Моғолстан билеушілері тікелей Шыңғыс ханнан тарағандықтан, олардың ислам дінімен байланысы алғашында өте әлсіз болды. Дегенмен, уақыт өте келе бұл мемлекет те басқа Орта Азия хандықтары сияқты ислам дінін қабылдады. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде баяндайды.
…Тоғылық Темір аңға шықпақ болып, ешкім аңға шығудан шет қалмасын деген жарлық береді. Аң аулап жүрген кезде хан сарбаздары бір отбасыны жамағатымен кезіктіріп, оларды байлап-матап хан алдына алып келеді. Себебі олар хан бұйрығын бұзып, аңға дайындалмаған екен.
Хан олардан:
– Сендер неге менің бұйрығымды орындамадыңдар? – деп сұрайды.
Сонда шейх:
– Біз ойрандалған Катактан келе жатқан ғаріп елміз. Әйтпесе бұйрықты бұзбас едік, – деп жауап береді.
Хан:
– Тәжіктер адам емес, – дейді. Бұл кезде ол иттеріне шошқа етін беріп отырған болатын. Ызаланып, шейхтан:
– Сен жақсысың ба, әлде мына ит пе? – деп сұрайды.
Шейх:
– Иман менде болса – мен жақсымын, иман менде болмаса – ит артық, – деп жауап береді.
Хан кенет шетке барып:
– Анау тәжікті құрметпен атқа мінгізіп алып келіңдер, – деп бұйрық береді.
Моғол шейхтің алдына өз атын көлденең тартады. Бірақ шейх аттың ер-тоқымына шошқа қаны тигенін көріп, аттан бас тартады:
– Жаяу-ақ барамын, – дейді.
Моғол оған:
– Бұйрық – атқа мініп бару керек, – деп қатаң айтады.
Маулана дәретке арналған орамалды ер үстіне жауып, атқа мінеді.
Шейх қасына келгенде хан тағы да сұрайды:
– Адамды иттен артық ететін не нәрсе?
Шейх:
– Иман, – деп жауап береді.
Осыдан кейін ол иман мен мұсылмандық шарттарын толық түсіндіреді. Хан тебіреніп, көзіне жас алып:
– Егер мен хан болсам, есіңде болсын, менің жаныма келуің керек. Әрине, мұсылман боламын, – дейді.
⸻
Осы оқиғадан кейін шейх ұлына әңгімесін былай жеткізеді. Оның Әршад әд-Дин атты өте шыншыл, батыл, тақуа ұлы болады. Шейх оған:
– Мен бір түс көрдім. Онда бір төбенің басына бір шырақ алып көтеріліп бара жатыр екенмін. Оның нұрынан бүкіл Шыңғыс әулеті жарқырап кеткен. Осыдан кейін мен Ақсуда Тоғылық Темір ханға жолықтым. Егер мен бұл өмірден өтіп кетсем, сен ол жігіттің хан болуын аңдып жүр. Себебі ол уәдесін орындайды, ислам дінін қабылдайды. Егер осы іске сен белсене кіріссең, бүкіл әлем сен арқылы нұрға бөленеді, – деп өсиет етеді.
Шейх дүниеден өтеді. Уақыт өте келе Тоғылық Темір хан болады. Бұл хабарды естіген Маулана Әршад әд-Дин Ақсудан Моғолстанға аттанады. Ханмен бірден кездесу оңайға соқпайды. Содан ол хан ордасына жақын жерде күн сайын таң намазына азан шақыратын болады.
Бірде хан:
– Бірнеше күннен бері таң сайын біреу айқайлап тұр. Кімдікі бұл дауыс? Бар, алдыма алып кел, – деп бұйырады.
Хан құзырына азанын бітірмей жатып жеткізілген шейхтан:
– Сен кімсің? Таңғы тәтті ұйқы кезінде айқайлап жатасың? – деп сұрайды.
Маулана:
– Мен сол сіз уәде берген шейхтың баласымын, – дейді де болған оқиғаны баяндайды.
Хан тебіреніспен тыңдап:
– Мен хан болғаннан бері осы уәдем есімнен кетпей жүр. Бірақ ол кісі келмей қалды. Енді сен келдің. Не істеу керек? – дейді.
Сол күні шапағат шығысынан шуағын шашып, күпірдің қараңғылығы сейілді. Маулана ханды ғұсыл алып, кәлимаға келтіріп, мұсылман етеді.
⸻
Олар исламды тарату жолдарын ақылдасып:
– Әмірлерді бір-бірлеп шақырып, әрқайсысы исламды қабылдаса игі. Егер қарсы шықса, «Сондай-ақ мүшріктер сендермен түгел соғысқандай, сендер де олармен түгел соғысыңдар» (Тәубе сүресі, 36-аят) деген аят негізінде әрекет ету қажет, – деп шешеді.
Таңертең алғаш болып ханның туысы, мемлекет істеріне араласып жүрген Әмір Түлек шақырылады. Ол хан шатырында отырған тәжікпен бірге жайғасады. Хан оны исламға шақырады. Сонда Әмір Түлек:
– Осыдан үш жыл бұрын Қашғардың жақсыларынан иман келтіріп, мұсылман болғанмын. Бірақ сізден қорқып, жасырып келдім. Бұдан асқан бақыт болмас, – дейді.
Хан орнынан тұрып, оны құрметпен қасына отырғызады. Осылайша бірнеше кісі мұсылман болады.
Кезек әмір Жарасқа келгенде, ол шарт қояды:
– Сәнқой Бөке деген күшті бір кісім бар. Егер мына тәжік сонымен күресіп, жеңсе – иман келтіремін, – дейді.
Хан мен әмірлер:
– Бұл ақылға қонымсыз шарт, – десе,
Маулана:
– Осылай болғаны дұрыс. Егер жеңе алмасам, оны иманға шақырмаймын, – дейді.
Хан:
– Мен ол адамды білемін. Екі жасар түйені арқалап жүре алады. Ол – кәпірдің нағыз өзі, – дейді.
Маулана:
– Егер Алла қаласа, моғолдар исламды қабылдайды. Бұл істің менің атыммен аталуы – мен үшін қуат пен мақтаныш, – деп жауап береді.
Хан мен мұсылман болғандар бұл шешімге риза болмаса да, көп халық жиналады. Сәнқой Бөке деген кәпір алға шығады. Маулана хан жанынан тұрып, оған қарсы беттейді. Тәніне сенген кәпір тәкаппарлана келеді. Әлсіз көрінген мауланамен қол ұстасып қалған сәтте, шейх оның төсіне қолын қойып итергенде кәпір құлап түсіп, есінен танып қалады.
Бір сағаттан соң есін жиып, кәлима сөзін айтып, ислам қабылдайды. Маулананың артынан еріп, көпшілік қуанып, думанға бөленеді. Сол күні 160 000 адам иман келтіріп, шаштарын алдырып, хан өзін сүндеттейді. Осылайша ислам нұры күпірлік түнегіне жарық сәуле шашты. Ислам Шағатай ұлысына жайылды.
Дереккөз: «Тарих-и Рашиди»
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Сембай Телжан
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі