Өлең, жыр, ақындар

Ақпарат таратудағы этика: нені айтпау керек?

Бүгінгі цифрлы заманда ақпараттың жылдам таралатыны айдан анық. Ақпарат — қуатты құрал. Ол адам санасын оята алады, қоғамға өзгеріс енгізе алады, жаңа дүниенің пайда болуына да септігін тигізе алады. Ал журналистердің басты міндеті тек шындықты айту ғана емес — оны қалай айтуында, жеткізуінде. Цифрлық медиа дамыған сайын адамға да, қоғамға да төнер қауіп басым. Сондықтан ақпаратты таратуда белгілі бір этикалық нормаларды сақтау — журналистің кәсібилігінің көрінісі.

 

1.Расталмаған дерек — қауесетке жол ашады

Журналистика — қажырлы еңбекті, үздіксіз ізденісті талап ететін сала. Ақпарат ағымы толқыған заманда ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін ажырату тікелей осы саланың мамандарына жүктелген. Куәгерлерге, сенімді тұлғаларға немесе сенімді ақпарат көздеріне сүйенбей, өзге де ақпараттарды тарату, әлеуметтік желідегі бейресми пікірлерді негізге алып, жаңалық ретінде ұсыну — кәсібилікке жат. Бұл оқырманның санасына күмән ұялатуы мүмкін әрі қоғамда дұрыс емес пікірлер қалыптастыруға әкеледі. Осыған байланысты ақпарат ұсынар алдын кем дегенде екі дерекпен толықтыру жүргізген жөн.

 

2.Жеке өмірге қолсұқпаушылық

Бұл сала нақты дерекке негізделсе де адамның жеке өмірі жайлы сөз қозғауға болмайды. Мысалы, белгілі бір оқиғаға қатысы бар адамның жеке құжаттарын, мекен-жайын, телефон нөмірі, аты-жөні мен отбасы мүшелері жайлы ақпаратты оның рұқсатынсыз тарату — бұл тек заңбұзушылық қана емес, адам құқығын таптау.

 

3.Қайғылы оқиғаларда сезіммен емес, жауапкершілікпен жұмыс істе

Жол апаты, суицид, зорлық-зомбылық, табиғи апат сияқты жағдайлар туралы хабар таратқанда эмоцияға берілмей, құрбандар мен олардың отбасыларына құрметпен қарау қажет. Олардың аты-жөнін атамау, фотосуреттерін таратпау, жағдайды сенсация қылмау – журналистік этиканың бір бөлігі.

Мысалы, суицид туралы жаңалықта нақты әдісті жазу – бұл қауіпті. Себебі бұл басқа әлсіз адамдарға әсер етуі мүмкін.

 

4.Ұлтаралық, діни, тілдік мәселеде – бейтараптық басты қағида

Қазақстан — көпұлтты, көптілді ел. Сондықтан журналистиканың басты ұстанымы – араздық емес, бірлікке бастау. Ешқандай халықты, дінді, не белгілі бір әлеуметтік топты төмендетуге, мазақ етуге, немесе күмәнді стереотиптер таратуға болмайды.

Мысалы, "пәлен ұлттың өкілі ұрлық жасады" деп жазудың қажеті жоқ. Өйткені бұл оқиғаны ұлтпен байланыстыру – қоғамда араздық туғызады.

 

5.Балалар — қорғаныстағы кейіпкерлер

Кәмелетке толмаған балаларға қатысты тақырыптарда журналист барынша сақ болуы керек. Егер бала қылмыс құрбаны немесе куәгер болса, оның аты-жөні, бейнесі, тіпті даусы да жарияланбауы тиіс. Бұл — тек этика емес, заң талабы.

 

6.Авторлық құқықты бұзба

Басқа біреудің мақаласын, суретін немесе видеосын рұқсатсыз алу – кәсібилікке жат әрекет. Ақпарат көзі міндетті түрде көрсетілуі керек. Бұл — журналистің ұтымды жұмысы мен кәсібилік деңгейіне де әсер ететін басты қағида.

 

7.Қателікті түзету — әлсіздік емес, адалдық

Кейде журналист қателікке бой алдыруы мүмкін. Мұндай жағдайда өз қатесін түсініп, "қателігіміз үшін кешірім сұраймыз" деген жазу — сенімсіздік емес, керісінше аудитория алдындағы ашықтықты білдіреді.

 

Қорытыныдылай келе, журналист — ақпараттың арасында ең маңызды істерді атқаратын кәсіби маман. Журналистика — тек жазу емес, жауапкершілік. Әр ақпарат — аудиторияның сана-сезіміне, ойлауына әсер етеді. Этиканы сақтау — сенімділік пен абыройдың кепілі. Журналист үшін «нені айту керек?» деген сұрақ маңызды болса, «нені айтпау керек?» деген сұрақ – одан да маңызды.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз