Өлең, жыр, ақындар

Хан Кененің өлімі қалай болды?

      Қазақтың соңғы ханы Кенесарының өлімі туралы жұрт арасында түрлі пікірлер бар. Кейбіреулер оның өліміне қырғыздарды кінәласа, енді біреулер қазақ сұлтандары мен ру басыларын жауапты санайды. Анығын Ахмет Кенесарұлының “Насаб наме сұлтан Сыдық” атты еңбегінен іздейік. Бұл еңбекте Кенесары хан мен оның ұлы Сыдық сұлтанның жорықтары баяндалады. Кенесары ханның қырғыздармен арадағы қақтығысы былай басталған:

“Кенесары хан Қарақұмнан қозғалып, Іле өзенінен өтіп, Шу бойындағы Жиренайғыр, Күрті, Ырғайты, Ұзынағаш, Қарғалы жерлеріне көшіп келеді. Осыдан кейін ол қара қырғыздың бас адамдары мен Әулиеата маңындағы дулат руларына елші жібереді.” Ханның мақсаты – сол аймақтағы қазақ-қырғызды өзіне қаратып, Ресей мен Қытаймен бейбіт қарым-қатынас орнату, сондай-ақ, Қоқан хандығынан әкесі мен ағасының кегін қайтарып, құн талап ету болатын. Дулат рулары ханға бағынатынын білдіріп, тарту-таралғыларын ұсынды. Алайда қырғыз манаптары мойынсұнудан бас тартып, керісінше, ханға қарасты ауылдардың малын барымталады.

Қырғыздардың бұл әрекетіне ашуланған Кенесары:

– Бұларға бір тыйым бермесе болмас, – деп батырларын жібереді. Алайда қырғыз манаптары өз әскерін сайға жасырып, қазақ жасақтарының мал айдап, бөлініп кетуін күткен. Қазақтар бытырап кеткенде, қырғыздар шабуыл жасап, оларды кері шегінуге мәжбүрледі. Тек Ағыбай батыр ғана қырғыздың Кәрібоз манабын шауып өлтірген.

Кенесары хан бұл сәтсіздікке қапаланып, әскербасыларын сынға алды. Ашуға булыққан хан өзі қосын жинап, Құсшы тайпасын шауып, 700 тұтқын алып, жеңіспен оралды. Бірақ кейін Кенесары сол тұтқындардың барлығын босатып, қырғыз манаптарына хат жолдады. Ол хатында соғысу үшін емес, қазақ-қырғыздың бірлігін ойлап, Қоқан хандығының езгісінен азат етуді көздегенін жазды.

Қырғыздар жиын жасап, Кенесарыға бағынбау туралы шешім қабылдады. Хан да жорыққа аттанды. Қырғыздар тау бөктеріне бекініп алғандықтан, қазақ қосыны бірнеше топқа бөлінді. Наурызбай мен Ержан сұлтан бастаған қосын қамал шауып, мал айдаған соң, аттары болдырып, кейін қалып қойды. Осы сәтті пайдаланған қырғыздар шабуыл жасап, Ержан сұлтанды тұтқынға түсірді.

Кенесары көп қосынымен жеңіске жеткенімен, Ержан сұлтанды күтіп отырған болатын. Оның тұтқынға түскенін естіген хан қатты қапаланып, әскерін тоқтатты. Бұл сәтті пайдаланған қырғыздар Қоқан хандығынан көмекке келген жасақтармен бірігіп, Кенесарыны қоршауға алды. Олар судың ағысын тоқтатып, қазақ жасақтарын ас-сусыз қалдырды.

Үш күндік шайқастан кейін қазақ жасақтарының күші әлсіреді. Кенесары хан:

“Жаяулап бір жағымызды Шу өзеніне тіреп, бес жүз мылтықпен қорғансақ, ешкім бізді бұза алмайды,” – деп шешім ұсынды. Алайда сарбаздардың көбі бұл жоспарға келіспей, түн ішінде қосыннан қаша бастады. Осылайша, қазақ әскері толықтай бытырап кетті. “Орыспен неше жыл шайқасқан Кенесары хан, ақыры уақыты жеткен соң, қара қырғыздың қолында шейіт болды.”

Ханның өліміне қырғыздарды кінәлаудың қажеті жоқ, себебі оны тағдыр тәлкегіне тастаған – өз жұрты.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Сембай Телжан


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз