Өлең, жыр, ақындар

Пиғылсыз байдың сазайы

Ерте, ерте, ерте кезде Қызылкиік деген жерде, Базар деген бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты. Ошарылған малы бопты, он төрт үйлі жаны бопты. Қайыстай қара қатынын ханымдай көріпті, қисапсыз малын жанындай көріпті.

         Сол байдың он тоғыз жыл малын баққан Мергенбай атты құлы болыпты. Мергенбайда бала болмапты. Әйелі бай аулының тезегін теріп, терісін керіп, отымен кіріп, суымен шығыпты. Өз үйіне де кіруге шамасы болмай, жұмыс істеп жүре беріпті.

         Күндердің күнінде байқұс күң өзінің жүкті болғанын біліп Мергенбай екеуі оңаша әңгіме дүкен құрыпты.

         — Менің аяғым ауырлай бастады. Жұмысты баяғыдай істемедің деп бәйбіше – тоқалдар күн көрсетуден қалып барады. Бұл арадан кетейік. Өз күнімізді өзіміз көріп, байдан аулақ күнелтейік. Осылардан түбі біз озамыз, – депті Мергенбайдың ақылды жары. Мергенбай тұрып:

         — Құрығы ұзын бай бізді тегін жібермейді, аш-жалаңаш айдап салады, – депті.

         Мергенбайдың әйелі белді бекем буып, «сен араласпа, баймен не болса да мен өзім сөйлесем» – деп бай үйіне келіпті.

         — Мергенбай айықпас ауруға шалдықты. Айтуға аузым бармайды. Бақсы-балгер, құшынаштар Тасты өзенге апармасаң адам болмайды дейді. Малшы-жалшыңды тауып ал бай-еке. Біз таңнан қозғаламыз. Тез кетпесек, тез жұғатын індет бәріңді де былғайды, –депті байға әйел.

         Үрейі ұшқан бай «Алдарыңнан жарылқасын» – деп он тоғыз жылғы еңбегіне батасын беріп тез құтылуға асығыпты.

         Ертемен жалғыз ала сиырын ыңыршақтап Мергенбай қосын артып, аттануға бет қояды. Сол мезет бай шығып:

         — Ей, құл, үйіңе жапқан құрымды қалдыр, кейінгі құлға керек- ті, – деп ақырыпты. Құлдың көші әудем жерге барғанда бай:

         — Мергенім еңбегің көп сіңіп еді кейін келіп ала байталдың құлынын ал, – деп енесі жеріп емізбей іргеде өлгелі жатқан құлынды көрсетіпті.

         Мергенбай мен әйелі күн-түн жүріп, Тастының бойына жетіпті. Азап торынан құтылып, қостарын қуана тігіп, көсіле бір жатыпты қос мұңлық. Ертеңіне екеуі де аштан өлместің қамына кірісіп, аңға шығыпты. Кеш Мергенбай тәуешкі, әйелі қоян соғып әкеліпті. «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» – деп өмірлерінде тұңғыш рет бас қосып отырып, асты еркін бір ішісіпті. Мергенбай әдетінше аңға аттанғанда, әйелі байдың берген құлынын тез алайын, танып кетер деп бай аулына кетіпті. Ол келе зарлай бастайды:

         — Ауру Мергенбайды аштық қоса азаптап жатыр бай-еке! Бекер-ақ сізден кетіппіз. Жылбысқасын жегізейін, берешек құлыныңды бере көр? – деп безектейді айлалы әйел.

         Әйел құлынды көтеріп қосқа келсе, мерген қосты айнала аңның етін самсатып іліп тастапты. Ала сиыр жалғыз бұзау, жетім құлын үшеуін ыспар әйел күн сайын бағып, асырай беріпті.

         Осы кезде Мергенбайдың әйелі туып ұл тауып, атын Серікбол қойыпты. Мергенбай бұл арада алты жыл мекендепті. Ала сиыр алтау болыпты, Серікболы алты жасар ай маңдайлы ұл болыпты, өлмелі құлын алты жасар ат болыпты.

         Бұл кезде Базар ел жиып, той жасапты. Ондағы ойы өзін «бай» атандыру екен дейді. Алты Алаштың аты жеткені жиналған ұлы тойда Базар тұрып, ел ақсақал, қарасақалына, молдасы мен би –төрелеріне мынаны айтыпты: «Мені өздерің білесіндер, жеті атамнан дәулет кетпеген байдың ұрқымын. Жұрт мені Базар дейді, бай демейді. Бүгін барша жанға, бай атымды мәшһүр етіп, ұлы жиын той жасап отырмын. Бәйгіге бір өзім үш жүз ат қоспақпын!» – деп лепіріпті.

         Жиылған ығай мен сығай онан әрмен көпіртіпті. Тойға ел де жүгіреді-ау деген атын жаратқан екен, жүйрік аттанғанда жер қайысқан қолдай боп, шаңынан бұлт тұрыпты. Осы көптің ішінде алты жасар Серікбол мінген ауыздықпен алысып Мергенбайдың жалғыз аты да кетеді.

         Ат түнейтін жерге Базар үш күн бұрын елу атанға қос артып, азық - түлігімен жіберген екен. Ат айдаушылар таң сәріден тұрып, шабандоздарды тамақтандырып, аттарына мінгізе бастайды. Даяшы белгі бергенде, жүйріктер жөңкіле жөнеледі.

         Түс ауып кіші бесін болғанда, жиылған жұрттың қарай-карай көзі талғанда, көз ұшынан бәйге атының шаңы бұрқ етіп шыға келеді. Алты жүз жиырма үш жүйріктен – үш жүз он саңлақты ұстауға даяшылар ат қояды.

         Ұбақ – шұбақ, жүйріктердің алдында қозыкөш жерде жалғыз қара көрінеді. Ет асымдай уақытта жүйріктер келіп қалады. Бәрінен бұрын жеткен алдыңғы ат Мергенбайдың жалғызы болып шығады. Бұған Базар қатты күйінеді. «Үш жүз атымнан біреуі озып келмеді, оның үстіне бес ат бірдей мерт болды» – деп күңіреніпті бай-екең.         Базарды «Базар бай» ататқан бұл тойға ынсапсыз бай ырза болмай үш күн, үш түн төсектен тұрмай жатып алыпты. Ақыры аулының бар игі жақсысын жиып алып:

         — Мен Мергенбайдың жүйрігін алмай көңілім көншімейді.  Ат менікі, құлынында бергенмін. Осыған ақыл табыңдар! – деп бай гөй-гөйге басыпты дейді. Сонда байдың бір ұлы тұрып:

         — Атты тегін бермейді, тартып алсақ атты жазым етеді. Ендеше ебін тауып ұрлап алсақ нетеді. Өзінен бір жас кіші інісін жарыс болар күні орнына ауыстырып, жүйрікті ала қою керек. Таңбаны саннан бір соқсақ, мерген тұр ғой көрген де таласа алмай қалады, – депті. Бәрі осыған қош депті.

         Мерген атын үйдің іргесіне арқандап қояды екен. Базардың кіші баласы торып жүріп, өңдес атпен ауыстырып, жүйрікті алып кетеді. Мергенбай күндегі әдетінше аңға бару үшін әкелі-балалы екеуі жүйріктің қасына келеді. Ат күндегідей емес әлжуаз сүлкиген, құлағы түсіп салпиған. Бұған не болып қалды екен деп таңқалысады. Мұны бүгін мінбейік деп, екеуі аңға жаяу шығады. Аңнан оралған Мергенбайға хабаршы келіп:

         — Атыңды бапта. Алдағы сенбіде ат жарысы болады. Анада арманды болған Базарбай тағы ат шаптырғалы жатыр, – дейді.

         Мергенбай уәделі күні «атсыз күнде де күнелткенбіз, бар, балам, бәйгеңе! Шаба алмаса, жолда басың кесіп алып кел» – деп қарадай жүдеген жүйрікке жалғыз ұлын мінгізіп жолға салады.

         Ара қонған қалың ат ертеңінде күн еңкейе көнбеге де келіп қалады. Жиылған жұрт ұран салып, сары жазықты қиқуға көміп жібереді. Оқ бойы озық келе жатқан баран ат, қику жете, құлаштай сілтеп, керіле созылып көнбеге қозы көш жер бұрын жетеді. Жұрт Базарбайдың торысы деп шулайды.

         Ат даяшыдан орала, қаптай келген жұрттың көзі кешегі мәстек торыны, оған мінген Мергенбайдың ұлын көреді. Арсалаңдай алдымен жеткен пиғылсыз бай мұны көріп, атынан ауып түсіпті!

         Мергенбай тыныш өмір кешіп,  жүйрік торымен өрен ұлының игілігін көріп, өмір кешіпті.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз