Қазақтар туралы бұрын ештеңе естімеген едім. Енді оларды өте жақсы танимын. Жақында ғана М.Әуезовтің тамаша кітабын ағылшын тілінде оқып шықтым. Шынында қазақтар неткен ғажап халық!
Бенжамин Матип
Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп,жар салу үшін өз биігің — Мұхтар Әуезов сияқты шыңың болу керек.
Шыңғыс Айтматов
«Абай жолы» — қазақ халқының тұңғыш роман-эпопеясы. 1-кітабы «Абай» деген атпен 1942 жылы, 2-кітабы «Абай жолы» деген атпен 1947 жылы, 3-кітап 1952 жылы, 4-кітап 1956 жылы жарыққа шықты. Төрт том 26 тараудан, 2 эпилогтан тұрады.
1-кітап «Қайтқанда», «Жолда» «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген жеті тараудан тұрады. Бас кейіпкер қазақтың кемеңгер ойшыл ақыны — Абай Құнанбайұлы. Роман-эпопеяда оның 13 жастан бастап, қайтыс болғанға дейінгі өмір жолы тұтас баяндалады. Тараулардың атаулары бас кейіпкердің өмір жолын, өсу жолын көрсетіп, мазмұндық-тақырыптық талдауға жол сілтеп тұр.
Бұл туралы жазушы Ғ.Мүсірепов былай деген екен: «…Қайтқанда», «Қатқабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген әрбір бөлімнің аттары. Осыны біріне бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат шытырмандар арқылы, бел-белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды көресің. Бұл — үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл — Құнанбайдың да баспалдақтары.
Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Сонда Абайдың жолы — «Қайтқанда, қат-қабатта, шытырманда, бел-белесте, өрде, қияда» болады да, Құнанбайдың жолы — «Қияда, өрде, бел-белесте, шытырманда, қат-қабатта, қайтқанда» болады. Бірі көтерілу, бірі түсу — төмендеу жолы. Үшінші, бұл — Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы».
«Қайтқанда» деген І тарау «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды. Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпаста өзі оятып тұрғызып еді», — деп басталады. Семей қаласында үш жыл оқуда болған Абайдың туған ауылына деген сағынышы Байтас пен жорға Жұмабайдың диалогі арқылы беріледі.
Қауіп-қатері көп Есембай жырасына тақалғанда Абай жанындағы жолаушылардан ұзап кетіп, арт жақтан білдірмей қарақшыға ұқсап келіп, жорға Жұмабайдың қалың қара тымағын көзіне түсіріп жіберіп, шоқпарын тартып алады. Абайды іздеп, бұлардан сәл ұзап кеткен жүйрік атты Байтас қайта оралғанда Жұмабай:
— Өй, балам-ау, мына жер — жау жатағы. Бұл ұрының ойнағына кеп алып, жаман ырым бастағаның не қылғаның? — деп Абайға ренжіді.
Абай үлкен адамды қорқытқанына басында мәз болғанымен, артынан ерекше ілтипат көрсетіп, жол қысқарту үшін әдейі істегенін айтып, кешірім сұрайды. Осы арқылы болашақ ақынның болмысы, тапқырлығы бой көрсетеді. Ауылға келгенде амандасудың өзі үлкен тәртіппен орындалады. «Телқара! Айналайын Телқара! Соқталдай азамат боп кетіпсің-ау!» деген бір жеңгесінің сөзіне қарап, Абайдың екінші аты Телқара болғандығын білеміз.
Өзіне талай ертегі айтып беріп, тәрбиелеген әжесі Зеренің құлағы естімей қалғанын уайымдаған Абайдың «Емдесе қайтеді» деген сөзіне айналасы «Үшкірсе, кейде ашылып қалады. Үшкірген жағады» дейді. Ауыл әйелдері де «Мына балаң молда боп келді ғой, үшкірт балаңа» деп кеу-кеулеген соң, Абай әжесінің құлағына «Юзі раушан, көзі гауһар» деп басталатын өлеңінің бір шумағын айтып, бір рет үшкіреді. Екінші рет осы өлеңнің тағы бір шумағын айтып, «су-ф-ф» дейді. Үшінші рет:
Ұшады бозша торғай көдені ықтап,
Басасың аяғыңды нықтап-нықтап.
Кәрі әжем естімейді, нана берсін,
Берейін өлеңіммен шын ұшықтап, —
дегенде ғана қарап тұрғандар да, әжесі де Абайдың қалжыңдап тұрғанын түсінеді.
Тонтай нағашысының өлерінде айтқан «Жазыла-жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді өлмесек болмас» деген мысқыл сөздерін еске алып, «нағашысына тартыпты» деген пікірлер айтылады.
Осы эпизодтан болашақ ақынның қарым-қабілеті айқын көрінеді. Абайдан 5—6 жас кіші Оспан інісінің тентек қылықтары адамды еріксіз езу тартқызады. Тарауда ерекше орын алатыны — Қодар мен Қамқа оқиғасы. Оларды қалай жазалағанын кездейсоқ көріп қалған Абай төсек тартып, қатты ауырып қалғандығы оның сезімталдығын, жанының нәзіктігін дәлелдейді.
Дәл осы кезде ауылға Барлас ақын мен оның шәкірті Байкөкше келеді. Бұл жердегі Барлас— атақты ақын Дулат Бабатайұлы. 1942 жылы шыққан нұсқасында «Керітартпа, ескішіл ақынды насихаттады» деген сын айтылғандықтан, жазушы оның есімін Барлас деп өзгертуге мәжбүр болған.
«Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақбала-Боздақ» жырлары мен Асанқайғы, Бұқар жырау, Марабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Балта, Алпыс ақын өлеңдерімен қатар өз өлеңдерін де жатқа оқыған Барласты Абай өтініші бойынша үйдегілер бір ай ұстайды. Кетерінде Абайдың шешесі Ұлжан екі ақынға шапан жауып, ат мінгізіп жібереді. Осы байланыс арқылы Абайдың өлең-жырға жастайынан құмар болып өскені байқалады. Ақынға тән болмысы осылайша қалыптаса бастайды.
«Қат-қабатта» деген екінші тараудағы басты оқиға — жер дауы. Бұрын бөкенші мен борсақ рулары жайлаған ішінде Қодар отырған шұрайлы жер Қарашоқыны Құнанбай енді өз меншігіне қаратады. Бұған үлкен бәйбішесі Күңкені ие етеді. Бөкенші руынан Сүйіндік, Сүгірлер, борсақ руынан Жексен (Қодардың туысқаны) көштері өз қыстауларына қоныстана алмай, қайта көшеді.
Қодар мен Қамқа туралы өсекті жұртқа жайған Жексен мен Жетпіс қателескенін, арандап қалғанын қыстауларынан айырылғанда бір-ақ біледі. Жылап-еңіреп, Қодар мен Қамқаның аруағынан кешірім сұрайды.
Сүйіндік, Жексендер қайта көшкенмен, Құнанбай атаған қыстауға бармай, Шыңғыс тауының Қызылшоқы, Қыдыр, Көлқайнар деген жерінде жаппа тігіп, көшпей отырып алады. Құнанбай қайта-қайта елші салып жүріп, бұларды өзінің атаған жеріне қоныстандыра бастайды.
Ендігі бір көздегені — жатақ ауылдардың қожайыны Бөжей отырған Тоқмамбет қыстауын алу. Мұны осы қыстауға таяу отырған Байсалға алып бергісі келеді. Бөжейге кісі салғанмен, ол тыңдай қоймайды. Ыза болған Құнанбай бір қарулы жігіттерді жинап келіп, Бөжейге дүре соққызады. Бұған көтібақ руынан шыққан Байсал араша түсіп, өз жігіттерімен Бөжей жағына шығып кетеді. Бөжей Құнанбайға лағынет айтады.
«Жолда» деген үшінші тарауда Абай отызға тарта нөкер ерткен әкесімен бірге Қарқаралыға барады. Аға сұлтан Құнанбайдың айналасында әрбір жұмысқа жауапты сенімді адамдары мен тілмаш болады.
«Тегінде, Құнанбай қолында Ғабитхан сияқты татардан, Ізғұтты сияқты қырғыздан, Бердіқожа сияқты қожадан келген, тіпті шеркестен де келген жеке адамдар немесе тұтас ауыл, топтар көп болушы еді» деп жазады жазушы. Қарқаралыға келу себебі — Құнанбай үстінен жазылған Бөжейдің арызы. Осы кезде Құнанбай өз қаражатымен салдырып жатқан мешіт құрылысын көреді. Бұдан екі жыл бұрын Қарқаралыға ықпалы жүріп тұрған Қаздауысты Қазыбек бидің ұрпағы Алшынбай мен Құнанбай достығы тереңдеп, оның Түсіп деген баласынан туған Ділдәні Абайға атастырған болатын.
Осы Алшынбай Тіленшіұлы іске араласып, Құнанбай мен Бөжейді татуластырады. «Екеуің бала аласыңдар. Бөжей Құнанбайдан бала алып, бауырына салсын. Иістерің аралассын» деп, Құнанбайдың кіші әйелінен туған 3 жасар Кәмшат Бөжейге аманат етіп беріледі деген шешім шығарады. Бұл сапарда Абай Шөже ақынмен және Алшынбай қасына ертіп жүретін Балта ақынмен жүздеседі. Тарау «Екі көзі қарақаттай жайнаған, аппақ» Кәмшаттың «от басып алғандай» «Апа, Апа! Әже!» деп шырылдап жылағаны Бөжейлер аттанып, ұзап кеткенше «… отқа өртеніп не суға жұтылып бара жатқан жанның зарындай боп, ызың-ызың естіліп тұрды», — деп аяқталады.
«Шытырманда» деген төртінші тарауда — Абай ел ісіне араласа бастайды. Қолы бос уақытында Фирдауси, Низами, Физули, Науаи, Бабыр сияқты шығыс классиктерінің шығармаларын оқудан бас алмайды. Қаладан қайтқанда екі қоржын кітапты Құнанбай Ғабитхан молдаға арнайы алдырады. Осы кітаптарды Ғабитхан арқылы әкесінен сұратып алып, Абай бір қыс кітап оқиды.
Абайдың ел ісіне араласуы Құнанбай тапсырмасымен «бес қасқа» атанған мықты бес ұлы бар Құлыншақ ауылына баруынан басталады. Құнанбай арнайы жібергендіктен, Құлыншақ Абайды баласынбай, жақсы қарсы алады. Абайдың келген шаруасы — борсаққа тиесілі Бетқұдық деген қыстау Ақперді деген кісінің иелігіне өткендіктен, әрі биыл пішен шауып алғысы келетіндіктен, Құлыншақтан бұған дейін иеленіп келе жатқан жерге қонбауын өтіну. Құлыншақ:
— Ақперді, Ақперді, Ақпердіге Құдай бақ берді, — дейді.
Сонда Абай: — Бақ берген емей немене, Борсақтан қалған аз жерді, Менікі деп тап берді деңіз, — деп жалғап әкетеді. Құлыншақ күліп: «Тек осыныңды Ақперді есіткей етті», — деп ырза боп қалады.
Сөз арасында Құлыншақ: «Айыпқа мал бермеді деп Бөжей жағы қомсынады, білем. Сол кішкене қарындасыңның күтімі де келісті емес деп есіттім-ау? Айғыз байғұс соны сезіп, қайғырады ғой», — деген көңілсіз әңгіме бастайды. Абай Құлыншақ жетектеген сөздерге ілеспей, азырақ үндемей отырып, балаларының неге «бес қасқа» аталғаны туралы сұрайды. «Қасқа» дегені — батыр деп айтқаны дейді ғой мыналар», — деп, Құлыншақ баласына қарайды.
Абай Құлыншақтың бар ойы «бөкенші, борсақтан жер олжа қылмадым» деген арман екенін танып, ішінен наразы боп аттанады. Әкесіне Құлыншақтың көнгенін айтса да , өкпесін айтпайды. Абайдың қасына еріп барған Қарабастан Құнанбай тағы сұрап, баласының әрекетін жіті бақылайды. Осының ертеңінде ол Абайдың қасына Қарабасты қосып, енді Тоғжанның әкесі Сүйіндіктің аулына жібереді.
Мұнда әкесі тапсырған азды-көпті шаруаны айтқаннан кейін көбінесе әңгіме «Қарауыл», «Шыңғыс» деген атаулардың шығу тарихы, Құнанбайдың әкесі Өскенбайға үлкен ас бергендегі Сүйіндіктің пікірлері мен кейбір жер дауына айтқан билігі туралы сөз болады.
Екеуара әңгіме жарастықта өткендіктен, Сүйіндік Абайдың шай ішіп отырған кесесін өзі алып беріп, үлкен құрмет көрсетеді. Бұл үйде де Кәмшаттың жағдайының төмен екендігі айтылады. Бұл тараудағы маңызды жайт — Абайдың Сүйіндіктің екінші әйелі Қантжаннан туған Тоғжанмен танысуы және кейіннен жақсы досына айналған Ерболмен кездесуі. Енді Құнанбай Абайды осымен өзіне өкпелі үшінші адам — Байдалыға жұмсайды. Ол — ана екеуі сияқты емес, Бөжеймен тізе қосып, әрдайым жаулықты мықты ұстап отырған адам.
Абайдың өзін «шытырман ішіне жалғыз, құралсыз, әлсіз күйде» кіріп бара жатқандай сезінуі арқылы тараудың неге «Шытырманда» деп аталғанын ұғамыз. Байдалы Абайларды жылы шыраймен қарсы алмайды. Абай «Байдалының Қаршығалы, Қопа деген қоныстарына Сүгір мен Сүйіндік қоса қонсын, бірге жайласын» деген әке сәлемін жеткізеді.
Байдалы келісім бергенімен, Құнанбайдың «айналып келіп тек қана жігітек руына» тиісетінін айтып, кінә тағады. Бір кезде Байдалы ызғар шашқан өңін лезде өзгертіп, байсалды қалыпқа түседі. «Ашуы мен сабырын оңай жұмсап, оңай тежеп, оп-оңай бұрып салып отыратын шын ұстамды адамды» Абай алғаш рет көріп, таңғалады.
«Онда неге алысып жүрміз?» дегенде, Құнанбайдың «не қылайыны» жоқ қой. Сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» дегенін баяндай келе, Абайға «Әкеңе осы сөздерді осы қалпында жеткіз» деп сәлем айтады.
Абай Кәмшат жайын Ұлжан мен Зереге ғана айтады. Аналарының тапсырмасымен, енді Абай Бөжей ауылы Қопа деген жайлауға қонған күні қасына Ғабитхан молданы ертіп, Кәмшатқа келеді. Астында жыртық жаялық, басында жыртық шапанның жеңі, қол-аяғы шидиіп, құп-қу шөлмектей боп әлсіз жылап жатқан баланы көргенде Ғабитхан молда:
— Ей, мазлума! Нилер ғазап көргенсің сен бейгүна мазлума! (арабша әйел жынысына ғана қаратылып айтылатын міскін әйел деген мағынада) — деп жылап жібереді. Мінез көрсетсе, Кәмшат үшін пайда емес, қайта оның азабын арттыра түсетінін түсініп, Абай ашуын тежеп, бәйбіше берген қымызды да ұрттамай, тез аттанып кетеді. Абай Кәмшаттың әл үстінде жатқандығын үй ішіне тегіс хабарлайды.
— Қайтейін, мен қайтейін?.. Кеше исі арғынның игі жақсысы бұйырды! — деп Құнанбай шешесі Зереге қарап, шарасыз күйге түседі.
Ертеңінде Құнанбай жорға Жұмабайды жіберсе, Айғыз да өз тұсынан бір адам жібереді.
Бірақ Бөжей кінәсін мойындамай, Құнанбайдың өзіне өкпе айтады. Аз күннен кейін Кәмшат қайтыс болады. Бөжей аулы Құнанбай мен Айғызға хабар айтпай, Кәмшатты өздері жерлей салады. Жазушы мұның бәрі қатыгездіктің, өшпенділіктің, білместіктің, надандықтың белгісі екенін тәптіштеп жазады.
Бірақ көп ұзамай, кенеттен науқастанған Бөжей де төсекте бес күн жатып қайтыс болады. Байдалы бастаған топ тағы да Құнанбайларға хабар бергізбейді. Сүйегін қыстауы Тоқпамбетке апарып қояды. Бұл тарау «Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ сала алмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды» деп аяқталады.
«Бел-белесте» деген бесінші тарауда — жер дауы төңірегіндегі дүрбелең одан әрі жалғасады. Жаз жайлауға шығу уақыты болғандықтан, ағасы Тәкежанның ұсынысымен Абай бүлдірген теруге шығады. Сол кезде алдарынан Бөжейдің киімі жабылып, кекілі кесілген қара көк атын орталарына алған екі қызы бастаған қаралы көш өтеді. Олар кісілерді көргенде дауыс сап, жоқтау айтады. Абай осы топтың ішінен Тоғжанды танып, ерекше күйге түседі. Бұл көрініске әлі ештеңені түсінбейтін Оспан ғана мәз болып жүр.
Бөжей ауылы Құнанбайлар отырған жақын қонысқа көшіп келгендіктен, Құнанбай үш саба қымыз, бір ту бие, бір тай, Зере мен Ұлжан бір түйе сойыс алып, тайлы-тұяғы қалмай, Бөжей үйіне көңіл айтуға барады. Қыздар жоқтау айтқанда Құнанбайға да кінә таға кетеді. Сол кезде Құнанбаймен ағайындас Сары апаң Бөжейді мақтай әрі жақтай келе, сөзінің соңын:
Мына да қарлар не дейді?
Жақсыдан жаман көбейді.
Ескінің асыл көзі еді,
Ұрлап та көмдің Бөжейді, — деп аяқтайды.
Екі жақ бір-біріне деген өкпесін осылайша әйелдер аузымен жеткізеді.
Қайтарда Құнанбай: «Күтсең, Сары апаңды күтсеңдерші», — деп оған деген ризашылығын бір-ақ ауыз сөзбен білдіреді.
Күз айының белгісін жұрттың жазғы үлкен киіз үйлерді қоймаға тастап, кішілеу қоңырқай үйлер тіге бастағанынан байқауға болады. Тағы да Құнанбай жағы мен жігітек арасында кикілжің басталады. Әңгімеге арқау болған жағдай — Майбасардың атшабарын жігітектің бір жігітінің сабап кетуі. Майбасар — Өскенбайдың басқа әйелінен туған Құнанбайдың інісі. Құлыншақпен болған келіссөз мәмілеге келмегендіктен, Құнанбай бөлініп кетеміз деген жігітекті тоқтату үшін тағы шабуылға шығады.
Жіберген жігіттері басқа көшпен бірге байқамай қаралы Бөжей көшіне де тиіседі. «Бөжейдің қаралы көшіне шауыпты. Өлі аруақты қорлапты» деген сөз желдей есіп, шартарапқа тарайды. Енді Байдалы да қол жинап, Тоғжанның әкесі Сүйіндік Түсіпті Қарқаралыға арыз айтуға жөнелтеді. Үш күнге созылған «Мұсақұл соғысы» Құнанбайдың жеңісімен емес, жігітек жағының күресуге, белдесуге жарайтындығын көрсетуімен аяқталады.
Арада тып-тыныш 10 күн өтеді. Келесі күні Түсіптің арызы бойынша Чернов деген шенеунік пен Қарқаралыдан ілескен қазақтар Майыр дейтін көмекшісімен және бір топ қарулы жігітпен Құнанбай аулына түседі. Екі жақтың дауы — баяғы жер мәселесі. Арыз-шағым өте көп болғандықтан, ұлықтар Құнанбайды қалаға алып кетеді.
Құнанбай кеткеннен кейін жігітек жағы Қаратаймен ырғаса жүріп, 15 қыстауды қайтарып алып, тынышталады. Мал да беріледі. Бұдан кейін Құнанбай үстінен арыз түспейді. Ал Абай бұл кезде айналасындағы үлкендердің барлық шама-шарқын танып болған еді. Ендігі ермегі — қолына домбыра алып, мөлдір күйлер, сұлу әндер шерту. Тоғжанды сағынышпен еске алады.
Құнанбай ісі Омбыға кеткендіктен, оған сол жаққа баруға тура келеді. Алшынбай паралап тастаған Майыр енді қысыла бастайды. Құнанбайдың бір құдасы Тінібек те көп көмектеседі. Майыр Керекуге жеткеннен кейін Құнанбайды өзі түскен үйге шақыртады. Барлық қағазды Құнанбайға көрсетеді. Ал Құнанбай пешке от жаққызып, өзі Майырдың қолын артына қайырып ұстап, Қаратайға барлық арызды жақтырып жібереді. Өтірік мас болған Майыр бұлар кете салысымен, үй иесі Сергей екеуінің келісімі бойынша есік алдындағы ескілеу сарайды мініп келген шанасымен бірге өртейді, Сергей қағаздың өртенгені туралы акт жасап береді.
Бір қыс сапарда болған Құнанбай елге қайтқанда енді сұлтан емес, Майбасардың орнына елге старшын болып оралады. Өйткені бұл кезде сұлтандық билік жойылып, старшын, болыс, майыр деген билік түрлері орнай бастаған.
Абай былтыр Тоғжан ауылынан қайтарда танысқан Ербол деген жігітпен ойдажоқта ұшырасып қалады. Жұғымды жігіт Ербол Тоғжанның жеңгесімен сөйлесе жүріп, Абай мен Тоғжанның жолығуына мүмкіндік жасайды.Құнанбайды жалғыз ырғызбайлықтар ғана емес, топай, жуантаяқтың көп ауылдары зор құрметпен қарсы алады. Алда Тәкежанның үйлену тойы мен Абай, Оспандардың ұрын бару рәсімдері атқарылмақ.
«Өрде» деген алтыншы тарау Алшынбай ауылына Абайдың ұрын баруымен басталады. Бұған отыз шақты адаммен Ұлжанның өзі бастап, некеқияр салтын жасайды. Әкелген қалың малдың басы — кесек күміс бесік жамбы. 7-8 күндік жол бойында Абай мен Ерболдың жұбы жазылмайды. Абай қасына 12 жігіт ертеді. Еркектер жағын Ізғұтты басқарады.
Келген жылқы, түйеден басқа жыртыс матаның өзі екі атан түйеге артылады. Ал келінге жасау тігілетін батсайы, мақпал, манат, дүрия, шағи бөлек салынған. Осылайша, автор ұрын бару рәсімінің сән-салтатанатын оқырманға таныстырады. Алшынбай жағы да жеке үй тіккізіп, құдаларды ерекше күтеді.
Той дүрілдеп өтеді. 10 күн өткеннен кейін Ұлжандар қайтып кетіп, Абай Ділдәнің қасында біраз күн болады. Айрылысар кезде Абай мен Ділдә бір-біріне үйренісіп, қалжыңдап та отырысады. Ділдә сүйкімді, сұлу көрінгенімен, екеуі бір-бірімен қабыспайды, шын ғашықтық оты тұтанбай, салқын күйде қалысады. Осы тараудағы тағы бір басты оқиға — Абайдың Бөжей асын өткізуге атсалысуы.
Абай жігітек басшысы Байдалының өзіне келіп, үй тіккізу үшін бөлек орын сұрайды және жиынға келетін ең қадірлі, ең сыйлы деген елдің қонағының бірін беруін өтінеді. Бөжейдің нағашысын таңдаған Абай зор дайындыққа кіріседі. Байдалы жігітек тарапынан Ербол, Жиренше, Базаралыны көмекке береді. Абай жағынан бұл іске Ұлжан, Ізғұтты, Құдайберді бел шеше кіріседі.
Оншақты үй тігіліп, бие сойылып, қой үйітіліп, бауырсақ пісіріліп, қарбаласып жатқан жұрт. Көрнекті жерден орын алған салтанатты үйлерге кімдердің түсетіндігі елдің бәрін қызықтыра бастайды. Бұл үйге Жетісу жақтан Бөжейдің нағашы туыстары кіреді. Тағы бір топ сыбандар жиынын бастап ақын Қадырбай келеді. Қадырбай Абай ісіне, қайтарған жауабына, әкесін қорғап айтқан тапқыр сөзіне дән риза болып, батасын береді. Бір түнеген қонақтарды күтудің ең ауыры — келер күн. Табақ тартуға өңшең күміс ер-тоқыммен ерттелген жорға аттарды сайлап, күтуші жігіттер бастарына тегіс біркелкі жібек орамал байлайды.
Жазушы: «Ас ошағынан екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады», — деп суреттейді. Бәйге, күрес сияқты ойын-сауықтар басталғанда, Абай елікпейді, өйткені алыстан келген қонақтардың кешкі сыйына дайындалуы керек. Қасындағы көмекші адамдардан да «хабаршы боп тұрайыншы» деп қатты қызыққан Ерболды ғана босатады. Бәйгеге 150 ат қосылады, берілетін сыйлықтың бәрі тоғыз-тоғыздан. Бірінші бәйге — түйе бастатқан тоғыз, екінші бәйге — Ұлжан әкелген күміс жамбы бастатқан тоғыз. Балуандар бәйгесі де сондай тоғыз-тоғыздан. Кешқұрым қонақтарды сыйлап, ертеңінде түскі асты ертерек бергізеді.
Қонақтар аттанғаннан кейін Бөжей мінген қара көк тұл атты Байсал мен Сүйіндік жығып, Байдалының өзі жылап тұрып, бауыздайды. Бұлардың «үшеуі де кейін «жол» алды» дейді. Ұйқы қысқаны соншалық, Абайлар үйге келе сап, төсекке құлайды. «Екі түн, бір күн ұйықтамаған Абай осы қалың ұйқының уағында өзінің қандайлық абыройлы, атақты, жақсы жігіт атымен оянғанын білген жоқ-ты», — деп жазады жазушы.
Жігітек ауылымен татуласқаннан кейін Абайға Сүйіндік ауылына баруға жол ашылады. Осындай бір сапарда тура алтыбақан теуіп, ойын ойнап жатқан той үстінен түседі. Тоғжанмен кеңірек сөйлесіп, екеуі бір-бірін қалтқысыз сүйетін ғашықтар екенін аңғартады.
Үйге келген соң, Абай әке-шеше ұйғаруымен Ділдәні алып келеді. Ал Құнанбай болса, «бес қасқа» атанған Құлыншақтың екі баласын Жетісуға жер аударып, бір баласын кепілдікке қойып, «баламды ұрдың, інімді масқараладың» деп, айып-анжыны да баса салады. Абай қайтып келгенде жұлысқан тартыс жоқ. Алтыншы тарау «Бірақ ауыл-үй, ағайын арасы тағы да томсарған наразылыққа, бітеу жараға толы екен» деп аяқталады.
«Қияда» деген жетінші тарауда 16 жастағы Абай әке атанады. Ділдә түскен жылдың келесі көктемінде Ақылбай (1861-1904) деген тұңғыш ұлы, жыл өткенде Күлбадан (1862-1932) деген қызы дүниеге келеді. Құнанбай Қаратайдың ақылымен Бердіқожаның қызы Нұрғанымға құда түседі. Әкесі қарсы болып, бергісі келмегенмен, балалары үгіттеп, әсіресе, Бурахан көндіреді. Осы тарауда М.Әуезов қожалардың қайдан, қалай ауып келгендігі туралы айтып өтеді. «Құнанбай тегінде жігіттің денелі, бітімділігін ұнататын.
Бурахан аса сұлу және денелі жігіт еді. Соның тұлғасын тамаша етіп, бір күні: «Бір үйдің ішіне жүз кісі кем адамды жиып, соның арасына Бураханды кіргізіп, отырғызып қойса, аналардың кемдігі көзге көріне ме?» деген. Нұрғанымның М.Әуезовке апай болып келетінін сөз басында айтқанбыз. Ұлжан Құнанбайдың бұл ісіне қарсы болып, наразылық білдіреді.
Бірақ Ұлжанды көре алмай, үнемі атысып жүретін Күңке бұл жағдайды пайдаланып, Құнанбай жағына шығып кетеді, сондықтан да Нұрғаным Күңке отырған Құнанбайдың Қарашоқыдағы үйіне келін боп түседі. Абайды «Жалғызым» деп еркелеткен асыл әжесі, айналасына өте қадірлі, мейірбан адам болған. Зере (1785-1873) ауру іліне салысымен, көп жатпай, 88 жасында қайтыс болады.
Бұл тараудағы ең басты оқиға: Құнанбайдың 24 жасқа келген баласына «Сенің бойыңнан үш түрлі мін көрем. Соны тыңда» деп айтқан сынына қайтарған Абайдың жауабы арқылы қаншама қиын жолдан өтіп, қияға шыққан жас ғұламаны көреміз. «Ең әуелі арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың… Жайдақсың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды», — деп басталатын әке айыптауы да оңай емес. Ал Абайдың: «…Қолында құралы бар жалғыз-жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын», — деуі — ой-өрісі жетіліп, өмірге көзқарасы әбден қалыптасқан адамның аузынан ғана шығатын сөз.
Бұл тарау әке мен бала арасындағы ойлы сұхбаттан кейін: «Қияға қадам басқаны рас. Бір күндерде жалаң құздың басындағы тақыр құм мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. Сондай бір гүл шашқан. Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз да, тіпті тау дауылы да қатер болудан қалған-ды», — деп түйінделеді.
Оқуға кеңес береміз:
Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы
"Абай жолы" эпопеясы туралы қызықты деректер
„Абай жолы” эпопеясындағы Құнанбай бейнесі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі