Өлең, жыр, ақындар

Қазіргі уақытта ағылшын тілінің қоғамдағы рөлі

      Ағылшын тілі — қазіргі таңда халықаралық қатынас тілі болып есептеледі. Көптеген адамдар бұл тілді жетік меңгерген. Ағылшын тілі — “әлемдік тіл”. Бұл — әлем бойынша ең кең таралған және ықпалды тілдердің бірі. 2023 пен 2024 жылдар аралығында ана тілі ретінде ағылшынша 380 миллион адам сөйлесе, екінші немесе шет тілі ретінде 1,12 миллиард адам бұл тілді меңгерген. Жалпы алғанда 1,5 миллиард адам ағылшын тілінде сөйлей алады.

     Ағылшын тілін үйрену — болашаққа жасалған үлкен қадам. Бұл тіл көптеген мүмкіндіктерге жол ашады: шетелде білім алу, жұмыс істеу, жаңа достар табу, түрлі мәдениет өкілдерімен пікір алмасу, білім мен ой-өрісті кеңейту — барлығы ағылшын тілі арқылы мүмкін болады. Қазіргі кезде жастардың шетелде оқу, жұмыс істеу, саяхаттау сынды армандары артып келеді. Ал бұл мүмкіндіктерге қол жеткізуде ағылшын тілін білу — басты шарт. Сонымен қатар шетелдік іскерлік қарым-қатынаста да, тіпті күнделікті саяхат кезінде де ағылшын тілі маңызды рөл атқарады.

Білім беру саласында: ағылшын тілінің маңыздылығы артып келеді. Әлемнің көптеген елдеріндегі университеттер ағылшын тілінде білім береді. Тіпті кей оқу орындарына түсу үшін TOEFL немесе IELTS секілді халықаралық емтихан нәтижелері талап етіледі. Ағылшын тілінде өтетін сабақтар студенттердің тілдік деңгейін көтеріп, білімін арттыруға мүмкіндік береді.

Технология саласында: интернет желісіндегі ақпараттардың басым бөлігі ағылшын тілінде. Веб-сайттардың жартысынан астамы осы тілде жұмыс істейді. Ірі технологиялық компаниялардың көпшілігі ішкі және сыртқы коммуникацияда ағылшын тілін қолданады. Деректерге сүйенсек, әлемдік интернет қолданушыларының 55%-дан астамы ағылшын тілін пайдаланады. Бағдарламалау, IT, инженерия салаларында да ағылшын тілі — негізгі құрал. Бұл тілді меңгеру аталған салаларда дамуға және табысқа жетуге көмектеседі.

Экономика және халықаралық ұйымдарда: көптеген халықаралық компаниялар мен ұйымдар ағылшын тілінде жұмыс істейді. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдерінің бірі — ағылшын. Әлемдік нарықтағы ірі компаниялар серіктестерімен келісімшарттар мен келіссөздерді ағылшын тілінде жүргізеді. Туризм, бизнес, дипломатия салаларында да бұл тіл маңызды рөл атқарады. Ағылшын тілін білмей жоғары білім алу, халықаралық жобаларда жұмыс істеу немесе шетелде еркін саяхаттау қиынға соғады. Ағылшын тілін білу — жеке тұлғаның дамуына, кәсіби өсуіне және жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл тілге деген сұраныс пен қызығушылық күн сайын артып келеді. Алайда қазіргі таңда елімізде ағылшын тілін оқытуда аймақтар арасындағы айырмашылық бар. Қалаларда түрлі ақылы мектептер мен курстар бар болса, ауылдық жерлерде мұндай мүмкіндік шектеулі. Көптеген ауыл мектептерінде ағылшын тіліне жеткілікті көңіл бөлінбейді, соның салдарынан оқушылардың тіл деңгейі төмен болып қалады.

     Сондықтан ауылдар мен аудандарда ағылшын тілін оқытатын білікті мамандарды көбейту — маңызды міндет. Балалардың тілге деген қызығушылығын ояту арқылы ғана олардың болашағына жол ашуға болады. Ағылшын тілі — тек шет тілі емес, ол әлемдік деңгейде ойлау мен әрекет етудің құралы. Оны меңгеру — білімге, мансапқа және халықаралық кеңістікке ашылған есік.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Оразғали Дана


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз