КЕШІРШІ АНАШЫМ....
(Қойылым)
Қатысушылар:
Мәрмар – аула сыпыратын әйелдің қызы.
Әдемі – Мәрмардың құрбысы.
Гүлсім – Мәрмардың анасы, аула сыпырушы.
Бағила – аула сыпырушы әйел.
Асқар – мұғалім.
Бұзық балалар – көшеге қоқыс лақтырады.
(Сахнаға екі оқушы қыз шығады. Артқы жақта екі егде әйел көше сыпырып жүреді.)
Әдемі: - Мәрмар, саған рақмет! Жаңа сен көмектеспегенде, бжб-дан төмен ұпай алып қалатын едім.. Сен секілді құрбым болғанына қатты қуанамын!
Мәрмар: - Оқасы жоқ, Әдемі! Сен менің жан құрбымсың ғой?! Негізі көшіргеннен гөрі, түсінбеген жеріңді сұрасаң, мен саған жақсылап түсіндіріп берер едім..
Әдемі: - Рас па?! Онда мен сені үйге шақырсам бола ма?! Анашыма айтып қоямын. Ол кісі дәмді тамақ пісіріп қояды. Сосын менің бөлмеме кіріп, армансыз сабақ оқимыз.
(Осы кезде ұл балалар шығып, пластмасса бутылканы теуіп, айқайлап, шулап, айналаға қағаз шашып өтіп кетеді. Көше сыпырушы әйелдің бірі оқушыларға қарап, ескерту жасайды)
Бағила: - Қоқыс тастамаймыз, балалар! Үлкен адамның еңбегін бағаласаңдар қайтеді..? (Сосын Мәрмарға қарап қолын бұлғайды. Мәрмар қарайды да, көрмеген адамға ұқсап, тұра береді. Осы кезде сахнаға Асқар шығады.)
Асқар: - Арман, Әсет! Ал ана қағазды. Баклажканы да ал! Ертең мәселелеріңді, май шаммен қараймын!
(Ұлдар жылдам қағаз бен баклажканы алып, жүгіріп кетіп қалады.)
Бағила: - Рақмет айналайын! Осындай балалар-ақ тойдырды. Бір сыпырған жерді мың сыпыртып!
Асқар: - Ренжімеңіз апай, ертең барлық сыныптарға кіріп, жеке-жеке сөйлесеміз! Сау болыңыз! (Кетеді)
Әдемі: - Осылар әбден құтырып кетті. Видеоға түсіріп, ата-аналар жиналысында аналарына көрсету керек екен?
Мәрмар: - Олай істесек, ата-аналар бізге бәле жабады!
Әдемі: - Бәрібір, ата-аналарымен сөйлесу керек! (Сөмкесінен әмиянын алып, қалтасына салады. Сөмкесін жерге қойып) Мәрмар, сөмкеме қарай тұршы, өтініш.. Мен қазір, тез келем!
Мәрмар: - Әдемі, қайда барасың?
Әдемі: - Асханаға барам да қайтам. Қазір, жылдам келем.. (Жүгіріп сахнадан кетіп қалады. Осы кезде аула сыпыратын әйел Мәрмардың жанына келеді)
Гүлсім: - Мәрмар! Қол бұлғап шақырып жатырмын. Неге қарамай тұрсың?
Мәрмар: - Түу, анашым! Көшеде мені танымайтын адамға ұқсап жүріңізші дедім ғой?! Әйтпесе... (Тоқтап қалады)
Гүлсім: - Әйтпесе не болады?! Ұяласың ба? Анаңның аула сыпырып жүргеніне қысыласың ба? Одан да, бос уақытыңда келіп.. маған көмектеспейсің бе? Белім қозғалтпай, зорға сыпырып жүрмін...
Мәрмар: - Анашым.. Мына жұмыстан шығыңызшы.. Көп қой басқа жұмыс?!
Гүлсім: - Солай ма? Онда маған жұмыс тауып бере ғойшы..?! Таныс-тамырсыз орналаса салатын. Еңбекақыңды алдамай, ұстап қалмай, алақаныңа толық салып отыратын... Жасың мен тәжірибеңе қарамайтын! Дереу сол жаққа ауысайын..
(Осы кезде қолына су, пирожки салған пакет ұстап, Әдемі шығады. Пакетті Гүлсімге ұсынады.)
Әдемі: - Апай, сәлеметсіз бе! Шаршамай жүріп жатырсыз ба? Мынаны сіздерге алдым! Азырақ демалып, отырып жеп алыңыздаршы.. (Қиыла күлімсірейді)
Гүлсім: - Қызым-ау! Ұят болды ғой сенен.. Бізге күніге бірнәрсе тасып жүресің. Жоқ! Ала-алмаймын! Ренжіме.. Ата-анаң көрсе не дейді? Қажет емес!
Әдемі: - Апай, анашым сіздер жайлы біледі.. Анам маған: - «Көше сыпырып жүрген аналарға құрметпен қара! Олар болмаса біздің еліміз үлкен қоқысханаға айналар еді. Қолыңнан келгенше осындай үлкен апайларға тамақ алып бер. Байып жатсаң ақша бер, үй әпер!» - деп үйретеді..
Гүлсім: - Сені тәрбиелеген анаңнан айналайын! Ана өнегесін бойына сіңірген, сен секілді қыздан айналдым! Береген қолыңнан береке кетпесін! Екі өмірде мұңсыз бол балам!
Әдемі: - Апай, арзымайтын нәрсе ғой! Жарайды! Қатты алғыс айтып керек емес! Бәлішті ыстықтай жеп алыңыздар! Аумин, айтқаныңыз келсін!
Гүлсім: - Жаратқан жолыңды ашық қылсын қашан да! Бағила! Кел сәл жүрек жалғап алайық! (Сахнадан кетеді. Мәрмар қобалжып, не айтарын білмей тұрып қалады.)
Әдемі: - Мәрмар! Не болды? Бір жерің ауырып тұр ма?
Мәрмар: - Әдемі... Сен мына аула сыпырып жүрген апайды танисың ба?
Әдемі: - Жоқ! Мүлдем танымаймын! Оны неге сұрадың?
Мәрмар: - Ол кісі... менің... анам!
Әдемі: - Қойшы?! Рас па? Жаңа неге айтпадың?
Мәрмар: - Ұялдым...
Әдемі: - Мәрмар... (қабағын түйеді) ешкім ата-анасын таңдай алмайды! Есіңде болсын! Егер сен бір тапсырманы дұрыс жасай алмасаң, ұялсаң болады.. Ал ата-анаңнан ұялу деген... өте жаман нәрсе деп ойлаймын...! Мен сені үлкен сыйлайтын қыз деп жүрсем... Ренжімеші.. Ертең сөйлесейік! (Сөмкесін алып, кетіп қалады. Мәрмар тұрған жерінде состиып тұрып қалады. Сахнаға салфеткаға ораған бәлішін ұстап, анасы шығады.)
Гүлсім: - Мәрмар! Қарның ашты ғой құлыным.. Мына бәлішті жеп алшы..?! Мен қатты тойып кеттім... Сосын үйге барып, кішкене үйді жинай ғой.. Тоңазытқышта тамақ бар. Еті жоқ болса да... жылытып жеп ал. Сосын сабағыңды оқы балам.. Оқымасаң.. (күрсінеді... ары қарай айта алмай қалады) Оқи ғой..! Қазір білімділердің заманы. Біздің жұмысымызды жақында түгел роботтар істейтін болады.. Қолым қалт еткенде, мен де ЖИ - ді үйреніп алуым керек..
(Мәрмар анасын бас салып құшақтай алады. Анасы түсінбей қалады. Сосын тізерлеп отырып, кешірім сұрай бастайды.)
Мәрмар: - Анашым... Мені кешіріңізші...?! Сізден ұялғаным үшін.. Орынсыз намыстанғаным үшін! Жүрегіңізді ауыртқаным үшін! Сөйлемей тырысқаным үшін! Сіз суықта бүрсеңдеп.. көшеде қар күреп жүргенде... жаныңыздан жайбарақат өтіп кеткенім үшін! Ыстық шай әкеліп беріп, көмектесудің орнына, тәкәппарланып, керілгенім үшін! Тіліңізді алмағаным үшін, жұмсаған жеріңізге бармағаным үшін! Барлығы үшін мені кешіріңізші?!
(Анасы көз жасын сүртіп, Мәрмарды орнынан тұрғызады)
Гүлсім: - Балапаным, жерге отыра салғаның не? Колготкиің былғанды ғой? Қане, қағып берейін? Келе ғой, балам? (Мәрмардың көз жасын сүртеді. Құшақтап, маңдайынан сүйеді.) Жылдам үйге бара ғой.. Үйге барғанда сөйлесеміз...! (Мәрмар басы салбырап, сахнадан кетеді. Анасы жаулығының ұшымен көзін сүртіп, қолына телефонын алады. Сосын біреуге қоңырау шалады.)
Гүлсім:
- Сәлеметсіз бе?! Өткендегі жұмыс жайлы сұрайын деп едім.. Қыздар, мен жалғызбасты ана едім. Жолдасым қайтқан.. Сәл көбірек төлесеңіздер барып істейін?! Ааа, қашан барсам болады? Жақсы, онда кешке барамын.. (Қуанып, телефонын қалтасына салады. Жанына екінші әйел келеді)
Гүлсім: - Бағила, мен жұмыс таптым! Қызым әбден намыстанып, менің мына жұмысымнан ұялып болды.. Бір асханаға аспазға көмекші болып, жұмысқа кіріп жатырмын. Орын болса, жаныма сені шақырамын!
Бағила: - Ооо! Құтты болсын, Гүлсім! Мына жұмыс өте қиын ғой, орта жастан асқан әйелге.. Амал жоқ жүрміз ғой.. басқа жұмыстың реті келмеген соң! Мына жақты сыпырып болдым. Жүр ана жақты сыпырайық?! Сонымен.. қай асханаға тұрдым дейсің? (Екеуі әңгімелесіп шығып кетеді. Кейін барлығы бірге шығып, көрермендерге сәл бастарын иіп, тағзым етеді.)
Соңы.
03.02.2026
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Имам Раббани
- Имам Раббани
- Чанакья
- Лао-цзы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі