Өлең, жыр, ақындар

«Әлеуметтік желілердің қазіргі жастарға әсері»

     ХХІ ғасыр — бәсекеге қабілетті технологиялар, онлайн платформалар және әлеуметтік желілердің қарқынды дамыған дәуірі. Уақыт өткен сайын технология мен адамзат дамуы өте қарқынды жүзеге асып жатыр. Цифрлық дәуірдің бұл қарқынды дамуы халықтың өмір салтына үлкен өзгерістер мен жаңалықтар әкелді. Ал бұл — белсенді өмірді ұстанушылардың алдыңғы қатарында жастар тұрғанының айғағы.

Әлеуметтік желілердің берер пайдасымен қатар зияны да бар екенін ұмытпаған жөн. 2024 жылғы зерттеулер әлеуметтік желілердің жастарға тигізетін ықпалына нақты дәлелдер бола алады. Ең алғашқы сауалнаманы Pew Research Center жүргізген болатын. Сауалнамаға сәйкес, 13–17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 90%-ы YouTube-ты, 66%-ы TikTok пен Instagram-ды, ал 55%-ы Snapchat-ты пайдаланады. Жасөспірімдердің 46%-ы интернетті шектен тыс қолданатынын мойындайды.

    Екінші деректерге сәйкес, әсері психикалық денсаулық жағынан байқалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жастардың 11%-ы әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалану белгілерін көрсететіні анықталған. АҚШ-тағы Mayo Clinic-тің зерттеулеріне сәйкес, әлеуметтік желілерді күніне үш сағаттан артық пайдалану жасөспірімдердің психикалық денсаулығына орасан зор зиян келтіретіні мәлім болған. Жасөспірімдердің әлеуметтік желіге деген тағы бір тәуелділігі — достарымен онлайн байланысты тиімді санауы болып табылады. Жасөспірімдердің 36–37%-ы достарымен үнемі онлайн байланыста болатынын жеткізген. Бұл көрсеткіш, әсіресе, 15 жастағы қыздардың арасында жоғары екені анықталған — орташа есеппен 44%-ға жетеді. Қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғалымдары мен зерттеушілері әлеуметтік желілерде өткізілетін уақытты шектеу керектігін ескертуде.

   Әлеуметтік желілер, онлайн платформалар, ұялы телефондар жастарға ой-өрісін кеңейтуге, жан-жақты дамуға, қызықты ақпараттарды білуге, тіпті сабақ оқуға, достарымен байланыс орнатуға, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл мүмкіндіктер шамадан тыс пайдаланылса, тәуелділікке алып келуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желілерді тиімді әрі саналы пайдалану әрбір адам үшін өте маңызды. Дені сау ұрпақ — саналы ұрпақтың бастауы.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Назерке Бабасбай


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз