Ерте заманда Әліп деген хан болыпты. Оның жалғыз ұлы болыпты. Ұлы сиықсыз, ақылсыз, жігерсіз болған екен. Хан баласынын мұндай болғанына қатты қайғыланады. Көзім жұмылса мына жаман ұл, мирасқорым бола алмас, алтын тақ, қисапсыз мал-мүлік біреудің жемі болар деп ойлайды. Хан уәзірлері мен елдін игі жақсыларын жинап ақылдасады. Олар ханға:
—Балаңызға елден таңдап ақылды қыз алып беріп, одан немере сүйсеңіз, мирасқорыңыз сол болар, деседі. Хан бүкіл елден қыз таңдап, өзіне лайықты келін болар адам таппайды. Хан бір күні еліндегі атақты суретшіні шақырып алады да:
— Әлемдегі жанды, жансыз нәрсенің суретін көркем етіп сыз,-дейді. Суретші бірнеше ай бойы ұйкы-күлкі көрмей өнерін төге отырып, суреттерді салып бітеді. Хан сызылған суреттерді үлкен шатқалдын аузына жайғызып қояды. Ел жайлаудан етекке түскенде осы шатқалмен түседі екен. Шатқалдан шұбырып көш түсіп жатады. Ел суретті көріп қайран қалады. Оны қатты тамашалайды. Суреттің қасында халықтың суретті қалай тамашалағанын бақылап отыратын ханның арнаулы адамдары тұрады.Суреттен ешбір адам мін таппайды. Хан бақылаушыларына суреттен мін тапқан адамды белгілеп әкелуді тапсырады.
Көштің ең соңында көк өгізге күркесін артып, өгізді өзі жетелеп, қызына өгізді айдатып, мүсәпір шал келеді. Шалдың қызы аса көрікті екен. Ол суретті тамашалап тұрады да:
– Қанша өнерін салса да,
Қабыланды қалай ұмытқан.
Көп толғанып сызса да,
Айды қалай ұмытқан.- дейді де жүре береді.
Бұл жайды бақылаушылар ханға келіп айтады. Хан ойланып қалады. Қызды баласына айттырайын десе, ол төмеңгі нәсілдің адамы. Айттырмайын десе, елден ақылды қыз табылмайды. Хан уәзірлері мен игі жақсыларына ақылдасып, өзі барып қызды көріп, сынамақшы болады.
Хан күркеге келгенде, қыз тезек теріп кетіпті де, күркеде шал ғана отыр екен. Хан шалға әмір үнмен:
— Мен ертен қайтып келемін. Көк өгіздің сүтімен қатық ұйытып қой. Егер орындамасаң басыңды аламын, – дейді. Қызы тезектен келгенде шал қатты мұңайып, аһылап-үһілей береді. Қыз әкесінің мойнына оралып неге мұңайғанын сұрайды. Шал болған оқиғаны баяндайды. Қыз сәл ойланып тұрады да:
— Әке, қамықпа, ханға жауабын мен берейін. Ертең күркенің сыртына хан келгенде, оранып күркеде отырып ал, – дейді.
Ертеңінде хан келіп, аттан түскелі жатқанда күркеден қыз шығып:
— Мәртебелі тақсыр, бүгін біздің күркеге адам енбейтін күн, – дейді.
— Кіруге неге болмайды ?– дейді хан.
— Тақсыр, әкем жаңа ғана босанып, қол-аяғын бауырына алып еді. Сондықтан кіруге болмайды.
— О заманда бұ заман, еркек адам бала табушы ма еді? Әкеңдей адамды неге мазақ етесің балам?
— О заманда бұ заман, еркек бала таппаса, өгізден сүт шықканын қайданкөрдіңіз?-дейді. Хан сөзден жеңіліп кетіп қалады. Ертеңінде хан кісі жіберіп шалды шақыртып алып:
— Маған ертеңгедейін күлден шідер түйіп әкел, егер орындамасаң басың алынады, – дейді. Шал күркесіне келіп хан жарлығын айтады. Қыз әкесіне қияқ жұлып әкеледі де шідер түйдіреді. Оны темірдің үстіне салып өртейді де;
— Осы күйінде бұзбай ханға беріп – «түюін мен түйдім, ал енді бұзбай қолдану сізден» деңіз де жүре беріңіз, – дейді қыз күл шідерді әкесінің қолына беріп.
Шал ханға келіп қызының айтқанын істейді.
Xан шалға:
— Маған ертең ерте кел. Келгенде атпен де келме, жаяу да келме, маған келгенде үйге де кірме, далаға да тұрма. Егер бұл шарттардың бірі орындалмаса, басың алынады, – дейді. Шал хан жарлығын қызына айтады. Қыз сәл ойланып отырады да әкесіне:
— Түнде ханның қорасына кіріп бір серкесін ұстап әкел де ертең соны мініп бар. Сонда жаяу да емес, атпен де емес болғаның.
Барғанда хан үйінің туырлығы мен шиінің арасына кіріп ханға тілдес. Сонда үйге де кірмей, далаға да тұрмай сөйлескенің, – дейді. Шал қызының осы ақылын бұлжытпай орындайды.
Хан сынамақ үшін берілген үш шартты да мүдірмей орындауға айла тапқан қыз екенін біледі де, қызды баласына айттырады.
Ұлан-асыр той жасап, келін түсіреді. Хан келінінің бұрынғы атын өзгертіп Аққайшы қояды. Онысы қайшыдан өткір деген мағынада екен. Хан бір күні ұлын шақырып алады да:
— Жылқыға барып екі басты ат мініп кел,–дейді. Ат ерттетіп кеткелі жатқанда күйеуіне Аққайшы:
— Қайда барасың? – дейді. Күйеуі әкесінің әмірін орындау үшін жылқыға барып, екі басты ат іздейтінін айтады.
Аққайшы күйеуіне:
— Саған екі басы бар ат табылмайды. Сол үшін жылқышылармен сөйлес те бүгін туады деген биені ұстатып ерттет. Айылын шабынан қатты тартып, міне шауып әкеңнің есігінің алдына кел де:
—Әке екі басты ат мініп келдім деп айқай сал, – дейді.
Жігіт келіншегінің айтқанын істейді. Жігіт буаз биені мініп шауып келсе, биенің артынан кұлынның басы салақтап шығып тұр екен. Хан баласына:
— Жарайды, балам, екі басты атты тауып мініпсің. Енді жылқыда үш жирен ат бар, соны байламай, матамай өрісте жарат, жеті күннен сон барып көремін, – дейді. Жігіт жылқыға келіп үш жирен атты қуады да жүреді. Ат жарамайды, жігіт шаршап жалығады. Ол бұл жайды келіншегіне айтады.
Аққайшы хан әмірін естіген соң күйеуіне:
— Үш жирен атты жылқышыларға ұстатып ал да, тілін жібекпен буып қоя бер, – дейді. Хан жеті күн өткен сон жылқыға келсе, үш жирен ат қаншырдай қатып өлуге айналған. Хан жылқыдан үш бесті асау ұстатып әкеледі де баласына:
— Ана үш асауды бүгін жібермей бағып қон!–деп бір құлаш қайыс береді. Жігіт жалғыз құлаш қайыспен үш асауды қалай матарын білмейді. Оған Аққайшы келіп:
—Үшеуінің де тұяғынан тескізіп, тұяғынан тізіп қой,–дейді. Жігіт келіншегінің айтқанын істейді. Аққайшы ханның күйеуіне берген әмірін өзін сынау үшін беріп отырғандығын біледі де, берген әмірінің бәрін мүдірмей орындау ақылын айта береді. Жылжып жылдар өтеді. Аққайшының данышпандығы бүкіл елге аян болады. Күндерде бір күн Әліп ханның елін басқа бір ханның қалын қолы келіп жаулап алады. Хан қолға түсіп сол елге тұтқын болып кетеді. Бір күні хан Әліпті алдына алдыртып:
— Еліңді түгел бізге қаратасың ба, жоқ басыңды алайын ба?–дейді.
—Менің елім енді әскер бармай-ақ сізге қарайды. Мен хат жазып берейін, түгел көшіріп келсін, көп кісінің керегі жоқ, үш-ақ кісі жіберіңіз, – дейді. Әліп сөзіне хан сенеді де, үш кісі елші жібермек болады. Әліп хан өзінің бас уәзіріне мынандай хат жазады. «Мен бұл елде жырғаулы тұрмыстамын. Астыма төсегенім қара торғын, үстіме жамылғаным көк торғын, артымнан он кісі сүйеп жүреді. Ханның маған берген еншісіне есеп жетпейді. Сондықтан осы елге бағыныңдар. Елді түгел көшіріңдер. Сарайдың алдына еккен үш теректің бірін мына үш кісі барысымен кесіп отқа жағыңдар. Енді бірін жолда жағыңдар, үшіншісін менің көзіме көрсетіңдер. Көшкенде малдың мүйіздісін алдына жүргізіңдер.
Үш елші Әліп ханның еліне жетіп, бас уәзірге хатты береді. Хатты оқығанда Әліп ханның бәйбішесі, баласы, уәзірлері қуанады. Тек Аққайшы уайымдайды. Ол ханның бәйбішесін, уәзірлерін, елдің игі жақсыларын бір жерге жасырын жиғызады да ханның жазған хатын шешеді.
— Астыма төсегенім қара торғын дегені – төсенері жоқ, қара жерде жатқаны, үстіме жамылғаным көк торғын дегені – үстінде көк аспаннан өзге дәнеме жоқ, жаланаш жатқаны. Артымнан он кісі сүйеп жүреді дегені – екі қолын артына қайырып байлап қойғандықтан он саусағын айтқаны. Ханның берген еншісінде қисап жоқ дегені, үстін бит басқаны. Сарайдың алдында үш терек дегені, мына келіп отырған үш кісі. Бірін бара кесіп отқа жақ, дегені оның бірін бара өлтір, бірін жолда жақ дегені, енді бірін жолда өлтір, бірін көзіме көрсет дегені үшіншісін тірі әкел дегені. Елді көшір дегені, әскер жинап әкел дегені. Мүйізді малды алдына айда дегені, қару-жарағы сай әскерді алдына жүргіз дегені, – дейді.
Әліп ханның уәзірлері Аққайшының ақылымен әскер жинап, Аққайшыға бастатады. Әскер жай-барақат жатқан хан еліне тұтқиылдан шабуыл жасап басып алады.
Әліп ханды тұтқыннан босатып ырғап-жырғап еліне келеді. Әліп хан еліне келіп, отыз күн ойын қырық күн тойын істеп, елін жинап, жұрт алдында Аққайшыға тағын береді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі