Мұқағали Мақатаев – әр қазақтың жүрегінде жатталған есім. Оның өлеңдері – қарапайым тілмен жазылған терең философия, шынайы сезім мен өмірдің өзіндей шындық. Ақын жырларында туған жерге деген махаббат, анаға деген сағыныш, өмірдің мәні, адамгершілік сынды асыл құндылықтар көрініс табады. Ол поэзиясын жүрекпен жазып, оқырманымен шынайы сырласа білген дара тұлға. Мұқағали – сөз өнерінің биігіне шыққан ақиық ақын, оның жырлары қазақ әдебиетінің алтын қазынасына айналған.
Фото: ашық дереккөзден
Осындай жыр жауһарларын дәріптеу мақсатында елімізде жыл сайын түрлі іс-шаралар өтеді. Соның бірі – «Мұқағали Мақатаев оқулары». Бұл байқау өскелең ұрпақтың поэзияға деген қызығушылығын арттырып, Мұқағали әлеміне бойлауға мүмкіндік береді.
Қалалық кезеңнің дүбірі
Бүгін Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясында дәстүрге айналған республикалық «Мұқағали Мақатаев оқуларының» қалалық кезеңі өтті. Бұл сайыста үздік жас таланттар бақ сынасты. Байқаудың мақсаты қандай? Кімдер қатысып жатыр? Бұл жөнінде ұйымдастырушылардың пікірін білдік.
Фото: жас ақындар
«Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылар арасында Мұқағали шығармаларын кеңінен насихаттау, жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, эстетикалық талғамдарын арттыру, олардың бойынан табиғи талант пен тума дарынды анықтау. Сонымен қатар, оқушылардың поэзияға деген сүйіспеншілігін оятып, жырды жүрекпен сезіне білуіне ықпал ету. Байқау үш номинация бойынша өтеді», – дейді «Алматы дарыны» орталығының әдіскері Манар Бекназарқызы.
Байқау үш бағыт бойынша өткізілді:
1. «Айтып өткен ақында арман бар ма?» – қатысушылар Мұқағалидың өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқудан жарысады.
2. «Жыр эстафетасы» – үміткерлер «Райымбек, Райымбек», «Алтай-Атырау», «Аққулар ұйықтағанда» поэмаларын жатқа айтудан сынға түседі.
3. «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды…» – бұл номинация жас ақындардың шығармашылық қабілетін сынайтын дода.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың ең үздігін анықтау – оңай шаруа емес. Биылғы қазылар алқасының құрамында Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының профессорлары, ғылым докторлары және ақындар бар.
Қалалық кезеңге Алматының 8 ауданынан іріктелген ең мықты 24 оқушы қатысты. Солардың бірі – Мұқағали Мақатаевтың үш поэмасын аз уақытта жаттап, мәнін терең түсіне білген №198 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Балмекен Қапалбаймен аз-кем сұхбат құрдық.
— Алған әсерің қандай?
— Мұқағали оқулары – мен үшін тек байқау емес, поэзия әлеміне терең бойлау мүмкіндігі. Ақынның жырларын сезіну, оның ойын жүрекпен жеткізу – үлкен жауапкершілік. Бұл сайыс маған рухани қуат пен шабыт сыйлады.
— Ақиық ақынның 3 поэмасын толық жаттауға қанша уақыт кетті?
— Дайындыққа шамамен бір апта уақытым кетті. Бірақ поэманы жаттау – бір нәрсе, ал оны жан-тәніңмен сезініп оқу – мүлде басқа дүние. Әр жолдың астарындағы терең мағынаны түсіну, әр сөзді тыңдарманға жеткізу – менің басты мақсатым болды.
— Осындай байқауларда саған не азық?
— Маған ең үлкен азық – шабыт. Ақынның рухымен тілдесу, оның өлеңдерін жүрекке сіңіру – мен үшін үлкен тәжірибе. Сонымен қатар, мұндай сайыстар мені өлеңді шынайы сезінуге, оны жүрекпен жеткізуге үйретеді.
Жас ақын: «Барымды салдым!»
№185 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы, Алатау ауданының намысын қорғап келген жас ақын Салтанат Еркінбек те мүшәйрада бақ сынады.
— Лирик ақынның мүшәйрасына қатысу қаншалықты қиын?
— Бұл байқау мен үшін үлкен сынақ болды. Өмір туралы терең жазу маған оңай, алайда нәзік лириканы шынайы сезіммен өрнектеу – күрделі дүние. Дегенмен, барымды салдым. Жүрек түкпіріндегі толқуды жыр жолдарына түсіруге тырыстым. Мен үшін ең маңыздысы – өлеңнің шынайылығы мен сезімге толы болуы.
— Мұндай байқауларда өлеңді аз-кем уақыттың ішінде шығара білу керек. Шабыт осыншама аз уақытта тез келе ме?
— Егер шабытты күтумен уақыт өткізсең, жыр тумауы мүмкін. Бірақ мұндай байқаулар өзіңді қыспаққа алып, ойыңды тез жинақтауға үйретеді. Мен үшін шабыт – дайындық пен ой толғаудың нәтижесі. Кейде жүректен бірден құйылып түскен жыр жолдары болады, ал кейде әр сөзді іздеп, жүрек сүзгісінен өткізуге тура келеді. Уақыт шектеулі болса да, ойыңды барынша ашуға тырысасың.
Жеңіс жолында…
Бүгінгі додада оза шапқан 3 арманшыл жас өрен байқаудың Республикалық кезеңінде бағын сынайды. Айта кетейік, былтыр қаламыздың намысын республикалық кезеңде қорғап, оза шапқан Аяжан Құдайберген бас жүлдені, Хангелді Бектенов III орынды иеленген болатын. Биылғы жеңімпаздар да бәйгеде озып, республикалық кезеңде үздік нәтижеге жетеді деп сенеміз!
Бұл байқау – жарыс қана емес, рухани әлемге сапар, жаңа достар табу, тәжірибе алмасу алаңы. Мұқағали Мақатаевтың жырын жүрекпен оқыған әрбір жас – қазақ поэзиясының болашағы.
Әбдірахман ҚАЙРАТ,
«Ұлан» газетінің жас тілшісі,
Алматы қаласы
- Нарша Булгакбаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі