Қостанай қаласының дәл ортасында орналасқан Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп – гимназия – интернатында 1-ші ақпан күні дебат сүйер қауым тағатсыздана күткен «Ybyrai Cup 4» өтті. 140-жылдық тарихы бар мектепте облыстық деңгейдегі ірі іс-шараның өткізілуі үлкен мәртебе.
Дебат – бұл белгілі бір тақырып бойынша екі команданың дәлелдер арқылы пікір таластыруы. Басты мақсаты – өз көзқарасын дәлелдеу, қарсыластың аргументтерін жоққа шығару және шешендік қабілетті дамыту. «Ybyrai Cup» дебат турнирінің өтіп жатқанына биыл 4-ші жыл. Оқушыларға, студенттерге арналған бұл іс-шара критикалық ойлау, сенімді сөйлеу, көшбасшылық пен шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Мектептің ішінде Қостанайдың түкпір-түкпірінен келген оқушылар жиналып, бір-бірімен танысады, тәжірибе алмасады да жақсы орта табады. Мен «Ybyrai Cup 4» ұйымдастырушыларына көмектесіп, облыстық турнир туралы ақпарат жинадым. Ең бірінші сұқбатты Бас ұйымдастырушы Гаппаров Жахонгир Абдразаковичтан алдым.
Алғашқы сұрақ: «Ybyrai Cup 4-тен» сіз не күтесіз және қандай нәтиже көргіңіз келеді?
Бас ұйымдастырушы Гаппаров Жахонгир Абдразаковичтен алған сұқбатым көптеген пайдалы ақпарат берді. Турнирдің жартылай финалына өту үшін командалар үш турда өздерін белсенді түрде көрсетіп, жоғары ұпайларға ие болуы қажет болды. Мен әр айналым сайын кабинеттерге кіріп, командалардың ойындарын тамашаладым. Шынында да, қатысушылар өте мықты екен. Сөз саптаулары, ойларын жүйелі жеткізуі, өз-өздерін ұстауы керемет әсер қалдырды. Әсіресе, қарсыластарын тыңдап, дәлелдеріне нақты жауап қайтару қабілеттері жоғары деңгейде болды.
Жартылай финалға ең үздік деген командалар өтті. Бұл кезеңде бәсекелестік күшейіп, қатысушылардың логикалық ойлау қабілеті, жылдам шешім қабылдау дағдылары айқын көрінді. Әр дебат тартысты өтіп, төрешілер үшін шешім қабылдау оңайға соқпады.
Жоспар бойынша көптен күткен финалдың да уақыты жеткенде, оқушылардың түрлі эмоцияларын байқадым. Финалдық ойын ең қызықты болып шықты. А лигасының ойынын қарап, тақырыпқа байланысты түрлі ойлар мен пікірлер естідім. Қатысушылар бір-бірінен қалмай мықты деңгейлерін көрсетті. B лигасының үздік деген командасынан сұқбат алдым.
Мен турнирда контент жасап жүргенде түсінгенім, дебат – жастардың өз-өзін танып, рухани тұрғыдан өсетін, ақыл-ойы мен тіл байлығын дамытатын бірегей мектеп. Дебат барысында әр қатысушы өз пікірін дәлелдеп, тыңдай білуді үйренеді. Қарсы жақтың көзқарасымен жұмыс істеу, оған жауап қайтара білу, сонымен қатар өзінің пікірін жүйелі әрі әсерлі жеткізу — бұл дағдылар адамның өмірінде үлкен маңызға ие. Дебат жастарды тек біліммен ғана қаруландырмайды, оларды көшбасшылыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді. Әрбір пікірталас барысында адам өзіне деген сенімділігін арттырып, қиындықтардан шығудың жолдарын іздеуді үйренеді. Менің ойымша, пікірсайыс әлемге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Облыстық деңгейдегі турнирдің жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосқан, Бас ұйымдастырушыға көмектескен Бас төреші, 11-сынып оқушысы Кенжебекова Жазирадан алған сұқбатымнан үзінді:
Финалдық ойындардың жоғары деңгейде өтуі қатысушылардың да, ұйымдастырушылардың да еңбегін көрсетті. Жетекшілердің және көрермендердің қызығушылығы мен қолдауы ерекше атмосфера қалыптастырды. Турнир соңында жеңімпаз командалар марапатталып, барлығы да алған әсерлерімен бөлісті.
А лигасынан бірінші орынды иеленген Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Самрұқ» командасы. Екінші орынды QAZBILIM Ұлттық лицейінің «Ділмар» командасы, үшінші орынды Сырбай Мәуленов атындағы гимназияның «Сөз мерген» командасы иеленді. В лигасының нәтижелері бойынша бірінші орын – «Баунти» , екінші орын – Рудный қаласының «Ақиқат» командасы, үшінші орын – Әулиекөл мектебінің «Үміт» командасы алды. Бұл командалар керемет нәтижелер көрсетті.
Жақсы көңіл-күйде, үздік нәтижелермен «Ybyrai Cup 4» өз мәресіне жетті. Қатысушылар тек білімдерін ғана емес, көшбасшылық қасиеттерін де шыңдады, өздерін көпшілік алдында сенімді көрсетуді үйренді. Әрбір айналым мен сөзсайыс — жеке тұлғаның өсуіне жол ашатын сәттер болды. Барша қатысушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз. Осы шараның болашақта да жастардың білім мен тұлғалық дамуына үлкен үлес қосатынына сенімдіміз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Айман
Супер