, қағындырып ап қыр аса берген қылаңға көзіктіріп жіберсең болғаны — еркін жетсе алып, шала жетсе шалып қайтады. Ал қаба сақал мен Крейгель бүгін бұған еркін жетіп еді. Бұлардың, бірақ, бізге еркін жетпеген, бізден мойны озбаған, бізден мойнын оздырып алқымнан кеп сықпаған кезі жоқ екен-ау.
Сәруар қос жұдырығын арқасына жастап белін көтерді.
Аржағын білмейді, ал ес тоқтаттым деген соңғы бір жеті-сегіз жылында өзі көрген ел мен жердің сағағынан Крейгельдей үкі мінез ұлықтың азуы кетпеген екен. Арғы шеті Әулие-Ата, бергі шеті Шәуілдір — түгін тартсаң май таматын осы екі арадағы, қалың елдің жайлаған жайлауы мен жастанған тау суының тынышы қашып, тұнығы шайқалғандай екен. Басына іс түскесін бе — сағақтағы азу мен шайқалып кеткен тұнықты да бүгін байқаған түрі бар. Бірақ, айылын жиятын бұлар жоқ. Шаптан жарып кіріп ап кеудеге, жылы-жұмсаққа ұмтылған қасқырдай қылғытқан сайын қызынып, қызынған сайын қорқауланып барады. Өздері және де жендетшіл екен. Оны да мана, Крейгель наган кезенгенде, қаба сақал, жаңа, белінен соққанда білді. Бірақ, тұғырға мініп тұрғасын алаңдаған жөн емес-ау. Ұстасып ақыр кеткен соң ошарылған жөн емес. Ақыр жауыққан соң көз шығардым, бел үздім деп қорғалақтамай-ақ бір оғыңнан бір оғыңды асырған дауа ма, деді Сәруар. Қарыда қайрат, ауызда дуа, қолда тізгін барда жоқтан өзгеге өбектей берген жігіттен жырақ мінездей көрінді. Жұдырығы ұйып еді, Сәруар белін жерге төседі.
Сыпайы төрені және қара наганды бір кезеп, қоңыр дүмді бір сілтеп қоя салар деп тағы ойламайды екен. Ызаның қолы — көрсоқыр, кектің қолы — ашқарақ, сонсоң да ыза мен кектің семсері қапас қыннан жалт етіп, жалғыз рет ойнап шыққанына тоғая қоймауға керек-ті. Сәруар алайда, жарау төренің ендігі қалған,ертеңге сақтаған жазасы мен құқайын таратып ойлаған жоқ. Жүрегі дауаламады. Сонсоң ол сол жақ жамбасына аунап түсті, осы қимылмен ертеңгі сынау мен сауалдан да бетін бұрып қашқақтап кетті. Сәруардың көз алдын, сосын сапырылысып әрқилы елес басты. Тірі қоянның көзін ойған үкі ме, өлі тәтесінің иегін кемірген аламан ба — ылғи бір қара табанға мұз боп жабысар бетпақ елес. Қуса қашады, қайтса соңынан қайта ереді, тәлкегін қайтадан бастайды. Сәруар, маза қашқан осындай бір сәтте, Крейгельдің қолындағы билік пен мылтықты өзіме берсе не істер ем деп қалып еді. Өзінен, бірақ, сұсы сұмдық ұлыққа мылтық кезеніп, билік айтарлық дәт тапқан жоқ. Крейгельге жаңағы бір әзірде өркеш-өркеш сөз айтып, білем-білем ашу көрсеткенін ұмыта бастаған Сәруар оған наган кезенгенді тәтесінің сақалына жармасқандай бейжосық, беймүмкін әрекет деп таныды; осы себепті де анау Қазығұрттың қойын-қойнауын мекен еткен көп жігітті, мына тәтесін тіпті түсінбей жатыр. Бейне, өмір бойы шынжыр балақ, шұбар төстің табанында жатпай, онымен алысып өткен, атысып өткен ел сияқты. Ал, өзі, көзінің жеткен жеріне дейін шарлап, білігінің батқан жеріне дейін бойлап қараса, бұл ел Крейгельдей мұз жанар офицердің алдында құрдай жорғалап өткен. Гимназияның төрт класын тауысқанда оқып шыққаны да осы — жеті атасының құрдай жорғалағаны. Гимназияның айдарлап берген тағлымы да осы — құрдай жорғалау. Гимназияның жемге бөккен қаздай-ақ кеудесімен аспан тіреп жүретін бурыл самай ғұламаларының, оқуға тұяғын өліп-талып әзер іліктірген өзі мен өзіндейлерге, төбеден төбелеп көз тастағаны да осы ойды айғақтар еді — құрдай жорғалау. Кітап ақтарып, қағаз шимайлайды деген, тілі сынып тілмәш болды деген, ел ызасын арқаларлық дәті бар деген көзі тірі оқығандардан да көретіні осы — құрдай жорғалау. Құр жорғаласа бір жөн, оқыған олар, емініп-емініп ап құлшынып жорғалар еді.
Жалаңаш наган тағы да топ етіп алдына түскендей болған осы сәтте, Сәруар, әкесін ұқпай өскенін байқады. Не байқап, не білген сонда? Не біледі сонда? Шаршағанын біледі екен. Шаршағанын біледі. Шаршағанын, Крейгельдің сары ала сәскеден апақ-сапақ ымыртқа дейін бірде күліп, бірде суып үзбей салған зікірін, Қараланы, Қараланың мана, түс әлетіндегі, қылбұрау салғандай шыңғырғанын біледі екен. Айттым-ау деген айбарлы сөз, сүздім-ау деген сарқынды ойларын мынасы дұрыс, мынасы да дұрыс деп саралай алмасын біледі екен. Тағы бір білері — сирақты қара мылтықты Крейгельге кезене алмасы. Жоқ, әлде, тағдыр ныспылы, тарих ныспылы сыңар езу жүйріктің тізгіні қолында, мына толықсыған көкжасыл өлкенің жаны мен малын қойып, аршасы мен шыршасына дейін шағып жатқан, сорып жатқан дүлей қағанаттың қараулығы мен аярлығы көкірегінде болса Крейгельді бұл да атар ма еді?
Сәруар елдің сорын елдің аздығынан көріп жатқанын байқады. Елдің үркердей аздығы оның міні ме екен бірақ?
Аздығына қорлана ма сонда?
Мынандай кәззап заманда аздығыңа налымасқа жол да жоқ-ау, деді Сәруар. Тосыннан кезіккен түйіткіл түйіннің оқыс шешілгеніне қуанып қалды да, есіне кіндіктен жалғыздығы түсті. Жалғыздығын мына, Крейгельдің салалы саусақтары кобура аймалап қалғанда ойлап еді. Шөңге тіккен ойға қапелімде қайрат қыла алмаған, атып жібере ме деп қауіптен бұға— бұға жаншылып қалып еді. Ол қауіптің әзірге сейілгені, сетінегені шамалы, наганның, бірақ, үңірейген өңмені сыртта қалғасын ба, дәл қазір атылып қалам— ау деп құйқасы шымырлаған жоқ, сонда да қатты тіксініп жатыр. Күйлеген қаншыр барыстай құбылған мынаукүндерде бұғанасын жалғыз оқ жазатайым қырқып кетсе, аңырап қалар шеше мен өкіріп қалар әкенің ертеңгі күні не боларын тағы білмейді екен. Ата мен ана әрине, ағайын жұрт әрине, кіндіктен жалғыз болсаң да жылайды. Белін, бірақ қалы қара шәлімен шарт байлап ап, шала жонылған ақ таяққа сүйеніп өкситін бауыр еттің барлығына не жетсін. Артыңда қалған кәрінің қас-қабағына құбыла деп қарайтын бар болса аға, жоқ болса ініге не жетсін. Жоққа не шара, бірақ, деді Сәруар. Күні бойы көрген құқайы қатты жетімсіреткен екен — көңілі қамықты. Жоққа не шара, бірақ, жоққа не шара, жоққа не шара? Бұл аз болса, елдің де дәл өзіңдей қубастығына, жалғызіліктігіне қуан, — деді Сәруар. Қуан, қуан дейм.
Танауына қу тезектің иісі ұрды. Ат қорада, әкесін күтіп жалғыз жатқанын сонсоң түсінді.
Тезектің иісінен жоңышқаның болар-болмас жұпарын аңдап еді. Қаталап қалыпты — күрт-күрт шайнап жіберіп ауыздың дәмін алатын бір уыс жас жоңышқаны аңсады. Кеше көрген ақ үйдің арғы етегінен басалатын тай шаптырым еңіс қарыс өскен көк көрпе болатын. Қыстаудың иесі ат-айғырын көрпеге байлап суытатын біреу-ау деп еді.
Ат суытып, тонтиған шобырды сылаңдаған сәйгүлік қып өскен елдің өзін суытпай, өзін жаратпай өскені тағы бар екен-ау. Жоқ әлде, бұл білмейтін ықылым бір замандарда жердің жерлігі, елдің елдігі үшін қырқыса-қырқыса келе жүрегінің кек бұлшығы семіп, тірсектегі арыны мен танаудағы парылын азайтып алған ба?
Сәруар, крейгельшілеп, бір мұртынан мырс етті. Ат қораның табанында жатып қайдағы бір кек бұлшық, қайдағы бір арын мен парылға кеткіштегенін кекетті.
ТӨРЕХАН, СӘРУА
— Е, ал-л-л-аа, — деді Төрехан шекпенін шешіп жатып. Жоғарыдағы жалғыз тесіктен төртқырланып құйылған ай сәулесіне қырын жайласқан Сәруар шегініп отырды. Төрехан, ат қораның іші апақ-сапақ алакеуім болса да, баласының бет-аузының үсік шалғандай домбыққанын байқады. Шегінгенің бетіңді менен жасырғаның-ау, жұлыным. Бет пен ауыз үсіктен, таяқ пен жастан домбығады. Мен келгенше жылап алған екенсің ғой. Жасыра ғой бетіңді, жалғызымды табалап мендей кәрі сайтанды жын қақты деймісің. Төрехан екі шалғайын ішіне қайырып, ат қораның борпылдақ табанына шекпен төседі, шекпенге сосын шөкеледі. Буазып толған айдың қиялап құлаған сәулесі мал сүйкентіп қисайтқан ақ діңгектей байқалады. Әкелі— балалы екеу діңгектің екі жағында қалды.
— Бетің ісіпті ғой.
— Қалғып кетіппін, — деді Сәруар.
Баласы көрінеу айтқан өтірігіне қысылмап еді, оны Төрехан да жазғырған жоқ. Шамшылдықтың сұрқылтайы шарасыздық боларын тығыршықтай ақ шал ұғып-танып қалған екен.
— Анауыңмен сөйлестім, — деді Төрехан сосын. Анау деп бастағанда ұзын сирақ офицерді қыжыртып кетем бе деп еді. Жаңағы, бәтуасы бәкене әңгіменің үстінде, үндей қоймаса да, бар қыжылын сарқып алыпты. Крейгельдің құлақ түбіне бармағын батырған жоқ. — Енді араша керек. Сатырлатып сататын қоңы қалың мал керек. Жоқ қаржының көзін тауып жұмсайтын жымысқы қол керек. Төрт жыл оқып, екі жыл қызмет істеп, ұлы қаланың құлағында алты жыл ойнағанда, неғыпты, қиналғанда қол ұшын берер оқыған біреудің үзеңгісінен ұстаған шығарсың. Сені абақтыға жабатын болды.
— Таныс жетеді, — деді Сәруар.
Баласының дауысы ойнап шығып еді, Төрехан жә дегендей қолын көтерді: ақ бортық саусақтар сүт ағынға малынып тұрды да қайтадан тізелеп кетті:— Қайқы бел қара айғырға жыл он екі бөктіріп бидай беріп, шылқытып көкпар шапқаннан басқа ермегі жоқ, ойланбай сөйлейтін тағаңа тарта бастаған екенсің-ау.
Баласының абақтыны естігенде зайыр қуанғанына жыны келді.
— Жоқ танысты жерден қазайын ба, — деді Сәруар шынына көшіп. Өтірік болса жаңағысы жақсы еді. Төрехан бөркін алды да, тақиясымен басын сүртті. Сасқаны ма, бешпетінің қалтасындағы орамалды да ұмытып кетті. Енді қалған жалғыз үйір жылқы бар, ол қай кәдеге жарайды? Мынандай қарбаласта үйір ағасы Қараладан көз жазып босып кеткен он бес биені базарға айдап пұл қылатын адамның да ретін таппады.
— Сені сонда соттай ма? — деді Төрехан жұмыртқаның уызын жаққандай сап-сары басын қоңыр барқыт тақиямен тағы бір сипаған ендігі сәтте. Қазақ үшін сотқа іліккен о дүниенің жабығынан сығалап қайтқанмен бірдей. Абақты мен сот десе, шау тартқан бүгін түгіл, қызылына сеніп қиялап басқан со бір тұстардың өзінде Төреханның апшысы әсіресе қуырылар еді. Баласынан, мына тұста, терісқақпай жауап күтті. Сәруар бірақ діттеген жерінен шыққан жоқ.
— Әрине. Қылмысты деп тапса, әрине, соттайды.
— Сен қылмысқа барып па едің?
— Менің қылмысым сізді қуып келгенім, — деді Сәруар. — Ал, мен білетін оқыған Крейгель. Бізге қол ұшын беретін де сол. Оған параңыздың да керегі жоқ. Оған Иноземцев керек. Иноземцев босанса ауылға біз де қайтамыз.
— Айтып отырғаның істің мәні ме, жоқ әлде тілегің бе? — деді Төрехан.
Екеуі де. Екеуі де, тәте. Жалғыз жаңғақты бөліп-жаратын не бар.
Төреханның алдындағы ақ діңгек, ай сәулесі сүт ағын бір сәтке шайқалып кетті. Баласының сәскедегі әңгімеге қайта оралғанын байқап еді. Сөзіне және жан бар екен. Бірақ сөзінде мұның жан бар деп Өтеп пен Мұқағалиға қарабет бола ма? Өтеп пен Мұқағалиға, мұны сыр беріп сықырламас ұстынына балап жүрген Қазығұрттың қойнау-қойнауындағы көп жігітке қай бетімен көрінеді? Қай бетіммен көрінем? Тұяғым менің сен болсаң, олар маған желек қой. Тұяғымды бастан қорғаймын деп желігімді қырқам ба сонда?
— Кешкілік ішіп пе еңіз?
— Е, ішпесем қайтесің, — деді Төрехан. — Тезектен талқан қарып берейін деп пе ең?
Баласын нақақтан күйдіріп отырғанын өзі де сезді. Бірақ тепсініп келген кекесінге тежеу таба алмай қалып еді.
— Бекер шабынасыз, тәте, Қартайған мына шағыңызда сізді елге қарабет қып қайтейін. Айтқаныңыздан қайтпасыңызды білем ғой. Абақты деп шошынатын түгі жоқ. Жазмыш осы болса қайтеміз, — деді Сәруар орнынан тұрып. — Көнеміз де. Атылып азамат жатқанда, айдалып абақты кеткен бақ болмағанмен сор да емес. Абақтыға түстім деп мен де қарап жатпаспын. Бір айтарым, тәте, егер жолыңыз боп мына шеңгелден құтыла қалсаңыз, Түркістанға, қайын жұртыңызға көшкен ақыл ма деймін.
— Ол ақылың өзіңе, — деді Төрехан. — Қартайғанда қайын жұрттың қолына телміріп алжыды деп пе ең. Қайын жұрттың қазанын баққан жігіттен қарғылаған тазы артық. Бұғып жүріп аман қалғанда шыға қояр мүйізім қайсы? Бұқпай өскен ел емес пе ек, — деді Төрехан. Сәруар қасына келген екен. Бауырына басты. Өзін осыншалық балажанмын деп ойламаушы еді. Өлген саңлақтың күрсінісі мен тумаған құлынның шырқырағаны құлағына қабат жеткендей болған мына сәтте Төреханның көңілі босады. Айналайын, деді сосын, айналайын, айналайын. Өлмелі мендей кәріге араша түсіп нең бар еді, айналайын. Жұқана баласын қатты қысқанда құшағы толмады. Қайтейін енді, қайт дейсің енді. Ерді намыс өлтіреді деген ғой, деді Төрехан баласының желкесін иіскеп. Қыжылы қашқан өмірдің қызығы қашпақ. Қыжылды жұтып қызықпен қайтіп кекірем. Қыжыл мен қызық қабан қара қанжардың сұс атқан екі жүзі дә. Екі жүздің кертіліп бірі кетсе, бүтін болып біреуі қайда бармақ, деді Төрехан баласының үстінен иіс сабын мен әтірдің иісін сезген осы сәт. Сәруарға, кең отырған бір тұста, ұзақ таратып, таспалап айтам деп жүрген ойы еді. Баласы бауырына кеп тығылғанда аузына басқадай сөзі түспеді. Осы сөздер, және де, көмейіндегі жасқа тосқын болып еді.
Баласына тағы да бір-екі ауыз сөз қатса кәрі көз — кәрі тостағы жаспен тағы бұланады екен. Төрехан сосын буынын тігіп бар, деді, бара ғой, деді. Сені мен маған көр қазар ақ патшаның ұлығы болса, сені мен маған жар болар алла бар ғой, бар, деді. Баласы құшағынан сытылып шығып ақыр жаққа кеткенде қойнына аяз ұрды. Төрехан сосын ақ шекпенді сілкіп-сілкіп алды да, құбыланы аңдып аңырап қалды. Күннің Қазығұрттан шығып Арыстан-Баптан батарын біледі. Бірақ, бауырдағы баласын тепкен мына тұста, құты қашқан сары шал Қазығұрттан адасып қап еді. Біраз тұрып есіне әзер түсірді. Қазығұрт ат қораның ақыр жақ бұрышы екен.
Төрехан сосын көк атлас астарын аспанға беріп ақ шекпенді ай сәулесіне көлденең түседі. Сүт ағынды қиып түскен ақ шекпен бұрқ еткізіп шаң көтерді. Әкесі шөкелеп қалғанда Сәруар орнынан тұрып босағаға кетті.
КРЕЙГЕЛЬ
Аңғардан құйындай құтырып жел соққанда үйдің іргесіндегі мама қара тал діңгегі сықырлап аласұрып қалып еді. Қара тал да, бірақ жырынды екен: қара бұлт қара желегімен төрт-бес рет түңлік сабалағаны болмаса үйреншікті жауы, қызылкөз желге алым берген жоқ.
Крейгель түйе жүн атлас көрпемен иегін көміп қымтанып алды. Жұлынған желдің арыны басылғандай — шым қара қойнаудан жорға самалданып есті.
Таудың түні салқын болар деп жобалаушы еді, бірақ жауратар деп ойламайтын. Голоножкинге мана түндікті түгел аштырып, екі жақтан іргені де түргізіп жатқанда ешкінің түбітінен басқан ағылшын одеял жамылған. Біраз жатқасын денесі тоңазыды. Төрдегі теңді төрдегі қылышпен қақыратып сөккені де сонсоң болатын. Ылғи бір биенің қарнындай қампиған ақ жастықтар екен. Қолына осы кер көрпе ілінді.
Енді, сол көп ақ жастықтың бірі басында, кер көрпе үстінде жатыр, ол аталы-балалы екі қазақты тағы да ат қораға тыққызды, ал түн болса салқын — шаршаған тәнге сылаудай жағады. Крейгель, алайда, көңіл түкпірінен әлдебір жартыкештік байқайды. Құйын жел боп бұл соғып, мама тал боп ана екеуі жатқандай бір сезік еді.
Шал турасында қателеспепті. Баладан кейін жеке алып қап тергеуге салғанда қыңбады. Қыңдыра алмады. Балаңды абақтыға жабам дегенде ғана жалт бұрылып, «абақтысы нес?» деп шошып қалды да, бұл жауап қайырмаған соң қайтадан мүлгіді. Кетер кеткенше тіс жарып ештеңе деген жоқ.
Мама қараталға жел боп тиген ашудың беті қайтқанда, ол ағашқа қайта айналып соғып, оны оқпен қырқуға да мүмкіндік бар. Оған, бірақ көңілі тоғаймайтын сияқты. Оқтан қорықпайтын адам жоқ, оғы болса оқпен қорқытпайтын да адам аз. Крейгельдің қару күшіне иек артқысы келмеп еді. Казачанокты май еріткен аңызақ боп дымын шығармай шөкелетсем бе деген. Сол ойы мардымады.
Айлы бір түн екен. Түндіктен көк күмбезденіп көрінген аспан, іш әлетін қырау басқан мына сәтте, Крейгельге сондайлық жат сезілді. Аспанның төс бауырын құдайдың құтты күні ақ жоса қып шаңытып жататын құс жолы да жоқ — Крейгель оң жамбасына аунап түсті, аунап түскенде құс жастыққа тұншығардай боп көміліп қалып еді, жастықты сырып тастап басын жайдаққа салды.
Әрине, ақ сойылы қара түнде ақшаңдап ат ойнатқан түйе жүн шекпендердің жұлынын үзу қиын тірлік емес. Бес күн тулар, он күн тулар, асып кетсе, ай тулар сосын, аңғар-аңғардағы көп өлігін құзғынға еріп жиып-теріп қалады да. Каратель отрядтардың алдарына қойған бірегей мақсаты осы. Тек осымен шектеліп болған ба, бірақ, Крейгельдің шымбайына бұлардың көз етінің білеу боп өскені батады. Шалды қойшы, жауапқа, ол, келсін мейлі, келмесін мейлі, онан тірідей айрылайын деп жатқан Крейгель жоқ. Крейгель өзіне өкпелегенде, жаңағы жаман баланың, ә десең мә деп тап-тап бергенін ойлайды. Гарнизонның алдына шіреніп ат мініп шыққанда тақымбостық көрсетіп топ ете қалған бір сыңайға келгендей.
Крейгель құлағанын ауырсынғандай бөксесін сипады. Маузері көрпешенің астында жатыр еді, ұстап оны да көрді. Жалаңаш маузер жып-жылы екен.
Әрине, иноземцевшілеп атып тастау, асып тастау деген қиын нәрсе емес. Ертең бола ма, арғы күні бола ма, жоқ әлде арғының арғы күні ме — Иноземцевті бауырға қысып бір алғансын — атқорашыл екеудің бір-бір оққа жалынары белгілі. Бүгін, бірақ бөлекше қаталапты — оқпен шөлі қанбайтындай. Ызаның қатасынан осыншалық шөлдейм деп ойламап еді.
Бас жағындағы сары тегешке ұзақ сапыртып жуасытып қойған қымыз бар-ды, етпеттеп барып ернін салып көп ішті. Самогонға бірақ қайдан жеткен. Ұрт толтыра бір жұтқанда көз алдыңнан көк түтін ұшыратын самогонға бірақ, қайдан жетсін.
Бетіне түндіктен жұлдыз жамырады, көз алдынан, алайда көк түтін ұшқан жоқ, ал есіне әйелі түсті. Байқап жатыр, әйелі бүгін ойына осымен екінші рет оралған сияқты. Бала сүйдіре алмаған күйінішті бедеу келіншек Крейгельдің бабын бөлекше табар еді. Тез баурап, оңай алқындыратын. Ол да алыста қапты, Алыста Надька, алыста Иноземцев, ал тас лақтырым ат қорада аталы-балалы екеу жатыр, екеуі де құныкері, екеуін де ықтырып жарытпады. Ол аз дегендей бір чаркасын қағып ап ыңылдап өлең айтар самогон да жоқ екен.
Крейгель әлдекімді тұқым-тұянасымен сыбап боқтап алды. Маузердің шүріппесін құшырланып басқанда ызаның ентігі басын тартар еді, Бұл жолы тартқан жоқ. Сонсоң тағы боқтады. Есіктен қорбиып Голоножкин көрінді.
— Слушаюсь, Ваше благородие.
— Неменеге келдің?
— Боқтағасын келдім, Ваше благородие.
— Немене, боқтық естімеп пе ең?
— Мені боқтаған шығар деп ем, Ваше благородие.
— Бар, ұйықта.
Крейгель маузердің құлағын қайырды, кобураға сол қайырулы құлағымен салды. Иноземцевке айырбасқа қақпастың өзі де жетер деп еді. Подлец, деді сонсоң кер көрпені қайтадан қымтанып жатып. Тартып әперген жерді тырнап, тартып әперген сиырды емгеннен басқа түк білмейді, подлец. Боқтасаң мақтау көреді бұл ит, подлец, сволочь, деді Крейгель.
... Түсіне әкесі кірген екен дейді. Сол, династияның салтанатына барғандағы ұсқын-кейпі. Кекіліктің құйрығындай ғып күзеп тастаған шолақ сақалын жұлғылап Сычевканың трактирінде отыр екен. Трактирге бұл да кірген екен дейді, жоқ әлде трактирде бұл да отырып па еді? Өңезік аңқыған аузынан бетін бұрып әкесімен жылап бір көріскен сияқты, екеуі көріскен сияқты, екеуі сүйіскен сияқты, аймаласқан сияқты, аймаласып жатып трактирдің бұрышында намазға жүгіне берген Төреханды көрген сияқты. Төреханды әкесі екеуі қатар көрген екен дейді. Әкесінен бұрын жеткені рас еді, аң (оң)-? отырған Төреханның қайрат қылмай құлап қалғанына таңданғаны рас еді, Төреханның алқымына ауызды бұрын салғаны рас еді. Төреханның Надьканың тақымындай жұмсақ алқымынан анар қызыл қан атқаны есінде, құйын желдің құтырынып мама талдың желегін түткені есінде, жалаңаш қара маузердің құлағын қайырғаны есінде...
СӘРУАР
Күн сорған қарағай есік баж-баж ете қалды. Бетімді іргеге, ат ақырға беріп жатып ем — көзіме сары жалқын жарық ұрды, іле солқылдап миым тартты.
— Давай, давай тұрыңдар, — деді қарлыққан дауыс. — Ұйқышылын бұлардың.
Салғаннан таныдым — қаба сақалдың дауысы. Мен, бірақ, тұрғам жоқ, талқан асағандай қиналып бір қылғындым да жата бердім. Намазға жүгінгендей қос қолын қара санына салып шөкелеген тәтем де басын көтермеді. Менің ырғалып-жырғалғанымды күтінердей қаба сақалда уақыт жоқ екен: осылай көрген бір теперішім бар, мен мына тепкіге тіпті таңданғаным жоқ, сол жақ кеудесіне қатарлатып қадағаны екі бірдей Георгийін сылдыратып еңкейе берді де, мені алқымымнан бүріп ап тік көтеріп аяғыма қойды. Ұрып бір жіберетін, қаласа ұшырып бір түсіретін реті тағы келіп-ақ еді, мен тілімді қыршып алмайын деп тістене бердім, қаба сақал, бірақ қол жұмсаған жоқ. Георгий кресін осыншалық жақыннан көрмеген ем: бала диірменнің бақалағындай төрт құлақ күміс екен. Мен екі кресті алақаныма сап салмақтап байқағым келді, бірақ шықшытымды күйретіп алам ба деп қорықтым. Сонсоң, тәтеме көз тастап ем, ол кісі сақалын алқымынан көтермеді.
— Тәте, — дедім мен сонсоң, әлгі, әлқиссалап келетін жырдағы жауға аттанар батырларша бір тізерлеп. Жырға салсаң батыр баланың әкесі, не әкесінің ағасы мен інісі, не ел ағасы ақсақал қос қолын жайып бата беруге керек еді. Мен, бірақ баяғыдағы батырлар бата тілегенде оның желкесінде Георгий кресінің екі дүркін жүлдегері тұрмасын ұмытып кетіппін: мен тізерлеп бітер-бітпесте бұзау тұмсық жуан етік жаңбырлығымды айырып жібере жаздады. Тәтем шалқасынан, мен етбетімнен ұмар-жұмар ұшып түстік. Алдымен тәтем тұрды, беліндегі құлаш жарым батсайы орамалын шешіп топырақ жұққан қарақұсын сүртті, бірақ үсті-басын қағынған жоқ. Сонсоң, батсайы орамалды беліне қайтадан байлап жатып:
— Бар, — деді. — Бар. Бір құдайға тапсырдым, қайтейін.
Мен бауырына қыса ма деп осылай ұмсына беріп ем — қыспады. Ат қораның тобықтан топырақ табанына қайтадан шөкеледі. Мен қаба сақалдың алдына түсіп шығып кеттім.
* * *
Мен сәлемдестім.
Крейгель алақандай ағаш қасықты қуырдақты асап жіберді де иегімен дастарханды нұсқады. Менімен бірге қаба сақал да отырды, табаққа бірақ қол созған жоқ. Үлкен табақ қуырдақтың жалғыз міні наны жоқ екен.
Талай жүрген жер — Ташкентке дейін жүз елу шақырымдай жол барын білем: сонсоң ба қаба сақалдың алиған қабағына қарағам жоқ, жылы қуырдақты қатарынан төрт-бес рет қарпып-қарпып алдым. Ауылда болса екі толғағаннан кейін-ақ жүрекке кілкілдеп май қалқыр еді, ал мына тұста қуырдақ түгіл тортасын айырмаған май ішуге де дайын көрініп ем.
Қуырдақты ұзақ жедік. Бұ нәуетектікті қойсайшы, қозының жылы-жұмсағымен бірге сан ет те туралып кетіпті, табақтың түбі көрінгенде торғайбастанып ылғи сан ет қалды. Крейгель қабағын қақты, табақты алдына қаба сақал өңгерді. Қалтасында шаң сіңіп қара қожалағы шыққан үлкен жапырақ таба наны бар екен. Табақты алдына алған бетте бұрда нанды кілкіген майға тастап жіберді. Адам әсте көңілі қош, қарны тоқ отырғанда ұяла ма, мен, осы жаңа ғана жеті жыл ашаршылықтан келгендей сұғынған өзімнен қысылып ем.
Мен Крейгельге көз тастадым. Ол да қарап отыр екен. Қуырдақтың буына семіріп, тірлік қамымен алыстап кеткен екі пар көз дастарханның ортан белінде шарпысып кеп қалды, бірақ көп аңдысқамыз жоқ. Крейгель қолын жастыққа, мен қолымды төс қалтамдағы тастамай жүретін аршаның жаңқасына создым. Өзінің шынашақтан сәл жіңішке қыншасы бар-ды: отыз тісті асты-үстілеп алма-кезек адалап шыққанша Крейгель тіл қатқан жоқ, үлкен жастыққа көміліп іргеге қарап жатты да қойды. Сонсоң, тағы да, кешегі әңгіме басындағы майдақоңыр дауысымен, ортақ тіл таппағанымызға әбден өкінетінін айтты. Әбден деген сөзді ұмытпасам екі қайтарған сияқты. Әсіресе екінші қайтарғанда бөлекше бір шарасыздыққа кезіккендей, сол шарасыздықтың күнәкері қолындағы шашақты дәсімәлдай-ақ оны арқасына, іргеге атып жіберді. Оның өкінішіне пікір қосатынымды мен де білдірдім. Тілден табыспағанмен өкініштен қауышқанымыз ашудан қабырған, ызадан көгерген кеудеге су сепкендей лепес екенін Крейгельдің өзінше аспай-саспай баптап жеткізіп ем, Крейгель оныма елтіген жоқ, қолын салғырт сілтей салды да, тұрып барып төрдегі қылышты алды, қайтып орнына отырды, тырнағын жона бастады.
Бұл менің осында келген екі күннен бергі көріп отырған үшінші құқай-қорлығым. Үштің бірі осы — көк болаттың кір тырнақты жонғаны; екіншісі — кеше кешкі, сегізкөзімді сырқыратып соққан мылтықтың дүмі; үшіншісі де осы қылышқа қатысты.
Атаңа нәлет ит ұлық, наркеспені тырнағына кеше де салған. Бүгін бірақ, кешегідей емес, жуасып қаппын. Бүгін, себебі, іштей болса да алабұртқан, өрекпігім жоқ.
Мен сосын аттанар мезгілді сұрадым. Крейгель «асықпа», деді. Асықпайтын жөнім жоғын, Ташкентке ертерек барып заң жөнімен қуынатынымды, өзіме де, тәтеме де енді қорғанды қаладан іздерімді айтып ем, ол, қылыштың сабымен көктұқыл иегін қасып сәл сәт таңырып қалды да «ненің жөні?» деді. «Ненің жөні, жөнге не жөн?» «Қалай еді әлгі? Иә, асықпаған арбамен қоян алар, ал арбаға мінетінің рас», деді сонсоң. «Именно арбаға мінесің. Солқылдатып арбаға мінген қандай.» Мен Крейгельдің мұнысына қарсылық айтқам жоқ. Көптен ат көрмей тақымтағыланып қалғасын ба, кешегі аз жолдың өзіне шаршап қаппын, Крейгель трашпеңкеге мінесің дегенде ырзалық білдіріп иілдім де. Крейгель менің иілгенімді күткендей екен — иегін болар-болмас тастап жіберді. Осы жерде шай келді: ит екеш итіне дейін безіп кеткен ауылдан табылмасқа керек бір нәрсе сүт еді, ол да кепті. Үлкен құшақ ақ самауырдың етегіндегі топ-томпақ сарыала зерендегі майыққан қой сүтінің сары қаймағы қалың екен.
Тәтем, шайына кейде сүт қосылып кеткенде, апама селт етпей қадалып отырып алар еді. Менің кесемде ылғи қаймақ қалқитын. Тәтемнің, апам екеумізді Мысырдан сүт іздеп келген қос диуана деп қағытары да есіме түсті. Қаба сақал, бірақ қаймағын маған салған жоқ, ақ суды да шорылдатып мол құйды, мен кесеге қол созбай отырып қалдым, күткен мезіретімді Крейгель де жасамады. Тамырлап келгенде, әрине, Крейгельдің іш те ішке басып мені тақымдап кетуі неғайбыл нәрсе еді, мен оны алайда — біз ат құйрығын қашан кесісіп кеткенше — кешегі сырбаздығына сызат түсірмейді ғой деп ойлап ем. Мен апамды еске алған сәтте, Крейгель, самауыр жаққа созған қолын дастарханның үстіне қалықтатып қойып «әкеңмен қоштастың ба?» деді. Мен «иә» деп ем, «тағы да қоштас» деді. «Рұқсат берейін, тағы да қоштас, өзі ұлғайған, өзі басына іс түсіп отырған кісінің көңлі кемік болады, тағы да барып қоштасып, әкеңді жұбатып кет» дейді. Қайта көрінсем тәтемнің түндегідей даусы дірілдерін білем — мен басымды шайқадым. Крейгель, арқар сақадай көк қантты қарш тістеп ап дастарханға шиырып тастады да «өзің біл — деді. — Кейін, бірақ, обалыма қалды деп жүрме, алдыңнан өттім». Сонсоң менің алдымдағы жуынды шайды ашық есіктен шашып тастады да кесені қаба сақалға берді. Қаба сақал қаймағын тағы қиған жоқ, оның есесіне ақ суды да аз құйды. Крейгельдің сәл кешігіп болса да кешегі тақуа сырбаздығын қайта тапқанына мен іштей тоғайып қалдым, маған ұнамағаны, бірақ, қай-қайдағы обалдың таңын жарылқатып дау салмағын мен жаққа аударып жібергені болып еді. Мен, алайда, иненің шаншуындай өткінші болғанмен өткірлігі де иненің шаншуындай осынау күдік ойды неге, неге, негелеп ұзақ қаужағам жоқ, қаужауға дәтім жетпеді.
Әрине, бір сәтке ғана, жантақ жалынданып лап ете қалған сол бір күдік-ойды қаужауға дәтімнің неге жетпегенін мен қазір білем — мен қазір, себебі, бәрін білем. Мен, бірақ, дәл қазір ұққанымды (мені солқылдақ арбаға байлап сап Тәшкенге, Тәшкеннің түрмесіне емес, атуға алып бара жатқандарын) Крейгельдің қай-қайдағы обалдың шабын қасығанда жыға ұқпасам да, сезген болуым керек. Қаужаудан тайсақтай бергенім де сол — сезсем де сезбегендей, көрсем де көрмегендей боп қою шәйді сыздықтатып ішкен Крейгельге жосығы шала, жөні ала әлденелерді айтқыштап кеттім. Не айтып, не қойғаным есімде түгел қалмапты; ұмытпасам, мынандай, құрсаққа құлын теріс кеп, адам менен мал түгіл ақбас тау мен ала аспан іш тастап жатқан заманда дос боп қауышпағанмен, жат боп жуықпай ажыраспағанымызды көңілге медет санаймын дедім ғой деймін. Мүмкін, дәл осылай төгіліп, құйылып кетпеген шығар, бірақ, жетім атым насыбайдай аз ойды көп иірімнен өткізіп,б иенің құрсағын, Қазығұрттың басын, аспанның ала шабыр бұлтын бір жіпке оп-оңай тізгенім есімде. Оның үстіне айтылар сөз сәскеде, Рабаттағы Мұқағали қожаның ақ үйінде айтылды, ал қазір болса біз (салаңдатып екі бірдей Георгий кресін таққан қаба сақал көшір, Қараланы әкесінің құны қалғандай езулеген Крейгель, құлақасқаға жарбиған Голоножкин төртеуміз) Керегетастың Ақсайынын өтіп барамыз, ал сәске мен бесіннің аралығы аз уақыт емес қой. Бұл екі ортада сөзге сөз қосылуы мүмкін, айтылған сөздің тоғыз құмалақтың тасындай ұя өзгертіп, орын ауыстырып құлпыруы, бөлек, соны бір келісім табуы мүмкін. Есімде нық қалғаны әйтеуір, мен, тәрізі әлгіндей пікір шашақтағанда Крейгельдің мырс еткені. Қостамаған, қоштамағанын зайыр сезгесін бе, оның мырс еткені маған да жайлы тимеп еді. Бұл мырсыл себебі, Крейгельдің обал жайлы сөзінің бір ыңғайда қайырмасы, бір ыңғайда жалғасы сияқты көрінді. Мен, бірақ, мені қайта кеп түрткілеген күдікке тағы аялдағам жоқ, аялдауға, тамырлауға дәтім тағы жетпеді — көрінеу қабынып бара жатқан қатер тыныс күдікті суыған шәймен бір төңкеріп тастадым. Крейгель, сосын, сорғып кеп бір кетті, мен оның сөзін бөлгем жоқ, бөлгім келген-келмегені есімде тағы жоқ. Мені, кенет, киіз жабудай бір хал басып еді — мен кәрлен кесені дастарханның шетіне жамбастатып тастадым да отырып қалдым...
Крейгельдің айтуына қарағанда, менің түбіме жететін, менің түбіме алдымен жететін сыңарезулік екен, себебі түбегейлеп келгенде, қамшыны тізгін ұстаған қол мен темір сулық емес, қиырға, қыңырға тартқан қырыстық — сыңарезу жылқы жейді. Крейгель тайға таңба басқандай ғып «қиырға, қыңырға тартқан қырыстық» деді. Мен оның төрт аяғын тең басқан осынау қазақшасына да селт еткем жоқ. (Киіз жабу еңсемді қанша басқанмен, дәл осы тұста, менің құлағым елең етуге керек еді. Себебі, ойлап бір қалғанымда, көкжиегі қара мұнар жамылған сахара — салқар жалғанды буынып— түйініп кешіп кететін үлкенді— кішілі пенде сол жалғанда тірлік шегіп жүрген жат жұрт, жат жұрттарға алдымен өзін ұқтырғысы келетін әрекет-харекеттерге баратындай боп көрініп еді. Адам ғұмырының мәрелі бар мәні де осы иірімде жатуға керек-ті. Фәниге шалықтап кеп, фәниден шалықтап кететін қайран көкірек қандай бір қысталаң, өліара — көкөзек шақтарда болмасын әлгі енжар-марғау жалғанның өңіріне өзінің, өз ел-жұртының мұрат-мінезін, нұр-шапағатын, кек-күйінішін қағып, шегендеп үлгіргісі келмей ме?) «Ал қарулы қол мен темір сулық — деді Крейгель сосын — ол өзі заман болмақ. Қайтейін енді, қайт дейсің енді; кешелі бері сені бастықтырам деп жасамаған амалым жоқ, бастықпадың. Мен енді өз борышымды өтедім деп санаймын» деді. Крейгельден менің өз борышын қалай, қай қисында ұғынарын сұрауым керек еді, сұрағым да келіп еді, мен бірақ үндегем жоқ, үндей алғам жоқ. (Қазір ойлап қарасам, үндемегенім ақыл болды ғой деймін; себебі, менің сауал атып, оның жауап лақтырғанынан Төреханның жалғызының байлауға қалған басынан жүген-ноқтаның сыпырылып түсе қалуы кәдік-ті. Крейгель, себебі, міне тәулік жарымнан асып барады, менен жүген-ноқтаны сыпырып емес маған бұғалық салумен әлек. Мен бірақ бұл ойға — Крейгель өзінің өтелген борышы жәйлі сөз өргізгенде — көзіге алмап ем. Есімде қылғына бергенім қапты.)
Крейгель, сосын, кешелі бергі азын-аулақ әңгіменің үстінде мені әбден танығанын, қазақтың хат танып кітап ақтарған жастарының ішінен мендейлердің танап жая бастағанына қатты опынатынын айтты. Крейгельдің ойынша, мен тәрізді, бетіне зәрі шапқан, ә десе мә деп тұратын бота тірсек бозбалалардың беріден қайтқанда ошағы, арыдан қайтқанда еліне пайдасынан гөрі зияны көп болмақ екен. Бұл тұста мен шыдай алмадым. «Неге?» дегенімде, сүт қатқызбай қара шәй құйдырып алған Крейгель, «сен себебі шеңгелсің, — деді — қу пішеннің төсіне өскен шеңгелсің, ал менің жаным шеңгелге қас, мен себебі шалғымын деді. Ол, сосын, шалғыны жақсы қайрайтынын, шабынға шыққанда бір жасап қаларын көп тәптіштеді. Крейгельдің жырынан түсінгенім, ол, қайрауы қанық шалғысымен толықсыған пішенді мендей шеңгел кезіксе де, кезікпесе де шабады екен, алайда, шеңгелге кезіккенде сәл-пәл кідіретін боп шықты. Сен, бірақ, малданып қалма деді Крейгель — ондай кідірістен шеңгелге түсер пайда жоқ, шалғышы себебі, шалғыны тастай беріп кетпенге жүгіруге мәжбүр болады ғой. Жүрегім су ете қалды, мен сосын жұлып алғандай «неге — дедім — шеңгелді түптеп өскен бір уыс пішен үшін соншама үздігудің қажеті қанша?» Крейгель басын шайқады, мен басымды изедім. Бұл біздің бүгіндікке оңай бір ұғысқан сәтіміз еді. Шабыншының кетпенге пішен үшін емес тырбық өскен қызыл шеңгелді қопарып тастау үшін жүгіргенін түсініп ем. «Да» деді Крейгель дастарханның шетін қайырып тастап. Сосын, мазағы ма, қолын жайып иегін сипады да, «да» деді. «Шабыншының қас жауы екеу — тас пен шеңгел; тастың жарасы жеңіл әрине, ал шеңгелді шаппай болған ба? Зерделі Төреханның зерек Сәруары байқап отырған шығарсың: шеңгелді шапқанда шеңгелмен қоса зардапты тоқымдай жердің пішені де шекпек. Шабылса пішен несі бар, келер жылғы сәуірде көктеп қайта шығар да; ал шым боп аударылып қалған пішеннің күні не болар? — деді Крейгель. — Сендей зеректердің зияны сендей зеректерді қаумалаған ел мен жерге, отан мен ошаққа осылай тиер. Сендей шеңгелдердің зияны қалың елге осылай тимек» деді Крейгель, ал мен атыларымды түсіндім. Көзімнен, әп-сәтте, шоқтай ыстық жас ыршыды.
Ғұмырымда екі рет жылағаным бар-ды: бірінде әжем қайтқан, бірінде осы Қараланың әкесі Көкала айғырдың көкпарда қартасы үзілген. Екі өлімнің тұсында да бала едім. Сонда да есімде қапты: жылайтын адамның алдымен көңлі босар еді. Ал, бұл жолы оның бірі де байқалған жоқ; кешелі бері тиіп қашып жүрген жалғыз сөз, жалғыз ұғыммен атылам, атылам, атылам — кенет айқара құшақтасып қалғанда көзімнен ыршып-ыршып жас кетті, мен қос қолдап бетімді бастым. Жас жуған бетімді жасырдым ба, Крейгельдің оң жамбасындағы маузерден қорықтым ба, білмеймін. Мен бетімді қос қолдап басып алғанда ұзын сирақ ақ төре «зачем?» — деді — Зачем? Бақандай жігітке балаша жылаған қашан жарасқан, қайда жарасқан? Барыстай батыр досымнан, Иноземцев Шурадан тірідей айрылып мен де отырмын ғой. Мана, Черняевкадағы бір шалдың бір айтқанын естіп ем. Шал да сенікі, сөз де сенікі ғой, айтайын естіп ал: «жігіттің көзіне жас алғаны бәйге аттың пайын шапқаны»,— деді ақ төре. Мұнысы жұбатқаны екен.
Бірақ, Крейгельдің аяз бүріккен даусы да, Черняевкадағы мәмлешіл шалдың уәжі де, тәтем көзін жоғалтқан Иноземцевтің барыстай батылдығы да мені жұбата алған жоқ. Мен, енді болмағанда, дауыс салып кетердей ем, Крейгель самауыр өңгерген қаба сақалға иегін көтерді.
Самауырды тастай берген қаба сақал өңкиіп маған беттеді.
МҰҚАҒАЛИ, ИНОЗЕМЦЕВ
— А-а-а батыр,— деді екі иығына екі кісі мінгендей қызыл бет қазақ. Иноземцев дәл мұндай, бояу атаулыдан құралақан құрғақ дауысты бұрын естімеген сияқты — өтінгенін, не, бұйырғанын аңдай алмады. Бұлақтың жағасындағы дәл осы екі қойтастың жанына кеше де алдырып еді — жарты таба нан, бір зерен қымыз берген. Бірақ, сөйлескен жоқ-ты. Бір жігіт аттан жығылды ма, әйтеуір шу шыққан үш үй жаққа кеткен. Көйлекшең кеп жайласып отырғанына қарағанда бүгін жауап алатын сыңайы бар екен.
Иноземцевтің шамына, мынаның батыр дегені батып еді. Аузы қалып ап кеткен сөзі болса өзі біледі, алайда шырайы қызыл жалпақ бет қазақ «а-а-ал, батыр» деп алып мұның ұйпа-тұйпасы шыққан шалбарына қадалып қалғанда, Иноземцев, қай күнгі жасыл төскей, танауы парылдаған ақ жал айғыр, өзінің бір топ жасыл шапанның ортасына сөмиіп кіріп барғанымен тағы да беттесті, беттесті де жүні жығылып қалды.
Қызыл бет қазақ шашын, осы бір екі күннің жүзінде ғана сыпырып тастағандай екен — жуан тілген таспадай көгілдір тамыр ақ құйқаны айқыш-ұйқыш шандып апты. Баланың жұдырығы — баланың жұдырығындай қос шекеден құлақтың үстімен қарақұсқа кетіп жатқан қос көк тамыр Иноземцевке қысқа түйген тізгіндей байқалды да, оның есіне сонсоң, қылпылдаған ұстара түсті. Дөңкиген мына падланың қайратты шашын құрғақ қау орғандай ұшыртып келе жатып, тізгін тамырды кірш-кірш қырқып жіберсе кенеп көйлектің түймесін салмай алқам-салқам отырған аю төстің қалай-қалай кекеткенін, қалай-қалай тыпыршығанын көріп алар еді. Алайда, амал нешік, пышаққа жүгінген түгіл шалқып сөйлеп шалқалап мінез көрсетуге де жағдай жоқ. Ташкенттің ескі базар жақ шетіндегі қызыл шамдарға барғыштап жүргенде, бұртиып қалатын кей келіншекке Крейгель, «тірлік бірде бетін берер...» дейтін еді. Қазақтікі деп айтатын. Иноземцев қазір, сол тірліктің бетін таба алмай қалды.
— Иә-ә, батыр, — деді аю тас қазақ тағы да. Тағы да, бейне шырт түкіре салғандай-ақ енжар айтты, шекесіндегі көк тамыр тағы ісінген де, бүлкілдеген де жоқ. Ат кісінескенше, адам сөйлескенше. Қараңғы үңгірді жайлағаннан сере шығар сүбең болса шыққан шығар. Кеше шаруа киіп кетті. Бой сергітсін деп әдейі шақырттым. Сөйлей отыр.
Аю төс қазақ, сонсоң, аюлығы ұстап кетті ме, астындағы қойтасты аунатып жіберіп жалпақ жағын үстіне қаратты. Иноземцев, бір сәт, өңкиген мына денені көтеріп жүретін ат, бір құшақ мына құйрықты құшақтап отыратын ерді кәдуілгідей аяп қалды.
— Маған бастық керек, — деді Иноземцев, аю төс қазақтың бұлшығы білем-білем күрең кеудесін шайнап тастардай боп шабынып алған ендігі сәтте. Суық тиген бе, даусы қарлығып қапты. Менмендіктің бар салмағын үш сөздің арқасына артып-ақ жіберіп еді, ол зілді, алайда, көмей көмген қақырық ұстап қалды — дауысы естіп отыр, ерсі жіңішкеріп шықты. Иноземцев, сонсоң, жұдырығын аузына кептеп қақырынып алды. Көмейі, бірақ ашылған жоқ.
— Бастықты басыңа қоямысың, — деді қызыл бет, бұл жұдырығын аузынан алар-алмаста. Деді де екі аяғын бұған қарап созып жіберіп қос тізесін шомбал жұдырықпен алма-кезек дүңк-дүңк соққылап алды; қонышын тілерсекке жетер-жетпесте тіліп тастаған түзу табан қара етік бұл жайғасқан тасқа кеп тірелді — Иноземцев шегініп отырды. Табиғат, асылы, қара күш берген пендесіне ақыл-ойдан үлес қалдырмай ма деп еді. Ақылдан ада қара күш көктемгі бетпақ тасқындай; жөн сұрайтын, жол сұрайтын ол жоқ, қарсы кезіккенді қағып аға береді.
Қызыл бетке қарсы отырғанын Иноземцев жаңа байқады.
Қайда ағады сонда? Тазарып барып құйылар арнасы болса бір сәрі, мына қазақ екі иығын қай жетіскенінен жұлып жейді?
— Мен офицермін ғой, — деді сонсоң Иноземцев. Офицерлігіне дәлел айтқаны ма, оң қолымен сол жақ иығындағы погонын басты.
— Обал— ай, — деді қызыл бет қазақ етігін шешуге ыңғайланып, — обал-ай, қара басып тағзым етуді ұмытып кеткен екем ғой. Бірақ, айыпқа бұйырма, батыр. Сенің алдыңда мына денеммен арбаңдап-қорбаңдап жатқаным сондайлық келісім болмас. Құдай басқа салғасын амал нешік. Көнесің де.
Иноземцев өзі де байқамай жалма-жан жанын қарманды, пистолетін қай күні қап-мабымен шешіп алғандары есіне жаңа түсті, бірақ тіленіп барған қолдың бос қайтқаны жаман екен — Иноземцевтің қолы галифенің қалтасынан жарты уыс қиыршық пен орамал алып шықты. Осы тұста, қызыл бет мына қазаққа,«сен» мен «сіздің» бірін еншілер сәттің желкесінен осылай төніп қалғанын тағы да сезді. Сіз деп қиылу құдай түгіл адамның алдында да күнә, ал табан астынан кергіп ап сенге кетуге жүрегін дауалата алмай отыр. «Боже мой, деді Иноземцев ішінен, боже мой, менің енді осыдан қорыққаным ба?» Ойын бірақ аяқтай алған жоқ — жалпақ бет қазақ оң аяғын мұның тізесіне салды.
— Тартып жібер, батыр. Қызыңды ұрайынның шұлғауы жиырылып қалған ба, аяғымды қысып бара жатқаны.
Суырып алған дәу саптаманың бердеңкедей салмағы бар екен.
Иноземцев сонсоң жарты құлаш бомази шұлғауды қақ айырардай кергілеп қалған қазақтың аяғынан иіс тартты. Шуаштың иісі мүңк ете қалса жаңағы етік тартқан қорлығы шайылып кетуге керек-ті. Шуаштың исі, бірақ, жұпар толқын боп кеңсірігіне ұрған жоқ; мына сары іркілдектігіне қоса сараң да екен — ашыған терін де аяды. Елді егер адам деп қарауға болса әр адамның өзіндік иісі бар — Чиланзардағы байтал бөксе Машка сен құлпынай аңқисың деуші еді. Ал қазақ тақылеттес биті бықып жатқан жұрт шуаш сасуға керек. Бұл өзі Иноземцевтің қаулысын өзі жазып, білікті деген біраз жолдастарына бұрыштама соқтырып алған пікірі. Енді кеп қымбатындай аялап жүрген осы пікірінің оп-оңай оталып қалғанынана оп-оңай келісе салу қиынға түсті.
— Сен тамақ іздеп жаланып отырсың ғой, әлбәттә, — деді қызыл бет, қара етіктің екіншісін аяғына сұғып жатып. — Құс төсекке керіліп үйренген сорлы, тас тақырға аунап алқам-салқамың тағы шыққан шығар. Тәніңнің бабын өзің тап, батыр, ал құлқыныңды мойныма мен алайын. Жаубүйрек деген тағамды естіп көріп пе ең?
Иноземцев үндеген жоқ.
— Қойды соясың, батыр. Бұл бір. Жаңа сойған қойдың етін өзінің қарнына сап жерге көмесің — екі. Үстінен от жағасың — үш. Қызыңды ұрайын, мықты болсаң сілекейіңе ие боп көрші енді.
Иноземцев қылғынып бір қалды да, онысын жасырғысы келді ме, иегін алқымына алып ұзақ жөтелді.
— Жөтелмен ойнама, батыр, — деді қызыл бет, — ойыннан от деген. Өтірік жөтелем деп көксау боп қалсаң, келесі бір күндерде менімен кім атыспақ?
«Сіз» бен «сен» екі тарау жолдың айырығы боп Иноземцевтің желкесіне тағы төнді. Қанша кеще болғанмен енді ары қарай ысыра беруге, әрі қарай шегере беруге мүмкіндік қалмағандай екен. Иноземцевтің, бірақ, бір бұлтарып кетуге шамасы тағы жетті:
— Табанымда кеше жатқан қараның бүгін келіп төс соққанын ұға алмай отырған жайым бар. Атысуға шығар болса көздесуге мен дайын. Мәселе көксаулықта ма екен? Шүріппені жөтелден ада, не жөтелге қанық өкпе емес, қалтырау білмес қол басады. Жау бүйректің дәмін татайын пожалуйста, менің бірақ өкімет адамы екенімді ұмытпаған жөн.
Мұқағали Иноземцевтің сөзі бітер-бітпесте желке тұсынан құзғынның ішек үзбе аш дауысын естіді. Селк етуге әзер қалған ол бір құдай өзің сақта, деді ішінен, бет-аузын шаң қапқан тұтқын офицердің бас- аяғын тағы бір шолып шығып. Қыстан көтерем шыққан танадай көкбақа жігіт екен. Өзін және киіз көкірек пе деп қалды. Әйтпеген күнде, мұның орнында басқа болса, әлгі бірдегі нақұрыстардың тұсында от боп жанып кетуге керек емес пе еді. Тегіне қарап шен беріп, шеніне қарап ел басқартатын бұ құдайдың кеңдігіне не дауа бар. Міні, осы кешелері ғана көп ауылда ашса алақаны, жұмса жұдырығына ұстап жүрген шенді жайсаңның бірі алдында отыр. Әдеміше қыр мұрнынан басқа ашыққан көздің тоғайып тоқталар мүшесі де жоқтай. Құшақ толтырып әйел құшу, тақым толтырып ат міну, ауыз толтырып сөз айтуды қашаннан бөлек санайтын Мұқағали аш қарынға төңкере салған үлкен теген қымыз бойын балбыратқан мына тұста тұтқын офицердің осынша жүнжігеніне қатты налып еді. Орып-орып сөз айтса атып жіберер дей ме екен, қызыңды ұрайын. Намысқа сызат түсіргенше атылып өлген артық емес пе. Өй, шірік, деді Мұқағали күйіп кетіп. Кеудесі ашумен ісінгенде саусақ-саусағы тызылдап жүре беруші еді — қара санын бүріп-бүріп алды. Асылы елінен бақ тайған азаматтың аңдысары мен алысары қанжар жанар емес, көкбақа мына ұлықтай жабы боп келеді екен-ау. Ө, өкімет адамы болғаныңды ұрайын, шырпы сирақ көк шілтік. Сенің беліңе мылтық байлап өкіметің де жарыған екен. Кеудем толы қат-қат қыжыл болса қай қыжылыма серпін боласың сен?
Құзғынның қарқылын тағы естіді. Қанның иісін зайыр сезген болды-ау. Ендігі арлы-берлі жалпылдап ұшуға да керек еді. Бала құзғын ба әлде? Бала құзғын болмай жабағының жілігін бір-ақ қылғитын кәрі шөңгенің өзі болса жалғыз жеткен түрі бар. Мына қарқылы әсіресе ащырақ шықты — серік шақырып отырсың-ау қара албасты. Кел, деді Мұқағали, кел, кел. Бізде сен екеш сенің де өшің кетіп еді, кел, жеп қал. Тек ажалыңа қарқылдамасаң болғаны да. Қайтейін. Әбілтайдың бердеңкесі мен оң көзі аман болсын.
Қазақтың тағы тауының қай дыбыс, қай жаңғырығын түгендеп жатсын — Иноземцев құзғынның қарқылына құлақ асқан жоқ. Қарны, әйтеуір, әбден ашыпты. Жаубүйректің аты-жөнін естіп алғасын ба жүрегі талды. Өзі жаңада сойған қой болса, оны қарынға сап жерге көмсе уылжыған жас еттің өз сөліне пісетін болғаны да. Жаубүйрек қашан келер екен деп сұрамақ та болып еді, бата алмады, аю төстің қызыл беті көрінеу көзге қабарып барады екен. Қызылы қашқан жалпақ бет алдымен лай судай күрең тартып алды да, әп-сәтте бүйрек-бүйрек боп бұлшықтанып қалды. Әскери училищеде оқып жүргенде анатомияның көрнекі құралдарынан талай көргені бар: Бұлшық-бұлшықтың арасынан балдырдың сабағындай көк жасыл тамыр жүретін. Сол балдыр сабақтар мынаның бетін бунақ-бунақ қып бөліп тастаған сияқты. Енді бір кезде жуан айғырдың бетінен қашқан мол қанның, сіңіп кетер басқа жер таппағандай, ақ құйқаға шапқанын көрген Иноземцев өзінің офицер де, өкімет адамы да, мұны аз десең тіпті Иноземцев Александр Семенович — Крейгель еркелетіп айтатындай Шура да емес, мына астындағы қара бұжыр қой тас пен сарқырап аққан көк бұлақтың, анау ауыздығын қарш-қарш шайнап тықыршыған ұзынбел торы айғыр мен үш боз үйдің тұсында құмырсқадай құжынап жүрген көп жаулықтың тұтқыны екенін ұқты. Тұтқын болған соң, сөз бар ма, алтындап таққан погон мен кәңкитіп киген картуздың құны шамалы.
Кешелі бері қара басып қорылдап жатып, осы қазір, дұшпанмен арбасқан тұста оянған ой осыншалық тегеурінді екен — Иноземцев, демнің арасында сүмектеп жүре берді де, қайтадан қалтасын, орамалын қарманды. «Ах, деді ол сосын ішінен, өзінің бүткіл ахуалын осы жаңада ғана кемерлеп түсінгеніне таңданған боп. Таңданып емес, қорқып қалып еді, жүрек суылын, бірақ, бетіне шаптырған жоқ — ұстамдылығы қол берді. Қорыққанын таңданысқа жеңдірді. Сонсоң көзіне құйылған қара терді сұқ саусағын екі бүктеп сыпырып тастады да ішінен тағы «ах!» деді. Бұраң белін бос тастап, әнтек шалқайып ернін ғана алып қашатын тәйтік-тәлпіш кей келіншек, дәл осындай, келісімге бергісіз қарсылық көрсетер еді.
— Мен кешірім өтінем, — деді Иноземцев әйелге хас аярлықты өзінен тапқан осы тұста. Сонсоң сәл кідірді де: сізден деп қосты. Маналы бері қорасаннан бетер қорқып отырған сөзінде алып бара жатқан қорлық жоқ екен. Қайта, буынып отырған денесі жеңілейіп қалды.
Қиналып болса да, кешіктіріп болса да жүгіртіп жіберген сөзінің еткен әсерін аңдамақ ойда жирен құйқаға — бұл жолы зайыр ұрланып — тағы көз тастады: бозара қояр құйқа жоқ екен.
— Кешірімді, әрине, сізден де, менен де уақыт сұрауға керек еді. Алланың құлы сіз, құдайдың құлы мен. Бірақ өмір сүріп жүрген адамның бәрі, алдымен заманның құлы. Сіз бен біздің бірге байланар қызығымыз алдымен осы уақыт қой деп ойлаймын. Өкімет пен ел арасынан жүгіріп қара мысық өткен екен...
— Жә, деді Мұқағали. Иноземцевтің бет алдын көлбең етіп алақан бүркеді. — Жә, сонда маған заманмен алыс демекпісің. Кім ол заман, не ол заман? Аспан мен жер, тау менен су ол заман емес. Уақыт деп тантисың. Сонда мен шілдемен алысайын ба? Апа-қарындасыма кеп қол артқан шілде көргем жоқ. Аспан мен жер маған келіп бесатар кезенген жоқ. Заман — ол білек. Білек сенікі. Кер шібіштей бұлтыңдама.
— Жарайды, — деді Иноземцев оп-оңай келісіп. Тек кер шібішін түсінбей қап еді. Бұлтыңдама дегеніне қарап, дәу де болсаң торай тақылеттес бір хайуансың-ау деп отыр. Верныйда бір рет торай қуам деп көк терге түскені бар-ды. Осы тұста жаубүйрек пен үйіткен торай көз алдына қатар келді, бірақ таңдап жатқан жоқ: қайсысына да кет әрі емес екен. Құймақұлақтың кереңіне әбден ден қойыпты:
— Жарайды, бұлтыңдамайын, — деді. — Сонда маған не істейсіз енді?
— Мүмкін, бұйыратын жазаңды айт дегің келген шағар?
— Сізді жазаға барардай қатыгез деуге қимай отырмын, мырза.
Қағынғыр сөздің осы кезге дейін қайда жүргенін білмейді, сонда да ештен кеш жақсы: Мұқағалидың ашуына тосқын тапқанына қуанды.
— Әлбетте, — деді Мұқағали. Мана әңгіме басындағы құрғақ дауысын қайта тауыпты, — қия алмағаның жақсы. Бауырмал туған жансың ғой. Жазалап қайтейін. Өзіңнің жасағаныңды өзіңе көрсетсем өкпелемессің.
Сауалдай айтқан жоқ, хабардай айтты.
— Мен ешкімді атқам жоқ, мырза, — деді Иноземцев жұлып алғандай.
— Сенем. Алтын иық әписердің өзі қарғанса сенбейтін не жөнім бар. Арқардың лағының май бүйректенген шағы қазір. Лақ аулау үшін әтрет құрып жүргеніңе қайтіп қана сенбейін. Арқар өзі аң хайуан, әсіресе осы Қазғқұрт пен Қаратаудың арқары. Қазақпен өзі және де қарға тамырланып шатысқан жұрт. Біз жайлауға шыққанда көкейлерін ерулік тескен көп арқардың ел аралап кетері және бар-ау. Жөн, батыр, жөн. Ырсылдап тау кезгенше мекіренген көп арқарды еруліктің үстінде басып қалам дегенің жөн-ақ. Сенем, сенем, — деді Мұқағали. Үлкен алақандай тайпақ, күміс шақшасы бар екен, сауыр қалтасынан оны суырды, сосын қара етіктің сірісіне соғып-соғып жіберіп көкбұйра насыбайды алақанына шөкитіп үйді де шымшып алып қос танауына бөліп тастады. Сонсоң, көзін тарс жұмып ұзақ отырып қалды.
— Сенің Рәйімнің ауылына бармағаныңа мен сенем. Рәйімнің екі інісі мен үш баласын сен емес, Рәйімнің өзінің атқанына да сенем. Бес азаматты қабаттап қойып, қаншасын тесіп өтер деп алды-артынан оқ жүгірткен сен емес, Рәйім болатын. Аш өкпенің тұсынан зымырап кетті қорғасын, алдында екі іні, артында екі ағасы — Нұрғазының ортада аман қалғанына да сенем. Тапаншаның оғын құшқан жігітте арман бар ма. Бағы жанған жігіт қой. Рәйімнің сосын, аман да қалған жалғызы Нұрғазыға тапанша кезеп аузынан атқанына да сенем.
Екі танауға бөлініп кеткен көк түтін насыбай тегін жатпапты: жанарын жас булаған Мұқағали сәлге дейін түшкірік күтіп отырып қалды.
— Атқан мен емес, мырза,— деді Иноземцев. Насыбайдың арқасында келіп қалған үзілісті пайдаланғаны ма, тағы да асығып айтты. — Мен емес, құдай жазғырсын, мен емес.
— Аптшуһ! — деді Мұқағали. Еңкілдеп, ентігіп отырып, екі бөліп ұзақ түшкірді, сосын қос бармағын қос танауға кезек басып көкбұйра насыбайды сіңбіріп тастады. Таңқ-таңқ еткізіп таза сіңбіреді екен.
Насыбайға елтіп отырған адамның сөз ұға қоюы неғайбыл нәрсе: Мұқағали далиған орамалмен сүртініп бітер-бітпесте Иноземцев тағы да:
— Мен емес, мырза. Мен емес, — деді.
— Мен, — деді Мұқағали. — Біз десе іші-бауырыңның бала сүйгендей елжіреп кетерін білем ғой. Сен емес әлбәттә. Нұрғазыны екі солдатқа сүйретіп апарып, жер тандырға жыққан мен. Сен емес, мен. Мен, Рәйім екеуміз әлбетте. Марқұм әкейдің жалғыз қалған бастасы еді. Тіріде қалған жалғызын о дүниеге өз қолынан аттандырғысы келгенде аянып қалған қайратты асыма шашам ба? Нұрғазыны екі солдатқа сүйретіп апарып қызыл шоққа жыққан мен. Мен — Рекең екеуміз. Қара ормандай сыңсып туған, сыңсып тұрған жұртпыз ғой: біз үшін бала зәру боп па. Марқұм әкейдің жалғыз қалған бастасы, Рекең, баласы Нұрғазының оң қолын шынтағынан қайырып алдық та, қойдың қиы жайнаған жер тандырға аттық та жібердік. Біз үшін бала зәру, азамат зәру, жолдас зәру боп па — аттық та жібердік. Өзі де бір, Нұрашты айтам, шыбық тимес шыңқ етер екен. Кеңсірікке дүммен соғып тандырға жыққанда шыдап жата алмады. Оны сен бірақ көрген жоқсың-ау, батыр. Оны сен көрген жоқсың-ау. Жайлаудағы ақ үйден ерулік жеп отырған мол арқардың майбүйрек лағын аулап жүрген сен, Рекеңнің ауылында не болып, не қойып жатқанын қайдан білесің. Білмейсің әлбәттә. Үйтілген Нұрғазының қалай-қалай тулағанын, аңсыраған жас батыр сен қайдан білесің. Білмейсің әлбәттә... Жігітке нелер келіп, нелер кетпес... Күйген деген сөз боп па. Тандырдағы қойдың қиына жауырынын төсегенді былай қойып, сендей асыл батырлар маздаған шоқты уыстап асап жүр ғой, маздаған шоқты қос уыстап асап қоюға да мүмкін. Асап па ең? — деді Мұқағали, шарасы кең қой көздерін бу қапқан осы сәтте. — Асап па ең? — деді, бірақ қолұсыным қарсысында отырған отырған тұтқын офицерден жауап күткен жоқ, офицерді жөндеп көре алған да жоқ; бу қапты көздерін шөжім көйлектің етегімен сүртіп тастады да: — Асамасаң, асарсың, — деді. — Үмітсіз шайтан деген, асамасаң асарсың. Дәл бұл тұста, және де қам жемей— ақ қой — мойныма өзім алам. Қи табылмас деп тағы жабықпа, жас батыр. Өзің шыққан үңгірден арқардың бір етек қиын өзім әкелем.
Отырған орнынан алға қарай сырғып-сырғып дәу қара тасты шекелеп қалған Иноземцев:
— Мен емес, мырза, құдай ұрсын мен емес, — деді тағы да.
— Мен, — деді Мұқағали. — Мен. Сен атты, ошаққа сен жықты деп отырған мен бар ма. Атқан да, жыққан да мен, Рекең екеуміз. Қара ормандай сыңсып тұрған жұртпыз ғой, бес ағашқа — бес жігітке қалтырап құдай атты деймісің... Жігітке нелер келіп, нелер кетпес. Кей ғазапты кей жігіт, айта берсең, қуанышқа айырбастамайды — Рекең екеуміз шынтағынан қайырып тандырға атқанда Нұрғазы қуанып кетті ме дедім. Түбіне жақыны жеткен жігіттің арманы жоқ қой, қайтсін. Өле алмай жүрген жігіт қой, қайтсін. Арқасының қышуы қанып ыңырсыды демесең ләм-мим дыбыс та шығарған жоқ... Адамның еті күйгенде қозы құйқа сөз бе екен. Иіскегің келсе айта ғой, айт. Айт, айт, айта ғой. Келе ме иіскегің? Шайқама басыңды. Келе ме, жоқ па? Иіскегің келе ме, жоқ па? Иіскегің кеп бара жатса, оны мойныма тағы алайын. Біздің тұқымның бір бағы атылу мен асылуға туады. Мына мойын кәрәтелдің киік құмалақ жалғыз оғынан қашып құтылар деймісің. Аяп қайтейін — күйген еттің иісіне жерік болсаң айт. Айта алмасаң — саған серт, серттен тайсам — маған серт. Қыртпышпын деп тағы қамықпа. Күйген еттің иісіне қану үшін ет кесіп алу шарт емес. Отқа қызып алабұрқан қанжарды қара санға пісіп алса жетеді...
Адамның еті күйгенде қозы құйқа сөз бе екен. Сен, оны бірақ, көрген жоқсың-ау. Көрген мен айтып отырмын, нан маған: қос шынтағы ырсиып жер тандырдан осылай тұрып келе жатқан Нұрғазыны көргенде Рекең екеуміздің төбеміз көкке жетті. Пенденің төбесі, қанша тасығанда, көкке екі елі жетпейді екен ғой. Бірақ жалғыз бала, жалғыз жолдасыңды отқа күнде күйдіріп, қарауылға күнде алып жатқан жоқсың — ол көкке біздің төбе жетпей сенің төбең жете ме... Біздің шалдардың бас жағында жайнамаз жатса, жамбасында тапанша жүреді. Қос шынтағы щоққа жидіп осылай тұрып келе жатқан Нұрғазыны мен арқасынан сүйей бергенде, Рекең жарықтық, қара тапаншаны жалғызының аузына көмейлетіп тығып жіберіп сырт-сырт екі басты: қолтығынан қолыма асылып Нұрғазы қалды, Нұраш қалды сонда. Осынша қызықтан құр қалып, аңғалсың-ау жас батыр. Қайран қорғасынды арқардың ерулік жеген лағына қор қылғанша, бізбен бірге азамат атысып, азамат асысып рахат-ләззаттың ұшпағына шықпаған аңғалсың-ау.
— Мен емес, мырза, құдай ұрсын мен емес, — деді Иноземцев, шаң қапқан ашаң бетінің айғыз-айғызын шығарған қара терді жеңімен сүртіп. — Болыс бұйырса құлақ аспайтын қай шамаңыз бар, мырза. Қолға түссе көзінен тізіп ат деген губернатордың бұйрығы бар, мырза, мен қайтейін енді, мырза.
Иноземцев аяғын құшардай боп жүрелеп қалған екен, Мұқағали оны алқымынан бүріп алып сәл көтерді де, ыңқ еткізіп орнына, тасқа тастады.
— Әлбетте, бұйрыққа құлақ астың. Бұйрық болғасын ғана аттың. Сен, жүдә, атқан жоқсың. Сен деген мен бар ма. Қашан айттым? Қашан, қашан айттым? Қашан дейм? Мұрын боғыңды сосын сүртесің — қашан айттым?.. Атқан сен емес. Сүйеп тұрған мен, көмейлеп атқан Рекең. Сүйеп тұрғаным да Нұрғазы, оқ жұтқан да Нұрғазы. Мылтықты әркім атады, бірақ оқ жұтқызған жан көріп пе ең? Әлбетте, көрген жоқсың. Лақ аулап жүрген жас батыр Рекеңнің аулында не болып, не қойғанын қайдан білсін. Ол ол ма, Нұрғазыны оққа қақалтып тастай берген Рекеңді де бір жайлы қылған мен. Қан толған көзден қатер көп — жолдасымды аямағаннан кейін әкемнің жолдасы еді деп оның әкесін аяйын ба. Кәңкиген қара шалды ақжал айғырдың құйрығына байлап ап, Керегетастың тұмсығына қарай сүйрегенде, қатын-қалашқа да жан керек екен, үзеңгіме Рекеңнің кемпірі мен келінінен басқа жабысқан жан болған жоқ. Қан аңсаған көкірек қоян бүрген қырандай — шашын жайған бір кемпір мен бір қатынды өңмеңдетіп теппеске қандай шара бар. Сен оны көрген жоқсың-ау.. Қос қайны мен үш бірдей баладан қас пен көздің арасында айрылған кемпір, қас пен көздің арасында қос қайны мен қос қайнаға аздай-ақ жарынан қоса айырылған жас жесірдің ұстыны Рекеңе араша түскенін көрген жоқсың-ау, сен. Қызық қой, бұдан асқан қызық бар ма. Дүниедегі мен білетін үш қызық: атаның баласын — Рекеңнің Нұрғазыны атқаны, жігіттің досын — менің Нұрғазыны атқаным, сосынғы қызық — жылаған қос жесірдің өңменінен тепкен ғой.
— Менің атқым келген жоқ. Құдай ұрсын менің атқым келген жоқ. Бүлдірген өздері — қарсылық көрсеткен өздері. Бунтшылардың ұясын нұсқа дегенде, жақ ашпаған өздері. Әдейі атты деймісіз, мырза, — деді Иноземцев.
Әлбәттә. Әлбәттә, әдейі атқан жоқсың. Рекеңді менің де атқым келген жоқ, бірақ болыс бұйырса құлақ аспайтын не шама бар. Сағы сынып, бағы тайған ел екен, бес жігіт бір шалмен қашқан бақты қайыра алмас бәрібір, көзіге қалсаң, таптап кет деген бұйрық бар еді, бесеуін жайпап біткенде қолыма Рекең ілікті — оны да аяғам жоқ. Керегетастың көк шалғын тұмсығындағы ақыр тасқа көлденең сап алдымен сақалын үйттім-ау, батыр. Кәрінің сақалы да бір, қарашадағы ебелек те бір — күкірт тиер-тиместе қаулап кетеді. Қаулауға өзі, жаулауға өзі себеп таппай тұрған сақалға екі жездің дәрісін сеуіп от қойса, күлкіге мен мелдектемей, сен мелдектемекпісің. Алдымен сақал үйтілді, жетпістен асқан кәрі емес пе — үйтуге жарар шаш таппадық, бірақ. Жо, жас батыр, дүниеде үш емес төрт қызық бар, төртінші қызық — алқымды жапқан ақ сақалды өртеген. Қарғыстан қорыққан сөз бе екен: жігіт атып, жесір теуіп, сақал өртеп алғысқа қалған жақсы. Көкейіңді крес тессе, жас батыр, сақал өрте, сақал өрте... Ақ сақалынан әп-сәтте айрылып көсесі шыққан Рекең атып таста деп жалынды, атып таста деп, жата кеп жалынды, атпаймын деп мен кергідім. Жылады-ау сосын Рекең, күйелеш бетін жас жуып жылады-ау сосын Рекең. Ақыры әйтеуір, Нұрғазының көмейін өпкен тапанша...
— Тапанша, — деді Мұқағали. — Тапанша, тапанша, — деді, сонсоң тағы да. Қанжардың жүзіндей суық қара сөзді үш қайталағанда кеудесіндегі көк жалын өксік сәл де болса басын тартардай көрініп еді. Өксік, бірақ, тапаншаны үш қайтарғанда да, үш қайтарып ап алақанымен көзін басып отырып қалғанда да, алдау-арбауға көне қояр сыңай танытпады, қайта, қапелімдей сәл сәттің ішінде үрген бүйен боп ісініп кетті де, бұл етегін қармап үлгергенше — тізесінде жатқан жарты құлаш көк бәтес орамалды Мұқағали көре алған жоқ, көретіндей, орамалды іздейтіндей уақыты да болған жоқ — шарасы кең қой көзден тарам-тарам жас боп атқып-атқып кетті. Көп күннен бері шаруа басты боп, атүсті көп сабылған жігіт ішінен тығылып та жүр екен: сақалы үйтіліп көсесі шыққан Рекеңнің қарақұсына кезелген тапаншаны аттап өте алған жоқ, атан жауырынын дірілге тастап еңкілдеп жылап жіберді.— Бұйырған екен ғой саған, бұйырған екен ғой, бұйырған екен ғой саған, — деді сонсоң иегі кемсеңдеп. — Біреуіңе бұйыртып атқызады, біреуін ойнап атасың, біреуін шындап атасың, қай әкеңнің құны қалып еді осы бізде, — деді сонсоң Мұқағали тарам-тарам жасты жұдырығымен бетіне жағып. Өксік, бірақ, саябырсыған жоқ; қайта, кең кеудеден қат-қат шер мен азаның тағы бір көзін ашқандай екен — жас сүртем деп бетке жүгірген қос жұдырықты селтең-селтең секеңдетіп жіберді. — Бұйырған екен ғой саған, азаматын ат, қалыңдығын зорла, ақсақалының сақалына дәрі сеуіп өрте деген екен ғой, — деді Мұқағали. Дәл осы сәт шоққа жидіген қос шынтағын ырситып жер тандырдан тұрып келе жатқан Нұрғазы, Нұраш есіне тағы түсті; Нұрғазы, Нұрғазыны ортаға алып, екеуі алда, екеуі артта — бір-бірінің мықынын құшқан Нұрғазының екі аға, екі інісі түсті, Рекең түсті, Рекеңнің кереқарыс ақ сақалы, ақсақалдың күкірт тиер-тиместе сытыр-сытыр қау ете қалғаны түсті. — Не жазып ек бұ құдайға, не жазып ек. Өз байлығым өзіме сор боп тигендей бұ құдайға не жазып ек, не жазып ек, — деді Мұқағали сонсоң кереқарыс маңдайын жұдырығымен періп— періп жіберіп. - Маңдайымды өзім соғып, өз бармағымды өзім шайнап, өз жер, өз байлығымды өзім қарғардай не жазып ек. Ақылым сенен кем бе екен, қайратым сенен кем бе екен, — деді Мұқағали өксік буған етжең денесін игере алмай қалған ендігі сәтте. Алпамсадай сары жігіт, сонсоң, қара тасты қақ жарып кіріп кеткісі, сіңіп кеткісі келгендей екі бүктеліп бұға берген ақ офицерді тастың үстінен жұлып алды. Обалы не керек, офицер болғанмен көнбіс екен — тақымға түскенде қарсыласқан жоқ, Мұқағалидың атан балтырынан басы салбырап сұлық қалды. — Ә, құдай, — деді Мұқағали сонсоң, — ә, құдай құныкерім осы болса, мықты бол да арашаға түсіп бақ. Әттең, Төрекең ғой қолды байлап отырған, әйтпесе мына шібіш бөксеге қайнатып ап қорғасынды құймас па ем.
Мұқағали тұтқын офицерді тақымынан суырып алды да бос қалған оң қолымен оның қарақұсын бүріп-бүріп, мытып-мытып жіберді. — Жат, — деді сонсоң Иноземцевті тізесінен сыпырып тастап. — Өлмейсің. Төрекеңді құтқармай сенің обалыңа қалардай доңыздың миын жегем жоқ. Сенің тіліңді Сәруар табады. Хабар жетіп Сәруар келсін, әзірге жата тұр. Жаубүйректі сосын асайсың.
Жасыл шұға шалғынға етпетінен түскен Иноземцев бірақ, тұяқ серпіген жоқ.
СӘРУАР, 1916 ж., 8 ШІЛДЕ, БЕСІН
Крейгельді көп күттік. Қос қолымды сауырлатып таңып тастап еді — көзіме құйылған терді сүрте алмадым. Жейдесіндегі қос кресі сылдыраған қаба сақал көшірдің орнына отырды. Қымыздан ба, шыжыған ыстықтан ба, шұқырлап шешек ойған құла бет қызара бөрітіп кетіпті. Үлкенді-кішілі ұлықтың елге көрсетіп жүрген құқайын жаттап өскесін бұл да паң: әлгі-і-і бірде, мені қара трашпеңкенің түкпіріне итеріп тастағанда, «пах, пах, баранчук» деп не кіжінгені, не таңданғаны белгісіз бір ыңғайда жалғыз ауыз сөз айтып еді, сонан бері жұмған аузын ашқан жоқ. Ат тұяғы нөпірін шығарған үй алды топырақтан балық аулаған сыңайы бар ма — бишігі қармақ, салбыратып аяғын асқан трашпеңке жар сияқты.
Кешігіп жатқан Крейгельдің иегін көтергені есіме қайта түсті. Иттің баласы, иегін мені алып шығарда көтерген. Анау-мынау мұртқа бергісіз күрең қас шәй үстіндегі тыншуынан кенет айрылып айқыш-ұйқыш ұстасып қалғанда мынау, шешекке күйген мына қызыл бет ұшып тұрып еді. Ұшып тұрып желкемнен мытқан. Бірақ, қолда күш барда желкеге кім шүйлігіп, жағаға кім жабыспайды. Айғырсыз қалған үйірге құқай мен қоқан-лоққыны сәурік екеш сәурік те жасамақ.
Мен трашпеңкенің шынтақбасарына көзімді сүрттім, сонсоң сәл алға лықсып жан-жағымды шолдым.
Қателеспеппін — сол, айна-қатесі жоқ Мұқағалидың қыстауы. Рабат. Кеше Рабатқа әкетті дегесін далақтап шауыппын да кеппін. Рабатты кім қыстайды, оның иесі кім деп сауалға қалатын уақтым да болмап еді. Иә, мынау Мұқағалидың қыстауы екен. Жаңлыспасам, анау көк шатырлап салған үй Мұқаңның өз үйі. Былтыр осы ауылда той боп Қараланы әкелгенде үлкендерге сәлем берем деп кіріп те шыққам. Мейрамханасында үш жерден ілген аспалы, күміс шамы бар-ды. Анау, бұлақтың арғы бетіндегі көк үй інісінің — Әлібектің отауы. Сарапханадан жол тартқан мол топтың кішік-күшіктері еленіп келгенде солай айдалып еді. Қараланы су кешпесін деп жоғарырақ барып, бұлақтың енсіз бір тұсынан секіртіп өткенім де есімде.
Кіші көк үйді етектеп тай шаптырым шым жасыл көл -? жоңышқа жатыр. Көрпе боп қалған екен, екінші ораққа жетпей-ақ кеткені ғой. Екінші ораққа сен жетпессің, бірінші оқтан мен кетпеспін, дедім ішімнен. Крейгель айтқан шеңгел ойыма қайта оралып еді, жүрегім, бірақ, шәй үстіндегідей суылдаған жоқ. Шамасы, атылам-ау деген күдікке бойымды бермеген болуым керек.
Есігі жабық ат қораның алдынан орыс ердің екеуін бір-біріне ерттеп мінген солдат көрінді, ол маған қараған жоқ. Солдаттың қақшиғанына қарап тәтемнің іште екенін байқап ем. Мен о кісінің мына қалпымды көрмегеніне қуандым, жапалақ сары осы сәт, ақ үйдің алдына Қараланы әкелді. Шомылдырған екен — құйрық-жалы әлі кеппепті. Үстінен өзімнің ерімді көрдім. Басы құйма күміс, керсенін үш елі кәкпазбен қаусырған қоқан ер көзіме оттай басылды. Іштен сыптай тартынып алған Крейгель шықты. Жапалақ сары қолтығынан демейін деп еді, Крейгель Қараланы жетектеп кетті де өзі мінді.
Қарала Крейгельді тосырқаған жоқ. Үзеңгіге аяқ көтергенде алып кетері бар еді, бұ жолы мыңқ етпеді. Мен Қараланың қызылмай болғанын түсіндім. Қаба сақал үш ақбоздың басын бұрды.
... Ақсайдан күн ауғанда өткенбіз, ал қазір болса шөбін жұлсаң сүт тамар Керегетастың аңғарына бесін тұна бастаған екен. Қара сапиянмен қаптаған, жанға жайлы солқылы бар трашпеңкені Крейгельдің баптап мінерін де осы, салқын аңғардың табанына түскенде байқап ем — Рабаттан шыққан сағат жарымның ішінде құлақкесті сыбдыр есіттірген жоқ. Крейгельдің мені трашпеңкеге мазақ үшін мінгізгенін, әрине, біліп келем. Мінгізетінін мана ескертіп айтқан-ды. Әзілі шығар деп ем, шыны екен. Осы себепті де менің — тұтқын басыммен — төре арбаға мінгенім, төре арбаға менің атылар алдында мінгенім, бір ретте, ажал алды саяхат, ажал алды тамашадай да көрінеді. Мен, бірақ, Крейгельдің мазағына жөндеп баға бере алғам жоқ. Екі қолды артыма, шынтағымды айналдырып жіберіп таңған екен, жауырыным жігінен сөгіліп қақсап қоя берді, сонсоң көзім қарауытты, аңғардың екі бетіндегі пілдің жонындай төңкерілген жасыл жоталарды мақпал қара толқын басты ма, мен қаба сақал көшірдің тер шылқыған шүйдесін жоғалтып алдым. Осы, қаба сақалдан көз жазып қалған сәтте маған біздің Ташкенге бара жатуымыз да мүмкін-ау деген ой келді. Крейгель қанша кәпір болғанмен, мен, бірақ, желкесінен бүріп апарып теректің бұтағына аса салатын мысық емеспін ғой деп ем. Крейгель көгершін баққан бала, мен көгершін аңдыған мысық емеспін ғой. Қайтіп көзіккенімді білмеймін, осынау ойды әйтеуір қылт етіп көрінген сәтте ұмар-жұмар басып қалдам да көпке дейін жібергем жоқ. Алайда, әп-әжептәуір қисыны болғанмен, бұл ойдың да медетке жарар қауқары жоқ екен — Крейгельдің әрекет-харекетінен, себебі, қисын мен уәжге ден қоятын адамның сыңайы көрінбеді. Әйтпеген күнде әкесіне араша түскен баланың кінәсі не? Мені былай қойғанда тәтемнің жанкештілігі қайсы? Ақ қағаздай бала бейіл болсаң қалың елдің тоқ ішегін өзі неге суырады? Осы сәт көз алдымда шайқалған қара толқын айықты да қаба сақалдың май сіңді жағасы мен терге шыланған шүйдесі қайтадан көрінді. Мен Крейгельді іздедім; трашпеңкенің оң жағында дөңкиген күрең қасқа дончактың үстінде жарбиып жапалақ сары келеді екен, ал, Крейгель көзіме ілінген жоқ. Сонсоң мен арқалыққа басымды сүйеп шалқалап жаттым, шалқалаған сәт жарау төреге қоям деген сауалымды жоғалтып алған екем, қанша сорғығанмен түлкі сауал жотасын көрсетпеді. Керегетастың ат алқынтар ұзын аңғарынан шыққанша не ойлап, не қойғанымды білмеймін. Шалқалап жатқасын ба, есімде аспан қапты, аспан, сосын, барақ иттің құйрық жүніндей удар-дудар жирен шаш қапты. Аспанның сол тұстағы түсі де есімде жоқ. Екі үзік бұлт есімде, екі үзік бұлт ақ ешкінің түбітіндей шаңқан болатын. Бір сәт қыстанған сияқты ем, оны да ұмытып кеттім.
Енді бір сәтте Қараланы мінген Крейгель көрінді. Трашпеңкенің сол жағын алып сәл қиыс алда, таяқ тастам жерде келеді екен. Көкпардан қайтқан кей кісі, құйрыққа тыныс берерде, қара санға салмақ сап қисайып отырушы еді. Мына отырысы соған ұсады. Жаттың тақымына түспегесін бе, бұрын Қараланың аяңын аулақтан байқап көрмеген ем. Шыға шабатын тызылдақ жылқыдай сағағынан бүгіліп аласұрмай-ақ сабырмен аяңдайды екен. Әулекі көз байқай бермейтін, елгезектігін ішіне бүккіш серпінді аяң. Тұяғын ұшынан қазып басар, қадап басар көрінеу кербездігі де жоқ — тықыр ажырықты шашағы мол шашасымен сипап келеді. Крейгель менің Қаралаға ұз-а-ақ тесіліп қарағанымды байқады ма, байқап ап мені аяды ма білмеймін, бұрылып кеп трашкеңкемен қатар аяңдады. Мен манағы сауалымды қайта іздедім, ол алайда, тағы таптырған жоқ. Ұртыма сілекей ұйып қапты. Қою сілекейді жұта бере шашалып қап ем, Қарала мойнын оқыс бұрып оқыранып жіберді. Мана, Рабатта ішкен шәйдің үстінде жас атаулының түбіне жеткен-ақ сияқты ем, жо, Қараланың еншісі бөлек екен — жанарыма лез жас тепті, осы сәт Крейгель айтқан шеңгел есіме тағы түсіп еді, мен оған, бірақ, ой тоқтатқам жоқ. Есіме түскен мезет, шар ете қап, итеріп тастадым. Одан басқа шарам да шамалы екен.
Осы өткен көктем беске шығып еді, жануар. Былтырғы жаз, бас-аяғы ай жарымның ішінде, белін ғана суытып бәйгеге үш қосып ек. Кәрі сіңір, жырынды аттардың бәйгесі болатын. Бірінен де келген жоқ. Алдына жан салғанды ар көретін тайқы маңдай кей қазақтың бетбағы мінезінен құр еместігімді сонда байқағам. Үш ретте де бірден кейін келгенмен бала тілек тірсегі бар, домбыра сағақ, күзенбел Қаралаға бармақтай өкпе бүгіп қалып ем. Сонда Қараланың шаппас жасы — дөнендігін де ұмытып кеткен екем. Енді кеп қайран Қараланың аяңынан арын ескен дер шағында шикі қайыспен таңылып, тұзды жасқа таңдайымды үйіріп жатысым мынау.
Крейгельдің кепкен шеңгелі қауашағы сылдырап тағы жақындай беріп еді, мен оны бұл жолы бет қаратқам жоқ.
Қарала оқырынғаннан кейін маған ой түзеу қиынға соқты. Есіме, бірін-бірі иықтап кеп ауыл түсті, апам түсті, соқталдай Қараланың желіге жолап кетсе болды тай кезіндегі әдетіне басып бие сауған әйелдердің шелегіне ұмтылары түсті. Бәрі, бірақ апам да, ауыл да, Қарала тайдың шелек толы сүтті құлағын жығып бас алмай сіміргені де — бастығырылып көрген түстегі зымырақ елестей тез көрініп, жым-жылас жоғала берді. Апамнан айрылғым келмеп еді, апамнан айрылмайын деп қатты ашыған көзімді жұмып та алып ем. Апамды көзіме қамап алғым келді, апам алайда қамалған жоқ. Басына бос салған ақ шәлі орамалдың бір ұшын сол жақ иығына асырып тастап, бір тізерлеп отырушы еді, апамды сол, отырған қалпында жібермей қояйын деп ем, көзімді тарс жұмғанда апам тұрып кетті. Мен көзімді аштым. Қаба сақал, тер шылқыған желкесін телпегімен сүртіп жатыр екен. Жауырыным тұз сепкендей тағы ашыды, мен тағы ыңырсыдым. Қарала жанарын ойнатып тағы оқыранды, ал Крейгельдің қолындағы елік сирақ сабы бар, алақанына жаңа туған ай мүсіндеп екі сырғалық алтын басқан менің қамшым ысқырынып барып Қараланың шабына сарт ете қалды. Қарала қосаяқтап аспанға атқыды, Крейгель алайда, тізгінді жіберген жоқ. Менің көз алдыма апам, іле, жейдешең қалып, ақ іскек ұзын қайшымен мұртын басып отырған тәтем келді. Екеуі қатар кеп қалған мына тұста, мен, апамды да, тәтемді де бас салайын деп ем, қамшы тағы ысқырынды, Крейгель «ах, сволочь» деп кіжініп ап Қараланы жұқа бауырдан тағы осты. Қамшыны Қараламен бірге маған да еншілеп келе жатқанын жұқана езуіне жұқалап қана жаққан күлкісінен байқадым. Қараланы аядым ба, шыдап отыра алмап ем — жаңбыр қағарын қайырып тастаған трашпеңкенің түкпірінен денемді солға тастағанда Крейгельдің езуіндегі салқын күлкі бетіне жайылды. Аяңынан жаңылған Қарала тапыраң бір текірекке түсті. Крейгельді тағы да қамшы сілтей ме деп қорқып қалып ем — сілтеген жоқ, әйтеуір. Кекесін күлкіні енді көзіне дейін өрлетіп алды да, ақситып тісін көрсетті. Мен сырғып орныма бардым да арқалыққа қайтадан сүйендім.
... Тосыннан қамшы жеген Қарала аяңына әлі түсе алмай келеді, ал менің кеудемді тағы да кешегідей — жарау төренің маузер кезенгенін айтам — аяз қарыды. Алғашында Қараланың еніне қамшы тиді ме деп қорыққан ем, аяз да сол, қорқыныштың табы сияқты көрінген. Бірақ, Крейгельдің езуі күлкіге керіліп, Крейгельдің көзі күлкімен жылығанда мені манағы, ұзын сирақ офицердің шеңгел шапқан тұсындағы түйсік кеп қайта қапты. Мен қамданып бір қалатын сәттің келгенін зайыр сездім. Оның бірақ, жолы қайсы, қамданғанда не істеп, не қоям — оны ажыратқам жоқ. Есімде: бір мезет трашпеңкеден құлап түсіп те қалғым келді. Домалап түсуге дайындалғаным да есімде. Бұл шешіммен, алайда, дәміміз жараспады. Қанша қашқыр болғанмен ат пен оқты адастыра кетудің мүмкін еместігін тез түсіндім. Тағы бір байқағаным: менің тәнім де, ойым да үшке бөлініп, үш ру елдің дау үстінде белдескен үш жігітіндей атысып-шабысып келеді екен. Бір Сәруардан үш Сәруар тарағандай. Сәруардың бірі «атыласың» дейді, бірі «атылмайсың» дейді. Ал, қалыс қалған мен, ол екеуінің қайсысына құлақ асарымды білмей дал болдым. Сөйтіп, екеуіне кезек алақтап келе жатқанда жүрегім лоблыды — сәскеде жеген қуырдақ шәйімен қоса ақтарылып қалды. Трашпеңке былғанар деп қысылғам да жоқ. Ұлық арбаның былғанғаны бір адамның үшке бөлінгенінен ерсі көрінбеп еді. Мен лоқсып-лоқсып ап басымды көтере бергенде қаба сақал бишігінің сабымен маңдайымнан нұқып кеп қалды. Мен шалқамнан түстім, бірақ ашу шақырғам жоқ. Табан астынан үшке бөлініп отырған кісіде ашу да қалмайды екен. Қаба сақалдың таяғына және бойым үйреніп қалып еді.
Мен шалқамнан түскенде, екінші Сәруар, тағы да, «Атылмайсың — деді — Крейгельдің сені сынағысы келгені ғой, атылмайсың». Айна-қатесі жоқ өзімнің сөзімдей екен. Бірінші Сәруар үндеген жоқ. Мен оның үндемегенінен қорықтым, сосын оны сөзге тартып байқап ем, ол маған бажырайып бір қарады да тіс жармай отырып алды — айғағы мол адамның кергігені сияқты еді. Сөзден ұтылған даукестің, басқадай амалы қалмағанда, қарсы қамшыны сылқитып сыбап алатынын көргенім бар. Мен оны сарт та сұрт боқтап кетейін деп ем, аузыма сөз түспеді.
Бірінші Сәруар ажалдай сазарып отырып алды, ұзақ отырды, мен терлей бастадым, сонсоң, маңдайдан аққан суық тер сүмектеп көзіме құйылғанда «терледің ғой — деді ол. Терле, терле. Ажал, себебі, адамның жасымен құрдас емес, адамның өзімен құрдас». «Алайда — дедім мен жұлып алғандай — алдымен бір аяғы көрдегі, бір аяғы жердегі жұқа жілік кәрі өлу керек пе?» «Тәтең бе, тәтеміз бе» — деді ол. «Жоқ, дедім мен. Жо, жоқ». «Енді кім? — деді ол. Тер оның да көзіне құйылған екен. Оң көзін оң иығына,сол көзін сол иығына сүртті де — кәріде жан жоқ па екен?» — деп қосты. «Молаға алдымен жүгіретіндей жұқа жілік кәріде жан жоқ па екен сондай— ақ?» Мен жауап айтқам жоқ, бар істегенім: Қараланы аяңына түсіре алмай келе жатқан Крейгельден темекі сұрадым. Крейгель трашпеңкеден үріккен Қараланы қатты шаужайлап кеп қаба сақалға портсигарын берді. Көзіндегі күлкісі суынған екен. Қаба сақал темекі тұтатты да, оны менің аузыма тықты. Папиростың түтігі лездің арасында малжаланып қапты, мен, бірақ жиренгем жоқ. Жастың қасына жас, кәрінің қасына кәрі боп шынтақтайтын ажал ныспылы құныкердің дұғай сәлемін үш бөлініп естіп отырғанда қаба сақалдың сілекейінен де тірліктің дәмі шықты — мен папиростың түтігін қыршып тастағам жоқ. Мен сонсоң, әлдене айтпаққа оқтала беріп ем, ол, жә дегендей қолын көтерді. Крейгельден көп нәрсе үйренген екен: сөз саптасынан да, қырағатынан да Крейгель аңқып қоя берді. «Әрине, — деді ол сонсоң, менімен аңдысып алған менің екінші бөлігім — әрине, алақандай кеудеге шырқыраған жан бергесін пешенеге жазылған келте жол мен қысқа күнді қорғаймын деп құрақ ұшып қарманбасқа мүмкін емес». «Сонда не деп қарманады?» дедім мен. Мейлінше жосықсыз сұрақ қойғанымды өзім де байқап ем, ол бірақ, обалы не керек, ұялтқан жоқ. «Кетпес үшін,— деді. — Мына бес аттың тұяғы мен төрт дөңгелекті төсінен жөнелтіп жатқан піскен боз, бөрте жусанмен, ана көк кеуде Қазығұрттың өліге өмір сепкіш самалымен ат құйрығын біржола кесіп кетпес үшін. Мен басымды изедім, ол — екінші Сәруар — қолын тағы көтерді. Онысы асықпа дегені екен. «Асықпа, алдымды орама, менің не айтарымды білмейсің ғой» дегені екен. «Естімеген нем қалып еді?»— дедім мен сонсоң. — Жоқ,— дедім мен. — Атыларымды сәскеде ғана білсем қайтып дайын болмақпын?» «Ақымақсың, — деді ол, — ақымақсың. Адам, себебі , ажалға өмір бойы дайындалуға керек; адамның ғұмыры , себебі, жалғыз сәтке — ажал сәтіне дайындық» деді ол. Менің жүрегім тағы лоблыды, мен тағы лоқсыдым. Маңдайымнан періп бір жіберуге бишігін ыңғайлай берген қаба сақал мені көп аңдып еді, мен оған қол ұшын бере алғам жоқ — ішімде запыран қалмапты. Мен сонсоң бірінші Сәруарға қарадым, ол басын көтермеді. Үндемеудің кезегі оған келген екен.
...Анадайдан Керегетастың тұмсығы көрінгенде мен қалжырап бітіп ем. Ұйқымның келгенін білем, алайда көз іле алғам жоқ. Сонсоң Керегетасты басыма көтеріп шыңғырғым келді, солықтап шекем тартты, бірақ даусым шықпады. Сонсоң мен арбадан түсіп қалмақ боп талпына бергенде қаба сақал үш ақбоздың басын тежеді.
...Крейгель қамшы ұстаған қолын көтерді, қаба сақал үш ақбоздың басын тартты. Тоқтаған жеріміз Керегетастың қақ тұмсығы екен. Шүйгініне әлі тіс тимепті. Танауыма еркектеп кеткен жалбыздың иісі ұрды. Қаба сақал трашпеңкенің арқасындағы қораптан орта қапшық жем суырды, сонсоң мені көтеріп алып көк шөптің үстіне қылжита салды да, үш ақбозға ат дорбаны құлақтатып сұлы ілді. Қатар тұрған үшеуі ақ сұлыны күртілдетіп кеткенде ұртыма сілекей ұйыды, неге екенін білмеймін, асағандары сұлы емес қарта сияқты көрініп еді.
Шөкелей беріп байқадым: тақымнан кетіп қамытқа жеткен үш қазақы ақбоздың үшеуі де бір айғырдың баласы екен. Сұлыға бас қойған бұл үшеуі қай бір жылдары осы Керегетастың балғынын жайлаған құлдырық құлындар болуға мүмкін-ау деген ой шапты ма, менің көңілім босады. Бірақ елден есе қашып жатқанда өрісін танып оқыранардай жылқы сорлыда ес қалды деймісің. Бұларға жем болса болды, ал бұлардың жемі қашан да жолда. Ұлықтың қамы себебі, оның көңілінің қамы. Үш ақбоздың мына күрсілдеткені Мұқағалидың сұлысы, айдаушысы қаба сақал, алып келгендері мен. Мен, бірақ, неге әкелді, маған бұлар не істемек деп басымды қатырғам жоқ, қатыратын бас та қалған жоқ-ты. Ойыны болса да, шыны болса да бітсе екен деп ем.
...Мені көкке қылжитқанда, Крейгель, тұмсықты айналып кеткен, енді қарасам Қараладан ол да түсіп жатыр екен. Қараланың сырын қалайша ұққанын қайдам — оны байлаған жоқ, қаңтарды да, шылбырын бос тастады, сонсоң кеп менің қолымды айналдырды. Шикі қайыс шиеленіп қапты. Сол жақ бүйіріндегі күміс қынды қанжармен орып жібере ме деп ем — ормады, тізерлеп отырып, көп ысылдап тісімен шешті, сонсоң мені тастай берді де, Қараланың барып төс тартпасын босатты, ердің басына тізгін бастырып үзеңгі ілді, ал менің қайтадан байланғым келді. Жан кетіп өлі мүшедей салбырап қалған қолымды ғана емес аяғымды да шандып тастаса деп ем. Сол жақ қолым мен аяғымды қазықбау шалып бір тастап, қазықбау шалынған екі аяқ пен екі қолды тас метім ғып түйіп тастағанын қалап ем. Бұл тілегімді Крейгельге айттым да. Бостан-бос тұрып оққа ұшқан, жылқыны жықпай бауыздағандай көрінді. Крейгель басын шайқады, сонсоң мені Қараладан қарсы бетке ұзатып алып кетті. Мен қаржасқам жоқ, қарсылық көрсетер құлқым да жоқ еді, қасқыр жетелеген бұзаудай томпаңдап ере бердім. Он бес қадымдай жүргенсін Крейгель қылышын суырды да, оны жерге қадады. Маңдай алдымнан мұнартып Қазығұрт көрінді. «Вот и все», деді Крейгель, менімен бірге Қазығұртқа тесіліп сәл тұрған соң. «Өкінем әрине, бірақ, амал нешік». Сонсоң жымиып күлді. Кектен де, кекесіннен де ада, шыны таза күлкі екен. Көмейіме қол басындай айқай тығылып еді, Крейгель, мені арқамнан қақты да қайтадан кері, трашпеңке жаққа кетті.
Жер құшқым келді ме, аяғым талды ма білмейін — Крейгель кобурасына қол созғанда мен етпетімнен түстім. Крейгель «встань!» деді. Буынымда әл қалмапты, екі-үш талпынып зорға тұрдым. Көмейім айқаймен тағы ісінді, дауысым тағы шыққан жоқ, қашсам ба деген ой тағы келді, бірақ қозғалсам құлайды екем. Сауданың біткенін мен сонда ғана түсіндім. Қазығұртты іздеп ем, ол көрінген жоқ.
...Крейгель маузерін жапалақ сарыға ұсынды. Жапалақ сары атын да байламапты. Оң қолында тізгін, қолын маузерге созды. Крейгель тізгінді өзі алды да, маузерді оның сол қолынан оң қолына ауыстырып берді. «Ну, Голоножкин, — деді сонсоң,— очередь твоя, отличись». Маузері тізесіне түскен Голоножкин қозғалған жоқ. «Ну», деді Крейгель тағы да, ал Голоножкин маған қарады, сонда ғана байқадым, жылап тұр екен. Әжімі мол сары бетті жуып кеткен мол жасты әсіресе күтпеген ем — тісімнің сақылдағаны да қойды, Голоножкин сонсоң «я не могу Ваше благородие» деді, «Что не можешь?» деді Крейгель, «я живу на их земле», деді Голоножкин, осы сәт — маузерді қалай жұлып алғанын білмеймін — Крейгельдің қолы түтеді, іле, шөкелеп мен қалдым. Крейгельдің қолы түтегені, менің шөкелеп қалғаным, Голоножкиннің мұрттай ұшып түскені рас, мен, бірақ, мылтықтың дауысын естігем жоқ. Сол аяғымнан шөкелеп ем, жалма-жан ұшып тұрып қара саныма жабыстым, қолыма сықырлап тізе қақпағым ілінді. Алақаным шие уыстағандай қызыл ала екен. Қолыма жұққан қанды өңіріме сүрте берген ендігі сәтте маузердің дауысы естілді, көз ұшындағы Қазығұрт дауыл шайқаған тұт ағаштай теңселіп кетті, теңселіп кетті, теңселіп кетті де оң жақ иығым тыз ете қалды, іле шырқырап Қазығұрт шыңғырды, құлын дауысымен шырқырап Қазығұрт шыңғырды, шыңғырған әлде Қарала ма — білмеймін. Есімде бар қалғаны: Голоножкинге жетіп жығылсам деп ем, бірақ сүйретіліп қалған сол жақ аяғым, мен қанша кіжінгенмен, қыңбай-ақ қойды, мен сонсоң оң жамбасыма құлап, жер бауырлап жылжи бергенде жасыл бетегеге қан жауды, жасыл бетегені, сұлы асаған үш ақбоз бен Голоножкиннің денесін, бір орнында шиыршық атқан Қараланы, айналайын менің Қараламды, Қараламды менің қан қызыл шәйі көмді, қан қызыл шәйі көмді, қан қызыл шәйі...
1968
Оқуға кеңес береміз:
Асқар Сүлейменовтың қанатты сөздері
«Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі