Адам өмірге деген көзқарасын өзгерткісі келсе, ішкі дүниесін кеңейткісі келсе, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізгісі келсе — ең алғашқы қадамдарының бірі саяхат болуы керек. Саяхат — жай ғана бір жерден екінші жерге барып қайту емес. Ол — санаға серпін, жүрекке шабыт, өмірге жаңа көзқарас сыйлайтын ерекше жол.
Бөгде елдің мәдениетімен, тілімен, дінімен, дәстүрімен және табиғатымен танысу адамның таным көкжиегін кеңейтеді. Осындай тәжірибе арқылы адам өмірге өзгеше қарай бастайды. Халқымыз «Жүз рет естігенше, бір рет көр» деп бекер айтпаған. Кітаптан оқып, біреуден естіген әсерге қарағанда, өз көзіңмен көрген әсер әлдеқайда терең әрі есте қалғыш.
Саяхат — білім көзі ғана емес, рухани демалыстың да бір түрі. Табиғат аясында тынығу, бұрын-соңды болмаған жерлерді көру, жаңа адамдармен танысу — мұның бәрі адамға ерекше мотивация береді. Мұндай сәттер жан дүниені жаңартып, өмірге жаңаша қарауға мүмкіндік ашады. Көптеген адам дәл осы сапарлар барысында өзін қайта танып, өмірінің жаңа кезеңіне аяқ басқанын айтады.
Саяхат адамның мінез-құлқын қалыптастырып, мәдениеттілікке, сыпайылыққа, шыдамдылыққа және жауапкершілікке баулиды. «Жер көрген — ел таниды, ел таныған — сөз таниды» дейді дана халқымыз. Расында, көп жер көрген адам көп ой түйеді, түрлі көзқарасты қабылдап үйренеді, парасаттылық пен кең пейілділікке бет бұрады.
Маған саяхат шабыт сыйлайды. Бұл — шығармашылықпен айналысатын жан үшін таптырмас қуат көзі. Суретшілер, жазушылар, актерлер — барлығы да жаңа әсерлер мен идеяларды жиі саяхат барысында табады.
Саяхат — тәнге тыныштық, санаға серпін, жүрекке шабыт беретін ғажайып мүмкіндік. Ол қызық үшін емес, өмірлік тәжірибе мен жан байыту үшін қажет. Әр адам өмірінде кем дегенде бір рет саяхаттап көруі керек. Өйткені саяхат — өмірдің ең шынайы мектебі.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Серік Аружан
- Асқарұлы Санжар
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі