Өлең, жыр, ақындар

Болашақта жоғалуы мүмкін мамандықтар

Адамзатқа қызмет көрсетіп келе жатқан мыңдаған кәсіп-өнер өмір бойы адам қажеттілігінен пайда болып, дамып келді. Адамның замана ағымына еріп асыққаны сонша, әр күні, сағат сайын жаңа жұмыстар пайда болып жатыр. Әрине, ол да адам қажеттілігінен. Көпшіліктің есінде, қазір қолданыста жүрген, құлағымыз үйреніп қалған кәсіптер осыдан 10-20 жыл бұрын мүлдем жоқ еді. Мысалы, ПК-менеджері,  компьютердің жаңа бағдарламаларына қатысты мамандықтар...Ал батыста нанотехнология мен 3D аниматоры мамандығындағылар енді-енді өз компьютерлерімен «тілдесуді» үйреніп жатқан болатын. Енді, назарымызды болашаққа бұрайық. Бірнеше он жылдан кейін қандай мамандықтар жоғалып, қандай мамандықтар пайда болуы мүмкін?

Economic Modeling Specialists International америкалық компаниясы жасаған зерттеуінде, автоматтандыру мен роботтандыру барысында біз білетін көптеген мамандықтар жоғалып кетуі мүмкін дейді. Мысалы, есеп-кітап толық автоматтандырылғаннан кейін “кассир” деген мамандық толықтай жоғалады. Сонымен бірге, хат тасушылар мен жауынгерлік ұшақтарды басқаратын ұшқыштар да тарихқа айналады. Себебі, 2036 жылы адамдар хат-хабарлар және құжаттарды толық түрде электронды пошталар арқылы жіберуге көшеді. Ал, көкте жауынгер ұшақтар ұшқышсыз-ақ соғыса береді. Бұл бүгіннен басталып та кетті.

Роботтар жан-жақты айнадай қылып жылтыратып тазалап қоя беретін болғандықтан еден жуушыларға да жұмыс қалмайды. Болашақта кинотеатрлар да қаңырап қалуы мүмкін. Себебі, фильмдер интернет арқылы көрсетілуі жоспарланып жатыр.  Мұғалімдерге келетін болсақ. 2050 жылға қарай жасанды санаға ие роботтар балаларға сабақ бере бастауы мүмкін. Есесіне, балабақшаларда, мектептерде балалар психологы мамандығына сұраныс артады деп күтілуде. Жүргізушілердің де жұмыссыз қалуы әбден ықтимал.  Себебі, роботтар машиналардың апатқа ұшырау қаупін нөлдік пайызбен басқаратын болады.

Астанада болғанымда әпкеммен мамандық таңдау жайлы сөз қозғадық. Сонда аудармашыларда болшақта керек болмайды деді. Халықаралық әр мәжілісте, іскерлік қарым-қатынас та болсын, құлаққап роботтар әр адамға өз тілінде мәғлұмат береді екен. Алайда бұл тіл оқымасақ та болады екен ғой деген сөз емес. Себебі роботтар тек темір ғана. Олар біздің өмірімізді жеңілдету үшін жұмыс істейтінін естен шығармаған жөн. 

Ендігі сұрақ қандай мамандықты үйрену керек дейтін шығарсыз? 

Бірақ, алаңдауыңыз орынсыз. «Екі қолға бір күрек» қашан да табылады. Бір мамандық жоғалса, орнын жаңа мамандық толтырып отырады. Тек, адам соған бейімделсе болғаны. Сонымен алдағы уақытта қандай мамандықтарға сұраныс көп болуы мүмкін?

Роботтар қаншалықты әмбебап болса да, оларды адамдар басқарады, адамдар жасайды. Темір-терсек пен электроника бұйымдарын жақсы көретін адамдар алаңдамаса да болады. Олар үшін жұмыс жетіліп артылады. Сутек пен күн энергиясы, қала берді электрлі техникалар дамуы үшін көптеген жаңа зауыттар салына бастайды. Оған да роботтардан бөлек, адам қолының күші қажет болары сөзсіз.

Жоғарыда айтып кеткен жауынгерлік ұшақ ұшқыштарының да алаңдауы орынсыз. Олар енді дирижабльдерді басқарады. Дирижабльдер өткен ғасырдың 30-шы жылдарында пайда болған еді. Ғалымдардың мәлімдеуінше, әуе кемесінің әділетсіз ұмытылған бұл түрі қайтадан қолданысқа енгізілуі мүмкін.

Сатыбалды Асылзат Даулетқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультеті 3 курс


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз