Егер бір күнде үйіңді, отбасыңды, бала күніңнен таныс көшелерді тастап, белгісіз майданға аттану керек болса, не істер едің? 1941 жылы мыңдаған ерлер мен әйелдер дәл осы таңдаудың алдында тұрды.
Олар қорқынышпен қоштасып, үмітпен қаруланды. Қолдарына қару емес, жүректеріне Отанды қорғау үмітін жақты.
Таяуда Ұлы Отан соғысы аяқталып, бейбіт өмір сүріп жатқанымызға 80 жыл толмақ. Сонау 80 жыл бұрынғы қанды қырғын сәтті аяқталса да, есіңе түсе қалса көзіңе жас үйіріледі. Қаншама жауынгер майданға аттанып мүгедек болып оралды, із-түссіз жоғалып кетті, ал кей-біреулерінің отбасына қара қағаз келді. Ал бүгінгі күні біз сол батыр бабаларымыздың ерлігіне бас иіп, бейбіт өмірдің қадірін біліп, тыныш таңымыз үшін шүкіршілік етеміз. Сол бір Отан үшін от кешкен батырлардың бірі-емес ау бірегейі аты аңызға айналған қолбасшы, халық қаһарманы — Бауыржан Момышұлы.
Биыл бір қазақ халқының бір туар ұлы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл. Уақыт өтсе де, оның бейнесі жүректерден өшкен жоқ. Қайта уақыт өткен сайын қадірі арта түсті. Жақында ғана Бауыржан атамыз туралы түсірілген «Бауыржан Момышұлы» телехикаясын көріп, тебіренбеген жан болмады деп ойлаймын. Мен өзім, сол телехикаяны көріп отырып, көзіме еріксіз жас алдым. Экраннан тек бір адамның ғана тағдырын емес, тұтас бір ұлттың қайсар рухын, жалын атқан намысын, тегеурінді төзімін көрдім. Бауыржан Момышұлының өткір мінезі, ел мен жер үшін өлімге бас тіккен қайтпас ерлігі мені қатты толғандырды. Әсіресе, халқын, тілін, намысын бәрінен биік қойған азаматтық ұстанымы маған терең ой салды.
Бауыржан Момышұлын мен алғаш рет оқулықтардан таныдым. Кейіннен Александр Бектің "Волоколомск тас жолы" повесінен оқып, батырдың соғыстағы ерлігіне тәнті болдым. Ал Зейнеп Ахметованың "Шуақты күндер" атты кітабын оқығанда мен Бауыржан Момышұлын нағыз адам, ізгі әке, қамқор ата, өнегелі отағасы ретінде таныдым. Бұл кісінің жазбаларында Бауыржан атаның тек батыр емес, – үлкен жүректі, ұстанымы берік, тәрбиеге қатал, бірақ мейірімі терең адам екенін сезіндім.
Зейнеп апай: «Ата ешқашан шен үшін соғысқан жоқ. Оның бар мақсаты – елдің амандығы, болашақтың жарқын болуы еді» – дейді. Осы бір қарапайым сөздің астарында тұтас бір адамның өмірлік ұстанымы, шынайы ниеті жатыр. Маған ұнағаны - Зейнеп апай оның әрбір әдетін, сөзін, көзқарасын үлкен ілтипатпен, құрметпен жеткізеді. Бауыржан атаның әр әрекеті – тәрбие. Әр сөзі – ұлтқа мұра. Ол тек майдан даласында емес, үй ішінде де батыр болған. Тек қарумен емес, сөзімен, мінезімен жеңген.
Бүгінде көше бойымен кетіп бара жатып, «Бауыржан Момышұлы көшесі» деген жазуды көрген сайын, менің көз алдыма қар жауып тұрған орман мен «Артымызда Мәскеу!» деген үн қайта құлағыма оралады. Даңқты қолбасшы екенін іс жүзінде дәлелдеп, қаһармандық мектептің негізін қалаған Бауыржан Момышұлының батырлығы жай ғана тарих емес, бұл - менің болмысымның , ұлтымның коды.
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі