Қазақ тілі — мемлекеттік мәртебесі бар, тарихы терең, көркемдік қоры бай тіл. Дегенмен бүгінде қазақ тілінің қоғамдағы, әсіресе жастар арасындағы қолданыс аясы кең деп нақты айта алмаймыз. Бұл мәселенің тарихи, әлеуметтік және мәдени себептері бар.
Кеңестік кезеңде қазақ тілі түрлі шектеулер мен қысымдарға ұшырады. Мысалы, 1950 жылдары қазақ әдебиетіне қатысты тыйымдар енгізіліп, қазақ тілді мектептердің саны едәуір қысқарды. Керісінше, орыс тіліндегі оқу орындарының саны артты. Сол кезеңнің басқарушы элитасының басым бөлігі орыс тілді азаматтар болды, бұл да тіл саясатына тікелей ықпал етті.
Қоғамдағы тілдік ортаның да рөлі зор. Қазақ отбасында дүниеге келгенімен, күнделікті өмірде орыс тіліндегі орта басым болса, адам сол тілге бейімделуі мүмкін. Бұл құбылыс жастар арасында жиі кездеседі. Тілді үйретуден бұрын, оны қолданыста ұстайтын табиғи орта қажет.
Жастарға арналған қазақ тілді контенттің аздығы да маңызды мәселе. Әлеуметтік желілерде танымал отандық блогерлер мен инфлюенсерлердің көпшілігі орыс тілінде сөйлейді немесе контентін сол тілде ұсынады. Бұған себеп ретінде олардың көпұлтты аудиториясын алға тартуы мүмкін. Алайда бұл жағдай қазақ тілді аудиторияның шеттетілуіне алып келеді. Контент жасаушылар қазақ тілінің мүмкіндіктерін көрсету үшін қос тілділік тәсілін пайдалану арқылы өз өнімдерін кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік алады.
Қазақ тілінің қолданыс аясын шектейтін келесі бір мәселе — құжат айналымы мен ресми іс-қағаздардың басым бөлігінің әлі күнге дейін орыс тілінде жүргізілуі. Бұл жағдай тіл мәртебесінің заң жүзінде мойындалғанымен, нақты өмірде толық жүзеге аспай жатқанын көрсетеді. Дегенмен, қазақ зиялылары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарды. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің грамматикалық құрылымын жүйелеп, «Тіл-құрал» еңбегін жазды. Сонымен қатар, 1912 жылы алғаш жарық көріп, кейін бірнеше рет қайта басылған «Оқу құралы» атты әліппе де қазақ тілінің дамуына зор үлес қосты. 1925 жылы Сәкен Сейфуллин бастаған зиялылар тобы «қырғыз» емес, «қазақ» атауын қайтаруға күш салды.
Бүгінгі таңда қазақ тілінің әлеуетін толық ашу үшін жас ұрпаққа тартымды контент ұсынып, медиа кеңістікте қазақ тілінің белсенді қолданысын қамтамасыз ету қажет. Кино және медиа саласында қазақ тілінде жасалған сапалы өнімдердің көбеюі, қазақ тілді блогерлерге қолдау көрсету, тіпті қазақ тілді контент өндірушілерге арналған ұйым құру — бұл бағыттағы тиімді қадамдар болмақ. Мұндай ұйымдармен жасалатын келісімшарттар арқылы контентті мемлекеттік тілде жүргізуге ынталандыруға болады.
Қазақ тілін жастар арасында насихаттау — бұл тек тіл мәселесі емес, ұлттық сана мен мәдени мұраны сақтаудың басты шарты. Қазақ халқының «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген нақылы қазіргі заман жағдайында ерекше өзектілікке ие болып отыр.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Темирболатова Нұрайым
- Асқарұлы Санжар
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі