Ерте заманда байлығы жаннан асқан бай болыпты. Ол күндерде бір күні науқастанып өлім халінде жатып, Мұратбек деген жалғыз ұлын шақырып алыпты да:
— Е, қарағым, көзімнің қарашығы жалғызым, әкең о дүниеге сапар шеккелі жатыр. Ақтық демім бітер алдында саған үш ауыз ақыл сөзімді айтып кетейін. Біріншіде, сезікті жерде сергек жүр, екінші адам баласын мынау жақсы, мынау жаман деп алалама, үшінші, тас жұтсаң да тәуекелге бел байла, – деп үзіліп кетіпті.
Жылжып жылдар өте береді, байдың малы таусылып, Мұратбек пен шешесі әбден күйзеледі. Бір күні Мұратбек шешесін жетелеп асбұзылға келеді. Асбұзылдың иесі қартаң сарт адам екен.
Мұратбек оған:
— Ақсақал, жетім-жесір адам едік. Өзім сіздің жұмысқа қолғабыс етейін, шешем екеуімізге тамақ беріп тұрыңыз, – дейді.
Аспазшы Мұратбекті қызметке алады. Шешесі екеуі тамақ асырап, бірнеше жыл осында тұра береді.
Бір күні қала ішінде жаршы шығып:
— Қалаға Жора деген атақты бай келді. Бес мың ділдаға жалшы жалдап алады. Ол жиырма жыл сол байдың қолында болады. Жалданушылар қазір барып сбайға сөйлесіп, ақша алуға жол бос, – дейді.
Мұратбек байға жалданбақ болады. Шешесімен ақылдасып, жалшы жалдап алатын байға келеді. Жиырма жылға келісім жасап, 5000 ділдәны алады да, әлгі асбұзылдың қасынан 2000 ділдәға тамаша сарай салғызып шешесін орналастырады. Үш мың ділдәға шешесіне 20 жылға жететін азық-түлік, киім-кешек алып береді. Сарайдың сыртына: «Талыққан адам мұнда бар, талықтырмаңдар» деген жазу жазғызады.
Шешесімен қоштасып, байдың керуенімен еріп жолға шығады. Екі-үш жүз түйелі керуен жолда жатып, алтын ертоқымды арғымақ мінген, сәнді киінген жас жігітке тап болады. Ол керуен басшысына жолығып:
—Менін атым-Жолжомарт деген. Осы жолмен жүрген адамдарды қонақ қылып жіберетін әдетім. Бір күн қонақсыз, ойын-күлкісіз отыра алмаймын, үйім-анау орманды сайдың ішінде, – дейді.
Оған керуен басы:
— Менде екі жүзден артық адам бар, мұның бәрі сенің үйіңе қалай сияды. Оған сенің тамақ, төсек-орның қалай жетеді? – дейді.
—Тамақ та, үй де, жатар орын да жетеді. Тек барып қонуларыңызды тілеймін, – дейді. Жігіт қолқа салып болмаған соң, керуен басы бастап жігіттің ауылына келеді. Келсе, орманды үлкен сайдың іші қаз-қатар салынған тамаша сарайлар, бау-бақша, сылдыраған бұлақ екен. Үш жүз түйе жүк кең қоймаға түйе-мүйесімен, ат-көлігімен сияды. Жігіт қонақтарды мың кісілік үлкен сарайға орналастырады.
Алуан түрлі тағамдармен, арақ-шараппен сыйлайды. Ойын-сауық көрсетеді. Керуеншілер ас ішіп, ойын-сауық көріп, ырғап-жырғап қалады. Жігіт керуен басына бөлек үйге төсек салдырады.
— Шақырып қонақ еткен өзіңсің, мен өз үйіңе бір жігітіммен бірге жатамын, – деп айтыңыз, – дейді Мұратбек керуен басын оңаша шақырып алып. Жігіт өз үйінің бөлмесіне екі кісілік төсек салдырады.
Керуен басы мен Мұратбек сол бөлмеге жатады. Мұратбектің есіне «сезікті жерде сергек бол» деген әкесінің ақылы түседі. Ол ұйықтамай бөлек бөлмеде әйелімен жатқан жігітті бақылайды. Жігіт бір мезетте әйелін ертіп далаға шығып кетеді де, әрі беріден соң, бір дорба ұн алып келіп, орта бөлмеге қойып жатып қалады.
Мұратбек керуен басын оятып, болған оқиғаны айтады. Өз ұндарынан бір дорба ұн алып келеді де, әлгі ұнды ауыстырып алады.
Таңертең керуен басы жігітпен қоштасып жүрмекші болады. Жолжомарт «қош тамағын берем» – дейді. Бағанағы ұнды қосып алуан түрлі тамақ әзірлетіп, арақ-шарап береді. Мұратбек керуен басына:
— Бұған сіз де өз «қош тамағыңызды» берем деңіз. Мен тез әзірлеп жіберейін, – дейді.
Сөйтіп керуеншілер де Жолжомарттың туыс-туған, қызметшілеріне тамақ береді. Ол тамаққа Жолжомарттың түндегі ұнын қосып істейді. Мұратбек керуеншілерге:
— Қонақтар ауыз тигенше бұл тамақтан татушы болмаңдар, – дейді. Жолжомарттың жағы әлгі асты ауыздарына сала бере қашар болып шыға келді.
Мұратбек керуеншілерге:
— Егер түнде ұнды ауыстырмаған болсақ барлық мүліктен айрылып бүгін бәріміз Жолжомарттың жүк таситын қашары болар едік. Міне енді көлікке де, дүниеге де қарық болдыңдар. Сарайдағы қазынаны ана қашарларға артып алыңдар. Бізге қазған орына-өзі түсті, – дейді. (Қашар-жылқы мен есектен шыққан дүрегей.А.Ш)
Керуен басы Мұратбектің ақылдылығына қайран қалады. Сөйтіп керуеншілер сарайдағы бар мүлікті алып жолға шығады. Жолжомарттың сарайлары аңырап иен қалады. Керуен басы өзінің сыбайластарымен ақылдасады.
— Мұратбек айлалы жігіт. Бұл жолы жақсылық істеді, қатерден құтқарды. Ал екінші кезекте, өзімізге қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан жолдағы құдық басына барған соң, мұның көзін жоғалталық, – дейді.
Керуен күні-түні жүріп аузын қақпақтаған құдыққа келіп тоқтайды. Құдықтың маңы қалың бейіт екен. Жүк түсіріп жайғасқан соң, керуен басы Мұратбекті шақырып алып:
— Сені 5000 ділдаға сатып алдым. Енді саған не істесем де өз еркім. Сен мына құдыққа түсесің де, бізге су әпересің. Басың құдық түбіне қалады да, денен шығады. Дененді мына молалардың ішіне қоямыз, – дейді.
Мұратбектің есіне «тас жұтсаң да тәуекелге бел байла» деген әкесінің нақыл сөзі түседі де, тәуекел, түсейін, билік сізде, – дейді.
Мұратбекті арқан байлап құдыққа түсіреді. Құдықтың түбі кең жазира, аққан өзен, құлпырған бау-бақша екен. Өзен жағасында бір сұлу қыз бен өлмелі шал отыр. Қыздың бір бетінен ірің ағып тұр.
— Суыңды беріп сырттағыларды қандыр. Сенен сұрайтын сұрау бар, – деді әлгі қыз тәкаппар пішінмен. Мұратбек суды беріп болып қызға қарады.
— Мына шал екеуіміздің қайсымыз жақсы? Дәл жауап қайырмасаң басың алынады, – деді қыз, қолына қылыш алып қаһар тіге тұрып.
— Мен әдейі басымды алсын деп келдім. Адамның жақсы-жаманы болмайды. Сен жассың, анау кәрі. Екеуіңдегі айырмашылық, білгенде осы ғана. Екеуің бірдейсің,– деді Мұратбек.
— Аржағына қара, – деді қыз қылышын тастай беріп, Мұратбек жалт қараса, сылдыраған екі сұлу қыз тұр. Қайта қараса, шал мен қыз жоқ.
— Қайсымыз сұлумыз, тез жауап бер, дәл айтпасаң басың алынады, – деді, екі қыздың бірі қылышын жалаңдатып.
— Екеуің бірдейсің, – деді Мұратбек батыл жауап қатып.
— Ары қара, – деді қыздар. Мұратбек жалт қараса, темір есік ашулы тұр. Қайта қараса екі кыз жоқ. Мұратбек есікке келді. Іші-толған алтын-күміс. Ол аман қалғандығын, көп алтын-күміске тап болғандығын айтып сырттағыларға хат жазып, арқанға байлап жіберді. Сырттағылар, алтын-күмісті қауғаға салып жібере бер, енді тірі шығасың, – деп хат жазды.
Мұратбек алтын-күміс таусылғанша жібере берді. Алтын-күміс таусылған соң, енді өзің шығарып алуды айтып хат жазады.
Керуеншілер өзара ақылдасты да егер Мұратбек тірі шықса, өзімізге қауіп төндіреді. Мына мүлікті мен таптым дейді. Сондықтан құдықта қалдырып кетелік, деседі: Сөйтіп арқанды қияды да, көшіп жүре береді. Мұратбек құдықтың түбінде қайғы-қасіретке батады. Ол тағы тәуекелге бел байлап қайраттанып бағады. Бір кезде арт жағындағы есіктен бір дыбыс естілді. Жүгіріп есікке келді де, есікті қақты. Есік ашылды. Кіріп барса жайнаған жиһазды үй екен. Құс төсекте шалқасынан түсіп, кеудесіне домбыра ұстаған, сәнді киінген ақсакалды қарт адам жатыр. Ол «Жетпеген арман, бітпеген арман» деген күй тартады. Шал бір мезгілде басын көтеріп, Мұратбекке отыр дегендей ишарат білдіреді. Шал көзін жұмып ойға батқандай болды да:
— Е, балам, бір талабың сегіз, бір талабың тоғыз болсын. Сенің қайратыңа қайран қалдым. Сенің бұл жерге келген соң не әрекет жасағаныңды мен біліп жаттым. Разы болғанымнан дыбыс білдірдім. Енді саған қауіп-қатер жоқ. Қауіп-қатерден құтылдың. Осы жердің тажалы саған алғаш кезіккен қыздар еді. Алғашқы кезіккен қыздың қасындағы шал емес, сұлу жігіт. Саған құбылып көрініп отыр. Оларға жауапты дәл бердің. Егер бірің жамансың десең, басың алынатын еді. Екінші сен олардан тайсалмадың. Олар тайсалмаған адамға тимейді. Олар алғашында маған да солай істеген. Қазір олар маған қызмет етеді. Мен ән-күйдің ғалымы едім. Атым Сандал, жасым 150-де, жердің үстінен асты қызық, жердің үстінен асқан әлемі қызық. Мына өзен су, бау-бақша, үй, алтын-күмісті шығартқан мен. Жер астындағылар менің нөкерлерім. Олар мен не істе десем, соны істейді. Тек олардың серті бойынша жер үстінен келгендерді өлтіру -өлтірмеуді солар біледі, өлмей қалған адам маған келеді. Енді сенің тағдырың менің қолымда, – дейді қарт.
Қарт жанындағы бір түймені басып қалды. Алуан түрлі тағамдар әзір болды. Қарт пен Мұратбек тәтті тағамдарды тойғанша жеді. Тамақ ішіліп болған соң қарт Мұратбекке:
— Мен сені келген ізіңмен шығарамын. Болашақта келем десең өзің біл. Бұл құдықтың аузына қашан келсең де өзім түсіріп аламын. Мен мына түймені басқанда сен сатымен сыртқа шығасың. Ал мына түймені басқанда саты қайта түседі, – деді қарт жанында тұрған тақтайдағы қалың түйменің ішіндегі екі жасыл түймені көрсетіп. Қарт Мұратбекке тағы да мынаны айтты:
—Сен сыртка шыққанда үстінде жаман ер-тоқымы бар, арық есек тұрады. Ол баяғы өз ұнымен өзін есек, қашар қылып жіберген Жолжомарттың сұлу келіншегі. Жолжомарт өлген. Ол жас келіншекте ешбір жазық жоқ. Сен сол сырттағы есекке мін де оң жақ құлағын бұра. Есек құйындай есіп ұша жөнеледі. Керуеншілердің сайраңдап жатқан үстінен түсесің. Есектен қарғып түс те мына қылышты қынаптан суыр. Бәрі саған бас иеді. Керуен басын қылышпен шауып өлтір. Басқалары жалшы, оларға тиме. Мына орамалды қалтаңнан ал да, желпіп қал. Сонда есек, қашар болып. жүрген Жолжомарттың жалшы жігіт-қыздары адам қалпына келеді. Олар сенімен дос болады. Сөйтіп барлық жалшының басын қосып көрген бейнетіңді баянда. Барлық қазынаны тең бөліп бер де, өзді-өзінің еліне қайтар. Жолжомарттың сұлу келіншегі саған ғашық болады. Оны некелеп ал. Орамал мен қылышты бойыңнан тастама.
Шал Мұратбекке осыны айтты да құдықтан шығарып жіберді. Мұратбек шалдың айтқанын жаза бастырмай орындады. Мұратбек Жолжомарттың сұлу келіншегі Айкүмісті алып еліне қайтады. Шешесін табады. Мұратбектің зеректігі елге аян болады.
Мұратбек ақылымен асып, өз еліне хан болып, мұратына жетеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі