Өлең, жыр, ақындар

Текті ұрпақтың сыры - жеті атада ма?

      Қазақ халқында "Жеті атасын білмеген- жетесіз" деген сөзі бекер айтылмаған. Ес білген бала үшін өзінің ата-тегін, руын, тайпасы мен ел-жұртын білуі аса маңызды. Бұл- көнеден келе жатқан, қазақ халқында қалыптасқан рухани тәрбие ғана емес, биологиялық тұрғыдан қан тазалығын сақтау үшін қолданылған қауіпсіздіктің де көрінісі. 

      Ерте кезден-ақ ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспеген. Тарихқа үңілсек, бұл дәстүрдің ғылыми атауы да бар. Яғни, экзогамия- туыстық қатынасы бар адамдардың өзара некелесуіне тыйым салу. Бұл заңдылық тек қазақ халқына ғана емес, әлемнің көне тайпалары мен халықтарының біразына тән болған. Алайда қазақ бұл ережені жеті ата арқылы нақты жүйелеп, ұрпағын ауру-сырқаудан, тұқым қуалайтын кемшіліктерден сақтап қалған. Мұны қазіргі ғылым “генетикалық тазалықты сақтау” деп түсіндіреді.

      Ғалымдардың айтуынша, туыстық жақындығы бар екі адамның некелесуі түрлі аурулардың тұқым қуалауын арттырады.  Яғни, жеті атаға дейін қыз алыспау- генетикалық заңдылықтармен дәлелденген ұлы дәстүр. Ал қазақ халқы бұл қағиданы ешқандай микроскоптың көмегінсіз-ақ біліп, ұрпақ амандығы үшін дәлелдеп, бекітіп кеткен.

     Қазақ халқы шежірені атадан-балаға таратып, әр баласына жеті атасын жаттатуы- генетикалық қауіпсіздікті ғана емес, рухани бірлігімізді де арттырудың тиімді жолы болды. Әр адам тегін білсе, өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, ата-бабасының қандай және кім болғанын таниды. Бұл- ұлттың іргетасын қалайтын қасиет. 

      Ғылым мен технология тоғысқан заманда, дәстүрдің астарындағы терең мәнді зерделеу ұмыт қалмауы тиіс. Дәстүрді ғылыми тұрғыда зерттеу- ұрпақ тәрбиесіндегі басты бағыттардың бірі болуы қажет. Себебі жеті ата- жай ғана шежіре емес, сау ұлттың өмір сүру қағидасы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар