Бір қарт адам болып, өзі ғалым болыпты. Бір күні шаһарға барып, үйіне қайтып келе жатса оны бір жас жігіт қуып жетеді. Ол келе жатып жөн сұрасады да, барар жолы бір болғаннан кейін:
— Ата, жолды қысқартайық, – дейді. Қарт:
— Жол қалай қысқарады? – дейді. Жігіт:
— Жолдың қысқаруы оңай, екеуміз бірімізді-біріміз, кезек-кезек арқаласақ болғаны, – дейді. Шал ішінен:
— Япырым-ай, мынау бір кесепатты адам болмаса игі еді? Сөзінің түрі жаман екен. Ат-матыммен мені бұл қалай арқалайды? Мен қалай арқаламақшымын? – деп ойлап, жауап қайырмай, бетіне ажырайып қарап қояды. Мұнан кейін жігіт те үндемей келе жатады да, орылмаған, бірақ пісіп тұрған егінді көріп:
— Ата, мына егін сіздің елдікі ме? – дейді.
Қарт:
— Иә, біздің елдікі, – дейді. Жігіт:
— Иесін білесіз бе? – дейді. Қарт:
— Білемін, – дейді.
— Олай болғанда, бұл өзі желініп қойған егін бе, жоқ, желінбеген егін бе? – дейді. Қарт тағы да бетіне ажырайып қарап қояды да: «Япырым-ай, мынаның бір сөзінен бір сөзі сорақы болды-ау! Орылмай тұрған егінді көре тұра, бұл не айтқаны?» – деп ойлайды. Онан өтіп, жолшыбай бір елге кездеседі. Бұл елдің адамдары бір өлген кісіні көтеріп, қабірге қойғалы апара жатыр екен. Жігіт:
— Ата, мына кісіні білесіз бе? – деп сұрайды. Қарт:
— Білемін, – дейді. Жігіт:
— Ата, мына кісі өлген адам ба, өлмеген адам ба? – деп сұрайды.
Қарт шыдай алмай:
— Өлмесе жерлеуге апармайды ғой! – деп жігіттің бетін қайырып тастайды. Жігіт үндемейді. Көтеріп келе жатқан өліктің қабірі жолда екен. Бұлар қабыршілерге келеді де солармен бірге өлікті қойысады. Былай шыққаннан кейін:
— Ата, әлгі кісі өлмеген екен, – дейді. «Я, құдай, мынаның кесепатынан құтқара көр. Көрге көміп тастаған адам өлмей ме екен? Бұл не деген ақымақ!» – дейді қарт ішінен. Күн кеш болады, екеуі қарттың үйіне келеді. Қарт оны ұнатпаса да, күні бойы жолдас боп, бірге келген соң, қондырмасқа болмайды. Қонағын үйіне кіргізеді де бойжеткен жалғыз қызы бар екен, соны оңаша шақырып алып:
— Шырағым, менімен бірге үйге бір жігіт келді, мейман ет! Бірақ сүйкімсіз мінезі бар. Сөзінде кесепаты зор адам, – дейді. Қыз тамақ әкеліп беріп, қонақпен сөйлесіп көрсе, сөзі мағыналы, кескіні де ажарлы екен. Қыз: «Япыр-ау, әкемнің айтқаны осы кісі ме, басқа жігіт пе?» – деген оймен әкесіне келеді де:
— Әке, сізбен еріп келген жолдасыңыз екі кісі ме, әлде бір кісі ме? – дейді. Әкесі:
— Жалғыз кісі, – дейді.
— Үйде отырған қонақ сол ма? – деп, сұрайды қыз. Әкесі:
— Иә, сол, – дейді. Қыз:
— «Сөзінде кесепаты зор», – деген адамыңыз осы болса мұнан қандай кесепат көрдіңіз? – дейді. Қарт:
— Ойбай, шырағым, оның күні бойы сөйлеген сөзінде кесепатсыз бір сөз жоқ. Әуелі ол: «Жол қысқартайық», – деді. Мен: «Жол қалай қысқарады?» – деп едім. Ол: «Бірімізді-біріміз кезек арқалап отырайық», – деді. «Ол мені, мен оны қалай арқаламақшымыз», – деп ойладым. Мұнысы былай тұрсын. Онан өтіп пісіп тұрған егінге кез келіп едік: «Ата, мына егін желініп койған ба, желінбеген бе?» – деп сұрады. «Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?» – дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын. Бір кісі өліп, оны табытқа салып, қойғалы апара жатыр екен, соны көре сала: «Ата, мына кісі өлген адам ба, өлмеген адам ба?» – дейді. Онан шығып келе жатыр едік: «Ата, жаңағы адам өлмеген екен», – деді.
Міне, мен оның осындай төрт кесепатты сөзін естідім, – дейді. Сонда қыз тұрып:
— Әке, бұл сөздер кесепатты сөздер емес, зор мағыналы сөздер. Сіз оның айтқан сөзіне түсінбеген екенсіз. Оның бірінші – «Кезек арқаласып отыралық» – дегені: «Кезекпе-кезек әңгіме айтып отырайық, жол қысқарсын» – дегені. Екінші: «Мына егін желінген бе, желінбеген бе?» – дегені: «Байдікі ме, кедейдікіме?» – дегені. Байдікі болса – өз көлігімен, кісі жалдап жыртып, өз тұқымын себеді, өнімін ертең өзі алады. Ал бұл желінбеген болып саналады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге сатып алады, жерді көлік жалдап жыртады да, түскен өнімі борыштан аспайды. Сондықтан ол шикідей жеп қойғанмен бір есеп болады. Үшінші: «Өлген адам ба, өлмеген адам ба?» – деп, сұрағаны: «Баласы бар ма?» – дегені. Ол өлген адамды қабірге салғанда оның балалары қабірдің басында, барлығы бүлініп жылап тұрған шығар, оны: «Өлмеген адам екен», – дегені сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты жойылмайды, сондықтан: «Ол өлмейді», – деген сөзі екен. Сіз ол жұмбағын шеше алмаған екенсіз, – деген соң, қарт өзінің қате ойлағанын сезеді де, жігіттің қолын алып:
— Мен сенің айтқан сөздеріңе түсіне алмай, ішімнен соған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің. Мына менің қызыммен екеуіңнің ақылың тең, екеуің бірге өмір сүріңдер, – деп, қызын соған беріпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі